Реферат kz Қазақша рефераттар сайты фараби трактаттарындағы білім, ТӘрбие және адамгершілік -гуманизм мәселелері ж. Исахметұлы Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ



Дата04.07.2016
өлшемі65.41 Kb.
#175995
түріРеферат

ФАРАБИ ТРАКТАТТАРЫНДАҒЫ БІЛІМ, ТӘРБИЕ ЖӘНЕ АДАМГЕРШІЛІК —ГУМАНИЗМ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Ж. Исахметұлы

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.
Қазіргі дүниені неғұрлым дұрыс танып, білу үшін және жақсы өмірдің дұрыс жолын таңдай білу үшін және жаңа мыңжылдықта білімді, тәрбиені, адамгершілікті-ізгідікті дамыту үшін біз әр уақытта, әр дәуірде өзімізге дейінгі өткен идеялар мен қағидаларға сүйенгеніміз жөн. Ондай идеяларды Орта ғасырларда өмір сүрген Батыс пен Шығыстың ғұлама ойшылдары Аверроэсо (Ибн Рушд), Я.А. Коменский, Н.Макиавелли, Ибн Халдун, Ибн Сина, Әл Бируни және т.б. айтты. Осындай ой титандарының бірі-бірегейі, қазақ топырағынан шыққан ғұлама ғалым-философ Әл Фараби еді. Ол сонау Ерте орта ғасырлардың өзінде адамзат ілімінің молайып, ақыл-парасаттың жетілуін, оқу-ағартудың қажеттілігін айтып, білім алудың маңызын атап көрсеткен болатын. Фараби идеялары оның 140-тан астам трактаттарының арқауы болды.

Фараби трактаттарының әрқайсысы өзіндік бір дүние, қағида, теория мен әдіс. Солардың бірі 948жылы Египетте жазылған «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» болып табылады. Ол бұл еңбегінде адам әрекетінің түпкі мақсаттарының бірі—Бақытқа жету деп айта келе, сол бақытқа тек білім мен игілік нәтижесінде ғана жетуге болады дейді.

Әл Фараби тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиенің теориясы ғылымға негізделуі қажет деп санады. Ол ғылымда тарихи үрдіс деп түсініп, ғылым жүйелі түрде құрылған білімнің жоғарғы формасы деген анықтама берген. Фараби сонымен бірге оқу-ағарту мен тәрбие туралы, еңбек мәдениеті туралы ілім жасады. Еңбектің өзі өнер. Ал еңбек тәрбиесі сол өнерден туындайды, әрбір адамды еңбекке баулиды, еңбек шеберлігін үйретеді.Олардың еңбек ету дағдысын қалыптастырады деген болатын Фараби.Оның адам еңбегі туралы бұл тұжырымдамалар қазіргі жаңа мыңжылдықта да актуальды екені айдан анық.

Еңбек тәрбиесінің теориясын жасау барысында ол антик заманының теоретиктері Платон мен Аристотельдің тұжырымдарын басшылыққа алды. Демек, ол қандай да болсын құбылысты түсіндіруге бағытталған ұғымның, идеяның, белгілі бір саласының мәнді байланыстары мен заңдылықтары жөнінде толық түсінік беретін ғылыми білімді қорытудың ең жоғарғы формасы деген қағиданы ұдайы басшылыққа алған Фараби еңбек тәрбиесінің теориясын «өзінің ішкі құрылымы жағынан бір-бірімен логикалы байланыста болатын біртұтас білім жүйесін құрайды»/1, 11-б/ деп тұжырымдайды.

Педагогикалық тұрғыда қарастырсақ бұл тұжырым оқушыларға сапалы тәртіп, саналы білім беру пайдалы қоғамдық еңбекке баулу деген сөз. Фараби еңбек тәрбиесінің теориясын жасауда еркін еңбектің, адамның жан-жақты дамуы үшін маңызы зор екенін атап көрсетеді.

Фараби «Еңбек ету, саналы болу, адамгершілік, ізгілік, ақылдылық табиғаттан туындауы қажет» деген ғылыми тұжырым жасады. Фараби адамды табиғат, адам, жер бетіндегі тірі организмдер дамуының ең жоғарғы сатысына көтерілген, еңбек құралдарын жасап, оларды өз қажетіне жарата білген, түсінікті сөз сөйлей білетін саналы ортаның мүшесі дейді. Адам туралы материалистік бағытты ұстанған Фараби адам еңбек ету нәтижесінде жоғары сатыға көтерілетінін алға тартады.

Фарабидің пікірінше, оқу, тәрбие, білім алу, еңбек ету, ғылым адамы болу адамгершілік және еңбек тәрбиесіне тығыз байланысты. Фараби ең алғаш еңбекті, таза еңбекті, адал еңбекті тәрбиенің алғы шарты етіп алды. «Тәрбиені неден бастау керек», «Философияны үйрету үшін алдын-ала не білу керек» еңбектерінде ғылымды, оқу-ағартуды меңгеру, білім тәрбие алу, еңбекке үйрену, философияны меңгеру тәрбие әдістеріне байланысты екенін ғылыми тұрғыда дәлелдейді. Осы негізде ол оқыту мен тәрбиелеудің мақсаттарын жеке-жеке анықтайды. «Ғылымдар тізбесі», «Ғылымдардың шығуы» еңбектерінде ғылымдарды үйрену, реттерін белгілейді және тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиесінің тарихи тағылымын, үлгісін, болашақ ұрпаққа өнеге, тәлім етіп қалдырады.

Әл Фараби жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, еңбекке үйретіп, еңбек тәрбиесін беретін адамды(ұстаздық ететін адамды) өте жоғары бағалаған. Оның ойынша тәрбиеші адам (қазіргі мұғалім) «мәңгі нұрдың қызметшісі»/2, 12-б/

Ұлы ойшыл Фараби тарихи шындықты, еңбекті, тәрбиені, оның ішінде еңбек тәрбиесін адамның игілігі, бақыты үшін қолдануды армандады. Адамның игілікке жету жолдары туралы ойларын Фараби «Сол кездің өзінде» экономиканың, саясаттың, мемлекеттік құрылыстың, отбасы тәрбиесінің, еңбек тәрбиесінің мәселелеріне байланыстыра отырып, аса қажет мызғымас берік негізге сүйенеді. Сондай-ақ ол қоғамды ақылмен дұрыс басқарудың шарттары жөнінде батыл пікір айтқан ғұлама. Өйткені адам бақытты болуға лайық және сол бақытын табуға тиіс. «Адам өз заманында жақсы да дұрыс басқарылатын қоғамда ғана шын мәнісінде бақытты өмір сүре алады»/3, 12-б/-дейді данышпан. Сөйтіп, Фараби адамның өмірлік іс әрекетіне үлкен мән бере отырып, еңбек қана адамды жануарлар дүниесінен бөліп, оқшау көрсететінін ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Адамзат қоғаманың өмір сүруіне ең керектісі оның материалдық тұтыну қажеттері дегенді бірінше орынға қойып, осынау маңызды мәселе төңірегіндегі теріс көзқарастарды үзілді-кесілді жоққа шығарады.

Фараби адамдар бір-бірімен келісіп, тіл табысып отыруы керек деп есептеді. Әділеттіліктің қалыптасқан нормасы, әмбебап заңдар қажет екендігін ескерте келе ол заңдардың тәрбие арқылы жүзеге асатындығын дәйектейді. Оның ойынша, еңбексіз заң да, қоғам да ілгері дами алмайды. Ұлы ойшылдың заң күші туралы осы айтқандарынан қоғамдық келісімдер туралы идеяның алғашқы ұрығы жатқандығын аңғару қиын емес. Бұл идея Еуропада көп кейін өріс алды. Кейбір шығармаларында Фараби өз тұсындағы қоғамды астыртын ғана сынап отырды. Ондағы етек алған озбырлықтар мен қаталдықты, ақыл мен адамгершілік, еңбек тәртібі ұстанымдарының орасан бұрмалауынан деп түсіндірді.

Еңбек және еңбек тәрбиесінің ғылыми негізін қолдануда ХІІғасырда жазылған «Фарабидің энциклопедиясы» атты еңбектің маңызы өте зор. Әсіресе мұның трактат ретінде ғылым тарихында алатын орны айрықша. Бұл трактат «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдар реті», «Ғылымдар классификациясы», т.б. аттарымен Шығыс және Батыс елдерінде өте ертеден-ақ мәлім болған. Бұдан көп ғұламалар тәлім алған. /4, 38-б/

«Фарабидің энциклопедиясы» сол кездің өзінде (ХІІғ) арабшадан латын тіліне екі рет аударылған. Одан кейінгі ғасырларда бұл еңбек толық немесе үзінді түрінде ескі еврей, неміс, ағылшын, француз, түркі, т.б. тілдерге тәржімаланған. Роджер Бэкон, атақты Әбу Әли Ибн Сина (980-1037) және басқалар тікелей соның әсерімен өздерінің көпке мәлім энциклопедиялық еңбектерін жазды.

Бұл еңбектің құндылығы, оны басқа халықтардың өз қажетіне жаратып, оның еңбек заңдарына, еңбек адамдарының өз жұмысына саналылықпен, ұқыптылықпен қарап, өндірісті дамыту, еңбек өнімін, жеке адамның еңбекке құштарлығын, ынта-жігерін арттыру мақсаты көзделгендігінде.

Әл Фараби жаратылыстану ғылымының негізін салған ғұламалардың да бірі. Ол математиканы жаратылыстану ғылымының басты саласы деп санады. Біз қазір техникалық ғылымдарды жаратылыстану ғылымының басты саласына жатқызамыз. Фарабидің «теориялық атифметикаға қысқаша кіріспе» деп аталатын еңбегінде барлық құбылыстарды табиғат-жаратылыстану әлемінің ауқымында дамитынын дәлелдеп көрсетеді. Трактаттарында қоғамдағы барлық құбылыстар мен өзгерістер таза адал еңбектің жемісі деп тұжырымдады. Сөйтіп, «Адамды адам еткен—еңбек» қағидасының да негізін салып берген. Ал логикалық еңбектерінде еңбек пен еңбек тәрбиесінің дамуы элементтері кездеседі. Әсіресе, «Ғылымдар тізбесі», «Алмагеске түсініктеме», «Астрология», «Философияны үйрену үшін не білу керек» еңбектерінде еркін еңбектің маңызы мен мәнін талдап, ашып көрсеткен. /5, 28-б /

Әл Фарабидің өзінің философиялық және натурфилософиялық еңбектерінде жаратылыстанудың көптеген мәселелеріне тоқталады. Ал ғылыми-философиялық еңбектері оқу, тәрбие мәселелеріне арналған. Оның пікірінше оқу, білім алу, ғылым адамы болу адамгершілік және еңбек тәрбиесі мәселелерімен тығыз байланысты. Ол білім алумен оқу еңбегін пайдалы еңбекке жатқызады.

Ортағасырлық ғұлама жалпы теориялық ой-пікірдің жетістіктерін жаңғыртып, жетілдіре түсті. Халық даналығы туғызған данышпандық пікірлерге ден қойды. Нәтижесінде өзінің философиялық төл тұжырымын жасап, қоғам туралы ілімді, этника мен эстетиканы, этнопедагогиканы дамытты. Аристотельдің еңбектеріне сүйене отырып, антика заманының теориялық озат ой-пікірлерін сыннан өткізіп, оның қажеттісін алды және заманның ілімін белгілі бір жүйеге салды. Аристотельдің жаратылыстанудағы ғылыми және стихиялық материалистік тұжырымдарын күшейтті. Сондай-ақ Платонның идеалистік және мистикалық қателерін түзетті. /6, 12-б/

Фараби мұрасының ішінде этнопедагогика үлкен орын алады. Ол этниканы жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қараса этнопедагогиканы халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін кейінгі ұрпаққа жеткізетін ілім деп санады. Бұған оқу, білім алу, тәрбие беруді жатқызды. Ұлы ғалымның осындай этникалық ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі, ол адам баласын жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы деп түсінді. Бірақ жамандықты жақсылық жеңгенде ғана адам баласы игі мұратына жетеді деп қорытынды жасайды. /7, 12-б/

Сонымен, Фараби туындыларының оның ішінде еңбек пен еңбек тәрбиесі, адамгершілік, игілік туралы тағылымдарының маңызы әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Қайта оны тағылымдарының мазмұны қазіргі тәуелсіз Қазақстан жағдайында қайта түлеп, заман талабына сай жаңа көрініс алуда. Ол жаңа теориялық мазмұн алары хақ.



Әл Фарабидің ілімі Шығыс халықтарының, оның ішінде қазақ халқының педагогикалық ой-пікірінің дамуында революциялық төңкеріс болып есептелді. Демек, ол Шығыс халықтарының салт-санасының, әдет-ғұрпының ағартушылық тәлім-тәрбиелік, ой-пікірінің, ғұламалық тағылымының дамуында жаңа кезең ашып, халықтық педагогиканың негізін қалауы дейміз.
Пайдаланған әдебиеттер.

  1. Машанов А. Әл Фараби. Алматы, 1970. 11-бет.

  2. Григорян С.Н Великий мыслители Средней Азий. Москва, 1958. 12-бет.

  3. Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы, 1973, ІІ-том. 12-бет.

  4. Хайрулаев М. Мировозрение Фараби и его значение в истории философии. Ташкент, 1967. 38-бет.

  5. Көбесов А. Әл Фараби. Алматы, 1971. 28-бет.

  6. Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы, 1973, ІІ-том. 12-бет.

  7. Сонда, 12-бет




www.РЕФЕРАТ.kz Қазақша рефераттар сайты


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет