Құрметті аудан тұрғындары! Құрметті қонақтар!



Дата23.02.2016
өлшемі174.83 Kb.
#10010




Аудан әкімі М. Ергешбаевтың 2012 жылдың қорытындылары бойынша аудан тұрғындарымен есепті кездесуінде сөйлеген сөзі
Құрметті аудан тұрғындары!

Құрметті қонақтар!
Елбасымыздың Жарлығына сәйкес барлық денгейдегі әкімдер халық алдында және мәслихат депутаттарына жылына екі рет атқарылған жұмыстар барысы туралы есеп береді. Жергілікті атқарушы органдар басшыларының жыл басында халықпен кездесуін аудан жұртшылығы қалай асыға күтетін болса, аудан әкімдігі, оның бөлімдері, ауыл әкімдері оған тыңғылықты даярланып, атқарылған жұмыс пен алдағы міндеттерді жұртшылыққа кеңінен жеткізуге соншалықты мүдделі.

Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі күнге дейін ауданда 12 ауылдық округте, 2 кентте алдымен ауыл, кент әкімдері өз есептерін беріп, артынша аудан әкімі халықпен жүздесті. Атқарушы биліктің жыл бойғы атқарған жұмысы жұртшылықтың талқысына салынды.

Міне осы кездесудың барлығында сан түрлі сауалдар қойылып, ұсыныс - пікірлер, тұщымды ойлар ортаға салынды.

Өткен жылға өз өрнегін қалдырып, тарих қойнауына шығарып салған халқымыз жаңа жылды берекелі бірлігімен, тиянақты тірлігімен қарсы алып, атқарылған ісін саралап, жетістіктерін бағалап, алдағы күннің бағыт-бағдарын белгілеуде.

Сөз жоқ, өткен жыл еліміздің экономикасында толағай табыстарымен, әлеуметтік инфрақұрылымында қарқынды өсуімен, саяси дамуында тұрақтылық пен ел қауіпсіздігінің әлемдік сипат алуына ұмтылысымен есте қалған елеулі жыл болды.

Жүз жылдық тарихы бар Жазғы олимпиада ойындарына тәуелсіз мемлекет ретінде 1996 жылдан бері қатысып келе жатқан Қазақстан спортшылары биылғы жылы ерен ерлік көрсетіп, қасиетті Көк байрағымызды көкке көтеріп, Әнұранымызды әуелете шырқатты.

Ал кешегі ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің Астана қаласында өткізілуі туралы қабылданған шешім – біздің Тәуелсіз елімізді бүкіл планетаның тануы, болашағымызға сенім артуы.

Бұл - біздің жас мемлекетіміздің дамуындағы аса зор ірі оқиға, ел шежіресіндегі тарихи кезең.

Шежірелі дамуымыздың әр сатысына көз салып, өткенге шолу жасап қарайтын болсақ, кешегі Кеңес дәуірінде ауданда 12 типтік үлгідегі мектеп болса, Тәуелсіздік алған 21 жыл ішінде 10 жаңа мектеп салынып, қазір оқушылыр кең, жарық, жылы бөлмелерде білім алып, жаңа заманғы оқу құрал жабдықтарымен түгел қамтамасыз етілді.

Бұрын ауданда бір ғана типтік жобадағы аурухана болса, тәуелсіздік жылдары 1 тубдиспанцерлік аурухана, 2 емхана, 8 медициналық пункт пайдалануға беріліп, халыққа қызмет көрсетуде.

Мәдениет саласына да көңіл бөлініп, бұрынғы 1 аудандық, 3 ауылдық Мәдениет үйі жаңадан салынған ауылдық клубтармен толығуда.

Елбасымыздың «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауы мемлекеттігіміздің, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың жарқын белестерін жария етті.

Өткен жыл аудан халқы үшін де дүбірлі оқиғаларға толы жыл болды. Әйгілі Сыр сүлейлерінің шоқтығы биік өкілі – тау тұлға ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтың 130 жылдық мерейтойы аясында ауданда көптеген мазмұнды мәдени шаралар өтіп, кентімізде халық игілігіне қызмет ететін бірсыпыра әлеуметтік нысандар бой көтерді.

Жыл қорытындысын жасар кезде осындай елеулі оқиғалардан, Елбасымыз айтқандай, «Қазақстанның алтын ғасырының» бастауында тұрған жарқын істерден бойына жігер жинаған, санасына салихалы ой, тұшымды тұжырымдар қалыптастырған Қармақшы жұртшылығы да жаңа жылдың табалдырығын жақсы жетістіктерімен аттады.



Ауылшаруашылығы өнімдерін өндірудің барлық көрсеткіштері бойынша аудан диқандары облыста алдыңғы орынды иеленіп, «Жарыс жеңімпазы» атанды.

Өткен жылы ауданда 20 246 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдары, оның ішінде 11 770 гектар жерге күріш, 50 гектар жаздық бидай, 300 гектар мақсары, 690 гектар көкөніс, 1400 гектар картоп, 688 гектар бақша, 1371 гектар жаңа жоңышқа, 3977 гектар өткен жылғы жоңышқа күтіліп, егіліп, агротехникалық шараларға сай жұмыстар атқарылды.

Негізгі дақыл күрiштің әр гектарынан орташа 51,3 центнерден өнiм жинап, 61536 тонна Сыр маржаны қамбаға құйылды.

Аудан бойынша 3 325 тонна ет, 4 618 тонна сүт, өнімдері өндірілді.

Ауылшаруашылығы тауар өндірушілері мемлекет тарапынан егіске 319,0 млн теңге субсидия алды.

Ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 5 910 млн теңгені құрап, 2011 жылмен салыстырғанда 112,0 пайызға артты.

Мал саны өсіп, қазіргі таңда түгендеу қорытындысымен мүйізді ірі қара 104,2 пайызға, жылқы 122,7 пайызға, түйе 111,2 пайызға, уақ мал басы 105,5 пайызға өсті.

Аудан бойынша асыл тұқымды 229 бас қазақтың айыр өркеш түйесі, 11 бас бұқа, 11 бас қазақтың жылқысы сатып алынып, мемлекеттік тіркеліміне енгізілді.

Мал басын асылдандыру жұмыстарын жандандыру мақсатында өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында несие арқылы шаруа қожалықтары 92 бас аналық сиыр сатып алды.

Өткен жылы мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға мемлекеттік тарапынан беріліп отырған субсидия шаруашылықтарды ынталандырып жаңа бетбұрыс жасалуда.

Мал шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан 4,6 млн теңге қаржы субсидия берілді.

Мал шаруашылығын дамытуға қажетті шаралардың бастысы - мал азығымен қамтамасыз ету екені белгілі.

Ауданда 9 рет шөп жәрмеңкесі өткізіліп, онда 141 тонна жоңышқа және табиғи шөп, 10 тонна жем сату ұйымдастырылды. Аудан бойынша 47,0 мың тонна мал азығы дайындалды.

Жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында ауыл шаруашылық малдарына ветеринариялық іс-шаралар жұмыстары атқарылып, аса қауіпті мал ауруларына қарсы екпелер және тексерулер жұмыстары жүргізілді.

Нәтижесімен бруцелюзбен ауырған 11 бас мүйізді ірі қара сойылып, 74 бас уақ малдар толығымен жойылды.

Иесіз иттерді жоюға жергілікті бюджеттен бөлінген 2,0 млн теңгеге 2725 бас ит жойылды.



Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру мақсатында аудандағы көтерме саудамен айналысатын 5 кәсіпкерлік субъектімен азық-түлік бағасын көтермеу жөнінде меморандум жасалды.

Аудандағы нан және ұн өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында 4 оператормен меморандум жасалынып, 1200 тонна арзандатылған ұн жеткізілді.

Ауданда 16 рет ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, нарық бағасынан 10-15 пайыз төмен сатылды.

«Дипломмен–ауылға» бағдарламасы аясында 56 маманға 6,3 миллионнан астам теңге көтерме жәрдемақы және 44 маманға тұрғын үй сатып алуға 99,5 млн теңге несие берілді.

Аймақтық үйлестіру кеңесіне индустрияландыру картасына енгізілуге 4 жоба ұсынылып, қолдау тапты.

Оның ішінде «Қорқыт ата зиярат ету орталығы» жобасының құрылысы 2011 жылдан бастап жүргізілуде. Қазіргі таңда құны 450,0 млн теңге құрайтын бұл жобаның 85,0 пайыз құрылыс жұмыстары атқарылды. Сонымен бірге «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы 192,0 млн теңге бөлініп, инфрақұрылымы жүргізілуде.

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 4 жоба ұсынылып 3-і қолдау тапты. Оның ішінде 2 жоба бағдарламаның 1-ші бағыты «Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау» бойынша және 1 жоба 3-ші бағыты «Кәсіпкерлердің валюта тәуекелдерін төмендету» бойынша қанағаттандырылды.

Өткен жылы аудан кәсіпкерлері мен тұтынушылары түрлі қаржы ұйымдары арқылы жалпы құны 807,0 млн теңгенің несиесіне қол жеткізді. Оның ішінде 558,0 млн теңгесі тұтыну несиесі болса, 249,0 млн теңгесі нақты жобалар бойынша бөлінген.

Алайда кіші кәсіпкерлікті дамыту жобалары ауылдық жерлерде баяу қарқын алып келеді.

Биылғы жылы басқа бағдарламалармен бірге «Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасы» аясында ауданда жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында кәсіпкерлердің төменгі пайызбен несие алуына 450,0 млн теңге көлемінде қосымша қаржы сұрастырып отырмыз.



Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2 860 млн теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда 100,9 пайызды құрады.

Аудан бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 6 617 млн. теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,4 есеге өсті.

Есепті кезеңде тіркелген шағын субъектілердің саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,3 пайызға, онда жұмыспен қамтылғандар саны 103,3 пайызға артты.

Шығарған өнім көлемі 111,7 пайызға, бюджетке түсірілген салықтар мен алымдар 117,5 пайызға өсті.

Аудан бойынша 17 410 шаршы метр тұрғын үй іске қосылып, өткен жылмен салыстырғанда 105,6 пайызға өсті.



«Қазақстан Республикасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында Жосалы кентінде орналасқан 8 көпқабатты үйді жөндеу үшін құжаттары дайындалып, 5-уі мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Өткен жылы 4,4 млн теңгеге Жосалы кентінің көпқабатты 2 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«2012 жылға арналған аудан бюджетінің» кірістері 5 372 млн теңге, шығындары 5 495 млн теңге болып нақтыланды.

2013 жылдың 1 қаңтарына аудан бюджетінің кірістері 99,8 пайызға атқарылса, аудандық бюджеттiң нақтыланған шығыстары жоспары 98,5 пайызға атқарылды. Оның ішінде ауданның өз кірістерінің болжамы 98,7 пайызға орындалды.

Биылғы жылы аудандық бюджетке түсетін салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің базасын ұлғайту мақсатында аудан әкімінің өкімімен жұмысшы топ құрылып, іс-шара жоспары бекітілді.

Әлеуметтік сала бойынша жыл көлемінде жұмыс іздеуші ретінде жұмыссыздыққа 2 550 жұмыссыз азамат тіркеуге алынды. Олардан 858 жұмыссыз азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылып, 801 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Жыл аяғына тіркелген жұмыссыздар саны 147 адамды құрап, олардың үлес салмағы өткен жылмен салыстырғанда 0,3 пайызға төмендеді.

Аудан бойынша аз қамтамасыз етілген азаматтарға мемлекет тарапынан 309,4 млн теңге көлемінде әлеуметтік төлем түрлері төленді.

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында:

Бірінші бағыты бойынша кәсіптік оқу курстарына 113 азамат, қайта даярлау курстарына 75 азамат оқу курстарымен қамтылды.

Осы бағдарлама аясында дипломнан кейінгі жастар тәжірибесіне 132 жас маман жіберілсе, әлеуметтік жұмыс орындарына 249 азамат жолданды.



Екінші бағыты бойынша Несие ұйымдары арқылы 46 азамат 78,0 млн теңге шағын несие алып, өз жоспарларына сәйкес жұмыстарын жүргізуде.

Үшінші бағыты бойынша Т.Көмекбаев ауылында инженерлік инфрақұрылымымен 30 тұрғын үй салынып, шалғай орналасқан Шобанқазған, Кекірелі елді мекендерінен көшуге ниет білдірген 30 отбасы орналастырылды.

Төртінші бағыты бойынша әріптестік аясында мемлекет тарапынан 21,0 млн теңге бөлініп, Жаңажол ауылының 1 көшесі жарықтандырылып, орталық алаңы абаттандырылды. Тағзым алаңы, шаруашылық ғимараты, сауда орталығы мен мейрамхана жеке сектор арқылы абаттандырылды. Бұған «Жаңажол» ЖШС тарапынан 120,0 млн теңге жұмсалды.

Сонымен қатар Ш-Интернационал ауылына 20,0 млн теңге бөлініп, орталық алаңы абаттандырылды.



Білім саласы бойынша 2011-2012 оқу жылындағы Ұлттық бірыңғай тестке 599 оқушының 434-і қатынасты. Оқушының орташа көрсеткіші - 64,92 баллды құрады. Бітірушілеріміз жақсы жетістіктерге жетіп, облыс көлемінде ІІІ-орынды иеленді.

Есепті жылдың жазғы маусымында аудандағы 1-10 сынып аралығындағы 8 584 оқушының 7 556-сы, немесе 88 пайызы оқушылардың жазғы тынығу лагерлері және еңбекпен қамтылды.

1 сыныптың 878 оқушысы, яғни 100 пайызы ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.

Мектептерге оқулық сатып алуға 13,0 млн теңге бөлініп, оқушылардың оқулықпен қамтылуы орташа 74,0 пайызды құрады.

1 сынып оқушылары және аз қамтылған отбасындағы оқушылар 100 пайыз оқулықпен қамттамасыз етілді.

Тасымалдау қажет ететін ауданда 158 мектеп оқушысы бар, атап айтқанда №250 лицей-мектебінің 102 оқушысы мен Көмекбаев ауылындағы №185 орта мектептің 56 оқушысын тасымалмен қамту мәселесі толығымен шешіліп отыр.

№12 кәсіптік лицейде бүгінгі күн талабына сай газо-электросварщик, электр-монтер, тігінші, тас қалаушы, автокөлік жөндеу слесары сияқты мамандықтар бойынша мамандар даярлануда.

«Балапан» бағдарламасы аясында ауданда 22 мектепке дейінгі балалар мекемелерінде 1 727 бүлдіршін тәрбиеленсе, 18 мектепалды даярлық топтарында және «Балапан» шағын орталығында 365 бүлдіршін тәрбиеленуде. Яғни 3-6 жас аралығындағы балалардың 75,9 пайызы балабақшаға тартылды.

Бүгінгі таңда балабақша кезегінде 632 бала тұр, оның ішінде 390-ы 3 жасқа дейінгілер. Осы мәселелерді шешу мақсатында «Толғанай» және «Тоғжан» балабақшаларында 2 топтан 80 бөбектер қабылдауға жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар Ақай ауылында 60 орындық жеке балабақша ашу жоспарлануда. Биылғы жылы Төретам кентінде 280 орындық балабақшаның құрылысы басталады деп күтілуде.

Аудан бойынша 5-6 жастағы балалар мектепалды даярлықпен 100 пайыз қамтылып отыр.

Денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жедел медициналық көмек көрсету қызметіне санитарлық автокөліктер және жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Дәрігерлерді ауылдық жерлерге тарту жұмыстары жалғасын тауып, ауданға жыл көлемінде 9 жас маман дәрігерлер келіп жұмыс жасауда.

Алайда бүгінгі таңға аудандық емханаға 2 акушер-гинеколог, 4 жалпы практикалық дәрігерлер, ал аурухана бойынша дәрігер-зертханашы, анестозолог-реаниматолог, педиатр мамандықтарының жетіспеушілігі байқалады.

Мәдениет саласы бойынша ауданда 1080 мәдени шаралар өткізілді. Мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында аудандық бюджеттен 6,5 млн теңге бөлінді.

Өткен жылы аудандық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 70,0 млн. теңге қаржы бөлініп, бу қазандығы ғимараттан тысқары орналастырылды. Ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шатыры, орындықтары жаңартылды.

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында аудан көлемінде есепке алынған тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау және насихаттау жұмыстары атқарылды.

Спорт саласында - дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың үлесі артты.

2011 жылы аудан халқының 20,4 пайызы дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданған болса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 22,0 пайызға жетті.

Кент және ауыл округтерінде осы мақсатта өткен жылы 15 әдіскер-инструкторлар жұмыс жасаған болса, ағымдағы жылы 25 штат бірлігі болып көбейді.

Ауыл жастарының бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруда мақсатында өткен жылы Жосалы кентінде, Қармақшы, Иіркөл, Алдашбай ахун, Қуандария елді мекендерінде спорт алаңдары салынды.



Автокөлік жолдары саласы бойынша облыстық бюджеттен 140,0 млн теңгеге 7 елді мекеннің ұзындығы 13 шақырым болатын көшелеріне, аудандық бюджет есебінен 50,0 млн теңгеге Жосалы кентінің ұзындығы 4 шақырымдық 4 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Облыстық бюджеттен 100,0 млн теңгеге Жаңажол ауылындағы ұзындығы 7,2 шақырым болатын көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Облыстық бюджеттен 19,7 млн теңгеге аудандық маңыздағы «Самара- Шымкент- Жаңажол» автомобиль жолының 1,3 шақырымға жөндеу жұмыстары атқарылды.

Есепті кезеңде жүк тасымалдау көлемі 104,6 пайызға, жүк айналымы 101,4 пайызға, жолаушылар тасымалдау 119,1 пайызға, жолаушылар айналымы 109,2 пайызға өсті.



Аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 237,0 млн теңгеге Ақжар, Ақтөбе елді мекендеріндегі ауыз су жүйесін тұрғын үйлеріне су құбырын жеткізу жұмыстары жүргізілді. Барлығы 746 үйге су құбыры кіргізілді.

Жосалы кентінде ауыз су желісі 125 шақырымды құрайды. 3051 үйге ауыз су желілері тартылып, 532 үй есептегіш құрал орнатқан. 396 үй «Теміржол су құбыры» мекемесінің желісіне қосылған. 473 үй құдықтан, 190 үй көшедегі баспалар арқылы ауыз су пайдаланады.

Халықты сапалы ауыз сумен қамту мәселесі күн тәртібінен түспек емес. Әсіресе Жосалы кентіндегі қиыншылықтарға байланысты «Жосалы кенті әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің теңгеріміндегі ішкі су жүйелері коммуналдық меншіктен алынып, 2012 жылдың маусым айынан бастап «Октябрь топтық су құбыры» филиалына республикалық меншікке өткізілді. Аталған мекеме ауыз суға байланысты барлық мәселені шешуді өз міндетіне алды.

Қазіргі таңда кент халқына ауыз су күнделікті сағатпен тәулігіне 1 660 куб метр ауыз су берілуде.

Дегенмен, ауыз су желілерінен ахаулар жиі шығуда. Оның басты себебі, трубалардың қосылған жерілерінен, көру құдықтарының қосылыстары дұрыс жалғанбауынан болып отыр.

Көшелердегі көру құдықтары жабылған темір бетон плиталары сапасыз жасалған, салмақ көтермей сынып және ұрланып жатыр. Осы мәселеге байланысты «Октябрь топтық су құбыры» мекемесінің жұмысшыларымен бірлесіп, 916 көру құдығының 24 дана темір бетон жабу қақпақтары, 500 данасының қақпағы жоқ екендігі анықталды.

Осының салдарынан тұрғындарды толыққанды ауыз сумен қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр. Күніне кем дегенде 4-5 рет ақау шығады. Алайда, «Октябрь топтық су құбыры» мекемесінің жұмысшылары ақау болған жерлерді жөндеп, қалпына келтіруде.

Келешекте неғұрлым су есептегіш құрал орнатқан үйлер саны артса, - соғұрлым халықтың ауыз суға деген сұранысы молырақ қамтылатын болады.

Бізде су тапшылығы негізінен мамыр-тамыз айларында болады. Су тапшылығын болдырмас үшін «Октябрь топтық су құбыры» мекемесіне нақты тапсырмалар берілген.

2012 жылдың қараша айынан бастап «Жосалы кентіндегі ауыз суды алдын ала айдау станциясы» іске қосылып, кенттің шығыс жақ бетіндегі су бармаған көшелерге ауыз су жеткізілді.



Құрылыс жұмыстарының көлемі 9 883 млн теңгені құрап, 2011 жылмен салыстырғанда 118,4 пайызға артты.

Қызылтам елді мекенінде 100 орындық мектеп, Төретам кентінде 150 орындық клуб пайдалануға берілді. Иіркөл, Алдашбай ахун ауылдарында фельдшерлік акушерлік пункт құрылысы аяқталды.

Төретам кентінен салынатын ауысымына 100 келушіге қызмет көрсететін ауылдық емхана құрылысы биылғы жылы аяқталады.

Жосалы кентінде 300 орындық стадион құрылысы салынып, бірсыпыра ішкі жұмыстары аяқталған соң таяу уақытта пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ Төретам кентіндегі 600 орындық мектеп құрылысы үстіміздегі жылы пайдалануға беріледі.

Көмекбаев ауылындағы 300 орындық мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беріледі.

Уақытынан кешіктірілген бұл мектептің құрылысына аудан бюджетінен қосымша 26,0 млн теңге бөлініп, жылу жүйесі және бірсыпыра ішкі жұмыстары аяқталуға жақын.

Жосалы кентінің кіреберісіндегі «Қобыз» композициясы, қайта жаңғыртылған «Рәміздер алаңы», «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы саябақ, абаттандырылған К. Рүстембеков атындағы жыраулар үйі, орталық көшелерге 8 жерден орнатылған аркалар және түрлі орнаментпен өрнектелген электр бағаналары бүгінгі күні халық игілігіне айналды.

Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін екі көшеге тротуар, яғни тас төсеніштер төселді.

Елді мекендерді абаттандыру, көркейту - көгалдандыру мақсатында Жосалы кенттің кіре берісіне «Дендропарк» құрылысы салынып, пайдалануға берілді. Оған әртүрлі декоративті ағаштар мен өсімдіктер өсіріліп, тұрғындардың мәдени демалысы мен өсімдіктер дүниесінің тынысын кеңейтіп, экологиялық тағлым, тәрбие беруге бағытталған жұмыстар жүргізілетін болады.

Кент орталығын абаттандыру мақсатында «Ана мен бала» ескерткіші, «Дөңгелек бақ», «Мәңгілік алау» маңына көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Жергілікті бюджеттен бөлінген 5,5 млн теңге қаржыға кент орталығынан иесіз 4800 куб метр күл-қоқысты сыртқа шығарды.

Жыл сайын көктем, күзде екі мезгіл көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазалықтың екі айлығы кезінде 1 560 куб метр күл-қоқыс алынып, 32 шақырым аяқ су жолдары тазартылды, 1 960 метр темір шарбақ әрленіп, 12 300 ағаш түбі және 2 910 үйдің сырты ақталды.

Жалпы сенбіліктер барысында 2010 адам қатысып, 14 техника тартылды.

Осындай халықтық жұмыстарды ұйымшылдықпен атқаруда белсенділік танытып жүрген мұғалімдер, дәрігерлер, басқа да мекеме қызметкерлеріне алғысымды білдіре кеткім келеді.

Кент тұрғындарының үй іргелік жерлерін аяқ сумен қамтамасыз етуде жергілікті бюджеттен бөлінген 1,2 млн теңгеге Мөлтек ауданына жаңадан 4,5 шақырым су арығы тартылды.

Жосалы кентінің барлық үйлеріне аяқ су жеткізу жұмыстарына 17,0 млн теңгеге «Жосалы-1» СТК ерте көктемнен бастап қазан айына дейінгі аралықта аяқ суды бекітілген кестеге сәйкес беріп отырды.



Үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жүйелі жүргізіліп келеді. Аудан бойынша мемлекеттік тіркеуден өткен 15 үкіметтік емес ұйым жұмыс жасайды. Аудан әкімдігі тарапынан азаматтық қоғам құрылымдарымен әріптестік байланыстар орнатылған. Үкіметтік емес ұйымдар да өз кезегінде ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келеді.

Үкіметтік емес ұйымдардың потенциалын ауданның өзекті мәселелерін шешуге пайдалану мақсатында өткен жылы мемлекеттік тапсырыс арқылы 3 млн 96 мың теңге қаржы қаралып, түрлі бағыттағы 7 әлеуметтік маңызы жоғары жоба жүзеге асырылды.



Аудан бойынша бүгінгі күнге тұрақты діни ахуал қалыптасып отыр. Қазіргі уақытта ауданда Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына қарасты 10 мешіт, бұлардан өзге 2 діни бірлестік жұмыс жасайды.

Сонымен қатар, 2012 жылы Қорқыт бекетінен «Қорқыт ата» мешіті пайдалануға берілді. Ақтөбе ауылынан мешіт үйі тұрғызылып, осы жылдың наурыз айында жамағатқа қызмет көрсетеді деп күтілуде.

Аудан әкімдігінің мемлекеттік тапсырысы бойынша 2012 жылы «Жастар арасында діни экстремизм көріністерінің алдын алуға бағытталған шаралар ұйымдастыру» атты әлеуметтік жоба орындалды.

Саяси партиялар қатарында ауданда «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының филиалы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының, «Ақжол» демократиялық партиясы мен Қазақстан халықтық коммунистік партияларының аудандық өкілдіктері жұмыс істейді. Саяси партия өкілдіктерімен ынтымақтастық және әріптестік байланыстар орнатылған.

Есепті кезеңде аудан көлемінде 311 қылмыс тіркелді, оның ішінде 63,0 пайызын ұрлық құрайды.

Тіркелген қылмыстар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23,0 пайызға өсіп отыр. Қылмыстың ашылу деңгейі 21,0 пайызды құрайды.



Кәсіби әкімдік.

Елбасы Жолдауында айтылған ауыл әкімдеріне қосымша өкілеттіктер беру, ауылдағы ақуалға олардың ықпалын күшейту тапсырмаларына сәйкес, осы жылдың тамыз айларынан кешікпей ауыл, кент әкімдерінің сайлауымәслихат арқылы өткізіледі.

Аудан әкімі аппаратына жыл көлемінде жеке және заңды тұлғалардан 341 арыз-шағым, өтініштер келіп түсіп, оларға тиісті мерзімінде жауаптар қайтарылды.

Жеке мәселелері бойынша аудан әкімінің қабылдауында болған 169 азаматтың өтініштері жан-жақты зерттеліп, оң шешімін тапты.

Сондай-ақ аудан әкімінің аппараты ұсыныс-пікірлер жинайтын жәшіктерге түскен сауалнамаларға сергек қарап, егесіне уақытылы жауаптарын жолдап отырады.

Құрметті аудан тұрғындары!

Елбасы тапсырмасын жүзеге асыруда алда атқарылар ауқымды жұмыстардың да межесін айқындай кетсем деймін.



Білім беру саласы бойынша Төретам кентінде 280 орындық балабақша құрылысы басталады. Оған үстіміздегі жылы Республикалық бюджет есебінен 100,0 млн теңге, жергілікті аудандық бюджет қаражаты есебінен 10 млн теңге көлемінде қоса қаржыландырылады.

Сонымен қатар №26, №113, №106 мектеп ғимараттарының күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлуге ұсыныс берілді.



Денсаулық саласы бойынша Жосалы кентінде ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана құрылысы салынады. Оған республикалық бюджеттен 581, 7 млн теңге бөлініп отыр.

Ш-Интернационал, Ақай ауылдарында дәрігерлік амбулатория құрылысының мемлекеттік сараптамадан өткізу, жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге 4,8 млн теңге қаралып отыр.

Аудандық аурухана ғимаратының жайы да сын көтермейді. Алдағы уақытта аурухананы күрделі жөндеуден өткізуге облыстық денсаулық сақтау басқармасына ұсыныс берілді.

Спорт, денешынықтыру саласы бойынша биылғы жылы 49,0 млн теңгеге елді мекендерде 7 спорт алаңы салынады.

Мәдениет саласы бойынша Ақай, Тұрмағамбет, Ақжар ауылдарында типтік жобадағы 150 орындық ауылдық клуб салынады.

Жаңажол, Ш-Интернационал, Ақтөбе ауылдарындағы мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізуге ұсыныс берілді.

Бұлардан басқа Жосалы кентінде аудандық кітапхана мен өлкетану мұражайына арналған типті жобадағы ғимараты құрылысының жоба-сметалық құжаттамалары әзірленуде.

Жосалы кентінде биылғы жылы 80,4 млн теңге бөлініп, әкімшілік ғимаратының құрылысы басталады.



Автомобиль жолдарын жөндеу бойынша Тұрмағамбет- Алдашбай ахун ауылдары арасындағы аудандық маңыздағы автожолдың 15 шақырымы орташа жөндеуден өткізіледі. Бұған республикалық бюджеттен 166,7 млн теңге бөлінді.

«Жалағаш-Жосалы» тасжолының 8,3 шақырым жері 404,3 млн теңгеге жөндеуден өтеді.

7 елді мекендердегі 13 көшесіне 155,0 млн теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Жосалы кентіндегі 11 көшесіне 336,0 млн теңгеге кұрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Жосалы кенті ішінде жеке сектормен мемлекет арасындағы әріптестік аясында автостанция құрылысын салуды жүзеге асыру бағытында келісім жасалып, жобасы әзірленуде. Құрылыстың инфрақұрылымын жүргізу аудан бюджеті арқылы шешілсе, ғимаратын салуды жеке кәсіпкер өз міндетіне алып отыр.
Құрметті ағайындар!

Жақында облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы ауданымызда іс-сапарда болып, халықтың әлеуметтік жағдайымен, атқарылып жатқан жұмыстармен, алдағы жылға межелеп отырған жоспарымызбен толық танысып, бірсыпыра мәселелерге қолдау көрсететінін айтты.

Елді мекендердегі электр тарату жүйелерінің жаңғыртылуына, ауыз су мәселесінің түпкілікті шешімін табуына, аудан орталығында және елді мекендерде әлеуметтік және мәдени нысандағы құрылыстарды жақсартуға қажетті қаржыларды алуға көмек көрсететінін білдірді.

Ауыл тұрғындарының негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы болғандықтан уақыт талабы мал тұқымын асылдандыруды қажет етеді. «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс жасауымыз керек. Малды таңбалау, бірдейлендіру, басқа да ветеринариялық шараларды міндетті түрде жүргізіп отыру қажет.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасының барлық жеңілдіктерін тиімді пайдаланып, микрокредиттер алудың жолдарын жан-жақты қарастыру, микрокредиттік ұйымдар жұмысын жетілдіру - нарық заманының басты талаптары екенін естен шығармауымыз қажет.

Аудан әкімдігі Елбасы саясатын жүзеге асыруда елмен етене жұмыс жасап, кент, ауыл әкімдігі аппараты арқылы күнделікті жағдайдан хабардар болып отырады. Атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы, ең алдымен, ел игілігі үшін. Елбасы тапсырмаларының нақты орындалуы – оның елдің әл-ауқатын арттыру жолындағы саясатының жүзеге асырылып жатқандығының көрінісі деп білуіміз қажет.



Алдағы уақытта да өздеріңізбен қоян-қолтық жұмыс атқара отырып, Елбасы саясатын, Үкімет пен облыс әкімі тапсырмаларын жүзеге асыра береміз деп Сіздерді сендіргім келеді.

Тыңдағандарыңызға рахмет!


.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет