КОНСТИТУЦИЯ – БІЗДІҢ ЕЛІМІЗДІҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ ЖОЛ АШТЫ
Мырзагелді КЕМЕЛ (Конституция күніне арналып Ұлттық кітапханада ұйымдастырылған кездесуде жасалған баяндама. 30 тамыз 2014 жыл)
Қазақстан Республикасының Конституциясы күні – біздің еліміз үшін ең маңызды мерекелердің бірі. 1995 жылы 30 тамызда еліміздің негізгі Ата Заңы қабылданды. Бұл Қазақстан азаматтары үшін республика дамуының жаңа беттерінің басталуын білдіретін ерекше оқиға болды.
Конституция қабылданған мерзімге дейін, нарық қатынастарына көшу басталғанда Қазақстанның еншісіндегі экономика жан тапсыру алдындағы экономика еді. Біздегі кәсіпорындар әлемдік қатынастар талабына тіптен де сәйкес келмейтін. Республика кәсіпорындарының барлығы дерлік біз өткелі тұрған дүниежүзілік нарықтың талабына шыдайтын бір де бір өнім шығара алмайтындықтан өз жұмысын тоқтатып, ауыл шаруашылығы да құлдырап, кейін кеткен еді. Біздің еншімізге нарық талаптарына жауап бере алмайтын темір жол, автомобиль жолдары, энергия жүйелері мен құбыр желілері тиді. Бізге ахуалы әбден нашарлаған ауыл шаруашылығы мұраға қалды. Біздің бүкіл заңнамаларымыз Кеңес Одағы заңнамаларының көшірмесі еді, олар бір орталықтан басқарылып бөлінетін, теңгермешілік саясатқа негізделген болатын. Ең бастысы, бізде жаңа заманның талаптарына сай, жаңа жағдайда не істеу керек екенін білетін адамдарды тәрбиелеп шығу қажеттігі шұғыл түрде алдан шықты.
Осы істің бәрі жаңартылды, жүйеленді және жүзеге асырылды. Іс жүзінде бәрін де жаңадан бастауға тура келген сәтте оның жетекшісіне болжампаздық, ұйымдастырушылық, іскерлік қабілет керек еді. Мұның бәрі біздің Елбасымыздың басшылығымен жүзеге асты.
Жұрттың баршасы бірдей байыбына барып пайдалана білмеген шексіз бостандық берілген сол кездері мемлекетаралық егестерге, ұлтшылдық сезімінің өріс алуына, қоғамдағы бір топтың келесі бір топтарға тиісуіне жол бермеуге Президент Назарбаевтың ұзақ жылғы ұйымдастырушылық және саяси тәжірибесі көмектесті, бұл сыннан да біз, бақытымызға орай, сүрінбей өттік.
Осы күнгі тұрғыдан қарағанда Қазақстанға мынадай нақты игіліктер келгенін мақтанышпен айта аламыз:
Біз кеңестік жүйе күйреуінің ауыр зардаптарын жеңіп шықтық, халқымыздың тарихында бұрын-соңды болып көрмеген, халықаралық құрметке ие тәуелсіз мемлекет құрдық, оны бүгінде бүкіл әлем таниды.
Басты жетістік - еркіндік. Біз сол еркіндікке ие болдық.
Еліміз экономикасы нарықтық арналарға көшіп, жоғарғы экономикалық өрлеуге қол жеткіздік, ырықтанған саясат жүзеге асты. Жыл сайын экономиканың орта есеппен 7 пайыздық өсімі қамтамасыз етілді.
Елімізде Адам құқы жөніндегі Бүкіләлемдік декларацияға сәйкестендірілген адам құқықтары жөніндегі уәкілдік институты құрылды.
Мемлекеттің қауіпсіздік жүйесі құрылды, елдің аумақтық тұтастығы қамтамасыз етілді. Тиісті нышандары түгел сақталған қорғаныс жүйесін жасай алдық, өзіміздің Қарулы Күштерімізді қалыптастырдық.
Елдік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба, Әнұраны бекітілді.
Ұлттық валютамыз – теңге дүниеге келді.
Семей сынақ айлағы жабылды. Қазақстан дүние жүзінде бірінші болып өз еркімен ядролық қарудан бас тартты.
1995 жылғы Конституция - жалпы тарихи тағдырмен байланысқан Қазақстан халқының бірлігін нығайта түсті. Конституцияның өзекті ережелеріне сүйене отырып, біз ел тағдыры үшін өмірлік маңызы бар жаңаруларды жүргіздік: нарықтық экономиканы құрдық және демократиялық қоғамның негізін қаладық. Қазақстан дүниежүзілік аренаға танымал болды және әлемдік экономикалық жүйе ішінде лайықты орнын алды.
Конституция Президенттік басқаруды нақтылап берді.
Конституцияда республикадағы мемлекеттік билік біртұтас деп жарияланды. Бұл билік Конституция бойынша үш тармаққа – заң шығарушы, атқарушы және сот жүйесі болып дараланған. Мұндағы мақсат билікті біржақты иемденіп кетушілікті болдырмау үшін олардың аражігі ажыратылып, әрқайсысынан конституциялық өкілеттіктері айқындалған. Олар бір-бірінің ісіне қол сұқпайды, әрқайсысы өз құзырларынша қызмет етеді. Осылайша, биліктің үш тармағы – атқарушы билік, заң шығару билігі және сол билігі құрылды, олар үйлесіммен, сыйластықпен жұмыс істеп жатыр.
Конституция елімізде екі палаталы тұрақты жұмыс істейтін Парламентті заңдастырды. Ол республиканың заң шығарушы ең жоғарғы өкілетті органы болып табылады. Парламентіміздің жаңа демократиялық сипатта дамуына конституциялық негіз қаланды. Парламент өз жұмысын саясаттандыруға бейімдемей, экономикалық және саяси реформаны елімізде жеделдетуге қажетті заңдарды қабылдауды алдына негізгі мақсат етіп қойды.
Тәуелсіз сот жүйесінің негіздері қаланып, заңның үстемдігі дәйекті түрде қамтамасыз етілуде. Қоғамда сот жүйесіне деген сенім артуда.
Мемлекеттің республика деңгейінде ғана емес, жергілікті жерлердегі басқаруы мен өзін-өзі басқару тәртіптері де Конституцияда айрықша дараланған.
Облыс пен аудандарда, қала мен селода мемлекеттік басқаруды өкілді дегендер – мәслихаттар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
Бізде өлім жазасына мораторий енгізілді.
Біздің қайта өрлеу, ерік-жігеріміз бен мүмкіндіктеріміздің бейнелі баламасындай болған eлордамыз - Астананы тұрғыздық.
Барлық негізгі құқықтар мен еркіндіктерді сақтай отырып, тоталитаризмнен демократияға ауқымды ауысуды жүзеге асырдық.
Біздің елімізде демократиялық институттардың дамуы дәйекті жүргізілуде.
Бізде саяси саналуандылық пен көппартиялық орнықты. Біздің әрбіріміз түрлі қоғамдық және саяси бірлестіктерге кіре аламыз.
Бізде цензураға конституциялық тұрғыда тыйым салынды. Сөз бостандығы жария етілді. Бізде ашық плюралистік қоғам қалыптасты.
Қай ел болмасын, экономика - саясаттың да, мәдениеттің де негізі. Экономика мемлекеттің, қоғамның, әрбір нақты адам мен оның отбасы өмірінің негізі екен. Өйткені экономикамен байланысты емес сала жоқ, қай мәселе болсын шешімі экономикаға тәуелді. Оны шешу үшін елде қуатты, осы мәселелерді шешуге қабілетті экономика құрылмаса, ең биік құндылықтар санайтын - еркіндік пен демократия, халық игілігі деген құбылыстың өзі бос сөзге айналып қалады.
Бүгінде Қазақстан жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім деңгейі бойынша ТМД елдері ішінде екінші орында, іс жүзінде барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша көш бастаушылар тобында келеді. Осы күндерге жетуіміз ең алдымен халықтар бірлігі мен өзара түсіністігінің нәтижесінде мүмкін болды. Талай тар жол, тайғақ кешуден өттік. Адам сенбестей инфляция да, жаппай жұмыссыздық та, өнеркәсіп орындарының тұралауы да, дүкен сөрелерінің тып-типыл көріністері де болды. Соның бәрі рет-ретімен жолға қойылды.
Конституция мемлекеттік меншікпен тең дәрежеде дамуға мүмкіндік алған жеке меншікті қалыптастырды. Соның нәтижесінде біртіндеп отандық кәсіпкерлер калыптасты. Нарыққа балама жоқ екені, білімді мен біліктінің ғана жолы болатыны қоғамдық санаға сыналап енді. Елдің барлық азаматтары үшін кәсіпкерлік құқығы сақталып, меншікке заңсыз қол сұғушылықтан қорғау жүзеге асырылды.
Негізі заң меншіктің қызмет аясы мен мақсатын да айқындап берді. Меншік атаулы қоғам игілігіне ғана жұмсалуға тиіс, ол адамзат мүддесіне қарсы қызмет етпеуге тиіс, ол адамзат мүддесіне қарсы қызмет етпеуге тиіс. Сонда ғана меншік иесін қорғауға кепілдік жасалады.
Қазақ елі дербес мемлекет я хандық болғаны ұмытылғалы көп уақыт өтіп, сол екі арада әуелі екі ғасыр бойы Ресейдің бодандығында болуға мәжбүр болған Қазақстан одан соң жетпіс жылдай Кеңес Одағының бір республикасы ретінде ортақ шекара ішінде болды. Одақ күйреп, он бес республика біртіндеп өз алдына отау тігіп шыққанда, қазақтың кең байтақ жеріне қызыға қарағандар аз болған жоқ. Осынау ұлт тағдыры тарих талқысына түскен сын сағатта, Президент Назарбаев барлық көршілес елдермен келіссөздер жүргізіп, шекарамызды айқындап алуға аянбай күш жұмсады.
Сөйтіп, көп жылғы ұмтылыс нәтижесінде барлық шекаралас елдермен – Қытаймен, Ресеймен, Қырғызстанмен, Түркменстанмен және Өзбекстанмен 14500 шақырымдық мемлекеттік шекара анықталды және белгіленді. Осы алып шекара сызығы бойында бір де бір күдікті, күмәнді нүктелер қалмай, біржолата айқындалып, халықаралық құжаттармен бекітілді. Бұл ел қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі жолында атқарылған орасан зор тарихи маңызы бар оқиға. Бұл біздің ішімізге түйіп жүрген ізгі арманымыз еді.
Шешуші кезеңде, дер кезінде қабылданған Конституцияның нәтижесінде әлеуметтік сала – білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салалары да қарқындап дамып келеді.
Осылайша, тарих үшін қысқа мерзім ішінде біздің еліміз Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығымен тарихи үш міндетті жүзеге асырды: тәуелсіз мемлекетімізді құра алдық, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көштік және тоталитаризмнің құрсауындағы елден тең құқықты демократиялық елге айналдық.
Осының бәріне ұлтымыздың Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың дәйекті саяси еркі, сол сияқты Қазақстан халқының ынтымақтастығы мен бірлігі арқасында қол жеткізгендігіміз даусыз.
Конституцияда демократияның түпкі мәні ерекше айқындалды. "Демократия” деген грек сөзін өз тілімізге аударсақ, "халықтың билігі" деген мағына шығады. Осы тұжырым қағида Негізгі Заңның үшінші бабында нақты бейнеленген. "Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық” деп, нақты жазылған.
Негізгі Заңда саяси бостандықтарға кең кепілдік берілген. Саяси қозғалыстар Конституция шеңберінде емін-еркін өмір сүріп, қызмет ете алады. Оған ешқандай қысым жасалмайды.
Демократиялық принциптер Конституцияның арнайы "Адам және азамат” атты екінші бөлімінде айқындық тапқан.
Президентіміздің Негізгі Заңда көрсетілген конституциялық ауқымда жемісті жұмыс істеп отырғанына бүкіл ел куә. Еліміздегі саяси тұрақтылық, орын алып отырған үлкен қиындықтарға қарамастан макроэкономикалық деңгейдегі ілгерілеу, отандық өнеркәсіпті жандандыруға шетел инвестицияларын көптеп тарту, шикізат көздерін игеріп, жер асты байлықтарын экономиканы аяққа тұрғызуға пайдалану, алыс-жақын шетелдермен оңды қатынастар орнату, ұлттардың татулығын қамтамасыз ету, еліміздің руханиятын, қорғанысын дамытуға күш салу және басқа сан-салалы қызметтерді құптауға әбден тұрарлық.
Осы орайда біз Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел билігінің тұтқасын ұстаған жылдары атқарған орасан зор еңбектерінің ішінен екі ерлігін бөліп айтқым келеді.
Біріншісі, 1995 жылғы бүкілхалықтық референдумда Конституцияны қайта қабылдау арқылы Президенттік басқаруға көшуі. Бұл, Абай айтқандай: «екі тізгін, бір шылбырды бер, жетпегеніңді жетілтемін, жамандығын жасырамын, жақсылығын асырамын деп тырысу» еді. Осынау қиын кезеңде бар жауапкершілікті мойнына алып, қайраткерлікпен елін өрге сүйреуді қолына алған Елбасының кемеңгерлігі мен көрегендігін посткеңестік елдердің даму орына кері кетіп жатқан көріністерінен анық байқаймыз.
Екіншісі, сонау 1994 жылы Жоғарғы Кеңестің шешімін шығартып, өте қиын кезеңде, 1997 жылдың борандатқан желтоқсанында ел ордасын Алматыдан Арқа төсіне көшіруі еді. Сөзді көп созбай, екі ауыз сөзбен түйіндеп айтсақ, биылғы жылғы бірі аю, бірі бұқа елдің өзара арпалысынан кейін, шекараны соғыс арқылы өзгерту келмеске кетті деп жүргенімізде, Астанамызды еліміздің ортасына қоныс аудартуы екінші ерлік болғанын, бүкіл саналы отандастарымыз, тіпті, идеологиялық қарсылас азаматтардың мойындамасқа амалы қалмады.
Президентіміз 1996 жылдан бастап Қазақстан халқына Жолдау арнап, оларда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын белгілеп келеді.
Біздің Конституциямыз осы жылдар ішінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Алайда, осымен оның әлеуеті сарқылмайды. Еліміздің негізгі заңы бұрынғысынша егемен Қазақстанның гүлденуінің басты тетігі болып қала береді.
Достарыңызбен бөлісу: |