«алпамыс батыр» жырын оқыту арқылы тәрбие жұмыстарының ҚҰзыреттілігін арттыру



Дата24.02.2016
өлшемі42.5 Kb.
#16729
ӘОЖ 373.371.83
«АЛПАМЫС БАТЫР» ЖЫРЫН ОҚЫТУ АРҚЫЛЫ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН АРТТЫРУ

З.Д. Көшімбетова

Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Тараз

институты, Тараз қ.

«Алпамыс батыр» жыры қазақ халқының ауыз әдебиетіне жатады және жырдың қазақша бірнеше нұсқалары бар. М. Ғабдулин «Алпамыс батыр» жырының жиналуы мен зерттелуі тураы былай деп жазады: «…«Алпамыс» қазақ еліне, әсіресе оңтүстік қазақтарына, ертеден таныс, көп заман бойына ауызша айту арқылы тараған көне жырдың бірі бола тұрса да, тек өткен ғасырдың аяқ кезінде ғана хатқа түсіп, баспа жүзіне шықты. Жырдың бір вариантын алғаш рет Жүсіпбек қожа Шейхұлы Исламов деген кісі 1899 - жылы Қазан қаласында бастырып шығарды. Содан кейін жырдың осы варианты өзгеріссіз 1901, 1905, 1907, 1910, 1912, 1914, 1916 жылдары қайта басылды. Жырдың бұл вариантында айтылатын негізгі әңгімелер Алпамыстың Гүлбаршынға үйленуі, Тайшық ханға аттануы. Ұлтанды жеңуі жайында болатын…» (М.Ғабдуллин,«Қазақ халқының ауыз әдебиеті», Алматы, «Мектеп» баспасы, 1974- жыл, 169 -170 беттер).

Алпамыс батырдың қалмақтармен соғысқан сәті жырда былай суреттеледі:

… Астында Шұбар секірді,

Жазым болып кетер деп,

Үстінде бала бекінді,

Шынжыр арқан,темір тор,

Жүн- жүн болған секілді.

Тағы шұбар бұлқынды,

Үстінде бала жұлқынды,

Қамалап тұрған қалмаққа,

Жалғыз бала ұмтылды.

Енді қалмақ сасады,

Қақпаның аузын ашады.

Біріне бірі қарамай,

Қақпаға құлып сала алмай,

Бет бетімен қашады.

Алдыңғы жағын қалмақтың

Арт жағы келіп басады…

…Көк орданың басында,

Көк өзеннің қасында,

Тайшық хандай ханына

Алпамыс берен айқасты.

Қарсыласып қалысты,

Тайынбай найза салысты.

Біріне бірі ылағып,

Екі найза қағысты.

Осы менен екеуі

Біраз жерге барысты.

Найзаларын тастасып,

Қылышпенен салысты.

Ат үстінен жүгіртіп,

Бірін бірі шабысты… («Алпамыс батыр», «Қазақ әдебиеті» (хрестоматия), құрастырушылар: Т.Ақшолақов, Ә.Қанафин, М. Хасенов, Алматы, «Мектеп» баспасы, 2001 -жыл, 89 бет).

Жасөспірімдерді ерлікке, батырлыққа, Отанды сүюге тәрбиелеуде «Алпамыс батыр» жырының маңызы зор. Алпамыс туған елін шет ел басқыншыларынан қорғауда ерен ерлігімен халық сүйіспеншілігіне бөленген тұлға. Алпамыстың бауырларына деген ыстық ықыласы жырдың өн бойында өрбіп, өріліп отырады. Бауырларына деген махабаты да Отанын шексіз сүйетінін дәлелдеп тұр. Алпамыс батырдың бойындағы патриоттық сезім былай өріледі:

«Қарсы ұмтылды Алпамыс,

Ақ тұйғындай құнтиып.

Ауадан құйған тұйғындай,

Бір ұрып кетті сыпырып.

Ұшып кетіп кәлласы,

Денесі қалды отырып… («Алпамыс батыр», «Қазақ әдебиеті», (хрестоматия), құрастырушылар: Т. Ақшолақов, Ә.Қанафин, М. Хасенов, Алматы, «Мектеп» баспасы, 2001- жыл, 87 бет). Алпамыстың жауына деген ымырасыздығы қалмақтың Таймас деген батырын жекпе-жекте өлтіруінен анық байқалады. Таймастың жеңілуі : «Ұшып кетті кәлласы, денесі қалды отырып…» – деп суреттеледі.

М. Ғабдулин: «… Ә.Диваев «Алпамыстың бір вариантын Жиенмұрат Бекмұхамедовтан жазып алып, «Бұрынғы өткен заманда Жиделі-Байсын деген жерде өткен Алпамыс батырдың хикаясы деген атпен 1901-жылы бастырып шығарды. Жырдың бұл варианты (нұсқасы, 3. К) Алпамыстың Гүлбаршынға үйленуімен аяқталады…»-деп жазды ( М.Ғабдулин, « Қазақ халқының ауыз әдебиеті», Алматы, «Мектеп» баспасы, 1974-жыл, 170-бет).

Белгілі фольклоршы Әубәкір Диваевтың Жетісу жеріне келіп қазақ халқының ауыз әдебиетін жинағаны белгілі. Оның «Тарту» атты жинағы қазақ фольклорының біріне жатады.

Қазақтың белгілі жазушысы С. Мұханов та қазақ фольклорын жинап, кітап етіп бастыруда көп еңбектенді. Кеңес үкіметі құрылғаннан соң қазақ батырлар жырын жинақ етіп шығару қолға алынды. Бұл игі істе С. Мұханов аз еңбектенген жоқ Бұл жөнінде М. Ғабдуллин былай деп жазды: «… 1922-жылы Ә. Диваев «Алпамыс» жырын қайта бастырып шығарды. Ал 1939- жылы «Батырлар» атты жинақ шықты. Оның редакциясын басқарған, сөз басын жазған С. Мұханов еді. Ол «Алпмыс» жырын жаңа жинаққа енгізгенде, жырдың еларасында айтылып келген және бұрын баспа жүзінде шыққан нұсқаларын шебер біріктірді де, тұтас бір жырға айналдырды…» (М. Ғабдуллин, Қазақ халқының ауыз әдебиеті», Алматы, «Мектеп» баспасы, 1974-жыл, 169-170 беттер).

«Алпамыс батыр» жырында Алпамыс пен Тайшық ханның айнасы тебірене жырланады. Алпамыстың өн бойында жауына деген ыза-кек қайнайды. Жырды оқушы немесе тыңдаушы Алпамыс бойындағы патриотизмге қайран қалады:

… Олар майдан ішінде,

Түзетті бұлар ұысты.

Ойын екен бұрынғы,

Ірілетті жұмысты.

Ордан бала шыққалы,

Алған жоқ әлі тынысты.

Екеуі де болдырып,

Атының басын бұрысты…


Алпамыстың әруағы,

Тайшықтың үстін басады.

Мұны біліп Тайшық хан

Қалаға қарай қашады.

Қақпаның жетіп аузында,

Тайшық ханды шаншады… («Алпамыс батыр», «Қазақ әдебиеті», (хрестоматия), құрастырғандар: Т. Ақшолақов, Ә.Қанафин, М. Хасенов, Алматы, «Мектеп» баспасы, 2001- жыл, 89 - бет).

Қазақ халқының ауыз әдебиетінің «Алпамыс батыр» жыры жастардың рухани байлығын арттыруда үлкен рөл ойнайтыны белгілі. Алпамыс—батыр. Ол өз халқының жоғалып кеткен бір бөлігін іздеп тауып, өз еліне қосу үшін шыбын жанын шүберекке түйіп аттанады. Жырдың көтерген бір идеясы—елдік пен бірлік. Бұл жөнінде М. Ғабдулин былай деп жазады: «… Алпамыстың батырлық іске бел байлаған сапары Гүлбаршынды іздеп шығуынан басталады. Өзіне- жар- жолдас- қалыңдық іздеп шығу, бұл жолда әр түрлі ерлік істер жасап, батырлық сыннан өту- дүние жүзіндегі эпостық шығармалардың көбінде кездесетін жай. Ондағы батырлардың Алпамыстан үлкен бір айырмашылығы бар: Алпамыс батырдың іске тек Гүлбаршын үшін ғана аттанбайды. Ол бір кезде Байбөріге өкпелеп бөліне көшкен, қалмақ еліне кеткен қоңырат руының бір бөлігін іздеп те шығады. Өзіне туыс болған рудың бір бөлігі жат жұртқа көшіп кетуі, қалмақ ханына қоңсы болуы, оның зорлық- зомбылығын көруі, Алпамысқа қатты бататын сияқты…» ( М. Ғабдулин, «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», Алматы, «Мектеп» баспасы, 1974-жыл, 172-173-беттер).

Жырда Алпамыс өз халқының жанашыры, қамқтршысы. Ел бірлігін сақтаушы батыр. Оның ойы мен мақсаты бөлінген елді біріктіру. «Бөлінгенді бөрі жер» деген ұлағатты сөзден қорытынды шығару. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген аталы сөздің қадір – қасиетін ұғыну. Осы тұрғыдан қарағанда Алпамыс батыр ғана емес, ірі қайраткер, көсем. Сондықтан М. Ғабдулин: «…ол өкпелеп көшіп кеткен ел-жұртының бір бөлегін қайтару, оны қоңыраттарға қайта табыстыру, татуластыру мақсатын көздейді, ру бірлігін қарастырады. Жыр ру арасында бірлік болса, елдік бар екендігін аңғартады. Байсарының қалмақ ханына көшіп кетуін, ол жерде жат жұрттан қорлық көруін суреттеу арқылы жыр бірсыпыра жайды елестеткендей болады. Ру бірлігін бұзып бөліне көшкен адамдар осындай өкінішті күйге ұшырайды, сондықтан бірлік сақтау керек деген қорытынды жасайды. Осы ретте ру бірліген қорғаушы батыр болуы керек деп таниды. Батыр ру бірлігін қорғаушы ғана емес, ол сонымен қатар, батыры болмаған ру бытырап, тозып кетеді деп көрсетеді…--деп жазды. ( М. Ғабдулин, «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», Алматы, «Мектеп» баспасы, 1974-жыл 173 бет).



Ата – бабаларымыздың қанына сіңген дәстүр – жерді шет ел басқыншыларынан қорғау болса, сол жерді қорғаушы халықтың басын біріктіріп ұстау идеясын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Осы елді біріктіру идеясы «Алпамыс батыр» жырын биікке көтеріп тұр. Қазақ халқының ұлттық идеясы да осы елді біріктіру, қасиетті жерді қорғау. Ел қорғау дегеніміз- ұлт бірлігін сақтау.

«Алпамыс батыр» жыры елдігіміз бен ерлігімізді бүкіл әлемге білдіретін аса көрнекі, халқымыздың салт –дәстүрі сақтаған жыр. Жырды оқыту арқылы мектеп оқушыларын патриотизмге тәрбиелеу- қазіргі таңдағы кезек күттірмейтін мәселе.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет