«Алаш» партиясының бағдарламасы:
-
басқару түрі;
-
автономия;
-
азаматтық негізгі құқықтары;
-
дін ұстану туралы мәселе;
-
соттар туралы;
-
қорғаныс;
-
салық;
-
жұмысшы мәселесі;
-
халық ағарту;
-
жер мәселесі.
Кеңестер билігі Сырдарияда
1917 жылы 30 қазанда Перовскіде билік бейбіт жағдайда жұмысшы солдат депутаттарының қолына көшті. 1917 жылы 1 қарашада 4 күнге созылған шайқас негізінде Ташкентте Кеңес өкіметі орнады.
Кеңестер билігі 1917 жылы қарашада Шымкентте (бейбіт түрде), 1917 жылы 7 қарашада Түркістанда орнады.
Кеңестер билігі Торғай облысында
Торғай облысында атаман Дутов бастаған қазақтар мен Ә. Бөкейханов бастаған Алашорда және эсерлер Кеңес өкіметіне қарсы күресті. Бірақ олар жеңіліске ұшырады. 1917 жылы 25 желтоқсанда Қостанайда күрес нәтижесінде кеңестер билігі орнады. (басшысы В. М. Чекшаров).
1918 жылы 8 қаңтарда Кеңестер Ақтөбеде билікке келді (басшысы В. Ф. Зинченко).
1918 жылы қаңтарда Торғай, Ырғыз уездерінде Кеңес өкіметі орнады.
1918 жылы 18 қаңтарда Орынборда Кеңес өкіметі орнады.
Кеңестер билігі Солтүстік және Шығыс Қазақстанда
Бұл өңірлерде Кеңес өкіметі күрес нәтижесінде орнады.
1917 жылы 22 қарашада Петропавлда Кеңестер билігін қолына алған Уақытша Революциялық Комитет билікке келді (басшысы И. Д. Дубинин).
1917 жылы 25 желтоқсанда Ақмолада Кеңес өкіметі орнады.
1917 жылы желтоқсанда Кеңес өкіметі Көкшетауда орнады.
1918 жылы 2 қаңтарда Атбасарда Кеңес өкіметі орнады.
1918 жылы 18 қаңтарда Өскеменде билік Кеңестердің қолына көшті.
1918 жылы 19 қаңтарда Павлодарда күрес нәтижесінде билік Кеңестердің қолына көшті.
1918 жылы 17 ақпанда Семейде Кеңестер билігі үкімет басына келді.
Кеңестер билігі Батыс Қазақстанда
1918 жылы 15 қаңтарда Оралда Кеңес өкіметі орнады. Бірақ осы жылдың наурызында ақ гвардияшылар контрреволюциялық төңкеріс жасап, Кеңестерді биліктен тайдырды. Оралда Кеңес өкіметі азамат соғысы жылдарында ғана орнады.
1917 жылы 2 желтоқсанда Бөкей ордасында Кеңес өкіметі орнады.
Кеңестер билігі Жетісуда
1918 жылы 3 наурызда Верныйда Кеңес өкіметі қарулы көтеріліс нәтижесінде орнады.
1918 жылы наурыз айында Жетісу облысының барлық өлкесінде Кеңестер билігі орнады. Жетісу өңірінде Кеңес өкіметін орнату жолында Ж. Бабаев, А. Розыбакиев, Т. Боткин, Т. Өтепов т. б. революционерлер аянбай күресті.
Социалистік экономика және мәдениет
Кеңестер билігінің орнауына байланысты Қазақстанда жаңа үкіметтің басқару жүйелері құрыла бастады. Барлық кеңестер іске кірісті. Кеңестер жанынан қаржы, өнеркәсіп, жер, ағарту, әділет, денсаулық сақтау басқармалары жұмыс істеді.
1918 жылы 21 наурызда Орынборда кеңестердің I Торғай облыстық съезі басталды. Съезде жергілікті басқару жүйесі, әлеуметтік мәселелер жайында қаулы қабылданды. Бұл съездің қаулысы бойынша Алаш қозғалысының үнқағазы «Қазақ» газеті жабылды.
1918 жылы 20 сәуірде Ташкентте Түркістан Кеңестерінің V съезі болды. Бұл съездің құрамында Жетісу облысы бар Түркістан автономиялы Кеңестік социалистік республикасы құрылды. 1918 жылы Кеңес өкіметі көптеген өнеркәсіп орындары мен банкілерді мемлекет қарамағына алды.
Халықты азақ-түлікпен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолданылды.
1918 жылы Ақмола мен Семейде сауда ісін жүргізу азық-түлік комитетіне жүктелді.
Кеңес өкіметі ағарту мәселесі бойынша нақты шараларды жүзеге асыра бастады.
С. Сейфуллин Ақмола облысындағы, С. Меңдешев Бөкей ордасындағы білім беру бөлімдерін басқарды.
Кеңес өкіметі Қазақ АКСР-ын құру мақсатында қазақ бөлімін құрды. Бұл істер азамат соғысының басталуына байланысты тоқтап қалды.
Қазақстанда кеңестік мемлекеттік аппарат құру және экономика саласындағы алғашқы өзгерістер
Кеңес өкіметі жеңгеннен кейін Қазақстанда да ескі мекемелер, оның ішінде, Уақытша үкіметтің комиссарлары, отарлау-шенеуніктік әкімшілік қоныстандыру басқармасы, бұрынғы сот жүйесі жойылып, өкімет билігі жұмысшы, солдат депутаттары кеңестерінің қолына өте бастады. Мұндай өзгерістердің іске асуына Қазақстан қалаларында құрылған революциялық комитеттердің рөлі зор болды. Олар қызыл ұландар бөлімдерін, жұмысшы жасақтарын құрды, кедейлерге арқа сүйеп, қанаушы таптардың қарсылығына тойтарыс берді, өкімет билігінің кеңестердің қолына өткенін жариялап, олардың нығаюы үшін ат салысты.
Өкімет билігінің ескі құрылымы Қазақстанда бірден жойылған жоқ. Олар әуелі кеңестердің қарамағына өтіп, сосын аттарын өзгертіп, бірте-бірте кеңес қарауына алынды. Мәселен, 1918 жылы ақпанда жұмысшы, шаруа, солдат, мұсылман депутаттары Ақтөбе кеңесі қалалық басқарманы кеңес басқару орны етіп қайта құрып, қалалық думаны таратты. Семей облыстық кеңесі 1918 жылы 9 наурызда дума мен басқармаларды таратып, уақытшы үкіметтің уездік комиссарларының міндетін жаңа құрылған кеңестерге жүктеді. Сол жылы 12 сәуірде Түркістан өлкесінің Халық Комиссарлар Кеңесі азық-түлік басқармаларына тиісті Кеңестердің азық-түлік бөлімі етіп қайта құру жөнінде жарлық шығарды. Қостанай уезіндегі шаруашылық иелігі Кеңестің қарамағына алынды.
Шіркеудің мемлекеттен, мектептің шіркеуден ажыратылуы, ерлер мен әйелдер теңдігі іске асырылды. Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің 1917 жылғы 10 қарашадағы Жарлығымен адамдардың сословиеге бөлінуі, олардың құқықтық артықшылығы мен шектеушілігі, сондай-ақ сословиелік мекемелер, ұйымдар жалпы сословие атауы жойылды.
Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңінде басқарудың бірыңғай құрылымы болған жоқ. Кейбір жерлерде Орталықтағы сияқты Халық Комиссарлар Кеңесі, екінші бір жерлерде облыстық мекемелер мен басқармалардың Комиссариаттары құрылды. 1918 жылдың күзінен бастап, басқарудағы алақұлалық жойылып, Кеңес атқару комитеттері билікті өз қолына топтастыра бастады. Маңызды мәселелер салалық басқармалардың коллегия мәжілісінде қаралып отырды.
РКФСР Халком Кеңесінің 1917 жылғы 22 қарашадағы «Сот туралы» жарлығымен соттың ескі құрылымы түгелдей қысқартылып, жергілікті жерлерде соттың жаңа жүйесі пайда болды. Сонымен бірге ескі прокурорлық бақылау мен қылмысты іс тергеушілер институттары, қорғаушы және жеке адвокатуралар жойылды. 1918 жылы облыстардағы Кеңес Атқару Комитеттері жанынан сот бөлімдері, ал өлке орталығында Қазақ өлкелік соты ұйымдасты.
1918 жылғы көктемде Түркістан автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы құрылды. Оның құрылуы 1918 жылғы сәуірдің 20-нан 1 мамырға дейін Ташкент қаласында өткен Түркістан өлкесі Кеңестерінің бесінші съезінде іске асты. Оның құрамына Қазақстанның оңтүстігіндегі Жетісу, Сырдария облыстары кірді. Орта Азия республикалары мен Қазақстан жерін межелеу жүргізілгенге дейін Ақмола, Семей облыстарының орталығы Омбы қаласы болған, ол Батыс Сібір өлкесіне, Торғай, Орал облыстары Орынбор губерниясына, Бөкей ордасы Астрахань губерниясының қарамағына кірді.
1918 жылғы 15 қаңтардағы жұмысшы, шаруа қызыл әскерін құру жөніндегі үкіметтің нұсқауына сәйкес елде әскери бөлімдер құрыла бастады. Олар еріктілерден тұрды.
Кеңес өкіметінің декреттері негізінде фабрика, зауыт, банктерді национализациялау іске асырылды. Қазақстанда алдымен ұсақ, орта кәсіпорындары мемлекет меншігіне көшті.
Кеңестердің екінші съезінің шешімдеріне сәйкес жерге жеке иелік ету жойылып, Қазақстандағы шіркеу мен монастрлердің, помещиктердің, бай казак-орыстардың, патша шенеуніктерінің иелігінде болып келген, сондай-ақ қоныс аудару қорындағы жерлер еңбекшілердің пайдалануына берілді.
Жер мәселесін шешудегі жергілікті кеңес орындарының қызметі бірнеше кезеңнен тұрды.
-
1917 жылғы қарашадан – 1918 жылғы жазға дейінгі кезеңінде жергілікті Кеңестер, жер комитеттері мен комиссиялары бос жерлерді, тәркіленген помещиктік имениелерді есепке алып, шаруалардың жағдайын анықтап, жерсіз, жері аз шаруаларды жермен қамтамасыз ету мәселесімен шұғылданды.
-
1918 жылдың жазынан – 1920 жылдың аяғына дейінгі уақытты қамтыды. Бұл тұста жерді социализациялау жөніндегі шараларды іске асыруға әзірлік жұмыстары жүргізілді.
-
1921–1922 жылдары жер-су реформасы іске асырылды.
-
1924–1927 жылдары жерге орналастыру, шабындық, егістік жерлерді қайта бөлу жұмыстары жүргізілді.
Кеңес өкіметі алға қойған маңызды міндеттерді іске асыруда тәжірибенің жоқтығы, жергілікті кадрлардың түсінігінің кемдігі, сауатының аздығы, т. б. себептер негізінде бұл революциялық шараларды іске асыру барысында асыра сілтеушіліктің, солақайлықтың, теріс әрекеттердің орын алғаны, Кеңес өкіметіне сенімді азайтатын жағдайлар болды.
Халықтың өкіметі жеке адамның дара басшылығымен ауыстырылып, басқарудың командалық-бюрократтық тәсілі іске аса бастады. Мұның барлығы Қазақ Өлкелік комитетінің бірінші хатшылығына 1925 жылы қыркүйекте Ф. И. Голощекиннің келуімен байланысты болды. Ол келісімен республикада халыққа қысым жасау саясаты күшейіп, бұл ерекше қатаң сипат алды. Осы кезде – Қазақстанның қоғамдық саяси өмірінде күрт өзгерістер енгізілді. 1925 жылы желтоқсанында өткен өлкелік партия комитетінің бесінші конференциясында «Ауылды кеңестендіру туралы» шешім қабылданды. Республикада «Кіші қазан» революциясын өткізу үшін идеологиялық негіз жасалды, сөйтіп жаппай жазалау дәуірі басталып, ол қазақ халқын қайғы қасіретке ұшыратты.
Қазақстанда голощекиндік-сталиндік үлгі бойынша «қайта құрумен» келіспеген көрнекті жауапты қызметкерлердің қарсылығы жанышталды. 1927–1929 жж. әртүрлі сылтаулармен белгілі мемлекет қайраткерлері Т. Рысқұлов, Н. Нұрмақов, С. Қожанов, М. Мырзағалиев Республикадан аластатылды. Қазақстан Атқару Комитетінің Төрағасы Ж. Мыңбаев, Халық ағарту комиссары С. Сәдуақасов, Жер халық комиссары Ж. Сұлтанбеков және басқалар қызметінен алынды. Қазақ қызметкерлерінің көпшілік бөлігі топқа бөлініп, жікшілдік күреске қатынасқан деп кіналанды.
1928 жылдың аяғында «буржуазияшыл-ұлтшылдар» деп аталғандардың ішінде бұрынғы Алашорда қайраткерлерінің ішінен 44 адамға жалған айып тағылып, қамауға алынды. Олардың қатарында А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Х. Ғаббасов және басқалар бар еді. Құрамында М. Тынышбаев, Х. Досмұхамедов, Ж. Ақпаев, К. Кемеңгеров және басқалары бар ұлттық интеллигенцияның (40 адамдай) басқа тобы 1930 жылы қыркүйек-қазанда ұсталды. Олардың ішінен 15 адам Ресейдің Орталық қара топырақты облыстарына жер аударылды. Бұлардың барлығы дерлік 1937–1938 жж. атылды. Жалпы 1929–1931 жылдары қазақ интеллигенция өкілдерінің он мыңынан астамы жаппай жазалауға ұшырады.
10тақырып: 1918-1920 жж. Азамат соғысы жылдарындағы Қазақстан.
Жоспары:
1.Өлкеде азамат соғысының басталуы мен барысы.
2.Қазақ Кеңес республикасының құрылуы мен саяси тарихы
11тақырып: 1931-1933жж. Абралы, Шыңғыстау, Шұбартаудағы көтерілістер.
Жоспары:
1.1931-1932жылдардағы қуаңшылық және ашаршылық.
2.Жергілікті тұрғын халықтың мыңдаған отбасыларының республикадан тыс жерлерге қоныс аударуы.
3.Ауылдық жерлерде жасалған зорлық-зомбылықтарға қарсы наразылықтар.
12тақырып: ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ зиялыларының азаттық қозғалыстағы қызметінің саяси тарихы
Жоспары:
1.Бірінші орыс төңкерісі және қазақ зиялыларының саяси қызметі
2.Мемлекеттік дума және қазақ зиялыларының қудалануы
3.Азаттық қозғалыстың идеологиясын жасаудағы «Қазақ» газетінің рөлі
13тақырып: 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан.
Жоспары:
1.ҰОС : басталуы мен барысы
2.Соғыс жағдайына бейімделген Қазақстан
3.Ұлы Отан соғысы майдандарындағы қазақстандықтар.
4.Қазақстан соғыстан кейінгі жылдарда. (1946-1953жж).
Шабуыл жасаспау туралы (23 тамыз 1939 ж) Совет Одағымен жасаған келісімді бұзып, фашистік Германия 1941 жылы 22 маусымда соғыс жарияламастан КСРО аумағына басып кірді. Ұлы Оотан соғысы осылай басталды.
Соғыстың сипаты - Германия тарапынан бұл соғыс агрессиялық, жаулап алушы, әділетсіз соғыс болды, ал Совет Одағы тарапынан әділетті өз жерін қорғаған, азаттық Отан соғысы болды.
1940 жылдың орта кезеңінде – ақ (18 желтоқсан) Гитлер командованиесі СССР – ге басып кірудің «Барборосса жоспары» деп аталатын стратегиялық жоспарын жасауға кіріскен болатын. Бұл жоспар бойынша фашистік Германия мен оның қол шоқпарларының құрғақтағы, әуедегі және соғыс теңіз күштері КСРО-ға бір мезгілде шабуыл жасайтын болды. Бұл жоспардың басты мақсаты (идеясы) қысқа мерзім ішінде (3–4 ай), «қауырт соғыс» идеясы бойынша соғысты 1941 жылдың күзінде (қараша) аяқтау тиіс еді.
«Барбаросса» жоспарын жасаған кезде фашистік Германияның басшылары КСРО – ны «сансыз» көп ұлттың жасанды және «тұрақсыз бірлестігі», өзінше бір «ішкі бірліктен жұрдай этникалық конгломерат» деп қарастырды. «Россияның кең – байтақ жерін мекендеген халықтар жөніндегі біздің саясатымыз, - деді Гитлер өз сыбайластарына, - алауыздық пен жікке бөлінудің кез келген түріне қолдау көрсету болуға тиіс.
Фашистік Германияның негізгі мақсатының саяси және экономикалық астары болды. Германия империясы шикізат үшін, азық – түлік базасы ретінде қуыршақ мемлекет құруды көздеді.
Қуыршақ мемлекет жобасы фашистер жасап «Барбаросса» жоспарында көрсетілді. Жоспар бойынша фашистер КСРО жерінде Остланд, Украина, Московия, Еділ – Орал, Түркістан сияқты рейх комиссарияттарын құруды көздеді. Жоспарда көрсетілген «Үлкен Түркістан» отарының құрамына Қазақстан, Татарстан, Башқұртстан, Орта Азия, Әзірбайжан, Кавказ, Қырым, Ауғанстан, Шыңжан кіргізілді. Фашистер Кеңес адамдарын қырып – жою жолына осылай түсті.
Кеңес адамдарының патриоттық сезімі, әрине, бұл жоспарға қарсы тұра білді. Қазақстан халқы Отан қорғаушылар қатарына өз еркімен жаппай жазыла бастады. Мысалы, Алматы медицина институтының студенті Маншүк Мәметова: «Отбасымыздан майданға жіберетін ешкім жоқ, ағам да, апам да жоқ, сондықтан өзімді жіберуді өтінемін», - деп әскери комитетке өтініш берді. Республикада 2 млн. – нан астам адам әскери даярлықтан өтті.
Соғыстың алғашқы кезеңінде 14 атқыштар және атты әскер дивизиясы, 6 бригада құрылып, майданға жіберілді. Қазақстандық 36 – жеке атқыштар бригадасы 30 – дан астам ұлттан құрылды. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстаннан шақырылған жігіттерден 316 – атқыштар дивизиясы құрылып, оның командирі генерал М. В. Панфилов болды. Армия қатарына 1 млн. 196164 (1 млн. 196300) қазақстандық қосылып, әрбір бесінші адам майданға аттанды.
Қазақстанда еңбек армиясы құрылып, Қазақ КСР – нен 700 мыңнан астам адам шақырылды. Соғыс жылдары 27 әскери оқу орны 16 мың офицер даярлап шығарды. 1941 – 1945 жылдары әскери оқу орындарына 42 мыңнан астам қазақстандық жіберілді. Соғыс жылдарында Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлектерінің бірі И. Н. Кожедуб үш мәртебе Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
2. Қазақстан Экономиканы соғысқа бейімдеп қайта құру.
Соғыстың басталуына байланысты ел экономикасын соғыс жағдайына бейімдеу басталды. Республика экономикасы әскери бағытқа көшірілді (милитарландырылды).
Бейбіт мақсаттарға жұмсалатын қаржы мейлінше қысқартылды.
Көптеген кәсіпорындар қорғаныс өнімдерін шығара бастады.
Өскемен қорғасын – мырыш комбинаты, Қарағанды көмір шахталары сияқты соғысқа қажетті өнімдер шығаратын өнеркісіп құрылыстарын салып аяқтады. Соғыс жүріп жатқан жерлерден және майданға жақын аймақтардан 220 завод пен фабриканы, кәсіпорындары Қазақстанға көшіру жүргізілді.
Өнеркәсіптерді Қазақстанға көшіру екі рет жүргізілді:
1. 1941 жылдың аяғы мен 1942 жылдың басы;
2. 1942 жылдың күзінде өнеркәсіп орындары, кәсіпорындар, негізінен, Москва, Ленинград облыстарынан, Украина, Белорусь жерлерінен әкелінді.
Көшіріліп әкелінген 54 завод пен фабрика тамақ өнеркәсібі халық комиссариатының қарамағында болды. Жеңіл және тоқыма өнеркәсібінің 53 кәсіпорны көшіріліп әкелінді. Республикада аяқ киім саласының қуаты 12 есе, былғары саласының қуаты 10 есе өсті.
Москва қаласы және Москва облысынан көшірілген кәсіпорындар: Москва авициация жасау заводы, Урюпа етконсерв заводы, Дзержинский атындағы электротехника заводы, Москва рентген заводы, № 3 Александр радио заводы, С. Орджоникидзе атындағы механика заводы т. б. Жалпы Қазақстанда Москва қаласы мен облысынан көшірілген 40 завод орналастырылды.
Украинадан Қазақстанға көшіріліп әкелінген кәсіпорындар: Харьков электротехника заводы, Подольск механика заводы, Запорожье ферроқорытпа заводы, Днепропетровск вагон жасау заводы т. б. Украина ККС – інен Қазақстанға 70 өнеркәсіп орны мен жабдығы әкелінді.
Қазақ КСР – не әкелінген өнеркәсіптер мен фабрикалар, кәсіпорындар, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Семей, Ақтөбе, Орал қалаларында орналастырылды.
Әрине, Қазақстанға әкелінген кәсіпорындар өте қиын жағдайда жұмыс істеді. Өнеркісіп орындарымен бірге Қазақстанға майдан өңірінен көптеген мамандар да көшірілді. Мысалы, тек қана Домбасстан 3200– ге жуық шахтер, 2000– дай құрылысшы келді. Майдан өңірлерінен келген инженер– техниктер саны 700 – дай болды.
Қазақстан КСРО – ның негізгі әскери - өнеркәсіп базасына айналды. 1942 жылы Одақта өндірілген қорғасынның 85 % - ын, көмірден 18 % -ын, молибденнің 60 % - ын, оқтанды мұнайдың 1 млн тоннаға жуығын берді.
1942 жылы 21 тамызда кеншілер еңбегіне үдемі – кесімді ақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілді.
1942 жылы 24 тамызда Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің «Қарағанды көмір алабында көмір өндіруді арттыру жөніндегі шұғыл шаралар туралы» қаулысы шықты. Облыстың және ауданның еңбеккерлері Қарағанды шахталарын қамқорлыққа алу жөнінде патриоттық қозғалыс бастады. Шахтерлерді азық – түлікпен қамтамасыз ету, шахталарда тұрақты жұмыс істеу үшін адамдар жіберу, Қарағанды облысындағы 30 желісі 3 есе, оқушылар саны 5 есе көбейді. 1943 жылы забойлар желісі көбейіп, жер астында екінші Қарағанды пайда болды. Мұнайлы аудандарға көмек көрсетілді. Атырау мұнай өңдеу заводын, Каспий – Орск мұнай құбырын салу үшін қуатты құрылыс ұжымы ұйымдастырылды. Ембіге Әзірбайжаннан 400 маман мен жұмысшылар келді.
Соғыс жылдыры салынған құрылыстар:
Мақат – Қосшағыл темір жолы, Петровский машина жасау заводының екінші кезегі, Пешной аралы – Шарин құбыр жолы, Атырауда теңіз порты мен мұнай өңдеу заводы, «Комсомол» кәсіпшілігі т. б.
1944 – 1945 жылдары салынған жаңа өнеркәсіп обьектілері:
Текелі қорғасын – мырыш комбинатының алғашқы кезегі. Белоусов байыту фабрикасы. Ақмола ауылшаруашылық машина заводы. Алматы вагон жасау заводы, Атырау мұнай өңдеу заводы. 1941 – 1945 жылдары барлығы 460 завод, фабрика, шахта салынды. Өнеркәсіп өндірісі соғыс жылдарында 37 % - ке өсті.
Ауыл шаруашылығындағы жағдай төмендеді.
Ауылшаруашылық еңбеккерлерінің саны 1939 жылмен салыстырғанда 1942 жылы 600 мыңға кеміді. Колхоз өндірісінде әйелдер еңбегінің үлесі артып, 1940 жылғы 48%-ң орнына 1942 жылы 75% -ға жетті. 76 мың механизаторлардың 55 мыңнан астамы әйелдер болды. Бүкілодақтық социалистік жарысқа 10 мыңнан астам тракторшы қыз – келіншек қатысты.
1942 жылы егіс көлемі 1941 жылмен салыстырғанда 842 мың гектарға көбейді. 1943 жылы 775 мың га жаңа жер алқаптары егістікке арналды.
Сөйтіп, республика экономикасын соғыс жағдайына көшіру жүзеге асырылды. Соғыстың алғашқы күндерінен Қазақстан майдан арсеналына айналып, майдан мен тылды қару – жарақпен, оқ – дәрімен, азық – түлікпен қамтамасыз етуші аймақ болды.
Соғыс жылдарында тылда еңбек еткен жұмысшылар ерлігі аңызға айналды. Георгий Хайдин мыңдықщылар қозғалысының жетекшілері А. Семиволос мен И. Янкиннің әдісін қолданған республикадағы үздік бұрғылаушы болды. Соғыс жылдарында Ы. Жақаев, Ш. Берсиев, Б. Самжүрекова, Ким Ман Сам, В. П. Кривич, И. Я. Кудлай есімдері бүкіл елге әйгілі болды.
3. Майдандағы қазақстандықтар.
Соғыстың алғашқы күндерінен бастап қазақстандықтар барлық майданда шайқасты. Олар Отан үшін фашистерге қарсы бағытталған ұрысқа аянбай кірісті. Қазақстанда ұйымдастырылған көптеген әскери бөлімдер майданға жіберілді. Даңқты Брест қамалын қорғаушылардың қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. Олардың арасында Ғ. Жұматов, В. Фурсов, К. Тұрдиев, Ш. Шолтырев, К. Иманқұлов, Е. А. Качань т. б. жаумен жан аямай шайқасып, ерліктің үлгісін көрсетті. 1941 жылы 24 маусымда 219 атқыштар полкі Литваның Шяуляй қаласында алғаш рет ұрысқа кірісті. Қазақстандықтар жау әскерлерімен Перемышев, Мурманск, Одесса, Севостополь, Сталинград түбіндегі, Украина, Белоруссия жеріндегі жанқиярлық қарсылығына қарамастан немістер соғыстың бастапқы кезінде үлкен басымдылыққа ие болды. Оның бірнеше себебі бар еді. Біріншіден, басынан бақайшағына дейін қаруланған, Европаның көптеген елдерін бағындырған жау әскерінің соғыс жүргізу тәжірибесі мол болды. Екіншіден, тұтқиылдан жасалған шабуылға Кеңес әскерлері әзір емес еді. Үшіншіден, Кеңес әскерін қайта құру, қаруландыру тиісті дәрежеде болмады. Төртіншіден, 1939 – 1940 жылдардағы Қызыл Армияны тазалау кезінде әскердің көптеген қолбасшылары, жоғары, орта буындағы офицерлері ұсталып атылып кетті. Осының бәрі Қызыл Армия бөлімдерінің соғыстың бастапқы кезінде үлкен сәтсіздікке ұшырап, мыңдаған жауынгерлерден айырылуына соқтырды.
Москва шайқасы (1941 жыл 30 қыркүйек – 1941 жыл 6 желтоқсан).
Қазақстандықтардың жауынгерлік даңқы, әсіресе, Москва түбіндегі шайқаста шықты. Республикада жасақталған 316 – атқыштар дивизиясына Маскваға апаратын негізгі өзекті жолдың бірі – Волокаламск тас жолын қорғау тапсырылды. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1075 ұлан атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. 28 танк жоюшылар («28 панфиловшы») тобы Дубосеково разъезінде жаудың 18 танкісін жойып жіберді. Ротаның саяси жетекшісі В. Г. Клочков «Россия кең – байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Москва» ұранын көтерді. Оның бұл сөзі бүкіл майданға тарады. Кейіннен «28 панфиловшы» ерлігі аңызға айналды. Олар қасық қаны қалғанша шайқасты. Бәрі дерлік қаза тапты, бірақ жауды өткізбеді. Сондай – ақ Москва қорғау тарихына панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П. В. Вихров, М. Габдуллин, автоматшылар Т. Тоқтаров, Р. Амангелдиев мәңгі өшпес із қалдырды.
316 – дивизия жауынгерлерінің ерлігі мен қаһармандығы жоғары бағаланды. 1941 жылы 17 қарашада оған 8-ші гвардиялық дивизия атағы беріліп, Қызыл Ту орденімен марапатталды. Москва облысының Бородино селосының түбінде неміс штабына басып кіріп, немістердің көзін жойған Төлеген Тоқтаровқа Кеңестер Одағының батыры атағы берілді. М. Ғабдуллин басқарған автоматшылар тобы да ерекше ерлік көрсетіп, жау танкілерінің бірнешеуін жойды. М. Ғабдуллинге Кеңестер Одағы батыры атағы берілді.
1942 жылы 3 мамырда 238 атқыштар дивизиясы ұйымшылдығы және ерлігі үшін Қызыл Ту орденімен марапатталды, ал 1942 жылы бұл дивизия 30 – гвардиялық дивизия болып қайта құрылды.
Москва шайқасының тарихи маңызы:
- Гитлершіл басқыншылардың Москва түбінде талқандалуы жау әскерлерінің рухын түсірді,
- Гитлердің қауырт соғыс жоспары «Блицкриг» біржола күйреді,
- Қенес армиясы стратегиялық бастаманы қолға алып, түбейгейлі бетбұрыс басталды.
-
Достарыңызбен бөлісу: |