Реферат Пәні: Информатика және робототехника мұғалімі мамандығына кіріспе Тақырыбы: Мұғалім мәртебесі



Дата22.09.2023
өлшемі17.98 Kb.
#478275
түріРеферат
Реферат


Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі
Семей қаласы Шәкерім атындағы Мемлекеттік Университет
Реферат
Пәні: Информатика және робототехника мұғалімі мамандығына кіріспе
Тақырыбы: Мұғалім мәртебесі


Орындаған:Ануарбекова А.
Тексерген:Жумаханова Д.
Тобы: ИР-301


Семей қаласы 2023
Қазіргі заманда адами капитал қоғам, мемлекет алдындағы маңызды міндеттерді шешуде басты рөл атқаратын әлеуетті күш, құнды ресурс саналуда. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында адами капитал бес басымдықтың бірі ретінде арнайы аталып, оның сапасын жақсарту қажеттігі қадап айтылды. Демек, бүгінде адамның жасампаздық қабілетін оның ақыл-ойын, білім-білігін жетілдіру арқылы дамыту алдыңғы орынға шығып отыр. Ал, оны жүзеге асыру алдымен білім беру саласы қызметкерлерінің еншісінде. Әрине, педагогтардың бәрі бірдей емес, сондықтан болар, мұғалімдер көп, нағыз ұстаздар аз дейтініміз. Шынында да, қырық жыл мұғалім болса да, деңгейі шамалы, ортаңқол маман ретінде көптің арасында еленбей жүретіндер аз емес.
Бүгінгі әңгіме төркіні сол мәртебесі биік ұстазға қатысты болмақ. Мамандық мәртебесінің көтерілуіне ықпал ететіндер де кәсіби әлеуеті жоғары мұғалімдер. Үздік пе­дагогтарды дөп басып тану, оларды шына­йы қол­дау – осы саладағы өзге жандарды ын­талан­дыратын, бүгінде жаңа мазмұнға ие бо­луы тиіс маңызды фактор. Мәңгі өшпес құн­дылық – білім сапасын қамтамасыз етіп, ада­ми капитал сапасын арттыру арқылы елі­мізді бәсекеге қабілетті етуге үлес қосатын – үз­дік педагог. Олай болса, кәсіби белсенді, көш­басшы маман қандай құрмет, марапатқа бол­сын әбден лайық. Десек те, солардың ішін­дегі бір емес, бірнеше атағы бар, ел ішінде мой­ындалған, шығармашылықпен жұмыс іс­тей­тін, санаулы дарабоз ұстаздарға бір ерекше құрмет жасалса ғой дейсің. Бірде Елбасы мұ­ға­лімнің беделін көтеруіміз керектігін, ке­ле­шекте мұғалім жоғары ақы төленетін мәр­те­белі мамандыққа айналатынын айтқан бола­тын. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «...құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен би­ік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деуінде үл­кен мән жатыр. Демек, осы сала мамандарына ар­тылар жауапкершілік салмағы ауырламаса, же­ңілдемесі анық. Осыған орай, оларға да сәй­кесінше жағдай қарастырылса, құба-құп.
Мәселен, докторларды қозғамай-ақ қоя­лық, кандидаттығын қорғап алғаннан кей­ін кей­бір кемталант «ғалымдардың» да жала­қы­сы­на үстеме ақы төленеді. Мем­ле­кетіміздің әде­биет пен мәдениет саласының майталман­дарына ұдайы қолдау білдіріп, құрмет көр­сететіні жөн-ақ. Айталық, Қазақстан Рес­­публикасының Тұңғыш Президенті – Ел­басының әдебиет және мәдениет са­ла­сындағы мемлекеттік стипендиясына 2016 жылы ие болғандар тізімін ( «ЕҚ», 5 қаң­тар 2017 ж.) қарап отырсақ, онда жасы 22-ден бас­тап 90-нан асқан танымал және есімдері бел­гісіздеу де азаматтар қамтылған екен. Ал, мұғалім қабілеті, еңбегі жарқ етіп, бір­ден көзге түспейді, жария болмайды, кең қау­ымға танылу үшін уақыт керек. Та­ныл­ған­ның, мойындалғанның өзінде еңбегі елеу­сіз қалып, зейнеткерлікке марапатсыз ке­тетіндері де жоқ емес. Осы орайда журналист Сүлеймен Мәметтің «Мұғалім беделін қай­тсек көтереміз?» деген мақаласындағы «Ұр­пақ тағдырын шешетін мұғалімдер құқығын қорғ­айтын арнайы заң қабылдасақ, ұтылмас едік. Онсыз мұғалімдер туралы түйткіл оңай шешілмейді» деген ой-пікірі көңілге қо­ным­ды. Бұл ретте нағыз ұстаз да шынайы ба­ға­сын тапқан болар ма еді. Шынында да, «арпа ішін­­дегі бір бидай» дегендей, жүздеген, тіпті мың­­д­аған мұғалімдер арасындағы дарабоз ма­ма­н­дарға мемлекет тарапынан өзгеше қолдау көр­сетілгені жөн. 
Осыдан бірер жыл бұрын осы мазмұндас хат­ты Білім және ғылым министрлігіне жол­даған едім. Олардан келген жауапта бүгінде мұғалім мәртебесін көтеруге ба­ғытталған түрлі іс-шаралар, оның ішінде жыл сайын «Үздік педагог» республикалық байқауы өткізілетіні жазылған болатын. Бұл − толағай табысын паш еткісі келетін талантты мұғалімдер арасындағы шоқтығы биік кәсіби байқау. Өкінішке қарай, жеңімпаз атанатынына күмәні жоқ, қашанда топ жаратын нағыз ұстаздың конкурстан өтпей қалуы көңіл құлазытады. Өзгелердің қандай критерийлер бойынша үздік атанғаны да жария етілмейді. Қалай десек те, өзгеше ойлап, өзгеше әрекет жасайтын шығармашыл ұстаздың еңбегі де өзгешерек еленуі тиіс. Тіпті, ХІХ ғасырда ұлы ағартушы-педагог Ы.Алтынсарин жақсы оқытушыға ерекше көңіл бөлгенін мына бір сөздері айғақтайды: «...ағаш-балта ұсталығы өнерінен сабақ беретін бір жақсы оқытушы табыла қалатын болса және оның үстіне оқу-жазу үйрете де білетін болса, оған пәтер беріп, оның үстіне 400-500 сом жалақы берудің де тәсілін табар едім» (В.В.Катаринскийге жазған хатынан, 1883 жылғы 1 сәуір). Өзгелерден бәсі жоғары маманға қошеметтің де молырақ болуын қалаған ұлы ұстаз өнегесі өміршең болса екен дейсің. Мұны қолдаушылар да баршылық. 
Айталық, еліміздің білім саласы қыз­меткерлері арасындағы бірден-бір Қазақ­стан­ның Еңбек Ері Аягүл Миразова мұғалім ең­бе­гінің мемлекеттік деңгейдегі «Білім бе­ру ісінің үздігі», Ы.Алтынсарин медалі жә­не басқа да марапаттар қаржылық түр­де бекітілгенін қалайды. Яғни, марапат ие­ле­рі­не өз деңгей-дәрежесіне қарай айлық жала­қы­ларына қосымша ақы беріліп отырса, нұр үс­тіне нұр болар еді деп санайды атақты пе­дагог. Оның пікірінше, егер мұғалімнің жалақысы дұрысталса, мұғалім тапшылығы емес, мұғалімдікке орын таппай жүрер едік. Дамыған елдерде, айталық, білім саласы ең үздіктер қатарында саналатын Финляндияда мұғалімдердің айлығы кәсіби ерекшелігіне қарай 2-3,5 мың еуро аралығында екен. Одан өзге де дамыған елдерде мұғалімдердің кәсіби құ­зыреттілігі жоғары, беделі биік.
Келешекте мамандықтардың бірша­ма­сы­на жойылу қаупі төнетіндігі айтылуда, ал мей­лінше кең тараған, «күн сөнгенше сөн­бей­тін» мұғалім мамандығын қадірлеу те­тік­те­рі жүзеге асып жатса, ел ертеңі жастарымыз да неғұрлым зерделі, әлеуетті болмақ. Шынында да, білім сапасын арттыру, оған тікелей ықпал етуші тұлға – мұғалім мәртебесін көтеру, түптеп кел­генде, өзара тәуелді, бір-бірімен байланыс­ты шешуші, пәрменді құбылыстар. Осы тұста ер­теңгі ел болашағын оқытып тәрбиелейтін ұс­тазға өзгеше көңіл бөлу қажет екенін тағы да бір рет қаперге салғымыз келеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет