Есләм Зікібаев – Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді. Оның балалық шағы Есіл өзенінің жағасындағы Өрнек дейтін кішкентай ауылда өтті.
Рауза апай әңгімесінде: «Ағаңды құрметтеуді ол кісінің туған ауылынан үйрендім. Өрнек ауылының айналасын аққайыңды орман қоршаған. Сол алақандай ауылда бірін-бірі танымайтын жан жоқ еді. Жаз шыға елге барсақ, әрқайсысы үйлеріне қонаққа шақыратын. Кішкене ғана ауыл. Әр үйін білемін десем де болады», – дейді.
Өрнек ауылындағы Өрнек орта мектебіне 2004 жылы Есләм Зікібаевтың аты берілді. Бір кездері төрт жылдық мектеп болатын, қазір тоғыз жылдық болып өзгерген. Сол мектепте Есләм ақынның өз музейі бар.
«Өзім кетсем де, артымда сөзім қалсын» деп жырлаған ақын жырлары мәңгілік.
– Кім оянып, мәңгіге кім жатады, Тоқтамайды күн шығып, күн батады... Өзім кетсем, артымда сөзім қалсын, Ерік бердім жан сырым – жырға тағы, – деп жырлайтын ақын жыры туған жерге, отанды сүюге, ұлтты сүюге жетелейді.
Әріптестері ол туралы «Есләм Зікібаевтың ақындығы көк аспанда қанатын еркін самғаған қыран бүркітті көз алдыңа елестетеді» деген екен. Расымен де солай. Қараңызшы:
– Қарашығым! Ән тербеп өскен елдің баласымын, Әнмен айтсам жете ме жүрегіңе, Сырларымның сап таза, сап асылын. Сағым далам – Сұлулықты жырлаудан жаңылмаған, Махаббатты анамдай әлдилеген, Әлдилеген ғажайып лағыл далам, – дейді қыран ақын.
Туған елге, туған жерге деген сағыныш. Оның жырлары еркіндікті сүйеді, елдікті насихаттайды. Парасатты жырлар ұлтты тәрбиелеуге қызмет етеді.
Есләм ақынның өлеңдеріне ән де жазылды. Ол жөнінде Рауза апай: «Есләм ағаларың әнге арнайы сөз жазбаған ақын. Еліне, туған жерге деген ғашықтық сезімінен туған жырлары әнге сұранып тұрған болуы керек. Ол үнемі адалдықты ақтарыла жырлады. Есләм Ар мен Ақиқаттың жаршысы еді. Кісілігі мен кішілігі қандай! Жырлары тұнған лирика десек те болады. Ең бастысы, ол өз жүрегінің лүпілін тыңдап ақын болды» деп сыр шертеді.
Рауза апай мен Есләм ақынның табысуы да өзгеше. «Біз студент кезде таныстық. Екеуміз де Алматыда оқыдық. Алайда бізді таныстырған Қордайдың би алаңы еді. Ол кезде кешкі сегізден бастап, бір-екі сағатқа биге баратын едік. Ата-анамнан сұранып, қасымда өзімнен бірер жас кіші сіңлімді ертіп алып, би алаңына барғанбыз. Алаңда бейтаныс екі жігіт жүр екен. Түрі сұсты болып көрінгенімен, бойшаңы биге шақырды. Билеп жүріп атымды, қайда оқитынымды сұрады. Атымның Рауза екенін, Қыздар институтында екінші курсқа көшкенімді айттым. Қазақ пен қырғыз арасындағы диалектілерді жинау үшін ғылым академиясының Тіл білімі инстиутты іссапарға жібергенін, ауыл аралап, диалекті сөздерді жинап жүргендерін айтты. Бірақ жігіттің аты есімде қалмапты. Күзге салым Алматыға келіп, жатақханама орналасып жатсам, қыздардың бәрі: «Сені ұзын бойлы бір жігіт іздеп жүр» деп қоймайды. Сөйтсем, ағаларың Алматыға келе сала мені іздеген екен. Жақын таныса жүріп, сырлас досқа айналдық. Қыз бен жігіт болып жүргенімізде «ақын едім, өлең жазатыным бар еді» дегенді айтқан емес» дейді.
Ақын – көңіл-күйдің адамы. Мұқағали ақын:
«Ей, ақындардың жарлары! Ақын деген табиғат ғой. Қысы, күзі, жазы бар. Көктемі бар шуақты, Аймала да, ақыныңды жазып ал. Кеше біреу жылатты» деп тегін жырламаса керек-ті. Сол айтқандай, ақынға жар болу да оңай емес.
Ал ақынға жар болу тіптен оңай емес. Бұл орайда Рауза апайдың да айтары бар. «Ақынның жары болу екінші қызмет сияқты көрінеді маған. Ақынның жары алғашқы тыңдарманы, оқырманы деуге де болады. Шабытты шақтарында оны көп қозғауға болмайтын. Өзі аса балажан кісі еді. Сүйсе құлай сүйе білген жан еді. Ақын адамдардың ешқайсысы бір-біріне ұқсамайтын. Есләмнің ерекшелігі, өлең жазуда жер талғамайтын. Сөйте тұра, өлеңдерінің басым көпшілігі қыс мезгілінде жазылыпты. Тіпті «Жеңеше» деген поэмасын екі жетіде бітіргені бар-ды» дейді Рауза апай.
Қордайдан сонау Солтүстіктегі Өрнек ауылына күйеуге шығам дегенінде, Рауза апайдың ата-анасы қалай қарады екен? Біздің бұл сауалымызға: «Күйеуге шығатынымды естігенде, ата-анам жер түбіне кетіп барасың деп қатты толқыды. Тіпті әкем араға ағайындарымызды салып, алысқа бармай-ақ қойса қайтеді дегендей де әңгімелер айтса керек. Әншейінде ұяң, біртоға адам едім. Бірақ бұл жолы қарсылығымды ашық білдірдім. «Бәрібір сол жігітке тұрмысқа шығамын» дегенімді естіп, ағайын-туыс аса қарсылық білдіре қоймады» дейді апай.
Есләм Зікібаев өлеңге кеш келді. Кеш келсе де, айналасы он-он бес жылдың ішінде сегіз өлең жинағын шығарыпты. Әбділда ақын ол туралы: «Есләм тақырып жағынан кілең жаңалық айтады деу қиын. Бірақ бізге мәлім тақырыптардың өзі де Есләмша жырлап, жадырап отырады. Өйткені талантты ақынның өлеңді поэтикалық дәрежеге көтеретін өнері көп, аспаптары мол» деген екен.
Қазақтың қабырғалы қаламгерлері Қадыр Мырза Әлі мен Мұзафар Әлімбаев та ақын інісінің өзгеше поэзиясын қадыр тұтты. Қадыр ақын: «Есләм күй таңдайтын, бап таңдайтын ақын. Оның сирек жазатыны осыдан шығар. Дарын иесінің өзін мүлде ерекше сезінетін алымды сәттері шабытты шақтары болса керек» десе, Мұзафар Әлімбаев: «Есләм поэзияға кешігіңкіреп келді. Алайда кенже қалған жоқ. Ақындық өнер санымен емес, сапасымен өлшенер болар. Ақынның негізгі тақырыбы – азаматтық, Отанға, туған елге деген сүйіспеншілік» деген екен.
Қазақты қазақтан артық сүйген Герағаң (Герольд Бельгер) Есләм ақын жайында былай деп сыр шерткен екен. «Есләммен 1947-48 жылдар аралығында ауылда танысқанбыз. Мен оқитын әйгілі Ленин қазақ орта мектебінің қасында интернат болатын. Сол интернатқа түсуге есіл өңірінің жетім балалары жан-жақтан ағылып келетін. Бірақ бәрін бірдей қабылдауға жағдай болмайтын. Жарғайың ауылынан оқу іздеп келген бесінші сыныптың оқушысы Есләм интернатқа түсудің реті келмеген соң, бір-екі ай сандалып, басқа мектепке ауысып кеткен. Танысуымыздың басы сол кезде болатын. Бірақ сол жылдардан менің есімде қалғаны шамалы.
60 жылдары Алматыда қайта қауыштық, қайта табыстық десе де болғандай. Есләм өз елінің, Есіл өңірінің тамаша патриоты болатын. Солтүстіктің түлектерін ерекше қадірлейтін. Кімнің қай ауылдан, қай ауданнан, қай жерде оқып, қызмет істегенін – бәрін бес саусағындай білетін. Есләмнің жерлестік түйсік-түсінігі, таным-ұғымы біртіндеп маған да дарыды. Таныс қазақтар қуақыланып, менен кейде «қай ру боласың?» деп сұрайтын. Сол кезде «Гера», «Герольд» деген атыма дыбыс үндестігін қуып, «кереймін» дейтінмін. Сонымды бірде естіп қалған Есләм жақтырмай: «Ой, сен қалай керей боласың?!» деп тап берді. «Е, сонда мен кіммін?». «Атығайсың ғой!». «Ә, солай ма?» Есләмнің арқасында жөнімді тауып, атығай болып, үйіріме қайта қосылғандай болдым».
Ақынның жарты ғұмыры газет-журналда өтті. Қарапайым хабардан бастап, бас мақалаға шекті үздіксіз жазды. Сурет те түсірген кездері болған. «Қазақстан пионері» газетінде, «Қазақстан әйелдері» журналында, «Социалистік Қазақстан», Алматы облыстық «Жетісу» газеттерінде еңбек етті. Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің бөлім бастығы, «Жалын», «Жазушы» баспаларында бөлім меңгерушісі, «Кітап жаршысы» газетінің бас директоры, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры, «Ақиқат» журналының бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Рауза апай ақынның газет-журналдарда жазылған дүниелерін қаттап, жинақтап қойыпты. «Жинақталған мақалаларының өзі бір кітапқа жүк. Естеліктері, эсселері де дайын тұр. Бұның бәрі жеке жинақ болып шықса, талайлардың жүрек қылын шертер еді. Отағасы қайтыс болған соң, арада біраз уақыт өткен кезде сағынып, күнделігін парақтап шықтым. Аты аталмай жүрген жазушылар жайлы көбірек жазған екен. Тоқаш Бердияров, Ізтай Мәмбетов, Әділбек Абайділданов сияқты ақындарды атап өтіпті. «Менің де шығармашылығым қалай болар екен» деп ойлаған болу керек. Сырбай, ғафу ағалармен талай тойларда бірге жүрген, ол кісілер жайлы да естеліктері бар екен. Осыларды жинақтап 2003 жылы ой-толғамдары мен эсселерінен құралған «Жыр — тағдырым» жинағын шығардық. Сондай-ақ, «Қас-қағым сәт», «Армандай ғұмыр», «Өмір бәйге» жинақтарымен қоса үш томдық таңдамалысы жарық көрді. Ақындықпен, журналистикамен ғана шектеліп қалмай, аудармамен де тыңғылықты айналысқан. Серб жазушысы Змайдың бірталай шығармаларын, башқұрт ақыны Ш.Бикколдың «Жүрегімнің жарығы», қырғыз ақыны Ж.Садықовтың «Тау жолы» жыр кітаптарын, түркімен жазушысы К.Құрбаннепесов шығармаларын тәржімалағанын осы күні біреу білсе, біреу білмейді. Ал сол кітаптарды аударудағы бастан кешкен қиыншылықтары мен шығармашылық азабына өзім куәмін» дейді.
Жеке блокнотындағы өлеңдерін де жинақтап, компьютерге теріп қойыпты. Бір жол болса да, өлеңдері жоғалмасын деген мақсатпен жиып-теріп отыр. Мұның бәрі ақын мұрасына деген сүйген жардың құрметі, ерекше пейілі, ықыласы болса керек.
– Кешегі Абай, Мағжан, Қасымдардың, Артында қалған ұшқын-жасыннанмын. Сынығымын алмастай асылдардың, Тұнығымын тұңғиық ғасырлардың, – деп жыр төккен ақынның өзі де, сөзі де мәңгілік болары хақ!