Қазақ елінің 20 жылдық тәуелсіз тарихы қазақ үшін бабалар арманы болған қасиетті де қастерлі ұғым. Ұлтымыздың аңсарлы ұлы арманы азаттық таңы атқанда бөркін аспанға атып, қуанбаған қазақ жоқ. Атажұрт, атамекендегі қазақпен қатар төрткүл дүниенің түкпіріне тарыдай шашылған бар қазақтың жүрегі «ақ түйенің қарны жарылды» деп, алып ұшқаны анық. Осы шеттегі қазақ мәдениеті, әдебиеті, жалпы руханияты біртұтас қазақ елінің еншілес, бөлінбес бір бөлшегі. «Мәдениет сөз болған уақытта біз ешуақытта бүгінгі аумақтық, яғни, территориялық шеңберімізбен шектеліп қалмауымыз керек» депті кезінде Ақселеу Сейдімбек. Біз осы орайда біртұтас қазақ жұртының кешегісі мен бүгінгісі, ертеңгі еңселі елдің мақсат-мұраттары төңірегінде алаштанушы, ғалым Тұрсын Жұртбаймен сұқбаттасып қайтқан едік.
– Тұрсын аға, тамыры терең тарихымызды кейінгі кезде шолтитып, тым қысқа, тым беріден бастағымыз келетін пиғылдың бары сезіліп қалып жүр. Неліктен деп ойлайсыз?
– Отанның және мемлекеттің ең қасиетті ұлы белгісі, ол – шекара. Ақселеу «Қазақ деген халықты құрсағында тербеткен ұлы даланың аумағы қазіргі шекарадан әлдеқайда кең болатын. Біз отаршылдықтың қақпанына түскен кездегі жеріміздің үштен бір бөлігінен айырылып, тәуелсіздік алдық» деп дұрыс айтқан. Біз тек қана бодандықтың тұсында қазақ жерінің үштен бірінен емес, тең жартысынан айырылдық. Ал 1920 жылғы 24 тамыз күні Ленин қол қойып, Қазақ автономиясының бекітіп берген территориялық шекарасының жалпы көлемінің 25-30 пайызынан Кеңес Одағының және Тәуелсіздік тұсындағы шекараны анықтап, белгілеп бекіту тұсында айырылып қалдық. Соның ішінде аса қажетті Рухани тамырымыздың негізгі өскіні болып табылатын қасиетті жерлер де бар. Соның бірі исі түркінің бесігі қазақ халқының қасиетті төрі Алтай, Алтайдың күншығыс теріскейі, соның ішінде Мұзтау, Жазатыр, Қатынсу сияқты жерлер. Қазір Алтайдың ең шоқтықты биігі Мұзтаудың өз басы ғана Қазақстанға қарайды. Ал оған баратын жолдың барлығы Ресейдікі. Біз өзіміздің тікелей тағдырымызға қатысты стратегиялық жерімізден айырылып қалдық. Монғолия шекарасынан 40 шақырым өткеннен кейін тағы да Ресейдің шекарасы басталады. Екі ортада Қазақстан мен Ресей шекарасы бар. Біз соның нәтижесінде Баян-Өлгеймен тікелей қарым-қатынас жасайтын көш жолынан айырылып қалдық. Ал бұл деген біздің шет елге шығатын сан ғасырлық рухани тамырлы ұлы көш жолы еді. Сонымен қатар Бостандық, Астрахан өңірі, мына Ертістің арғы бетіндегі Құлынды даласы көзден бұлбұл ұшты. Әрине, бұл мәселеге енді қайырылып келудің тарихи мүмкіндігі болмайтын шығар. Алайда біз сол ежелгі қазақ иелігіндегі, мекеніндегі және сол жерде отырған қазақ халқының өкілдерін ешқашанда бөліп тастауымызға болмайды. Әз Тархандағы, Селебі-Орынбор бойындағы, Құлынды өлкесіндегі, Алтайдың желкесіндегі, Шығыс Түркістандағы, Қоқан-Бұқар аймағындағы қалың қоныстанған қарға тамырлы қазақтың тағдыры үшін біз жауаптымыз және оған кепілдік беруге міндеттіміз. Өйткені, қандай да бір мемлекеттік құрылымының өзгешелігіне қарамастан, ол жердегі қандастарымыз қазақ ұлтының тарихи ұйытқысы болып табылады. Тіпті, қазіргі Бұқар-Самарқан өңірін, Шыршық өңірін, Шығыс Түркістан, Алтайды біз өзіміздің аңсарлы Ата жұртымыз ретінде үнемі назарда ұстауға тиіспіз. Ұлы даладағы аңсарлы ақыл-ой әпсаналары мен аңыздары жетелеген Жиделі-Байсын, Тәңіртау, Қорқыттың қобыз сарыны ұялаған Сыр біздің бүгінгі ұлт болып ұюымыздың бесік әні болып табылады. Және қай империяның ығында болмайық осы өңірді мекендеген қазақ жұртының өкілдері ұлы Алаш қозғалысының басты қозғаушы күштері. Біз бүгінгі қазақ елінің ертеңгі кемел келешегін осылардың мүддесін араластыра отырып жүзеге асыруға міндеттіміз. Бұл біздің мемлекеттік парызымыз. Егер де сол тамыры қазақ, кіндігі қазақ деп ұйыған қауымнан айырылып қалатын болсақ, онда біз ұлт-мемлекет ретінде ертеңге етек-жеңі қиылған, шолақ тонды ғана ел болып шығамыз. Сондықтан да қандай да бір тарихи тебіреністер, толқулар болса да бұл саясат біздің өзегіміздегі үзілмейтін алтын арқау болуы керек. Қазақтың еншісі бөлінген жоқ. Бұл тек қана Қазақстандағы қазаққа ғана қатысты емес әлемдегі қазаққа қатысты ұғым. Абай айтқан «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» деген ұранды жадымызда ұстап, жанымыз араласа тіршілік кешуіміз керек.
– Қазақ халқын ұйытатын, біртұтас ұлт ретінде сақтап қалатын негізгі құрал – қазақ тілі. Ал, қазіргі қазақ тілі қазақтың «ақыл-ойы, жүрегі» бола алмай отыр. Қайткенде, біз, қазақ тілін Қазақстан халқының тіліне, ақыл-ойына айналдыра аламыз?
– Тіл ұлттың және тәуелсіздіктің басты бес кепілінің бірі. Сондықтан да бұл мәселе әр ұлттың мемлекеттігі жарияланған күннен бастап, ешқандай саудасыз, алаңсыз, қаперсіз, жалтақсыз жүзеге асуы тиіс. Қазіргідей екі ұдай тәжірибені тек Қазақстан ғана басынан кешіп отыр. Бізбен қатар азаттық алған бір де бір бұрынғы кеңестік республиканың алдында мұндай мәселе тұрған жоқ. Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстан бұл мәселені саяси ойынға айналдырған емес. Тіпті, Грузия, Армения, Молдавия, Украйна, бармақтай-бармақтай Балтық елдері де ол мәселені ұзақ уақытқа созылатын саяси ойынға айналдырған жоқ. Біз тілді саясатқа айналдырып алдық. Соның нәтижесінде жандүниеміз, рухани тарихымыз бостандық рухын, экономикалық, халықаралық байланыстарымызды қосалқы тілге қосақтап қойдық. Соның басты себебі, яғни, кінәсі мемлекеттік тілдің ұстаным ережесінің жоқтығы. Осындай саяси қырқылжыңның нәтижесінде біз өзіміздің ұлттық намысымызды саудаға салып, базарға шығардық. Ең өкініштісі тәуелсіздік тұсында «Мен қазақпын, тілім – қазақ, ділім – қазақ, намысым – қазақ» деген ұрпақтың 50-60 пайызынан айырылып қалдық. Ол ұрпақтар санасы шоқынуға ұшыраған кешегі кеңестік кезеңнің басыбайлы адамдары. Олар өздерінің балаларын ғана емес, немерелерін, сол немерелері арқылы бүгінгі-ертеңгі шөберелерін де тілдік тұрғыдан толықтай шоқындырып үлгерді. Қазіргі 1 жас пен 40 жастың арасындағы буынды және оның санасын қайтадан тәрбиелеп, жұлын-жүйкелерін рентген сәулесімен жуғандай жуып шығу керек. Ал бұл мүмкін емес. Мүмкін егер сол ұрпақтардың жаңағы шоқынған сана түйсіктері тітіркеніп, сескеніп, өз еркімен ұлттық тамырға қарай бейімделсе, бұл шошыну емес, Асан қайғылық емес, нағыз өмірдің ащы шындығы. Біз белгілі бір тыйым шекарасынан, яғни ақыл-ой тоқтамының ала жібінен аттап кеттік. Енді бұл шыңның басынан төмен қарай көшкен көшкінді қайтадан жоғары қарай орнына қоюмен тең. Оны ерітіп қана жаңа тоспамен қалпына келтіруге болады. Менің ойымша осы таяу уақыттарда ауысатын толқындар сондай ұлттық қозғалысты бастайды немесе бастауы тиіс. Тіл мәселесін кезінде Ататүрік өзі бас болып заң ретінде қойған. Бүкіл түркі жұрты араб тілінде сөйлеп, мемлекеттік іс қағаздарын араб тілінде жүргізіп, өздері араб мемлекетіне билік жүргізіп отырмын деп өз ділдерін арабтандырып алған. Бір кезде француздарға қарсы соғысып, француздарды жеңген орыс қоғамы сол өз жауының тілінде сөйлеген. Пушкин өз достарымен, қыз-келіншектермен француз тілінде сөйлесіп, хат жазысатын болған. Сондай заңдылықты біз де кешіп отырмыз. Сондықтан да қоғамда, ұлт ұйытқысында мәйектік өзгеріс болмай мынау лағып кетіп бара жатқан тіл шоқындылары орнына қайтып келеді деп ойламаймын. Егер дәл қазір пәрменді заң қолданып, оны француздардың ұлттық тілін қадірлегеніндей конституциялық деңгейге көтеріп, шара қолданғанда ғана осы лақпа шоқындылардың ағыны тоқтауы мүмкін. Ал сол тоқтаған толқынды, жаңағы тоспадағы қарды ерітіп, одан қайтадан тілдік өнім көру үшін тағы бір ұрпақтың алмасуына тура келеді. Менің болжамым өтірік болса екен деп тілеймін. Алайда біз қазақтың тілдік формасы мен нормасын ұлттық деңгейге көтеру барысындағы шараны ширек ғасырға кейінге ысырып алдық. Ол жарты ғасырға немесе мәңгілікке созылып кетпесе екен деп тілеймін. Өйткені бүгінгі Индияның тәжірибесі, Алжирдің тәжірибесі, Латын Америкасының тәжірибесі сондай бір жағымсыз құбылыстың пайда болуы туралы күдік ұялатады. Сондықтан да тіл мәселесін саясатқа айналдырмай нақты шешім қабылдау керек.
– Латын қарпіне көшу арқылы Қазақ тілінің проблемасын шешу мүмкін бе? Өз кезінде Ататүрік түрік тілін латын қарпі арқылы арашалап қалған екен.
– Тілді дамытудың немесе оған өзгеріс әкелудің немесе оны жаппай игерудің үлкен бір күрделі жолы әріп ауыстыру. Бұл белгілі бір дәрежеде бүкіл қоғамға, мемлекетке соның ішінде ұлтқа, қазақ еліне де үлкен алмағайып күй мен аласапыранды алып келеді. Бұл үшін ең басты мәселе ұлттық тәуекел керек. Егерде біздің ұлттық тәуелсіздігіміз латын әрпіне көшуге тікелей қатысты және сол арқылы барлық мүддеміз шешілетін болса, қиын да болса, бұл бағытта қадам жасауға тура келеді. Мүмкін 90 жылдары Өзбекстан, Түркіменстан сияқты тәуекелге барсақ, жалпы ұлт қостап кетер ме еді. Ал қазір біз қазақ әрпі түгіл қазақ тілінің өзін қаперге алмайтын болдық. Екінші бір мәселе, кейде осы сиырқұймышақтанып бара жатқан қазақ тілін бұдан ары қарай тулақтай қаға бермес үшін нар тәуекел деп латын әріпін қабылдаса деп ойлаймын. Мүмкін сонда қоғам өзінің есін жияр. Сол кезде қазіргі орыс тілділер мен қазақ тілділердің арасындағы үлкен жік ашылады. Түрлі қарсылықтар туады. Ал ол қарсылықтар қандай да бір бағыт алғанына қарамастан, Қазақстан тәуелсіздігінің тұтқасы ретінде қазақтілді қазақтардың жеңісіне алып келеді. Осындай аласапыран бізге керек пе, дайынбыз ба!?
Ал қазіргі қазақ қарпі біздің жаһандық байланысымызға интернет жүйесіне енуімізге және өзге түркі тілдерін оқуымызға көптеген кедергілер жасап отыр. Егер де дүниенің ағылшын тіліне бет алғаны рас болса, ғылым тек сол тілде дамуға бекінсе, онда латын әрпін қабылдау керек. Менің ойымша ширек ғасырдың мөлшерінде бұл мәселе сөзсіз жүзеге асады. Латынға қарсы халықтың күдігі ұлттық қауіпсіздікте емес, ол біздің санамызға ұялаған жаттанды біліми жолда. Біз сауатсыз қалмаймыз ба, жаңа әріпті игере аламыз ба, бұрынғы жазғандарды оқи алмай қалмаймыз ба деген сияқты мәселелер бар. Ол тұрады. Бірақ бұл мәселе бүгін де ертең де қайта айналып алдымыздан шыға береді, шыға береді. Ақыры үлкен айдынға шығу қажет екен. Ендеше, бел шешіп кірісуіміз керек. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қолдануға ширек ғасыр бойы жүрексініп отырғанымызды ескерсек, менің ойымша латын әрпіне көшудің малтасын бір ғасыр, жүз жыл еземіз.
– Қазір қоғамда бізді, яғни, қазақты біріктіретін идея, идеология жоқ деген пікір бар. Абайдан басталған Алаш идеясы бүгінгі қоғамның шамшырағы болуы тиіс емес пе?
– Алаш идеясы бір күнде, бір жылда, 1 ғасырда қалыптасқан идея емес. Ол идея Түркі жұрты жаралғаннан бері қойылып келе жатқан мәселе. Тек заманнан заман, ғасырдан ғасыр, мемлекеттен мемлекет ұлыстан ұлыс, ұрпақтан ұрпақ ауысқан сайын бір-біріне өтіп, ескірген ұғымдар жойылып, жаңа ұғыммен толығып, шорланып, ең соңында жадидтік бағыттың үлгісінде жаңаша деңгейге, жадидттік бағыт арқылы одан Абай, Абайдан Алаш қайраткерлері арқылы сомдалған ұғым. Содықтан да Алаш идеясы қазақтың әр қайсысының тамырын басқан, әр қайсысының қанына сіңген, әр қайсысының қан түйіршігіне енген мәңгілік идея. Ол идея – мәңгілік ел идеясы. Мен Қазақстанның тәуелсіздігін мәңгілік ел идеясының жүзеге асуына қаланған ең бірінші және ұлы алғы шарт деп бағалаймын. Ендігі міндет сол мәңгілік ел идеясын қамтитын экономикалық-саяси, ішкі-сыртқы және жан дүние-санадағы тәуелсіз атрибуттарды оятып қалпына келтіру, дамыту болып табылады. Біздің ата жазуымыздағы мәңгілік түркі ел деген сөз біздің ұлтымыздың алдында жылжыған сайын жылжи беретін ұлы бағдар.
– Абай «Құдайдың өзі де рас, сөзі де рас» деп қазақтың имани жолын да сілтеп, бағыттап кеткен жоқ па? Қазіргі діни ахуалды қалай бағалайсыз?
– Біз тәуелсіздік санамызды қалыптастыру барысында үлкен бір аңғалдық жіберіп алдық. Өзім де Қазақстанға мұсылман әлемінен ешбір қауіп төнбейді, 50 жылға дейін мұсылмандық идея біздің тәуелденіп кеткен санамызды оятудың қозғаушы күші болады деп ойлайтынмын. Егер де қазақ ұлтының табиғи қозғалысына, егер Қазақстан қоғамына сыртқы күш мақсатты түрде ықпал етпесе, өзіндік ұстаным иманға бет бұрса, мүминдік жол ұстанса, үлкен өркениеттік нәтиже беретін бағыт ислам. Ділімізге, дінімізге иман арқылы өзгеріс енгізетін едік. Ислам арқылы тіліміз байып, күл-қоқыстан тазарар едік. Өкініштісі, біз исламның ақиқат жолын емес, мұсылмандық желеуін ту етіп алдық. Тіпті, мешіттерде айтылатын уағыздар діни танымдық түсініктен гөрі, қадыми бағыттағы нақыли уағыздың шеңберінде қалып қойды. Әл-фараби, Рунити, Ғазали, Диуани, Ауғани, Маржани, Насри, Абай күрескен және ұрпақ тәрбиелеуде мақсат еткен мұраттар қазірде жат ағым сияқты қабылданады. Біз нақли уағыздың шырмауында жүрміз. Шариғат – бүкіл жаратылыстың заңдылығын анықтайтын ұғым. Оны біз адам арасындағы қарым-қатынасты реттейтін фих немесе заң, юстиция ұғымына түсіріп жібердік. Сондықтан да біздің қоғам бүгінгі алаң туғызып отырған діни көріністерге баға бере алмай отыр. Дін туралы қабылданған заңның тыйым салуға бағытталған баптарының тек ислам дінін ғана қамтуы соның бір айғағы. Менің ойымша, өзге діни ағымдардан ислам дінін бөліп алып, оған қарсы заң қолданатындай ұлттық қауіпсіздік мәселесіне қауіп төндіретіндей төтенше жағдай туа қойған жоқ. Егер де шығандап шыққан қимылдарға тыйым салғымыз келсе және мемлекеттік мекемелерде айтылып жүргендей бұл уахавизмнің құранит, салафиттердің әрекеті екені рас болса, онда бүкіл ислам құндылығына қол сұқпай-ақ аталған бағыт туралы Үкімет қаулысымен жарлық шығарса да жетіп жатыр еді. Алайда, мұндай нақтылық заң баптарынан байқалмайды. Тіпті, сот, прокурорлық мекеменің өзінде нақты заңдық ұстаным жоқ сияқты. Оған таяудағы Ясауи жолын ұстанған дін өкілдеріне берілген үкім анық дәлел. Сот үкімінде: уахавит, салафиттерге қарсы ашық пікір білдіріліп, діни араздықты қоздырды деген айып тағылған. Ал сол заң орындарының түсініктемесіне жүгінсек, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Балқаш, Тараздағы оқиғаларға уахавиттер мен салафиттердің қатысы бар екен. Егер солай болса, онда Ясауи тарихатын ұстанушылардың күресі дұрыс. Олар Қазақстан тәуелсіздігін қорғаған адамдар болып шығады ғой. Тағы бір түсініксіздігі Кеңес Одағы құдайсыздарының өзі тыйым салмаған Ясауи тарихатына, Ясауи ілімін идея етіп ұстанып отырған қазіргі қазақ қауымына сот үкімін шығарудың қандай қажеттілігі болды. Енді, біз, Ясауи мұрасын зерттесек, сотқа тартылады екенбіз. Сонда кеңес құдайсыздары тыйым салмаған Ясауиден иманды мемлекет атанған Қазақстан және Ясауидің өз Отаны одан бас тартуы керек пе!? Міне, біздің мемлекеттің құзырлы мекемелерінің түсінік беретін түйткілді тұсының бірі осы. Бұған діни басқарма тікелей белсене араласып, ғалымдар сараптап, бағасын беруі керек.
– Біз рухани мешеу қалдық деп жүрміз. Рухани тәуелсіздікке жетудің амалы қайсы?
– Рухани тәуелсіздіктің басты кепілі рухани иман. Біздің иманымыз тәуелсіз болуы керек. Қазіргідей діни, имани мәселенің өзі тәуелді болып тұрғанда, рухани тәуелсіздік мәселесін күн тәртібіне қоюдың өзі артық.
– Ашық әңгімеңізге рахмет!
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
// Ел, 15 желтоқсан, 2011 жыл, №50-51, 6 бет.
Достарыңызбен бөлісу: |