Құрметті оқырман!
Мұнайдар Балмолданың «Құдайға телефон
соққан бала» әңгімесінің осы нұсқасын таратуға
болмайды. Бұл шығарма тек onlkitap оқырмандарына
арналған. Көркем шығарманы оқу арқылы есте сақтау
қабілетіңіз бен шапшаңдығыңыз артып, жеңіс
тұғырынан көрінгейсіз. Сәттілік!
ҚҰДАЙҒА ТЕЛЕФОН СОҚҚАН БАЛА
Киімі мұнтаздай таза келген жігіт ағасы қалта
телефонымен әлдекіммен сөйлесіп келе жатып,
бейтаныс ауланың маңына аялдаған еді,
сол арада
ойнап жүрген балалардың бірі мұны көре сала
«ағатайлап» қасына жетіп келді.
- Аға, сіздің телефоныңыз «айфон» ба?!.
- Иә, солай...
- Артында жарты алманың суреті бар ғой, дә?!.
- Бар екен...
- Онда маған «айфоныңызды» бере тұрасыз ба?!.
- Оны неғылайын деп едің? Неге менің
телефоным...
- Өйткені сіздің телефоныңызбен барлық
жермен сөйлесуге болады. Ең күшті телефон ғой
«айфон» деген, - деп балақай ойнап жүрген бір досын
дауыстап шақырды.
- Сәмөк, әу, Сәмөк! Бері келші, мына ағайда сен
айтқандай
телефон
бар
екен!..
Бет-аузы ойын қызығынан күйелеш болған жас
шамасы алтылардағы қағылез бала шауып келді.
- Сенің айтқаның осындай телефон емес пе?
Қарашы... - деді бала досының жеңінен тартып.
- Алмасы бар ма?! Алтын түстес пе?! - деп пысық
бала мұның қолындағы телефонды көрігісі келіп бара
жатыр.
- Иә, бәрі сенің айтқаныңдай, бұл «айфон» ғой! –
дейді бірінші балақай.
- Онда осы телефон... Дәл өзі. Саған керегі де осы
«айфон»! – деп ол бала қайтадан ойын алаңына жүгіріп
кетті.
- Ағай, «айфоныңызды» бір минутқа, тіпті одан
да аз уақытқа бере тұрасыз ба? Сөйлесейін деп едім...
Өте маңызды бір шаруамды айтуым керек болып тұр.
Ал бұл маңайда, біздің көршілерімізде сіздікіндей
телефон жоқ... өтінем, бересіз бе?!. - деп жалына
сұраған балаға, телефонына сондай мән беріп, жолын
бөгеген бұл жағдайға әлі түсініңкіремей таңғалған
жігіт ағасы не дерге білмей күлімсірей берді.
- Қызық екен... сөйлесу үшін кез-келген телефон
жарай береді емес пе?!. Неге міндетті түрде менің
телефоным керек бола қалды?!.
- Ой, ағай сіз түсінбейсіз, өйткені өзіңізде
осындай мықты телефон болғасын мән бермейтін
боларсыз. Сәмөк айтады басқа телефондар әлсіз,
жарамайды деп... Тек сіздікіндей «айфон» керек,
әйтпесе мен сізге бұлай жабыспаймын ғой! Бар
болғаны бір-ақ минутқа? Жоға, жарты минутқа, ағатай,
а, осы арада сөйлесемін... қорықпаңыз, алдамаймын,
беріңізші енді... егер алдап алып, қашып кетеді десеңіз,
міне, менің үйім, тіпті мен сөйлесіп болғанша
қолымнан ұстап тұрыңыз...
- Жақсы балақай, ала ғой. Өзің мұны
пайдалануды білесің бе?
- Жоқ, білмеймін. Ұстап та көрмедім. Сіз маған
көрсетіп бермейсіз бе?
- Көрсетейін... Сонда кімге телефон шаласың?
Ол кісінің нөмірін білесің бе? Айта ғой. Мен тезірек
теріп берейін.
- Мә, аға, нөмірі жоқ...
- Ендеше қалай сөйлеспексің?
- Қазір ағатай, мен сұрап қайтайын, Сәмөк, ә,
Сәмөк! - деп бала тұра шапты. Алдыңғы баламен
сөйлесіп, қайтадан жүгіріп жетті, - аға, нөмірдің қажеті
жоқ дейді, осы телефон қосулы болса болды, өйткені
бұл «айфон» ғой, өзінің ішінде функциясы бар дейді,
сөзіңді айта бересің, ол естиді... Солай деп Сәмөк
досым айтты... беріңіз, мен тез... - деп балақай ентіге
демалды. Күтпеген тұстан пайда бола қалғандай
жолын бөгеп, телефонын сұрап қоймаған бұл бейтаныс
пысық баланың қылығына қайран қалып, жолынан
қалған адам сағатына қарады:
- Мен біраз уақыт жоғалттым. Бәлкім келесі
жолы... - деп баланың бұл ісін ойынға балаған азамат
кетуге ыңғайланды.
- Аға, ағатай, сіз кетсеңіз менің шешем ауруынан
жазылмай қалуы мүмкін! - деп шыр ете түспесі бар ма
баланың, - сіз сәл күтсеңіз, мен тез-тез айтамын да,
телефоныңызды қайтарамын!.. Мұны естіген соң бұл
адам шошып кетті, қалтасына салған телефонын
суырып, қосты да балаға ұстатты. Бала оң қолына
телефонды алып, сол қолын ағайының алақанына
апарып, ұстай алды. Сосын әдемі телефонды
кішкентай уысына сыйғыза алмай сәл қызықтап тұрып
алған бала оны құлағына жаймен апарып:
- Алло, Алла-Тағала, менің атым Жомарт, жасым
бесте, Сәмөктің досымын, менің саған айтайын
дегенім бар ғой, менің мамам қатты ауырып ауруханада
жатыр, оған бүгін бе, ертең бе, ота жасайды дейді...
әкем соны уайымдап отыр... егер мамам үйге оралмаса,
онда біз жетім қаламыз... Қарындасым Қарлығаш әлі
кішкентай. Сен біздің мамамызды ауруынан жазып
жіберші, өтінемін!.. Үйде мамам болмағасын жөндеп
тамақ та іше алмай қалдық... Әкем күндіз жұмыста. Ол
дұрыстап тамақ істей алмайды. Оған анамсыз өте қиын
болып жүр... Мен бір жақсы ағайдың «айфонымен»
айтып тұрмын, егер қажет десең жауапты сол кісіге
айтарсың, ол аға қазір менің қасымда тұр, аға өте
асығыс, онсыз да мен уақытын алдым, рахмет саған,
мамамды тезірек емдеші! Біз күтеміз! Сен Алласың
ғой, қолыңнан бәрі келеді, жақсы, енді мен саған
телефон шала алмаймын, себебі менде мұндай телефон
жоқ, -деп жылдамдатып сөйлеп, телефонды иесіне
ұсынғанда ақ жағалы азамат көз жасына ие бола алмай
үнсіз егіліп тұрды... Иә, бұл адам Жомарт пен
Қарлығаштың анасы жатқан аурухананың хирургі
болатын. Баладан шешесінің аты-жөнін сұрап өзіне
мұқият жазып алды және кетерінде баланың басынан
сипап былай деді:
- Жомарт, сен өте жақсы баласың. Сенің
достарың да тамаша. Алла-Тағала сенің сөзіңді естіді
деп сенемін және қарындасың екеуің жетім
қалмайсыңдар... Олай ойлама. Алла саған сөзсіз жауап
қайтарады, оны мен саған өзім міндетті түрде
хабарлаймын, жақсы ма?!. Ал қазір бара ғой,
айтпақшы, мә, мына ақшаға достарыңмен бірге
балмұздақ алыңдар, сөйте ғой, бар енді, бар... - деп
дауысы дірілдеп, көзінің жасын жеңімен сүртіп үйдің
тасасына сіңе берді. Жомарт қолындағы теңгеге бір, үні
жарықшақтанып, толқып кеткен ағайының кеткен
жағына бір қарап тұрды да артынан айқайлады: «Ағай,
сізге көп рахмееет! Сіз өте жақсы адамсыз!..» Үй
тасасындағы дәрігер баланың бұл сөзін еміс-еміс болса
да естіді. Естіген бойда жылады. Жымиды. Тағы
жылады... Жомарт бұл сәтте достарына қарай тұра
шапты: « Балалар, жаңағы жақсы ағай бізге балмұздақ
алыңдар деп ақша тастап кетті! Міне, кеттік!..» деп мәз.
Балалар да улап-шулап қуанып, оның артынан жүгірді.
Сәмөк дейтін естиярлауы: «Жомарт, ол кісі шынымен
де жақсы кісі екен, Құдаймен сөйлесуге «айфонын»
берді, енді сенің мамаң тәуір болып кетеді» деп
дауыстайды. Барлығы көшені бастарына көтере
«алақайлап» жүгіріп барады.
Арада бірер күн өткенде балалар тілімен
айтқанда «жақсы ағай», яғни дәрігер Тәңірберген
Дулатұлы Жомарттың үйін іздеп келді. Балалар аулада
жүр екен. Бірақ араларында Жомарт жоқ.
- Сәмөк, сенің атың солай ма еді?..
- Саматпын, ағай, Жомарт үйінде қарындасын
бағып қалды. Ал әкесі Қанат аға ауруханаға кеткен...
- Білемін. Маған пәтерін көрсетіп жіберші,-деп
дәрігер Саматтың соңынан ілесті. Есіктің қоңырауын
басқан Самат дауыстап жатыр:
- Жомарт, саған «жақсы ағай» келіп тұр, есігіңді
аш!..
Есік ашылғанда табалдырықта екі жасар
қарындасын жетегіне алған Жомарт тұр. Жүзінде
таңданыс бар. «Жақсы ағайдан» жақсы хабар күтіп
тұрғаны көзінен көрінеді. Ағайы көп күттірмеді:
- Жомарт балам, сендердің аналарыңның
жағдайы жақсы, отаны шүкір өткерді, қазір оңаша
палатада демалып жатыр, жанында әкеңіз бар,
ештеңеге алаң бомаңдар,-деп Қарлығаштың басынан
сипады.
- «Жақсы ағай», сіз мұның бәрін қайдан
білесіз?!. Сізді Алла жұмсады ма маған осының бәрін
айтып бар деп?!.
- Иә, Жомарт... өзі де солай, жарайды, мен
барайын, айтпақшы, мына телефон сенде болсын,
саған сыйлығым, сау боп тұрыңдар,-деп дәрігер
кішкентай Қарлығаштың шашынан және бір сипап,
балаға телефонын ұстатты. Енді бұрылып үйден шыға
бергенде балалардың әкесі де келіп қалды.
- Тәңірберген Дулатұлы, сіз мұндасыз ба?!.-деп
таңырқап жатыр.
- Иә, мен осы арадан өтіп бара жатқанмын,
балаларыңызға анасының амандығын айтып... сау-
сәлематта болыңыздар, жұбайыңыз жазылып кеткенше
бір айдай болатын болар, бәрі жақсы болып жатса, үйге
шығарамыз. Келіп тұрасыз ғой, әзірге, - деп шығып
кетті. Самат та оның алдына түсіп алып әлденелерді
айтып шауып барады.
- Әкетай, «жақсы ағайды» сіз қайдан білесіз?!.-
деді Жомарт.
- Неге білмейін?! Білемін. Ол сендердің
мамаларыңа ота жасаған дәрігер. Өте жақсы адам! Бәрі
мақтайды. Қолы алтын хирург дейді. Құдай жар болып
сендердің шешелерің осы кісінің қолына түсті.
Тәжірибелі дәрігер екен, адаммен сөйлесуінің өзі
бөлек...
- Дәрігер?!. Мә, солай ма?!. Ол ағай деген маған
Аллаға анашым жайлы айтып, көмек сұрауыма мына
«айфонын» берді.
..
- Бұл қазір сенде қайдан жүр?.. Қымбат дүние
ғой өзі. Қалай дейсің, «ай.. айфон» дейсің бе, аты әдемі
екен, айдан басталатын, біртүрлі қазақы естіледі, менің
Айкүнімдей, - деп әкесі ұлының сөзін бөлді, оның не
деп жатқанын жөнді ұқпағандай кейіп танытады.
- «Жақсы ағай» жаңа келгенде сыйлап кетті...
Енді сен аура қалсаң да осы телефонмен Құдайға
хабарласамын, енді біздің үйде ешкім ауырмайды.
-
Құлыным-ай,
телефонмен
Құдайға
хабарластым деймісің?!-деп әкесі ілкі сөздің ұшығын
санасынан енді өткізіп, алтындай жарқыраған
телефонды қолына алып әрі-бері аударып қарады.
- Иә, әке, осы телефонмен мен Аллаға анамыз
жайлы айттым, емдеп, тезірек үйге жіберші дедім,
сөйтсем бұл «айфонның» иесі анама ота жасайтын
дәрігердің өзі екен?!. Әке, енді анашым үйге келеді
емес пе, солай ғой, дә?!.
- Иә, құлыным, ақылыңнан сенің, Қарлығашым,
ботам менің, жүріңдер, табалдырықта неғып тұрмыз?
Ертең бәріміз мамаларыңа барамыз. Екеуіңді көріп
қуанып қалсын,-деп әке жүрегі елжіреп, көңілі
босады,- қолыңдағы жылтырақпен Құдайға телефон
шалдым дейсің бе балам-ай?!. Өйтуге болады ма
екен?!.-деп сөйлеп, басын шайқап күліп барады. «Е,
шіркін-ай, періште пейіл құлындарым-ай!.. Жасаған
сендердің осы бейкүнә болмыстарыңа бола Айкүніме
өмір сыйлаған шығар?!.Баламысың деген, Аллаға
телефон шалуға болады ма?!. Ей, періште жүрек-ай...
Әйтседе, «Айфон», Айкүн, қызық-ей, Жомартым
менің, сенің періште үніңді естіген Алладан
айналдым!.. » деп те ойлап, Қанат әке бәріне шүкір
қылды. Иә, бұл оқиғаның қиюы келісіп, әдемі өрілуі
қазекемнің " Құдайсыз қурай сынбайды" деген сөзінің
тағы бір дәлелі, ойлыға ғибрат екен...
Достарыңызбен бөлісу: |