ТҮРКІ СӨЗІНІҢ ТАМЫРШЫСЫ
Байқап отырсақ, өткен ғасырда қазақ тіл білімінің үш түрлі ұрпағының өкілдері қызмет жасады. Бірінші ұрпақтың құрамына А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбанов бастаған қазақ тіл білімінің негізін салушы ғалымдар кіреді. Екінші ұрпақтың қатарында І.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев бастаған қазақтың академиялық тіл білімін қалыптастырушы ғалымдарды атауға болады. Академик Ә.Қайдар академиялық тіл білімін жаңа деңгейге көтеріп, дамытушы ғалымдар легін құрайтын үшінші ұрпаққа жатады деп ойлаймыз.
Әбдуәли Туғанбайұлы мектеп бітірісімен өз еркімен майданға аттанып, Ұлы Отан соғысына қатысқан, туған еліміздің азаттығы үшін қан төккен рухы таза, жігерлі, намысты азаматтардың бірі. “Даңқ” (1944), І дәрежелі және ІІ дәрежелі “Отан соғысы” (1944) ордендерімен, екі мәрте “Қызыл Жұлдыз” (1945) орденімен, “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін”, “Москваны қор-ғағаны үшін”, т.б. медальдармен марапатталған. Жауынгерлік парызын үлкен абыроймен атқарып келген соң Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, оны үздік тәмамдап шығады. 1951 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының аспирантурасына қабылданып, оны 1954 жылы “ұйғыр тілі” мамандығы бойынша бітіреді. Осының өзінен ғылым жолына аяқ басқан жас ғалымның тіл таңдаудағы өзгелерден ерекшелігін, қиындықтан тайсалмайтын батылдығын байқауға болады.
Сол 1954 жылдан бастап осы күнге дейін, жарты ғасырдан астам уақыт ғалым қазақ тіл білімінің қара шаңырағы саналатын ғылым ордасында – қазіргі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында еңбек етіп келеді. Аспирантураны бітіріп, арнаулы ғылыми даярлықпен келген жас маман өзінің еңбек жолын ұйғыр-дүнген мәдениеті секторының кіші ғылыми қызметкері ретінде бастап, институт директорына дейінгі жолды жүріп өтті. Осы қызметті 1995 жылға дейін үлкен абыроймен атқарды. Ғылым кандидаты, ғылым докторы, профессор, академик болды. Сөйтіп, ғылымның ауыр жолында оның барлық лауазым, атақ, дәреже баспалдақтарынан өтті. Белгілі бір мамандықтың барлық сатыларынан өткен адамның ғана өз саласының хас шеберіне айналатыны белгілі жайт. Академик Ә.Қайдардың ғылымдағы өмір жолы осының айқын дәлелі бола алады.
Академик Ә.Қайдар – ғұлама ғалым. Ол қазақ тіл білімінің, түркітану мен алтаистиканың алуан түрлі салалары бойынша әлемдік деңгейдегі құнды зерттеулер жазды. Түркі тілдеріндегі түбір теориясы, қазақ тілінің лексикасы мен лексикологиясы, лексикографиясы, қазақ тіліндегі еліктеуіштер табиғаты, қазақ қос сөздерінің семантикалық құрылымы, қазақ терминологиясының өзекті мәселелері, қазақ тілінің грамматикалық құрылымы мен лексика-фразеологиялық жүйесі, қазақ ономастикасының жай-күйі мен болашағы, этимологиялық зерттеулердің әдіс-тәсілдері мен басты ұстанымдары, қазақ этнолингвистикасының ғылыми-теориялық және танымдық негіздері ғалым еңбектерінде егжей-тегжейлі сөз болады.
Академик Ә.Қайдар “Түркі этимологиясы: өзекті мәселелер мен міндеттер” атты еңбегінде этимологиялық реконструкцияны зерттеудің барлық жағдайына арналған универсалды ғылыми-теориялық талдау әдістері мен критерийлердің болмайтындығын ескерте келіп, этимологияның фонетикалық, морфологиялық критерийлерімен қатар, семантикалық критерийлерді де белгілейді: 1) лексикалық бірліктің бастапқы және кейінгі мағыналарының қайсысының негізгі, түпкі мағына екенін тап басып тану; 2) сөз мағынасында жалпыдан жекеге, бүтіннен бөлшекке немесе керісінше дамуының болатынын ескеру; 3) сөз тұлғасының дыбыстық өзгеріске түсуі кезінде оның мағынасының өзгеретінін немесе сараланатынын естен шығармау; 4) гомогенді және гетерогенді омонимдерді шатастырмау; 5) сөз мағынасының өзгеруінде тілдік қана емес, бейтілдік факторлардың болатынын бағамдау; 6) кейбір сөздердің мағынасын салыстыруда олардың тарихи түбірлес екенін (сағақ, сақал, сағанақ, сағалдырық, саға, сағана, сағалау) ұмытпау қажеттігін айтады. Ә.Қайдар қазақ тіл біліміндегі этимологияға арналған еңбектерді көне сөздердің, топоним, этноним, диалектілік, басқа тілден енген лексикалардың, түбір, біріккен сөздердің, қос сөздердің этимологиясын зерттеуге арналған жұмыстар ретінде бағалайды. Бұл дегеніңіз, тілдік бірліктердің қазақ этимологиясында жеке-дара, дербес қарастырылып жатқанының көрінісі. Осы кемшілікті жою үшін ғалым төрт түрлі міндетті алға қояды: 1) қазақ тілі материалдары негізінде этимологиялық реконструкция жасаудың әдістемесі мен ұстанымдық мәселелерінің ғылыми-теориялық негіздемесін жасау; қазақ тіліндегі базалық лексиканың қыпшақтық немесе түркілік қалыпқа қатысын неғұрлым тереңірек талдау; 2) жалпы және жеке түркі тілдеріне тән түбірлер мен негіздерді айқындауға бағышталған салыстырмалы-тарихи зерттеулер жүргізу; 3) этимологиялық сөздіктерді құрастыруда “Қазақ тіліндегі этимологиялық зерттеулер тәжірибесі” тәрізді ғылыми негіздемелік еңбек жазу; 4) түркі тілдеріндегі этимологиясы айқындалған лексика мен грамматикалық формалардың толық тізбесін жасап, этимология мәселелеріне арналған еңбектердің толық библиографиясын құрастыру. Еңбекте сөз болған мәселелер, қойылған міндеттер күні бүгін де өз өзектілігін жойған жоқ. Әбекеңнің түркітануға қатысты қандай еңбегі болмасын, дәл осындай маңызды ой-тұжырымдардың молдығымен, болашаққа бағдарланған шешімдердің көп кездесуімен ерекшеленеді.
Ұйғыр тіл білімінің мәселелеріне арналған алғашқы еңбектерінің бірінде қос сөздердің табиғаты зерделенсе, кейінгі еңбектерінде ұйғыр тілінің грамматикасы (синтаксис), лексикасы, қазіргі ұйғыр әдеби тілінің мәселелері сөз болды. Ғалым 1962 жылы жарыққа шыққан “Қазіргі қазақ тілі” оқулығы авторларының бірі, 1966 жылы басылған “Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі” еңбегінің негізгі авторларының бірі болды. Бұлардан соң “Структура односложных корней и основ в казахском языке” (1986), “Сырға толы түр мен түс” (1986) еңбектері жарияланды. М.Оразовпен бірігіп “Түркітануға кіріспе” (1992) оқулығын жазды.
Қазақ тіл біліміндегі этимология, семасиология, ономасиология, диалектология, этнолингвистика салаларының деректерін, әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, этностың шығу тарихын, этнос тілінің пайда болу тарихын, тілдегі базалық лексика құрамы мен құрылымын, тіларалық байланыстар әсерін зерделейтін, тілдегі сөздердің тарихи қозғалысын, пайда болу жолдары мен даму заңдылықтарын зерттейтін тарихи лексикология саласының зерттеу нысандары мен басты міндеттерін алғаш рет анықтап берген ғалым – академик Ә.Қайдар.
Ғалымның 1986 жылы жарық көрген “Структура односложных корней и основ в казахском языке” атты монографиясы отандық және әлемдік тіл білімінде жоғары бағаланған аса құнды еңбек ретінде танылды. Әлемдік түркітанушылар арасында түбір мәселесімен айналысатын ең белгілі мамандардың бірі болып табылатын ғалымның бұл еңбегі оның ғылыми беделін бұрынғыдан да арттыра түсті. Монографияның бес тараудан тұратын ғылыми-теориялық зерттемелік бөлігінде түркі тілдеріндегі түбір мәселесі, түбірлер мен негіздердің құрылымы, этимологиялық реконструкция жасаудың әдіс-тәсілдері, қазақ тіліндегі бір буынды түбір-негіздердің лексика-грамматикалық және семантикалық түрлері жан-жақты жүргізілген тарихи-салыстырмалы, салғастырмалы зерттеу негізінде талданады. Екінші бөлікте бір буынды түбір-негіздердің сөздігі беріледі. Бұл еңбегінде ғалым бір буынды түбір-негіздердің жалпы түркі тілдерінің байырғы сөздік қорының өзегі екендігін жан-жақты дәлелдейді. Қазақ сөзінің құрылымы зерттеле бастағанына ғасырлар өтсе де оның шешімін таппаған мәселелері аз емес еді. Осы мәселені ғылыми-теориялық тұрғыдан кешенді түрде зерттеген де академик Ә.Қайдар болды. Ғалым бір буынды түбірлерді өзі ғана зерттеп қоймай, төңірегінде түбіртанушылардың отандық мектебін қалыптастыра білді.
Ғалымның қазақ тіл білімінің зерттемеген саласы кемде-кем. Ол этнолингвистика, тіл тарихы және диалектология, лексикология, лексикография, семасиология, терминология, грамматика салалары бойынша көптеген еңбектер жазды. Оның осы салалардың әрқайсысы бойынша жазған еңбектеріне жеке-жеке тоқталып, арнайы сөз еткен абзал. Алайда осы салалардың ішінде ғалымның қазақ этнолингвистикасы бойынша жүргізген зерттеулерінің бір төбе екендігін айтпасқа болмайды. Академик ғалым этнолингвистиканың қазақ тіл білімінде жеке ғылым саласы ретінде қалыптасуына, дамуына ерекше еңбек сіңірді. Ғалымның ғылыми жетекшілігімен бірнеше диссертациялар қорғалып, оның төңірегінде этнолингвистиканың қазақстандық мектебі қалыптасты. Оның жуырда жарық көрген “Қазақ қандай халық?” атты көлемді еңбегі жұртшылық назарын ерекше аударды. Отандық этнолингвистиканы өркендетуге баса назар аударып жүрген зерттеуші “Қазақтар: ана тілі әлемінде” атты қазақ тілінің үш томдық этнолингвистикалық сөздігін жасауға көп күш-жігерін жұмсады. Осы үш томдықтың негізгі жұмысы аяқталып, жақын арада ғана бірінші томы баспадан шықты.
Егемендік жылдары, терминология саласындағы басты ұстанымдарды қайта айқындаудың қажеттілігі туындаған кезде Ә.Қайдар “Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас” атты еңбек жазды. Терминжасам ісінде қазақ тілінің сөз байлығын сарқа пайдаланудың қажеттілігін дәлелдеді. Бұл қазақ тіліндегі терминжасам ұстанымдарын жүйелі түрде ашып көрсеткен, дер кезінде жазылған бағдарламалық мазмұнды еңбек болды.
Әбдуәли Қайдар қазақ ономастикасының жай-күйі мен даму бағыттарын айқындайтын, “Қазақ” этнонимінің лингвистикалық түсіндірмесін беретін, қазақ эпосындағы жер-су атаулары мен кісі аттарын түсіндіретін, қазақ ономастикасының этнолингвистикалық аспектілерін ашатын еңбектерді 1970 жылдардан бері жазып келеді. Ғалым еліміздің егемендік алғаннан кейінгі алғашқы жылдарында жер-су, елді мекен атауларына байланысты туындаған күрделі мәселелердің шешімін табуға да өз үлесін қосып, Т.Жанұзақпен бірлесе отырып “Атамекен атауларындағы ақтаңдақтар” атты мақала жазған болатын. Әбекеңнің ономастика саласы бойынша этнолингвистикалық мазмұнда жазылған еңбектерінің бірі “Қаңлы; тарихи шежіре” деп аталады. Зерттеуде ғалым қазақ халқының құрамындағы ең көне тайпалардың бірінің тарихи жолы, құрамы, атақты адамдары туралы сөз етеді.
Ә.Қайдар лексикографияның теориялық және тәжірибелік мәселелерімен 1960 жылдардан бері айналысып келеді. Бұған мысал ретінде “Ұйғырша-орысша сөздік” “Ұйғырша-орысша лингвистикалық сөздік” тәрізді екі тілді аударма сөздіктерді, “Тысяча метких и образных выражений: казахско-русский фразеологический словарь с этнолингвистическими пояснениями” (2003) атты екі тілді түсіндірмелі сөздікті, сондай-ақ, “Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі” (авт. бірі), “Халық даналығы” тәрізді бір тілді түсіндірме сөздіктерді келтіруге болады.
Ғалымдардың нақты ғылыми мәселелерге деген көзқарасындағы өзгерістерді, дамуды немесе қайшылықтарды көрсететін еңбектердің бір түрі – мақалалар жинағы. 1998 жылы Ә.Қайдардың тіл білімі мәселелері бойынша жазылған мақалаларының жинағы жарық көрді. Оған ғалымның өткен жылдарда жазылып, ғылыми зерттеу түрінде әртүрлі басылымдарда – оқулықтарда, ғылыми мақалалар жинақтарында, отандық және шетелдік ғылыми журналдарда жарияланған, сондай-ақ, тіл білімі мәселелеріне арналған конференциялар мен симпозиумдарда жасалған баяндама түріндегі еңбектері енген. Аталмыш ғылыми зерттеулердің кейбірі бұдан 30-40 жылдай бұрын жарияланса да, бүгінгі таңда өзінің ғылыми құндылығын, өзектілігін, қажеттілігін байқатып отыр. Олардың көпшілігі қазір библиографиялық тұрғыдан сирек ұшырасатын өте-мөте бағалы еңбектер санатында. Мұның басты сыры білімі мен білігі мол ғұлама ғалымның ғылыми көрегенділігінде деп білеміз.
Академик Ә.Қайдардың ғылыми ғұмыры туралы сөз ете отырып, ұстаздық ұлағаты жөнінде айтпай кетуге болмайды. “Ғалымды тақырып өсіреді” деген ойды көңілге түйген Әбекең өз шәкірттерінің қайсысына да даму болашағы жақсы салалардан, ғылыми маңызы жоғары тақырып беруге тырысатын. Кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғау кеңесінің басшысы ретінде Ә.Қайдар тек қана өз еліміздегі жас ғалымдардың ғылымдағы тағдырына қамқор болумен шектелмей, көршілес Ресейдегі, Қырғызстандағы, Өзбекстан мен Қарақалпақстандағы, Моңғолия мен Қытайдағы түркітанушы ғалымдардың ғылыми-зерттеу еңбектеріне жол ашып, бағыт-бағдар беріп отырды. Оларға қолдау білдіру арқылы түркітанушылар қатарының білікті мамандармен толығуына ықпал етті. Ғалым басқарған Тіл білімі институты ғылыми кадр даярлау жағынан одақтағы негізгі үш орталықтың бірі болып келді. Ғалымның өзі сексеннен астам ғылым докторлары мен кандидаттарының диссертациялық еңбек жазуына жетекшілік, кеңесшілік жасаған екен.
Ә.Қайдардың ғылыми-педагогтік қызметі, ғылымды дамытудағы, ғылым кадрларын даярлаудағы еңбектері үкімет тарапынан жоғары бағаланып, “Халық достығы” ордені, “Отан” ордені, “Құрмет нышаны” (Түркия ордені) “Ана тілінің айбары” алтын белгісімен және 12 медаль, көптеген құрмет грамоталарымен марапатталған.
Ғалымның ұйымдастырушылық қабілеті әсіресе, Тіл білімі институтын басқарған жылдары ерекше танылады. Осы бір ширек ғасырдай мерзім аралығында институт одақтағы ең беделді ұлттық ғылым ордасына айналады. Ол одақтық деңгейдегі жиындарда, симпозиумдар мен конференцияларда үнемі ұйымдастырушылар қатарында жүрді. Тіл білімі институтында өткен одақтық конференцияларды білгірлікпен басқарды. Ғалым, сондай-ақ, Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшесі ретінде ұзақ жылдар бойы Қазақстан ғылымының өркендеуі жолында аянбай қызмет етті. Ғылым академиясының “Хабарлары” атты ғылыми журналдың бас редакторы, Бүкілодақтың “Советская тюркология” журналының, республикалық “Білім және еңбек”, “Парасат” журналдарының редакция алқасының мүшесі болды. Мемлекеттік терминологиялық және ономастикалық комиссияларда төраға орынбасары ретінде жұмыс жасап, халқымыздың тағдыры үшін маңызды, игілікті істерді атқарды.
Ғалым әр жылдары КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы және Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттердің мүшесі, КСРО Жоғары Аттестация комиссиясының мүшесі, ҚР ЖАК-тың төралқа мүшесі болды.
Әбекеңнің түркітанушы ретіндегі халықаралық деңгейдегі беделінің жоғары екендігі туралы ғылыми жұртшылық жақсы хабардар. Ғалымның әлемдік түркітанушылар ортасындағы беделі де өте жоғары. Ә.Қайдар – Түркияның “Dіl Kurumu” лингвистикалық қоғамының құрметті (академик) мүшесі, Башқұртстан ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі.
Ғалымның ғылыми және ғылыми-ұйымдастырушылық, педагогикалық қызметтермен қатар алуан түрлі қоғамдық қызмет атқарғаны аян. Ә.Қайдар әр жылдары “Достық қоғамы” мен Халықтар Ассамблеясының мүшесі, ҚР “Тіл туралы” заңының жаңа жобасын жасаушы комиссияның мүшесі, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі болып қызмет жасап келеді.
Үстіміздегі жылы халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осы қоғамның құрылуы үшін аянбай күресе білген азамат ғалымның қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін иеленуі жолында еткен еңбегі барша зиялы қауымға мәлім. Ол басқарған жылдардың әсіресе алғашқы кезеңінде осы қоғам ел арасында ерекше беделге ие болып, жұртшылық тарапынан жаппай қолдау тапты. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жолындағы басталған істер ілгері басты. Ұлы Отан соғысында ел үшін от кешіп, қан төккен майдангердің халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының президенті ретінде еліміз бен тіліміздің егемендігі үшін жүргізген күресі әрқашанда үлкенге — ғибрат, кішіге өнеге болмақшы.
Соңғы жылдары жиі айтылып жүрген халық әнінің сөзінде үлкен өмір шындығы бар. Шынында да, “күнде көріп бауырында жүргеннен соң, таулардың биіктігі байқалмайды”. Әрине, таулардың да түр-түрі болады. Бір таулар етек-жеңін жиып алып, көкке шаншылып тұратын құзар шыңдардан ғана құралады. Олардың төскейінде өсімдік те өспейді, аң да жүрмейді. Жалғыздықтың тас бейнесіндей. Енді бір таулардың мол пішілген етек-жеңі жайылып жатады. Етегі мен төскейлері, қойнаулары алуан түрлі жан-жануарға, малға толы ен жайлау болады. Мұндай таулар өзінің көз ұшындағы заңғар биігіне, ақ қар, көк мұзға оранып жатқан төбесіне дейін бірте-бірте биіктейді. Биіктігі байқалмайтын таулар, міне, осындай болмақ. Бүгінгі күні сексен бестің сеңгіріне шығып отырған академик Әбдуәли Қайдардың тұлғасы осы тауларға меңзеп тұрады.
Авторы: Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Білім және ғылым министрі.
Достарыңызбен бөлісу: |