Орталық мемлекеттiк органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары қызметiнiң тиiмдiлiгiн жыл сайынғы бағалау жүйесi туралы
Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығы
"Егемен Қазақстан" 2010 жыл 30 наурыздағы № 113-114 (25960); "Казахстанская правда" от 30.03.2010 г., № 73 (26134)
Қазақстан Республикасы Президентi мен
Үкiметi актiлерiнiң жинағында
және республикалық баспасөзде
жариялануға тиiс
Орталық мемлекеттiк органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
1. Қоса берiлiп отырған Орталық мемлекеттiк органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары қызметiнiң тиiмдiлiгiн жыл сайынғы бағалау жүйесi бекiтiлсiн.
2. Өздерiне қатысты олардың қызметiнiң тиiмдiлiгiне бағалау жүргiзiлетiн мынадай мемлекеттiк органдар айқындалсын:
1) осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес орталық мемлекеттiк органдар;
2) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары (бұдан әрi – жергiлiктi атқарушы органдар).
3. Бағалау 2010 жылдан басталуы керек пилоттық екi орталық мемлекеттiк орган мен облыстың бiр жергiлiктi атқарушы органын қоспағанда, орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiне бағалау жүргiзу 2011 жылдан бастап жүзеге асырылсын.
4. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi бiр ай мерзiмде 2010 жылы бағалауға жататын мемлекеттiк органдардың тiзбесiн бекiтсiн.
5. Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiне тиiстi бағыттар бойынша бағалауға жауапты мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiмен келiсiм бойынша үш ай мерзiмде тиiстi қорытындылар дайындауды қамтитын бағалау жүргiзу әдiстемесiн әзiрлесiн және бекiтсiн.
6. Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлiгi Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiмен келiсiм бойынша үш ай мерзiмде орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн жалпы бағалаудың нәтижелерi туралы қорытындының форматын әзiрлесiн және бекiтсiн.
7. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi:
2010 жылғы 1 желтоқсанға дейiн орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiне жыл сайынғы бағалау жүргiзудiң кестесiн бекiтсiн;
кестеге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiне жыл сайынғы бағалау жүргiзiлетiн жылдың алдындағы жылғы 1 желтоқсаннан кешiктiрмей жүзеге асырсын.
8. Қазақстан Республикасының Үкiметi үш ай мерзiмде облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарының бюджеттерiнен қаржыландырылатын атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiне бағалау жүргiзудiң тәртiбiн әзiрлесiн және бекiтсiн.
9. Жергiлiктi атқарушы органдар 2011 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған тәртiппен облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарының бюджеттерiнен қаржыландырылатын атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiне бағалау жүргiзудi қамтамасыз етсiн.
10. «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк басқару жүйесiн жаңғырту жөнiндегi шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2007 жылғы 13 қаңтардағы № 273 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 1, 5-құжат; 2008 ж., № 2, 22-құжат; 2009 ж., № 35, 330-құжат) мынадай өзгерiстер енгiзiлсiн:
2-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«3) мемлекеттiк басқару органдары қызметiнiң тиiмдiлiгiн кешендi бағалау;»;
жоғарыда аталған Жарлықпен бекiтiлген Мемлекеттiк басқару жүйесiн жаңғырту жөнiндегi бiрiншi кезектегi iс-шаралар жоспарында:
7-тармақта:
«және оның аудитi» деген сөздер алып тасталсын;
«Орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдар» деген сөздер «Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар» деген сөздермен ауыстырылсын.
11. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн.
12. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Президентi Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2010 жылғы 19 наурыздағы
№ 954 Жарлығымен
бекiтiлген
Орталық мемлекеттiк органдар мен облыстардың, республикалық
маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары
қызметiнiң тиiмдiлiгiн жыл сайынғы бағалау жүйесi
1. Жалпы ережелер
1. Орталық мемлекеттiк органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары қызметiнiң тиiмдiлiгiн жыл сайынғы бағалаудың осы жүйесi (бұдан әрi – Жүйе) орталық мемлекеттiк органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары (бұдан әрi – жергiлiктi атқарушы органдар) қызметiнiң тиiмдiлiгiн айқындау мақсатында әзiрлендi.
2. Жүйе орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн жыл сайынғы бағалаудың негiзгi ережелерiн, принциптерiн, бағыттарын, өлшемдерiн белгiлейдi, органдар жүйесiн және жүргiзу тәртiбiн айқындайды.
3. Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалаудың нысанасы мемлекеттiк органның жүктелген мiндеттерi мен функцияларын iске асыру дәрежесi болып табылады.
4. Мемлекеттiк орган қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалаудың мақсаты мемлекеттiк орган қызметiнiң елдiң, саланың/аяның/өңiрдiң даму өлшемдерiне әсер ету дәрежесiн айқындау және мемлекеттiк органның қызметiн ұйымдастыру жүйесiн бағалау болып табылады.
5. Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалау үшiн ақпараттың көздерi:
1) мемлекеттiк органдардың есептi кезеңде жүргiзген қызметi туралы есептерi;
2) Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң мемлекеттiк инспекторлары жүргiзген тексерулер нәтижелерi;
3) статистикалық деректер;
4) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң актiлерi мен тапсырмаларының орындалуын Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгi бақылауының нәтижелерi;
5) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң, оның орынбасарларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрi Кеңсесi Басшысының актiлерi мен тапсырмаларының орындалуын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Кеңсесi бақылауының нәтижелерi;
6) тиiстi мемлекеттiк органдар жүргiзген бақылау мен қадағалау нәтижелерi;
7) тәуелсiз сарапшылардың қорытындылары;
8) сауалнамалар мен әлеуметтiк сауал салулар нәтижелерi;
9) үкiметтiк емес ұйымдардың (қоғамдық бiрлестiктердiң) ақпараты болып табылады.
6. Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалауды осы Жүйенiң 15-тармағында айқындалған, мемлекеттiк органдар қызметiнiң бағыттары бойынша бағалау жүргiзуге уәкiлеттi мемлекеттiк органдар жүргiзедi.
7. Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалау жыл сайын кестеге сәйкес есептi (күнтiзбелiк) жылдың қорытындылары бойынша жүзеге асырылады.
8. Бағалау жүргiзу кестесi:
бағалау жүргiзу жылының айларына (тоқсандарына) бөлiнген бағалауға жататын орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдарының тiзбесiн;
тиiстi бағыттар бойынша орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiне бағалау жүргiзуге уәкiлеттi мемлекеттiк органдар өз қорытындыларын мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға (бұдан әрi – мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган) ұсыну мерзiмдерiн;
мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органның орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн жалпы бағалау нәтижелерi туралы қорытындыны Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне және Қазақстан Республикасының Үкiметiне ұсыну мерзiмдерiн;
мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органның орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн жалпы бағалау нәтижелерi туралы қорытындысының негiзiнде қалыптастырылған сараптамалық қорытындыны сараптама комиссиясының Қазақстан Республикасының Президентiне енгiзу мерзiмдерiн қамтиды.
9. Бағалау жүргiзу кестесiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi әзiрлейдi және бекiтедi.
2. Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар
қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалаудың қағидаттары
10. Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалаудың қағидаттары:
1) әдiлдiк қағидаты – мемлекеттiк органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалауды Қазақстан Республикасының заңнамасына қатаң сәйкестiкте жүргiзу, мүдделер қақтығысын болдырмау;
2) дәйектiлiк қағидаты – мемлекеттiк органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалаудың нәтижелерiн тиiстi құжаттармен растау;
3) ашықтық қағидаты – мемлекеттiк органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалаудың нәтижелерiн баяндау айқындығы;
4) жариялылық қағидаты – құпиялылық режимiн және қызметтiк, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғауды қамтамасыз етудi ескере отырып, мемлекеттiк органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалаудың нәтижелерiн бұқаралық ақпарат құралдарында мiндеттi түрде жариялау болып табылады.
3. Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар
қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалау органдарының жүйесi
11. Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалау органдарының жүйесiн:
1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi;
2) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесi;
3) мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган;
4) мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган;
5) бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган (бұдан әрi – бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi орган);
6) ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган құрайды.
12. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган осы Жүйенiң 15-тармағында көрсетiлген бағыттар бойынша орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалауға уәкiлеттi мемлекеттiк органдар беретiн қорытындылар негiзiнде орталық мемлекеттiк, оның iшiнде Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн органдар мен жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн жалпы бағалауды дайындайды.
13. Қазақстан Республикасы Президентiне ұсыну үшiн орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн жалпы бағалау нәтижелерi туралы сараптамалық қорытынды қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi Басшысының шешiмi бойынша Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрi Кеңсесiнiң лауазымды тұлғаларынан сараптама комиссиясы құрылады.
14. Өздерiне қатысты қызметiнiң тиiмдiлiгiне бағалау жүргiзiлетiн орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдарды Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
4. Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар
қызметi тиiмдiлiгiнiң бағыттары, өлшемдерi, көрсеткiштерi
15. Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалау олардың қызметiнiң мынадай бағыттары бойынша жүзеге асырылады:
1) қадағалайтын салада/аяда/өңiрде стратегиялық мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзу;
2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң, оның орынбасарларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрi Кеңсесi Басшысының актiлерi мен тапсырмаларын орындау;
3) бюджеттi атқару кезiнде бюджеттiк бағдарламалардың iске асырылуы;
4) мемлекеттiк қызметтер көрсету;
5) персоналды басқару;
6) ақпараттық технологияларды қолдану.
16) Жүйенiң 15-тармағында көрсетiлген қызметтiң әрбiр бағытына өзiнiң тиiмдiлiк өлшемдерi сәйкес келедi.
17) Тиiмдiлiктiң әрбiр өлшемiне мемлекеттiк органдар қызметiнiң бағыттары бойынша бағалау жүргiзуге уәкiлеттi мемлекеттiк органдар айқындайтын тиiстi әдiстемелердегi тиiмдiлiк көрсеткiштерi сәйкес келедi.
18. Тиiмдiлiк көрсеткiштерi мынадай талаптарға сәйкес келуi тиiс:
әдiлдiк: функцияларды үстiрт орындау есептiлiктiң жақсаруына және iстiң нақты жағдайын нашарлатуға соқтыратындай, көрсеткiштер мемлекеттiк органның қызметiн бұрмалауға әкеп соқпауы тиiс;
дәйектiлiк: бастапқы ақпаратты жинау және өңдеу тәсiлi қажет болған жағдайда алынған деректердiң дәлдiгiн тексеру мүмкiндiгiне жол беруi тиiс;
ашықтық: басы артық күрделi көрсеткiштерден аулақ болу, көрсеткiштi айқындау бағалаушының да, сол секiлдi бағаланушы мемлекеттiк органның да оны бiрыңғай түсiндiруiн қамтамасыз етуi тиiс;
үнемдiлiк: қажеттi деректердi алу мүмкiндiгiнше ең аз шығындармен жүргiзiлуi тиiс, қолданылатын көрсеткiштер барынша дәрежеде ақпарат жинаудың қолданыстағы жүйелерiне негiзделуi тиiс;
салыстырмалылық: көрсеткiштердi таңдауды деректердi үздiксiз жинақтау және олардың жекелеген кезеңдегiлерiнiң ұқсас (аралас) мiндеттердi шешудегi прогрестi бағалау үшiн пайдаланылатын көрсеткiштерiмен, сондай-ақ халықаралық практикада қолданылатын көрсеткiштерiмен салыстырмалылығын қамтамасыз ету қажеттiгiн негiзге ала отырып жүзеге асыру керек;
толықтығы: көрсеткiштер мемлекеттiк органның барлық қызметiн сипаттауы тиiс, жекелеген функциялардың мәнiн бұрмалауға ұрындырмауы тиiс.
19. Тиiмдiлiктiң көрсеткiштерi ретiнде түрлi халықаралық салыстыруларда қолданылатын көрсеткiштер пайдаланылуы мүмкiн.
4.1. Қадағаланатын саладағы/аядағы/өңiрдегi стратегиялық
мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзудi бағалау
20. Қадағаланатын саладағы/аядағы/өңiрдегi стратегиялық мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзудi бағалау орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың қадағалайтын саланы/аяны/өңiрдi дамыту жөнiндегi қызметiнiң нәтижелiлiгiне және тиiмдiлiгiне қол жеткiзу дәрежесiн айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
21. Орталық мемлекеттiк органдар қызметiнiң қадағаланатын саладағы/аядағы стратегиялық мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзудi бағалау мемлекеттiк органның стратегиялық жоспарында белгiленген қадағалайтын саланы/аяны дамыту жөнiндегi стратегиялық мақсаттар мен мiндеттер негiзiнде жүзеге асырылады.
22. Қадағаланатын өңiрдегi стратегиялық мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзудi бағалау облыстарды, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасында белгiленген облыстарды, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту жөнiндегi стратегиялық мақсаттар мен мiндеттер негiзiнде жүзеге асырылады.
23. Қадағаланатын саладағы/аядағы/өңiрдегi стратегиялық мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзудi бағалау өлшемдерi мыналар болып табылады:
1) стратегиялық мақсаттар мен мiндеттердi, нысаналы индикаторларды және нәтижелер көрсеткiштерiн таңдаудың дұрыстығы, оларды баяндаудың айқындылығы мен анықтығы.
Осы өлшем шеңберiнде баяндалған стратегиялық мақсаттар мен мiндеттердiң анықтылығы мен дұрыстығы, нысаналы индикаторларды және нәтижелер көрсеткiштерiн таңдаудың дұрыстығы, стратегиялық жоспар, аумақты дамыту бағдарламасы мақсаттарының жоғары тұрған құжаттарға, стратегиялық жоспардың, аумақты дамыту бағдарламасының нысаналы индикаторларының жоғары тұрған құжаттарда белгiленген индикаторларға (қадағалайтын сала/ая/өңiр бойынша), стратегиялық жоспар, аумақты дамыту бағдарламасы мақсаттары мен мiндеттерiнiң мемлекеттiк органның белгiленген функцияларына сәйкестiгi бағаланады;
2) тiкелей нәтижелерге қол жеткiзу.
Осы өлшем шеңберiнде тiкелей нәтижелерге қол жеткiзу дәрежесi, жоспарланған iс-шаралардың орындалу деңгейi, орындалмаған iс-шаралардың стратегиялық жоспарды, аумақты дамыту бағдарламасын одан әрi iске асыруға әсер ету дәрежесi, өткен кезеңмен салыстырғанда қол жеткiзiлген нәтижелер серпiнiндегi прогресс бағаланады;
3) қадағалайтын саланы/аяны/өңiрдi дамыту жөнiндегi стратегиялық мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзу.
Осы өлшем шеңберiнде нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткiштерiне (аралық және түпкi) қол жеткiзу дәрежесi, олардың стратегиялық жоспардың, аумақты дамыту бағдарламасының мақсаттары мен мiндеттерiне сәйкестiгi, шешуiне стратегиялық жоспар мен аумақты дамыту бағдарламасы бағытталған мiндеттер мен проблемалардың шешiлу деңгейi бағаланады;
4) стратегиялық жоспардың, аумақты дамыту бағдарламасының iске асырылу барысының қоғамға қол жетiмдiлiгi (ақпараттық хабардар болуы).
Осы өлшем шеңберiнде орналастырылған ақпараттың толықтығы мен сапасы, стратегиялық жоспарды, аумақты дамыту бағдарламасын iске асыру туралы ақпаратты жаңартудың уақтылылығы мен жиiлiгi бағаланады;
5) мемлекеттiк функцияларды iске асырудың толықтығы.
Осы өлшем шеңберiнде қадағаланатын саланы/аяны/өңiрдi дамыту жөнiндегi мемлекеттiк органға жүктелген барлық мемлекеттiк функцияларды қызметпен қамту (есептi жылдағы) дәрежесi бағаланады. Толықтық дәрежесi тиiстi iс-шаралардың, мемлекеттiк функциялардың iске асырылу тетiктерi мен сапасының болуы негiзге алына отырып бағаланады.
24. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрылымына кiретiн орталық атқарушы орган қызметiнiң қадағаланатын саладағы/аядағы, жергiлiктi атқарушы органдар қадағалайтын өңiрдегi стратегиялық мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзудi бағалауды, осы мемлекеттiк орган қызметiнiң қадағаланатын саладағы/аядағы стратегиялық мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзудi бағалауды қоспағанда, мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
25. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган қызметiнiң қадағаланатын саладағы/аядағы стратегиялық мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзудi бағалауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесi жүзеге асырады.
25. Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн орталық мемлекеттiк органдар қызметiнiң қадағаланатын саладағы/аядағы стратегиялық мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзудi бағалауды Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi жүзеге асырады.
26. Қадағаланатын саладағы/аядағы/өңiрдегi стратегиялық мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзудi бағалау жөнiндегi әдiстеменi әзiрлеудi және оны әдiснамалық сүйемелдеудi мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
4.2. Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан
Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң, Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң, оның
орынбасарларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрi
Кеңсесi Басшысының актiлерi мен тапсырмаларын
орындау сапасын бағалау
28. Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң, оның орынбасарларының, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Кеңсесi Басшысының актiлерi мен тапсырмаларын орындау сапасын бағалау (бұдан әрi – актiлер мен тапсырмаларды орындау сапасын бағалау) олардың орындалу нәтижелiлiгi мен тиiмдiлiгi деңгейiн айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
29. Мыналар орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың актiлер мен тапсырмаларды орындау сапасын бағалаудың өлшемдерi болып табылады:
1) орындаудың толықтығы, ол актiлер мен тапсырмалардың белгiленген мерзiмде толық iске асырылуын көздейдi және өткiзiлген iс-шаралардың тапсырмада немесе актiде соңғы орындаушыға қойылған мiндеттерге сәйкестiгiнiң деңгейiн көрсетедi. Толықтық дәрежесi Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрi Кеңсесiнiң сараптамалық қорытындысының негiзiнде бағаланады;
2) орындалу уақтылылығы, ол iс-шаралардың белгiленген мерзiмде орындалуын және орындау мерзiмiн мемлекеттiк органның, орындаушының бастамасымен екi және одан көп рет ұзартудың болмауын көздейдi.
30. Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң актiлерi мен тапсырмаларын орындау сапасын бағалауды Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi жүзеге асырады.
31. Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң, оның орынбасарларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесi Басшысының актiлерi мен тапсырмаларын орындау сапасын бағалауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесi жүзеге асырады.
32. Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң актiлерi мен тапсырмаларын орындау сапасын бағалау әдiстемесiн әзiрлеудi және оны әдiснамалық сүйемелдеудi Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi жүзеге асырады.
33. Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң, оның орынбасарларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесi Басшысының актiлерi мен тапсырмаларын орындау сапасын бағалау әдiстемесiн әзiрлеудi және оны әдiснамалық сүйемелдеудi Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесi жүзеге асырады.
4.3. Бюджеттiк бағдарламалардың бюджеттi атқару кезiнде iске
асырылуын бағалау
34. Бюджеттiк бағдарламалардың бюджеттi атқару кезiнде iске асырылуын бағалау тiкелей және түпкi нәтижелер көрсеткiштерiне, сондай-ақ, олар бар болған жағдайда, мемлекеттiк органдардың тиiстi бағыттар бойынша стратегиялық жоспарлары құрамында бекiтiлген, бюджеттiк бағдарламаларда көзделген тиiмдiлiк көрсеткiштерiне қол жеткiзудi айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
35. Бюджеттiк бағдарламалардың бюджеттi атқару кезiнде iске асырылуын бағалаудың өлшемдерi мыналар болып табылады:
1) тiкелей және түпкi нәтиже көрсеткiшi.
Тiкелей нәтижеге қол жеткiзудi бағалау кезiнде бюджет қаражатының уақтылы пайдаланылуына және қаржы iшiнде бюджеттiк бағдарламалар iс-шараларының орындалуына талдау жүргiзiледi, сондай-ақ нәтижелер көрсеткiштерiн екi қаржы жылының алдыңғы нәтижелерiмен салыстырмалы талдау жүргiзiледi. Тiкелей нәтиже көрсеткiштерiне қол жеткiзуге бағалау жүргiзу кезiнде сонымен бiрге тиiстi мемлекеттiк органдардың бақылау объектiсi қызметiнiң Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасының талаптарына сәйкестiгi, қаржы есептiлiгiн жасау мен ұсынудың сенiмдiлiгi, негiздiлiгi мен уақтылығына және мемлекеттiк органдардың бюджеттiк бағдарламаларды iске асыру барысында тiкелей және түпкi нәтижелерге қол жеткiзуiнiң тиiмдiлiгi тұрғысынан жүргiзген бақылау материалдары пайдаланылады.
Түпкi нәтиженiң көрсеткiштерi қол жеткiзiлген тiкелей нәтиженiң бюджеттiк бағдарламаның және мемлекеттiк орган қадағалайтын саланың (аяның) мақсатында қол жеткiзуге әсерiнiң деңгейiн (дәрежесiн) көздейдi;
2) тиiмдiлiк көрсеткiшi.
Бұл көрсеткiш бюджет қаражатының бекiтiлген көлемiн пайдалана отырып ең үздiк тiкелей нәтижеге қол жеткiзудi немесе бюджет қаражатының ең төменгi көлемiн пайдалана отырып тiкелей нәтижеге қол жеткiзудi көрсетедi.
Осы көрсеткiштi бағалау шеңберiнде бюджет қаражатының игерiлу дәрежесi, бюджет қаражатын үнемдеу деңгейi (шығыстардың жалпы көлемiне шаққанда үнемделген бюджет қаражатының көлемi) айқындалады, тауарлардың (жұмыстардың, қызметтер көрсетудiң) бiрлiгiне нақты шығыстардың көлемi жоспарланған шығыстармен салыстырылады, нақты жүргiзiлген шығындардың жоспарланған шығындардан ауытқу деңгейi айқындалады.
36. Бюджеттiк бағдарламалардың бюджеттi атқару кезiнде iске асырылуын бағалауды, осы мемлекеттiк органның бюджетiн атқару кезiнде бюджеттiк бағдарламалардың iске асырылуын қоспағанда, бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
37. Бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi органның бюджетiн атқару кезiнде бюджеттiк бағдарламалардың iске асырылуын бағалауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесi жүзеге асырады.
38. Бюджеттiк бағдарламалардың бюджеттi атқару кезiнде iске асырылуын бағалау әдiстемесiн әзiрлеудi және оны әдiснамалық сүйемелдеудi бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
4.4. Мемлекеттiк қызметтер көрсетудi бағалау
39. Мемлекеттiк қызметтер көрсетудi бағалау орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың жеке және заңды тұлғаларды мемлекеттiк қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес қолжетiмдi және сапалы мемлекеттiк қызметтер көрсетумен қамтамасыз ету деңгейiн айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
40. Мемлекеттiк қызметтер көрсетудi бағалау өлшемдерi мыналар болып табылады:
1) сапа.
Осы өлшем бойынша бағалау шеңберiнде тұтынушылардың тұтастай алғанда қызметтер ұсыну үдерiсiнiң сапасына қанағаттану дәрежесi, сондай-ақ мемлекеттiк қызмет көрсету стандарттарына сәйкес оның нәтижелерiнiң дәлдiгi мен дұрыстығы айқындалады;
2) уақтылылығы.
Осы өлшем бойынша бағалау шеңберiнде тұтынушының тапсырыс берген сәтiнен бастап қызметтi алуға жұмсалатын уақытының мемлекеттiк қызмет көрсету стандартында белгiленген қызмет көрсету мерзiмдерiне сәйкестiгi айқындалады;
3) қызмет көрсетудiң қолжетiмдiлiгi.
Осы өлшем бойынша бағалау шеңберiнде қызмет көрсету үдерiсiнiң оңтайлылығы мен қарапайымдылығының, қызмет көрсетудiң тәртiбi мен рәсiмiн түсiндiретiн ақпараттың айқындығы мен сапасының деңгейi айқындалады. Қолжетiмдiлiк қызмет көрсету үдерiсiн реттейтiн құжаттардың сапасымен және хабардар етудiң қолданыстағы жүйесiнiң тиiмдiлiгiмен, мүмкiндiктерi шектеулi адамдар үшiн жағдай жасаумен айқындалады;
4) шағымдану үдерiсi.
Осы өлшем бойынша бағалау шеңберiнде шағымдарды қарау мен қанағаттандыру үдерiсiнiң тиiмдiгi мен жеделдiгi, тұтынушылардың шағымдарды қараудың қолданыстағы тәртiбi мен мерзiмiне қанағаттану деңгейi айқындалады;
5) әдептiлiк.
Осы өлшем бойынша бағалау шеңберiнде тұтынушылардың персоналдың жұмысына: қызмет көрсету үдерiсiнде қызмет алушыларға ықылас-ниетiне, қиындықтар туындаған кезде тиiмдi көмек көрсетуге дайындығына қанағаттану дәрежесi айқындалады;
6) мемлекеттiк қызметтердi электрондық форматта көрсету.
Осы өлшем бойынша бағалау шеңберiнде электрондық форматқа ауыстырылған мемлекеттiк қызмет көрсетудiң саны, электрондық қызмет көрсетудiң тәртiбi мен рәсiмiн түсiндiретiн ақпараттың сапасы, сондай-ақ осы қызметтердi пайдаланушылардың саны айқындалады.
Мемлекеттiк қызметтердi электрондық форматта көрсету өлшемiн бағалауды, осы мемлекеттiк органның мемлекеттiк қызметтердi электрондық форматта көрсету өлшемiн бағалауды қоспағанда, ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
Ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi органның мемлекеттiк қызметтердi электрондық форматта көрсету өлшемiн бағалауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесi жүзеге асырады.
Мемлекеттiк қызметтердi электрондық форматта көрсету өлшемi бойынша бағалау нәтижелерi туралы қорытынды мемлекеттiк қызметтер көрсетудi бағалау кезiнде пайдалану үшiн мемлекеттiк қызметтер көрсетуге бағалау жүргiзуге уәкiлеттi органдарға енгiзiледi.
41. Мемлекеттiк қызметтер көрсетудi бағалау:
1) сауалдар жүргiзуге қаржы қаражаты бөлiнгеннен кейiн мемлекеттiк қызметтi тұтынушыларға сауалдар жүргiзу жолымен;
2) мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын сипаттайтын тиiстi әдiстемеде айқындалатын көрсеткiштердi талдау жолымен жүзеге асырылады.
Сауалдар жүргiзу үшiн тәуелсiз сарапшылар, үкiметтiк емес ұйымдар (қоғамдық бiрлестiктер) тартылуы мүмкiн.
42. Мемлекеттiк қызметтер көрсетудi бағалау мемлекеттiк қызметтер көрсету стандарттарының бекiтiлуiне қарай жүзеге асырылады.
43. Мемлекеттiк қызметтер көрсетудi бағалау мемлекеттiк қызметтер көрсету тiзiлiмiне сәйкес мемлекеттiк орган көрсететiн қызметтердiң әрбiр түрi бойынша жүзеге асырылады.
44. Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттiк қызметтер көрсетуiн бағалауды, осы мемлекеттiк органның қызмет көрсетуiн бағалауды қоспағанда, мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
45. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган көрсететiн мемлекеттiк қызметтердi бағалауды Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi жүзеге асырады.
46. Мемлекеттiк қызметтер көрсетудi бағалау әдiстемесiн әзiрлеудi және оны әдiснамалық сүйемелдеудi мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi органмен бiрлесiп жүзеге асырады.
4.5. Персоналды басқаруды бағалау
47. Персоналды басқаруды бағалау мемлекеттiк органда персоналды басқару бойынша шаралардың тиiмдiлiгiн айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
48. Персоналды басқаруды бағалаудың өлшемдерi мыналар болып табылады:
1) персоналды iрiктеу.
Осы өлшем бойынша бағалау шеңберiнде штаттың жасақталуы, мемлекеттiк қызметкерлер бiлiмi бейiмiнiң мемлекеттiк орган қызметiнiң басты бағыттарына сәйкестiгi, мемлекеттiк орган кадрларының ауысуы айқындалады;
2) персоналды оқыту және дамыту.
Осы өлшем бойынша бағалау шеңберiнде қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру курстарынан өткен мемлекеттiк қызметшiлердiң саны, оқытылған курстардың бағалау жүргiзiлiп отырған мемлекеттiк орган қызметiнiң негiзгi бағыттарына сәйкестiгi, мемлекеттiк қызметшiлердiң бiлiктiлiк арттыру мүмкiндiгiне қанағаттану деңгейi айқындалады;
3) мемлекеттiк қызметшiлердiң этикалық нормаларды сақтауы.
Осы өлшем бойынша бағалау шеңберiнде бағалау жүргiзiлiп отырған мемлекеттiк орган қызметкерлерiнiң Ар-намыс кодексiн бұзу фактiлерiнiң саны айқындалады;
4) персоналды уәждеу.
Осы өлшемдi бағалау сауалнама жүргiзуге қаржы қаражатын бөлiнгеннен кейiн мемлекеттiк органның персоналына сауалнама жүргiзу жолымен жүзеге асырылады. Осы өлшем бойынша бағалау шеңберiнде мемлекеттiк қызметшiлердiң мансаптық өсу мүмкiндiктерiне қанағаттану деңгейi және мемлекеттiк қызметшiлердiң уәждеу және көтермелеу жүйесiне қанағаттану деңгейi айқындалады;
5) сыбайлас жемқорлық деңгейi.
Осы өлшем бойынша бағалау шеңберiнде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшiн сотталған мемлекеттiк қызметшiлердiң саны, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн әкiмшiлiк және тәртiптiк жазаға тартылған мемлекеттiк қызметшiлердiң саны айқындалады.
49. Персоналды басқаруды бағалауды, осы мемлекеттiк органның персоналды басқаруын бағалауды қоспағанда, мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
50. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган персоналын басқаруды бағалауды Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi жүзеге асырады.
51. Персоналды басқаруды бағалау әдiстемесiн әзiрлеудi және оны әдiснамалық сүйемелдеудi мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
4.6. Ақпараттық технологияларды қолдануды бағалау
52. Ақпараттық технологияларды қолдануды бағалау мемлекеттiк органның бизнес-үдерiстерiн оңтайландыру және мемлекеттiк орган қызметiнiң ашықтығын арттыру үшiн ақпараттық технологияларды пайдалану тиiмдiлiгiн айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
53. Ақпараттық технологияларды қолдануды бағалау өлшемдерi мыналар болып табылады:
1) интернет-ресурсының қолжетiмдiлiгi мен ашықтығы.
Осы өлшем бойынша бағалау шеңберiнде мемлекеттiк органның интернет-ресурстарының болуы және қолжетiмдiлiгi, орналастырылатын ақпараттың толықтығы мен сапасы, ақпараттың уақтылы жаңартылуы айқындалады;
2) iс жүргiзуде электрондық құжат айналымы жүйесiн пайдалану.
Осы өлшем бойынша бағалау шеңберiнде мемлекеттiк органның Бiрыңғай электрондық құжат айналымы жүйесiнiң не электрондық құжат айналымының жеке жүйесiнiң болуы және оны пайдаланудың тиiмдiлiгi, ведомствоаралық және ведомствоiшiлiк электрондық құжат айналымының үлесi айқындалады;
3) мемлекеттiк органдардың Интернет-порталды пайдалануы.
Осы өлшем бойынша бағалау шеңберiнде мемлекеттiк органдардың Интернет-порталға қосылуы және мемлекеттiк органдардың Интернет-портал сервисiн пайдалану жиiлiгi айқындалады;
4) мемлекеттiк орган функцияларын электрондық форматта iске асыру.
Осы өлшем бойынша бағалау шеңберiнде ведомстволық ақпараттық жүйелердiң болуы, олардың тәжiрибелi және өнеркәсiптiк пайдалануға берiлуi, ақпараттық жүйелердiң «электрондық үкiмет» құрамдауыштарымен кiрiгуi, бизнес-үдерiстердiң қамтылуы пайызы және салалық жiктеуiштi электрондық форматта жүргiзу айқындалады.
54. Ақпараттық технологияларды қолдануды бағалауды, осы мемлекеттiк органның ақпараттық технологияларды қолдануын бағалауды қоспағанда, ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
55. Ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi органның ақпараттық технологияларды қолдану бағалауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесi жүзеге асырады.
56. Ақпараттық технологияларды қолдануды бағалау әдiстемесiн әзiрлеудi және оны әдiснамалық сүйемелдеудi ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
5. Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiне бағалау жүргiзу тәртiбi
57. Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiне тиiстi бағыттар бойынша бағалау жүргiзуге уәкiлеттi мемлекеттiк органдар бағалау жүргiзу кестесiне сәйкес мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органға тиiстi қорытындылар ұсынады.
58. Мемлекеттiк орган қызметiнiң тиiмдiлiгiн тиiстi бағыттар бойынша бағалау нәтижелерi туралы қорытынды мынадай құрамдауыштарды қамтуы тиiс:
1) тиiстi бағыттар бойынша мемлекеттiк орган қызметiн бағалау жөнiндегi талдамалық есеп;
2) тиiстi бағыттар бойынша мемлекеттiк орган қызметiн жақсарту жөнiндегi тұжырымдар мен ұсынымдар.
59. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган тиiстi бағыттар бойынша орталық мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалауға уәкiлеттi мемлекеттiк органдардан жүргiзiлген бағалау нәтижелерi туралы қорытындыларды алған күннен бастап бiр ай мерзiмде мемлекеттiк орган қызметiнiң тиiмдiлiгiн жалпы бағалау нәтижелерi туралы қорытындыны Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне және Қазақстан Республикасының Үкiметiне ұсынады.
60. Мемлекеттiк орган қызметiнiң тиiмдiлiгiн жалпы бағалау нәтижелерi туралы қорытынды мынадай құрамдауыштарды қамтуы тиiс:
1) әрбiр мемлекеттiк органның есептi кезеңдегi қызметiнiң нәтижелiлiгi мен тиiмдiлiгi туралы, оның iшiнде мемлекеттiк орган қызметiнiң елдiң әлеуметтiк-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына әсерiнiң дәрежесi туралы тұжырымдар;
2) мемлекеттiк органның алдына қойылған мақсаттар мен мiндеттердi iске асыру жөнiндегi қызметтi ұйымдастыру туралы тұжырымдар;
3) мемлекеттiк органның қызметiн жақсарту жөнiндегi ұсынымдар.
61. Сараптамалық комиссия мемлекеттiк орган қызметiнiң тиiмдiлiгiн жалпы бағалаудың нәтижелерi туралы мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органның қорытындысы негiзiнде сараптамалық қорытынды қалыптастырады және Қазақстан Республикасының Президентiне енгiзедi.
Мемлекеттiк орган қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалаудың нәтижелерi туралы сараптамалық қорытынды мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органның осы мемлекеттiк орган қызметiнiң тиiмдiлiгiн жалпы бағалау нәтижелерi туралы қорытындысын алған күннен бастап бiр ай мерзiмде Қазақстан Республикасының Президентiне енгiзiледi.
62. Мемлекеттiк органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалау нәтижелерi туралы сараптамалық қорытынды сонымен бiрге мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органның қорытындысын бағалауды және қызмет тиiмдiлiгiне бағалау жүргiзiлген мемлекеттiк орган қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру жөнiнде ұсынымдарды қамтуы тиiс.
63. Әрбiр мемлекеттiк орган қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалаудың нәтижелерi тұжырымдарымен және ұсынымдарымен бiрге қызмет тиiмдiлiгiн арттыру бойынша жұмысты ұйымдастыру мақсатында мемлекеттiк органдардың басшыларына жолданады.
Әрбiр мемлекеттiк орган қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалаудың нәтижелерi құпиялылық режимiн және қызметтiк, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғауды қамтамасыз етудi ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2010 жылғы 19 наурыздағы
№ 954 Жарлығына
ҚОСЫМША
Өздерiне қатысты олардың қызметiнiң тиiмдiлiгiне бағалау
жүргiзiлетiн орталық мемлекеттiк органдардың
ТIЗБЕСI
Қазақстан Республикасы Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығының қызметiн реттеу агенттiгi
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттiгi
Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгi
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгi
Қылмыстық-атқару жүйесi комитетiн қоспағанда, Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi
Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлiгi
Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi
Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгi
Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгi
Кеден бақылау комитетiнiң құқық қорғау қызметiн қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi
Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгi
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлiгi
Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлiгi
Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлiгi
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлiгi
Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлiгi
Қазақстан Республикасы Бәсекелестiктi қорғау агенттiгi (Монополияға қарсы агенттiк)
Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттiгi
Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi агенттiгi
Қазақстан Республикасы Статистика агенттiгi
Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттiгi
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттiгi
Достарыңызбен бөлісу: |