Сабақтың тақырыбы: «Аналар – асыл жандар»
Сабақтың мақсаты:
-
Оқушыларға 8-наурыз мерекесі туралы түсінік беру және жанұядағы ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту. Анаға деген бала махаббатын ояту.
-
Балаларды анаға деген сүйіспеншілікке баулу, ана еңбегін ардақтап мейірімділікке, сый-құрметке, адамгершілікке тәрбиелеу.
-
Оқушыларға ұлтқа тән жақсы қасиеттерді білуге, үйренуге және олардың логикалық ой өрісін, тіл байлығын, сөздік қорын, ойлау қабілеттерін, бала бойындағы өнері мен дарындылығын дамыту.
Сабақтың көрнекілігі: Қабырға газеттері, «Ана есімін әрқашан – біздер биік ұстаймыз», «Анам үшін мақтанам», «Ана – өмір шуағы» нақыл сөздері, мерекелік рефереттар, буклеттер.
Сынып шарлармен, гүлдермен безендіріледі, үнтаспа пайдаланылады.
Сабақтың барысы.
Үнтаспада Ш. Қалдаяқовтың «ана туралы жыр» әні орындалып тұрады. Төрге мерекеге арнайы жиналған ата-аналар, ұстаздар, қонақтар жайғасады.
Жүргізуші: Адам бойындағы барлық жақсы қасиет күннің нұрынан, ананың сүтінен таралған. Сондықтан құрметті асыл аналар, қадірлі апайлар, қыздар бүгінгі көктемгі күндей жарқырап, гүлдей құлпырған гүл мерекелеріңіз, күн мерекелеріңіз құтты болсын! «Аналар – асыл жандар» атты тәрбие сағатымызды сіздердің құрметтеріңізге арнаймыз.
Той пердесін ашайық,
Тойға шашу шашайық.
Аналарды құрметтеп,
Ән маржанын шашайық.
Ән: «Қарағым-ай» Орындайтын: Әбілхан Тоқтар
Дәулеткелді Нұржан: Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейді жас сәби де жарқылдап.
Ана деген бәйтерегі өмірдің,
Ана деген алтын қазық, алтын бақ.
Әскербек Дәулетхан: Ана деген – асыл жандар болаттай,
Ана деген – мөлдір жандар бұлақтай.
О, адамдар қадірлей біл ананы,
Жат қылыққа ақыл-ойды тонатпай.
Төлен Ырысты: Сыйлаған маған өмірді,
Анашым менің аяулы.
Жүрегі жұмсақ көңілі,
Күн шуақты саялы.
Мейірі анам күн нұры,
Шапағы мол шашылған.
Сен өмірдің бұлбұлы,
Гүлің менмін ашылған.
Сенен өскен балалар,
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мейраммен
Құрметті біздің аналар.
Сатыбалды Арай: Ана десем сезім билер тым ыстық,
Жарасымды адамдарға туыстық.
Бар адамға берсе ананың мейірін,
Орнар еді бұл әлемде тыныштық.
Ән: «Ана туралы ән» Орындайтын: Ескермес Нұртас
Сәли Құл-Мұхамед: Бүгін – наурыздың сегізі,
Сұлулықтың негізі.
Әдемі сөз – Адамның,
Анаға айтар лебізі.
Оңғарбай Ақерке: Баланың да тірегі,
Дананың да тірегі.
Шаншымасын ешқашан,
Аналардың жүрегі.
Аманбай Дәулет: Қуаныштың ағайын,
Қоңырауын қағайын.
Ағартпасын тентектер,
Бір ананың самайын.
Жүргізуші: Ана дегеніміз – әлемнің жан дүниесі. Ол тіршілік, үлкен тағдыр.
«Ана» сөзі бізді елең еткізбей, жылылық пен шуақты сездірмей қоймайды.
Көрініс: «Ананың балалары». Сынып оқушылары
Жүргізуші: Ана баласының ғана қамқоршысы емес, ол адамзат атаулының амандығын тілеп, сол үшін қажырлы күреске шығады. Сондықтан да дүниежүзінің ойшыл жандары 8-Наурызды халықаралық әйелдер күні етіп белгіледі. Ол күн жыл сайын үлкен мереке ретінде аталып өтіледі.
Барлық оқушылар залда отырған аналарына өздері даярлаған сыйлықтарын ұсынады.
Жүргізуші: Құрметті қонақтар, енді тәрбие сағатымыздың екінші бөліміне өтейік. Мұнда сыныбымыздың өнерлі қыздары өз өнерлерін ортаға салады.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң әрқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан –
дей отырып, өнерлі қыздарымызды ортаға шақырайық.
-
Асан Нұрсәуле
-
Оразбай Мереке
-
Құрбанқызы Перизат
-
Мейрам Майра
-
Төлегенова Мереке
Байқаудың шарттары:
-
Таныстыру ( әрқайсысы өздерін жеке таныстырады)
-
Ән (ана туралы)
-
Сұрақ – жауап (әділқазылардың алдынан сұрақ алып, жауап береді)
-
Өз өнерлерін көрсету (сахна үстінде қолөнер бұйымдары: кесте, ою, тоқыма т. б. жасап көрсетеді. 3-5 мин.)
-
Би (ұлттық)
-
Шаш үлгісін көрсету.
-
Салат жасау.
Жүргізуші: Енді, қыздарымыздың өнеріне әділ бағасын беретін әділқазы мүшелерімен таныстырып өтейік.
-
Мектебіміздің тәлімгері – Төлтаев Нұрлан ағай
-
Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – Изкенова Малика апай
-
Мектептегі «Өзін-өзі басқару» ұйымының төрайымы – Бекмағанбетова Айдана
1.Таныстыру. Әрқайсысы өздерін таныстырады.
Әділқазылар бағасы.
Жүргізуші: Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй...
Деп, Абай атамыз жырлағандай, кезекті ән жарысына береміз.
Әділқазылар бағасы.
Жүргізуші: Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз,
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас,
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқытса шығады...
дегендей, байқаудың бұл шарты бойынша сұрақтарға жауап береді.
Әділқазылар бағасы.
Жүргізуші: Сайыстың бұл шарты бойынша он саусағынан өнері тамған қыздарымыз қолөнер үлгілерін жасайды.
Жүргізуші: Қолөнер бұйымдарын жасап болғанша кезекті әнге береміз.
Орынбасар Аянның орындауында: «Қазақ қыздары» әні.
Әділқазылар бағасы.
Жүргізуші: Билесе біздің қыздар таң қаламыз,
Көре-көре бәріміз шаттанамыз.
Биші қыздарды өмірге әкелген, аналарға,
Мың алғысты біз бүгін айта аламыз...
дей отырып, кезекті би жарысына береміз.
Әділқазылар бағасы.
Жүргізуші: Байқаудың бұл кезеңінде қыздардың ұқыптылығы сыналады. Олар шаш үлгісін жасап көрсетеді.
Әділқазылар бағасы.
Жүргізуші: Байқауымыздың соңғы шарты- Салат жасау. Қыздар өздері дайындап әкелген заттарынан салат жасап көрсетеді.
Қыздар салаттарын жасап болғанша, кезекті әнге береміз.
Әбілхан Тоқтардың орындауында: «Анам, әкем» әні.
Жүргізуші: Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар демекші, байқаудың жеңімпазын анықтау үшін, сөз кезегін әділқазылар алқасына береміз.
Қорытынды: Осымен бүгінгі «Аналар – асыл жандар» атты тәрбие сағатымызды аяқтаймыз. Көріп, тамашалағандарыңызға рахмет!
Құттықтау сөз аналарға, ұстаздарға беріледі.
Сұрақтар:
-
Әйелдердің сәндік әшекейлі бұйымдарын ата.
-
Жұмбақтың шешуін тап.
Әшекейлі күбіні,
Үюлі тұрған шөмеле,
Кигіздім биік төбеге
-
Бастаңғы қай кезде жасалады?
-
Жұмбақтың шешуін тап.
Әжеме өң берген,
Жиегін көмкерген.
Етегі желкендей,
Киім еді ол нендей?
-
Қазақтың ұлттық мейрамдарын ата.
-
Жұмбақтың шешуін тап.
Тұтқасыз тобатай,
Ұнатар көп апай.
-
Қазақта дәндерден жасалатын тағамдарды ата.
-
Жұмбақтың шешуін тап.
Дөңгелек өзі, төртеу көзі.
Ұстайды мықтап, тұрғанды сырттап.
-
Сүттен жасалатын тағамдарды ата.
-
Жұмбақтың шешуін тап.
Қолы бар, саусағы жоқ.
Мойны бар, басы жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |