ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті
Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызымен сұхбат
«Даиш − мүдделер қақтығысының құралы»
− Армысыз, Айнұр Әбдірәсілқызы! Сізбен кезекті сұхбатымызды бүгінгі күннің өзекті мәселесі – Таяу Шығыс тақырыбына, соның ішіндегі ДАИШ ұйымының іс-әрекетіне арнамақ ниеттеміз...
«Cоғыс – идеялар күресі» деген анықтаманы адамзат тарихы ғасырлар бойы қайталап келеді. Менің түсінігімде қазір соғыс идеялар күресі болудан кеткен. Қазіргі соғыстар – мүдделер қақтығысының шегінен шыққан шақтағы қасіретті салдары. Оларға себеп болған ортақ тін − геосаяси мүдде. Ол әр кезеңде, әр өлкеде әртүрлі желеумен көрініс тауып отыр. Оның субъектілері – кейде мемлекеттер, кейде ықпалды жеке тұлғалар болып келеді.
Енді Сириядағы жағдайды Таяу Шығыстың жеке мәселесі емес деп санайтын тұжырымымызға келейік. Таяу Шығыс мемлекеттерінің ғасырлар бойы Еуропаның отары болып келгенін дүниежүзілік тарихты мектеп қабырғасында ежіктеп оқыған отандық ойлы оқырман жақсы білуге тиіс. Сол саясаттың салдары өткен ғасырдың өн бойында Таяу Шығысты азаматтық соғыстың, азаттық күрестерінің ордасы етті. Бірде қосылып, бірде ірге бөлісіп, сан салалы тағдырды бастан кешкен Таяу Шығыс елдері дербес мемлекеттерге айналып, ғасыр соңында тыншығандай хәл орнағаны мәлім. Бірақ ширығып алған саяси сананы ішкі тұрақтылыққа сына қағушы күштер жаңа арнамен жарып шығуға арандатты. Бұл жолғы мүдделер қақтығысына құрал болған лайықты форма – дін атын жамылған радикалдану құбылысы еді. ДАИШ – осы бағыттағы үдерістердің ащы жемістерінің бірі.
− Қалай ойлайсыз, оның жақтаушылары да осылай пайымдай алар ма екен?
− Радикалды топтардың ұшар басында тұрғандар бұл бағыттағы барлық әрекеттерге дін атаулының мүлде қатысы жоқтығын жақсы біледі. Яғни діни идеологияның еліктіру құралы мен бетперде екендігі олар және сыбайластары үшін айдан анық, күннен жарық мәселе.
Төменіректегі орта бөлік үшін дін мен дүние мүддесі аралас жатыр. Нақтырақ айтсақ, олардың арасында бұрмаланған мәніндегі дін идеясына көзсіз берілгендер де, бетпердесін баса киіп, үлкен қаржы жолында дін атын қолжаулық еткендер де баршылық.
Ал жалған идеяға жаңа елітіп, жалындап жүрген, ыстық-суығы басылмаған, ақиқатқа көзі ашылмаған төмендегі топ үшін, әрине, идея бірінші тұр. Олар үшін жазықсыз жанның қанын төгу дін жолындағы ұлы күрес іспетті. Өкінішке орай басым көпшілікті құрайтын осы бөлік өздері арбалған жалған идеяның бірінші кезектегі құрбандары да өздері екенін сезіне бермейді.
− Қайсысы қауіптірек?
− Ешбірі осал емес. Ақымақтың үлкен-кішісі болмайтыны секілді, қауіптің де үлкен-кішісі болмайды. Адамзатқа қарсы қылмысқа дін атын жамылғы ету – осы дәуірдің нәубеті. Қазіргі қимыл осы қауіпті бейтараптандыру мен бетпердесін ашуға бағытталуы қажет. Бағытталып та жатыр.
Бірақ қауіптілік тұрғысынан келгенде мен назарды мәселенің басқа қырларына аударғым келер еді. Лаңкестік әрекеттер бір ғана аты жаман ДАИШ ұйыммен, бір ғана өрт шалған өлкемен шектеліп отырған жоқ. Кез келген уақытта ұйымдасқан лаңкестік әрекетті жүзеге асыруға дайын қауіпті күштердің әлемнің әр түкпірінде қалыптасып үлгергенін соңғы кездері жиілеп бара жатқан қантөгістер айқын аңғартып отыр. Бұл – алаңдатарлық емес, уайымдатарлық жайт. Жаһанданудың қайтарымсыз үдерісі, ашық шекара саясаты мен ашық ақпарат кеңістігі еркін байланыстарға ғана емес, жағымсыз салдарларға да жол ашты. Өкінішке орай, өркениетті даму сатысына өткен шағында адамзат осындай қауіппен өмір сүруге мәжбүр болып отыр.
Атап айту қажет, жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіретін мұндай қантөгістер өз кезегінде әлемдік қауымдастықтың лаңкестіктің алдын алу шараларында күш біріктіріп, жұмыла түсуіне, пәрменді тетіктер қалыптастыруына әсер ететіні айқын. Ұлттар мен мемлекеттердің өзін-өзі сақтау инстинкті мен қалыптасқан қауіпсіздік институттары еріксіз осыған алып келеді. Бірақ екінші жағынан «Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан» деп атамыз қазақ айтпақшы, мұндай оқиғалар түсінігі біржақты тұлғалар санасында исламофобияны өршітуге тағы да себеп болатынын жасыруға болмайды. Оған мүдделі күштердің жан сала кірісіп отырғаны да айқын.
− Дәстүрлі сұрақ: Не істеу керек?
− Тек осы мәселе бойынша ғана жауап берер болсақ, бір нәрсені ескеруіміз керек: Біз қанша жерден «лаңкестік – дінге жат» деп жар салып жатқанымызбен, ислам қайраткерлері мен күллі мұсылман қауымы лаңкестікті қатаң айыптап отырғанымен, ақпарат кеңістігінде исламофобияны қоздыруға себеп болатын ақпараттардың көптігі белгілі бір дәрежеде өз салдарын тудырады. Ал исламға деген жеккөрінішті көзқарас өз кезегінде кері әсер туғызып, қарапайым мұсылмандардың ашу-ызасы мен наразылығына себеп болатыны анық. Сондықтан лаңкестікке қарсы күрестің басты бағыттарының бірі ақпарат кеңістігін азаматтарды исламофобияға жетелейтін орынсыз айыптауларға толы жағымсыз ақпараттардан арашалау, осы тектес мәліметтерден мүмкіндігінше тазарту болуға тиіс. Сонымен бір мезгілде діннің шынайы болмысын, реттеушілік функциясын терең түсіндіретін жан-жақты, мазмұнды мәліметтерді көптеп жариялау қарқынды түрде жүргізілуі қажет. Қазақтың «Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын» дейтіні осы.
– Ал экстремистік мазмұндағы мәліметтерге тосқауыл қою мәселесі ше?
– Бұған дейін де жүргізіліп келе жатқан экстремистік және террористік мазмұндағы мәліметтер мен ғаламтор ресурстарына тосқауыл қою ісін одан әрі жандандыру, жеделдету қажеттігі – басы ашық мәселелердің бірі. Тек Елбасымыз орынды ескерткендей, «лаңкестікпен күрестің дінмен күреске айналып кетпеуін» ерекше қадағалау маңызды. Себебі, қаласақ та, қаламасақ та рух саулығынан гөрі бас амандығын көбірек ойлау – адамзат қоғамына тән сезік. Қазірдің өзінде «Дінге сенудің, діни сенім бостандығына жол ашудың қажеті бар ма өзі?» деп, сенім мәселесіне тек қауіпсіздік тұрғысынан ғана қарайтын көзқарастардың аз айтылып жүрмегенін ескерген жөн. Бұл да өз кезегінде шектеулі көзқарас болып табылады, ал шектелушілік белең алған жерде даму тежеледі. Сонымен қатар шектеулі көзқарастар қашанда қарсы пікір мен наразылықтың туындауына себеп болып табылады.
Дін мәселесіне қауіпсіздік тұрғысынан қарау жеткіліксіз, оған құндылықтық тұрғыдан назар аудару қажет.
− Сөзіңіз аузыңызда, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сіз «діни экстремизм» және «діни терроризм» терминдеріне қатысты оқшау пікір айтқан едіңіз. Сол пікіріңізді тарата айтатын орайлы сәт келген тәрізді...
− Ол ой былайша өрбіген еді: Біз әдетте «Шетін көзқарас – дінге жат», «Дінде экстремизм де, терроризм де жоқ» дегенді үнемі айтамыз. Осы бағытта мемлекет тарапынан сансыз көп ақпараттық ағарту жұмыстары ұйымдастырылуда. Оған дәстүрлі діндер өкілдері де лайықты дәрежеде үн қосып отыр. Сөйте тұра біз «діни экстремизм» және «діни терроризм» деген тіркестерді ойланбай қолданудамыз. Мемлекет азаматтарын қайшылықты ұғымдар мен көзқарастардан арашалау, қоғамдық пікірді дұрыс қалыптастыру үшін кезең-кезеңімен күрделі ұғымдарды қайта қарап отыру қажет. Осы орайда бірінші кезекте «діни экстремизм» және «діни терроризм» ұғымдарын қайта қарап, лайықты анықтамасын қалыптастыруымыз қажет. Шетін көзқарастарды дінге өз қолымызбен жақындатып, дін атын жамылған құбылыстарды «діни» деп танығаннан ұтарымыз жоқ, ұтыларымыз көп болмақ.
Дінге ықылас уақыт өткен сайын күшейе түспек – өйткені ол адам болмысында бар қажеттілік әрі қасиет. Дін мәселесін дінді сезіне отырып қана шешуге болады. Дін – қоғамдық сана негіздерінің бірі, рухани мәдениет феномені, адам өміріне мағына мен руханилық дарытушы күш, адамзат болмысының айнымас қажеттілігі, ажырамас бөлшегі, табиғи тірегі ретінде толық мойындалғанда ғана оған қатысты стереотиптер мен әдістер өз-өзінен өзгереді, жанды, қоғаммен байланысы бар, рухтандырушы және руханиландырушы әдістемеге айналады. Осындай жағдай қалыптасқанда радикализацияға тірек болатын құбылыстар еріксіз күшін жояды. Жоғарыдағы «дін мәселесіне құндылықтық тұрғыдан назар аудару қажет» дегендегі айтпағымыз да осы еді.
− Енді елімізге ойыссақ. Сіздің «радикализацияға тірек болатын құбылыстар» деген анықтамаңыз біраз мәселенің түйінін тарқатуға мүмкіндік беретін тәрізді. Осы құбылыстарға Қазақ елінің мысалында кеңірек тоқталсаңыз...
− Ішкі ахуалы қаншалықты тұрақты болса да, ешбір мемлекет «әлеуметтік-экономикалық мәселелерімізді толық шешіп болдық» деп айта алмаса керек. Қазақстанның да өзіне тән қиындықтары жеткілікті, ол мәлім жағдай және белгілі бір дәрежеде қалыпты құбылыс.
Кез келген мемлекет өз тарихының өн бойында даму үстінде болады, оның азаматтарының саны да, сұранысы да өсіп, өзгеріп отырады, мемлекет дүниежүзілік даму үдерістерінен шет қала алмайды, технологиялық өсу қарқыны мен қажеттілігі тағы бар, осының барлығы ерікті-еріксіз барлық мемлекеттерде шешілуі тиіс мәселелерді тұрақты түрде туындатып отырады.
Ал рухани саладағы қиындықтар – өз алдына бір төбе. Ол мемлекет азаматтарының тарихи тәжірибені игеру дәрежесі, соның негізінде қалыптасқан рухани деңгейі, сапалық құрамы, рухани сұраныстары мен ішкі-сыртқы байланыстары секілді көптеген факторлар есебінен қалыптасады. Бұл да өз кезегінде тоқтаусыз үдеріс.
Осы ерекшеліктердің барлығы табиғи түрде Қазақстан қоғамына да тән болып табылатын қазіргі жағдайда біз де радикалдану үдерісімен бетпе-бет келіп отырмыз. Оның әлеуметтік-экономикалық және саяси алғышарттарын түйсіне отырып, шешу және алдын алу жолдары көптеп талқылануда, кеңінен қарастырылуда. Ал енді осы құбылыстың әлеуметтік қырының аясында қамтылатын тұлғалық ерекшелік мәселесінің де маңызы аз еместігіне жете назар аударып үлгермеген тәріздіміз.
− Демек, мәселенің бір ұшығы тұлғада ғой?
− «Бір ұшығы» емес, «негізгі тіні» десек те ақиқаттан алыс кетпейміз. Әрбір азамат жеке тұлға ретінде табиғатынан дарыған мінез-құлыққа ие. Идеология немесе тәрбие саласы қаншалықты пәрменді қызмет атқарса да, тұлғалық болмыс өз ерекшелігін жоғалтпайды, соның ішінде кемшіліктерінен де ада-күде арыла алмайды. Шетін көзқарастарды қабылдауға бейімділік адамның тұрмыс жағдайына, діни сауатына ғана емес, табиғатына да тәуелді.
Шетін көзқарас пен лаңкестік әрекетке еліккіштердің мінез-құлқының ортақ ерекшеліктері ретінде өзіне және әлеуметтік жағдайына көңілі толмаушылық, кез келген қиындыққа өзгелерді (соның ішінде мемлекеттік құрылымды да) кінәлауға бейімділік, әлеуметтік әділеттілікті тар ауқымда түсініп, ортаны өзгертуге құлшыну, тәуекелшіл әрекеттерге бейімділік, өзін көрсету, өзінің бір нәрсеге қабілеттілігін дәлелдеуге тырысушылық секілді сипаттар айқындалған.
Демек, әлеуметтік-экономикалық мәселелердің бәрін шешіп, қоғамды гүл жайнатып қойсаңыз да, күйретуші идеялар мен шетін көзқарастарды тудырушылар да, қабылдаушылар да қашанда табылады.
− «Идеалды қоғам болмайды» деген тұжырымға тоқыраймыз ғой...
− Адамзат қоғамы идеялар қақтығысы тоқтап қалған, қарсылықтар мен қиындықтар болмаған жұмақ дәуір мен жер бетіндегі жәннат мекенді әзірге білмейді. Күйретуші күштер барлық дәуірлерде болған, әрбір тарихи кезеңде ол өзіндік бір формасын тауып, жарыққа шығуға жан салады. Радикалдану үдерісі – ХХІ ғасырдың мәселесі, осы кезеңдегі күйретуші идеялардың көрініс табу тұрпаты. Әзірге ол радикалдану құбылысын қолдан жасаушылар мен жандандырушылар үшін барлық формалардың ішіндегі ең ыңғайлысы болып отыр.
Ал ол форма кең өлшемді, терең мазмұнды, түрлендіруге икемді дін қалыбын иемденіп, оның болмысын бұрмалап танытуға тырысқанда, қарапайым сананың ақ пен қараны ажырата алмай сансырап қалуы қалыпты жағдай. Өйткені ол сананың бұған лайықты дайындығы болған жоқ. Ол заңды да: Радикалдану үдерісінің әлемдік осынша жылдам қарқын алатынын болжап біліп, дайындық жасап үлгерген ел жоққа тән. Бұл орайда бүкіл адамзат қоғамы құбылыстың өзімен де, себебімен де емес, салдарымен күресуге мәжбүр болып қалды. Алғашқы ауыр соққылардан кейін ес жинап, етек жауып, болуы мүмкін лаңдардың алдын алуға адамзаттың төселе бастағанына тарихи өлшеммен алғанда көп уақыт бола қойған жоқ.
Әлемдік тарихтың тағылымды тәжірибесіне сүйеніп пайымдар болсақ, адамзат қоғамы бұл шырғалаңнан шығудың да жолын табады. Бірақ келер күннің күйреткіш күштері өзіне жаңа тұрпат табуға тырысатынын да түсінуге тиіспіз. Айтылғандардың аясында радикализмнің діни мәселе емес, саяси-әлеуметтік мәселе екенін тұжырымдау кімге де болса қиынға соқпайды деп ойлаймын.
− Осы құбылыстың өзіңіз атап көрсеткен саяси-әлеуметтік қырларын айқындай түссеңіз...
− Дін қағидаларының бұрмаланып, саяси мақсаттарға пайдаланылуы – мәселенің бірінші қыры болса, әлеуметтік өмірдегі жеке тұлға бетпе-бет жүздесетін қиындықтарының осы мақсатты жүзеге асыруға жегілуі – мәселенің екінші жағы. Діннің саяси мақсаттарға пайдаланылуы геосаяси, стратегиялық қырларынан да, дін қағидаттарын қарулы күрес (ДАИШ мысалында – «жиһад») идеясына бұрмалап жегу жөнінен де, идеалды мемлекет («Ислам мемлекеті») орнату жөніндегі жалған әрі жасанды түсініктерді орнықтыру тұрғысынан да аз айтылып жүрген жоқ. Мен радикализм ықпалына түсуге әлеуметтік жағдайлар мен тұлғалық ерекшеліктердің қай дәрежеде себеп болып отырғанына аз-кем тоқталып өтейін. Бір жағынан бұл жоғарыда айтылған кейбір ойларды тарата түсуге мүмкіндік береді.
Қазақстандық зерттеуші, психолог Л.Шакимова еліміздегі лаңкестік әрекетке немесе оны ұйымдастыруға қатысқан тұлғалардың өмір-дерегін зерттей отырып, олардың әлеуметтік-психологиялық мінездемесін жасақтап шыққан. Оның сипаттауына сәйкес радикалды идеологияны ұстанушылар ішінде толық емес отбасынан шыққандар – 18%, психологиялық соққы алғандар – 39%, бас-сүйек жарақатын алғандар – 36%; түзету мекемелерінде болғандар – 32%; маскүнемдікке салынғандар – 61%; есірткіге тәуелділер – 27%; құмар ойынына салынғандар 43%-ды құрайды екен. Мұның ішінде, әрине, осы аталған қиындықтардың бірнешеуін қатар басынан өткерген немесе ішімдік, есірткі мен құмар ойындарына бірдей тәуелділікке түскен тұлғалар аз еместігі айқын.
Лаңкестік идеологияға бой ұрғандардың 52%-ының тұрақты жұмыс орны жоқ, 38%-ының тұрмыс деңгейі төмен, 52%-ы баспанасыздар болған. Білімі жөнінен алғанда радикалды идеология ұстанушыларының 36%-ы – орта, 18%-ы – жоғары білімді болған (Басқа санаттағылар (аяқталмаған орта, аяқталмаған жоғары білімді) да болуы мүмкін, олар жөнінде мәлімет келтірілмейді). Тұтастай алғанда 84% лаңкестердің мүлде діни білімі болмаған.
Жас ерекшелігіне келсек, бұл келеңсіз құбылыста әдеттегідей басым көпшілікті жастар құрайды. Барлық нәрседе, соның ішінде рухани ізденістерде де жоғары шекке (максимализмге) бейім тұратын, аңсар-мұраты қалыпты тіршіліктен жоғары, ерлік жасауға құштар, өзгерістерге құлшынысы мол, сонымен қатар ересек буынмен салыстырғанда бос уақыттың да қызығын көбірек көретін жастардың қашанда жаңашыл көрінетін жат идеологиялық және құндылықтық бағдарларға оңай елігетіні әмбеге аян жайт. Радикалды идеология құрығына шындап ілінгендердің 48%-ы 26-35 жас аралығындағылар болса, 19%-ы 25 жасқа толмағандар екен.
Осының барлығы радикалдану құбылысының әлеуметтік-тұлғалық алғышарттары қаншалықты пәрменді екендігін көрсетеді. Сондықтан дін қағидаларының дұрыс түсінілуі, шетін көзқарастарға жол берілмеуі үшін діни сауаттылықты жетілдіру қаншалықты маңызды болса, радикалдануға икемді сананы оң сапаға бейімдеу үшін қоғам мүшелерінің әлеуметтік-психологиялық мәселелерін шешуге қолдау көрсету де соншалықты маңызды.
Әрине, ДАИШ қатарында қазақстандық 400-ге жуық азаматтың бар екендігі, оның жартысына жуығын әйелдер мен балалардың құрайтыны ресми дереккөздерінде айтылып жүргенімен, олардың әлеуметтік-психологиялық портретін жасақтау мүмкіндігінің әзірге шектеулі екені айқын. Дегенмен жоғарыдағы талдаулар экстремистік және радикалды идеологияға тартылуға бейім тұлғалардың ортақ сипатын танытады деп сеніммен айтуға болады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Достарыңызбен бөлісу: |