5. Тікелей емес адреномиметиктер (симпатомиметиктер), фармакологиялық әсерлері, қолданылуы, жанама әсерлері
Тақырыптың өзектілігі
Адренергиялық (симпатикалық) жүйке жүйесіне әсер ететін заттар медициналық практикада кең қолданылады. Соның ішінде адренергиялық синапстарға ынталандырғыш әсер ететін заттар (адреномиметиктер) практикалық маңызды көптеген әсерлер шақырады, атап айтқанда, қан тамырларын тарылту, артериялық қысымды жоғарылату, атриовентрикулярлық өткізгіштікті жақсарту, миокардтың жиырылғыштығын жоғарылату, бронхтарды кеңейту және т.б. Топ препараттары медицинаның барлық салаларында кең қолданылады: кардиология – жүрек тоқтап қалғанда, әртүрлі себепті артериялық қысымның төмендеуі (коллапс, шок), пульмонология - бронх өткізгіштігі бұзылыстары синдромында (демікпе ұстамасын тоқтату үшін және алдын алу үшін), акушерлік практикада – түсік түсудің алдын алу үшін, стоматологияда – жергілікті анестетиктердің әсерін ұзарту үшін және т.б.
Сондықтан, адренергиялық жүйеге ынталандырғыш әсер ететін заттардың фармакокинетикасының және фармакодинимикасының ерекшеліктерін білу өзекті мәселе болып табылады.
Адренергиялық заттар – бұл адренергиялық синапстың қызметіне әсер ететін заттар
Адренергиялық синапс бойынша импульcтің берілуі норадреналин медиаторы арқылы жүзеге асады