Қоныс аударудың екінші кезеңі. Қазақстан тұрғындарының ұлттық құрамындағы өзгерістер
1889 жылғы 13 мамырдағы «Уақытша Ережеде» ауыл тұрғындары мен мещандарын Тобыл, Том губерниялары мен Жетісу, Ақмола, Семей облыстарына өз еркімен қоныстандыру белгіленді. Үкімет қоныс аударуға шектеулердің кейбіреулерін алып тастады. Дегенмен ресми түрде қоныс аударғандардан гөрі өз бетімен келгендердің ағыны үздіксіз арта түсті. Шаруаларды қоныстандыру Ақмола, одан соң Жетісу, Семей, Орал, Торғай облыстарында XIX ғасырдың 60-жылдарының ортасынан басталып, 1892 жылы Сібір темір жол комитеті құрылғанға дейін жалғаса түсті. Ақмола облысында 1870—1895 жылдары 87 шаруа қоныстары пайда болып, отырықшы халық саны шаруа-қоныс аударушылар есебінен 2 есеге артты.
XIX ғасырдың соңғы ширегінде Еуропалық Ресей мен Украинадан қоныс аударушылардың келуі есебінен халықтың ұлттық құрамы өзгерді. Қазақ, қырғыздармен бірге орыс, украиндар, татарлар, тәжіктер, түрікмендер, башқұрттар, чуваштар, қараноғайлар, армяндар саны өсе түсті.
XIX ғасырдың 70-жылдарында орыстар мен украиндар барлық Қазақстан мен Қырғызстан тұғындарының 8%-ын (246,9 мың) құрады. Бұдан барлық облыстарда жергілікті тұрғындардың бірден-бір жоғары үлес салмағын анық байқауға болады.
1897 жылы Қазақстан тұрғындарының саны 4 млн 150 мың адамға жетті. Солардың ішінде қазақтар 3 млн 400 мың адамды құрады. Қалған 750 мыңдай адам басқа ұлт өкілдері болды. Орыс шаруаларының көбі Ақмола облысына қоныстанған. Сондай-ақ ең көп орыс және украин тұрғындары Омбы, Петропавл, Көкшетау, Қостанай уездерінде тіркелген. Торғай облысында да өзге ұлт өкілдерінің саны да айтарлықтай еді. Жетісу облысында басқа ұлт өкілдерінің үлес салмағының өскендігі әсіресе Верный, Пішкек, Пржевальск, Пішпек уездерінде ерекше байқалды. Ал Сырдария облысында орыстар мен украиндардың үлесі жалпы халық санынан ең төменгі деңгейде болды.
Өлкенің негізгі тұрғындары — қазақтардың үлес салмағы төмендеп, 1897 жылдары шамамен 81,7%-ға жетті. Ал орыстардың үлес салмағы жоғарыда көрсетілгендей — 10,9%-ға, украиндар — 1,9%-ға өсіп, татар, ұйғыр, өзбек сияқты ұлттардың да үлес салмағы арта түсті.
XIX ғасырдың 80-жылдарында Жетісуға Құлжа өңірінен ұйғырлар мен дүнгендер қоныс аударды. 1897 жылғы санак бойынша ұйғырлар мен дүнгендердің саны 71 мың (56 мың үйғыр, 15 мың дүнген) адамға жетті.
Достарыңызбен бөлісу: |