Қазақстан философиясы
Кенесары ханның Қазақ хандығын сақтап қала алмаған соңғы сәтсіздігінен кейін Ресейге отар елдің территориялық және этностық тұрғыда Қазақстан болып қалыптасуы және соңында тәуелсіздік алып, егеменді ел құруы қазақ философиясының да сол оқиғаларға қатысты кезеңдерді бастан кешуін белгіледі.
Абай Құнанбайұлы ойшыл ақын ретінде Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин қатарлы зиялылармен бірге Қазақ болмысын және әлемді қайта зерделеп, жаңа дәуірде бодан елге жаңа шығар жол іздеген бірегей тұлға болды. Бұл үшеуі де мәлім деңгейде қазақы мәдениеттің "сыртына шығып", биіктен өзіне және өзгеге қарай алды. Олар Зарзаман ақындарынан өзгеше түрде орыс мәдениетімен жете таныс болып, әлемде не болып жатқанын, өнеркәсіп төңкерісін негіз еткен прогресс кімдерді биікке шығарып, кімдер артта қалып қалғанын анық түсінді. Сондықтан олардың даналығы ағартушылдық бағытта болды, әрі ұстанымдары көбіне ашық әрі қатал түрде сыни (Critic) болып келеді.
Т. Рысқалиевтің айтуынша, Абайдың сол кездің өзінде-ақ терең ойды алға тарта білуі – таңғаларлық жайт. «Терең ой, терең ғылым іздемейді», «Ынсап, ұят, терең ой, ойлаған жан жоқ, жауып қой»; «Малда да бар жан мен тән, ақыл, сезім болмаса, тіршіліктің несі сән, тереңге бет қоймаса», «Терең ойдың телміріп, соңына ермей», адамның ісі бітер ме? – дейді Абай.
Ж. Молдабеков Абай даналығының тағы бір ерекшелігі ретінде оның жан дүниесіндегі жаңаруға ұмтылысын атайды: "Абай ұлылығы – оның тұлғалық даралығында, өмірге деген рухани-әлеуметтік жауапкершілігінде, адам болмысында үлкен қозғалыс тудырар өнерінде. Ал ұлылық жаңару жетістігінде екені мәлім. Әйтсе де жаңару ұмтылыс серпілісінен басталатынын ескерген абзал. Онсыз тарихтың да, тұлғаның да тағылымын түсіну екіталай."
Дін философиясы
Ғылым мен техниканың дамуына, адамзаттың шығармашылық мүмкіндіктерінің ашылуына толыққанды жағдай жасаған XX ғасыр да тарих қойнауына енді. Өте ерте заманда-ақ пайда болған дін әлі күнге өз позициясын адамзат санасының басқа түрлерінің алдында бермей келеді. XXІ ғасырда түрлі конфессиялар мен діни ұйымдар ойдағыдай әрекеттесуші институттар ретінде өркениеттің бір саласы болып өмір сүре бермек. Діннің тұрақты сақталып келе жатқаны факт болып табылады.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін рухани ояну процесі басталды. Бұл – кең көлемдегі тоқтаусыз процесс. Болашаққа қол созған жарқын істеріміздің, ұдайы алға жетелейтін үмітіміздің маңызды бір бөлігі – діни өрлеу.
Діннің әлемдік деңгейдегі адамзатқа тән ойлау жүйесінен шет қалмайтындығын қазіргі заман болмысы айқын аңғартып отыр, себебі дінсіз қоғам болмайды. Қоғамда діни сана үнемі болып келді. Дін мен қоғам бір-бірінен ажырамайтын феномендер. Өркениетті деп саналатын батыс елдерінде де, бізде де дін мемлекеттен бөлінген, бірақ, ол қоғамнан ажыратылмайды. Дін қоғамдық құбылыс, ал қоғам мемлекеттің субстанциясы.
Достарыңызбен бөлісу: |