Қр мен қхр арасындағы экономикалық Әріптестіктің МӘселелері мен болашағЫ



Дата09.07.2016
өлшемі108.46 Kb.
#186532
УДК. 339.92(075.8)

ҚАБИДЕНОВ М

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің

Халықаралық қатынастар факультетінің

ІІ курс магистранты


ҚР МЕН ҚХР АРАСЫНДАҒЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘРІПТЕСТІКТІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН БОЛАШАҒЫ

Аннотация

Мақалада Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық қарым-қатынастың мәселелері мен болашағы қарастырылады. Мемлекеттердің қолдау шараларының тетіктерін атқару мен жүзеге асыру қызметінің бағыттары анықталған. Елдердің түрлі аймақтарының бизнесін мемлекеттік оңтайландыру тәжірибелері талданылған.



Түйін сөздер: экономика, бизнес, тетік, даму, аймақ
 

Қазақстан мен Қытай арасындағы жалпы кешенді қарым-қатынас сатыларында сауда-экономиканың рөлі маңызды болып табылады. Ол белгілі бір деңгейлерде көптеген факторларға байланысты: экономикалық өзара толықтырушылық, географиялық жақындық, күшті экономикалық даму және екіжақты кең көлемді реформалардың жүріп отыруы. Аталған мәселелердің ішінде біз өз зерттеуімізде экономикалық қарым-қатынастың даму кезеңдері мен болашағын ғылыми талдауға талпыныстар жасаймыз. Қос мемлекет ортасындағы экономикалық даму маңызды бірнеше мемлекетаралық, үкіметаралық келісімшарттар мен келісімдердің негізінде түзіліп, өзара әріптестіктің ұстанымдары мен бағыттарын анықтап отырады. Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси және экономикалық саладағы қатынастарда мынадай ұстанымдар басшылыққа алынды: егемендік пен аумақтық тұтастықты өзара құрметтеу, шабуыл жасамау, ішкі істерге араласпау, теңдік пен өзара тиімділік, бейбіт қатар өмір сүру, барлық елдердің халықтарының әлеуметтік құрылыс пен даму үлгісін таңдау құқықтарын құрметтеу.

Қазақстан Қытай үшін, ТМД кеңістігіндегі Ресейден кейінгі екінші нарық көзі болып табылады. Екі тарап арасындағы экономикалық даму деңгейі жылдан-жылға қарқын алуымен ерекшеленеді. 1990-ы жылдарға қарағанда 2000-ы жылдардың орта кезеңі сауда айналымы құрылымы бойынша ұлғаюға ие болады[1, 62 б.].

Екі мемлекеттің бірлескен үкіметі мен кәсіпкерлерінің күш салуымен экономикалық қарым-қатынас қанағаттанарлық көрсеткіштерді құрап келеді. Бұл жерде Қазақстандағы экономикалық ахуалдың жақсара түсуін де атап өткен жөн. Экономикалық дамуда Қазақстан үшін қаржы, өнеркәсіп саласының және мұнай-газ секторларының алға қадамдар басуы сыртқы инвестицияларды тартуда негізгі рөл атқаруда. Сонымен қатар, Қытай тарихында өткен жекешелендіру саясатының әдістері елімізге өзіндік мысал болуда. Қытай ДСҰ-ға Қазақстанның кіруіне үлкен қолдау білдіріп отыр.

Енді, екі мемлекет арасындағы экономикалық қатынастар дамуының тарихи жолына тоқталу маңызды болып табылады. ҚХР-дың ұлттық стратегиясын дамытуда жетекші құралды сыртқы саясат факторы құрады. Оны жиі түрде консервативті бағалайды. Шынында Қытайдың көптеген басты сыртқы саяси ұстанымдары елу жылдың көлемінде өзгеріссіз қалуда.

Ұстанымдар бірінші ретте елдің зайырлылығы мен мемлекетаралық өзара қатынас негізін тануда жатқанымен, 1970-шы жылдардың соңы мен 80-шы жылдардың басында жасалынған экономикалық реформалардың «мәдени төңкеріс» жылдарындағы бағдарлардан айырмашылығын айқындау білу қажет.

Бүгінгі ҚХР-дың сыртқы экономикалық саясаты бірқатар тәсілдері бойынша, 1980-шы жылдардағы даму тұжырымдамасына байланысты болғанымен, соңғы 5-10 жыл ішінде айтарлықтай жаңашылдықтарға ие болды. КСРО ыдырауынан бұрын-ақ, ҚХР басшылығы сыртқы экономикалық қатынастарда өнімді парадигманы құрастырып, 1990-шы жылдардың басындағы драмалық халықаралық ахуалдарда, өзін-өзі ақтап шықты. Қытайдың сыртқы саясатындағы өзге державалық мемлекеттерден өзгешелігі халықаралық шиеленістерден тыс тұруға бейімдігі, әлемдік-жаһандық мәселелерге сирек үн қосуымен және бастысы сауда-экономиканы сатылы түрде дамытуға негізделеді[2, 123 б.].

Соңғы онжылдықтар көлемінде ҚР мен ҚХР арасындағы сауда айналымы үздіксіз өсу ағымымен айрықшаланады. Оның ішінде ресми мәліметтер бойынша қазақстандық экспорт импорттан асып түседі. Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымының құрылысы негізгі ретте мұнай, көмір, темір, қара металдар, электролитті мыс, никель, алюминий және де мал шаруашылығы өнімдерін сатудан тұрады.

Тауар айналымының үлкен бөлігін тікелей және шекара аймағындағы сауда құрап, оның 1/3 бөлігі баспа-бас айырбас саудасы құрайды.

1998 жылы ҚХР-ға Қазақстаннан экспорт 484,3 млн. долларды құрап, қытай импорт тауарлары 78,5 млн. АҚШ долларына шамалас болды. Бұл мәліметтерден көретініміз экспорт пен импорт арасындағы тепе-теңдіктің біршама алшақтығында. 2001 жылы ҚР мен ҚХР арасындағы экспорт пен импорт ұлғайып келесідегідей көрсеткіштерге ие болды: экспорт – 1004 млн. АҚШ долларын, импорт – 567 млн. АҚШ долларын құрады[2, 124 б.].

«2003 жылдың бірінші кварталында ғана қазақстандық тауарлар экспорты 415 млн. АҚШ долларын құраса, ҚХР-дан импорт – 255 млн. АҚШ долларына жетті. 2003 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 3,3 млрд. АҚШ долларына тең болды». Аталған көрсеткіш қос мемлекет ортасындағы сауда-экономикалық қатынастар тарихындағы рекордтты көрсеткіш болып табылады. «Синьхуа» агенттігінің 2013 жылғы мәлімдемесінде ШҰАА (Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданы) мен Қазақстан арасындағы шекаралық кеден бекеттерінен өтетін тауар айналымының көлемі 13,4% дейін өсіп 22,82 млрд АҚШ долларын түзді.
ШҰАА-ның аймақтық кеден ведомствосының хабарлауынша синьцзяндық КБӨН (кедендік бақылау-өткізу нысандары) бойынша Қазақстанға экспорт
9,96 млрд. АҚШ долларын (алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,8% өсу), импорт көлемі – 12,86 млрд. АҚШ долларын (13,8% өсу) құрады.
2013 жылы Қазақстанға экспортталған өнімдер арасынан машина құрылысы және электртехникалық материалдар өнеркәсібі бұйымдарын жеткізу көлемі артқан. Статистикалық мәліметтерге жүгінгенде, киім мен тігін бұйымдары экспорты 26,2% артып, жалпы айналымның 38,3% қамтыды.
Мұнай мен тау-кен өнеркәсібі өнімдері Қазақстаннан Қытайға тасымалданатын негізгі тауарлар болып табылады.
2013 жылы Қазақстаннан Қытайға тасымалданатын шикілей мұнайдың импорты 9,26 млрд. АҚШ долларын (14,3% өскен) құрады. Оның жалпы импорттағы көлемі 72% жетті[3].

2013 жылы Алашанькоу бұрынғысынша Қазақстан мен Қытай арасындағы ірі КБӨН болып қала беріп, екі жақты тауар айналымындағы үлесі 71,2% көрсетті. Оның үстіне, 2013 жылдың 23 желтоқсанында Қытай мен Қазақстан бірлескен ауылшаруашылығы өнімдерін жылдам өткізу үшін, «Бақты» кедендік бекетінде «жасыл дәліз» жобасы іске қосылды. Бұл Қытайдың шекаралас елдермен арадағы бірінші кедендік жобасы болып табылды. 2015 жылдың қорытындылары бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айнылымының көрсеткіші 15 млрд. АҚШ долларын құрайды деген болжамдар бар[3].

Екі елде тауар айналымын ұлғайту бойынша қосалқы қорлармен жабдықталған. Аталған контексте ерекше өзектілікке екі ел аймақтары мен кәсіпорындарының тікелей экономикалық байланыстарының дамуы ие болады. Ол бойынша жәрмеңкелер өткізу, таныстырылымдар ұйымдастыру т.б. Бұл шараларды атқару бойынша Қазақстан-Қытай ақпараттық-консалтингтік орталығы Пекинде құрылды және жұмыстар жүргізуде. Сонымен бірге, болашақта екі елдің үкіметтік органдарына бағалы ұсыныстар жасай білетін және өзара сауда-экономикалық әріптестікті кейінгі дамыту үшін тұрақты жұмыс атқаратын біріккен кәсіпкерлер Кеңесін құру көзделуде. 2003-2008 жылдарға әріптестікке арналған бағдарламада Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара экономиканы жандандырудың нақты мақсаттары көрсетілген[2, 124 б.].

Өзара сауда мақсаттарына анағұрлым өркениттік сипат беру үшін (жалпы тауар айналымының шамамен 20-30% шетелден әкеліп алып-сатушылар құрайды) тараптар орталық немесе шекара аймақтық сауда бекетін, оның ішінде Хоргос бекеті ауданында құру талқылану үстінде.

Осыған орай, ШЫҰ аясында аймақтық әріптестікті реттеу туралы айта отырып, қатысушы мемлекеттердің бірегей емес қаржы мүмкіндіктерін де ескеру қажет. Сондықтан да ШЫҰ-ның еркін сауда аймағын құру үрдісі күрделі де ұзаққа созылу мүмкін. Ықпалдасу XXI ғасырдағы әлемдік экономикалық кешеннің бір ерекшелігі болып табылады. Ол көптеген формалар мен деңгейлерге ие болып табылады. Бұл тек қана сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамыту емес, аймақтық және аймақаралық өндіріс кешендерін құруға негізделеді [4, 65 б.]. Қазақстанның ҚХР-мен арадағы жоғары деңгейлі экономикалық әріптестіктеріне қарамастан, (қытай басшылығы да бұл бағана қолдайды) аталған ықпалдастықтың деңгейі мен мазмұны қолда бар мүмкіндіктердің толығына жауап бермейді. Алдымен, Қазақстанның сауда-экономикалық қатынастары Қытайдың артта қалған провинцияларының бірі ШҰАА-мен ғана басым шектеліп отырғандығын атау қажет. Бұл, біріншіден аталған провинцияның Қазақстанмен шекаралас орналасуы және Пекиндегі саяси жетекшілердің пікірінше, Қазақстанмен арадағы сауда-экономикалық әріптестік деңгейі осы провинциямен сәйкестендіріледі.

Бұндай экономикалық жағдай Қазақстан тарапының мүдделерін толық қанағаттандырмайтындығы анық. Осы себепті де алдағы сауда-экономикалық дамуларды қамтамасыз ету үшін, Қытайдың жоғары дамыған аудандарымен экономикалық қарым-қатынас орнату тиімді болмақ. Мысалы, Қытайдың жоғары дамыған аудандарында шетелдік инвесторларға орайластырылған жеңілдік саясатын пайдалана отырып, онда 100% қазақстандық капиталмен бірлескен кәсіпорындар, компаниялар ашудың мүмкіндіктерін қарастыруға болады. Әсіресе ЕКВ-да (СКВ) капитал салымдарын талап етпейтін жобалардың маңызы зор. Мәселен, Қытайды Қазақстанның түрлі-түсті металлургия, білдек жасау саласындағы тәжірбиесі қызықтырады[1, 77 б.].

Мүмкіндіктері кең басқа инвестиция формалары бар. Мысалға, Янчжоу қаласында (Цзянсу провинциясы) Жапонияның, Оңтүстік Кореяның, Австралияның, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің жетекші фирмаларының қатысуымен электр және электронды-механикалық бұйымдардың халықаралық қала-биржасы салынып жатыр. Жоба қатысушылары биржаның жұмыс атқаруымен байланысты тиісті пайданы алуға қоса, халықаралық компьютер желісіне ақпарат алмасу мен жылжымайтын мүлік сатып алуға құқық қолжетімділігін алады.

Жалпы жоғары көрсеткіштерге ие екі жақты сауда-экономикалық қатынастарға қарамастан, инвестициялық қызметтерге байланысты бірқатар мәселелер бар болып табылады. Олар: Қытайдың Қазақстанға бағытталған жеткіліксіз және ірі көлемді емес тікелей инвестициясына керісінше Қазақстанның Қытайдағы инвестициялық салымдары өсу үстінде. Қытай тарапының инвестициялық салымдарының 70% мұнай-газ секторына бағытталған. Сараптай отырып, көрші мемлекеттің бір салалық инвестициялық мүдделері басым шектелетіндігін қорытындылауға болады. Қытай Қазақстанның мұнай және газ көздеріне қол жеткізе отырып, энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысады.

Қазақстан үшін, Қытай инвестицияларының төмен көрсеткіші салалық қосымша құн тізбектерінің тәжрибелік жоқтығы болып табылады. Мысалға: Қазақстанда ірі қара малдың өсімі байқалуда, осы себепті теріге сұраныс пайда болды. Бірақ, олар өңделмей шикілей экспортқа шығарылуда, негізінен заңсыз түрде Қытайға тасымалданады. Батыс провинцияларда оларды өңдейді одан әрі бұйым өндіретін оңтүстік-шығысқа жіберіледі. Соңғы аталған өндірістік аудандарда тері-жүн бұйымдары талаптарға сай өңделіп, ішкі нарықтарда сатылып, болмаса әлем бойынша экспортталады. Оның ішінде ТМД мен Еуропа елдері тұтынушы көздер болып табылады. Қазақстанда қосымша құн тізбектерін құрған сәтте логистикаға шығындар азаюы мүмкін, шекара маңы инфрақұрылымының жеткіліксіз дамуы, аса қатты жемқорлық кедергілерін келтіруде.

Қазақстан мен Қытай арасындағы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» Жобасы бойынша энергетикалық әріптестікте мұнай тасымалдаудың алыс арақашықтығына назар аудару қажет. Тасымалдаудың қашық болуы мұнай бағасына әсер етіп, оның қымбаттауына себеп болуы мүмкіндігі және Қытай ШҰАА-ның Тарим бассейнінде анықталмағын энергетикалық ресурстардың ашылуы, еліміздің мұнай саласындағы бәсекелестігінде мәселелер туғызары сөзсіз. Қытай тарапынан орнатылатын мұнай құбырлары стратегиялық бақылауларды Қытайға қалдырып, бірқатар саяси ықпалдарды беретін болады. Сауда-экономикалық әріптестік бойынша тауар айналымының көлемі қолда бар мүмкіндіктерге сай келмейтінін атап өттік. Тиісті экспорт-импорт операцияларындағы реттеулер мен бақылаулардың жоқ болуы мәселелердің туындауына негіз болуда. Қазақстан Қытайға асыл металдарға жатпайтын металдардан жасалынған бұйымдарды және минералдарды (рафинатталған мыс, мыс сынығы) экспорттайды, ал, Қытайдан машиналар мен құрал-жабдықтар, химия өнеркәсібінің өнімдері мен тігіні бұйымдарын импорттайды. Аталған тізімді ұлғайтатын тетіктер бар. Алайда, әлсіз шекара маңы инфрақұрылымы, шектеулер, жүк тасымалдаудағы Қытай тарапынан жасалынатын техникалық кедергілер барлығы бірқатар мәселелерді ортаға шығаруда[2, 126 б.].

Қазіргі таңдағы Қазақстан-Қытай қарым-қатынасында трансшекаралық өзендердің мәселесі өзекті болып қалуда. Сауда-экономикалық қатынастардағы мәселелердің тағы бірі ҚХР азаматтарының еңбек мигранттары есебінде Қазақстан территориясында пайда болуы. Бұл, біріншіден, елімізде шамадан тыс жұмыс күшінің қажеттілігі және қытайлық мигранттар еңбегі арқылы бос орындарды ықтималдандыру. Осы тұрғыдан қытайлық еңбек мигранттарының әртүрлі қызмет ету, көтерме сауда, алып-сатарлық т.б. салаларда белең алу үрдісі байқалады. Екіншіден, ҚХР-мен салыстырғандағы анағұрлым қолайлы бизнес жасау және «бастапқы капиталды» игеру мүмкіндіктерінің бар болуы. Үшіншіден, Қазақстан территориясы арқылы үшінші елге өту болашағының көзделуі. Төртіншіден, Қазақстанға қытайлық мигаранттардың шақыртылуы «трансұлттық билік ету» доктринасын жүзеге асыру үшін жағдай жасай отырып, «хуацяо» түріндегі қытай диаспорасына ұсақ бизнес пен жершілдік түрінде экономикалық, геосаяси ықпалын арттыру сынды болжамдарды (жорамал деуге негіз бар) жоққа шығаруға болмайды.

Әділет Министрлігінің мәлімдеуінше (2013 жылғы) Қазақстанда 78 қытайлық компаниялардың өкілдіктері аккредиттелген, қытайлық капиталдың үлесімен 3964 кәсіпорын және олардың 65 филиалдары тіркелген[5, 633 б.]. Аталған компниялар мен кәсіпорындар қазақ-қытай экономикалық қарым-қатынастарын нығайтудың болашақ кепілдері болып табылады.

Сонымен бірге, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың болашақтағы көрінісін «Казахстан-2050: новые континентальные мосты между Востоком и Западом» атты дөңгелек үстелде талқылау барысында ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Карин 2020 жылға қарай Қытайдан Еуропаға тасымалданатын тауар айналымының 8% Қазақстан территориясынан өтетінін атап өтті[3]. Аталған қызметтерді жүзеге асырудың барлық мүмкіндіктері қолға алынып, сауда-экономикалық ынтымақтастықтағы Еуразияның ірі көпірі болу міндеті, Қазақстанға уақыт ағымымен жүктелуде.
әдебиеттер

1.Приоритетные направления экономического сотрудничества Казахстана с Китаем.  Экономическое сотрудничество Казахстана и Китая. Сборник статей и документов. Алматы-Урумчи, Май, 2004. 180 с.

2. Нысанбаев, Д.С. Специфика Китая и особенности выхода на его рынки.; КазНУ им. аль-Фараби.- Алматы: 2006. 123 с.

3. http://group-global.org/ 29 Қаңтар 2015 ж.

4. Мировая экономика и международные экономические отношения: учебник / под ред. проф. А.С. Булатова, проф. Н.Н. Ливенцева. – М.: ИНФРА-М, 2012. 649 с.

5. Изимов Р. «Торгово-экономические аспекты сотрудничества Казахстана и СУАР КНР» 2010. Сетевой ресурс:


References

1.Prioritetnye napravlenija jekonomicheskogo sotrudnichestva Kazahstana s Kitaem. JEkonomicheskoe sotrudnichestvo Kazahstana i Kitaja. Sbornik statej i dokumentov. Almaty-Urumchi, Maj, 2004. 180 p.

2. Nysanbaev, D.S. Specifika Kitaja i osobennosti vyhoda na ego rynki.; KazNU im. al'-Farabi.- Almaty: 2006. 123 p.

3. http://group-global.org/ 29 Қaңtar 2015 zh.

4. Mirovaja jekonomika i mezhdunarodnye jekonomicheskie otnoshenija: uchebnik / pod red. prof. A.S. Bulatova, prof. N.N. Livenceva. – M.: INFRA-M, 2012. 649 p.

5. Izimov R. «Torgovo-jekonomicheskie aspekty sotrudnichestva Kazahstana i SUAR KNR» 2010. Setevoj resurs:


КАБИДЕНОВ М

Магистрант ІІ курса факультета международных отношений Казахского Национального Университета имени аль-Фараби


ПРОБЛЕМЫ И ПЕРСПЕКТИВЫ ЭКОНОМИЧЕСКОГО СОТРУДНИЧЕСТВА МЕЖДУ РК И КНР

Резюме

В данной статье рассматриваются проблемы и перспективы экономического отношения между Казахстаном и Китаем. Определены направления деятельности государств в разработке механизма и реализации мер поддержки.Проанализированопыт государственных содействии бизнесу различных регионов стран.



Ключевые слова: экономика, бизнес, механизм, перспективы, регионы


KABIDENOV M

Master ІІ course of faculty of international relations of Al-Farabi Kazakh National University
PROBLEMS AND PROSPECTS ECONOMIC COLLABORATION BETWEEN RK AND REPUBLIC OF CHINA
Summary

In this article considers the problems and of economic relations between Kazakhstan and China. The determinant directions of activity of states in the development of mechanism and realization of the measures of support. The experience of state assistance to the business of different regions of the countries is analyzed.



Keywords: the economy,  business, mechanism, the prospects, the regions

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет