УДК 7.031
Ж.Зейнолла1, Н.Шарыпқазы2, А.Нуржаева3
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің
1oқытушысы, 2oқытушысы, 3ассистенті
Алматы қ., Қазақстан,
e-mail: zhanna-228@mail.ru, nuriknaiman@mail.ru, a.n.6180083@list.ru
«САХАРА ЖІБЕК ЖОЛЫ»-НЫҢ ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ ДАМУЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕ ОРНЫ
Тарихта бастауын Қытайдан алып, Орталық Азия жерін көктей өтіп, Еуропа елдерімен халықаралық сауданың өрістеуіне өлшеусіз әсер еткен Ұлы Жібек жолының біздің қазақ жері мен мәдениетінің дамуында ерекше орны болды. Сондай-ақ, Орталық Азия халықтарын басқа өңірлермен байланыстыруда үлкен қызмет атқарып тұрды. Сахара Жібек жолы сілеміндегі мәдениеттер ерекше айқын орында көрініп ұлттық бояуын бұзбаған қазақ этнография мәдениеті тағыда бір рет әйгіленед. Әрқандай заттың дамуы түзу сызық бойынша ілгерілеп отырмайды. Сол сияқты «Жібек жолы» саудасы да бірде – өрлеп, бірде – баяулап, кейде тіпті үзіліп қалып отырған. Сол бір жаугершілік замандарда «Жібек жолы» бойында да талай-талай соғыс іздері қалған, кейін адамзат бұрынғы тіршілігін қайта қалпына келтіріп отырған. Дәл сол сияқты «Жібек жолы» саудасының екінші бір дәурендеген кезі – біздің заманымыздың VI-ХІІ ғасырлары, яғни еліміздің Таң дәуіріне тура келеді.
Қазақстан дербес мемлекет болып құрылған кезден басап Ұлы Жібек жолының үлкен іздеушісі болып отыр. Бүгінмен ертенді тоғыстырған Сахара Жібек жолы әлемдік өреге көтеріліп жаңаша көрініспен Қытай Қазақ мәдениетін әйгілейді.
Түйін сөздер: Сахара Жібек жолы, Қазақстан, Қытай, сауда, байланыстар, мәдениет, этнография .
Ж.Зейнолла, Н.Шарыпқазы, А.Нуржаева
ОСОБЕННОЕ МЕСТО «ШЕЛКОВОГО ПУТИ САХАРЫ» В РАЗВИТИИ КАЗАХСКОЙ КУЛЬТУРЫ
В истории Великий Шелковый путь, берущий свое начало из Китая, который также проходит через земли Центральной Азии, сыграл огромную роль в развитии международной торговли стран Европы и культуры казахов. А также, в развитие отношений народов Центральной Азии с другими регионами. Шелкового пути Сахары не нарушая культуру, четко демонстрируют этнографии казахского народа в национальных цветах. Ничто в своем развитии не движется по прямой линии. Так же, как и торговля «Шелкового Пути», то растет вверх, то замедляется, а иногда даже бывает так, что может просто напросто прерваться. В те времена ожесточенных воин на "Шелковом Пути" осталось немало следов этих войн, позже люди вновь восстанавливали былой порядок жизни. Таким образом, второй рассвет "Шелкового пути" произошел в VI-XII веках нашей эры, что приходится на эпоху династии Тан.
С тех пор Казахстан стал независимой страной и важным участником Великого Шелкового пути. Соединяя прошлое с настоящим Шелковый путь Сахары стал глобально значимым и в наше время, связав и продемонстрировав по новому китайскую и казахскую культуры.
Ключевые слова: Шелковый путь, Казахстан, Китай, торговля, отношения, культура, этнография .
Zh.Zeinolla, N.Sharypkazy, A.Nurzhyeva
«SAHARAH SILK WAY»’S PLACE IN THE DEVELOPMENT OF KAZAKH CULTURE
In history it took its beginning from China, passed through the Central Asia and which is influenced to the growth of international commerce with Europe countries Uly Zhibek Zholy took the especial place in Kazakh culture and in its territory. Its also took the central point in connecting Central Asia with other countries. Sahara Silk Road without breaking the culture, clearly demonstrates the ethnography of the Kazakh people in the national colors. Nothing while developing does not move in a straight line. As well as the trade "Silk Road" that grows up, then slows down and sometimes it happens that can quite simply be interrupted. In those days, the fierce warrior on the "Silk Road" left a lot of traces of these wars, and later people are once again restored the former order of life. Thus, the second dawn of "Silk Road" took place in the VI-XII centuries AD, which was during the Tang Dynasty.
Since Kazakhstan got its independence it is causing its share in developing of Zhibek Zholy. Connecting the past with the present Sahara Silk Road became globally significant in our time, linking and demonstrating on a new Chinese and Kazakh cultures.
Key words: Silk way, Kazakhstan, China, commerce, relationships, literature, ethnography.
Әлемге әйгілі «Жібек жолының» ең алғашқы сілемі – «Сахара жібек жолы» біздің жыл санауымызға дейінгі Х ғасырларда Хуаңхы дариясы мен Сырдарияның аралығындағы байтақ өңірге берік байланыс қалыптастырып» Тяньшанның солтүстігіндегі сахара жолы мен оңтүстігіндегі ойпат жолы арқылы Қытай мен Батыс аралығына ең алғашқы сауда жолын ашушы сахара халықтары – сақтар мен иүзілер екендігі тарихтан мәлім. Чұнчю-жанго дәуірінде (біздің заманымызға дейінгі 772-221ж) солтүстіктегі көшпенді ғұндар және басқа халықтар атты көлік ретінде пайдалануды, арбаға жегуді және мінуді білген. Олар өздерінің батысындағы иұзілер және сақтармен қою қатынас орнатқан. Орта Азия мен оңтүстік орыс сахарасын мекендеген осы сақтар өздерінің көшпенді тұрмысы арқылы ежелгі қытай мен сонау қиырдағы грек елі ортасында ең ежелгі «Жібек жолы» саудагерлерінің рөлін атқарған. Ең ежелгі «Жібек жолы», міне – осы. Ғалымдардың зерттеуінше, «Жібек жолы» тоғанақтары Шығыста қазіргі Ниңшяның солтүстік өңірінен, яғни байырғы Чаң-ан қаласынан аттанып Янхай, Баркөл, Жемсары арқылы Ілеге, одан Жетісу, Каспий өңірін басып, Еуропаға шеру тартып отырған. Қос Жин және Оңтүстік-солтүстік хандықтар дәуірінде (заманымыздың 256-581ж) «орта жазықтағы патшалар Орта Азияның қаңлы елі, Сут елі арқылы Персиямен қою сауда қатынасын жасап тұрған» Шиляң өңіріне (қазіргі Гансу) батыстың ірі сауда тоғанақтары үзбей келіп, бір жолы бір тоғанақтағы 240 саудагер, 600 қашыр, 10 мыңдаған жібек топ кездемелерге сауда жасаған.
Қытай деректерінде Хан дәуірінде (біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-І ғасырлар) Хан елі мен үйсіндер арасындағы достық және сауда қарым-қатынасының өте қою болғандығы, Хан елі өзінің ханшасын үйсінге ұзатқанда 1000 жылқы қалыңмал алып, жекжаттық қарым-қатынас орнатқандығы мұқым жұртқа мәлім. Демек, «Сахара жібек жолының» ең алғаш дүниеге келген кезі әрі ең алғаш дәурендеген кезі – біздің заманымызға дейінгі Х ғасыр мен І ғасырдың аралығындағы сақ-үйсін дәуірі. Алғашқы «Жібек жолына» негіз қалаушылар – Хуаңхы мен Сырдарияның, Қытай мен Грецияның аралығына ең алғаш саудагерлік рөл атқарғандар ғалым Чың Фууй айтқандай, біздің арғы ата-бабаларымыз сақтар мен иұзілер және үйсіндер мен қаңлылар. Мұның осылай екендігін біздің жыл санауымызға дейінгі 490-425 жылдары аралығында жасаған атақты грек жиһанкезі Геродот та өзінің «Тарих» деген еңбегіне түсіріп кеткен. Ол – парсы патшасы Кирдің сақтар мен массагеттерге қарсы жорығын баяндағанда «Сахара жібек жолы» деген сөзді алғаш рет ауызға алған адам [1,123].
Біздің заманымыздан бұрынғы ІІ ғасырдан заманымыздың V ғасырына дейін Іле аңғары мен қазіргі Шымкент, Ташкент аралығындағы байтақ жазираны мекендеген үйсіндер мен қаңлылардың байырғы жұртына жүргізілген зерттеулер, сондай-ақ қазындылардан шыққан дүниелерге қарап Қазақстан ғалымдары: «Қаңлылар барлық қажетті өнімдермен, шикізатпен және қолөнер бұйымдарымен өзін-өзі толық қамтамасыз еткен...» [2,286], – деп қорытынды шығарған. Қазіргі күнде олардың жұртынан салмағы әртүрлі болып келген 1300-ден астам мыс теңгелері табылған. Оның бетіне өз билеушілерінің суреті түсірілген. Сонымен бірге Отырар алқабынан ежелгі қытай жармақтары да табылған (біздің заманымыздан бұрынғы ІІ ғасырға тура келеді). Бұдан біз сол кездің өзінде-ақ бұл өңірде ақша айналымы жолға қойылғандығын аңғара аламыз. Кейінгі кезде бұл өңірден басқа елдердің күміс теңгелері мен мыс теңгелері де табылды. Сырдарияның және Талас пен Қаратаудан табылған ескерткіштерге қарап, олар біздің заманымыздан бұрынғы бірінші мыңжылдықтар аяғында мұндай шеттен келген заттардың көбейе түскенін айғақтайды. Мұны олар Еуропа мен Азияны тұтастырып жатқан ұлы «Жібек жолы» саудасымен байланыстырады. Қаңлы тұрғындарының халықаралық саудаға қосылғанын алыстағы қолөнер орталықтарында дайындалған заттардың табылғандығы растайды... Бұдан Қара теңіз қалалары мен Сирия шеберханаларынан шыққан түрлі-түсті керамикалар мен моншақтар көп табылған. Сондай-ақ, Үндістанның қызғылт маржандарынан тізілген моншақтар, піл тісі бұйымдары, ағаш түйреуіштер, сонымен бірге Мысырда, Иранда және Еуропа қалаларында жасалған әртүрлі тауар, Қытай да жасалған жібек бұйымдар, қытайдың қола айналары, т.б. көптеген елдерде жасалған заттардың Отырар, Жетіасар қазындыларынан табылуы сол кезде осы қалалардың «Жібек жолы» бойындағы ірі сауда орталығы болғандығын байқатады.
Әрине, әрқандай заттың дамуы түзу сызық бойынша ілгерілеп отырмайды. Сол сияқты «Жібек жолы» саудасы да бірде – өрлеп, бірде – баяулап, кейде тіпті үзіліп қалып отырған. Сол бір жаугершілік замандарда «Жібек жолы» бойында да талай-талай соғыс іздері қалған, кейін адамзат қайта есін жиып, бұрынғы тіршілігін қайта қалпына келтіріп отырған. Дәл сол сияқты «Жібек жолы» саудасының екінші бір дәурендеген кезі – біздің заманымыздың VI-ХІІ ғасырлары, яғни еліміздің Таң дәуіріне тура келеді.
VI-ХІІ ғасырлардағы «Жібек жолының» басты саудасы әлі де сол Хан-үйсін дәуіріндегі сияқты ат-жібек саудасы болған. «Тәңір тұлпары», «киелі сәйгүлік» атанған үйсін, қаңлы жылқылары мұқым Хан елін өзіне тәнті етіп, таңғалдырып, тамсандырып отырған. Осының нәтижесінде Хан елінде «атың болса, әлемге жетесің» деген аталы сөз дүниеге келген. Хан елінің қаламгерлері жылқыны жырға қосып, аттың әсем сипатын өз өлеңдеріне арқау еткен. Ақын пірі атанған Дуфу да хулардың атын қаламынан қағыс қалдырмаған:
Ферғана, худың аттары,
Сымбатына адам тойғандай.
Неткен әсем сүйегі,
Қылышпен қиып қойғандай.
Құлақтары біздиген,
Бейне қамыс кескендей.
Төрт тұяғы лыпылдап,
Самал жел боп ескендей,[3] – деп ол тебірене, тамсана жырлайды.
Ол кезде Таң елінің жазбаларына халқымыздың арғы ата-бабалары «хулар», «хұйхұйлар», «хұйгуләр» деп түскенімен Қытай тарихшысы Су Бихай айтқандай, Хан патшалығы дәуіріндегі үйсін-қаңлылардан тартып, заманымыздың VI-ХІІ ғасырларына дейінгі, тіпті таяу заманда Орта Азиядағы даңқы шыққан аттардың негізгі мекені – қазақ сахарасы болатын.
Ат саудасының алтын дәуірі атанған осы Таң дәуірінде жылына 10 мың атқа сауда жасалып, оған 40 мың топ торғын төленеді екен. Кейде тіпті бір аттың құны 50 топ торғынға көтерілген кезі болыпты. Біздің ата-бабаларымыз Таң патшалығының Астанасы Чаң-ан қаласында жібек саудасымен мыңдап жүреді екен. Сол кезде қазақ сахарасының кіндігіндегі Суяб шаһары Таң елінің тарихына да, араб елінің тарихына да ірі сауда орталығы ретінде жазба дерекке түскен. Таң елінің ақындары бұл қаланы бәсекемен жырға қосып мадақтаған. Бұл дәурендеушілік ХІІ ғасырдың соңына дейін созылған. «Сахара жібек жолының» бойында көптеген қала дүниеге келіп, Шығыс пен Батысты біріне-бірін жалғастырып, Батыс мәдениетін – Шығысқа, Шығыс мәдениетін Батысқа жеткізіп отырған. Міне, осылай болғандығы үшін тек Іле өзенінің бойында 56 қала-қалашық пайда болған (VI-ХІІ ғасыр аралығында).
1758 жылы Қабанбай баласы Едіге батырдың негіз салуымен жасалған «ат-жібек» саудасы бұрынғыдай емес, қазақ сахарасына жақындай түскен. Бұрын сонау Шаншиге, Гансуге барып сауда жасау жолы қысқарып, енді Үрімжіге, кейіндеп Құлжа мен Шәуешекке келіп сауда жасайтын болғандықтан қазақтың сауда тоғанақтары топ-тобымен келіп, жылқы ғана емес, сиыр, қой, ешкі түліктерін де өткізген. Бұдан Манчиң үкіметі де орасан зор пайда алған. 1769 жылы Шиниң ат фермасында небәрі 3700 ат болса, 1801 жылы 18 мыңға жеткен. 1768 жылы Баркөл ат фермасында 5280 ат болса, 1805 жылы 31 мың 359-ға жетіп, жайылым жетіспейтін жағдай қалыптасқан. 1811 жылдары Шонжы, Жемсары өңірлерінде жаңадан ат фермалары құрылып, онда 23 мың бас ат бағылған.[1,260]
«Жібек жолы» халқымыздың әлемді білуіне, дүниені тануына, әлемдік ғылым-техниканы қабылдап, өзінің туған мекенін гүлдендіруіне, ұрпаққа соның үлгі-өнегесін қалдыруына мүмкіндік берді. Халық жырларында:
Оң жақтан үнді, парсы, араб келген,
Сол жақтан шүршіт, моңғол, қалмақ келген.
Батыстан Балқан елі қатынасса,
Шығыстан қытай, қашқар шай әкелген.
Батыста Балқан деген жер бар екен,
Балқанда ёнан деген ел бар екен.
Енандар Келеске бір басып кіріп,
Қазақтар қайта қуып барған екен...[1,265] – деген өлеңдер бар. Мұнда қазақ елінің оң-солы, батыс-шығысы қай елмен шектесіп жатқандығы, Сол бір жорықтар заманында қазақтардың батыстағы Балқанға, грек елдеріне дейін барғандығы, шығыстағы Хан елінен, ұйғыр елінен бұл-шай келіп тұратындығы екі шумақ өлеңде лайықты орын тапқан. Тіпті «Барар жерің Балқан тау, ол да біздің көрген тау», «Орал таудың бұғысы орнына бармай тоқтамас», «Бұланнан биік аң жоқ, Бұланайдан биік тау жоқ», т.б. мақал-мәтелдердің қазақ мақал-мәтелдері арасынан орын алуы тегін емес. Бұланай тауының, яғни Гималайдың әлемдегі ең биік тау екендігі сол кездің өзінде біздің ата-бабаларымызға мәлім болған. Қазіргі Боғда бойында өткен Сақ ананың Хан елінің саяхатшысы Мотянзыны қабылдау жөніндегі рауаяттар және жырлар... Ертедегі сақ ғалымы Анақарыстың грек еліне барып, сонда оқып, атақты сегіз ғұламаның біріне айналуы, Сақ елінің ару қызы Заринаның қол бастап елін қорғауы, Ергенекті найманның Алтайдың Ергонокең тауында бөрімен табысып ұрпақты болуы жөніндегі әфсаналар, Ұлы қорғанды бір түнде пері соққандығы жөніндегі аңыздар... Бұларды жинап реттесек өз алдына бір-бір төбе секілденіп өзіңді тамаша қиял құшағына бөлейді.
«Жібек жолы» жырлары. Біздің қазақта «төрт қырық» деп аталған ұласпалы жырлар жинағы болған. Олар: «Қырымның қырық батыры», «Бақтиярдың қырық бұтағы», «Қырық уәзір», «Тотының қырық тарауы» деп аталады. Осылардың бір «қырығы», яғни «Бақтиярдың қырық бұтағы» деп аталған ұласпалы жырлар жинағы «Жібек жолы» жырларына жатады деп ойлаймын. Бұлай атауымызға мынадай негіздер бар:
1. Жырдағы негізгі кейіпкер болып есептелетін Бақтияр, Құдайдат деген кісілер қазақтың Ұлы жүзінен тараған дулат тайпасының тарихи шежіресінде кездеседі. Ол жай адам емес, дулат тайпасының ұраны есептеледі. Дулаттар VI ғасырдан XIV ғасырға дейінгі аралықта, яғни «Жібек жолы» мәдениетінің дәурендеген шағында Жетісу, Сыр бойына, тіпті Қашқария өңіріне дейін билік жүргізген. Орта Азияның «Жібек жолы» бойындағы гүлденген қалалары осылардың билігінде болған. Н.Мыңжан: «Құдайдат – XIV ғасырда дулат тайпасынан шыққан ұлыс бегі. Ол – өз кезінде алмалық тағына алты ханды өз қолымен отырғызған тарихи адам. Ал Құдайдаттың әкесі Дулати XIV ғасырдың орта шенінде Шағатай хандығынан моғұлстанды бөліп шығып, Тұғлық Темірді тұңғыш рет хан етіп таққа отырғызған атақты әмір болатшы. Бұлар әлемге әйгілі «Тарихи-и рашида» еңбегі мен «Жаһаннама» дастанын жазған М.Дулатидың аталары... «Бақтиярдың қырық бұтағы» қисасындағы көл-көсір керуен-кешулер мен гүлденген қала мәдениеті, адам аттары мен ру-тайпа аттарына қарап, «қиссаның желісі жоғарыдағы шежіремен қатысты болса керек» деген ой туады.
2.Жібекті қазақ халқы қадірлей білген. Сол сияқты жібек еліне де құрметпен қараған. «Қыз Жібек» дастанын білмейтін қазақ кемде-кем. Қазақтың алып батыры Қабанбайдың Қубас атын жұрт жібек арқан тағып үйреткен. Қазақтың Ақан сері, Әсет сияқты сері-салдары беліне жібектен белбеу буынған. Мінезді, биязы адамдарды «жібек мінез» деп атайды. «Жібек жолы» дәуірінде Орта Азияны араб елдері «Мауреннахр», «Тұран» деп атаса, парсылар «ғажам» деп атаған. Соны білген біздің ата-бабаларымыз бұрын «асың толсын қазанға, малың толсын ғажамға» деп бата береді екен. Әлемге әйгілі осы жібекті өндіріп, қазақ сахарасы арқылы батысқа жөнелтіп жатқан Хан елін халқымыз ежелден құрметтей білген. Тіпті ырымдап өз балаларына Қытай деп ат қойған. Қазақтың найман тайпасынан тарайтын Төлегетай деген адамның өмір сүрген уақыты шежіре бойынша қуғанда сол орта ғасыр дәуіріне тура келеді. Жас ортасына келгенше ұл сүйе алмаған бұл адам шар тартқан шағында бір ұлды болып, Ұлы жүз Аусар биді шақырып, ат қойғызады. Сонда Аусар би:
Айтады балым
Бір жақсылық барын...
Қояйын атын Қытай,
Қытайдай ұрықты қылсын құдай! – деп бата береді. [1,253]
Сол бала кейін Қытай би атанады. Одан дөртуыл, қаракерей, садыр, матай деген аумақты ел тарайды. Осылардың ішіндегі «қабырғалы қаракерей» атанған елдің өзі – 47 болыс ел, ал матайдан тараған қызай 17 болыс ел болған екен. Сол сияқты қыпшақтағы қытай қыпшақ, құланқытай аталарының есімі мен ергенекті уақтағы қытай атты рудың есімі де мұның дәлелі деп білеміз.
3.«Жібек жолының» белгілері біздің тұрмысымызға да сіңіп кеткен. Қазақ ою-өрнектеріндегі құс таңдай – шешендікті, құс мұрын – бақыттылықты, ит қүйрық – ауыл ара қатынасты, қошқар мүйіз – әл-ауқаттылықты, омыртқа – қайраттылық, ерлікті, қолтық ою – меймандостықты білдіреді екен. Ал осы сияқты текемет, сырмақ, тұскиіз, откиіздерге көп ойылатын байырғы оюлардың бірі – түйетабан. Ол алыс сапар белгісін білдіреді екен. Бұрынғы заманда түйенің шомына, «Жібек жолы» сауда заманында керуеншілердің шапанына осы түйетабан оюы салынған екен.
4.«Жібек жолы» бойындағы мүсіндер, балбалдар, тас кешендер, тастағы ою-өрнектер, жазу-сызулар өте көп кездеседі. Кейбір ғалымдар тас мүсіндер мен балбалдарды «Жібек жолына» қойылған белгілер деп болжайды. Ал тас кешендердің ішіндегі ең әйгілісі Тарбағатай тауының тұмсығындағы «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» кесенесі. Ә.Марғұлан мұны VII-VIII ғасырға жатқызған. 19 метр биіктіктегі бұл ғаламат тас күмбезді және оның айналасындағы негізгі кейіпкерлерге арналған тас мүсіндерді егжей-тегжейлі түсіндіре келіп, оны «қазақ сахарасының мақтанышы» деп атаған. Осындай тас кешендер мен тас мүсіндерді, жартас суреттері мен жазуларды Алтай өңірінен де көп кезіктіруге болады. Алтай өңірінде көп кездесетін бұғы-марал суретін Ертіс бойынан табылған сүйек тұмардағы «ақ марал» деген жазуға бірлестірсек, оны ежелгі ғұн, керей тайпаларының маралға табынғандығымен, керей Он ханның шешесінің асқан мергендігі, оны түнде маралдар қорғап жебеп жүретіндігі жөніндегі аңыздармен ұштастыра ой жүгіртсек, сол суреттер сұлбасынан ата-бабаларымыздың өнеріне көз жеткізген болар едік. Осындай керемет сахара туындыларын кезіндегі «Жібек жолы» мәдениетінің ықпалынан, «тастан сарай салғызған» елдердің өнер ауысуынан аулақтап қарауға болмас деп ойлаймыз.
Әдебиеттер
-
Қазақ этнографиясы 北京中央民族出版社 2013年6月 北京 , Зейнолла Сәнік, Зейнолла Жанат.
-
«Қазақстан тарихы» (1-2 томдары), Алматы: 1996.
-
Су Бихай «Қазақ мәдениетінің тарихы»
-
Н. Мыңжан «Қазақтың қысқаша тарихы», Үрімжі: 1986.
-
Жаңа Жібек жолы – Қазақстан қарыштауының кепілді шарты. // Егемен Қазақстан 12 қараша 2013, 8бет.
References
-
Qazaq etnographiyasy北京中央民族出版社 2013年6月 北京 , Zeinolla Sanik, Zeinolla Zhanat
-
“Qazaqstan tarihy” (1-2 tomdary), Almaty: 1996
-
Su Bihai “Qazaq madenietinin tarihy”
-
N.Mynzhan “Qazaq qysqaka tarihy”, Urimzhi: 1986
-
Zhana Zhibek Zholy – Qazaqstan qaryshtauynyn kepildi sharty.\\ Egemen Qazaqstan 12 qarasha 2013, 8 bet.
Достарыңызбен бөлісу: |