Орынғали, М.
Нұра өзені мен Теміртау қаласын болашақта не күтіп тұр? / Мәншүк Орынғали // Атамекен. – 2006. – 14 қыркүйек (№17)
Мен өз мақаламды Шыңғыс Айтматовтың сөзімен бастағым келеді: «Су мен жер туралы ой — бұл түптеп келгенде адамның өзі туралы ой». Бүгінгі таңда жылына гидросфераны ластайтын антропогендік ластағыштардың жалпы массасы 15 млрд. тоннаға жетіп отыр. Су объектілерінің ішінде ең көп ластанатын көзге өзендерді жатқызуға болады. Себебі орта есеппен олардағы ластағыштардың концентрациясы 400 мг/л жетіп отыр. Өзен-құрлық бетіндегі табиғи сулармен тұрақты немесе жыл маусымдарының көпшілік уакыттарында ағатын су ағыны.
Атмосфераның ластануымен салыстырғанда су жүйелерінің ластануы үлкен қауіп төндіреді. Оның себебі ауадан гөрі сулы ортада өздігінен тазалану, яғни регенерация процесі өте баяу жүреді, су қоймаларын ластайтын көздердің қатары да көбейе түсуде.Қазіргі таңда Ертіс, Нұра, Сырдария, Іле өзендері, Балқаш көлі неғұрлым қатты ластанған. Соның ішінде Нұра өзенін ерекше атауға болады. Нұра өзені кішігірім өзендер тобына жатады. Қыс айларында ағысы тоқтап қалатындықтан шығысы нөльге тең өзен деп атайды. Сондықтан бұл өзенге ешқандай лай су құйылмауы керек. Бұл төңіректе гигиеналық талаптарға сай суды тазалайтын биологиялық тазартқыштар жеткіліксіз. Ең үлкен саналатын Теміртаудағы су тазартқыш қондырғы лас суларды жартылай ғана тазартады. Кейбір улы заттардың (родониттер, цианиттер, темір және күкірт қоспалары, сынап және тағы басқалар) сол қалпымен өзенге құйылу фактілері әлі де өте жиі кездеседі.
Аридті территориялардың өзен алаптарынын геожүйелерін анықтау мен оны картаға түсіру негіздерін зерттеген Г.М.Жаналиеваның (1993) ғылыми тұжырымдарына сүйенсек, Нұра өзені алабы біртұтас макрогеожүйеге жатады. Оның құрамдас бөліктері - өзен тармақтарынан тұратын ірі субгеожүйелер. Нұра өзенінің жоғары алабында шығу тегі жағынан біртекті, функционалдық біртұтас Нұра-Ақбастау, Байқожа, Матақ, Ащысу, Шилі салаларының табиғи антропогендік комплекстері қалыптасқан. Жоғарғы Нұра өзені алабының геожүйелерінің тілімденген рельеф формаларында қалыптасқан негізгі антропогендік өзгеріс — жайылымдардың нашарлауы. Олардың таралуында беткей аралықта айырмашылық едәуір. Дефляциялық және су эрозиясы үрдістері қырқалар мен ұсақ шоқылардың оңтүстік беткейлерінде айтарлықтай қарқынды.
Нұра өзенінің орта ағысы алабының геожүйесі Нұра, Ашағанды, Жайылмы, Үлкен Құндызды өзендерінің салаларының оң жақ жағалауы мен Есен, Шерубай-Нұра өзендерінің оң жақ жағалауында орналасқан геожүйелердің аумағын қамтиды. Самарқант, Ынтымақ, Самар су бөгендері мен Ертіс-Қарағанды каналы әсер ететін аймаққа жақын орналасқандықтан техногенез әсері басым, сондықтан табиғи комплекстердің өздігінен дамуында өзгеріс байқалады. Әсіресе Теміртау тау-кен комбинаты маңында орналасқан геожүйелердің табиғи дамуында өзгерістер көп. Өзен суларындағы ластандырушы элементтердің ШМШ (ПДК) мөлшерінің нормадан ауытқуы (әр түрлі ингредиенттердің орташа мөлшері): сынап пен мыс - 4 ШМШ, мұнай қалдықтары-10 ШМШ, фенол-9 ШМШ, аммоний азоты-15 ШМШ, нитраттар-16 ШМШ.
Өзеннің төменгі ағысында Шерубай-Нұра, Жартас бөгендері орналасқан. Ертіс-Қарағанды каналы Қарағанды өнеркәсіптік комплексінен, Саран химиялық тау-кен байыту комбинатынан, Абай энергетикалық тау-кен шахталық өнеркәсіп торабынан келіп түсетін әр түрлі ластаушы ингредиенттерді таратушы орталық болып табылады. Су көздері мен атмосфера арқылы металдар әр түрлі қашықтықта тарайды. Осының нәтижесінде антропогендік ландшафтардың өнеркәсіптік, қоныстық, транспорттық модификациялары дамыған.
Жалпы алғанда Нұра макрогеожүйесі төңірегінде 25-ке жуық бөгендер бар. 1973 жылдан бастап Ертіс-Қарағанды каналы Нұра өзенінің су режиміне елеулі әсер етуде. Өзен алабындағы судың жалпы мөлшерінің 15% ауыз су мен тұрмыстық қажеттілікке, 35% өнеркәсіп пен энергетикаға, ал 50% егістікті суару үшін пайдаланылады.
Бүгінгі таңда Нұра өзені алабында әр түрлі химиялық элементтермен, әсіресе сынаппен және органикалық қалдықты заттармен ластанған техногендік лай қалыптасқан. Ортаңғы Нұра алабында шоғырланған сынаптың мөлшері шамамен 140-150 тонна. Өнеркәсіп сулары өзен суына қосылатын аймақтағы техногендік лайда оның мөлшері 560мг/кг, ал жалпы фондық мөлшері 0,08мг/кг. Техногендік лайдың құрамындағы сынап геохимиялық белсенді, сондықтан биотаның өз бойына жинауы жоғары. Сонымен Нұра өзені алабындагы сынаптың өсімдік жамылғысының өз бойына жинауы қарқынды.
Өткен жылдың көктемінен бастап Теміртау қаласындағы бұрынғы «Карбид» өндірістік бірлестігі аумағындағы және Нұра өзенінің табанындағы сынап қалдықтарын Теміртау қаласының іргесіндегі Апан шатқалына көму туралы шешім қабылданды. Европа даму және қайта құру банкісінің қаржысымен жүзеге асырылатын бұл шаруаны атқаруды Дания елінің компаниясы мойнына алып, оған тапсырыс беруші ретінде еліміз атынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары жөніндегі комитет тағайындалған еді. Сынап қалдықтарын көму туралы жоба жасаушылар бірнеше варианттарды салыстыра келіп, осы Апан шатқалынан полигон ашуға тоқталған. Оган басты себеп ретінде полигон орналасатын жердің тау жыныстарының құрамы, яғни су өткізбейтін қасиеті, геологиялық және гидрогеологиялық жағдайларының улы затты «жерлеуге» қолайлы екендігі алға тартылған. Алайда полигон қаладан небәрі 2,5 шақырым қашық-тықта орналасқан. Болашақта қала құрылысы осы бағытта ғана дамитын болғандықтан, ондаған жылдардан соң бұл полигон қала орталығына қалып қояды және полигонды салу барысында барлық қауіпсіздік талаптары сақталатынына кепілдік жоқ. Сонымен қоса бұл аумақ теміртаулықтардың дем алатын, жеке меншік малдары өрістейтін алқап. Онда «Белый ключ» бастаған таза бұлақтар бар. Полигон салынған жағдайда оның бәрі ластануы мүмкін. Демек, улы қалдықты қаладан тым болмағанда 15 шақырым алысқа, мүмкін болса адам қоныстанбайтын, бос жатқан құмайт-шөлейт жерлерге орналастыру керек. Қазірдің өзінде қала тоғыз бірдей әр түрлі деңгейдегі техникалық қоқыс қалдықтарының ортасында қалып отыр. Нұра мен Теміртаудың суы мен жері қазір осындай болса, болашақта оны не күтіп тұр? Ойлаудың өзі қорқынышты.
Достарыңызбен бөлісу: |