ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдарындағы Таяу Шығыстағы араб-
израиль қарулы шиеленістері
Таяу Шығыс елдерінің өз арасында туындаған ішкі мемлекетаралық және халықаралық қайшылықтары, сонымен қатар 1967-ші және 1973-ші жылдардағы араб-израиль соғыстары қарастырылады.
XX ғасырдың 60-70-ші жылдарындағы Таяу Шығыстағы мемлекеттердің өз ішіндегі және халықаралық қайшылықтары толыққанды пісіп жетілді. Араб мемлекеттері жүргізген ішкі-сыртқы саясат асқына түсті. Оның бір жағында өз экономикасын көздеген Батыс елдері тұрса, екінші жағында түбі, діні мен тілі ортақ араб елдері тұрды. Әрқайсысы өз мүддесі үшін күрес жүргізді. Жиі-жиі үкіметтердің ауысуы, сыртқы саясаттағы тұрақсыздық Таяу Шығыстағы қарулы шиеленістерді өршітті.
Израиль басшылығы ең бірінші Мысырға соққы беруді ұйғарған болатын. Израиль армиясының қару-жарақтың жаңа түрлерімен жапа-тармағай жабдықталуы тек қана әскерлерді емес, сонымен қатар елдің тұрғын халқын да күшейтілген психологиялық електен өткізу шараларымен қатар жүріп жатты. Күннен күнге сионистік үгіт-насихат оларды араб елдерінің армиялары Израильге қарсы соғыс ашқалы жатыр деген қауесеттермен қорқытып бақты. Әскери үрей өз шегіне 1967-ші жылдың жазында жетті. 1967-ші жылдың маусым айында Израиль батыс елдерінің, ең алдымен, АҚШ-тың және халықаралық сионизмнің қолдауымен Мысырға, сонымен қатар Сирия мен Иорданияға әскери шапқыншылық жасады.
1967-ші жылдың 1-ші маусымында Израильдің жаңа қорғаныс министрі болып сол кездегі елдегі мықты саяси күшке айналған армияның қысымы бойынша генерал Моше Даян тағайындалды. Үш күннен соң-ақ Израиль көршілес араб елдеріне кең ауқымды көтеріліс бастады. Израиль авиациясы тез арада әуедегі басымдылықты жеңіп алды. Сөйтіп, мысыр армиясын талқандап, кейін Иордания мен Сирияға соққы беруге жол ашты.
1967-ші жылғы маусым айында соғыс аяқталғаннан кейін екі жақ әскерлерінің тыныштық сақтаулары басталысымен-ақ, Мысыр жағы Израильмен кезекті соғыс жүргізу үшін әзірліктеріне кірісті. «Титықтатушы соғыс» деген атауға ие болған соғыс қимылдарын жүргізудің қажеттілігі сол кезде туындаған еді. «Титықтатушы соғыс» күтпеген бастау болды. Ол екі жарым жылдай уақытқа созылды. Осы кезеңде Қарулы Күштер өздеріне жүктелген тапсырмаларды мүлтіксіз орындады. Олар мұнымен қоса, өте маңызды нұсқауды жүзеге асырды. Ол – «Жер-Әуе» зымырандарының бекетін салу болатын. Құрылыс кезінде инженерлер, жұмысшылар мен жауынгерлер қоян-қолтық жұмыс істеп, ынтымақтықтың тамаша үлгісін көрсете білді.
Соғысқа әзірлік туралы стратегиялық жоспар құру 1967-ші жылғы маусым айындағы соғыстан кейін, президент Гәмәл Абдәл Насыр басшылық етуімен басталды. Бұл жоспарлау әрі қарай жалғасып, іс жүзінде оның алғашқы қадамдары жасалды. Ал, президент Әнуар ас-Садаттың кезінде соғысқа әзірлік жұмыстары дереу басталып кетті. Бұл стратегиялық жоспар бір-бірімен тығыз байланысты кешенді жұмыстардан құралды. Оның стратегиялық бағыттары «титықтатушы соғыс» кезінде нақтыланып, айқындала түсті. Ал, соғыс басталардан бұрын ол өз мәресіне жетіп, іске асырылуға дайын күйде еді.
Абдәл Насыр заманындағы жоспарлар мен ой-пікірлер жиынтығы соғысқа дайындық және жоспарлауға әзірлік пен қорғаныс кезеңін аяқтау туралы дайындық ретіндегі стратегиялық идеяны айқындаудан әрі аспады. Алайда, Әнуар ас-Садат дәуіріндегі бұл әрекеттердің бәрі іс жүзінде жүзеге асып, осы жоспарлар мен тактикалардың өзіндік бір дамуын көрсетті.
Сөйтіп, қорыта айтқанда 1967-ші жылғы маусым айында соғыс бітті. Соғыспен бірге Таяу Шығыста бейбітшілік орнатудың тиімді жағдайына себін тигізетін саяси және дипломатялық әрекеттер де бітті. Әрине бұл әрекеттермен бірге, араб-израиль шиеленістерін реттеу үшін, көптеген басқа да бастамалар мен талпыныстар жүзеге асырылды. Алайда бұл тырысулардың ешқайсысы өздерін ақтамады. Олардың бәрі Израиль саясатынан күйреп отырды.
1973-ші жылғы тамыз айында Мысыр Араб Республикасының президенті Әнуар ас-Садат екі айдан кейін, Израильге қарсы соғыс жариялау туралы шешім қабылдады. Әнуар ас-Садат Израильге қарсы соғысты жалпы араб елдерінің халықтары тарапынан егеменді және ұлттық мемлекеттік құқықтарын қайтару үшін әділетті соғыс ретінде ұғынатын еді. Әнуар ас-Садат бұл соғыста ішкі және сыртқы саясаттың мақсаттарын жүзеге асыру мүмкіндігін көрген болатын, бірақ соғыстың алдыңғы кезеңінде бұлардың орындалуы мүмкін емес еді. «Бұл – деп жазады 1973-ші жылғы қазан соғысының араб зерттеушісі Магди Кәмәл әл-Мысри – Мысыр тәртібінің осы шектеулі соғыс арқасында ел ішінде туындаған дағдарысты жағдайдан шығуға жасаған талпынысы еді» [29]. Тамыз бен қыркүйек айларында Мысырдың әскери дайындықтары дереу белсенді түрде жүргізіле бастады. Қазан айындағы соғыс қарсаңында жүргізілген кеңестік-мысырлық байланыстарды кейбір зерттеушілер кеңес басшылығы Мысыр мен Сирияның әскери жоспарларынан хабардар еді деп қарастырады [30].
1973-ші жылғы 6-шы қазанда мысырлық және сириялық әскерлер Израильге қарсы әскери қимылдар бастады. 1973-ші жылғы соғыстың қарсаңындағы Мысырдың әскери жоспарлары Суэц каналының қорғаныс жолдарынан өтіп, Барлевтегі Израиль шебін жоқ ету және каналдың шығыс жағынан 10-15 км жерде өздерінің қорғаныс шебін құру болатын. Бұл операцияны бітірген соң, мысырдың қарулы күштері Синай, Митла және Гиддидағы тау асуларын басып алуды жүзеге асыруға кірісулері тиіс еді. Соғыс басталар алдында жауды адастырудың жолдарына арналған әскери және саяси шаралардың бүкіл жиынтық легі жасалып, жүргізілді.
1973-ші жылғы 6-шы қазанда мысырлық әскерлер Суэц каналын басып өтті. Барлев жолы қорғанысының бір құрамы болып саналатын құмдықты брандспойттар атты өрт сөндіргіш насостар арқылы сумен атқылап, мысырлықтар қарсы жағаға танкілер мен жаяу әскерлерді алып өтетін қалқымалы көпірлер жүргізді. Сөйтіп, 1948-ші жылғы соғыстан кейін, арабтар бірінші рет аяқ астынан шабуыл жасау басымдылығына ие болды.
Соғыстың алғашқы күндері мысырлық және сириялық одақ үшін табысты болды. Бастапқы мақсат – Синай түбегі ішіне 10 километрге дейін кіру, орындалған еді. 8-ші қазанда израиль әскерлері қарсы шабуылға шығуға тырысқанымен, жеңіліске ұшырады. Әрі қарай не істеу қажеттігі жайлы мысыр армиясына басшылық еткен генералдар арасында әртүрлі қарама-қайшы көзқарастар туды.
14-ші қазанда мысыр әскерлері шабуылға шығу жайлы бұйрық алды. Сол күні Израиль премьер-министрі Г.Мейр әскери қолбасшылар мен кабинеттің төтенше жиналысын шақырды. Израильдіктер Садат қателігін тез арада пайдаланып, шабуылға шыққан Мысыр әскерлеріне күшті соққы берді. Мұнда 100-ден аса мысырлық танкілер жойылды.
Осы уақытта израильдік генерал Шарон барлаудан екінші және үшінші мысыр армиялары орналасқан жерлердің арасында қорғалмаған саңылау бар екені жайлы мағлұмат алды. Ол дереу осы саңылау арқылы жеті танкімен өтіп, Суэц каналын жаулап алды. Ал Мысырдың әскерлері бұл кезде Митла және Гиди асуларына жақындаған еді Олар Шарон отрядының соңынан қуып жете алмады. Ал бұл отряд көп ұзамай қосымша күшке ие болды.
Сөйтіп, 16-шы қазан күні таңертең президент Садат келіссөздер жайлы өтінуге мәжбүр болды. Өз сөзінде ол Израильге келісім жасауды ұсынды, ол егер Израиль келіссөздерге келіп, олардың басып алған территорияларын қайтарып берсе, соғысты тоқтататыны туралы айтты [31, 12 б.]. Бірақ бұл ұсыныс дәл бір күнге кешіккен еді, себебі бұл кезде ұсыныс жасау енді Израиль армиясының қолына түскен болатын. Сондықтан Шарон Каирға қарай жылжуға бұйрық алған еді. БҰҰ оқ атуды дереу тоқтатуға шақырды.
1973-ші жылдың 22-ші қазанында БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі №338-ші Қарарды қабылдады. Онда аталған проблеманы реттеудің қажеттілігі тұжырымдалып, соғыстың Таяу Шығыс халықтары үшін шамадан тыс ауыртпалықтар мен зардаптар тудыратыны айтылды. Ол 12 сағаттан кешіктірмей, әскери қимылдарды тоқтатып, Таяу Шығыста әділдік пен бейбітшілік орнату үшін келіссөздерге кірісуге шақырды.
1973-ші жылғы қазан соғысы үш мемлекет қана қатысқан жай аймақтық дағдарыстан ірі бес аймақтық мемлекет, екі ірі держава қатысқан ғұлама дағдарысқа ұласты. Бұл дағдарыс қырық бір күнге созылып, аймақта ірі күштердің шоғырлануына байланысты үлкен өзгерістерге алып келді.
Араб әлемі Садаттың стратегияларын қабылдаған жоқ. Кэмп-Дэвидтегі кездесу арабтардың наразылығын тудырды. Атап айтқанда, М. Қаддафи Триполидегі шығып сөйлеген сөзінде: «Жауымен бірге тіршілік етудің амалын іздеген адам, араб ұлтының жүрегіне уланған қанжар сұққысы келетін жан» - деп тұжырымдады
Дегенмен, Кэмп-Дэвид Садат дипломатиясының ең биік шыңы болды. Ол өзінің қандай теңдесі жоқ шешімге барғанын және бұл араб әлемінде қандай реакция тудыратынын алдын-ала түсінген еді. Кездесу барысына кеңестер жағының тигізуі мүмкін әсерінен қашу мақсатында КСРО-дан да келіссөздердің мазмұнын жасыру қажет болды. Нәтижесінде, 1978-ші жылдың 17-ші қыркүйегінде келіссөздер: «Таяу Шығыстағы бейбітшілік аясы» және «Мысыр мен Израиль арасындағы бейбіт келісім орнату аясы» деген екі маңызды құжатқа қол қоюмен аяқталды.
«Таяу Шығыстағы бейбітшілік аясы» құжатына сай, Израиль Иордан өзенінің батыс жағалауына, Ғаза аймағына егемендік беруден бас тартты. Ал бес жылдық өтпелі кезеңнен соң, ол басып алған территорияларда тұрып жатқан палестиндіктерге өз иелігін сақтай отырып «автономия» беруді уәде етті.
Бес жыл ішінде Мысыр, Иордания және Израиль бұл территориялардың түпкілікті статусы жайлы келісулері қажет болды. Вашингтонның қамқорлығы арқасында жасалған Мысыр мен Израиль арасындағы Кэмп-Дэвид келісімі Садаттың КСРО-мен ынтымақтастық пайдасы үшін таңдау жасамағанын көрсетті. Садат пен Бегин келісімінің мағынасы Мәскеу қатысқан Таяу Шығыс мәселесін реттеу схемасының бұзылғанын білдірді. 1979-шы жылдың 26-шы наурызында Вашингтонда Мысыр Араб Республикасы мен Израиль арасында Кэмп-Дэвидтік құжаттар негізінде бейбіт келісімге қол қойылды.
1973-ші жылғы қазан соғысының барысы мен нәтижесін бағалай келіп, зерттеушілердің - неге мысырлық әскерлер Суэц каналының қорғаныс шебін бұзып өтіп, әскери табысын Синайдағы тау асуларын басып ала отырып, әрі қарай дамытпады? – деген әділ сұрағы туады.
Мысыр басшылығына АҚШ пен Израильдің өзіне деген көзқарасын өзгерту үшін бір талпыныс жасауы қажет еді. Сол үшін Садат жеңісті соғыс жолымен аймақтағы жағдайды одан әрі шиеленістіруді және жоғарыда аталған елдерді Мысырмен санасуға мәжбүрлетуді қарастырды. Алайда ол соғыстың табысты болатынына айтарлықтай сенген жоқ, сондықтан тек кішкентай операциямен ғана шектелгісі келді. Кейінірек өзі жазғанындай, оның әскери операциясының жоспары тек соғыстың бастапқы кезеңіне ғана арналған белсенді әскери әрекеттерден тұрды. Ол басып алынған жерлердегі маңызды емес бөліктердің өзі де кейін дипломатиялық келіссөздерде оның ұстанымын шешуші түрде жақсартады деп есептеді. Соғыс басталған күннің ертесіне-ақ, Садаттың бұйрығы бойынша Х. Исмаил Киссенджерге Мысыр Израильге қарсы әскери әрекеттер ауқымын кеңейтуді ойлап отырған жоқ деген хат жолдады. Мысыр басшылығының әскери операцияларды жүргізуге батылсыздығы, оның шиеленісті бейбіт жолмен реттеу жайлы келіссөздер кезінде тез көнушілік танытуы осымен түсіндіріледі.
Қазан соғысының нәтижесі болып Израильдің араб территориясынан кетуі емес, оқ атудың тоқтатылуы саналады. Палестиндіктердің құқықтары сол күйінде қалпына келтірілмеді. Бұл жерде американдық зерттеуші Бейкердің қазан соғысы арабтардың басып алынған жерлерді қайтару үшін емес, Израильге олардың үстінен орнатқан үстемдігінің құны өз сазайын жеткілікті түрде тартатынын көрсету үшін басталды деген пікірмен келісуге болады.
1974-ші жылдың 18-ші қаңтарында Каир-Исмаилия жол торабының 101-ші километрінде Мысыр мен Израиль өкілдері Синай майданындағы әскерлердің ажыратылуы жайлы алғашқы келісімге қол қойды. Ол бойынша қазан соғысында Израиль басып алған Суэц каналының батыс жағасындағы жер телімдер Мысыр бақылауына қайтарылуы көзделген еді. Екі жақтың аралығындағы территорияларда («буферлік аймақ» деп аталатын) БҰҰ-ның әскерлері шоғырланды. Келісім-шартта БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің №338-ші қарарына сай мұны түпкілікті реттеу емес, әділ де бекем бейбітшілік жолындағы бірінші қадам ретінде қарастыру айқындалды.
1975-ші жылғы 4-ші қыркүйекте АҚШ-тың белсенді түрде араласуы негізінде Синайдағы мысырлық және израильдік әскерлерді ажырату жайлы екінші келісім жасалды. Бұл келісім бойынша израильдік әскерлер Суэц каналынан шығысқа қарай 30-40 км жерде орналасқан Митла және Гидди таулы асуларына шығарылды. Ал Мысырға Әбу-Рудайс мұнайлы жерлері берілді. Жалпы көлемде Мысырдың бақылауына бар болғаны Синай территориясының 5,5%-ы (ал мысырлық және израильдік әскерлерді ажыратып тұрған территорияның 7%-ы «дәнекер аймаққа» қосылды) кірді. Каирдың иемденгендері осымен шектелді.
Мысырлықтар Израильге қарсы күш қолдануға немесе күшпен қысым жасаудан бас тарту жайлы өзіне міндеттеме алды. Араб территорияларын басып алу жалғастырылып жатқан жағдайда және Палестина мәселесінің реттелмеген қалпында, бұл Мысырдың Израиль басқыншылығына қарсы жалпыарабтық майданнан кетуімен барабар еді, оның үстіне бұл келісімде не Тель-Авивте қалған араб жерлері жайлы, не палестиндіктердің заңды ұлттық құқықтары жайлы ештеңе де айтылған жоқ.
Әнуар ас-Садат Израильге қарсы ешқандай үгіттеу жұмыстарын жүргізбеу, араб елдері жағынан Израильге жарияланған экономикалық бойкоттың тоқтатылуына көмек көрсету, Суэц каналы арқылы Израильдің әскери емес кемелерінің өтуіне рұқсат етуге келісті.
Келісімнің бір тарауында «дәнекер аймақта» американдық тұлғалар қызмет көрсететін бірнеше радиолокациялық станциялардан тұратын алдын ала құлақтандыру жүйесін құру жайлы айтылады.
Келісімде Мысыр жағының да Израиль жағының да бақылауы астында болып табылатын аудандарда екі жақтың да шектеулі әскер саны мен шектеулі қару-жарағы негізінде ортадан танап жүргізу қарастырылды. Бірақ Мысырда бұл танап Израильдікіне қарағанда екі есеге кең болды.
1973-ші жылғы қазан соғысы үлкен жаңғырыққа ие болды. Бұл Израильге жасаған әлемдік қоғамдық пікірдің соғысты тоқтатуды және араб халықтарының заңды құқықтарын сыйлауды талап еткен қысымы негізінде, араб әлемінде ұлттық патриоттық күштердің қарқынды түрде өсуінен айқын көрініс тапты. Шиеленісті реттеудің бейбіт жолдарын іздестірудің қажеттілігі туды, себебі Женева конференциясы түріндегі механизм сол үшін де құрылған еді. Аймақтағы жағдайды дамытатын жаңа фактор да пайда болды - бұл өздерінің соғысқа қабілеттігін дәлелдеген мысырлық және сириялық армиялардың өскелең әскери қуаты еді.
Садаттың қол жеткізген жалғыз нәрсесі – бұл Мысырды АҚШ-пен одан әрі қарай жақындастыруы еді. Осылай 1974-ші жылдың 14-ші маусымында президент Никсонның Каирға сапары кезінде мысырлық экономиканың іс жүзінде барлық салаларын қамтыған ынтымақтастық қызметі бойынша біріккен комиссия құруды көздейтін, «Мысыр мен АҚШ арасындағы қатынастар мен ынтымақтастықтың принциптері» деп аталатын құжатқа қол қойылды.
1978-ші жылғы қыркүйекте Кэмп-Дэвидте жасалған келісімнің «Бейбітшілік аясы» деп аталуы тегін емес болатын. Ол араб-израиль бейбітшілік үрдісінің әмбебап формуласы болуы тиіс еді. «Бейбітшілік аясы» ынтымақтастықтың әртүрлі сауда-экономикалық салаларына қатысты болып, араб елдерін мысырлық-израильдік келіссөздерге қосылуға шақырды және бұл үшін бейбітшілікке жетудің реттелген кезеңдерін ұсынды, ал бұл жалғыз Американың жеке қорғанысы астында ғана болуы тиіс еді.
АҚШ-тың жоғарыда аталған бейбіт келіссөздердің жалғыз ұйымдастырушы-қорғаушысы ретіндегі рөлі, сол кезде Таяу Шығыста болып жатқан екі үрдістің нәтижесі болды: біріншіден, бұл Генри Киссенджердің «саудалы дипломатиясының» даусыз жетістіктері, олардың нәтижесінде еріскен Синай келісімдері, Голан қыратындағы әскерлерді ажырату жайлы сириялық-израильдік келісім; екіншіден, КСРО-ның Мысырдан «кетуінің» салдарынан аймақтағы кеңестік ұстанымдардың елеулі түрде әлсіреуі.
Келісімнің Палестина мәселесін шешуге арналған бөлімінде тек қана Мысыр, Израиль және Иордания ескеріледі, себебі құжат авторлары Палестинаның құрылуы тек қана Иорданиямен конфедерация негізінде қалыптасуы мүмкін дегенге сүйенді. Израильге қатысты өз ұстанымының қаталдығы салдарынан келіссөздерге қатысушы елдер қатарынан Сирия шығарылып тасталды. Тағы да ескерілетін бір факт – Палестина халқының жалғыз заңды өкілі ретінде барлық араб мемлекеттерімен мойындалған, Палестинаны азат ету ұйымы жайлы келісімде мүлдем ештеңе айтылмайды.
Кэмп-Дэвидте жасап шығарылған келісімдер 1979-шы жылдың 26-шы наурызында Вашингтонда Бегин, Садат және Картер қол қойған Израиль мен Мысыр арасындағы бітімгер келісім-шарттың негізіне алынды.
Мысыр мен Израиль арасында бейбітшілікті орнату, араб-израиль шиеленісінің барлық салаларында реттеуге қол жеткізу үшін аймақта бәрін тегіс қамтитын бейбітшілікті іздестірудегі маңызды қадам болып есептеледі деп сенім білдірген тараптар келісімнің 1-ші бабына аталған мемлекеттер арасында соғыс тоқтатылғаны жайлы фактіні енгізді. Келісім бабы Синай түбегінен Израиль қарулы күштері мен азаматтық тұлғаларды шығару жайлы ережені қамтыды. Эвакуация үш жылдың ішінде белгілі-бір кезеңдермен жүргізіліп, 1982-ші жылдың сәуірінде аяқталуы қажет еді. Осылай, заңды күш беретін ратификациялық грамоталармен алмасқан күннен бастап бірінші тоғыз ай ішінде израильдіктер әл-Аришадан шығысқа қарай жүретін Раас-Мухаммадқа дейінгі шепке өз әскерлерін шығаруға міндеттенді. Бұл кезең біте салысымен қарым-қатынастардың дұрыстығын, экономикалық бойкоттарды және адамдар мен тауарлардың еркін қозғалыстарына кедергі болатын тосқауылдарды жоюды қарастырған келесі 3-ші бабтың 3-ші тармағы күшіне енуі тиіс болатын.
Келісім-шартта Синай түбегіндегі Мысырдың егемендігі жайлы да айтылды. Алайда іс жүзінде бұл шектеулі ғана егемендік болатын. Мысыр жағынан Израиль шекарасын бойлай және Акаб бұғазын жағалай ені 20-дан 40 километрге дейін қарусыздану аймағы құрылды. Түбектің қалған бөлігінде Мысыр өзінің қарулы күштерінің шектеулі санын ғана ұстай алатын болды. Ал Израильдің салған аэродромдарын мысырлықтар тек қана азаматтық мақсаттарда пайдалана алатын. Мұның негізінде бүкіл Синай қарусыздану аймағына айналды.
Сөйтіп, ұзақ тартыстан кейін екі жақ келісімге келді. Мысыр бәрінен де бұрын, келісім-шарттың Синайдан Израиль әскерлерін шығаруға қатысты бөлімінің іс жүзіне асырылуымен тынышсызданып, израильдіктермен қатынасты асқындырмауға тырысты, Палестина автономиясы бойынша келіссөздер барысына өздерінің тәуелсіз келісім-шарттарын ұстанатынын көрсетті. Мұнымен қатар, Мысырмен бітімгер келісім-шартқа қол қойылған соң, Израиль ұстанымы одан да бетер қатал бола бастады. Сол үшін, келіссөздерде автономия жайлы мәселе бойынша делегация басқарушыларына өз көзқарастарын таңа бастады, ақырында төртінші талпыныстан кейін тараптардың нақты қадамдар жайлы келісуге сәті түсті. 1979-шы жылдың шілде айында, Александриядағы кездесуде, Мысыр мен Израиль басып алынған территорияларда сайлау жүргізу жайлы барлық мәселелерді қарастыру бойынша комиссия құрды, және бұл аймақтың құзыретін анықтау бойынша да комиссия құру жайлы келісті. 1979-шы жылдың қазанында сайлау барысына азаматтық тұлғалармен қатар жергілікті палестиндіктердің бақылауы жайлы да келісімге қол жеткізілді. Израильдің ең ымыраға келмейтін жауларының бірі болып - Палестинаны Азат Ету Ұйымы (ПАЕҰ) саналды. Ол ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының басына қарай халықаралық сахнада танымал болып, басып алған араб территорияларындағы тұрғындар арасындағы ең әйгілі және ең беделді ұйым болды. Кэмп-дэвидтік келісімдер маңызды тарихи үрдіске бастама берді. Олардан кейін араб-израиль шиеленісін шешуде, негізінен, жаңа ештеңе де ойлап табылмады. Мысыр мен Израиль арасындағы бітімгер келісім-шартты жасауда соншалықты ұтымды пайдаланылған «жерді бейбітшілікке айырбастау» принципі әлі күнге дейін Таяу Шығыстық реттеудегі маңызды құрауыш болып келеді. Қарсы тұрудың әрі қарайғы тарихы шиеленістерді шешуде келіссөздерге барудан басқа, ешқандай шешім жоқ екенін көрсетті. Сол үшін кэмп-дэвидтік үрдістің мағынасы «білек күшінің» ойынысыз және қару-жарақсыз мәселені реттеудегі ең бірінші талпыныс болғанымен қорытындалады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Примаков Е.М. Анатомия ближневосточного конфликта.- М.: Мысль, 1978. 374 с.
2 Шарипов У.З. Персидский залив: нефть - политика и войны. - М.: Наука, 2000. 76 с.;
3 Нефтедоллары и социально-экономическое развитие стран Ближнего и Среднего Востока. – М.: Наука, 1979. 135 с.
4 Осипов А.И. США и арабские страны (70-е – начало 80-х годов). – М.: Прогресс, 1986. 94 с.
5 Тимохин П.П. Военно-силовая политика США.–М.: Воениздат, 1987. 210 c.
6 Звягельская И.Д. Конфликтная политика США на Ближнем и Среднем Востоке. – М.: Наука, 1990. 126 c.
7 Соловьев В.А. Ближневосточный жандарм. – М.: Воениздат, 1983. 64 с.
8 Мелмукян Е.С. Кувейт в 60-80-х годы.- М.: Мысль, 1991. 215 с.
9 Сафрончук В. Дипломатическая история «Бури в пустыне» // Международная жизнь. 1996. №. 10. С. 27, 30-31.
10 Медведко Л.И. Седьмая Ближневосточная война.М.: Прогресс, 1993. 83 с.
11 Кожахметов К.К. Движение солидарности и борьба арабских народов за свободу и независимость (сер.50-х-начало 80-х гг.). - Алматы: Оралман, 1999. 200 с.
Достарыңызбен бөлісу: |