Рухани құндылықтар және қазақ әйелі



Дата19.06.2016
өлшемі122.14 Kb.
#147976

Айнұр Әбдірәсілқызы


ҚР Дін істері агенттігі Діни оқу орындарымен

байланыс және дінтану сараптамасы

басқармасының басшысы, ,филол. ғыл.канд.

Рухани құндылықтар және қазақ әйелі

Рухани құндылықтар қай дәуірде болмасын адамзат қоғамын ішкі үйлесім мен тепе-теңдікке келтіруде негізгі роль атқарған. Формациялық күрделі өзгерістер қарқын алған соңғы ғасырларға дейін қаймағы бұзылмай келген дәстүрлі қазақ қоғамы рухани құндылықтарды діннен ажыратып қараған жоқ.

Кері байланысты қарастырсақ, қазақ үшін дін – дүние тіршілігінен тыс тұрған әлдебір тылсым күш емес, қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі әр ісін, әр сөзін, әр дәстүрін, әр ғұрпын нұрландырған хикмет, дүниетанымын көктей өтіп жатқан негізгі арқау болатын. Дін қағидаларын халқымыз әрбір мақал-мәтеліне, аңыз-әфсанасына, жыр-дастанына, ертегісіне, шешендік сөзіне, даналық нақылына, тұрмыс-салт өлеңдеріне сіңіріп, күнделікті тұрмысында басшылыққа алар рухани-имани құндылықтарына айналдырды.

Әрбір жер-су, тау-төбе, өзен-көлге, әрбір аң-құсқа, өсімдік пен ағашқа, төрт түлік малға арнап аңыз-әңгімелер тудырған, адамның әрбір қылығына, мінезіне, қасиетіне, кемшілігіне арнап мақал-мәтел, өлең-жырлар шығарған, әрбір танымал тұлғаға қатысты жыр-дастандар, аңыз-әфсаналар туындатқан халқымыз осы сан жеткісіз рухани мұраны рухани құндылықтарды қалыптастыру үшін тудырды. Бұл құндылықтарды дінмен ажырағысыз байланыста еткен басты себеп – сенімге негізделмейтін құрғақ құндылықтардың болмайтындығы дер едік.

Ал діни құндылықтарға келсек, олар да өз кезегінде рухани құндылықтарға сүйенеді. Ислам ілімі бойынша адам баласының бүкіл іс-әрекеттері үш топқа бөлінеді: ибадат, муамалат, ахуалу-шахсия. Ибадат (ғибадат) діндегі бүкіл ғибадат-құлшылықтарды қамтиды, ол толығымен сенім негіздеріне қатысты болады. Ал муамалат (мәміле) қаржылық, сауда-экономикалық және басқа да қоғамдық қатынастарды, ахуалу-шахсия (жеке бас жағдайлары) отбасылық және жеке басқа қатысты басқа да азаматтық хал-ахуалдарды қамтиды, бұл екеуі рухани-моральдық құндылықтар арқылы реттеледі. Демек, дін тек сеніммен ғана емес, рухани құндылықтармен де тығыз байланысты. Пайғамбарымыздың: «Мен көркем мінез-құлықтарды кемелдендіру үшін жіберілгенмін» деген хадисі де рухани-моралдық құндылықтардың діндегі ерекше орнын айғақтайды.

Рухани тұлғаны рухани құндылықтар тәрбиелейді. Сол құндылықтарды қалыптастыру мен дамытуда қазақ әйелі қандай роль атқарды дегенге келейік.

Әр халықта «ана тілі» деген қасиетті ұғым бар. Ана тілі – рухани тәрбие бастауы. Барша құндылықтарды халық тіл арқылы жеткізеді. Ал ана тілі – ең алдымен бесік тербеткен әйелдің тілі. Ал қазақ әйелі бесікті қандай жырмен тербетті? Бесік жырын қазақ «әлди» дейді. «Әлди» деген сөз «Алла» деген сөздің өзгерген түрі екенін тілтанушылар әлдеқашан дәлелдеген. Бесікті Алла атымен тербетуді қазақ әйеліне ешкім үйреткен жоқ. Ол оны өзі ойлап тапты. Перзентіне имандылықты ана сүтімен сіңіру үшін ойлап тапты. Біздің әжелеріміз бесік тербеткенде:

Алла деген ар болмас,

Алланың жолы тар болмас.

Алланы айтқан адамдар

Ақыретте қор болмас6

деп Йасауи хикметтерімен тербететін. Қайырмасында «Лә илаһа илла алла, Мухаммад Расулалла» деп шаһадат кәлимасын айтып отыратын. Қазақ арасында ең кең тараған бесік жырлары діни жырлар екен.

Бөбегім менің, бал бөпем,

Тәңірім болсын жар, бөпем.

Иманды боп өссін деп,

Иллалла деп тербетем,

деген бесік жырын да қазақ әйелі шығарған. Қазақтың имани құндылықтармен көмкерілген қанша мақал-мәтелін, аңыз-әфсанасын, жыр-дастанын, ертегісін, шешендік сөзін, даналық нақылын, тұрмыс-салт өлеңдерін әйелдер шығарғанын тап басып айту қиын. Бірақ әлдиден эпосқа дейінгі рухани мұраларда қазақ әйелінің қолтаңбасы сайрап жатқаны айқын.

Рухани құндылықтар тек сөзбен ғана берілмейді. Ол адамның өз болмысы, өз тұлғасы арқылы қалыптасады, дамиды, өзгелерге беріледі. Тәрбие дегеніміз отыра қалып насихат айту емес. Ол – ең алдымен өз болмысыңмен үлгі болу. Осыны жақсы түсінгендіктен қазақ әйелі рухани құндылықтарды өз бойына жинақтау арқылы өзгелерге үлгі болды. «Жақсы әйел – үйдің тіреуі» деген нақылды Қорқыт ата бекер айтқан жоқ. «Тізесін бүгіп отырған инабатты әйел көрікті», «Қыз анадан көрмейінше өнеге алмас» деген ғибратты да Қорқыт ата қалдырған. Қазақ әйелі өзгені құрметтеді, сол арқылы өзі де құрметке ие болды.

Бұл жерде атамыз қазақтың әйел затына құқық атаулыдан тыйым салып көрмеген ғибраты да зор роль атқарды. Соның нәтижесінде қазақ әйелінің болмысына жан-жақтылық тән болды. Бейбіт күнде от басы, ошақ қасында жүріп-ақ қоғамның ақылшысы, ұйытқысы, тәрбиешісі бола білді. Білігі асса – билікке, өнері асса, бәйгеге ерлермен бірдей араласты. Ел басына күн туған екіталай кезеңде «ел қорғау менің ісім емес» деп отбасында қалып қойған жоқ. Отан алдындағы парыз бен жауапкершілікті ер азаматтармен бірдей арқалады. Бірақ күнделікті өмірде елеусіз қала білді. Үнсіз жүріп ұлтты тәрбиеледі, елеусіз жүріп ел басқарды.

Сол мінезі арқылы қазақ әйелі үлкеннің алдынан қия өткізбейтін, ердің бетіне қарап сөйлетпейтін, алты жасар ұлды азамат деп дәріптететін, бірақ әйел-ананың да құрметін кемітпейтін дана дәстүрдің қалыптасуына үлес қосты. Дәстүр несімен құнды? Дәстүр шектен шығармайды. Дәстүр тұрақтылықты қалыптастырады. Тұрақты қағидаларға, тұрақты нормаларға сәйкес тұрақты мінездер қалыптасады. Ұлт мінезі қалыптасады. Соның арқасында ұлт ары қарай өмір сүреді.

Кеңестік кезеңнің қолдан жасалған «әйел теңсіздігі» деген қағидаты болды. Төңкеріске дейін қазақ даласында «теңдік», «еркіндік» деген ұғымдар болмағандай, бар қазақты қызын малға сатқан дүниенің құлы етіп көрсетпек ниеттен туған қағидат болатын ол. Қазақтың қызға деген қатынасы баршаға белгілі. Қазақ тәрбиелік мақсат үшін қызға қырық үйден тыйым сала білді, бірақ «қыз бала – бес күндік қонақ» деп бар тәтті-дәмдісін қыздың аузына тосты, бар жақсысын қызының үстіне ілді. Оң жаққа отырғызып, үкілі шымылдыққа салды. «Қыз бала ішер, жер, киер де кетер, бірақ көрдім демес» деп Қорқыт ата айтқандай, қызға бергеннің қыздан қайтпайтынын білсе де, қызын қызығым деп біліп, барын аямады. Соның бәрін қазақ қызын зар жылатып, малға сату үшін жасады ма? Ал ата-анасының еркімен жат жұртқа ұзатылып бара жатқан қыз бала қандай сыңсу айтатын еді?

Кім мұңлық, бұл дүниеде қыздар мұңлық,

Анадан мұңлық болып неге тудық?

Анадан мұңлық болып тумас едік,

Бұрынғы ата-баба жолын қудық, –

дейтін. Қазақ қызы дәстүрге бас игендіктен, дәстүрдің даналығын мойындағандықтан бұрынғы ата-баба жолын қуды. Өйткені Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға ұзатылған қазақ қыздарының арқасында ұлан-байтақ қазақ даласында бір ғана тілі, бір ғана діні, бірдей дәстүрі, бірдей дүниетанымы бар біртұтас қазақ ұлты қалыптасты. Жақынға емес, жыраққа ұзатылған қыздарының арқасында қазақ қайда барса өз туысы алдынан шығатын қарға тамырлы бауырмал ұлт, қаны таза текті халық болды.

Азамат ерлерше ат құлағында ойнап өскен, ел алдында айтысқа түсіп, бозбалалармен бірге қыз қууға қатысатын еркін де ерке қазақ қызы неге шетінен шылбыр үзіп, айттырылған жерге бармай, сүйгенімен қашып кете бермеді? Оның да себебін қыздар сыңсуда өздері айтқан:

Құлпырған қызғалдақтай қыраңдағы,

Беліміз аз ғана күн бұраңдады.

Арасы екі ауылдың шалғай тартса,

Қайтейін, айтқан сертте тұрам-дағы...

Қазақ қызы өзінің емес, ата-анасының сертінде тұрды. Ата-анасы жарасқанның баласы да жарасатынын, «көріп алған көріктіден көрмей алған тектінің артық» екенін, тұрақты құндылықтардың тұрақты отбасын тудыратынын, ал ата дәстүрдің сол тұрақты құндылықтарға қызмет ететінін түйсінгендіктен өзінің балалық, қимастық сезімдерін құрбан ете отырып, ата-ананың батасын бұзбады.

«Отанды сүю – иманнан» деген Пайғамбарымыздың хадисі бар. Отансүйгіштік қасиет қазақтың қанына біткен. Оны рухани құндылық ретінде қалыптастырудағы қазақ әйелінің қажыр-қайраты ерге бергісіз. Біз бергі дәуірдегі батыр аналарымыз бен аруларымыз туралы көп айтамыз, ал ерте ортағасырларға бара бермейміз. Менің тағы да Қорқыт ата кітабына оралғым келіп отыр. Ұлы жырау жырға қосып дәріптеген барлық әйел-аналар бейнесі нағыз ерліктің символы деуге болады. Қазақтың «Алпамыс батыр» жырындағы Гүлбаршынның мекені осы Сыр бойындағы Баршынкент қаласы саналады. Біздің жырымыздағы Гүлбаршын ақылына көркі сай ару деп бейнеленсе, Қорқыт ата жырлаған Гүлбаршын ең алдымен ерлігімен Алпамыс батырды тәнті етеді. Алпамыстың әкесі ұлынан: «Саған қандай қалыңдық іздейін?» деп сұрағанда ол: «Мен орнымнан тұрғанша есіктен шығып кететін, мен атыма мінгенше жауға аттанып кететін, мен жауыма жеткенше жауды жайратып келетін қызды әпер» дейді. Сонда әкесі: «Сен жай қалыңдық емес, өзіңе серік болатын жаужүрек жар іздеп отырсың ғой. Ондай қызды өзің іздеп тап» деп жібереді. Сонда Алпамыстың ат жарыстырып, оқ атысып, күресіп жүріп жеңіп алған жары осы Гүлбаршын болады.

Қорқыт жырында Қаңлы қожа ұлы хан Торалы дейтін кейіпкер бар. Оның да іш оғыз, тыс оғыздан өзіне лайық қалыңдық таппай, сонау Тарабузан елінен іздеп тапқан аруы оң-солына садақты бірдей ататын, атқан оғы жерге түспейтін қыз болып шығады. Сондай ерлігі асқан жары ақырында оны ажалдан алып қалады. Бұл кейіпкерлер – өз тұлғасы арқылы отансүйгіштік қасиеттің қалыптасуына қызмет еткен кейіпкерлер болатын.

Кешегі Ноғай ордасының атақты ханы Мамайды білмейтін қазақ жоқ. «Орманбет би өлген күн, Он сан ноғай бүлген күн» делінетін ел басына күн туған шаққа дейін қазақтан еншісі бөлінбеген қалың Ноғайлы ұлысы – біздің даңқты тарихымыздың бір бөлігі. Сол ноғайлыны ел еткен хан Мамай дүниеден өткенде, анасы Қараүлектің шығарған жоқтауына назар салсаңыз: «Алтын орда бақшасын Гүлдендіріп жайнатқан Мамай, Бақшада бұлбұл сайратқан Мамай, Сарбаз әскер ойнатқан Мамай, Еменді найза толғатқан Мамай, Қуантып халқын күлдірген Мамай, Құралды әскер ерлерін Асқар шыңнан жүргізген Мамай, Сол Мамайдан айырылып, Ақырында қор болдың ноғай!» деп, елді ел еткен ердің ерлігін айтып күңіренеді. Алты ғасыр сақталған алты бет жоқтауда ананың баланы жоқтаған зары емес, еліне бала болған перзентін еліне ана болған азамат әйелдің жоқтауы, басшысынан айырылған елдің ендігі күнін ойлап қайғыруы көрініс тапқан. Қазақ әйелдерінің қаншама жоқтау жырлары ер азаматтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі тағылымды тағдыры мен ерлік күресін баян етеді. Қазақ әйелі әлдиімен, ән-жырымен ғана емес, жоқтауымен де отансүйгіштікті қоғамға сіңіре білген. Қаза үстінде қайғыдан қан жұтып отырып та қазақ әйелі құндылықтарға қызмет еткен.

Қазақ әйелі пір тұтқан құндылықтардың бірі – ақыл-парасат. «Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ» дейді қазақ. «Әйелдің жақсысы еркектің жақсысынан да жақсы, еркектің жаманы әйелдің жаманынан да жаман» дегенді де сол қазақ айтқан. Қазақ жыр-аңыздарында азаматына ақылымен сүйеу болмаған әйел бейнесі жоққа тән. Ақын болсын, батыр болсын, әулие болсын, ел аузында аңызға айналған кез келген әйел заты ең алдымен ақылы асқандығымен ерекшеленеді. Қартқожақты райынан қайтарған Ақжүніс те, Қодарға кесене салдырған Баян да, қанды қол қарақшының жүрегін жібіткен Домалақ ана да даналығымен дараланған жандар болатын. Ақылы аз, құр ажарына немесе білек күшіне сенген бірде-бір аңыздық әйел кейіпкер жоқ қазақта.

Алланың әйел-еркек деп алаламай беретін қасиеті ақыл болғандықтан да ислам ойшылдары ақылға ерекше мән берген. Ақидамыздың негізін салған имам Матуриди осы орайда қызық бір тұжырымға келген. Ғұлама имам әйел затының әмірші, әскербасы, қазы қызметін атқаруы жөн болмайды, себебі бұл міндеттер әйелдің нәзік болмысына ауыр соғады деп біледі. Бірақ әйел адам дін мәселелерінде шешім шығарып, пәтуа бере алады деп тұжырымдайды. Себебі пәтуа беру ең алдымен ислам ілімін жетік меңгеруге, екіншіден қисынды ойлау мен парасатты пайымдау қабілетіне, үшіншіден тапқырлық пен шешендікке байланысты болып келеді. Бұл имам Матуридидің ақыл-парасат жөнінен әйелдерді ер азаматтан кем көрмей, ерекше сеніммен қарағанын, демек, бұған негіз боларлық дәлелдер исламда жеткілікті екенін айғақтайды.

Ақыл-парасатына ерлігі сай қазақ әйелінің адамгершілік ұстанымдарының бағаланар тұсы оның қонақжайлылығы болған. «Қонақ табағыңа емес, қабағыңа қарайды» дейді қазақ. «Қырықтың бірі – Қыдыр», «Қонақ келсе, Қыдыр келеді» деп санайтын қазақ үшін Қыдыр ас иесінің – әйелдің қабағына келеді.

Кешегі Кіші жүз қазақтарының 1793 жылғы көтерілісін басқарған Сырым Датұлы өз елінің бір ақылгөйіне сәлем бере барады. – Кімнің баласысың? - деп сұрайды қария. – Даттың баласымын, - дейді Сырым. Сонда қария: – «Қой баға алмас жаманнан қолақпандай ұл туды» деуші еді, сол сен екенсің ғой? - дейді. – Болсақ, болармыз, - дейді Сырым. – Әкең нашар болғанмен, анаң жарамды еді. Күндіз келген жиырма адамды, түнде келген жиырма адамды қабағын шытпай күтіп жіберуші еді, - дейді қария. Сонда Сырым: – Анамыз күндіз жиырма қонақты, түнде жиырма қонақты күтіп жіберсе, жиыны қырық болады екен, «Қырықтың бірі – қыдыр» деген, қыдыр дарыған соң қой баға алмас жаманнан қолақпандай ұл туған болар, - деген екен.

Кешегі өткен Қорқыт абыз да ері жоқта келген қонақты қабағын шытпай құрметтеп, күтіп жіберетін әйелді «үйдің тіреуі» деп бағалаған. Атамыз қазақ үш ұлына енші бөлерде төрт бөлек енші қалдырыпты деседі. «Төртінші енші кімдікі?» деп сұраған ұлдарына: «Төртінші енші – қонақтыкі. Қонақтың енші малы сендердің малдарыңмен бірге өсіп-өнсін. Қонақ келгенде қабақтарыңды шытпай, өз еншісінен өзінің малын сойып, сыбағалы асын беріңдер» деп өсиет еткен екен атамыз. Содан үш ұлдан тараған үш жүздің баласы «еншісі бөлінбеген қазақ» атанып, құдайы қонақты күтіп алып, сыбағалы асымен сыйлап жіберуді дәстүрге айналдырған екен.

Осы дәстүрді сақтамағандар жайлы әзілі мен зілі аралас бір мысалды назарға сала кетейік.

Оңтүстік өңіріндегі Кентау қаласының маңында «Молда Мұса» атанған Мұсабек Байзақұлы атты атақты ақын өткен. Сол молда Мұса шау тартқан шағында үзеңгілес серіктерімен кештетіп жолға шығыпты. Күн кешкіріп қалған соң ауылдан көп ұзамай Көлбай атты байдың үйіне түсіпті. Көлбайдың келіншегі: – Көлбай үйде жоқ еді, - деп қонақтарды қондырғысы келмепті. Дегенмен бай шаңырақ тұрғанда жарлы-жақыбайды мазаламайтын үрдіспен қариялар сол үйге қонуды жөн көріпті. Көлбайдың келіншегі қонақтарға қой сойғыза қоймапты, үйіндегі сақтаулы сүр етті асып беріпті. Оны да бабына келтіріп пісіре қоймай, қариялар қатты етті қаужап, ұйқыға жатуға мәжбүр болыпты. Ертеңіне ауылдан кетіп бара жатып молда Мұса:

Ауылдан шыға бере Көлбай қондық,

«Көлбай үйде жоқ» десе де болмай қондық.

Қатып қалғыр келіншек қатты ет асып,

Тастақ жерде жайылған қойдай болдық,

деп бір шумақ өлең шығарып кеткен екен.

Қазақ әйелі болмысындағы рухани құндылықтар иман құндылықтары аясында дамыды. Осы Сырдың бойында өткен Бегім ана туралы аңызға, Домалақ ана, Қыз әулие, Гауһар ана аңыздарына бойлап қарасақ, ең алдымен тазалықты, иман құндылықтарын пір тұтқан аналардың қадір-қасиетіне куә боламыз. Қазақ әйелінің қарапайым тұрмыстық ұстанымдарының өзі оның тереңде жатқан имани құндылықтарынан хабар береді.

Менің анам келін боп түскенде атасының дүниеден өткеніне алты жыл болған екен. Әжеміз төрдің алдына төсеген екі көрпешені «атаңның төсенген көрпешесі еді» деп үнемі айтып отырған көрінеді. Мен ес білгелі сол көрпешені анамыз төрден түсірген емес, бірақ «атамның көрпешесі ғой» деп ешқашан үстіне де отырмайтын, аяғымен де баспайтын, жанына жақын отырса, «аяғым тиіп кетпесін» деп қайырып қойып отыратын. Қазір әжеміздің дүниеден өткеніне жиырма жылдың жүзі болды, анамыз жетпістен асып, қариялық жасқа жетті. Бірақ елу жыл бойғы әдетінен анамыз әлі жаңылған жоқ. Осыны көзбен көріп өскен бізге сол ғибраттың өзі жеткілікті болды. Біз атамыз түгіл, әкеміздің жабулы тұрған кереуетіне отырып көрмедік. Қасиетті бір нәрсені басып кететіндей жасқандық. Санадағы емес, сезімдегі бір тыйым жібермей тұратын. Құндылық атаулы тек санаға ғана емес, сезімге әсер ететіндігімен құнды екенін мен осыдан ұғындым. Жақында нағашы жұртыма барғанда нағашы жеңгем: «Апамның көрпесі еді, өзім жамылмай сақтап жүр едім» деп, жиырма бес жыл бұрын дүниеден өткен енесінің – нағашы әжеміздің көрпесін үстіме жапты...

Ал енді осыны атасына сәлем салған келінді «Аллаға серік қосты» деп айыптап жүрген салафиліктің ықпалына түскен қандастарымыз көрсе не дер еді?! Қазақтың келіндерін – өздерінің аналарын «кәпір» деп айыптап, «діннен шыққан» деп пәтуа беруден тайынбас еді. Өйткені олар – өз ұлтының рухани құндылықтарынан қол үзгендер. Құндылықтан қол үзген буын өз ұлтының ұрпағы болудан қалады. Ал қазақы құндылықтардың қадіріне жететіндер үшін атасының көрпешесін елу жыл төріне төсеп, бір баспаған, енесінің көрпесін жиырма бес жыл бойы көзінің қарашығындай сақтаған, сол арқылы құндылықтарды қорғаған қазақтың келіндеріне ескерткіш қойса да артықтық етпес еді.

Сөзімнің соңында келеңсіз де болса, көз көрген бір оқиғаны назарға сала кеткім келеді.

Жақында рухани себептермен Астана қаласындағы жетім балалар үйін ұйымдастырған бір қайырымдылық қорына бардым. Ондай мекемеге барғанда көңіл-күйдің қандай болатыны бесенеден белгілі, бірақ менің жаныма бәрінен қаттырақ батқаны – жетім балалар үйінде 18-23 жас аралығындағы бойжеткен қыздардың да жүргені болды... Көзін ашқалы ананың алақанын сезінбей, жетім балалар үйінде өскен қыздар кәмелетке толған соң да барар жер, басар тауы болмаған соң, балалар үйінен алыстап кете алмайды екен... Бұл – «Жесір ерден кетсе де, елден кетпейді», «Жетім көрсең, жебей жүр» деп мақалдап, жетім-жесірін қаңғытпаған, «Қыз ағасыз, тон жағасыз болмайды», «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деп, қыз баласын қорғансыз қалдырмаған, өз туысы түгілі, руы басқа кірме ағайынға да асар жасап, үстіне үй тігіп, жылу жинап, алдына мал салып беретін біздің қамкөңіл қазақтың бүгінгі рухани деңгейі... «Ұлт» деп, «рух» деп жанығумен өткен даңқты тарихымыздың қай тұсында біз жетім-жесірін қаңғыртып жіберетін абыройсыз әдетке ие болғанбыз?!

Іргеміздегі өркениетті елдерге көз салсақ, балаларымызды асырап алып, жастарымызды оқуға шақырып, қабілеттілерімізге қол ұшын беріп, өзіне тартып, өздерінің азғындаған ұрпағының ақыл-ойын біздің текті ұлттың есебінен толтыруға тырысуда. Рас, талантқа бай халықпыз, бірақ байлықтың мәні оңды-солды шаша беруде емес. Қазақ ешқашан адамды көпсінбеген. «Асқа зар етсең де, басқа зар етпе» деген тілекті айтқан да біздің қазақ.

Қазақ әйелі ұлттың рухани құндылықтарын қалай қорғаса, біз де оларды солай қорғауымыз керек. Бүгінгі қыз – ертеңгі ұлттың анасы, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін ана. «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі» дейді қазақ. Қыз бала да елі үшін туады, елі үшін өледі. Оған кешегі аналарымыз жайлы аңыздар да, бүгінгі қыздарымыздың таным-түсінігі де куә. Жақында ғана Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұстаздары қыздар арасында сауалнама жүргізді. «Ел басына күн туса, қолға қару алар ма едіңіз?» деген сауалнаманың соңғы сұрағына қыздардың 92,7 пайызы: «Иә, қолыма қару алып, майданға шығамын, өйткені елді қорғау менің де азаматтық борышым» деп жауап берген...



Қылдан таймай жүрген ешқайсысымыз жоқ. Бірақ құндылықтар өзгермесін. Қазақты қазақ еткен, бұдан кейін де қазақ ретінде сақтап қала алатын құндылықтар өзгермесін...




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет