Темперамент.
-
Темперамент туралы жалпы ұғым.
-
Темперамент типтерінің сипаты.
Сыртқы бейнесі мен тұр-тұлғасы жағынан адамдар біріне-бірі ұқсас болғанымен, мінез-құлқы, темперамент ерекшеліктері, қабілеті мен икемділігі жағынан олардың әрқайсысының өзіндік даралық қасиеттері болады. Әрбір кісінің жеке басына тән дара өзгешеліктің бірі – осы темперамент. “Темперамент” сөзінің шығу тегіне тоқталар болсақ, “красис” деген грек сөзін латынша-темпераментум дейді. Мұндай атаудың мәні нәрселердің не заттардың мөлшер шамаластығы деген түсінікті білдіреді. Бұл өзгешелік – ең алдымен, адамның эмоциялық сезіміндегі және жүріс-тұрысы мен қимыл-қозғалысындағы, сөйлеген сөзіндегі, өзге адамдармен қарым-қатынасындағы ерекшеліктері.Сөйтіп, біз темпераментті жүйке жүйесінің табиғи типтік қасиеттеріне тәуелді, жеке адамға тән дара өзгешелік деп білеміз.
Темперамент – организмнің физиологиялық өзгешеліктерімен, әсіресе, жоғары жүйке қызметінің тума қасиеттерімен шарттас психикалық құбылыс. Темперамент адамның жалпы қозғалысынан да, психиканың күші мен тереңдігінен де, адамның көңіл-күйінің ерекшеліктерінен де жақсы байқалып отырады.
Сонымен, темперамент – адамның психикалық әрекетінің нақты динамикасын айқындайтын психиканың дара қасиеттерінің жиынтығы.Бұл психикалық ерешеліктер адамның барша іс-әрекетінде оның мазмұны, мақсаты және сеп-түрткілеріне тәуелсіз бірқалыпты көрінеді, есейген шақта да өзгеріске түспей, өзара байланыста темперамент кейпін өрнектейді.
Психологияда жүйке жүйесінің белгілі типі адамның қылығынан, іс-әрекеті мен еңбегінен, оқу әрекеті мен ойнынан, сөйлеген сөзі мен спортпен шұғылдану әрекетінен белгі беріп, меншікті дара өзгешелігін көрсетуіне байланысты сангвиник, холерик, флегматик, меланхолик деп төртке бөліп сипаттаймыз.
Сангвиниктің змоциялық қозуы шапшаң, күшті бірақ тұрақсыз. Көңіл-күйі әп-сәтте өзгереді. Ол - әсершіл адам. Ұнатқан, сүйген нәрсесіне елігіп әуестенуі де оңай, жеңсігінің басылуы да жылдам. Төңірегіндегі уақиғаларға, нәрсенің мән-жайына елең етіп, көңілденуі де, басқа нәрсеге ауып кетуі де тез. Көңілі көтеріңкі болып келеді. Ұзақ уақыт мұнайып жүрмейді. Бастан кешкен сезім күйлері санасында елеулі із қалдырмайды. Шапшаң да икемді, қозғалғыш та қызу, еті тірі сергек. Сезім күйлерін сыртқы қимылдары әйгілеп тұрады. Көтеріңкі, мәнерлі сөйлейді, мимика қимылы көп. Ақжарқын, ашық. Мұндай адам басқалармен жылдам жақындасады, бірақ қатынас-байланысында үстірттік болады. Қызықтырған іске бейімділігі, талабы, талпынуы көп, бірақ оп-оңай солғындап қала береді, бастаған ісіне тыңғылықты болмай, жұмысы аяқсыз қалады.Уәде береді, бірақ оны орындай алмайды. Ойынға қызу қатысады, ойын процесінде рөлін өзгертіп отырады, өкпелепқалуы оңай, өкпелесе, жылап жібереді, алайда, ренжігенін лезде ұмытады, көзінің жасы кеппей-ақ, күле бастайды.
Холериктің эмоцияға берілуі шапшаң. Сезім күйлері оқыс ауытқып, құмарта көтеріліп кететін шыдамсыз, күйгелек кісі. Әп-сәтте қызып кетіп, күйіп-піседі. Ашуланса, бұрқ-сарқетіп, қызу екпіні сарқылып барып басылады, бастан кешкен сезімі санасында терең із қалдырады, қимыл-қозғалысы шапшаң. Икемсіз оқыс қылықтарына қарамастан, қызылу, жігерлі, пысық және іс-әрекет атқаруға бейімді келеді. Жұмысқа құмарта беріліп, екпінмен істейді, анық, әсерлі, мәнерлі сөйлейді. Сезім күйлері сөзінен, мимика, пантомимикасынан білініп тұрады.
Холерик бала белсенді, батыл келеді, іске шапшаң кіріседі, бастаған іс-әрекетін аяқтап шығады, көп адам қатысқан ойындарға құмар. Өзі де ұйымдстырып, аяғына дейін белсене қатысады, шыдамсыз, күйгелек, лезде өкпелейді, әп-сәтте ашуланады және ашуын ұзақ сақтайды.
Меланхоликтің эиоциялық көтерілуі табанды, күшті, тұрақты болады, сыртқы көрінісі әлсіз келеді. Әр нәрседен ауыр әсер алады, олар бойын билеп, санасында терең із қалдырады, көңіл күйлері бірқалыпты ұзақ сақталады, мінезі баяу өзгереді, көңілі көбінесе жабырқау, кейде қайғылы да болады. Сыртқы жағдайдан үрейленіп, сескеніп тұрады, кедергі кездессе, уайымдап қажи түседі, қимыл-қозғалыстары ақырын, баяу болады. Мәнерсіз, ақырын сөйлейді, сезім күйлері сыртқы қимылдарынан көрінбейді. Өзі тұйық, жасқаншақ келеді, кісімен көп араласпайды. Іске бірден кірісіп кетпейді, егер кіріссе, іс-әрекетін толық аяқтап шығады.
Меланхолик бала сыпайы, момақан, жасқаншақ келді, біреу сұрақ қойса, қысылып, ұялып қалады, көңілденуі де, өкпелеп ренжуі де қиын, ренжіп қалса, көпке дейін ұмытпайды, ойынға бірден қосылып кетпейді, жатырқап тұрады, кешігіп барып қатысады, іске де бірден кіріспейді, бір бастап кетсе, ойынды да, жұмысты да аяқтап шығады.
Флегматик эмоциялық қозуы әлсіз болады, қызуланып желікпейді, елеуреп ашуланбайды, көңіл-күйлері байсалды, орнықты қалпында ұзақ сақталады, баяу өзгереді, жарқырап қуануда, жабырқап қайғыру да қиын, аз қозғалады, сылбыр, керенау қимылдайды, сезім күйлерін дене қимылдары білдіріп тұрмайды, мимикасы, өзге қимылдары мәнерсіз. Бір сарынды монотонды сөйлейді. Кісімен араласып жақындасуда мардымсыз, іске ырғалып-жырғалып барып кіріседі. Іс-әрекетін байсалды, тиянақты орындайды, бастаған ісін қадағалап істейді, аяқтап шығады.
Флегматик бала байсалды, баяу, орнықты болады. Кісіге үйірлігі аз, өзі ешкімге тиісіп, соқтығыспайды. Біреу жанжалға шақырса, есебін тауып жлтарып кетеді, тыныштықты жақсы көреді. Кқңіл көтеретін сауыққа да әуес емес, бөтен кісіге міндет артып өкпелемейді.
Әрбір жеке адамның темпераментінде жалпы адамдарға ортақ, типтік бірсыпыра сипаттар болады. Сол сипаттарымен әр кісі темпераменттің белгілі бір типіне қосылады. Жоғарыдыатап айтылғандай, таза темперамент типтері өмірде сирек кездеседі. Көп адамдарда бір типтің сипаттары басқа типтердің сипаттарына қосылып, араласып жүреді.
Сонымен, темпераменттің адам психикасындағы мәнін жоғары бағалай отырып, оның адам бойындағы табиғиқасиет – жүйке жүйесінің типтерімен байланысты екеніне көз жеткіздік. Дегенмен, темперамент адам психологиясының бүкіл дерлік мазмұн-мәнін құрай алмайды. Өмір-тіршілігінде адамның темперамент сипаттары өзгеріп, жаңа сапаларға ие болып отырады. Әрбір адамның темпераменті оның психикалық әрекетінің сыртқы көрінісінде із қалдырғанымен, ақыл-ойының, дүние танымының әдістеріне елеулі әсер ете алмайды. Өйткені, темперамент – адамның дара психологиясының өзіндік бір сипаты ғана.
Мінез.
-
Мінез туралы жалпы ұғым.
-
Мінездің құрылымы мен қасиеттері.
-
Типтік мінез бітістері.
Әрбір адам басқа адамдардан өзінің даралық өзгешелігімен ерекшеленеді. Бұл орайда, адамдар мінез ерекшеліктеріне орай ажыратылады. Мінез деген психологиялық қасиеттің төркіні гректің «характер» деген сөзінен шыққан. Мәнісі – із қалдыру. Психологияда бұл – дербестік мағынасы бар адамға байланысты ұғым.
Мінез - әрбір адамның жеке басына тән өзіндік психологиялық қасиеттер мен ерекшеліктердің жиынтығы. Мінездің қасиеттері мен ерекшеліктері әркімде әрқилы жағдайда байқалып, адамның сол жағдайларға қатынасын білдіреді. Мінез ерекшеліктері – адамның даралық өзіндік психикалық қасиеттері. Дегенмен, адам бойындағы ерекшеліктердің бәрі бірдей, мысалы, естудің нәзіктігі, көздің көргіштігі, есте сақтаудың шапшаңдығы, ақыл-ойдың тереңдігі мінез ерекшеліктеріне жатпайды.
Адам мінезінің көріністері әрбір жеке жағдайда, оның оқиғаларға қатысуынан аңғарылады. Адамның іс-әрекет сапасы сол іске деген қатынасымен қатар ерік-жігеріне, көңіл-күйіне, ақыл-ойына да байланысты болады. Соның нәтижесінде адамның әр алуан психикалық процестері оның іс-әрекет түрлеріне ықпал етіп, адамның ақыл-ойын, көңіл-күйін, эмоциясын, ерік-жігер қасиеттерінің ерекшеліктерін айқын аңғартады.
Адам мінезінің даралық ерекшелік екендігін ғылым тарихында тұнғыш рет сипаттан жазған – ертедегі грек философы Теофраст (б.з.д. IV-III ғғ). Бірақ, ол мінезді адамның адамгершілік сапасына тән қасиет дейді. Лабрюйер де (XVIII ғ.) «Теофраст мінездері» деген еңбегінде осы мағынада қолданған. Алғашқы кезде мінез адамның әлеуметтік-адамгершілік ерекшеліктерін білдірген. Бұл - әрине, темпераментке кері анықтама. Өйткені, темперамент – адамда туа пайда болатын генотипті организм қасиеті. Осы көзқарасқа орай, мінез – адамның туа пайда болатын фенотипті ерекшелігі.
XIX ғасырда француз ғалымы А. Бен мінезді тек психологиялық ерекшелік, дара адамның ақыл-ойы мен сезімінің және ерік ерекшеліктерінің қасиеті деп санады. Т. Рибо мінезді сезім мен ерік ерекшелігі десе, ал орыс медигі әрі педагог П.Ф. Лесгафт ерік қасиеті деді.
И. Кант (XVIII) мінезді темпераментпен салыстыра отырып, оны адамда жүре пайда болатын қасиет деп анықтады. Сондай-ақ, ол адамның даралық қасиеттеріндегі туа пайда болатын ерекшеліктер мен жүре пайда ьолатын ерекшеліктерді бөліп көрсетеді. Т. Рибо мінезді адамда туа пайда болатын икемделу десе, ал Малапер, Фулье т.б. мінездің туа пайда болумен қатар жүре пайда болатын ерекшеліктері де бар дейді. Полан мінездің барлық сипаттары адамның тіршілік жағдайымен байланысты деген пікір айтады. Сонымен, мінез жөніндегі осындай екі түрлі көзқарас қазірге дейін өзара таластартыс туғызып келеді.
Адам мінезінің құрылымы әрқилы қасиеттер жиынтығынан тұрады. Дегенмен, кейбір мінез ерекшеліктері бір-біріне тәуелді, өзара байланысты болып келеді. Мінездегі осындай әр түрлі қасиеттерден құрылған біртұтас бірлікті мінез құрылымы дейді. Ал мінездегі өзара байланысты психикалық қасиеттердің жүйесі симптокомплекс не факторлар деп те аталады.
Психология ғылымында мінез топтастырылып, оның қасиеттері мынадай төрт түрлі жүйеге бөлініп қарастырылады. Ондай қасиеттер адамның әралуан нәрселерге қатынас ерекшеліктерін көрсетеді. 1. Мінездің еңбекке байланысты қасиеттері: еңбексүйгіштік, адалдық, еңбекке жауапкершілікпен қарау, жалқаулық т.б. 2. Ұжымға, адамдарға қатысы қасиеттер: қайырымдылық, сергектік, талап қоюшылық, менсінбеушілік. 3. Өзіне-өзінің қатынасы: өркөіректік, даңғойлық, өзімшілдік, қарапайымдылық, кішіпейілдік. 4. Заттарға қатынасы: ұқыптылық, салдыр-салақтық, заттарды ұстап-тұтуы мен ұқыпсыздығы.
Мұндай ерекшеліктер адамның азаматтық қасиеттерін көрсететін негізгі және өзекті сипаттар болып табылады. Олар – адамның қоғамдық қарым-қатынасы және әлеуметтік-типтік ерекшеліктері. Ал мінез құрылымының қасиеттеріне мынадай ерекшеліктер жатады: 1. Мінездің тереңдігі. Бұл қасиет адамның қоғам талаптарына орай көпшілікке, ұжымға, еңбекке деген қатынасын білдіреді. 2. Адамның жеке басының ерекшелігі, белсенділігі. Бұл қасиет-мінездің күші. Осыған орай адам жақсы, мықты, тұрақты және нашар мінезді болып бөлінеді. 3. Мінездің тұрақтылығының, ауытқымалығы мен бейімделгіштігінің ерекше мәні бар. Мұндай адамдар әрқилы қиыншылықтарға ұшырағанда табандылық, төзімділік пен бейімделгіштік көрсетіп, мінезінің күшін аңғартады.
Типтік мінез бітістері:
-
Отан сүйгіштік кісінің бойындағы күш-қуатын, білімі мен тәжірибесін халық мүддесіне оның игілігіне білдіретін перзенттік борышы – оның кісілігін танытатын ерекше асқақ сезім. Әр заман ғұламалары адамның осынау қасиетін қастерлеп, сөздерінің небір дәмді, ой түйіндерін осыған бағыштаған. Отаншылдық – ата-мекенге деген сүйіспеншіліктің негізгі мазмұны, имандылық пен кісіліктің басты белгісі, басты өлшемі.
-
Мақсаткерлік – бұл адамның өз мінез-құлқын көздеген мақсатына алаңсыз бағыштауы, мұны өзінің ұстаған бағыт-бағдар позициясына, танымы мен сеніміне, асыл-арманына бағындыра алуы. Мақсаткерлік – тек бір іспен өнебойы шұғылдану, онымен ылғи да әуре болып жүру емес. Бұл соны қайткенде де орындап шығуға мықтап берілу, бір істі нәтижелі етіп тындыру.
-
Борыш пен жауапкершілік. Бұл адамның үйіші, әке-шеше, тума-туысқандарына қатысты перзенттік парызынан туындайтын қасиет. Мұның негізінде өзін әл-пештеп, адам етіп өсіргендердің алдындағы жауапкершілігін бар санасымен терең аңғара алып, түсіну, бұл парызы мен қарызын қалай ақтау жолын ойластыру. Бұл кісіліктің басты белгісі, терең және күшті сана-сезімді қажет ететін қасиет.
-
Мейірімділік пен ізгілік. Егіз қозыдай осы екі қасиет-басқаларға көңіо бөлу, олардың сеніміне ие болу, айналасындағылармен өзара дұрыс қарым-қатынас жасау, адамға эмоциялық жағынан тиімді.
-
Адалдық пен шыншылдық. Бұл екеуі бір-бірімен біте қайнасқан кісінің жақсы мінез бітістері. Адал да шыншыл, әділетті болу – еңбек пен білім алуға, жалпы іс-әрекетке дұрыс көзбен қарау, инабатты, тіршілікте тиянақты, принципті болу деген сөз.
Достық. Бұл ортақ көзқараспен мүдде, мақсат бірлігі негізінде пайда болып, уақыт сынынан өткен адамгершілік құндылығы мол тұрақты, тек адамға ғана тән жоғары сезім.
Қабілет.
-
Қабілет жөнінде түсінік.
-
Қабілет түрлері.
-
Нышан және қабілет.
Қабілет деп әр адамның белгілі бір іс-әрекет түріне икемділігін айтады немесе қабілет дегеніміз – мақсатқа бағытталған, тәлім-тәрбие жүмысына байланысты адамның бір іс-әрекетке ұйымдасқан түрде бейімделуі және оны нәтижелі етіп атқаруы.
Адамның қабілеттілігі оған ықпал етіп отыратын тәлім-тәрбиеге орай әрбір адамда түрліше сипатта өтеді. Адамның қандай да болмасын белгілі бір іс-әрекет түріне қабілетті болуы мынадай екі түрлі көрсеткіш арқылы анықталады:
-
Іс-әрекетті тез өзгерту.
-
Іс-әрекетті орындау нәтижесінің сапасы.
Егер адам өзге адамдармен салыстырғанда, біріншіден, қолға алған істі қалайда болмасын тез және табысты меңгеріп, сол әрекетке лайық дағдыны оңай игеретін болса, екіншіден, белгілі бір деңгейде жетістіктерге жетсе, оны қабілетті адам дейді.
Әрбір адамның іс-әрекетті орындау тәсілі сол адамдардың психикалық таным процесінің даму ерекшеліктеріне, жүйке жүйесі талдағыштарының жұмысына, сезім мүшелерінің сыртқы тітіркендіргіштерге әсерленіп, қабылдау жылдамдығына және адамның даралық қасиетіне байланысты. Қабілеттілік – адамдағы жеке-дара өзіндік ерекшелік, яғни бір адамның екінші адамнан айырмашылығын көрсететін психологиялық сипат. Қабілеттің мұндай сипаттарын былайша түсіндіруге болады. Мысалы, саусақтарының салалы болуы – көбінесе музыканттарға, ал бойшаң болып келу – баскетболшы-спортшыларға тән ерекшелік. Адам бойындағы ерекшеліктер қабілеттіліктің тек белгілі бір іс-әрекетке орай табысқа жетуге көмектесетін белгілері ғана. Қабілеттілікке аса қажетті қасиет, мысалы, музыка саласында әуенді есту мен ырғақты сезу, оларды бір-бірінен айыру болып табылады. Ал қимыл-әрекет реакцияларының жылдамдығы неғұрлым жоғары деңгейде болса, спорт түрлерімен шұғылдануға өзіндік әсері мен пайдасы тиері даусыз.
Кез-келген адамның екі үш түрлі іс-әрекетті атқаруға бейімділігі болады. Бұл - адам қабілетінің жалпы түрі, өмір суруі мен тіршілік етуге деген икемі және әрекетшіл көрінісі. Адам әрекетсіз, еңбексіз ешқандай іс тындыра алмайтын болса, ол өмір сүре алмас еді. Жалпы қабілет адамның жеке басының әрекетімен байланысты түрде жүзеге асады. Адамның даралық ерекшеліктерінен оның арнаулы қабілеті де аңғарылады. Қабілеттің арнаулы тұрі белгілі бір істі үздік орындаудан, оған деген ықылас-ынтадан, дағды мен икемділіктен айқын көрінеді.
Әр адамның іс-әрекеттің бір түріне икемді болуы оның сол әрекетті орындауы ұстінде, әсіресе, істің нәтижесінен анық байқалады. Бұл – адамдардың даралық ерекшеліктері. Мысалы, бірдей жағдайда бір істі бір адам тез меңгеріп, өте шапшаң, нәтижелі әрі сапалы етіп атқарса, ао екінші адам іске бірден төселіп кете алмай, сол іс-әрекетке лайық әдет-дағдыларын қалыптастырмағандықтан, істі баяу, нәтижесіз, сапасыз атқаруы мүмкін. Бұл жайттар бірінші адамның қабілеттілігі екінші адамға қарағанда әлдеқайда жоғары деңгейде дамығандығын көрсетеді.
Сонымен, қабілет негізінен екіге бөлінеді. Адамның ақыл-ой өзгешеліктерінің жеке қасиеттерін көрсететін кез келген адамнан табылатын қабілет жалпы қабілет деп аталады. Ақылдың орамдылығы мен сыншылдығы, материалды еске тез қалдыра алу, зейінділік пен бақылағыштық т.б. осы секілді ақыл-ой әрекетінде көріністін өзгешеліктер жалпы қабілет болып табылады.
Іс-әрекеттің жеке салаларында ғана көрініп, оның нәтижелі орындалуына мүмкіндік беретін қабілетті арнаулы қабілет деп атайды. Бұған суретшінің, музыканттың, актердің, спортшының, математик-ғалымның, ақын-жазушының қабілеттерін жатқызуға болады. Соңғы кездері кейбір зерттеушілер қабілеттің үшінші түрі деп практикалық іске қабілеттіліктіайтып жүр. Бұған ұйымдастырғыштық, педагогтық, конструктивті-техникалық қабілеттерді жатқызады.
Қорытындай келе, «қабілет» түсінігінің бүгінгі ғылым қабылдап отырған үш негізгі қөрсеткішін (Б.М. Теплов) атайық:
-
Қабілет – бір адамды екіншісінен ажырататын дара психологиялық ерекшелік. Баршаға бірдей тән қасиеттері қабілет бола алмайды.
-
Қабілет – барша түлғаға тән болған ортақ сапа емес, кей адамға ғана дарыған қандай да бір не бірнеше іс-әрекетті табысты орындауға жарайтын өзара ептілік.
-
Қабілет – нақты адамда топталған білім, ептілік және дағдылардан оқшау, қажет әрекетті игеру желісінде ғана көрінеді.
Арнайы жүргізілген зерттеулердің көпшілігі адамның қабілеті ата тегіне, яғни тұқым қуалау факторына байланысты деген көзқарасты қолдайды. Бұл көзқарас бойынша, әр адамның қабілеті – оған туа берілетін өзіндік дара табиғи қасиет.
Дегенмен, қабілетті адамда тек туа пайда болатын қасиет деген дұрыс емес. Себебі, қабілет – адамның даралық психологиялық ерекшелігі. Ал туа пайда болатын нәрсе – қабілеттің дамуына негіз болатын анатомиялық және физиологиялық ерекшелік – нышан. Нышанның табиғи негізі – жоғары жүйке жүйесінің қызметтері, бас миындағы клеткалардың қозу, тежелу сияқты сан қилы әрекеті және олардың алмасып отыруы.
Нышан мидың, жүйке жүйесінің, талдағыштардың адамдар арасындағы табиғи даралық өзгешеліктерін айыруға себеп болатын тума анатомиялық және физиологиялық ерекшеліктері. Адамның белгілі бір іс-әрекетті орындауға бейімді болуы қабілеттің дамып қалыптасуына мүмкіндік туғызады. Алайда, бұл нышандар іс-әрекеттің нәтижелі болуының толық жағдайы болып саналмайды. Ол үшін адам бойындағы нышандарды дер кезінде анықтап алу керек. Содан соң оны әр алуан әрекет үстінде дамытып отыруға бейімделіп, тәлім-тәрбие арқылы өрістете түсу қажет.
Нышандардың әртүрлі қабілеттерге байланысты маңызы бірдей емес. Көбіне нышандық қасиеттер музыкалық және суреткерлік өнерде қажет. Тумаберілген нәзік есту қасиеті – музыкант болудың, ал түр-түс айыра білу – болашақ суреткер болудың алғы шарты.
Нышандар дамуы әлеуметтік процестерге тікелей тәуелді. Егер қоғамда белгілі бір кәсіпке қажеттік туып, қандайда адамның сол кәсіпке сай нышандық белгісі болса, онда оның нақты еңбекке араласуға болған қабілеті тез әрі жоғары деңгейде қалыптасып, дамиды.
Адам қабілетінің даралық ерекшеліктеріне дарындылық, шеберлік, талант, данышпандық, шабыт кіреді.
Әртүрлі іс-әрекеттер аймағына қажет білім, ептілік-дағдылар бірлігін жеңіл әрі нәтижелі игеруді қамтамасыз етуші жалпы қабілеттер ерекшелігін дарындылық деп атайды. Дарындылық әрбір адамның ақыл-сана, оқу, шығармашылық, көркемөнер, адамаралық қатынастар түзу және психомоторлық қызметтерінде көрініс береді.
Дарындылық дәрежесінің артуы қажетті білімдер мен ептілік, дағдыларды игеріп әрі жетілдіріп баруға тікелей тәуелді.
Қабілеттер өз деңгейлері мен ауқымы жағынан ажыратылады. Нақты іс-әрекет аймағында өте жоғары деңгейге көтерілген қабілет – шеберлік деп аталады. Шеберлік, яғни бір іс-әрекет аймағында жоғары жетілгендік үлкен де қажырлы еңбек негізінде пайда болады. Шеберлік көбіне өндірістік қайта жасау қызметтерімен байланысты келеді.
Шеберлік деңгейі - өзгермелі, дамудағы құрылым. Іс-әрекет барысында адамның қабілет түзілімі, тұлғалық мәні қалыптасып, бір деңгейден екіншісіне көтерілумен ұдайы ауысып барады.
Адам қабілетінің ерекше даралық сипатын көрсететін психологиялық құбылыс – талант. Талант арнайы қабілеттердің жоғары деңгейлі дамуын білдіреді. Қабілеттер сияқты талант та іс-әрекетте көрініп, өрістейді. Талантты адамның қызметі өзінің жаңашылдығымен, қайталанбас мәнерімен ажыралады.
Қабілеттердің даму барысындағы ең жоғары, шындалу деңгейі – данышпандық деп аталады. Шығармашылық қызметі қоғам өмірінің бір дәуірінде, адамзат мәдениетінің тарихында белгілі із қалдырған адам ғана данышпан бола алады.
Адамның шығармашылық іс-әрекетінің аса табысты болуына рухи көтеріңкілік пен ерекше күш-қуат туындайтын кездер болады. Бұл жағдайдағы адамды жаңа идеяларға жетектеп, оларды іске асыруға ынталандыратын психологиялық қалып – шабыт деп аталады. Шабыт шығармашыл тұлғаның жоғары белсенділігінен, оның іс-әрекетінің жемістілігінен, жасампаздық ептілігінен, жаңалық ойлап табу қызметіне толық берілуінен көрінеді.
3 Практикалық және семинар сабағының сұрақтары.
Семинар сабақтарын орындауға әдістемелік нұсқау
Семинар-практикалық сабақ курстың дәріс материалдарын қайталауға және бекітуге, сонымен бірге әрбір тарау бойынша дәрісте қарастырылмайтын қосымша білімді меңгеруге бағытталған. Бұл сабақтарда көбінесе әңгімеге негізделген тапсырмалар дайындалып, олар пікір-сайыс формасында шешіледі. Сонымен қатар, семинар сабақтарын ұйымдастыруда инновациялық әдістерді: дискуссия, конференция, дөңгелек үстел, кейс технологиялары,модельдеуші ойындар және т.б. оқытудың белсенді әдістерін қолдануға болады. Аталған әдістердің көмегімен ұйымдастырылған сабақтар студенттердің өзіндік пікірін қалыптастыруға, білімін тереңдетуге, өздігінен ізденуіне, қарым-қатынас жасаудың негіздерін үйренуге мүмкіндіктер туғызады.
Семинар тақырыптары белгілі жоспар бойынша құрылады. Әрбір семинар сабағының мақсат, міндеттері, қолданылатын әдебиеттер көздері көрсетіледі.
Тақырыптың әр сұрағына конспект жазу қажет. Конспект – сұрақ бойынша маңызды аспектілерді көрсету, сонымен қатар сұраққа толық жауап беру. Әр сұраққа деген конспектінің көлемі 1,5 – 2 дәптердің беті. Конспект бірнеше әдебиетке негізделіп жазылуы тиіс.
семинар сабақтарының тақырыптары
1-тақырып. Психология пәні
Мақсаты:
Жалпы психология ғылымы туралы тұтастық және жүйелі елес қалыптастыру.
Міндеттері:
-
психологиялық пәнді оқу үшін теориялық білімдерді және негізгі тәжірибелік дағдыларды беру.
Жоспар:
-
Психология пәні және психологиялық ғылымдардың мақсаты.
-
Психиканы материалистік және идеалистік тұрғыдан түсіну.
-
Ми және психика. Сана және санасыздық.
-
Психиканың негізгі көріністері (психикалық процестер, жағдайлар, қасиеттер).
ҚОЛДАНЫЛАТЫН Әдебиеттер ТІЗІМІ
Қазақ тілінде:
-
Алдамұратов Ә.Ж. Қызықты психология. – ҚазМУ, Алматы,1991.
-
Алдамұратов Ә.Ж. Жалпы психология. – «Мектеп». – Алматы, 1996.
-
Жалпы психология. В.В.Богословский т.б. редакциясымен. – «Мектеп». – Алматы, 1980.
-
Жарықбаев Қ. Психология. – «Мектеп». – Алматы, 1982.
-
Жарқыбаев Қ. Психология. – «Мектеп» – Алматы, 1994.
-
Жарықбаев Қ., Әбдрахманов Ә. Психология терминдерінің орысша-қазақша сөздігі. – «Мектеп». – Алматы, 1976.
-
Сәбет Бап-Баба. Жантану негіздері. – Алматы, 2001.
-
Тәжібаев Т.Т. Жалпы психология. – КазГУ. – Алматы, 1993.
Орыс тілінде:
-
Гиппенрейтер Ю.Б. Введение в общую психологию. – М., 1988, 1999.
-
Годфруа Ж. Что такое психология? В 2 т.- М., 1992.
-
Общая психология./Под ре. А.В.Петровского. – М., 1986, 2000.
-
Рубинштейн С.Л. Основы общей психологии. В 2Т. – М., 1989, 2000.
-
Сборник задач по общей психологии./Под ред. В.С.Мерлина. – М., 1974, 1988.
-
Столяренко Л.Д. Психология. – Р/Д., 2000.
2-тақырып. Қазіргі психология ғылымы және оның құрылысы мен зерттеу әдісі
Мақсаты:
Психология ғылымының негізгі принциптерімен, ғылыми-зерттеу әдістерімен таныстыру.
Міндеттері:
-
«Жалпы психология» пәнінің, қазіргі психология ғылымының ерекшелігін ашу;
-
психологиялық пәндердің ішінде және психологиялық тәжірибеде оның ролін көрсету.
Жоспар:
-
Қазіргі психология ғылымының методологиялық принципі.
-
Психология ғылымның негізгі тараулары, олардың мақсаттары.
-
Психология әдістері, оларға мінездеме.
Достарыңызбен бөлісу: |