Қарағанды медициналық интерколледж
Реферат
Тақырыбы: Философиядағы адам мәселесі
Орындаған:
Тексерген:
Қарағанды 2019 г
Жоспары:
І.Кіріспе
ІІ. Негізгі бөлім
Адамның пайда болу тарихы
Қазіргі философиялық мәселелер
Адам мәселесі
ІІІ. Қорытынды
ІҮ. Қолданылған әдебиеттер тізімі
І.Кіріспе
Адам — Жер бетіндегі ең жоғарғы даму сатысындағы тіршілік иесі, қоғамдық-тарихи әрекет пен мәдениетті жасаушы. Адам – философия, әлеуметтану, психология, физиология, педагогика, медицина, т.б. ғылымдардың нысаны болып табылады. Адам мәселесі, оның пайда болуы, өмірде алатын орны, тіршілігінің мәні мен мақсаты адамзат танымының формалары – әпсаналардағы (мифологиядағы), діндегі, философиядағы, ғылымдағы ең негізгі мәселе. Бұл жөніндегі әңгімелер ертедегі Стоя қаласының ойшылдары (Сенека, т.б.) мен Сократтан басталады. (Протагор: «адам – заттардың өлшемі», Сократ: «өзіңді өзің танып біл»). Ежелгі Үнді, Қытай, Грек философиясында адам әлемнің бір бөлігі ретінде қарастырылады. Демокрит түсіндірмесінде адам микрокосм, «кіші әлем», ол сондай-ақ түпнегіздерден құралады; адам денесі мен рухы ақиқаттың екі аспектісі (аристотелизм) немесе екі ерекше түпкізаты (платонизм). Антикалық философия үшін (Аристотель) адамды қоғамдық өмірге икемді тіршілік, рух, парасат иесі ретінде тану анықтаушы фактор болды. Ортағасырлық шығыс өкілдері де (Әбу Наср әл-Фараби, т.б.) діннің ықпалы күшейіп тұрғандығына қарамастан, Аристотельдің осы түсінігін ары қарай жалғастырды. Қайта өркендеу дәуірінде адам құдайдан дарыған еріктілік күші арқасында өз өмірі мен тағдырының негізін қалаушы және табиғаттың шектеусіз билеушісі ретінде танылды, сондықтан шебер жаратушының бейнесі Ренессанс символына айналды. 17 ғасыр (ғылыми-революция ғасырында) мен 18 ғасыр (ағартушылық дәуірінде) рационалистерінің ұғынуында нақ сол парасат, ақыл-ой адамның түпкізаты, өзіне тән ерекшелігі ретінде қарастырылады. Неміс классикалық философиясы үшін адам мәдениеттің жаратушысы, рухани іс-әрекет субъектісі және жалпы идеалдық бастау, яғни рух, парасат иесі. 19 – 20 ғасырлардағы постклассикалық философия (Фридрих Ницше, Артур Шопенгауэр, Серен Кьеркегор және т.б.) сезім, мықтылық және т.б. адамдық ақылдан шет қабілеттерге бет бұрады. Қазіргі философия адам тіршілігінің мәнін оның саналы қызметімен байланыстырады. Бұл қызметтің барысында адам тарихтың әрі алғышарты әрі жемісі болып шығады. Адамның әлеуметтік мәніне назар аудара отырып, қазіргі философия сонымен бірге әлеуметтік және биологиялық факторлардың өзара күрделі әсерін, әлеуметтік факторлардың басымдылығын ескереді. Әйтсе де «табиғи түрде» әрекет ететін биологиялық факторлардың зор маңызы бар екендігін де ұмытпау қажет. Болашақтағы адам парасатты, иманды, елгезек те қарекетшіл, сонымен бірге сұлулықтан ләззат ала білетін, рухани кемел, жан-жақты дамыған тұлға. Ол қоғамдық тірлікте қайталанбас бітім, бірегей тұлға ретіндегі өзіндік «менімен» танылатын болады.
ІІ. Негізгі бөлім
1. Адамның пайда болу тарихы
Адам жерде шамамен осыдан 2 – 3 млн. жыл бұрын пайда болды. Ол бірнеше эволюциялық кезеңдерден (питекантроп, гейдельберг адамы, неандертальдар) өтіп, осыдан 30 – 40 мың жыл бұрын, Homo sapіens (латынша - саналы адам) кейпіне енді де, бірте-бірте қазіргі адамдарға тән биологиялық қасиеттерге (кроманьондар) ие болды. Абай, Шәкәрім және ислам теологы әл-Ғазали тәрізді даналардың айтуынша, адам болмысы үш бөліктен құралады: тән, нәзік болмыс және жан. Тән – табиғаттың негізгі бес элементінен: топырақтан, судан, ауадан, оттан және эфирден тұрады. Тәннің құрылысын, оның жұмысын, өзгеру заңдылықтарын медицинаға байланысты ғылым салалары зерттейді. Адамның нәзік болмысына – сезім, ой-өріс, ақыл-ес, түйсік және «мен» деген түсінік жатады. Бұлардың табиғатын ұғыну өте қиын.
Нәзік болмыс табиғи және әлеуметтік ортаға байланысты қалыптасады. Оны психология, парапсихология, спиритуализм, магия, бақсылық, йога тәрізді адам психикасын зерттейтін ғылымдар мен окульттік ағымдар қарастырады. Нәзік болмыстың түрлі атаулары бар: арабша – хауас сәлим, қазақша – рух, санскритте – аура, орысша – дух, латынша – спирит, ғылымда – психоэнергетикалық жүйе, т.б. Жан – адам өмірін басқарушы, қуат көзі, мәңгілік болмысы болып табылады. Тән мен материалдық болмыс оның уақытша киген киімі тәрізді. Олар ауысып отырады. Жан білімге және рухани ләззатқа құштар болғандықтан, ол бұл қасиеттердің қайнар көзін қоршаған ортаның материалдық болмысынан іздейді. Материалдық болмыс болса, әрқашан ақиқатты көмескілеп, бұрмалап көрсетеді және мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, ол жанды толық қанағаттандыра алмайды. Бұл жан мен тән арасындағы қайшылықты және олардың өзіндік сипаттағы үздіксіз күресін туғызады. Шығыс философиясы бойынша адамның жетілуі дегеніміз жанның материалдық құрсаудан босану барысы. Материалдық құрсаудан неғұрлым азат болса, жан солғұрлым жетілген болып есептеледі. Адамның басқа тіршілік иелерінен айырмашылығы да осында. Адам материалдық болмысқа хайуанат дүниесіне қарағанда әлдеқайда тәуелсіз. Сондықтан оның өмірлік мақсаттарға жету мүмкіндігі мол. Жанның толығуы тек рухани жолмен ғана іске асады. Оның қасиеттері жетілу барысында білінеді. Рухани жетілген адамның бүкіл болмысы кемелді келеді. Абай тәнді жан билеу керек екенін айтады. Жан тәнді нәзік болмыс арқылы билейді. Сондықтан жан неғұрлым таза болса, адамның іс-әрекеті де соғұрлым кемел. Бұл адам өмірін мазмұнды етіп, бақыт сезіміне бөлейді. Адам «микрокосм» болғандықтан, оның өмірі «макрокосм» болып табылатын бүкіл әлем өмірімен тығыз байланыста. Сондықтан әркімнің өмірі бүкіл әлем заңдылықтарымен толық үйлесімді болғаны абзал. Абай өзін тәнмен балап, табиғи сезімдерінің ықпалында жүргенді «пенде» деп, нәзік болмысын жетілдірген интеллектуалдарды «адам» деп, ал жан тазалығы үшін рухани жолға түскендерді «толық адам» деп атайды. Белгілі бір тарихи дәуірге немесе ортаға тән мәнділік сол дәуірдегі я ортадағы адамдардың жалпы рухани кескінін құрайтын нәрсе. Адамдардағы нақты істер мен мақсаттар, олардың ойлау ерекшелігі (менталитет), жалпы тіршілігі мен ойлауының логикасы сол ішкі мәнділікпен сәулеленіп тұрады, белгілі дәрежеде соның көрінісі деуге болады. Сондықтан да мәнділік көбінесе тікелей көзге көрінетін құбылыс емес. Белгілі бір ортаның рухани мәдениетінің өзгеше болып тұратыны да оның түпкі негізінде ерекше мәннің жататындығынан. Осындай мән белгілі бір мәдениеттің ішкі ұйтқысы. Мысалы, байырғы қауымдасудың дәрежесінде 20 ғасырға дейін сақталған Америка, Австралияның, т.б. жерлердің тайпаларын зерттеген Еуропа ғалымдары сол тайпа адамдарының іс-әрекеттерін, әсіресе олардың ойлау логикасын көп уақыт түсіне алған жоқ. Оларға әуелде (Эмиль Дюркгейм, әсіресе Люсьен Леви-Брюль) қауым адамдарының ойлауында ешқандай логика жоқ сияқты көрінген. Бірақ, кейінгі кезеңдерде олардың ойлауы еуропалықтарға ұқсамайтын басқаша тәртіппен, заңдылықпен іске асатындығы айқындала бастады. Прологикалық (яғни логикалық дәрежеге дейінгі) деп есептеліп келген ойлаудың өзіндік өзгеше логикасының бар екені белгілі болды. Оның себебі ойлаудың барлық мәнін сыртқы объективтік дүниенің себеп-салдарлық байланыстары арқылы ғана көретін, сыртқы дүниені тек пайдалануға бағышталған еуропалық ойлау негізінде басқа мән жатқан ойлауды, рухани мәдениетті түсіне алмады. Байырғы қауым адамдарының мәдениетіне, ойлауына, табиғатқа, болмысқа осы тұрғыдан қарау жат нәрсе. Осы қатесін Леви-Брюль кейін өзі де мойындаған. Адамның дүниеге қатынасы, оның негізгі сипаты мен табиғаты осы мәнмен анықталады. Сыртқы табиғатты өзгерту қызметінің өзі негізгі екі түрлі мәнді іске асыру үшін болуы мүмкін: біріншіден, табиғат пен адамның бірін-бірі толықтыратын, жаңғыртатын үйлесімді байланысы және екіншіден, табиғатты тек пайдалануға ұмтылу. Табиғатқа тек қана пайдагершіліктің көзімен қарап, тек өзінің бір мұқтаждығының тұрғысынан қатынас жасау антикалық дәуірден бастап Еуропада кең өріс алды. Онда табиғатты тек адамның бір кәдесіне жарайтын немесе жарамайтын заттар мен құбылыстардың арсеналы, табиғи қоймасы ретінде ғана қарап, іс-әрекет жасау басым болды. Әрине, еуропалық өмірде басқа көзқарастар да бар, бірақ әңгіме қандай пиғылдың жетекші, басым болғандығында. Осы пайдагерлік қатынас үстем болған, тіпті баз біреулердің жан дүниесінде жалғыз ғана құмарлыққа ие болған жерде табиғаттың, басқа адамдардың, жалпы өзінен тыс құбылыстардың қайсысы болса да өзіндік дербес мағынасынан айрылады, оңдай жандар үшін табиғаттың кез келген заты я пайдалы, я пайдасыз, олардың өзіндік құндылығы ол үшін жоқпен тең. Сондықтан ондай адам, оңдай қоғам табиғатты тәуелсіз мағынасы үшін қастерлемейді, мәпелемейді, тіпті сақтауға да ұмтылмайды, одан тек керегін алып, жоя беруге даяр. Бұл белгілі бір мәнділіктің ешбір қоспасыз «таза» анықтамасы. Бірақ өмірде ол қатынас «кіршіксіз» күйінде кездесе бермейді. Өкінішке қарай өзіміз өмір сүріп отырған дүниемізде осы қатынас басым. Соның арқасында өзімізді қоршап отырған табиғат орасан зор зардап шегуде. Бұл қатынас түбірінен өзгермесе (бүкіл әлемдік шеңберде) адамзат қазіргісінен де зор апаттарға ұшырауы сөзсіз. Бұл тарихтағы жалған мәнділіктің бір көрінісі. Адамдарға өз құлқынан басқаның бәрін тәрік етушілік меңдеп кеткен дәуірлерде ол табиғатқа ғана емес, ең алдымен адамның адамға қатынасында ең үлкен апаттарға душар етеді. Осындай пиғыл 20 ғасырда айрықша зор алапаттар туғызды. Оның кейбір мысалдары: екі рет болған дүниежүзілік соғыс, белгілі кезеңде Еуропада бел алған фашизм, бұрынғы КСРО-дағы тоталитарлық тәртіп, бүкіл әлемді, соның ішінде Қазақстанды да қамтыған экологиялық дағдарыс. Екінші бір мәнділік: табиғатты өзгертуге, меңгеруге, үстемдік етуге, пайдалануға біршама енжарлық, бірақ оның есесіне, табиғатпен үйлесімді тіршілікке бейімділік, көбінесе, Шығыста айқынырақ көрінді. 20 ғасырға дейін осылай болды. Бірақ мұнда да мәнділіктің алғашқы үлгісі белең ала бастады.
2.Қазіргі философиялық мәселелер. Қазір Бүкіл адамзат алдында бұрын болмаған ауқымды мәселелер қойылуда. Олардың ішінде бейбітшілік пен қарусыздану, қоғамдық және әлеуметтік даму, кейбір мемлекет пен аймақтардың артта қалуын жою, ғылыми-техникалық жағынан алға басу, халық ағарту және мәдениет мәселелері, халық санының өсуі, денсаулық сақтау, адамның жаңа биологиялық және әлеуметтік жағдайларға үйренуі, материалдық қор мен энергетика, азық-түлік пен табиғат және т.б. сияқты күрделі мәселелер бар.
Осы мәселелердің бәрі адамзаттың қазіргі жағдайына, оның болашағына зор әсер етуде. Ең басты мәселе – бейбітшілік пен қарусыздану мәселелері болып отыр, себебі дүниежүзілік термоядролық соғыс – адамзаттың бәрін , тіршілігін мүлде жоқ етеді. Сондықтан адам болашағы деген мәселе философияның өзекті мәселесі болып қала береді, ал оны қарастыру, зерттеу өзге де ауқымды ғаламдық мәселелердің шешілуімен тығыз байланысты. Бұл мәселе, ең алдымен, өндіріс пен мәдениет салаларында, саясат пен идеалогия аяларында, дүниетанымдық көзқарас пен адамгершілікте айқын көрінеді.
Адамзат XXI ғасырға аяқ бастты. Бұл кезде ғылыми-техникалық өріс алуымен бірге, кең ауқымды мәселенің қалыптасуына сәйкес адамның жаңа әлеуметтік, рухани ортасы пайда болады. Адамзат өмір сүретін табиғат ортасы бірте-бірте тозып барады, ендігі жас ұрпақтың қандай табиғи жағдайда өмір сүретіні күрделі мәселеге айналуда.
XXI ғасырда негізгі қайшылықтар ғаламдық мәселелермен тікелей байланысты және де олар бүкіл адамзатқа, барша халыққа ортақ . Сондықтан осы мәселелерді шешу үстінде адамзаттың материалдық және мәдени өмірін жақындастыру, интернационалдандыруды еске алу керек.
Ядролық ғасырда жаңаша ойлау адамзатты адамгершілікті дамытуға, өркендетуге шақырады, ол бұрынғы озбырлыққа, өктемдікке, дүлей күшке салуға мейлінше қарсы. Жаңаша ойлаудың негізгі принциптері Б.Рассел, А.Эйнштейннің манифестерінде жарияланған еді. Олардың айтуы бойынша, кейінгі кезеңдерде мемлекетаралық шайқас болмау керек, әрбір блок пен мемлекет саяси келіспеушіліктері, әрбір дүниетаным, көзқарастардың қайшылықтары күшке салынбау керек, әйтпесе адамзаттың жалпы жер жүзінен жойылып кету қаупі төнеді. Сондықтан, қару-жарақты азайтып, одан әрі жойып жіберуге мүдделік керек. Адамзат өз тарихында қиын кезеңдерді бастан кешуде. Бұл жағдайда ғылыми философия мен барлық прогрессшіл күштер арасында тұрған мақсат – адамзатты апаттан аман алып қалу, бейбітшілікті сақтау.
Биосфера, ноосфера және экология мәселелері – негізгі мәселелердің бірі. Адамдардың тыныс-тіршілігін, өмір сүруін қамтамасыз ететін орта – биосфера. Адамзат – биосфераның бір бөлігі. Адамның іс-әрекеті, ғылым мен техника дамыған сайын биосфераның өзгеруі жылдамдай түседі. адамзат пайда болуымен бірге биосфера өзінің келесі сапалық сатысына – ноосфераға өтеді. Оның негізін қалаушы В.И.Вернадскийдің пікірінше, ноосфера – адамның ақыл-ой өрісі, табиғатты жоспарлы, жүйелі түрде пайдалануының, өзгертуінің жемісі. Басқаша айтқанда, ақыл-ойдың құдіреті дүниеге келтірген ғажайып техникалық құралда табиғатты бүлдірмей, қайта оны сақтауға тиіс. Бірақ адамзаттың теріс іс-әрекеттінің нәтижесінде, табиғатқа орасан зор зиян келтірді. Өзіміздің Қазақстандағы Арал, Семей, Балқаш мәселелері соның жемісі.
Бұл айтылған мәселелер бүгінде экологиялқ мәселелер деп аталып, әлемдік сипатқа ие болып отыр.Қысқасы, бүгінгі таңда табиғат қорғау мәселесі, қоршаған ортаның тазалығы үшін күрес дүние жүзі елдерінің , халықтарының басты міндеті.
Әлеуметтік философия. Әлеуметтік философия таптардың өмір сүру тәсілдерін, алатын орнын, қарым-қатынастарын зерттейтін ілім. Қазіргі заманда еңбек етпейтіндер мен еңбек ететіндер, үстем тап пен езілушілер, жастар мен кәрілер, зейнеткерлер мен бас бостандығынан айырылғандар бар. Олардың тұрмыс жағдайлары әрқилы және әлеуметтік тұрғыдан теңестіру мүмкін емес. Елдегі жұмыссыздықты азайту, оның денсаулығын мықты болуы, емдеу жүйесінің дұрыс жолға қойылуы, бай мен кедейдің арасындағы алшақтықты жою, әділетсіздікті жою, елде дұрыс қоғам орнату – бұл әлеуметтік философиясының мәселесі. Осы заманда қайсы елде әлеуметтік философия орнаса, заңсыздықтың беті ашылған жерде әділетті демократиялық қоғам орнайды.
3.Адам мәселесі. Адам мәселесі, оның ішіде шығу тегі, мәні, табиғаттағы орны және қоғамдық өмірдегі рөлі мәселелері фундаменталдық философиялық тақырыптардың бірі болып табылады.Философия пайда болғанынан қазіргі уақытқа дейін адам оның басты назарында болды. Материяны, табиғатты – алғашқы, сананы олардың туындысы, бейнесі болғандықтан соңғы, деп қарастыратын материалистер үшін де, рух пен сананы – алғашқы, материя мен табиғат бұлардың сыртында өмір сүре алмайды, сондықтан да олар соңғы деп қарайтын идеалистер үшін де адам мәселесінсіз философия жоқ..
Адам туралы алғашқы идеялар философия пайда болғаннан көп уақыт бұрын айтыла бастады. Бұл туралы біздің дәуірімізге дейін жеткен мифтер мен алғашқы қауымдық діни түсініктер мәлімет береді. Аңыздарда, әпсаналарда, мифтерде табиғаттың, оның болмысының мақсаты мен мәні қарастырыла бастайды.Адам туралы алғашқы ілімдер ежелгі Шығыс мемлекеттерінде пайда болды.
Ежелгі Үнді философиясында адам әлемдік жанның бөлігі ретінде пайымдалады.Жанның көшуі туралы ілімде тірі жандар (өсімдіктер, жануарлар, адамдар) мен құдайлар арасындағы шекара шартты және өтпелі. Буддизм философиясы өзінің алдына адамды қиналу азабынан құтқаруды мақсат етіп қойды. Егер бұған дейінгі брахманизм деп аталатын деп аталатын діни- философиялық ілім адамның азап шегуін бұрынғы күнәсі үшін тартатын жазасы, одан құтылудың жалғыз жолы – құдайға құлшылық етіп, табына беру десе, буддизм керісінше , өмірдің өзі азап шегуден тұрады, бұл дүниеде одан адамды азат ету құдайлардың қолынан келмейді, азаптан құтылудың бір ғана жолы бар, ол адамның өзіне байланысты: сансардан кету деп санады.Мұның мәні: бұл дүниенің өткіншілігін сезіну, сол арқылы тіршілік қамын ұмыту, нәпсіні тежеу арқылы болып
жатқан істер мен құбылыстарға немқұрайды қарап, бейтарап күйге түсу. Бұны «нирвана» деп атайды.Нирванаға жеткен адам, бұл о дүние мен осы дүниенің айырмашылығын сезіп-аңғарудан қалған адам. Адамды азаптан құтқарудың бұл жолы дұрыс па бұрыс па оны мәселе қылып отырған жоқ, тек буддизм философиясының адам мәселесін ең жоғары биікке көтеріп, өзін түгелдей соған арнағаны жайында болып отыр.
Ежелгі Қытай философиясы да адам туралы өзіндік ілім қалыптастырды. Оның ең көрнекті өкілдерінің бірі Конфуций болып табылады. Конфуций өз ілімінің түп қазығы ретінде «адамсүйгіштік» (жэнь) мәселесін алды. Оның түсінуінше, адам басқа адамдарды өіндей жақсы көру керек, сыйлауы керек , ешкімнің алдын кесіп өтпеуі керек дейді.Бұл қасиеттердің бәрін біріктіріп, философиялық ой түйінін Конфуций: «Өзіңе қаламағанды өзгеге жасама»-деп, қорытты.
Ежелгі грек философияның құрушылардың бірі – Демокрит. Демокрит бойынша, адам – табиғаттың бөлігі, табиғат сияқты ол да атомдардан тұрады. Адамның жаны да атомдардан құралады. Тәннің өлуімен бірге жан да өледі. Оның айтуынша өмірдің мақсаты – бақыт, бірақ ол тәннің ләззат алуы мен өзімшілдік емес.
Адам мәселесіне Аристотель де ерекше көңіл бөлген. Аристотель концепсиясында адам қоғамдық , мемлекеттік, саяси деп қарастырылады. Оның пікірінше, адам – ақылға ие қоғамдық жануар. Аристотельдің айтуынша, мемлекет басындағы заң шығарушының міндеті – азаматтарды жақсы қылықтарға, ізгі ниеттілікке үйретіп оларды тек игілікті істерден ғана ләззат алатындай дәрежеге жеткізу. Оның «алтын аралық» деп аталатын моралдық доктринасы адамның жандүниеснің сырын ашуға негізделген.
Адамның ой-сезімін, мінез-құлқын тәрбиелеп, жетілдіру
арқылы бақыт жолына салу мәселесіне бірнеше күрделі еңбектерін тікелей арнаған орта ғасырдағы Шығыстың ойшыл философы, біздің әйгілі жерлесіміз әл-Фараби болды. Әл-Фарабидің айтуынша, бақыт – әр адамның көздейтін мақсаты. Сол мақсатқа жетуге мүмкіндік беретін адамның үш түрлі тамаша табиғи қабілеті болады: 1) ерекше жасалған дене құрылысы; 2) жан құмарлықтары; 3) ой-парасаты. Бұл қабілеттер өзінен-өзі табииғат берген қалпында бақытқа жеткізбейді. Бірде жақсылық толық нәтижесін берсе, енді бірде керісінше болуы мүмкін. Мұндай кездейсоқты жеңуді жолы – аталған үш қабілеттің әрқайсысын дұрыс жолға бағыттап тәрбиелеу, сол арқылы адамның мінез-құлқы мен ой-парасаты оларды саналы түрде үнемі дұрыс нәтиже туғызатын дәрежеге жеткізу. Мұны іске асыру: адамға және мемлекет басындағы саяси қайраткерлердің міндеті. Әл-Фараби былай деп үйретеді: қандай болса да іс-қимылын жасағанда адам біржақтылықтан, үшқаралықтан сақтану керек. Себебі әрбір жақсы қасиет бір-біріне қарама-қарсы екі жаман қасиеттің аралығынан туады. Оның бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын айтылған ойлары бүгінге дейін маңызын жойған жоқ..
Ортағасырлық діни философияда адам обастан-ақ біріне-бірі қарама- қарсы екі бастаманың: тән мен жанның іштей қайшылықты бірлігі болып жаратылған деп түсіндіріледі. Сондықтан мысалы, Августин адамды жаны тәнінен тәуелсіз, өлмейтін жан деп түсінсе, Фома Аквинский адам жан мен тән бірлігі , жануар мен періштенің арасындағы бірдеңе деп түсінеді. Тән өледі, жан өлмейді, о дүниеде құдай алдында жауап береді, сондықтан адам күнәсінан тазару үшін құдайға жалбарынуы тиіс деп уағыздады.
Жаңа заман философиясы адам жайында негізінен идеалистік көзқараста болғандықтан, адамды ең алдымен
рухани жан деп түсінді. Бірақ ол адам тағдырын құдайдың құдіретімен байланыстырмай, адамды өз болашағы өз қолында, құдайдан да, басқадан да тәуелсіз ақыл-ой иесі, өз өмірінің саналы субъектісі деді. Адамның тіпті өмір сүруінің ең басты белгісі осы қасиетте деп таныды.Сол заманның философтары Бэкон, Гоббс, Декарт, Спиноза осыны үндеді. Француз философы Рене Декарттың: «мен ойлай аламын, олай болса өмір сүремін» -деген қанатты сөзінің мәні осында.
XIX –XXғғ идеалистік философиясы адамның өмірінің рухани бастамасын асыра бағалап, адамның мәнін бірде ақыл-ой арқылы түсіндірілсе, енді бірде керісінше, ақыл-ойдың күшіне сенбеу арқылы түсіндіруге тырысады. XIX ғ классикалық неміс философиясына келсек, ол үшін адам мәдениет дүниесін жасайтын рухани қызметтің субъектісі, жалпы идеялық бастама – рухтың, ақыл-ойдың иесі болып табылады.
Тарихта материалистік көзқарастың қалыптасуы адамның қоғамдық өмірде алатын орнын түсінуді шын мәнінде ғылыми деңгейге көтереді. Адам бұрынғыша рухани, денелік, әлеуметтік, табиғи болып бөлшектеніп, біржақты немесе таза абстрактілі түрде қаралмай, тұтас тұлға ретінде, нақтылы – тарихи мақсаттарға бағындырыла қаралатын болады. Адамның табиғи әлеуметтік мәні, қоғамдағы рөлі мен орны жөніндегі оның ондаған мың жылдар ішіндегі тарихи алға басу, яғни еркіндікке ұмтылу күресі сатыларының
ІІІ. Қорытынды
Адам - ғарыштың тудырған ғажап пендесі. Өйткені, оның денесі болса да, ол ең алдымен – рух. Осы тұрғыдан алып қарағанда адамның басқа тіршілік әлемінен айырмашылығы – шексіздікке кетеді. Сондықтан, ғасырлар бойы қайсыбір дін “адамды Құдай жаратты” деген қағиданы осы уақытқа дейін ұстап отыр.
Философияның көп мәселелері ішіндегі ең өзектілерінің бірі – адам мәселесі. Бүгінгі таңда тек гуманитарлық ғалымдар ғана емес, сонымен қатар, жаратылыс танушылар да “антроптық принципті” қолдап отыр. Осыдан 13 млрд. жыл бұрын “Ұлы Жарылыстың” негізінде пайда болған Дүние - Ғарыш Әлемі - қажетті түрде сан-алуан кездейсоқтар тоғысының барысында тіршілікті, содан кейін саналы пендені – адамды тудырады екен.
Философия тарихында мыңдаған жылдар шеңберінде адамға деген сан-алуан анықтамалар жасалды. Солардың ішіндегі ең кең тарағаны - “Homo Sapіens” – саналы адам, яғни, ол - рухани пенде. Адам өз алдына неше-түрлі мақсат-мұраттар қойып, соларды іске асыруға ұмтылады. Оларды іске асыру жолында ол басқа адамдармен сан-алуан саналы қарым-қатынасқа түседі. Адамның неше-түрлі алаңдау мен күту, қайғы мен қасірет, шаттық пен шығармашылыққа толы ішкі рухани өмірі бар.
ІҮ. Қолданылған әдебиеттер тізімі
1.https://mylektsii.ru/1-44734.html
2.https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%A1%D0%B0%D0%BD%D0%B0%D0%BB%D1%8B_%D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC
3. https://surak.baribar.kz/569407/
4.https://baribar.kz/student/22383/filosofiyadaghy-negizgi-maselelerdinh-biri-adam-maselesi
Достарыңызбен бөлісу: |