П.ғ. к., аға оқытушы Әліпбек А. З., п.ғ. к., аға оқытушы Қойшиев Қ. Е. Біртұтас педагогикалық үрдісте жеткіншектердің салауаттылығын эстетикалық құндылықтар



Дата03.07.2016
өлшемі141.44 Kb.
#173457


ӘОЖ 373.5:51

П.ғ.к., аға оқытушы Әліпбек А.З., п.ғ.к., аға оқытушы Қойшиев Қ.Е.
Біртұтас педагогикалық үрдісте жеткіншектердің салауаттылығын эстетикалық құндылықтар негізінде қалыптастырудың теориялық моделі

Теоретическая модель по формированию основ эстетических ценностей у подростков в едином педагогическом процессе

Theoretical model on formation of esthetic values at teenagers in uniform pedagogical process

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент қаласы

Резюме

В данной статье автор рассматривает теоретическую модель по привитию эстетических ценностей у подростков в едином педагогическом процессе, а также анализирует основные компоненты модели.



Summary

In this article the author considers theoretical model on instilling of esthetic values at teenagers in uniform pedagogical process, and also analyzes the main components of model.

Түйіндеме:

Бұл мақалада біртұтас педагогикалық үрдісте жеткіншектердің салауаттылығын эстетикалық құндылықтар негізінде қалыптастырудың теориялық моделін қарастырған. Сондай-ақ, модель мазмұнындағы негізгі компоненттерге жеке-жеке талдаулар жасаған.


Түйін сөздер: салауатты өмір салты, эстетика, құндылықтар, қалыптастыру, модель, жеткіншек, педагогикалық үрдіс.

Ключевые слова: здоровый образ жизни, эстетика, ценности, формирование, модель, подросток, педагогический процесс.

Key words: healthy lifestyle, esthetics, values, formation, model, teenager, pedagogical process.

Жеткіншектердің эстетикалық құндылық негізіндегі салауаттылығы – жалпы ұлттық міндет болып болып саналады. Бұл ұрпақ тәрбиесі бағытындағы қиын, әрі күрделі мәселе болып табылатындықтан, оны тек мектеп ұжымы ғана емес, сонымен қатар, отбасы және қоғам ынтымақтастығы жағдайында шешуді қажет ететіні анық. Ол өзіндік ұстанымы мен заңдылықтары, факторлары мен әдіс-тәсілдерімен сипатталатын біртұтас педагогикалық үрдіс болып табылады. Мұндай үрдістің теориялық жағын модель құрастыру арқылы көрсеттік.

Осындай модельдеу жүйесі, жеткіншектердің салауатты өмір салтын эстетикалық құндылықтардың қажеттілігіне деген көзқарасын байытуға, әсемдікті әрекетінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен, модель мазмұнында қарастырылған тәрбие мақсатын және оның негізгі компоненттерін келесі 1-суреттен көруге болады.




Сурет 1 – Жеткіншектердің салауатты өмір салтын эстетикалық құндылықтар негізінде қалыптастыру моделі


Жеткіншектердің салауатты өмір салтын эстетикалық құндылықтар негізінде қалыптастыру моделінің мазмұны:

- Жеткіншектердің жас және дара ерекшеліктеріне сай, зейінін, қызығушылығын, талғамын, қабылдаулары мен қабілеттерінің дамып, жалпы танымдық қажеттілігінің негізін оқу-тәрбие үрдісінде қалыптастыру (пәндер мазмұны арқылы );

- Жеткіншектердің салауатты өмір салты туралы білімі мен өмірді әсемдік тұрғысынан тануы, қажетсінуі мен кейінгі өмірінде де белсенді түрде қолдана білуі үшін мектептен және сыныптан тыс жұмыстар ұйымдастыру;

- Жеткіншектердің эстетикалық құндылықтар жүйесіне деген қажеттілігін арнайы шығармашылық клубтар жұмысы жүйесі негізінде қалыптастыру.

Міндеті: Жеткіншектердің салауатты өмір салтын эстетикалық құндылықтар негізінде қалыптастырудың мазмұны мен жүйесін жасау.

Ұстанатын принциптері мен қағидалары: Табиғилық, жас және дара ерекшеліктерін ескеру, салауаттандыру. Әсемдік – саулық негізі, Өмір сұлулығы – денсаулық, Жаны саудың – тәні сау.

Қолданылатын әдіс-тәсілдері: Жеке тұлғаның санасын қалыптастыру, іс-әрекетті ұйымдастыру әдістері, ынталандыру әдістері, әңгімелесу, сауалнама, байқау, пікірталас және тест.

Жеке тұлғаның санасын қалыптастыру әдісі – бұл жеткіншектердің жас ерекшеліктеріне қарай, олардың өмірге деген көзқарастарын, түсініктерін, сенімдері мен мұраттарын қалыптастыруға бағытталады. Айтыс –жеткіншектердің санасын, сенімін, мақсат-мұраттарын және эстетикалық құндылық бағыттарын қалыптастыратын күрделі әдіс болып табылады.

Іс-әрекетті ұйымдастыру әдістері –жеткіншектердің салауаттылығы оның түсініктері мен сенімдерінен өмір салтындағы нақты істері мен күнделікті әрекетінен көрінеді. Осыған орай, жеткіншектердің бойында салауаттылықты қалыптастыру үшін үнемі жаттығу, үйрету және жақсы әдеттерге дағдыландырып, отыру қажет.

Ынталандыру әдістері – жеткіншектердің салауатты өмір сүруін ынталандыру үшін, оларға мадақтау және жаман қылықтардан, әдеттерден бойын аулақ болу үшін жазалау әдістерін қолданып отыру қажет.

Қолданылатын құралдары мен факторлары: Салт-дәстүр, әдет-ғұрып (бесік, бесік жыры т.б. ), дене шынықтыру және спорт, шешендік өнер, ән-күй, би өнері және табиғат.

Біз жасаған жеткіншектердің салауатты өмір салтын қалыптастыру моделінде күтілетін нәтиже – біртұтас оқу-тәрбие жүйесі негізінде эстетикалық құндылықтарды бағалай білетін, сақтай алатын салауатты өмір салты қалыптасқан оқушы.

Мысалы, бесік тәрбиесі мен бесік жыры ғасырлар бойы сыннан өткен жеткіншектердің бойында салауатты өмір салтымен бірге эстетикалық талғам туындатар дүниесі болып келсе, спорт және дене шынықтыру тәрбиесі – жеткіншектің салауатты өмір салты мен эстетикалық талғамының қалыптасуында таптырмас маңызды құрал. Спортпен бір қызығып айналысқан жеткіншек оны оңай тастамайды, қайта көптеген зиянды әрекеттерден бойын тежейді. Дене сымбаты әсем, салауатты өмір салты қалыптасқан эстетикалық қабілеті түзілген жан-жақты жетілген азамат болуына мүмкіндік артады. Дене шынықтырумен қатар әрі денені шынықтыратын әрі әсемдікті сезіндіретін нәрсе халқымыздың ұлттық ойындары. Ал табиғат – жеткіншектердің бойында ең бір қажетті қасиеттерді яғни салауаттылық пен эстетикалық талғамының қалыптасуында ұлы ұстаздың ролін атқарары анық. Әсем табиғат жеткіншекті әсемдік дүниесіне шақырса, қатал табиғат ерік-жігері мол, салауатты өмір салты қалыптасқан азаматтарды тәрбиелеуге маңызды рол атқаратын фактор. Табиғи қуат көздерін, таза ауаны, салқын суды, табиғи тағамдарды пайдалану салауатты өмір салты қалыптасқан, денсаулығы өте мықты, табиғатты сүйіп оның әсемдігін сезінетін жеткіншектің қалыптасуында өлшеусіз әсері бары сөзсіз [1, 15 б.].

Жоғарыда ұсынылған моделде басты компоненттердің бірі болып құралдар берілген, яғни олар тәрбие факторларына жатады. Салауаттылық пен эстетика тәрбиені дамытатын кейбір факторларға тоқталған жөн. Қазақ халқында ертеден қалыптасқан аса қажетті тәрбие факторы – Бесік және оған байланысты элементтері. Бесік – жас нәресте денсаулығына, салауаттылығына байланысты сыры баланы бесікке бөлеу арқылы, оның жұлын-жүйкесі мен миының дұрыс жетілуін қамтамасыз етеді. Ғұн халқы ең әдемі дүниелерін баланың бесігін көркемдеуге арнаған. Бесіктегі суреттердің барлығын айдың, күннің көзі сияқты сыртына шығыңқы моншақ таспен, алтын-күміспен жебелеп отырған. Оның барлығы бала бесігінің киелілігін жамандықтан сақтайды деп, оны алтынға боялған моншақ, негізі ағаштан безеген бүркіттің суреті, алтыннан қиып жасаған түрегеп тұрған бөрінің суретімен көркемдеген. Бесікті әсемдеуде шеберлердің аса көңіл қойған ісі – аспан дүниесін әсірелеу, күнді, айды, жұлдызды әдемілеп түсіру. Бесікті әспеттеу арқылы сақтар ұрпақ тәрбиесі мен тәліміне ерекше мән берген халық екенін көреміз.

Бесік жыры – жыр әуені балаға дүниенің әсемдігін дұрыс қабылдауына болашақ, өмірінде жол салатын эстетикалық әліппенің негізі сынды рол атқарады. Нәрестенің эстетикалық сезімін оятып, әуезді әуенімен тербететін бесік жыры сәбиді алғашқы қадам басуынан бастап жігерлілікке, әсем қимылға тәрбиелейтін тұсау кесер жырын, бөбектің тілін ширатып, әсем сөйлеуге үйретіп, дүниетанымын қалыптастыратын жаңылтпаштар, балдырғанды дұрыс санауға үйретіп, оған дүние танытатын санамақтар, өренді қисынды ойлауға баулып, әсемділікке ынталандыратын жұмбақтар, баланың намысын оятатын мазақтамалар, баланы әсем сөйлеуге баулып, ой-мәдениетін дамытатын мақал-мәтелдер, тақпақтар шығарған халық оларды мақсатты түрде үздіксіз пайдаланып баланың ой-мәдениеті мен тіл мәдениетін мүмкіндігінше қалыптастырып отырған [2, 2 б.].

Тәрбие факторының маңыздысы – спорт жеткіншектердің бойында салауатты өмір салтын қалыптастыра отырып, олардың эстетикалық қанағат сезімін алуға шексіз мүмкіндіктер береді. Спорт саласында әсемдік түрлі нысанда көрінеді. Ең алдымен жеткіншектердің дене сымбаты, яғни спортпен жүйелі айналысу арқылы қалыптасады. Жеткіншектердің дене бітімінің әсемдігі оның пропорциялы, симметриялы нысанда, және қозғалысының пластикалығында көрініс береді [3, 254 б.]. Ұлттық ойындар негізінде салауатты өмір салтын қалыптастыру – әрбір халықтың ұлттық тәрбиелік ерекшеліктеріне сүйене отырып, ғасырлар бойы қалыптасқан, сол халықтың мінез-құлықтарын көрсететін, дене тәрбиесі мен түрлі қимыл-қозғалыстарын дамытуға бағытталған ойындар жүйесі.

Жеткіншектерге эстетикалық тәрбие берумен қатар салауаттылығын қамтамасыздыратын мерекелер. Қазақ халқында балаларды тәрбиелейтін көптеген мерекелер, олармен байланысты салт-дәстүрлер кеңінен орын алған. Солардың ішінде Наурыз мейрамы – салауаттылыққа және эстетикалық талғамға тәрбиелейтін мейрамдардың бірі. Наурыз – жер бетіндегі көптеген мұсылман халықтары тойлайтын парасат мейрамы. Бұл мейрам – тек жақсылық пен қуаныштың, тазалық мен теңдіктің, жаңару мен игіліктің мейрамы. Наурызда қазақтың тамаша бір қайталанбас дүниесі киіз үйлері тігіліп, ол үйлер ұлттық әсемдік дүниелерімен кереметтей жабдықталады. Қазіргі таңда ең әдемі жабдықталған үйлерге байқаулар ұйымдастырылып жатады. Бұл өте құптарлық және қуантарлық жағдай. Осылайша жабдықталған киіз үйлер жеткіншектердің бойында әсемдікті сезіну, эстетикалық талғамын қалыптастыруда аз рол атқармайды. Бұл мейрамда сонымен бірге ұлттық әсем зерленген киімдер киіліп, оның өзіндік нақышы ерекше жарасымдылықпен әсем көрініс беріп тұрады. Наурыз мейрамының жастарымызды салауатты өмір салтын қалыптастыруға, салауатты тағам түрлерін пайдалануға бастайтын басты бір жетістігі ол – наурыз көже. Наурыз көже жеті түрлі дәруменге бай қоспалар қосылып жасалады. Қазақ халқының қонақжай салтына сай наурыз көжемен келген қонақтардың бәрі сыйланып, дәм татады.

Төл табиғат – жеткіншектерді салауатты өмір салты мен эстетикалық құндылықтарға тәрбиелеудегі ең негізгі бір фактордың бірі. Өйткені, жоғарыда аталған түрлі ұлттық ойындар, мейрамдар ашық ауада табиғаттың аясында өткізілген. Жалпы, біздің халқымыздың генетикалық негізі салауатты өмір салтына бейім, себебі, ата-бабаларымыз көп жағдайда көшпенді өмірді бастан кешкендіктен желдің өтінде тіпті қарлы борандардың қатал қыспағының өзінде ат үстінде міз бақпай көшпенді өмірін, шаруашылығын жүргізе берген. Оның табиғатпен біте қайнасып, қоян-қолтық өмір сүруінде оның бүкіл болмысы, ішкен асы, мінезі-бітісі, тұрғын жайы, өнері мен мәдениеті қатар жүріп қайталанбас бір тамаша үйлесім тапқан. Сондықтан халқымыздың кең-байтақ дала төсін жаз жайлау, қыс қыстау етіп мамыражай күн кешкені белгілі [4, 360 б.].

Шешендік сөздер – қазақ фольклорында жасалатын, сөйлеу тілінде мол қолданылатын мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаш түрінде айтылатын даналыққа толы нақыл үлгілері тобы. Шешендік сөздер заңдық, нақылдық, философиялық, сатиралық болып жіктеледі. Халық шешендік сөздер арқылы өскелең ұрпақты қыз балаларын адам тағдырын ойластыруға болжауға, адамның рухани өмірінің негіздерін сақтай білуге, алыс-жақын кісілермен және өзін қоршаған ортамен қатынас жасай білуге баулиды [5, 26-30 бб.]. «Шешендік өнер» деген терминнің өзі әуел баста латын тілінен алынып, «әдемі, сенімді сөйлей білу қабілеті» деген мағынада жұмсалады. Әдемі, сенімді сөйлей білу қабілеті шешеннің сөз таңдау, сөз тіркестерін әдемі, әуезді, әсерлі құру, бейнелегіш-суреттегіш, құралдарды шебер қолдану дағдыларынан қалыптасады. Шешендік үлгілері жеткіншектерге мол эстетикалық әсер етіп сонымен бірге салауаты өмір салтын тәрбиелеуге әсер ететін жырдың бірі - «Манас жыры». Оның тамаша бір тарауы – «Көкетай ханның асы». Жырда шешен тілмен баяндалған, суреттелген, сөз таластырған тұстар өте көп: олар-астың өту барысы, ат шабыс, жекпе-жек күрес, жамбы атыс, табақ тарту, асқа келген батырларды мінездеу Қосайдың ерлігін ардақтау, Манастың тұлғасы, Қанікейдің келбеті, оның бал шырын сөзі, өлер алдындағы Манастың тілегі, жоқтау жыры т.б. бәрі жеткіншектердің салауатты өмір салтын қалыптастыруға әсері мол [5, 84-85 б.].

Айтыс өнері – халық поэзиясы дамуының ең жоғарғы сатысына жеткен өнері. Себебі, айтыс көпшілік алдында өтеді, сондықтан үлкен дайындықты керек етеді. Жан-жақты білім болғанда ғана айтыста тауып сөйлеу мүмкіндігі туындайды. Айтыста астарлап, жұмбақтап сөйлеу, қара дүрсін, дөрекі сөздерден қашып, әсерлеп, әрлендіріп, көркемдеп сөйлеу мәдениеті талап етіледі [5, 16 б.]. Қазақ арасында көп жүріп, қазақ ауыз әдебиетінің мол үлгілерін жинаған, сөз жарысына түскен ақындарды тыңдап таңдай қаққан академик В.В.Радлов былай деп жазды: «Сөз сұлулығына соншалықты рахаттанып, ләззат алатын халықтың шешен сөзге ең биік өнер ретінде қарайтыны өзінен-өзі түсінікті. Сондықтан да қазақтарда халық поэзиясы дамудың ең жоғарғы сатысына жеткен. Қазақ-қырғыз шешен келеді: олар мақалдап сөйлейді, жай сөзінің өзі өлең болып құйылып жатады» [6, 3 б.] – деп қазақтардың әдемі де тапқыш сөйлейтініне баға берсе. Тағы бір ғалым П.М.Мелиоранский: «Қазақтар – шешен, әрі әдемі сөйлеудің үлкен шебері. Сөз өнерінің құдіретті иелері – ертекші әңгімешілерді, импровизаторлар мен жырауларды олар қадір тұтып, ерекше құрметтейді –деп сүйсіне таңғалды. Жеткіншектердің салауатты өмір салтын эстетикалық құндылықтар негізінде қалыптастыруда осынау айтыс өнерінің ролі де өте зор. Себебі айтыс өнері сұлу сөздермен, табан астында тауып айтылумен көрермен халыққа зор эстетикалық ләззат сыйлайды, әрі айтыста домбыра немесе гармон сынды музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен белгілі бір әуен арқылы айтылып эстетикалық сезім өзінің жоғарғы шегіне жете тыңдаушыларға әсер етеді.

Би өнері – жастардың эстетикалық талғамының қалыптасуы мен салауатты өмір салтын негіздеуде орны ерекше. Сондай билердің бірі – Қара жорға басында өмірге күй болып келген дүние. «Қара жорғаның құдіреті де сонда, ойдан қажып, жұмыстан шаршаған уақытта бір-екі қимылын жасап жіберсеңіз, сергіп сала бересіз. Кейбір жерде осы бимен науқас адамдарды емдеп те жатқандар бар. Ал Қытай «Қара жорғаны»гимнастикаға енгіземіз деп жатыр. Алтай аймағында бұл сергіту жаттығулары ретінде мектептерге жүйелі орнады. «Қара жорғаның» нағыз нұсқасын исі қазаққа жалпыластырып үйретуіміз қажет. Сонымен қатар «Бүркіт», «Аю», «Ортеке» билерін ел ішіне сіңдіру – міндетіміз. Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Алтай аймағының «Шіңгіл ауданында қазақтың халық биі «Қара жорғаны» 10300 адам билеп, Гиннес кітабына енді. Неге осы шара Қазақстанда өткізілмеді» - дейді осы бидің жанашыры, әрі салауатты өмір салтын насихаттаушы қандасымыз Жамал Диханұлы [7, 1-16 б.].

Қытайдағы ғалым қандасымыз Әділет Ахметұлының еңбектеріне сүйенсек, «Аю биінде» «Қара жорғаның» элементтері айқын көрінеді. Бірақ «Қара жорғадағыдай» емес, биші екі иықты алдыға қарай еңкейте қозғалтады. Аюдың қимыл әрекетін бейнелейді [7, 8 б.]. Белгілі жазушы Жәди Шәкенұлының «Қытайдағы қазақтар» кітабында да «аң аулау, табиғатқа табынуды бейнелейтін халық билерінен «Аю биі», «Аңшы мен аю», «Қаз биі» «Бүркіт биі», «Ортеке биі» қатарлылар бар. «Аю биін» билегенде ішік пен тымағын теріс аударып киіп, аюдың жүрісіне салып, айналасына қарап, азыққа ұмтылған әрекеттерін бейнелейді. Би әрекеттері аюдан аумаған, өте қызықты. 1986 жылы сексен жасқа келен Қапаш ақсақалда бізге «Бүркіт биін» билеп берді деген деректер келтіреді. «Би – халық өнерінен туындайды»-дейді Шара Жиенқұлова. Шын өнерден кенде халық емес екеніміз баршаға аян. Шараның өз сөзімен айтсақ, «Айгөлек, ақсүйек, ортеке, соқыр теке, түйе-түйе, алтыбақан, орамал тастау, беташар, жар-жар, шашау, мерген, сайыс, көкпар, бәйге, күрес, жаяу жарыс, ат шабыс, айтыс, қыз қуу, садақ тарту сияқты ұлт ойындарын, сондай-ақ бұлардың сыртында өрнек тоқу, кесте тігу,текемет, сырмақ басу, тұскиіз, күмістеп оюлаған ер-тоқым, сандық, кебеже, саба пісу, ұршық иіру, тәрізді қазақ әйелдерінің қолөнеріне қатысты іс-қимылдары да бар екенін ескерсек, солардың барлығы да музыка ырғағына тұнып тұрған қазақ биі демей, не дейміз? Шаңырақ көтеріп, киіз үй тігу және оны жығудың өзі қандай әсем көрініс [8, 8 б.]».

Жеткіншектердің салауатты өмір салтын эстетикалық құндылықтар негізінде қалыптастырудың мазмұндық-құрылымдық моделі жеткіншектердің көзқарасын байытуға, әсемдікті әрекетінде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, моделдеудің нәтижесі эстетикалық құндылықтарды бағалай білетін, сақтай алатын, салауатты өмір салты қалыптасқан тұлғаны тәрбиелеуге бағытталады.

Бүгінгі жеткіншек – ертеңгі егеменді еліміздің азаматы. Олардың дені сау және әсемдік талғаммен өмір сүре білуге барынша жағдай жасап отыру мектептің тәрбие мақсатынан туындап отырған мәселе екендігі күмән келтірмейді. Қоғамның қай кезеңі болмасын, жеткіншек мәселесі күн тәртібінен түспегені бәрімізге мәлім. Салауаттылық – мектеп кезеңінің барлық оқушылары үшін маңызды мәселе. Алайда, мектеп кезеңнің негізігі сатысы – жеткіншек-оқушылар үшін салауатты өмір сүру басты шарт, ал сол дұрыс өмірді эстетикалық құндылықпен байланыстыра отырып, қалыптастыратын болсақ, қоғамның тәрбие беру мәселесінің талаптарына сәйкес, орындауға өз үлесімізді қосамыз деп баса айтуымызға болады. Жеткіншек дамуы барысында дұрыс эстетикалық құндылықтар жөнінде тәлім-тәрбие алып сусындайтын болса, болашақта денсаулығы мықты, ұлттық сана-сезімі оянған, эстетикалық талғамы жоғары, терең ойлай алатын мәдениетті, жан-жақты, үйлесімді дамыған, өмірде өз орнын таба білетін іскер, бәсекеге қабілетті азамат болып шығуы әбден мүмкін. Олай дейтініміз, жеткіншек болашақ ересек өмірге аяқ басып тұрғандықтан, яғни ересектіктің негізі қаланатын кезең болғандықтан, бұл кезеңде эстетикалық құндылықтар туралы тәрбиені барынша беруге жағдай жасайтын болсақ, онда ол болашақтың жаны әсем, тәні әсем, сұлу адамы болып қалыптасатыны сөзсіз. Жеткіншектердің эстетикалық құндылықтарды бағалай білуі – болашақта салауаттылыққа бастайтын жолы деп түйіндеуімізге болады.


Пайдаланылған әдебиеттер

1. Көшербаева А.Н., Әліпбек А.З. Жеткіншектердің салауатты өмір салтын эстетикалық құндылықтар негізінде қалыптастыру: Оқу-әдістемелік құрал. - Шымкент, 2010. - 72 б.

2. Табылдиев Ә. // Мәдениет. – 2010. - №2. – 2б.

3. Чернышевский Н.Г. Эстетика. Москва: Госполитиздат,1958,с -254.

4. Нұршайықов Ә. Таңдамалы шығармалар // Ақиқат пен аңыз. – Алматы: Жазушы, 1980. - 360 б.

5. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері. - Алматы: Білім, 2003. -16 б.

6. Образцы народной литературы тюркских племен. - Спб.,1870. - Т.3. – 3с.

7. Жамал Диханұлы. «Қара жорға» өнер ұжымы директоры // Қазақстан –ZAMAN. – 2010, наурыз – 22. - №11-12. - Б.1-16.

8. Біләл Қуаныш // Ана тілі. – 2010. - №13. – 8 б.


Used literatures

1. Kosherbaeva A.N., Alipbek A.Z. Zhetkinshekterdin salauatti omir saltin estetikalik kundiliktar negizinde kaliptastiru: Oku-adistemelik kural. – Shymkent, 2010. 72 b.

2. Tabyldiyev A. // Madeniyet. 2010. - №2. – 2b.

3. Chernyshevsky N. G. Estetika. Moscow: Gospolitizdat. 1958, b -254.

4. Nurshayykov A. Tandamali shigarmalar // Akikat pen aniz. - Alma-Ata: Zhazushi, 1980. -360 b.

5. Kosimova G. Kazakh sheshendik onerinin negizderi. Alma-Ata: Bilim, 2003. -16b.

6. Obrazsi narodnoi literaturi turkskikh plemen. Spb., 1870. T.3. -3 s.

7. Zhamal Dikhanuly. «Kara zhorga» oner ugimi directory // Kazakhstan –ZAMAN. – 2010,

nauriz – 22. №11-12. - b.1-16.

8. Bilal Kuanysh // Ana tili. - 2010. - №13. – 8 b.



АВТОРЛАР ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ

Фамилиясы Әліпбек

Аты Ардақ

Тегі Зәуірбекқызы

Кафедрасы Психология

Жұмыс орны ОҚМПИ

Қызметі аға оқытушы

Ғылыми дәрежесі п.ғ.к.


Жұмыс орнының

мекен-жайы Шымкент қ., Байтұрсынов көшесі 13


Байланыс

сымтетіктері 87773201080, 8 7012641980


Е-mail alipbek_ardak@mail.ru

Фамилиясы Қойшиев

Аты Қалдан

Тегі Елеуұлы

Кафедрасы Психология

Жұмыс орны ОҚМПИ

Қызметі аға оқытушы

Ғылыми дәрежесі п.ғ.к.


Жұмыс орнының

мекен-жайы Шымкент қ., Байтұрсынов көшесі 13


Байланыс

сымтетіктері 87012283343






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет