Құрметті оқырмандар әдебиет сүйер қауым!
Ілияс Есенберлин
(1915-1983)
Аса көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ілияс Есенберлин 1915 жылдың 10 қаңтар күні Атбасар қаласында туған. Мектепті тәмамдаған соң, Қызылорда қаласындағы интернатқа мұғалім болып орналасады. Кейін Қарсақпайдағы аудандық атқару комитетінде жұмыс істейді. Өндірістен қол үзбей жүріп, Алматыдағы Қазақ тау-кен институтына оқуға түсіп, 1937 жылы Қазақ КСР-ның бірінші Конституциясын қабылдаған Советтердің алғашқы Төтенше съезіне делегат болып сайланады. 1940 жылы институтты аяқтаған соң Жезқазғанға жұмысқа жіберілді. Сол жылы күзде әскер қатарына шақырылып, Рига әскери-саяси училищесінде оқығаннан кейін, майданға аттанды. 1942 жылы ауыр жараланып госпитальға түсіп, бір жылдан соң елге мүгедек болып оралды. Сөйтіп, 1947 жылға дейін Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің аппаратында нұсқаушы болып қызмет істеді.
Соғыс аяқталарда 1937 жылы «халық жауы» деп атылып кеткен Әділет халық комиссары Хамза Жүсіпбековтың қызына үйленіп, қайын енесін АЛЖИР-ден алдырғаны үшін НКВД-ның назарына ілігіп, 1949 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын Қарақұм каналы құрылысында өтеп, сонда жарылыс жұмыстары жөніндегі тау-кен инженері болып бес жыл жұмыс істеді. Айдаудан келген соң Қазақ КСР-ның Геология министрлігінде, кейін шахтада басқарма басшысы болып қызмет атқарады.
Шығармашылығын алғаш өлеңнен бастап, «Айша» және «Сұлтан» поэмаларын жазған. Кейін прозаға ауысады. 1958 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында редактор, 1962 жылдан «Қазгослитиздат» баспасында редактор, 1967 жылдан «Жазушы» баспасында директор, 1971 – 1975 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы сияқты түрлі қызметтер атқарды. 1975 жылдан бастап біржола шығармашылық жұмысқа көшіп, 16 жылда 15 роман жазды. 1962 жылы драматургия жанрында да бақ сынап, қалам тарта бастады. «Таудағы тартыс» пьесасы республикамыздың бірқатар театрларының сахналарында қойылды. 1969 жылы «Қаһар», 1971 жылы «Алмас қылыш», 1973 жылы «Жанталас» романдарын жазды. Бұл романдар «Көшпенділер» трилогиясына біріктірілді. Алғаш рет 1976 жылы «Көшпенділер» атауымен жарық көрген трилогия орыс тілінде 12 рет басылып, 1,5 миллион тиражбен тарады. Жалпы «Көшпенділер» трилогиясы әлемнің 30 тілінде жарық көріп, 50 рет қайта басылды. 2005 жылғы есеп бойынша дүниежүзіне таралған жалпы тиражы 3 миллион дана. Осы трилогияның негізінде 2005 жылы «Көшпенділер» атты тарихи көркем фильм түсірілді. Ілияс Есенберлин қазақ әдебиеті тарихында бүгінге дейін ең көп роман жазған жазушы. Көрнекті суреткердің қаламынан туған «Айқас», «Ғашықтар», «Қатерлі өткел», «Алтын құс», «Маңғыстау майданы», «Алтын аттар оянады», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Алыстағы арпалыс», «Аққу құстар қуанышы», «Махаббат мейрамы» романдары тың тақырыпта жазылып, қазақ әдебиетінде оған дейін мүлде көтерілмеген мәселелерді қозғаған, сөйтіп, әдебиетке серпін әкеліп, оқырман сүйіспеншілігіне бөленген сүбелі туындылар.
Өмірінің соңында жазушы «Алтын Орда» трилогиясын жазғаны да белгілі.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, өзінің шоқтықты шығармаларымен қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ілияс Есенберлин 1983 жылы Алматыда дүние салды. І.Есенберлин «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет Белгісі» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
Достарыңызбен бөлісу: |