Көмірсулар көбіне өсімдіктекті тағамдардың құрамында мол болады. Адам күнделікті пайдаланатын көмірсулар негізінен крахмал және қант. Крахмал түрлі жармалардың, ұнның, картоптың құрамында көбірек кездеседі. Қант көбіне қант қызылшасында, сәбізде мол болады. Ағза үшін, негізінен, жемістердің құрамындағы қант өте пайдалы, өйткені ол тез сіңеді. Мұндай қант балдың, жеміс-жидектердің құрамында көп кездеседі. Адам денесіне жиналған артық көмірсулар бауырда, бұлшықеттерде қор ретінде жиналады.
Витаминдер
Витаминдер (лат. «vіtа» - тіршілік, «аmin» - химиялық заттар) - тағамның құрамында болатын ағза үшін кажетті зат. Ағзаның өсуі, дамуы, тіршілігі үшін витаминдер (дәрумендер) аз мөлшерде болса да өте қажет. Оларды адам тағамның құрамынан алады, яғни витаминдердің көпшілігі ағзада өздігінен түзілмейді. Адам ағзасындағы витаминдер тапшылығы сан алуан ауруларға шалдықтырады.
Минералды тұздарды адам ағзасы жеген тағам мен ішкен суы арқылы қабылдайды. Адам пайдаланатын барлық табиғи тағамдардың құрамында тұздар кездеседі. Күнделікті тұрмыста ас тұзын табиғи қалпында пайдаланады. «Тұз - астың иманы» деген сөзде терең мағына бар. Тұзсыз астың дөмі татымайды. Адам тәулігіне 5-6 грамдай ас тұзын пайдаланса, жеткілікті.
Су
Су адам ағзасы үшін өте қажет. Сусыз тіршілік ету мүмкін емес. Адам денесінде күрделі физиологиялық үдерістердің бәрі де судың катысуымен жүреді. Сонымен бірге суда көптеген минералдық тұздар ерітінді түрінде кездеседі. Адамның тіршілігі үшін тәулігіне 1,5-2,5 литр су қажет. Суды адам кейде сусын ретінде ішеді. Сонымен бірге күнделікті пайдаланған тағамның құрамында да болады. Судың аз-даған мөлшері ағзаның өзінде ағзалық заттардың ыдырауынан бөлінеді. Суды дұрыс пайдалана білу керек. Ағза үшін су тапшылығы да, суды артық пайдалану да зиян. Мысалы, суды шектен тыс көп пайдалану бүйрек қызметіне күш түсіріп, зиянды әсер етеді.
Тағамдық заттардың қызметі.
Адам ағзасында тағамдық заттар көптеген қызмет атқарады. Солардың ішінде екі түрлі кызметін ерекше атап өткен жөн. Біріншіден - тағамдық заттар адам ағзасындағы тіршілігін жойған жасуша құрылымдарының орнын басады. Оны тағамның құрылыстық қызметі дейді. Екіншіден - тағамдық заттар ағзадағы химиялық энергияның бірден-бір көзі болып саналады. Тағам құрамындағы күрделі ағзалық заттар ыдырағанда энергия бөлінеді де, энергияның басқа түріне (жылу, механикалық және т.б.) айналады. Мұны тағамдық заттардың энергетикалық қызметі дейді.
Қорыта айтқанда, тағамдық заттар ағзаны үнемі құрылыс материалдарымен және энергиямен қамтамасыз етіп отырады. Әрбір халықтың ертеден пайдаланып келе жатқан ұлттық тағамдары бар. Сондықтан да «ұлттық тағам - ұлы байлық» деп бекер ай-тылмаған. Қазақстандық көрнекті ғалым, академик Төрегелді Шарманов көп жылдар бойы ұлттық тағамдардың адам ағзасына әсерін зерттеп келеді. Ғалымның зерттеуі бойынша ұлттық тағамдар - айран, қатық, құрт, ірімшік, ет, қымыз, шұбат, жент және т.б. қуаты мол әрі нәрлі. Елімізде ұлттық тағамдарды пайдалана отырып балаларға «Балдырған», «Балбөбек», «Тұлпар», үлкендерге арналған «Шафе» тағамдары шығарылуда. Тағам құрамындағы күрделі ағзалық қосылыстардың ыдырап, қан мен лимфаға өтуі асқорыту деп аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |