13-дәріс
ӘДЕБИЕТ ТЕОРИЯСЫ: КІРІСПЕ
Әдебиеттегі психологизм
ҚАЗАҚСТАННЫҢ
АШЫҚ
УНИВЕРСИТЕТІ
Кітап:
Дәріс:
Әдебиет теориясы
13. Әдебиеттегі психологизм
2
Мақсаты: психологизмнің негізгі амал-әдістерін таныстыру, оның көркем шығармадағы
кейіпкер болмысын ашудағы қызметін түсіндіру.
Кілт сөздер: психологизм, сана, санасыздық, кейіпкер, ішкі монолог, түс көру.
Бүгінгі дәрісімізде біз психоаналитикалық теорияның әдебиеттегі орны мен қызметі ту-
ралы баяндамақпыз. Өткен дәрісімізде психологиялық талдау теориясының негізін салған
Зигмунд Фрейдтің ой-тұжырымдарымен танысқан едік. Бүгінгі дәріс соның жалғасы іспеттес,
бірақ әдебиеттегі психологиялық талдаудың өзіндік ерекшеліктері мен оның сөз өнері үшін
маңызына тоқталып өтпекпіз.
Дәрісімізді бастамай тұрып қазақтың көрнекті қаламгері Мұхтар Әуезовтің мына бір сөзін
қаперлеріңізге салғанды жөн көрдік. Әуезов: «Прозаға психология араласпаса, өзгенің бәрі
сылдыр су, жабайының тақ-тақ жолы», – деген болатын. Әдебиетті тек таптық тұрғыдан ғана
қарайтын әрі социалистік реализмнің туы аспандап тұрған шақта заңғар жазушының бұлай
деп пікір білдіруі, әрине, әдебиетке деген шын жанашырлықтан туған. Біздің айтпағымыз ол
емес. Айтпағымыз – әдеби шығармада психологиялық элементтер болмаса, оның құны кетіп,
көркемдігі кемиді деген сөз. Жалпы, кез келген қаламгер өз әдеби туындысында кейіпкердің
сезімдері мен оның толғаныстарын көрсетуге тырысады. Дегенмен адам жанының ішкі
иірімдерін ашудың әдістері әркелкі болуы мүмкін. Жазушы кейіпкердің белгілі бір эмоциялық
күйін оның туу себептерін сарапқа салмай-ақ ашып көрсетуі мүмкін. Ал енді шығармадағы
кейіпкерлер жүйесінің күйініші мен сүйінішін, қуанышы мен қайғысын, олардың әр кездегі
сезімдік қалып-күйін ғылыми теориялық тұрғыдан сарапқа салып, шынайы бағасын беру
үшін біз міндетті түрде психологиялық талдаудың амал-әдістеріне жүгінеміз. Көркем
шығармадағы кейіпкердің ішкі әлеміне терең бойлап, оның жан-жүрегіндегі тебіреністердің
сырына үңілуді әдебиетте психологиялық талдау деп атайды. Көбінесе психологизм деп те
атайды. Оның іргелі ұғым-түсініктері мен терминдер жүйесі, жалпы методологиясы, бұған
дейінгі дәрісімізде айтып өткеніміздей, З. Фрейд пен К. Юнг секілді көрнекті ғалымдардың
еңбектерінде жасалған. Әрине, көркем шығарманың психологиялық қасиетіне үңіліп, сырын
ашуға деген ұмтылыс ежелгі дәуірлерден бастап-ақ жүзеге асқан. Дегенмен Фрейд пен
оның ізбасарларының тұлға психологиясын терең зерделеуінің арқасында арнайы пси-
хологизм пәні жеке-дара дамып, қалыптасты. Сонымен бірге, И. Тэн, Э. Эннекен, А. Потебня,
Л. Выготский, Г. Башлер т.б. сынды ғалымдар да әдеби мәтіннің психологиялық табиғаты туралы
көптеген тұщымды тұжырымдар жасаған. Аты аталған ғалымдардың көбі көркем туындыны
«автор-шығарма» және «шығарма-оқырман» байланысында алып қарастырды. «Көркем
ойлаудың психологиясын, шығармашылық үдерістің динамикасын шұқшия зерттеу арқылы
А. Потебняның ізбасарлары «лингвистикалық поэтика» деген жаңа ұғым қалыптастырды,
олар әдебиеттану мен лингвистиканың мәселелерін тұтас қарыстыруды мақсат етті. Жалпы
психология мәселесімен айналысқан ғалымдар көркем әдебиетті зерттеуге басқа қырынан
келді. Л. Выготский өзінің «Өнер психологиясы» (1965) кітабында көркем өнердің оқырман мен
көрермен психологиясына әсерін қарастырды. Ғалым «обьективтік психология» мен «жаңа
өнертану» бағыттарының түйісетін тұстарына ерекше мән беріп, әлемді билеп тұрған жалпы
биологиялық заңдылықтарды табуға бел буды, мұндай ниет оны фрейдизмге алып келді, ол да
фрейд сияқты бейсана психологиялық құбылыстарға әмбебап мазмұн берді. Л. Выготский мен
жақтастары автордың психологиялық дамуын шұқшия тексеруге кірісті, оның болмысындағы
«құпияларды» жаңа жалпы психологиялық теория арқылы зерттеуге ден қойды. Психоанализ,
оның пароліне айналған «либидо» ұғымы әдебиеттануға да әсер етті. Адамның іс-әрекетінің
түбінде биогенетикалық заңдар жататындығын медициналық тәжірибемен дәлелдеу мүмкін
болмағандықтан, бұл ғалымдар автордың «либидосы» мен оның кейіпкерлерінің «либидосының»
арасындағы байланыс деңгейін зерттеуге ауысты» [1]. Сонымен бірге Зигмунд Фрейд негіздеп
кеткен кейбір ұғымдарға қарсы шығып, басқа пікір білдірген неофрейдизм өкілдері болды.
Мысалы, А. Адлер оның саналылық пен санасыздықтың аражігін ашып көрсетуін дұрыс деп
санаған жоқ. Ал миф пен аңызға арқа сүйеген К. Юнг ұстазының «автор-шығарма» деген
жүйесін өзгертіп, оның орнына «автор-дәстүр», «автор-реалдылық» деген бірліктерін ұсынды.
Жалпы, психологиялық талдау әдісі өткен ғасырдың еншісінде қалып қойған жоқ. Бүгінгі
3
Кітап:
Дәріс:
Әдебиет теориясы
13. Әдебиеттегі психологизм
әдебиеттану ғылымында да психологизм мәселелері жан-жақты қарастырылып, арнайы
ғылыми зерттеудің нысанына айналып отыр. Ол үдерістен қазақ әдебиеттану ғылымы да
сыртқары қалған емес. Соңғы ширек ғасырда, яғни Тәуелсіздік тұсындағы қазақ әдебиеттану
ғылымында психологизм мәселелері егжей-тегжейлі зерттеліп келеді. Г. Пірәлі, Б. Майтанов, А.
Қалиева сынды әдебиеттанушы ғалымдар аталмыш пәнге қатысты арнайы монографияларын
жарияласа, көптеген зерттеушілер бұл туралы өздерінің пікір-көзқарастарын білдірген болатын.
Ғалымдардың бәрі де көркем шығармадағы психологиялық детальдардың маңыздылығына
тоқталып өтеді.
Жалпы, психологиялық штрихтар әр шығармада әрқалай көріне беруі мүмкін. Ол кейде
жазушының таланты мен талабына тәуелді жайт болса, кейде шығармадағы идеялық бағдарға
да қатысты боп келеді. Дегенмен, психологиялық талдаулар жасап, кейіпкердің ішкі жан-
дүниесін жан-жақты ашып, терең қаузау кез келген қаламгердің қолынан келе бермейтін
күрделі де күрмеулі мәселе дер едік. Көркем әдебиеттің эстетикалық бояуын көбейтіп, әсерін
арттыру үшін міндетті түрде психологиялық элементтер қажет болады. Оның үстіне, әдебиетте
мінездеу, жинақтау ұғымдары бар екенін ескеруіміз керек. Мінездеу – даралыққа алып келеді,
яғни кейіпкердің жеке тұлғасын танып, оның жан сырына қанығу үшін де психологизмнің
мүмкіндіктерін пайдалану керек болады. Осы арқылы жазушы кейіпкердің санасы мен
көңіліндегі сан түрлі қақтығыстарды суреттеп береді.
Қазақ прозасындағы психолизмнің табиғатын зерттеген профессор Г. Пірәлі оның ең басты
үш ерекшелігін атап өткен болатын: «Біріншіден, психологиялық прозада оқиға, кейіпкер,
кезең, уақыт, тақырып, идея т.б. деген мәселелер алдыңғы сапқа шыға қоймайды. Ол талап та
етілмейді. Екіншіден, мұнда ең бастысы – жеке адамның ішкі өмірі, өмір мен өлім арасындағы
кезеңде адамзат бастан кешетін азапты тағдыр тәлкегі, кейіпкердің күрделі тұлғаға айналуы
көркемдік назарға алынады. Шығармада шым-шытырық оқиғалар тізбегінен гөрі жеке адам
санасындағы сапалы өзгеріс, рухани қопарылыс, ішкі сезімдік құбылыстар тереңдетіле
талданады. Үшіншіден, психологиялық прозаның эстетикалық, көркемдік әлемі өзінің жанрлық,
көркемдік, стильдік талабына сай жеке санада жүріп жатқан ой мен сезім қайшылықтарын, сөз
бен іс сәйкессіздіктерін тереңдеп талдап, көркемдік жүйеде саралайды» [2; 10].
Ғалымның пікірі орынды. Өйткені психологиялық талдауда жеке адамның ішкі мұң-шері
таразыға салынып, талдау нысанына алынады. Бұрынғы дәстүрлі әдебиетте көп жағдайда
сыртқы әлем басты назарда тұратын да, жазушылар кейіпкердің қоршаған әлеміне көбірек
көңіл бөліп, оқиғалық желінің соңында кететін еді. Сюжеттің маңызы мен салмағы басқадан
әлдеқайда артық болатын. Ал өткен ғасырдың жартысынан бастап бұл дәстүр біртіндер басқа
арнаға ауысты. Ендігі ретте қаламгерлер қауымы шығарманың көркемдік-поэтикалық қуатын
арттыру үшін кейіпкерлердің сыртқы әлемінен гөрі олардың ішкі әлеміне көбірек басымдық
беретін болды. Диалогтан монологтың бәсі жоғары бола бастады. Айналып келгенде, ендігі
кезекті топтың емес, жеке тұлғаның болмысын ашып, бүтін бітімін жасау бәрінен де маңызды
саналды. Расында да, бұл бұл жеке адамның психологиясы ғана ма? Олай десек, артық
айтқандық болар еді. Шынтуайтында, жекелеген кейіпкерлердің қуанышы мен қайғысын
суреттеу арқылы бір шоғырдың немесе бір қауымның, тіпті тұтас бір ұлттың басындағы бақ
пен сорды ашып беруге болатынын осындай типтегі көркем шығармаларды оқу арқылы көз
жеткізе аламыз, яғни жекелеген адамдардың психологиясын терең талдау арқылы тұтас
бір елдің психологиясын аша алатыны үшін де психологизмнің артықшылықтары айрықша
әспеттеледі.
Жалпы, кейіпкердің ішкі әлемін ашу дегенде оның ой-толғаныстарын болымсыз баяндаулар
мен құрғақ суреттеулер арқылы көрсетуге ұмтылыс деп түсінбеу керек. Жазушы шығармадағы
кейіпкердің психологиясын таныту үшін әдеби шығармашалық әлемінде жиі қолданылатын
көптеген әдіс-тәсілдерге жүгінеді. Кейде оқырман үшін болмашы көрінетін кішкентай детальдің
өзі шығарма көркемдігін күшейтіп, кейіпкердің көзқарасы мен танымын танытуға қауқарлы
болады. Жалпы, кейіпкердің ішкі әлемін танытудың екі түрді амал-әдісі бар. Бірі – сырттай, бірі
– іштей. Біріншісінде жазушы кейіпкердің ойы, елесі, өз-өзімен сөйлесуі, өз болмысын қайта
сарапқа салуы, сана ағысы, түс көруі, күнделік жазбалары, естеліктері мен хаттары, қиялы сынды
мәселелерге ерекше назар аударады. Екіншісінде жазушы кейіпкердің сыртқы әлеміне, атап
айтқанда, пейзажға, сөйлеу мәнері мен бет-әлпетінің қимыл-қозғалысына, жестикулияциясы
Кітап:
Дәріс:
Әдебиет теориясы
13. Әдебиеттегі психологизм
4
мен жүріс-тұрысына, портреттік сипаттамасы мен киім киісіне, тіпті үй ішіндегі кішкентай
заттарға да көңіл аударып, мән үстеуі мүмкін.
Сонымен бірге, әдебиеттану ғылымында психологиялық талдаудың басқа да жіктеу
түрі кездеседі. Кейбір ғалымдар әдебиеттегі психологизмнің екі түрін – аналитикалық және
динамикалық деп аталатын принциптерін бөле жарып талдайды. Аналитикалық принциптің
өзіндік ерекшелігі біз жоғарыда тілге тиек еткен іштейгі амал-әдістеріне жақын, яғни кейіпкер
өз-өзін ой мен сын тезіне салып, алды-артын сараптайды, артық-кемін таразылап, мәселенің
ақ-қарасын ажыратуға барын да, жанын да салады. Аналитикалық принциптің ең белгілі әдісі
– ішкі монолог. Әдебиеттанушылар ішкі монологті кейіпкер жан-дүниесін қапысыз танудың ең
озық әдісі ретінде айтады. Өйткені жайшылықта көріне бермейтін, айтыла бермейтін адамның
сыры мен мұңы оның өз-өзімен жеке қалып, ішкі ой тебіреністерге ерік берген кезінде ғана
барынша шынайы әрі нанымды шығады деген көзқарас шындыққа жанасады. Психологизмде
кейде бұл жағдайды «адам ішіндегі адам» деп те айтады. Өйткені, өз-өзімен болған кейіпкердің
ойы бәрінен жүйрік, өз өмірінің жақсысы мен жасығын, жеңілістері мен жеңісті күндерін,
қуанышы мен қайғысын – бәр-бәрін ой елегі мен жүрек сүзгісінен қайта өткізу арқылы белгілі
бір шешім шығарып, қандай да әрекетке кіріседі. Содан да болар, ішкі монолог жиі кездесетін
шығармаларда сапырылысқан жағдайлар мен шытырман оқиғалар басымдыққа ие бола
алмайды. Тіпті кейіпкерлер саны да тым аз, шектеулі болуы кәдік. Алайда шытырман жағдайлар
мен сапырылысқан әлемнің бәрі де жеке тұлғаның, кейіпкердің санасында орын алып жатады.
Кейіпкердің ойы арқылы айнала болмысқа баға беріледі.
Шығармадағы сюжеттің өзегі негізінен басты кейіпкерлердің жадынан жаңғыртылып,
санасындағы сан алуан сілкіністердің сипаты арқылы көрінетін модернистік-жаңашыл
шығармалардың бір мысалы ретінде біз Ә. Нұрпейісовтің «Соңғы парызын» атай аламыз.
Шығармадағы Әзім мен Жәдігердің жан дүниесіндегі алай-дүлей тебіреністер мен ой
ағысы сөзімізге дәлел бола алады. Өйткені шығарманың сюжеттік желісі, біз жоғарыда
атап көрсеткеніміздей, дәстүрлі қалыпта дамымайды. Аристотель негіздеп берген көркем
шығарманың басталуы, оқиғалардың байланысуы, дамуы, шарықтау шегі, шешімі схемасында
келетін қалыпты жүйеге сыймайды. Қайта жекелеген кейіпкерлердің санасында, жан-
дүниесінде орын алған сезімдер мен ойлар аласапыраны арқылы көрініс табады. Форма –
мазмұнға, өз кезегінде мазмұнның формаға әсер ететіні белгілі. Жазушы шығарманың басты
идеясын – адамзатқа қауіп төндіріп тұрған кесірлі ғадеттерді жеткізу үшін осындай форманы
таңдап алған. Монологтің шығарма көркемдігін арттыруда айрықша рөл ойнайтынын айттық.
Ал енді монолог жалғасып, шығармадағы қаһарманның әр кездегі ой-толғаныстарын емес,
тұтастай бір кезеңнің я болмаса қым-қиғаш, шым-шытырық оқиғалардың жүйесін сипаттауға
құрылатын болса, онда ішкі монолог өзінің қалпынан шығып, әдебиеттегі сана ағымына жол
ашады екен. Мысалы, «Соңғы парыз» романының ерекшілігі сол, тұтастай шығарма сана
ағысының аясында жазылған. «Модернистік әдебиеттің «сана ағымы» концепциясына иек
артуы прозалық шығармалардың құрылымдық жүйесіне бірқатар өзгешеліктер алып келді.
Автордың субъективті позициясынан өрістейтін толассыз ой ағындары мен кейіпкердің күрделі
монологтары сюжет рөлін мейлінше төмендетті. Сана ағымы поэтикасына сәйкес шығарманың
композициялық бітімінде, образдар мінездері мен әрекеттерінде логикадан тыс бұрылыстар,
шартты суреттер белең алып отырды» [3; 100].
Ал енді динамикалық принцип туралы аз-кем тоқтала кетейік. Адам баласының ішкі дүниесі
мен сыртқы әлемі бір-бірімен тығыз байланыста екені белгілі. Сыртқы әлемде болып жатқан
әртүрлі жағдайлар адамның ішкі әлеміне айрықша әсер етеді. Сол секілді, адамның ішкі көңіл
күйі мен таным-көзқарасы да оның сыртқы әлемінен көрініп тұратыны ақиқат. Мысалы,
адамның киім киісі мен оның сөйлеу мәнерінен, ым-ишарасы мен кескін-келбетінен белгілі бір
деңгейде ол адам туралы түсінік қалыптастыруға болады, яғни адамның құндылықтар жүйесі,
наным-сенімі мен ұстанымдары оның сыртқы түр-тұрпатынан көрініп тұрады. Міне, осы секілді
дүниелерді психологизмде динамикалық принцип өз зерттеу нысанына алып қарастырады.
Динамика дегеніміздің өзі, мағынасынан белгілі болып тұрғандай, кейіпкердің қозғалысы
арқылы психологиясының ашылуын меңзейді. Оған ым-ишарат, қасы мен көзінің қимылы, бет
әлпетінің құбылуы, қабағының түйілуі мен ашылуы, сыртқы кейпінің әртүрлі жағдайға түсуі мен
жалпы қимыл-әрекеті жатады.
5
Кітап:
Дәріс:
Әдебиет теориясы
13. Әдебиеттегі психологизм
Жалпы, жоғарыда аталған психологизмнің әрбір әдісі туралы көп айтуға болады. Мысалы,
бір ғана түс көру құбылысының өзі кейіпкердің жан-дүниесін ақтару үшін көп үлес қоса
алады. Оның бейсанасындағы әдеттегі логикалық қағидалармен түсіндіруге келмейтін, бірақ
кейіпкердің болмысын тануда аса маңызды рөл ойнайтын ойлар мен сезімдерді таныту үшін
көп қаламгерлер, әсіресе, модернист жазушылар түс көру әдісіне жиі жүгінеді. Өздеріңіз куә
болғандай, адам жанының терең қатпарларын ашуға қызмет ететін психологизмнің амал-
әдістері аз емес. Әдебиеттанушының міндеті олардың шығарманың көркемдігін арттырудағы
қызметін дәл танып, лайықты бағасын беру.
Алдағы дәрісімізде біз әдебиетке ерекше әсер еткен кезекті бір ағым – марксизм туралы
әңгімелейміз.
Тақырыпты пысықтау үшін қойылатын сұрақтар
1. Қазақ әдебиетінен бір шығарманы, шетел әдебиетінен бір шығарманы таңдап алып, онда-
ғы психологизмнің өзіндік ерекшеліктері туралы салыстыра отырып баяндар беріңіз.
2. Әдебиетте кейіпкердің бейсанасындағы құбылыстарды таныту үшін қандай әдеби тә-
сілдер қолданылады?
3. Аналитикалық және динамикалық принциптер туралы айтып беріңіз.
Ұсынылатын әдебиеттер тізімі
1. Есембеков, Темірғали Уразғалиұлы. Көркем мәтінді талдау негіздері: Оқу құралы / Есем-
беков, Темірғали Уразғалиұлы; Әл-Фараби атынд. ҚазҰУ. – Алматы: Қазақ ун-ті, 2009. – 122 б.
2. Пірәлиева Г. Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері (Түс көру, бейвербальді
ишараттар, заттық әлем). Монография. – Алматы: Алаш, 2003. – 328 бет.
3. Ж.Ж. Жарылғапов. Ұлттық прозадағы әдеби ағымдар типологиясы: Монография. – Қара-
ғанды: ЖШС «Арко», 2011. – 182 б.
Достарыңызбен бөлісу: |