Құрметті қала тұрғындары!
Ардақты ағайын!
Елбасының тапсырмасына сәйкес әрбір жылдың басында келелі кеңес құрып, барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есепті кездесулерін өткізу игі дәстүрге айналды.
Бүгінгі есепті кездесуге дейін де қалаға қарасты ауылдық округтер, кент, мөлтек аудандар бойынша 14 кездесу өткізілді. Әрбір кездесуде тұрғындарды толғандыратын мәселелер талқыға салынып, оларды шешудің мүмкіндіктері мен тиімді жолдары сараланды.
Оның үдесінен шығып, шешімін табу үшін кездесулерде айтылған әрбір ұсыныс-пікір назардан тыс қалмайды.
Халық – нағыз әділ сыншы. Есепті кездесулер жергілікті биліктің атқарып отырған жұмысына халықтың әділ бағасын айтуына барынша мүмкіндік береді. Сол ой-пікірлер арқылы біз алдағы уақытта кезек күттірмейтін қандай шаралардың жедел қабылдануы керектігін айқындай аламыз.
«Адам сияқты шаһардың да тамырын жалғаған қаны, бойына біткен жаны болады. Тек оның тәнін тірі қылатын да, шаруасын ірі қылатын да – шаһар халқы».
Бұл ғұлама Әл-Фарабидің «Қайырымды қаланың тұрғындары» атты трактатында толғанған сөзі. Осы күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған даналықтың көзі.
Келешекке қол созып, болашаққа бағыт түзеген халқымыздың ертеңге артар үміті мен сенімін арқалаған тағы бір серпінді жыл тарих қойнауына енді. Жыл басталар тұста халқымыз үшін қасиетті саналатын жылқы жылы ырыс-ынтымағы артқан еліміз үшін табысы толайым, несібесі берекелі жыл болғай деп тілеймін.
Бүгін осында келіп, алдымыздағы ауқымды істер мен жоспарлар аясында ой бөліспек ниеттегі азаматтық қадамдарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.
Құрметті жерлестер!
«Ел бірлігі - еңбек жемісі» - деген халық даналығы. Бүгін өздеріңіздің алдарыңызда барды ортаға салып, байсалды пікір алмасу үшін жиналып отырмыз. Бұл қызылордалықтардыңбіржылдық белесі мен көпжылдық келешегін талқылайтын жиын. Мұның өзі жылдағы әдеттен емес, нақты қажеттен туған дүние. Қаламыздың қарымы нық, қарқыны берік, ертеңі айқын. Оған өткен жылдың жемісі мен жетістігі куә.
Осы ретте, барымызды барлап, нәтижемізді талдап көрелік.
Бүгінде еліміздің қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы ірі жеңістері – халқымыздың бірлігі мен ынтымағының, ұлттық келісім мен татулықтың жемісі. Қашан да жарасымды, берекелі бірлікті ту етіп көтерген елміз.
«Қуатты Қазақстан дегеніміз - өңірлердің қуаттылығы»,- деген Мемлекет басшысы еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап, үнемі халықтың намысын қайрап, жігерлендіріп, өркениетке ұмтылған ұзақ мерзімді мақсаттар мен міндеттер қойып келеді.
Елбасының бастамасымен тәуелсіз еліміз баршаны таңғалдырған айтулы табыстарға қол жеткізіп, дамудың қазақстандық жаңа үлгісін қалыптастырды. Ел тәуелсіздігінің тартуы дербестік қана емес, елдікасыл мұраттарды жүзеге асырудың жүйесі орнықты. Нарықтық қатынастарға ел бейімделді, еңбек қарқыны еселенді.
Баршаңызға белгілі, жақында Ел Президенті «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын жариялады.
Жолдаудың ұзақ мерзімді құндылығына сай елімізді «Мәңгілік ел» ету идеясын, әлемнің ең дамыған отыз мемлекетінің қатарына ену жоспарын алға тартты.
Осындай ауқымды, абыройлы міндетке берекелі тірліктің отын бірлікпен маздатқан қызылордалықтардың қосар үлесі қомақты.
2013 жыл қаламыз үшін ойда қалар тарихи оқиғалармен, есте ұстар ерекшеліктермен қымбат, табысты жыл болды.
Аймағымызға Ел Президенті жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі өрелі істерге оң бағасын берді.
Елбасының саяси шешімінің негізінде алғашқы рет кент және ауылдық округ әкімдері сайлау негізінде тағайындалды.
Алашқа ана, баршаға пана болған Сырдың бас қаласы – Қызылорданың 195 жылдық мерейтойы ерекше салтанатпен лайықты атап өтілді.
Қызылорда қаласыбүгінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске қосу, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру арқылы қарқынды дами отырып, аймақ экономикасының барлық салаларындағы өзгерістердің «локомотивіне» айналуда.
Бюджет бойынша
Өнеркәсіп кәсіпорындарымен өндірілген өнім 2012 жылмен салыстырғанда 222 млрд.теңгеге артығымен орындалып, 1 трлн.271 млрд.теңгені құрады.
Облыста өндірілетін өнімнің 94,2 пайызы, салынған құрылыс нысандарының үштен бірі Қызылорда қаласының үлесіне кіреді.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 180 млрд. теңгені құрады. Бұл облысқа салынған инвестицияның 48,3 пайызы.
Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының қолдауымен қала бюджеті өткен жылдың басында бекітілген қаржыдан 1,6 есеге ұлғайтылып, 37 млрд. 998 млн.теңгені құрады. Бюджетке түскен қаржы тек халық игілігіне, оның ішінде қала бейнесін өркениет жолына бұруға жұмсалып келеді.
Ауыл шаруашылығы
Ел Президенті түрлі саладағы мемлекеттік бағдарламаларды қолданысқа енгізе отырып, әлеуметтің әлеуетін арттыруды ұдайы назарда ұстап келеді.
Мемлекеттік қолдаудың барлық құралдарын тиімді қолдана білген қызылордалықтар да баянды бастамалардың игілігін көруде.
Өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3 млрд. 188 млн.теңгені құрады.
Ауыл шаруашылығы құрылымдарымен 6717 гектар дақыл егіліп, тауар өндірушілерге арзандатылған жанар-жағармай, тыңайтқыш және су жеткізу қызметтеріне 92 млн.теңге субсидия төленді.
Мал шаруашылығында барлық мал басы түрінен тұрақты өсім бар. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 197 млн. теңгеге 1152 бас ірі қара, асыл тұқымды мал алынып, 13 шаруа қожалығы мал өнімдерін өндіргені үшін 43 млн. теңге субсидия алды.
Сонымен бірге, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы қала маңынан 50 жылыжай пайдалануға берілді.
«Жұмыспен қамту» бойынша
Әлеуметтік мәселенің ең өзектісі жұмыссыздықты жоюды көздейтін баянды бағдарламаның бірі - «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы».
Берекелі істің бастауына айналған байыпты бағдарлама аясында 2013 жылы 1336 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты.
Ақжарма, Қызылжарма, Қосшыңырау ауылдық округтері мен қала орталығында ұзындығы 4,1 шақырым көшелер жөнделді.
99 қызылордалық шағын несиеалып, өз кәсібін ашты.
340тұрғын қайта даярлау, 488 азамат кәсіптік даярлау курстарынан өтіп, 591 адам әлеуметтік жұмыс орындарымен, 506 жас маман «Жастар тәжірибесімен» қамтылды.
Тұрғындардың орташа айлық жалақысы 6,6 пайызға өсті (108 479 теңге). 3272 жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 2012 жылмен салыстырғанда 0,1 пайызға төмендеді. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 50 пайызға азайып, өз кәсібін ашқан азаматтар қатары24,3 пайызға артты.
Кәсіпкерлік бойынша
Қалада бүгінде кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Өткен жылы қалада кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылып, кәсіпкерлер палатасының өкілдігі құрылды.
Қаладағы кәсіпкерлер қатары толығып, 26104-ді құрады.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының шапағаты тиюде. Бағдарлама аясында жалпы сомасы 4 млрд. теңгені құрайтын 65 инвестициялық жобақаржыландырылып, жоба аясында 1213 қызылордалықтұрақты жұмысқа орналасты.
Ел өндірісіне қан жүгірткен индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы да қаламызда игілік бастауына айналды.
Бағдарлама аясында 2015 жылға дейін жалпы құны 42 млрд.390 млн.теңгені құрайтын 24 инвестициялық жоба іске қосылып, 1400-ге жуық қызылордалық жаңа жұмыс орнымен қамтылады.
Өткен жылдың өзінде жалпы құны 1 млрд. 659 млн.теңгені құрайтын 2 жоба: "Ақбарыс" ЖШС-нің«Мал бордақылау, ет өндіру цехының құрылысы», «Қайнар» спорт клубы қоғамдық бірлестігінің«Қызылорда қаласында спорттық сауықтыру кешені құрылысы» жобалары іске қосылып, халыққа тұрақты қызмет көрсетуде. Жаңадан 65 жұмыс орны ашылды.
Тұрғын үй құрылысы бойынша
Қалада салынған тұрғын үйлер көлемінің өсуі - халықтың әл-ауқатының артқандығы.
Қаржыландырудың барлық көздері есебінен 2013 жылы жалпы ауданы 140 мыңға жуық шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында 25 тұрғын үй бой көтеріп, 13-і халық игілігіне ұсынылды. Жыл ішінде 436 қызылордалық қоныс тойын тойлады.
Апаттық жағдайдағы үйлердің мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде. Көптен көтеріліп жүрген мәселенің бірі - Титов қыстағындағы апатты жағдайдағы үйлер болатын. Облыс әкімінің қолдауымен өткен жылы облыстың төтенше жағдайлар резервінен 208 млн.теңге бөлініп, 24 пәтерлік тұрғын үй салынды.
Өткен жылы қаланың инженерлік-инфрақұрылымын дамытуда нәтижелі жұмыстар атқарылды.
Қаладағы өзекті мәселелердің бірі – халық жаңадан қоныстанған шет аймақтардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға республикалық бюджеттен 1 млрд.315 млн.теңге бөлініп, 12 мың отбасы қоныстанған Ақжарма, Рисмаш, Жаңа ауыл, Әл-Фараби, КБИ, СПМК-70, Шанхай шағын аудандары мен Амангелді, Сұлтан Бейбарыс көшелеріне 79,1 шақырым ауыз су, 18,7 шақырым электр желілерінің құрылысы салынып, 4 тұрғын аудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы инженерлік жүйелеріне абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Таза ауыз су бойынша
Қала тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету басты назарымызда.
2013 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп, 13 шақырым ауыз су, 4,6 шақырым кәріз су жүйелері қайта жаңғыртылды, 25 су бұрғылау ұңғымалары бұрғыланды, 506 су есептегіш құралдары орнатылды.
Тасбөгет, Белкөл кенттері мен Қызылөзек ауылдық округінде 40 шақырымға жуық ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізіліп, 901 отбасы су есептегіш құралдарымен қамтылды.
Коммуналдық сала бойынша
Өткен жыл қаланың коммуналдық саласында қарқынды тірліктердің жүргізілуімен ерекше.
Аймақ басшысының қолдауымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына бөлінген қаржы 2,5 есеге артты.
Республикалық, жергілікті бюджеттерден бөлінген 5 млрд.412 млн.теңгеге жалпы ұзындығы 94,4 шақырымды құрайтын 78 көшеге қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу, 82 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жол инфрақұрылымындағы қаланың күре тамыры, стратегиялық тұрғыдан аса маңызды көшеміз әуежайдан қалаға дейінгі жолдар күрделі жөндеуден өткізіліп, жарықтандырылды, орталық Жібек жолы көшесі 6 жолақты болып кеңейтіліп, жаңғыртылды.
Қызылордалықтар үшін өзекті мәселелердің бірі – қоғамдық көлік мәселесі.
Қоғамдық көлікті реттеу бағытында нақты шаралар қабылдануда.
«Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жанынан «Қызылорда Автобус паркі» құрылып, парктің материалдық-техникалық базасы нығайтылды.
Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға қалаға жаңадан 20 үлкен сыйымдылықтағы автобустар алынды.
Жақын күндері жұмысқа қосылатын бұл автобустардың ерекшелігі- экологиялық таза, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де қолжетімді.
Биылғы жылы қоғамдық көліктер қосымша 100 үлкен сыйымдылықтағы автобустармен толығады.
«Қауіпсіз қала» бойынша
Қазір Қызылорданы «қауіпсіз қалаға айналдыруда» кешенді шаралар қабылдануда.
Қалалық бюджеттен бөлінген 465 млн. 300 мың теңгеге 31 көшеге евростандарттарға сай, энергия үнемдейтін жаңа үлгідегі бағдаршамдар, жол белгілері орнатылып, жол сызықтары жүргізілді.
Түнгі жарықтандыру жұмыстарына республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген 534 млн. 700 мың теңгеге қалада ұзындығы 54,4 шақырымды құрайтын 44 көше, ауылдарда 10,7 шақырымды құрайтын 17 көше жарықтандырылды.
Қаладағы коммуналдық және тазалық жұмыстарымен айналысатын мекемелерге облыстық бюджеттен 645 млн. теңге бөлініп, жаңадан 70 техника алынды.
Қызылордалықтар үшін өзекті мәселенің бірі – жаяу жүргіншілер жолы.
2013 жылы облыстық, қалалық бюджеттен бөлінген 913 млн.теңгеге қалада ұзындығы 23,9 шақырымды құрайтын 19 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынып, 37 көпқабатты тұрғын үйдің аулаішілік жаяу жүргінші жолдары мен автотұрақтары жөндеуден өткізілді.
Абаттандыру жұмыстарында қазіргі заман талабына сай 42 автобус аялдамасы орнатылды.
Қаланы көркейту-көгалдандыру мақсатына қалалық бюджеттен қаржы қаралып, 77 мың шаршы метр құрайтын 35 скверлер мен аллеялар, көшелер гүлдендірілді.
Көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде аяқ судың толықтай шешілмеуі айтарлықтай қиындықтар тудыруда.
Бүгінде қаланың 30 пайызы ғана аяқ сумен қамтылған. Мәселені түбегейлі шешу мақсатында қалалық бюджеттен 38,0 млн. теңге бөлініп, қала мен елді-мекендердің аяқ су мәселесіне толық талдау жүргізіліп, жоба-сметалық құжаттары әзірленді.
Қазіргі таңда, қаражат тарту мақсатында орталық атқарушы органдарға тиісті ұсыныстар берілді.
Биылғы жылы тұрғындардың көгалдандыру шараларына белсенді қатысуын ынталандыру мақсатында бағалы жүлделер тағайындап, «Үлгілі ауыл», «Үлгілі көше», «Үлгілі аула», «Үлгілі тұрғын үй» арнайы конкурстарын өткізетін боламыз.
Жылу бойынша
Қысқы жылу маусымы қалыпты өткізілуде.
Жылу маусымына дайындық барысында республикалық, облыстық бюджеттерден бөлінген 291 млн. 300 мың теңгеге ұзындығы 3,6 шақырым магистральды жылу трассалары мен жылу желілері жөнделді.
Бірінші кезекте шешуді қажет ететін өзекті мәселелердің бірі болып келген жылу орталықтарындағы тозығы жеткен 2 бу қазандығы жаңартылып, желілік су жылытқыштары қайта жаңғыртылды.
Қызылорда қаласы - республика бойынша ыстық сумен қамтылмаған жалғыз облыс орталығы. Осы проблеманы шешу мақсатында өткен жылы облыстық бюджеттен 45 млн. 600 мың теңге бөлініп, техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, қаражат тарту жұмыстары жүргізілуде.
Жер телімі
Тұрғындар арасында көпшілік сұранысқа ие және өзекті мәселелердің бірі – жеке тұрғын үй үшін берілетін жер телімдері.
Есепті мерзімде өтініш білдірген азаматтар саны 40 мыңнан асты.
Жер теліміне қатысты тұрғындардың өтініштері есепке алынып, кезектілік тізімі жасалған. Ақпарат жалпыға қолжетімді болуы үшін тізім баспасөзде жарияланып, қала-әкімдігінің веб-сайтына орналастырылды.
Қала аумағында тұрғындар қажеттілігі үшін жер телімін дайындау мақсатында облыстық бюджеттен бөлінген 56 млн.теңгеге Қызылорда-Жезқазған автожолының бойынан көлемі 980 гектар аумаққа егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленді.
Мұнан өзге, Қызылорда облыстық мәслихатының 2013 жылғы 22 қазандағы кезектен тыс ХХ сессиясының шешіміне сай Қызылорда қаласының шекарасын (шегін) өзгерту 13599,5 гектар болып белгіленді. Қазір орталық атқарушы органдардың келісімдері алынуда.
Бұл шаралар тұрғындардың жер телімдеріне қатысты өтініштерін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін болады.
Білім саласы
Ұлт келешегі үшін маңызды саналатын білім саласында нәтижелі жұмыстар атқарылды.
Өткен оқу жылында қаладағы жалпы орта білім беру ұйымдарын 2080 түлек бітіріп, ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа көрсеткіші 2012 жылмен салыстырғанда 7,7 балға артып, 76,8-ді құрады.
31 түлек «Алтын белгі», 22 түлек «Үздік аттестат» иегері атанып, облыс бойынша жоғары нәтиже көрсетті.
Жаңа оқу жылында Назарбаев зияткерлік мектебімен біргеТүркістан көшесінде, Бірқазан, Досан, Талдыарал ауылдары мен Наурыз мөлтек ауданында жаңа білім ордалары ашылды.
Қазір қалада 112 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 14052 бала тәрбиеленуде.
Өткен жылдың өзінде «Балапан» бағдарламасы аясында 1295 баланы қамтыған 14 балабақша ашылып,мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші межеленген 73 пайыздан 75 пайызға артты.
Мәдениет және спорт салалары
Жастарға көрсетілетін қолдау жаңа серпінге ие болуда. Қаланың шет аймақтарында 4 аула клубы мен жастарға арналған ресурстық орталық ашылды.
Мәдени нысандарды жаңғыртуда Қызылжарма, Ақсуат ауылдарында 150 орындық клуб ғимараттары бой көтеріп, Абай ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, руханият өкілдерінің «Шығармашылық үйі» пайдалануға берілді.
Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында 23 балалар спорт алаңдары салынып, «Мұз айдыны» іске қосылды.
«Мұз айдыны» кешені бүгінде қалалықтардың қысқы спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндік беруде.
Денсаулық сақтау
Өткен жылы денсаулық сақтау саласына 2 млрд. 975 млн. теңге қаржы бөлініп, емдеу сапасын арттыруға үлкен ықпалын тигізді.
Нәтижесінде ана мен бала өлімі 13,7 пайызға, туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші 7,8 пайызға, қайтыс болғандардың көрсеткіші 45,3 пайызға төмендеді.
Ардақты ағайын!
Қалада өткен жылы өңірді өрге сүйреген біршама жұмыстар атқарылды. Алдымызда талай атқаруға тиісті ауқымды міндеттер бар.
Соның бірқатары биылғы жылы жүзеге аспақ.
Аймақтың бас қаласы, Сыр елінің жүрегі – Қызылорда биыл да қарқынды құрылыс алаңына айналады.
Әуе қақпасы - «Қорқыт ата» әуежайын заманауи талаптарға сәйкестендіру мақсатында сағатына 250 жолаушыны жіберу мүмкіндігі бар халықаралық үлгідегі жаңа жолаушылар терминалының құрылысы басталады.(жобалық құны – 6,2 млрд.т)
Республикалық, облыстық бюджеттерден бөлінген 4,5 млрд. теңгеге 22 тұрғын үй бой көтеріп, 750 қызылордалық жаңа баспанамен қамтылады.
Қайнарбаев көшесі бойындағы 18 пәтерлік тұрғын үйдің мәселесі оң шешілмек.
Биыл үйді күрделі жөндеуден өткізу үшін жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге қала әкімінің резервінен 1 млн. 750 мың теңге бөлінді.
Қаладағы апаттық үйлерге қатысты мәселені түбегейлі шешу мақсатында жаңадан60 пәтерлік 5 үй және 100 пәтерлік 1 үй салу жоспарлануда. Ол үшін қажетті жер көлемі анықталып, жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Биыл Титов қыстағы мен КБИ мөлтек ауданында 60 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы басталады.
Жақын күндері қалада облыстық мекемелер үйі, 200 орындық перинаталдық орталық пайдалануға беріліп, жыл ішінде мұрағат және мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысы салынады.
«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген 828 млн. теңгеге қала ішінде 21 су бұрғылау ұңғымалары бұрғыланып, Ақсуат, Абай, Айнакөл, Ақжарма елді мекендерінде 43 шақырым ауыз су жүйесі, 69,3 шақырым сервистік желілер тартылып, 1661 су есептегіш құралдары орнатылады.
Жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда жаңа жобалар жүзеге асуда. Қалалықтар үшін стратегиялық маңызды көшелер кезең-кезеңімен қайта жаңғыртудан өткізіледі.
Биыл қаланың оңтүстік кіре беріс бағытындағы «Шымкент-Самара» халықаралық автокөлік жолы, С.Бейбарыс көшесі, қаланың солтүстік кіре беріс бағытындағы Саламатов, Рысқұлов, Әбілхайыр хан, Марал Ишан, Қаратоғай көшелері қайта жаңғыртудан өтіп, жаңа үлгідегі жарық бағаналары мен аялдамалар, көрнекі ақпарат қондырғылары /билборд/ қойылады.
Қала көшелерінің күре тамырларының бірі – Абай даңғылы бойынан («Болашақ» университетінің маңы) Қазыбек би көшесінен («Жайна» сауда үйінің алды) жаяу жүргіншілерге арналған 2 аспалы көпір салынады.
Биылғы жылы 913 млн.теңгеге ұзындығы 5 шақырымды құрайтын Әл-Фараби көшесі күрделі жөндеуден өтіп, жарықтандырылады.
Қалада ұзындығы 58,8 шақырымды құрайтын 68 көшені, ауылдарда 8,3 шақырымды құрайтын 12 көшені орташа жөндеуден өткіземіз. Бұл мақсатқа 1 млрд. 346 млн.теңге қаржы қаралды.
Ағымдағы жылы42,1 шақырымды құрайтын 16 көше қайта жарықтандырылып, көпқабатты тұрғын үйлердің 25 аулаішілік жолдары мен автотұрақтары, ұзындығы 10,8 шақырымды құрайтын 10 көшенің жаяу жүргіншілер жолдары жөнделеді. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 1 млрд. 166 млн.теңге қаржы бөлінді.
Мұратбаев көшесінен Сырдария өзенінің екі жағалауын байланыстыратын автомобиль көпірінің құрылысын салу жоспарлануда. Бұл мақсатқа өткен жылы облыстық бюджеттен 63 млн.600 мың теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның жалпы құны 5 млрд. 975 млн.теңге.
Биыл коммуналдық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасады. Жыл ішінде 14 жаңа техника, 84 қосымша құралдар алынады.
Қызылорда облысының елді мекендерін толық газдандыру үшін облыстық бюджеттен 623 млн. 600 мың теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленді.
Жоба аясында облыс елді мекендерінің ішінде Қызылорда қаласының газдандырылмаған аймақтарын, Белкөл елді мекенін газдандыру қарастырылған.
Құрметті жерлестер!
Жоғарыда айтылған есебімде мен негізгі мәселелерге тоқталдым. Алда атқарылатын жұмыстар көп. Жалпы биылғы жыл көлемінде жүзеге асатын жұмыстар Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауынан бастау алатын міндеттерді орындауға бағытталады. Стратегия белгіленді. Мақсат айқын, ендігі міндет – нақты іс.
Ел Президенті мен Үкімет, облыс әкімі алға қойған жаңа міндеттерді шешуге біздің қаламызда барлық мүмкіндіктер мен резервтер бар. Бұл тұрғыда мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талап та, міндет те биік болмақ.
Біз «Ырыс – ынтымаққа жолығады, дәулет – бірлікпен толығады», - деп еңбегін елдігіне, тірлігін бірлігіне балаған халықпыз.
Алаштың ардақты ұлдарының бірі Әлихан Бөкейхан: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады», - дейді.
Баршаңызды алдымызда тұрған ауқымды тірліктерді бірге жүзеге асырып, Қызылорданың бүгінін биік, келешегін кемел ету жолында жұмыла жұмыс жасауға шақырамын.
Ынтымақты - ұран, татулықты - ту еткен қазақ елінің абыройы арта берсін.
Тыңдағандарыңызға рахмет.
Достарыңызбен бөлісу: |