Тарихи-педагогикалық тәжiрибелердi зерттеу әдiсi кейде дәстүрлi педагогикалық әдiс деп аталады. Бұл әдiстердi кезiнде Платон, М.Ф.Квинтилиан, Я.А.Коменский, И.Песталоцци де қолданған, қазiргi ғылымда да пайдаланылады. Педагогикалық тәжiрибелердi зерделеу, бақылау, әңгiмелесу, сауалнама жүргiзу, оқушылардың шығармашылық жұмыстарын, мектеп құжаттарын талдау, т.б. зерттеу әдiс-тәсiлдерi iзденiс жұмыстарында қолданылады.
Байқау – жаңа педагогикалық құбылыстарды мақсатты түрде қабылдап, оларды бұрынғы қоғамның даму кезеңдерiндегi мектептер мен педагогикалық ойлардың даму сатыларындағы ұқсас құбылыстармен салыстырып, олардын араларындағы сабақтастықты, оқыту мен тәрбиелеу үрдiсiндегi кемшiлiктер мен жетiстiктерiн саралап дәлелдейдi. Байқау тәсiлi өте қарапайым ұйымдастырылады. Бiрақ, оның кемшiлiгi, зерттеушiнiң тұлғалық ерекшелiгiне, көзқарасына, ынтасына, психикалық күйiне орай субъективтiк қорытынды жасалуы мүмкiн.
Әңгiмелесу – қосымша ақпараттар алуда педагог ғалымдармен, ағарту саласына еңбегi сiңген адамдармен алдын-ала күрделi мәселелерге байланысты, сұрақ-жауап түрiнде әңгiмелесу арқылы тиiстi жауаптар алынып, жүйеленедi. Әңгiмелесуде жауап берушiнiң ақпараттары тiкелей жазылмай, сырласу жағдайында күдiк туғызбайтындай түрде жүргiзiледi, зерттеушi материалдарды есте сақтауға тырысады.
Сұхбат – бұл зерттеудiң дербестiк және қосымша әдiсi, байқаудың жетiспей жатқан және алған ақпараттардың толық болмау жағдайларында қолданылады. Бұл тәсiл – әлеуметтану ғылымынан педагогикаға енгiзiлген әдiс. Зерттеушi алдын-ала беретiн сұрақтарын дайындап алып, сұхбаттасқан адамға бiр жүйемен сұрақтар берiп, оның жауаптарын көзбе-көз жазып алады. Мысалы, ағарту саласымен шұғылданатын тарихшы ғалыммен педагогика тарихы жайлы мәселелер төңiрегiнде сұхбаттасқанда, сұхбатты қолма-қол қағазға түсiредi.
Сауалнама жүргiзу – материал жинауда көпшiлiкке сауалнама сұрақтары таратылып, дiттелген мәселелер аумағында адамдардан жазбаша жауаптар алады. Әңгiмелесу мен сұхбат бетпе-бет ұйымдастырылса, сауалнама – сырттай берiлген сұрақтарға жазбаша жауап алатындықтан оларды математикалық әдiспен талдап қорытынды шығаруға болады.
Байқау, әңгiмелесу, сұхбаттасу, сауалнама жүргiзудiң нәтижесi берiлетiн сұрақтардың мазмұндары мен құрылымдарына байланысты болады.
Байқау объектiсiн белгiлеу мен сұрақтарды құру төмендегiдей кезеңдерден тұрады:
– байқау мен сұрақтардың мақсат және мiндеттерiн белгiлеу, сұрау объектiсiн және пәнiн, жағдайын, мүмкiндiктерiн таңдау;
– алынатын ақпараттардың бағдарын анықтау және қойылатын сұрақтардың бiрнешеуiн алдын-ала құрастыру;
– алдын-ала жасалған сұрақтарды тексерiстен өткiзу, қажеттiк туғанда оларға түзетулер енгiзу.
Математикалық және статистикалық әдiс – әр кезеңдегi тарихи-педагогикалық материалдарды салыстыру, жалпы сұрақтар мен эксперимент мәлiметтерiнiң қорытындысын шығаруда қолданылатын әдiс. Бұл әдiс тәжiрибелiк-эксперимент жұмыстарының қорытындысын сенiмдiлiкпен бағалауға жағдай туғызады. Ал, статистикалық әдiс көптеп жинақталған материалдарды жүйелеп қорытуда арнайы формула арқылы есептеп, қорытындысын график, диаграмма, кестелер арқылы шығаруға мүмкiндiк бередi.
Түйіндей келе, педагогика тарихының зерттеулерінде жоғарыда көрсетілген әдіснамалық ұстанымдар негізінде тарихи-педагогикалық зерттеу әдістері қолданылады. Олар:
-кешенді әдістер (жалпы ғылыми әдіс – тарихилық және қисындылық);
тарихи әдістер (тарихи-генетикалық, тарихи салыстырмалы, тарихи жүйелілік);
педагогикалық әдістер (теориялық педагогикалық талдау, педагогикалық тәжірибені қорытындылау);
архив құжаттарын оқып, талдау;
мектеп құжаттарымен танысып, мамандардың құрамы мен оқушылардың санын анықтау әдістері;
Достарыңызбен бөлісу: |