ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешені 5В072400 «Технологиялық машиналар мен жабдықтар» мамандығына арналған «Кәсіптік қазақ тілі» пәнінің



бет4/8
Дата30.06.2016
өлшемі1.21 Mb.
#167342
1   2   3   4   5   6   7   8

Синтаксистік қызметі

Сан есімдердің сөйлем ішінде атқаратын негізгі қызметі - [пысықтауыш] болу. Өйткені сан есімдер сан мөлшерін, сан ретін, сан шамасын білдіру сияқты өздеріне тән негізгі қызметті атқарғанда, үнемі анықтауыш болады да, анықтайтын сөзінің алдында (бұрын) қолданылады. Сан есімдердің өзге сөздермен байланысудағы бұл тәртібіне тек жинақтық сандары ғана бағынбайды.


Сан есімдер есептік сан, реттік сан, болжалдық сан, жинақтық сан, топтық сан, бөлшектік сан болып алты топқа бөлінеді.

Есептік сан есімдер


Есептік сан есімдер жалпы заттың, зат есімнен туған сындық белгінің немесе іс-әрекет, амалдың ұзын-ұрға саны, сандық мөлшерін білдіру үшін қолданылады. Олар семантикалық мағынасы мен морфологиялық ерекшелігі жағынан да және синтаксистік қызметі жағынан да сын есімдерге бір табан жақын сөздер сияқтанып келеді.

Есептік сандардың қатарына сан есімдердің өзге топтарының жасалуына негіз болатын табиғи сандар жатады (бір, екі, үш т. б.).

Есептік сандар тікелей тиісті мөлшерді білдіру үшін қолданылғанда, ешқандай морфологиялық өзгерістерге түспейді. Мысалы: жеті жүз сиыр, мың төрт жүз қой-ешкі. Олар сөз түрлендіретін аффикстерді субстантивтенген жағдайда ғана қабылдайды. Есептік сан есімдер белгілі бір заттық ұғымды бойына сіңіре отырып, әрі сан, әрі зат ұғымын бірдей қабаттастыра білдіргенде ғана және белгілі бір санның сандық атауы есебінде жұмсалғанда ғана субстабтивтенеді. Мысалы: Қаңтардың бірінен бесіне дейін; екіні үшке қосса, - бес болады.

Реттік сан есімдер


Реттік сан есімдер есептік сандарға -ыншы (-інші) жұрнақтарын қосу арқылы жасалады да, белгілі бір заттар мен құбылыстардың сандық ретін білдіру үшін қолданылады. Мысалы: Тамара атты жетінші класта оқып жүрген жалғыз қызым бар (С. Мұқанов)

Реттік санд есімдер де морфологиялық құрамы жағынан дара және күрделі болып келеді де, күрделі сан есімдерде -ыншы (-інші) қосымшасы тіркестегі ең соңғы санға жалғанады. Мысалы: Солардың ішіндегі ең жақсылары он алтыншы, он жетінші нөмірлер екен (М. Әуезов).


Жинақтық сан есімдер


Жинақтық сан есімдер бірден жетіге дейінгі есептік сан есімдерге -ау (-еу) жұрнақтарын қосылуы арқылы жасалады. Бұндай сөздердің негізгі мағынасы абстракт сан мөлшерін білдіргендіктен, олар үнемі субстантивтеніп жеке қолданылады. Мысалы: Беретін мүлкің нешеу? Түйе біреу, ат екеу, қасқыр бесеу (І. Жансүгіров)

Топтық сан есімдер


Топтық сан есімдер есептік, жинақтық, болжамдық сан есімдерге, қазіргі кезде шығыс септікке тән грамматикалық мағынадан біржола қол үзген -дан (-ден, -тан, -тен) аффиксін қосу арқылы жасалады да, біркелкі заттар мен құбылыстардың сан мөлшердің топтап көрсетеді. Мысалы: Бір түн отырып ел адамдарын төрттен, бестен жиып алып, барлығына бір түрлі іс тапсырған (М. Әуезов)

Болжалдық сан есімдер


Болжалдық сан есімдер - белгілі бір заттар мен құбылыстың сан мөлшерін дәл атамай, тұспалдап қана шамамен атайтын сөздер. Мысалы: Салтанатты басқосуға үш жүздей мейман келеді деп күтілуде; Базаралының қасында бес-алты кісі қалған (М. Әуезов).

Бөлшектік сан есімдер


Бөлшектік сан есімдер - негізінде таза математикалық ұғымға байланысты туған сөздер. Олар белгілі бір заттар мен құбылыстардың сандық бөлшегін білдіреді. Мысалы: Халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша жаңа заңға халықтың үштен екісі қарсы.

Сан есімнің сөйлемдегі қызметі
1. Сан есім заттың санын, мөлшерін, ретін білдіретіндіктен, әдетте, сөйлемде анықтауыш болады.
Мысалы: Екі достың бірі ыңғайлы, біреудің ебі жоқ (жұмбақ) деген сөйлемде екі сан есім (неше?) достың деген сөзді, біреуінің (кімнің?) ебі дегенді анықтап тұр. Сан есім ілік септікте заттанып тұрып та анықтауыш бола береді.
2. Сан есім жіктеліп келіп немесе көмекші етістіктермен тіркесіп келіп баяндауыш та болады. Мысалы: Атадан — алтау, анадан — төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ (А). Біз екеу едік (Б. М.) деген сөйлемдерде алтау (біз алтаумыз), төртеу (біз төртеуміз) сөздері нешеу? (нешеуміз?) деген сұраққа, екеу едік деген нешеу едік? деген сұраққа жауап беріп, жіктеліп келіп (алтау, төртеу дегендердің І-жақ жіктік жалғауы елең сөздін ерекшелігіне байланысты түсіп қалған) баяндауыш қызметін атқарып тұр.
3. Сан есім атау септікте тұрып бастауыш болады. Мысалы: Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді (мақал) дегенде алтау, төртеу сөздері кім? (ала болса, түгел болса) деген сұраққа жауап беріп, атау септікте тұрып бастауыш болып тұр.
4. Сан есімдер септік тұлғасында да, септелмей де етістіктің алдында келіп пысықтауыш та болады. Мысалы: Кездесіп жетпіс үште іздегенім (Ж.) Біз екі-екіден бөліндік деген сөйлемдерде жетпіс үште (қашан кездесіп?), екі-екіден (қалай бөліндік?) пысықтауыш болып тұр.
5. Сан есім барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктердің бірінде келіп, толықтауыш кызметін де атқарады. Мысалы: Білікті бірді жығар, білімді мыңды жығар (мақал) деген сөйлемде бірді, мыңды деген сан есімдер табыс септікте тұрып, кімді жығар? деген сұраққа жауап беріп, толықтауыш болып тұр.
6. Сан есім зат есіммен я катыстық сан есіммен тіркесіп келіп сөйлемнің күрделі мүшесі қызметін де атқарады. Мысалы: Біз үш турлі кедергіден өттік. Гектарынан 75 центнер бидай орылды деген сөйлемдерде үш түрлі (қандай кедергі?) 75 центнер (қанша бидай?) күрделі анықтауыш болып тұр.

Шешендік сөздер
Дәстүрлі шешендік сөздер дегеніміз – белгілі бір мәселеге байланысты тапқыр ой, көркем тілмен айтылған және халық қабылдап, жиі қолданып, сөйлемдік құрамы қалыптасқан жүйелі, үлгілі сөздер. Бұл сөздерде халықтың бастан кешкен уақиғалары, ақыл-ойы, арман-тілегі бейнеленеді, олардың дүниеге көзқарасы көрінеді. Сонымен бірге шешендік сөздер белгілі дәрежеде еңбекші адамның өздерін қанаушыларға, езушілерге қарсы жұмсайтын қаруы, құралы болған. Оны ертегідегі Аяз би, аңыздағы Жиренше мен оның сұлу жары Қарашаш сөздерінен айқын көруге болады. Сондай-ақ халық ертегі, аңыздарда Алдар көсені, Қожанасырды, Тазша баланы да сөзге шешен, өткір тілді, тапқыр, пысық адамдар етіп көрсетеді. Бұлардың өткір тілі, тапқырлығы қатал, қиянатшыл хандарды, дүниеқор байларды, әділетсіз билерді әшкерелеуге, мазақ етуге бағытталған. Сырым, Қазыбек, Доспол есімдерімен байланысты шешендік сөздер де бұл пікірді растайды.

Қазақтың шешендік сөздері бата-тілектен басталып, өнегелі өсиет сөздерді, ұтымды шешімдерді қамтиды. Шешендік сөздерді атадан бала қайталап айтқан, халықтың басынан кешірген алуан түрлі оқиғалардың нәтижесінде туған, келелі ойдың қорытындысы, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – дәні деуге болады.



Тапсырмалар, сұрақтар:

1.Шешендік сөздер деген не?

2. Би, шешендердің сөздерінен мысал келтір.

3. Мәтінді мазмұнда.



Бақылау түрі: мазмұндау

Әдістемелік нұсқау: Мәтінді мәнерлеп оқу, түсініксіз сөздерге тоқталу, аудару сияқты жұмыстар қамтылады.

Үлестірмелі материалдар: суреттер

Әдебиеттер:

Ш.К.Бектұров, А.Ш.Бектұрова. Қазақ тілі. –Алматы, 2002.

Н.Оралбаева, Т.Әбдіғалиева, Б.Шалабай. Практикалық қазақ тілі. – Алматы, 1993.

Ақтанова А.С., Рахымбаева Р.Е. Қазақ тілі – Семей, 2007

Әдебиеттер:

Ш.К.Бектұров, А.Ш.Бектұрова, Қазақ тілі . А.-2002.

З.С.Күзекова. Қазақ тілі. А.-2002

Г.Қ.Рысбаева. Қазақ тілі грамматикалық анықтағыш. А.-2000

12.Тақырыбы: Есімдік. Есімдіктің сөйлемдегі қызметі.



Есімдіктер - заттың атын, сынын, санын, я олардың аттарын білдірмейтін, бірақ солардың (зат есім, сын есім, сан есімдердің) орнына жұмсалатын сөз табы. [1]Есімідіктер белгілі бір түсінікті я ойды жалпылама түрде мегзеу арқылы білдіреді. Есімдіктердің нақтылы мағыналары өздерінен бұрын айтылған сөйлемге немесе жалпы сөйлеу аңғарына қарай айқындалады.

Мағыналарына қарай есімдіктер мынадай топтарға бөлінеді:

  1. жіктеу есімдіктер;

  2. сілтеу есімдіктер;

  3. сұрау есімдіктер;

  4. өздік есімдіктер;

  5. белгісіздік есімдіктер;

  6. болымсыздық есімдіктер;

  7. жалпылау есімдіктері;

Жіктеу есімдіктеріне мен, сен, сіз, ол, біз (біздер), сендер, сіздер, олар деген сөздер жатады. Жіктеу есімдіктері үнемі жақтық ұғыммен байланысты келеді. Сол себептен олар ылғи адаммен байланысты, демек, сөйлеуші, тыңдаушы және бөгде кісі деген ұғымдармен байланысты қолданылады.

Есімдіктердің де септеу жүйесі басқа есімдерімен негізінде бір ізді болғанымен, олардың әр тобына тән кейбір ерекшеліктері де жоқ емес. Мысалы, жіктеу есімдіктерінің жекеше түрлері төмендегінше септеледі:



Атау

мен

сен

ол

Ілік

менің

сенің

оның

Барыс

маған

саған

оған

Табыс

мені

сені

оны

Жатыс

менде

сенде

онда

Шығыс

менен

сенен

онан одан)

Көмектес

менімен

сенімен

онымен

Бұл үлгіден, басқа есімдерге қарағанда, жіктеу есімдіктерінің ерекшелеу септелетіні көрінеді. Бірақ бұл ерекшелік олардың көпше түрлеріне және сіз деген есімдіктерде кездеспейді, соңғылар (сіз, біз, сендер, сіздер) септеу жағынан басқа есімдерге ұқсас келеді.

Сілтеу есімдіктеріне бұл, осы, сол, анау, мынау, сонау, осынау, ана, мына, сона, әні, міне деген сөздер жатады. Бұл есімдіктер негізінен алғанда, сілтеу, көрсету, нұсқау сияқты ишараттарды білдіріп, қай? қайсы? деген сұрауларға жауап беретін аттрибутивтік сөз

Сұрау есімдіктері мыналар: кім? не? неше? қай? қандай? қанша? қалай? қашан?

Бұлардан басқа да бірнеше сұрау есімдіктері бар, бірақ олар - белгілі жолдармен жоғарыда көрсетілген негізгі сұрау есімдіктерінен жасалған есімдіктер.



Қазақ тілінде өздік есімдікке жалғыз ғана өз сөзі жатады. Бұл есімдік көбінесе өзім, өзің, өзіңіз, өзі, өзіміз, өздеріңіз деген сияқты оңаша және ортақ тәуелдеулі түрде қолданылады.

Белгісіздік есімдіктер деп мағыналары жағынан заттар мен құбылыстарды нақтылы түрде білдірмей, белгісіз мәнде айтылатын сөздерді айтамыз.

Белгісіздік есімдіктердің жасалауына бір, әр, әлде деген үш сөз ұйытқы болып қызмет атқарады, белгісіздік есімдіктер осы сөздердің кейбір басқа есімдіктермен бірігуі арқылы жасалады. Мысалы:



  1. Біреу, кейбіреу, кейбір, қайсыбір, әрбір, бірнеше, бірдеме (бірнеше).

  2. Әркім, әрне, әрқайсы, әрқалай.

  3. Әлдекім, әлдене, әлдеқайдан, әлденеше, әлдеқалай, әлдеқашан (алдақашан).

Болымсыздық есімдіктер негізінде еш деген сөзбен кейбір есімдіктердің бірігуі арқылы жасалады. Мысалы: еш, ешкім, ешбір, ештеме, дәнеңе, ешқашан, ешқандай, ешқайсы. Болымсыздық сөйлемде болымсыздық мағына білдіретін емес, жоқ деген сөздермен және етістіктің болымсыз түрімен байланысты қолданылады (ешкім айтқан емес; ешкім айтқан жоқ; ешкім айтпады т. б.).

Жалпылау есімдіктері деп мағына жағынан кем дегенде екі я онан көп заттар мен құбылысатарды жинақтай атау үшін қолданылатын сөздерді айтамыз.

Жалпылау есімдіктеріне бәрі, барлық, барша, бар (бар адам), күллі, бүкіл, түгел деген сөздер ғана жатады.[


Экологиялық аймақтар

Экология – планета халқының кезек күттірмес ең ауқымды міндеттерінің алдыңғы қатарына енді. Табиғат та тірі дүние, сондықтан оны қорғау адамзат баласының міндеті.

Экологиялық аймақтардың бірі – Семей өңірі. 1949 жылы тамыз айының 29-ы күні Семей полигонында бірінші ядролық бомба жарылған. 1963 жылға дейін жарылыстар көбінесе жер мен суда болды. Сынақтарды жер үстінде, кейін жер астында өткізген. Семей полигонында барлығы 456 жарылыс өткізілген.

Бүгінгі күні полигон жабық, бірақ оның қасірет іздері қалды. Бұл өңірде рак ауруы өте биік деңгейде, адамдар мен жануарлардың генетикалық құрылымындағы өзгерістер, адам өлімі жиіледі. Мыңдаған шақырым уланған жер қалды.

Тұщы су көздерінің азаюы әсерінен Арал теңізінің құрып кету қаупі де туындап отыр. Жер бетіндегі әлем көлдері арасында Арал теңізі 4 орын алатын еді. Бүгінде теңіз деңгейі 18 метрге төмен түскен, су көлемінің 60 пайызы ғана қалған. Экологиялық апат осы ауданда тұратын адамдардың ауру деңгейінің өсуіне, қауіпті демографиялық жағдайға әкеліп соқтырды.

Тапсырмалар, сұрақтар:

1.Мәтінді оқы, аудар.

2. Сұрақтар қой.

3. Мәтінді мазмұнда.



Бақылау түрі: мәтінмен жұмыс

Әдістемелік нұсқау: Мәтінді мәнерлеп оқу, түсініксіз сөздерге тоқталу, аудару сияқты жұмыстар қамтылады.

Үлестірмелі материалдар: альбом

Әдебиеттер:

Ш.К.Бектұров, А.Ш.Бектұрова. Қазақ тілі. –Алматы, 2002.

Н.Оралбаева, Т.Әбдіғалиева, Б.Шалабай. Практикалық қазақ тілі. – Алматы, 1993.

Ақтанова А.С., Рахымбаева Р.Е. Қазақ тілі – Семей, 2007

13.Тақырыбы: Етістік. Есімше мен көсемше. Етіс категориясы. Етістіктің шақтары. Етістіктің райлары. Етістіктің сөйлемдегі қызметі.

Етістік - қазақ тіліндегі сөз таптарының ішіндегі ең күрделі және қарымы ең кең грамматикалық категория.

Морфологиялық құрылымы жағынан етістіктер дара етістіктер мен күрделі етістіктер деп аталатын екі салаға бөлінеді.Дара етістіктер құрылымына қарай түбір етістіктер және жұрнақ арқылы жасалған туынды етістіктер деген екі топқа жіктеледі. Дара етістіктер мысалы: ек, жек, оқы, жаз, кел, аяқта, баста, қолда, арала, сабала, сүйреле, шапқыла, үймеле, кіріс, жуын, айтқыз т. т.Түбір етістіктер деп арнаулы морфологиялық бөлшектері жоқ, демек, қазіргі кезде морфологиялық жағынан түбір және жұрнақ деп бөлшектеуге болмайтындай етістік формалары аталады. Мысалы: аз, ал, айт, алда, арба, ат, ас, аш, ақ, бар, бас, бат, бер, без, бол, бөр, байла, баста, бақырай, де, ез, ер, ес, жет, жала, жыла, же, жел, жебе, жорт, жи, жар, жаз, жүз, жүгір, илан, тасы, тара, тос, тол, тоқы, түс, үр, ұқ, шал, шай, шаш т. б.Туынды етістіктерге, әдетте, түбірлерден арнаулы жұрнақтар арқылы жасалған етістіктер жатады. Туынды етістіктерді тиісті түбірге және жұрнаққа бөлшектеуге болады, бірақ ол туынды тұлға есебінде қолданыла береді. Мысалы: ой+ла, той+ла, тер+ле, сүр+ле, ем+де, көз+де, тоқпақ+та, іс+те, сын+а, мін+е, мол+ай, ес+ей.

Туынды түбір етістіктер деп негізгі түбір сөзден сөзжасамдық жұрнақ арқылы жасалған, ең кемі екі морфемадан тұратын етістіктер аталады: таза-ла, ақыл-дас, жыр-ла т.б.

Дара етістіктер деп бір сөзден тұратын мағыналы етістіктер аталады: ойна, отыр, оқы, тыңда, басқар т.б.

Күрделі етістік деп екі мағыналы етістіктен жасалып, біртұтас күрделі қимылды білдіретін етістік аталады: келіп кет, айтып бар, кіріп шық, алып кел т.б.

Негізгі тапсырмалар, сұрақтар:

1. Етістік қандай сөз табы? Негізгі түбір, туынды, күрделі етістіктердің айырмашылығы неде?

2. Туынды етістіктер қалай жасалады?

3. Күрделі етістіктермен сөйлем құрастырыңыз.

4. Көркем шығармадан негізгі, туынды етістіктері бар 15 сөйлем теріп жазыңы:



Болымды, болымсыз етіістік. Тұйық етістік.

Етістік сөйлемде не болымды, не болымсыз түрде қолданылады. Түбір етістіктер болымды етістік болып саналады: кел, сөйле, тыңда, кет т.б. Болымсыз етістіктер –ма/-ме, -ба/ -бе, -па/-пе жұрнақтарының етістікке жалғануы арқылы және жоқ, емес көмекшілерінің етістікке тіркесуі арқылы жасалады: кел-ме, сөйле-ме, тыңда-ма, кет-пе, барған емес, айтқан жоқ т.б.

Тұйық етістік қимылдың, іс-әрекеттің атын білдіреді, -у жұрнағы жалғану арқылы жасалады: сұра-у, сөйле-у, келме-у, айт-у т.б.

Негізгі тапсырмалар, сұрақтар:

1. Болымсыз, тұйық етістіктердің жасалу жолдарын айтыңыз.

2. Болымсыз етістігі бар 5 сөйлем жазыңыз.

3. Құрамында тұйық етістік айтылатын мақал-мәтел жазыңыз.



Есімше.

Қимыл-әрекетті білдірумен бірге есім сөздің де белгілерін білдіретін етістіктің түрі есімше деп аталады: көрген кісі, алған адам, кірер есік, айтылмақ ой, оқылатын кітап т.б.



Негізгі тапсырмалар, сұрақтар:

1. Есімшелердің жасалу жолын түсіндіріңіз.

2. Есімшенің жіктелуіне мысалдар келтіріңіз.

Көсемше.

Көсемше деп негізгі қимыл-әрекеттің қалай, қайтіп жасалатынын білдіретін етістііктің түрі. Мысалы: қарқылдап (қалай?) күлді, қасқайып (қайтіп?) тұра қалды, асықпай (қалай?) сөйлейді т.б.



Негізгі тапсырмалар, сұрақтар:

1. Көсемшенің жасалу жолын түсіндіріңіз.

2. –ып, -іп, -ғалы,-келі, -ғанша, -кенше формалы 10 етістік жазыңыз, олармен еркін тіркес құраңыз.

Етістіктің шақтары.

Шақ – етістіктің негізгі категорияларының бірі. Шақ қимылдың жасалып жатқанын, келешекте жасалатынын, жасалып қойғанын білдіреді.

1. Осы шақ, түрлері: нақ осы шақ, ауыспалы осы шақ.

2. Келер шақ, түрлері: болжалды келер шақ, мақсатты келер шақ, ауыспалы келер шақ.

3. Өткен шақ, түрлері: жедел өткен шақ, бұрынғы өткен шақ, ауыспалы өткен шақ.

Негізгі тапсырмалар, сұрақтар:

1. Етістіктің шақтарын атаңыз, мысалдар келтіріңіз.

2.Осы шақ, келер шақ, өткен шақтардың жасалуын кескіндейтін таблица жасаңыз.

3. Осы шақ формасындағы етістіктердің жіктелуінің әр түріне көркем шығармадан мысал теріңіз.



Етістіктің райлары.

Рай – іс-қимыл, әрекеттің шындық өмірге қатысын білдіретін категория. Етістіктің райлары – сөйлеушінің сөзі арқылы қимылдың шындыққа қатысын, айтушының пікірін, көзқарасын білдіретін етістік түрі. Қимылдың шындық өмірге қатысы, оған сөйлеушінің көзқарасы түрлі болуына байланысты рай да бірнеше түрге бөлінеді: ашық рай, бұйрық рай, шартты рай, қалау рай.



Негізгі тапсырмалар, сұрақтар:

1. Етістіктің райларын атаңыз, жасалу жолдарын түсіндіріңіз, мысал келтіріңіз.

2. Аудар, тіле, көмектес, істе, сөйлеткіз етістіктерін шартты, қалау рай формаларында түрлендіріңіз, сөз тіркесткрін құраңыз, әр түріне сөйлем ойлап жазыңыз.

Етістіктен өткенді қайталау сұрақтары:

1 Етістік қандай сөз табы?

2. Туынды етістіктер қалай жасалады?

3. Күрделі етістіктермен сөйлем құрастырыңыз.

4. Болымсыз, тұйық етістіктердің жасалу жолдарын айтыңыз.

5. Болымсыз етістігі бар 5 сөйлем жазыңыз.

6. Құрамында тұйық етістік айтылатын мақал-мәтел жазыңыз.

7. Есімшелердің жасалу жолын түсіндіріңіз.

8. Көсемшенің жасалу жолын түсіндіріңіз.

9. –ып, -іп, -ғалы,-келі, -ғанша, -кенше формалы 10 етістік жазыңыз, олармен еркін тіркес құраңыз.

10.Етістіктің шақтарын атаңыз, мысалдар келтіріңіз.

11.Осы шақ, келер шақ, өткен шақтардың жасалуын кескіндейтін таблица жасаңыз.

12.Етістіктің райларын атаңыз, жасалу жолдарын түсіндіріңіз, мысал келтіріңіз.

Кино өнері

Мақсаты: Қазақстандағы кино өнерінің дамуы жайында мағлұмат беру.

Кино өнері - өнердің бір түрі, әдебиет пен театрдың, бейнелеу өнері мен музыканың көркемдік қасиеттерін өзінің ерекшелігіне орай пайдаланатын синтезді өнер. Фильмді жасауға әр алуан мамандықтағы творчество қызметкерлері: кинодраматург, режиссер, актер, оператор, суретші, композитор қатысады. Сондай-ақ фильм жасау ісіне техника саласындағы мамандар, лаборанттар мен жұмысшылар үлес қосады. Кино өнері - өзіне тән мәнерлеу амалдары, көркемдеу тәсілдері, эстетикалық заңдар мен шығармашылық дәстүрлері бар дара өнер.

Кино өнері негізінен төрт салаға бөлінеді: көркем фильм, деректі фильм, мультипликациялық кино және ғылыми – көпшілік кинематография. Көркем фильм жазушының өмір шындығынан алып жазылған сценарийі бойынша актерлердің қатысуымен жасалатын шығарма. Деректі фильмге мәні зор оқиғаларды деректі түрде бейнелейтін фильмдер мен киножурналдар жатады. Мультипликациялық кино суреттер мен қуыршақтарға қимыл бере отырып, фильм жасауды көздейді. Ғылыми- көпшілік кинематография – жаратылыс пен қоғам құбылыстарын ұғындыратын және ғылыми жаңалықтармен, өнер сырларымен таныстыратын фильмдер жиынтығы.

Қазақ жерінде алғашқы хроникалық фильмдер 1928 жылдан түсіріле бастады. 1929 жылы Қазақстанның өмір-тұрмысы туралы «Соңғы хабар» атты киножурнал шығарылып тұрды. 1930-32 жылдары қазақ өмірінен «Дала әндері», «Жұт», «Қаратау қазынасы» фильмдері қойылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында «Ленфильм», «Мосфильм» киностудиялары Алматыға көшірілді.

1941 жылы Алматыда көркем фильмдер шығаратын киностудия ұйымдастырылды. Ол техникалық-өндірістік базасы жағынан ұлғайып, 1944 жылы Алматының көркем және деректі-хроникалық фильмдер студиясы (1960 жылдан « Қазақфильм») деп аталды.

Тапсырмалар, сұрақтар:

1.Мәтінді аудар

2.Мәтінді жалғастыр.

3.Қандай кинолар ұнайды?

4. Сүйікті кейіпкерің жайында әңгімеле.

Бақылау түрі: сұхбат

Әдістемелік нұсқау: Мәтінмен жұмыс жүргізу: дұрыс оқуға, айтуға жаттықтыру, таныс емес сөздердің мағынасын түсіндіру, өз беттерінше сұрақ қойғыза білуге үйрету.

Үлестірмелі материалдар: мәтін үлгілері

Әдебиеттер:

Ш.К.Бектұров, А.Ш.Бектұрова. Қазақ тілі. –Алматы, 2002.

Н.Оралбаева, Т.Әбдіғалиева, Б.Шалабай. Практикалық қазақ тілі. – Алматы, 1993.

Ақтанова А.С., Рахымбаева Р.Е. Қазақ тілі – Семей, 2007
14.Тақырыбы: Үстеу. Үстеудің сөйлемдегі қызметі. Үстеудің емлесі.

Үстеу заттың әр қилы қимылы мен ісінің (етістіктің) әр түрлі сындық, бейнелік, мекендік, мезгілдік, шарттық, мөлшерлік және күй-жайларын және сынның белгісін білдіретін сөз табы.Үстеу сөздері морфологиялық құрылысы және құрамы жағынан екі топқа бөлуге болады: негізгі үстеулер мен туынды үстеулер.Негізгі үстеулер деп қазіргі кезде морфемаларға бөлшектеуге келмейтін, тек белгілі бір формада қалыптасқан сөздерді айтамыз.Негізгі үстеулерге келесі сөздер жатады: әрең, азар (әзер), әдейі, жорта, қасақана, ұдайы, үнемі, дереу, шапшаң, бағана, қазір, енді, ілгері, жоғарғы, төмен, әрі, бері, кері, әрмен, бермен, ерте, кеше, нақ, дәл, нағыз, сәл, әнтек, тек, мейлінше, лық(а), қақ, дәйім, һаман, әншейін, тым, тіпті, өсе, аса, ең, әбден, мүлде(м), төтенше, ерекше, орасан т. б.

Негізгі үстеулердің мынадай үш түрлі ерекшеліктері бар:



Негізгі үстеулердің көпшілігінен шырай категориясы жасалады. Демек, оларға -рақ, -рек, -лау, -леу жұрнақтары жалғанады, алдынан (бұрын) шырай туғызатын өте, аса , тіпті, мейлінше, қабағат сияқты күшейткіш сөздер қолданылады. Мысалы:

бұрын

бұрынырақ

бұрындау

тым бұрын




кейін

кейінірек

кейіндеу

өте кейін

ілгері

ілгерірек

ілгерілеу

аса ілгері




әрі

әрірек

әрілеу

тым әрі

әрмен

әрменірек

әрмендеу

тіпті әрмен




былай

былайырақ

былайылау

тым былай

Негізгі үстеулердің кейбіреулері қосарланып та, плеонизм жолымен қабаттаса да қолданылады. Мысалы: құр босқа, жай босқа, текке босқа, бос бекерге, құр бекер, бекерден-бекер, бостан-босқа, тектен-тек, бостан-бос, құрдан-құр т. б.

  • Негізгі үстеулерден қосымшалар арқылы да, қорсарлану арқылы да, басқа сөздермен тіркесіп те, туынды үстеулер жасала береді. Мысалы: әрең, әрең-әрең, азар-азар, азар деп, азар-азар деп, әдейілеп, ұдайылап, әрі-бері, бұрынды-соңды, ілгері-кейін, жоғарылы-төменді, енді-енді, кейінде, кейіннен, ендігәрі т. б.Туынды үстеулер деп басқа сөз таптарынан түрлі қосымшалар арқылы, сөздердің бірігу және қосарлану, тіркесу тәсілдері арқылы, сондай-ақ, кейбір сөз тіркестерінің тұрақтануы арқылы жасалған (я үстеуге айналған) үстеулерді айтамыз.Құрылысы мен құрамы жағынан туынды ұстеулер екі топқа бөлінеді: 'жалаң туынды үстеулер мен күрделі туынды үстеулер.


Қазақ сазы
Қазақтың ұлттық сазы – халық өмірінің айнасы. Ол ғасырлар бойы қалыптасты. Қазақ даласының ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби X-XI ғасырларда « Музыканың ұлы кітабы » деген трактат жазған. Ал одан бұрын XIII ғасырда өмір сүрген Қорқыт та, одан кейінгі XV ғасырда өмір сүрген Қазтуған мен Асан Қайғы да қазақтың көне саз өнерінің өкілдері.

Халық ән – күй арқылы эпикалық аңыздар мен тарихи оқиғаларды, даналық ойларды бейнеледіҚазақ халқының өмірі бесік жырымен, балалар әндерімен басталып, қуаныш жырларымен жалғасып, өлген кезде жоқтаумен аяқталатын. Сондықтан да Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Құрманғазы, Абай, Дина сияқты халық сазгерлері өздерінің күйлері мен әндерінде халық өмірін суреттеді, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Әнші-сазгер ән, күйші-сазгер күй шығарып, өнерімен халқын қуанышқа, шаттыққа бөлейтін.

Қазақ саз мәдениетінің өсіп дамуына академик А. Жұбанов, сазгерлер М. Төлебаев, Ғ. Жұбанова, Л. Хамиди, халық артистері – К. Байсейітова, Р. Бағланова, Е. Серкебаев, Б. Төлегенова, Ғ. Құрманғалиев, Н. Тілендиевтер үлкен үлес қосты. Соның нәтижесінде қазақ опералары, симфониялары, күйлері мен әндері дамыды.

Тапсырмалар, сұрақтар:

1.Мәтінді оқы.

2. Мәтін мазмұны бойынша сұрақтар қой, жауабын жаз.

3. Мәтінді мазмұнда.



Бақылау түрі: сұрақ-жауап

Әдістемелік нұсқау: Мәтінмен жұмыс жүргізу: дұрыс оқуға, айтуға жаттықтыру, таныс емес сөздердің мағынасын түсіндіру, өз беттерінше сұрақ қойғыза білуге үйрету.

Үлестірмелі материалдар: сызба

Әдебиеттер: Ш.К.Бектұров, А.Ш.Бектұрова. Қазақ тілі. Алматы, -2002. –84 б.


15.Тақырыбы: Шылау. Еліктеуіш сөз. Одағай.

Шылаулар - сөз бен сөздің немесе сөйлем мен сөйлемнің араларын байланыстыру, құрастыру үшін қолданылатын, өздері тіркескен сөздерінің ұғымдарына әр қилы реңктер үстеп, оларға ортақтасып, тұлға жағынан тиянақталған, лексика-грамматикалық мағынасы бар сөздер немесе тілімізде толық лексикалық мағынасы жоқ , бірақ сөз бен сөзді , сөйлем мен сөйлемді байланыстырып немесе сөзге қосымша мән үстеп тұратын көмекші сөздер. Мысалы: Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ барды , ертегіні термек үшін.Жомарт қазіргісі мен келешегін салыстырып тұр.Абай қажымай , жалықпай , ылғи ғана ынтығып тыңдайтын.Бұл мысалдардағы үшін , мен , ғана деген сөздердің толық мағынасы жоқ , бірақ сөйлемде олар өзі қатысты сөздерге қосымша мән үстеп , белгілі бір қызмет атқарып тұр. Бірінші сөйлемде үшін шылауы ермек және термек сөздеріне мақсат мәнін үстеп , ол сөздерді жазбаймын сөзіне бағындыра байланыстырып тұрса , екінші сөйлемде мен шылауы қазіргісі деген сөз бен келешегі деген сөздерді ыңғайластық мәнде бір бірімен салыстыра байланыстырып , олар сөйлемнің бірыңғай мүшесі екенін көрсетіп тұр.Үшінші сөйлемде ғана шылауы ылғи деген мезгілдік мағынадағы сөзге шектілік , күшейткіш мән үстеп тұр.

Шылаудың басқа сөз таптарынан айырмашылығы :

1)Шылаудың толық лексикалық мағынасы болмайды.

2)Сөйлем ішінде шылау сөйлем мүшесі бола алмайды.

3)Шылаулар сөз бен сөзді не сөйлем мен сөйлемді байланыстырады.Толық мағыналы сөздің жетегінде оған қосымша мән үстейді.

4)Шылаулар түрленбейді

Шылау сөздер дегендеріміз - ішкі мазмұндары жағынан да, сыртқы формалары жағынан да, сондай-ақ, қызметтері жағынан да өздерінің бастапқы шыққан төркіндерінен біржола қол үзіп, әрі осы аталған негізгі үш белгі жөнінен де дербестіктерінен айырылып, өз алдына категория болып қалыптасқан және жалпы көмекші сөздер тобына негізгі ұйытқы есебінде қызмет ететін сөздер.

Грамматикалық сипаттарына қарай, шылаулар ішінара үш жікке бөлінеді: олар - септеуліктер, жалғаулықтар және демеуліктер

Еліктеу сөздер — табиғат құбылыстары мен жан-жануарларда болатын әр алуан дыбыстарға және олардың сын-сипат, қимыл-әрекеттеріне еліктеуден туған сөздер. Қазақ тілінде еліктеу сөздердің екі түрі бар:


  • 1) еліктеу есту қабілеті арқылы пайда болған еліктеуіш сөздер: тарс-тарс, салдыр-гүлдір, дыр-дыр, гүрс, шолп;

  • 2) еліктеу көру қабілеті арқылы пайда болған бейнелеуіш сөздер: жалт, жарқ, лып, маймақ, көлбең. ербең-ербең.

Олар көмекші етістікпен (ет-)тіркесіп күрделі мүшенің құрамына кіреді. Жеке тұрып сөйлемде көбінесе пысықтауыш, анықтауыш кызметін атқарады. Мысалы: Мырс етіп күлді. Бүлк-бүлк желіс. Ол күрт бұрылды. Интонацияның елеулі мәні бар. Мысалы: Рақмет үндемей отырып қалды (С. Ерубаев). Жаз. Шаңқай түс мезгілі (М. Әуезов).

Еліктеу сөздер семантикалық жағынан алғанда

  1. біріншіден, табиғатта ұшырайтын сан алуан құбылыстар мен заттардың бір-бірімен қақтығысу я соқтығысуларынан туатын, сондай-ақ, неше түрлі жан-жануарлардың дыбыстау мүшелерінен шығатын әр қилы дыбыстарға еліктеуден пайда болған түсініктерді білдірсе,

  2. екіншіден, сол табиғатта ұшырайтын сан алуан құбылыстар мен заттардың және неше түрлі жан-жануарлардың сыртқы сын-сипаты мен қимыл-әрекеттерінің де қилы-қилы көрінінстерінен пайда болатын түсініктерді білдіреді.

Мысалы: арс, гүрс, дүрс, қорс, тарс, тырс, ырс, барқ, борт, күрт, кірт, морт, сарт, шырт, дүңк, күңк, қыңқ, мыңқ, маңқ, саңқ, шаңқ, шіңк, сыңқ, таңқ, тыңқ, ыңқ, болп, былп, жалп, желп, қолп, ірк, ырқ, сарт-сұрт, тарс-тұрс, арс-ұрс, жалт-жалт, жалт-жұлт, қалт-қалт, қалт-құлт, қаңқ-қаңқ, қаңқ-құңқ, шаңқ-шаңқ, шаңқ-шұңқ, арбаң-арбаң, бүгжең-бүгжең, арсалаң-арсалаң, ербелең-ербелең, батыр-бұтыр, далаң-далаң, тарбаң-тарбаң, қызараң-қызараң, қаңғыр-күңгір, қайқаң-құйқаң, митың-митың, салаң-сұлаң, ыржың-тыржың т. б.

Анықтамасына қарай бұл сөздер іштей екі салаға бөлінеді:



  • еліктеуіш (еліктеме) сөздер және

  • бейнелеуіш (бейнелеме) сөздер.

Одағай - сөз табы. Одағай сөздер көбінесе адам сезімінің алуан түрлі күйін білдіретін дыбыстар сияқты болып келеді. Бірақ олар жай ғана дыбыстар емес, жұртшылыққа әбден түсінікті болып, белгілі дағды бойынша сөз ретінде пайдаланатын дыбыстар. Олар жұртшылыққа әбден түсінікті болып қалыптасқандықтан, жай ғана дыбыстардың қатарынан шығып, белгілі сөзге айналған. Мысалы: Уау, жігіттер-ау, бұл қалай? (Ғ. Сланов); Па, сабаз, мал болғаныңа! (бұ да); Түу, қандай тымырсық түн (бұ да); Е, жолдас, жақсы жатып, жай тұрдыңыз ба? (С. Мұқанов) дегендердегі уау, па, түу, е деген одағайлар үйреншікті сөздерге айналып, жұрттың бәріне түсінікті болып кеткен. [1]

Одағай сөздер мағына жағынан заттың өзі туралы да, сыны, саны, қимылы туралы да, қимылдың жайы-күйі туралы ұғым бермейді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет