Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті
Реферат
Факультет: Сәулет-құрылыс
Пәні: Инновациялық қызмет негіздері және патенттану
Тақырып: Халықаралық патенттік жүйе
Орындаған: Ахметбек Ақнұр 18-МСК-1
Тексерген: Ракижанова Ж.
Өскемен 2020
Жоспар
I.Кіріспе
II.Негізгі бөлім
2.1 Аймақтық папенттік ұйымдар
2.2 Қазақстан Республикасындағы патенттік жүйе
2.3 Патенттік кооперация
III.Қорытынды
Кіріспе
Әлемдік тәжірибе тәуелсіздікті және тұрақты экономикалық өсімді дамыған жоғары зияткерлік индустрия болған кезде ғана қамтамасыз етуге болатындығын куәландырып отыр. Барлық дамыған елдердің ұқсас салыстырмалы нарықтық тетіктері мен заңдары бар, олар дегенмен де технологиялық басымдылықтың кепілі болып табылмайды. Табысқа жетуге қажетті және жеткілікті талап – барлық нарық құралдары жинағының болуы, сонымен қатар ғылыми мектептермен және қазіргі кездегі технологиялармен сабақтасқан зияткерлік меншікті патенттік қорғаудың тиімді жүйесінің болуы.
Жиырмасыншы ғасырда зияткерлік меншік, көбінесе технологияны немесе жаңа өнімді көшіруден қорғау құралы ретінде қаралған. Аз ғана уақыт өтісімен, зияткерлік меншікке жай ғана құқықтық функция ретінде қарауға болмайтындығы айқын болды. Білімнің белсенді қалыптасып келе жатқан экономикасы мүлдем жаңа бәсекелес ортаны тудырып отыр, онда ноу-хау мен өнертабыстардың айрықша құқықтарын иелену үшін күрес жүргізіледі, онда болашақ байлық тұқымы табиғи ресурстар емес, зияткерлік меншік болып табылады.
Бұрын бәсекелес артықшылықтардың негізін қол жетімді табиғи ресурстар, арзан жұмыс күші, өндіріс ауқымының факторын қолдану, ал кейінгі уақытта – жақсы бедел және клиенттермен бірегей тауарлар мен қызметтерді саралау негізінде тығыз байланысты қамтамасыз ететін күшейтілген маркетингілік қызмет құрады. Жаңа жағдайларда әлемнің бәсекеге барынша қабілетті елдерінің компаниялары ноу-хауға, өнертабыстарға, тауар белгілеріне және салалық стандарттарға ерекше құқықтарды алдын ала алу және виртуозды пайдалану негізінде бәсекелік артықшылықтарға қол жеткізуге ұмтылады. «Жоғары реттегі бәсекелік артықшылықтарға» қол жеткізуге талаптану – болашақ байлықтың және Қазақстанның өркендеуінің негізі зияткерлік меншік бола алатынын түсінгендіктен туындайды.
Біздің елімізде даму институттарының көмегімен инновациялық қызметке мемлекеттік қолдау жүзеге асырылады: Қазақстанның инвестициялық қоры, Қазақстанның Даму Банкі, Ұлттық инновациялық қор, Маркетингтік және талдамалық зерттеулер орталығы, Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы жұмыс істейді, бірқатар технологиялық парктер мен бизнес-инкубаторлар құрылған. Бірақ, Қазақстанда ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін құру, қорғау және экономикалық тұрғыда жүзеге асыру жүйесінің нарықтық құралдарының бірқалыпты дамымауы инновациялардың дамуына кедергі келтіретін болады.
Осы жүйе құралдарының жиынтығы, өзінің мәні бойынша, ұлттық патенттермен қорғалған ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін инновациялық өнімдерді кейіннен тауарлар мен қызметтердің нарығына шығара отырып, инновациялық белсенді өндіріске енгізу жөніндегі іске асыру кешені ретінде қызмет етуі қажет. Бұл кешен Ұлттық патенттік жүйе ғылыми-техникалық идеялардың жиынтығын зияткерлік меншік объектілерінің басқарылатын құқықтар жүйесіне сенімді әрі тиімді айырбастайтын бағаны құрудың негізгі буыны болуы қажет.
Қазақстан Республикасының ұлттық патенттік жүйесі маңызды стратегиялық ресурс болып табылады, оның потенциалды мүмкіндіктері шексіз. Әдетте, біздің мемлекетіміздің экономикалық және әлеуметтік қауіпсіздігінің факторы ретінде бағаланатын патенттік жүйе ғылыми-техникалық және әлеуметтік-экономикалық реформаларда маңызды рөл атқаруға тиіс және нарықтық қатынастарды кеңейтіп, елдің зияткерлік әлеуетін арттырудың қомақты факторына айналуы қажет.
Қазақстан Республикасының жаңа жағдайдағы патенттік жүйесінің міндеті «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясынан» туындайды. Бұл міндет Қазақстанда тауарлар мен зияткерлік меншік құқықтары қорғалған тауарлар мен қызметтердің өндірісі үшін қолайлы инновациялық ахуалды қалыптастырудың қажетті әрі жеткілікті патенттік-құқықтық, патенттік-ақпараттық және институционалдық шарттармен қамтамасыз етуге және жаһандану жағдайында Қазақстан Республикасының халықаралық экономикалық қатынастардың тең құқылы және бәсекеге қабілетті әріптесі ретінде өз орнын алуға бағытталған.
2.1 Аймақтық папенттік ұйымдар
Жүз жылға жуық тарихы бар әлемдік патенттік жүйені құру адамзаттың ең керемет жетістіктерінің бірі деп айтуға әбден болады. Қазіргі өнертабыс патенттерінің алғы үлгісі болып табылатын бірінші факультативтік артықшылықтардың пайда болуы орта ғасырлардың соңына келеді. XVIII ғасырдың соңынан басталған патенттік құқықтың дамуындағы жаңа кезең бірінші облигаторлық патенттердің пайда болуымен сипатталады. Осы кезеңнің эволюциясы, шын мәнінде, патенттік жүйенің негізгі қағидараларын белгілейтін, өнертапқыш пен мемлекет арасындағы мәмілені құрайтын 1877 жылғы герман Патент Заңының шығуымен аяқталды, оған сәйкес өнертапқыш өзі шығарған, жалпы жұрттың назарына жарияланатын жаңалығының мәнін ашады және осылайша ғылыми-техникалық прогресті ынталандырады. Оның орнына мемлекет өнертапқышқа осы жаңалықты белгілі бір мерзімде, белгіленген бір аумақта пайдалануға монопольдық құқық береді.
Әлемдік патент жүйесінің ХХ-ХХІ ғасырлардағы ең жаңа тарихында басқа мемлекеттерде кейіннен шыққан заңдар әлде де классикалық патент құқығының қалыптасқан нормаларын түбегейлі өзгерте алатындай ешбір жаңа идеяны енгізген жоқ. Осыған қарамастан, әлемдік патенттік жүйе Өнеркәсіптік меншікті қорғау туралы Париж конвенциясын қабылдаған сәттен бастап даму жолында және бүгінгі таңда барынша жаһанданған болып табылады.
Өнеркәсіптік меншік және авторлық құқық саласындағы 20-дан астам келісім қазіргі заманғы халықаралық зияткерлік меншік жүйесінің негізі болып табылады, олардың ішіндегі мейлінше маңыздылары мыналар:
1883 жылғы 20 наурыздағы Өнеркәсіптік меншікті қорғау туралы Париж Конвенциясы;
1944 жылғы 15 сәуірдегі Зияткерлік меншік құқықтарының сауда-саттық аспектілері жөніндегі келісім (бұдан әрі - ТРИПС Келісімі);
1891 жылғы 14 сәуірдегі Таңбаларды халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісімі;
1970 жылғы 19 маусымдағы Патенттік кооперация туралы шарт (бұдан әрі – РСТ шарты);
1958 жылғы 31 қазандағы Тауар шығарылған жерлердің атауларын қорғау және оларды халықаралық тіркеу туралы Лиссабон келісімі;
1961 жылғы 2 желтоқсандағы Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау туралы халықаралық конвенция (бұдан әрі – УПОВ конвенциясы);
1968 жылғы 8 қазанда Локарнода қол қойылған Өнеркәсіптік үлгілердің халықаралық сыныптамасын құру туралы Локарно келісімі;
1967 жылғы 14 шілдеде Стокгольмде және 1977 жылғы 13 мамырда Женевада қайта қаралған, 1957 жылғы 15 маусымдағы Таңбаларды тіркеу үшін тауарлар мен қызметтердің халықаралық сыныптамасы туралы Ницца келісімі;
1971 жылғы 24 наурыздағы Халықаралық патент сыныптамасы туралы Страсбург келісімі;
1925 жылғы 6 қарашадағы Өнеркәсіп үлгілерін депозиттеу туралы Гаага келісімі.
Бұл шарттар әрбір елдегі Зияткерлік меншікті қорғаудың халықаралық деңгейде келісілген негізгі стандарттарын белгілейді. Бірақ жеделдетілген техникалық прогресс пен сауданы жаһандандыру қысқа мерзім ішінде жаңа өнертабыстар мен көптеген елдерде тауар таңбалары мен өнеркәсіптік үлгілер болып табылатын коммерциялық құндылығы бар активтерді қорғауды қамтамасыз ететін тетіктерді құру қажеттілігін туғызады. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Өнертабыстарды, тауар таңбалары мен өнеркәсіптік үлгілерді қамтитын төрт шарты: Патенттік кооперация туралы шарт, Тауар таңбаларын халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісімі, Тауар шығарылған жерлердің атауларын қорғау және оларды халықаралық тіркеу туралы Лиссабон келісімі, Өнеркәсіптік үлгілерді халықаралық депозитке салу туралы Гаага келісімі бір халықаралық тіркеу немесе берілген өтінім қатысушы мемлекеттердің кез келгенінде күшін сақтайтындай жағдайды қамтамасыз етеді. Қазақстандық өтінім берушілерге, сонымен бірге осы өнеркәсіптік меншік объектісіне қорғау сұралатын барлық елдерде өтінімдерді оңайлатылған тәртіппен беру мүмкіндігі берілген.
1970 жылы құрылған ДЗМҰ сәйкес жағдайларда кез келген басқа халықаралық ұйымдармен өзара әрекет жасау және мемлекеттердің ынтымақтастығы арқылы зияткерлік меншікті қорғауға көмектесуге шақырылған, сондай-ақ Париж одағы мүшелерінің қол қойған бірнеше шарттарының шеңберінде сонымен қатар Париж және Берн конвенцияларының шеңберінде құрылған одақтардың әкімшілік ынтымақтастығын қамтамасыз ететін Біріккен Ұлттар Ұйымы (бұдан әрі – БҰҰ) жүйесінің мамандандырылған халықаралық ұйымы болып табылады.
ДЗМҰ әкімшілік ететін халықаралық келісімдерден басқа, зияткерлік меншік саласындағы елдердің ынтымақтастығы мынадай аймақтық ұйымдар аясында жүзеге асырылады:
Еуропалық патенттік ұйым (ЕПҰ);
Еуразиялық патенттік ұйым (ЕАПҰ);
Африка зияткерлік меншік ұйымы (ОАРИ);
Африка аймақтық өнеркәсіптік меншік ұйымы (ARIPO).
Сонымен қатар, Дүниежүзілік сауда ұйымы шегінде (бұдан әрі – ДСҰ) жасалған ТРИПС келісімі әлемдік зияткерлік меншікті қорғау жүйесінде аса маңыздысы болып табылады. Бұл Келісім зияткерлік меншік құқықтарының барлық дәстүрлі түрлерін – авторлық құқықтарды, сабақтас құқықтарды, өнеркәсіптік меншік құқықтарын және жабық коммерциялық ақпараттар құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған. ТРИПС келісімі осы келісімге қатысушы барлық елдер үшін міндетті ең төменгі стандарттарды белгілейді.
Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне байланысты зияткерлік меншікті қорғау саласындағы заңдар толығымен ТРИПС Келісімінің нормаларына сәйкестендірілді деуге болады.
Соңғы кезде белсенді дамып келе жатқан экономикалық байланыстарды жаһандандыру және халықаралық сауданы одан әрі ырықтандыру инновациялардың және олардың әлемдік нарықта сенімді құқықтық қорғалу қажеттілігін күшейте түсіп, бәсекелестік сайысты шиеленістіре түсті. Ол өз кезегінде жалпы зияткерлік меншікті және әсіресе өнеркәсіптік меншікті құқықтық қорғау жүйесінің рөлін арттырады, өйткені соңғысы өнеркәсіптік меншік зерттеулер мен өңдемелердің нәтижелерін қорғауды қамтамасыз етеді, сонымен қатар, ғылыми-техникалық дамуды ынталандырады. Жапония, АҚШ, Австралия, Қытай сияқты алдыңғы қатарлы әлемдік державалар зияткерлік меншікті қорғау саласында
ХХІ ғасырға арналған өзіндік стратегияларын қабылдаған. Мысалы, Ұлыбритания мен АҚШ-та олар басқыншылық. Олардың мәні - өнертабыстардың көпшілігін басқа елдерде, көбінесе дамушы елдерде тіркеуде. Бұл стратегия ертеңгі тауарлар және қызметтер нарығын жабуға және өзіндік технологияларды ілгері тартуға көмектеседі. Осындай зияткерлік экспансияның мүмкін болуына мемлекеттік протекционизм саясаты қосымша күш береді. Жапонияның осы саладағы стратегиялық бағдарламасы «зияткерлік меншікке негізделген ұлтты қалыптастыруға» бағытталған.
1985 жылдан бастап экономикалық дамыған елдердің шетелге жіберетін өтінімдер ағынының елеулі өсуі белгіленеді. 2001 жылғы деректер бойынша АҚШ шетелдік патенттеуі ең жоғары денгейдегі ел болып табылады, жалпы әлемдік ағында американдық өтініш білдірушілерден келіп түскен өтінімдер үлесі 28 % құрайды. Жапон және Германия фирмалары өз үлестерін өсіруде, олар тиісінше 14,3% және 19%-ға ие, келесі орында Ұлыбритания мен Франция.
РТС Шарты бойынша берілетін өтінімдер статистикасы мына кестеде ұсынылады.
Ел 2004 жылғы бүкіл әлемде берілген РСТ өтінімдерінің жалпы санынан пайыздық үлесі
АҚШ 34,99
Жапония 16,9
Германия 12,4
Франция 4,4
Ұлыбритания 4,2
Финляндия 1,4
Ресей 0,4
Қазақстан 0,006
Қалған елдер 25,304
Барлығы 100% (120100 өтінім)
Жоғарыда келтірілген статистикалық деректерге сүйенсек, шетелдік патенттеу денгейі бойынша және РСТ тәртібімен берілген өтінімдер саны бойынша, мемлекеттік денгейде қабылданатын нақты стратегиялары мен бәсекеге қабілетті патенттік жүйелері бар әлемнің жетекші елдері көш басқаратыны айқын.
Экономикалық қатынастарды жаһандандыру зияткерлік меншікті құқықтық қорғау жүйесін интернационалдандыру және ұлттық патенттік рәсімдердің үйлесімді болу қажеттілігін тудырады.
Бүгінгі таңда зияткерлік меншікті қорғаудың әлемдік жүйесінде ұлттық жүйелер арасындағы ерекшеліктерді жоюға әкеп соғатын тұрақты үрдіс байқалып отыр, ол зияткерлік меншік иегерлеріне жаһандық құқық қорғауды пайдалануға мүмкіндік береді.
Ұлттық жүйелер көбінесе дамыған елдер болып табылатын мейлінше ұйымдасқан зияткерлік меншік жасаушылар мүдделерінің тұтынушылардың мүдделерінен іс жүзінде басым болуы тәуекеліне қақтығысып отыр.
Әлемдік патенттік жүйені дамытудың қалыптасып отырған жалпы әлемдік үрдісіне орай инновациялық даму мақсатында Қазақстан зияткерлік меншікті сенімді қорғауды қамтамасыз ететін, икемді әрі тиімді, қазіргі заманғы, бәсекеге қабілетті патенттік жүйенің жаңа үлгісін жасауға ұмтылып отыр.
2.2 Қазақстан Республикасындағы патенттік жүйе
Қазақстан Республикасының ұлттық патенттік жүйесінің құрылуы «Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Ұлттық патенттік ведомство туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің № 806 Жарлығына қол қойған күннен, яғни 1992 жылғы 23 маусымнан бастау алады. Ұлттық патенттік жүйені құрудың негізгі мақсаттары республиканың ғылыми-техникалық потенциалын сақтап қалу және қорғау, өнеркәсіптік меншік саласындағы өркениетті нарықтық қатынастарды құру, отандық өнертапқыштардың шығармашылығын демеу болып табылады.
Қазақстан Республикасының Патенттік ведомствосы өзінің қызмет ету кезеңінде бірқатар ұйымдастырушылық өзгерістерді басынан кешті және қазіргі кезде мемлекеттік басқару органы – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті мен сараптама жасау ұйымы – «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМҚК-ны қамтитын екі деңгейлі құрылым болып табылады.
Ұлттық патенттік жүйенің негізін 1992 жылғы маусымда ТМД елдері арасында алғаш қабылданған Қазақстан Республикасының Патент заңы (бүгінде 1999 жылғы 16 шілдедегі Заң қолданылып жүр) және 1993 жылғы қаңтарда қабылданған «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бүгінде 1999 жылғы 26 шілдедегі Заң қолданылып жүр) құрған.
Кейінгі жылдары зияткерлік меншік саласындағы заңдар «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы», «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы», «Интегралды микросхемалар топологиясын құқықтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарымен толықтырылды.
Қазақстанда ұлттық заңдарға сәйкес, үстірт тексеру, формальды патенттеудің жүйесі әрекет етеді, бұл жағдайда өнертабысқа, өнеркәсіптік үлгіге екі түрлі қорғау құжаты беріледі.
Үстірт тексеру жүйесі бойынша өтінім материалдарының формальды сараптамасы әлемдік жаңашылдық, өнертабыстың өнертапқыштылық денгейі және өнеркәсіптік қолдану, патентке қабілеттілігі сияқты өлшемдерді тексерусіз өткізіледі, ал қорғау құжаты (алдын ала патент) 5 жыл мерзімге өтініш білдірушінің тәуекелі мен жауапкершілігіне беріледі.
Патенттеудің тексеру жүйесі патент алу үшін өтінім материалдарының толық сараптамасын (мәні бойынша сараптама) жасау кезінде қолданылады, ол өнертабысты патентке қабілеттіліктің барлық өлшемдері - әлемдік жаңашылдық, өнертапқышты деңгейі мен өнеркәсіптік қолдану бойынша тексеруді қамтиды. Мәні бойынша сараптаманы өткізу кезінде, әлемде басымдықтың күніне дейін жалпыға қолжетімді болған және РСТ құжаттарының минимумы болып саналатын ақпарат көздері бойынша ақпараттық іздестіруді жүргізу қажет. Бұл жетекші елдердің: Германияның, АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Францияның, Швейцарияның (тек неміс және француз тілдерінде), Жапонияның, КСРО-ның, Ресейдің, осы елдерде берілген патенттерді қоса алғанда, патенттік құжаттары; РСТ жүйесі бойынша жарияланған халықаралық өтінімдер; Еуразиялық патенттік ведомствоның КСРО-ның 1920 жылдан бері мүмкін болған жерде жарияланған патенттеріне, ретроспективасы бар авторлық куәліктерге өтінімдер; Еуразиялық патенттік ведомствоның жарияланған өңірлік патенттері, КСРО-ның ретроспективасы бар авторлық куәліктері, сонымен бірге 5 жылдан кем емес (басымды 30 жыл шамасында) ретроспективасы бар ғылыми-техникалық ақпарат. Өнертабыстың жаңалығын анықтау кезінде Қазақстан Республикасында патенттелген өнертабыстар мен пайдалы модельдер ескеріледі, сондай-ақ Қазақстан Республикасында өнертабыстарға және пайдалы модельдерге басқа адамдар тапсырған өтінімдер (олардың басымдығы бұрынырақ болған жағдайда). Патент өзінің иесіне 20 жыл мерзімге объектіні рұқсатсыз пайдаланудан толыққанды қорғауға мемлекет кепілдік беретін қорғау құжаты болып табылады.
Қазақстан Республикасының патент жүйесі әрекет еткен уақытта өнертабыстарға берілген 18377 қорғау құжатының ішінде алдын ала патенттеудің үлесі 13446 немесе олардың жалпы санының 73 % құрайды.
Бұл жағдай елдегі инновациялық қызметке теріс әсер етеді, өйткені бизнес пен өндірушілер алдын ала патентті өндірісте іс жүзінде жүзеге асыру үшін орта және ұзақ мерзімді салымдардан ұстанады, себебі ол формальды сараптама жасау негізінде өтінім берушінің, патент иеленушінің тәуекелі мен жауапкершілігіне беріледі.
1993-2005 жылдар аралығындағы алдын ала патенттер мен патенттердің берілу серпіні.
Бұл жүйенің жағымды жағы өтінім материалдарын жылдам қарап, өтінім берушінің алдын ала патент алуы еді, ол өтінім берушіге өзге тұлғалардың тарапынан жозықсыз бәсекелестіктен қорықпай өзінің объектісін құқық иеленуші ретінде қолдануға мүмкіндік берді. Бірақ ҚР Патент заңының кейінгі редакцияларында алдын ала патент беру мерзімі патент беру мерзімімен теңестірілген. Алдын ала патенттің оның тез берілуіндегі негізгі артықшылығы іс жүзінде жойылған, бұл өнертапқыштардың өз құқықтарын қорғауына теріс әсерін тигізді .
Сондай-ақ, алдымен алдын ала патент алу, тек содан кейін патент алу туралы өтініш беруді қамтитын, өнертабыстар мен пайдалы модельдерге қорғау құжатын алудың қатаң реттелген кезектілігі сараптама жасау мерзімінің негізсіз созылуына және өтінім берушілердің өз объектілеріне тиісті қорғауды алудағы әрекет ету еркіндігін шектеуге әкеп соқты не өтінім берушілер патент алудан мүлдем бас тартты.
Бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кірген бір қатар жоғары дамыған елдердің патенттеу жүйелеріне талдау жасай отырып (АҚШ, Швейцария, Австралия, Жапония, Ұлыбритания, Канада, Германия, Австрия, Франция) бұлардың басым көпшілігі өтінімнің формальды (алдын ала) сараптамасынан кейін жарияланымды көздейтін патенттеудің мерзімі ұзартылған тексеру жүйесін пайдаланатындығын атап өтуге болады. Бұлардан ерекшеленетін АҚШ-та өтінімдерді жарияланымсыз тексеру жүйесі пайдаланылады, Швейцарияда тексеру жүйесі тоқыма және сағат өнеркәсібі объектілері үшін қолданылады, ал қалған объектілер үшін үстірт сараптама жасау жүйесі қолданылады.
Қазіргі кезде Қазақстандағы инновациялық үдерістердің жеделдетілуіне байланысты қорғау құжаттарын беру мерзімін айтарлықтай қысқарту қажеттілігі туындап отыр. Бірқатар елдердің тәжірибесі патенттік өтінімдердің сараптамасын өткізуді жеделдету патенттің қолданылу мерзімін ұзартуға әкеп соғатынын көрсетті, ол ғылыми-техникалық прогреске объектіні өндіріске мейлінше ерте енгізуге әсерін тигізеді және өнертапқыштарды патент алуға ынталандыра түседі.
Сондықтан, жаңарып отырған ұлттық патенттік жүйе берілетін қорғау құжаттарының сапасы мен сенімділігін қамтамасыз етуге тиіс және елдің ғылыми-техникалық потенциалын дамытуға ықпал етуге тиіс.
2.3 Патенттік кооперация
Кез келген мемлекеттің патенттік жүйесінің табысты әрекет етуінің міндетті шарты осы жүйемен қамтылатын барлық субъектілерді ақпараттық қамтамасыз ету болып табылады: мемлекеттік сарапшыларды - сараптамалық жұмыстарды қамтамасыз ету үшін; ғылыми-техникалық жаңалық жасаушыларды - бұрыннан белгілі ғылыми-техникалық шешімдердің қайталануын болдырмау үшін; патент иленушілер мен олардың оппоненттерін, апелляциялық және сот инстанцияларын - өнеркәсіптік меншіктің қайсы бір объектісіне қатысты әрекеттенуді ұсыну, дауласу және қорғау үшін; кәсіпкерлерді өз өңдемелерінің мақсаттылығы туралы шешім қабылдау үшін немесе бұрыннан жасалған өнертабыстарға лицензия алу үшін, бәсекелестік сайыста қорғау шараларын жүзеге асыру үшін немесе, керісінше - бірлесіп кәсіпкерлікпен айналысуға әріптестерді іздеу үшін және т.б.
Осындай қамтамасыз ету айтарлықтай ұлттық патенттік-ақпараттық ресурстардың болуын болжайды, оларды құруда негізгі рөлді кез келген мемлекетте патенттік ведомство атқарады.
Ақпараттық ресурстардың құрылымы мен құрамы олардың мақсатымен және олардың негізінде шешілетін мынадай мәселелермен белгіленеді:
өнеркәсіптік меншік объектілеріне сараптама жасау мақсатында әлемдік ақпараттық ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз ету;
Қазақстанның барлық аймақтарында патенттік-ақпараттық ресурстарды көпшілік алдында пайдалану үшін қолайлы жағдай жасау;
мемлекеттің индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру саласындағы мемлекеттік саясаттың мүддесінде сұраныстарды орындау;
барлық мүдделі тұлғаларға қызмет көрсету;
Өнеркәсіптік меншік объектілерінің толыққанды сараптамасын жүргізуге мүмкіндік беретін алға қойылған мақсаттың ойдағыдай шешілуі үшін патенттік ведомство үшін патенттік-ақпараттық ресурстардың сараптамлық қорын құру қажет. Патенттік ведомствоның патенттік-ақпараттық сараптамалық қоры жүйелендірілген және ақпараттық-іздеу аппаратымен (бұдан әрі – АІА) жабдықталған өнеркәсіптік меншік объектілеріне жатқызылған (өнертабыстар, пайдалы модельдер, селекциялық жетістіктер, өнеркәсіптік үлгілер, тауар таңбалары) және патенттік құжаттамаларды, патенттік-біріктірілетін, патенттік-құқықтық, нормативтік-әдістемелік, ғылыми-техникалық және анықтамалық әдебиетті қамтитын ақпарат көздерінің жиынтығы болып табылады. Әлемде қалыптасқан тәжірибе әлемдегі басым елдердің патенттік қорлары патенттік ведомстволардың құрылымды бөлімшелері болып табылатындығын куәландырады. Мысал ретінде Ресейді, АҚШ-ты, Қырғызстанды, Украинаны, Беларусьты, Канаданы, Францияны, Израильді және т.б. атауға болады. Патенттік ведомствоның патенттік-ақпараттық сараптамалық қорын құру және оны тиімді пайдалану патенттік-ақпараттық қорды жинақтауға, шетелдік патенттік дерекқорларға қол жеткізуді ұйымдастыруға, патенттік құжаттардың рефераттарының отандық қорын қазақ және ағылшын тілдеріне аудару жұмыстарын жүргізуге, ұлттық патенттік құжаттардың дерекқорын құру үшін патенттік құжаттардың әлемдік жазба стандартын қолдануға, патенттік ақпараттардың көлемін ұлғайтуға бағытталған шаралар кешенін өткізуді болжайды.
Бүгінгі күнде ұлттық патенттік ведомствоның патенттік құжаттар қоры 3 халықаралық ұйымдардың және 4 өнеркәсібі дамыған елдердің 8 миллионға жуық патенттерін құрайды, бұл жоғарыда көрсетілген мәселелерді шешу үшін қажетті құжаттардың аздаған бөлігі ғана. Атап айтқанда, патентті қор өнертабыстарға сараптама жасау кезінде ақпараттық іздестіру жүргізу үшін негізгі іздестіру құралы болып табылады, бұл қордың құрамы Патенттік кооперация туралы Нұсқаулықпен реттеледі. Осы қор айтарлықтай тереңдігімен кем дегенде әлемнің 11 елдерінің және 3 халықаралық ұйымдардың құжаттарын сақтауы қажет.
Өнеркәсіптік меншік объектілеріне сараптама жасауды ақпараттық қамтамасыз ету сапасы мен деңгейі ғана емес, патенттік ақпарат негізінде болжаудың деңгейі мен сапасы да патенттік – ақпараттық қордың толықтығына және оны пайдаланудың тиімділігіне байланысты. Еуропада жыл сайын компаниялар артық НИОКР-ға жұмсайтыны есептелген, егер жұмыс басталмай тұрып тиісті патенттік іздестіру жүргізілсе, ондай жағдай болмауы мүмкін еді. .
Дүниежүзілік тәжірибеден белгілі болғандай, кез-келген ведомствоның қызметі эксперттік жұмыспен шектелмейді. Бұл құрылымдар патенттік ақпаратты барлық мүдделі тұтынушыларға жеткізуге ықпалын тигізуге міндетті. Сондықтан, патенттік-ақпараттық қордың әрі қарай дамуы жоғарыда аталған басқа да міндеттерді орындауға бағытталуы қажет.
Қорытынды
Қазақстан Республикасы көп жақты және екі жақты халықаралық шарттардың, сондай-ақ зияткерлік меншік саласындағы халықаралық және аумақтық ұйымдармен жасасылған шарттардың қатысушысы болып табылады. Олардың аясында Қазақстан бірқатар халықаралық ұйымдармен және алдыңғы қатарлы, атап айтқанда, ДЗМҰ, ЕАПО, ЕПВ, Ресей, Германия, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Австрия және т.б. елдердің патенттік ведомстволарымен ынтымақтас, ТМД елдерінің Өнеркәсіптік меншікті қорғау мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің қатысушысы болып табылады. Халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамыту қажет және оны ақпараттық технологияларды жетілдіруге, кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыруға, ақпараттық алмасуды дамытуға, тәжірибе алмасуға және зияткерлік меншікті қорғау саласында бірлескен шараларды өткізуге бағыттау қажет. Қазақстан Республикасы мен Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы арасындағы ынтымақтастық бағдарламасы көздейтін шаралардың бүкіл кешенін толық жүзеге асыру керек.
Осындай халықаралық үкіметаралық ұйымды құру біздің елге көптеген артықшылықтар береді: шетелдерден тауар таңбаларын тіркеуге берілетін өтінімдер санының көбеюі есебінен қаржылық ағындар көбейе түседі, тиісінше, тауар таңбалары саласында сарапшылар саны көбейеді және олардың біліктілік деңгейі артады, Қазақстан зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастықтың аумақтық орталығы ретінде өзінің лайықты орнын алады.
Достарыңызбен бөлісу: |