Сабақтың тақырыбы: Тірі ағзадағы заттар алмасуының жалпы заңдылықтары.
Барлық тірі ағзаға тəн белгі – зат алмасуы. Себебі заттар алмасуынсыз тіршіліктің болуы мүмкін емес. Сондықтан заттар алмасуы дегеніміз не екенін айтпай тұрып, тірі ағзаның тірі емес заттардан қандай айырмашылығы бар екендігіне тоқталуымыз керек. Ең негізгі бірінші айырмашылығы — тірі ағзаның сапалық, сандық құрамы мен құрылымының өте күрделі болуы. Мысалы, кез келген машинаны немесе жансыз затты жеке бөлшектерге даралауға болады, ал ең қарапайым тірі ағзаны жеке бөлшектерге бөлсе, ол тіршілік ету қасиетін жояды. Бір түрге жататын тірі ағзаның əрқайсысының сапалық құрамы (əсіресе, белоктар) əртүрлі болады жəне тірі ағзаның құрамындағы заттар өздігінен жаңарып отырады. Заттар алмасуы дегеніміз – айналадағы ортадан келетін немесе ағзаның өзіндегі органикалық жəне органикалық емес заттардың химиялық өзгерістерінің жиынтығы. Басқаша айтқанда, зат алмасуы — өздігінен жүретін жəне реттелетін процесс арқылы тірі ағзаның химиялық құрамының жаңалануы. Зат алмасуы тоқтаса, тіршілікте тоқтайды. Зат алмасуы — физиологиялық, физикалық жəне химиялық процестерден тұрады.
Физиологиялық процесс кезінде сыртқы ортадан тірі ағзаға оған қажетті қоректік заттар: белок, көмірсу, майлар, су мен минералды заттар жəне т.б. енеді, ал ағзаға қажетсіз қайта пайдалануғакелмейтін заттар — СО2 , Н2 О, NH3сыртқа шығарылады. Физикалық процесс кезінде қорытылған заттар механикалық тұрғыдан ұнтақталады, сорбция, диффузия т.б. процестері жүреді. Химиялық процесті жасушадан тыс сыртқы алмасу жəне аралық (жасуша ішіндегі) алмасу деп бөледі. Аралық алмасуды басқаша метаболизм деп атайды. Метаболизм процестерін динамикалық биохимия зерттейді. Метаболизм бір-біріне қарама-қарсы жəне өзара тығыз байланыстағы екі құбылыстан: анаболизм жəне катаболизмнен тұрады. Анаболизм (ассимиляция) дегеніміз — қарапайым заттардан сол ағзаға қажетті күрделі заттардың құрылуы немесе жаңа жасушалардың пайда болуы. Бұл құбылыста əрқашан қуат жұмсалады. Катаболизм (диссимиляция) – тірі ағзадағы күрделі заттардың ыдырауы. Мысалы, көмірсулардың ыдырауы арқылы зат алмасуының соңғы өнімдері: көмірқышқыл газы, су жəне қуат бөлінеді. Катаболизм құбылыстарының негізінде экзоэргиялық реакциялар жатады (бос энергияны кеміте отырып жүретін реакциялар). Алайда бұл екі құбылыс өте тығыз байланысты. Себебі анаболизм құбылысына қажет қуат катаболизм құбылысында бөлінсе, соңғы құбылыс үшін ыдырайтын күрделі заттар анаболизм кезінде түзіледі. Сондықтан бұл екі құбылыс тірі ағзада бірбірінсіз жеке жүре алмайды. Бұл екі құбылыстың арақатынасы ағзаның өмір сүру жолында өзгеріп отырады. Егер жас баланың ағзасында анаболизм құбылысы басым болып, қосылыстар, əсіресе, құрылыс белоктары, ферменттер пайда болса, қартайған шақта ол заттардың мөлшері азаяды. Қалыпты жағдайда ересек адамдардың ағзасында бұл екі құбылыс тепе-тең жағдайда болады. Алайда олардың арақатынасының өзгеруіне дене еңбегі, сыртқы ортаның температурасы, ағзаның хал-күйі, тамақтану ерекшеліктері т.б.
жағдайлар əсер етеді.
1. Пластикалық алмасу – ағзаға тəн күрделі заттардың (құрылыс заттары, ферменттер, гормондар) пайда болуын қамтамасыз ететін химиялық реакциялар жиынтығы.
2. Функционалды алмасу – тіршілікке қажетті мүшелердің қызметін қамтамасыз ететін реакциялардың жиынтығы. Мысалы, бұлшық еттің жиырылуын, жүректің, бауырдың, өкпенің, т.б. жұмысының қызметі.
3. Ағзадағы қуат алмасуы – көмірсулар, майлар жəне белоктар ыдыраған кезде бөлінген қуаттың макроэргті қосылысы АТФның қайта түзілуін қамтамасыз ететін реакциялар жиынтығы. Ал АТФ-ның ыдырауынан бөлінген қуат пластикалық жəне функционалды алмасуларды қамтамасыз етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |