Салқынбаев М.
Арабтану және ирантану
кафедрасының доценті
Әбу Насыр әл-Фарабидің әдеби трактаттарының зерттелуі
Есімі дүние жүзіне мәлім, ғылыми мұралары ғасырлар бойы ардақталып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақ даласының асыл перзенттерінің ең жарық жұлдызы – Әл-Фараби. Х ғасырдан бастап қазіргі таңға дейінгі мың жылдан астам уақыттың ішінде ұлы бабамыздың трактаттары әлем ғалымдарының сусындар кәусәр бұлағына айналды. Ұлы ғұламадан қалған мирас ғылымның түрлі саласын қамтиды, әрі өте құндылығымен ерекшеленеді. Оның философия, социология, логика, эстетика, этика және басқа да жаратылыстану мен гуманитарлық ғылым салалары бойынша айтқан теориялық тұжырымдары Дүние жүзі халықтарының қоғамдық-философиялық ойларына ықпал етті деп айтуға болады.
Ұлы ғалымның даналық өсу жолына келер болсақ, Әбу Насырдың Отырарда туып өсіп, жігіт шағында араб еліне кеткені белгілі. Ол жайында өзбек ғалымы Хайруллаев: «Әл-Фараби алғаш білімін Отырар медреселерінің бірінде алған болуы керек. Өйткені көне дәуірден қалған бір деректерге қарағанда, Мәуреннаһрда балаларды түрлі қолөнер мен ғылымға үйрету, баулу, оқыту олардың бес жасар кезінен басталатын болған [2,155]»– десе, қазақ әл-Фараби зерттеушілерінің бірі М.Бурабаев: «Әл-Фараби 20 жасына дейін Отырарда оқып, тәрбиеленіп, кейін Самарқанд, Бұхара, Хиуа және Шығыстың көп жерлерін аралаған, ұзақ уақыт бойы араб халифатының саяси, мәдени орталығы Бағдатта тұрған деген деректі келтіреді» [3,68-69]. Ал, әл-Фараби төңірегіндегі дауға біржола нүкте қойған көрнекті ғалым А.Машанов «Әл-Фараби және Абай» атты еңбегінде ұлы ойшылдың Отырардан шыққанын былайша дәлелдейді: «... Фараб атты мекен бір ғана жер емес, бірнеше жерде бар. Соның бірі Амудария бойында, тәжік жерінде. Сол бойынша әл-Фараби ирандық нәсілден деген жалған пікір қалыптасқан. Оны қазір ешкім қолдамайды. Ал, әл-Фарабидің туған жері Сырдария бойындағы Фараб (Отырар) екенін дәлдеп жазып, картаға түсірген атақты ғалым-географ ибн Хаукал. Ол өзінің «Китабу Масалик уа мамалик» аталатын географиялық еңбегінде Түркістан аймағының сипатын берген, қалаларын картаға түсірген. Ол Отырарды жазғанда, картаға түсіргенде әдейі арнайы, тоқтап: «Бұл жер атақты ғұлама, асқан философ әл-Фарабидің туған жері», – деп жазған [4,51-52]. Міне осылайша қазақтың қара топырағында кіндік қаны тамып, содан нәр алған болашақ энциклопедист ғалым әлемнің барлық философтарын, ақындарын, жалпы ғылым адамдарын құшақ жая қарсы алып, олардың ғылыммен алаңсыз айналысуына жағдай жасаған араб халифатына жол тартады. Ол кезде Халифатта Ғаббастықтардың әулеті билік жүргізіп тұрған еді. Алғашқы фарабитанушы ғалым А.Машани Бағдат халифаларының сенімді серіктері көбінесе түркістандықтар болған деген пікірді келтіреді[4,53].
Қазақстанда әл-Фараби мұраларын зерттеп, саралау ХХ ғасырдың ІІ жартысынан бері қарай жолға қойылды деп шамалауға болады. Сөзіміз дәлелді болу үшін көрнекті ғалым, үлкен фарабитанушы-ғалым Ақжан Машановтың мынадай естелігін келтіруді жөн санадық: “...Батыс елдерінен соғыстан ығысып келген ғалымдар Алматыда о жылдары көп болатын. Әсіресе, олар КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық филиалы маңында шоғырланды. ... Чехославакиядан келген Э.Я.Кольман деген математика ғылымының тарихын жақсы білетін ірі ғалым, профессор филиалда біздерге баяндама жасады. Сол баяндама маған зор әсер етті. Ол 1943 жылдың басы болатын. Баяндаманың негізгі мазмұны Орта Азия мен Қазақстан ғалымдарының орта ғасырлардағы ғылымға қосқан үлесі туралы еді.
Ол кісі сонау алғашқы құрылған араб халифатынан бастады. «Мың бір түннің» атақты қаһарманы Арон Рашид, әл-Мумин кездерінен бастап, ғылымға қандай жақсы жағдай туғанына тоқталды, оның мыңдаған жыл бойы дүние жүзіне үлгі болғаны айтылды. Осы араб ғылымын жасауда Орта Азия мен Қазақстан жерінен шыққан ғалымдардың қосқан үлесін ол кісі барынша талдап көрсетті. Әл-Хорезми, әл-Фараби, әл-Жауһари, әл-Бируни, Ибн Сина, Абул-Вафи, әл-Ферғани, Омар Хайам, ат-Туси, Ұлықбек, әл-Хазин тағы бірсыпыра адамдарды атап өтті. Европа елдерінің орта ғасырдағы ғылыми өрлеуіне ерекше зор әсер еткен осы адамдар екені айтылды. Баяндамасының қорытындысында Кольман “Адам баласының ғылымға көзін ашқан осы сияқты шамшырақтарды неміс фашистері жоққа шығарғысы келеді. Олардың елін кембағыл ел деп қорлауда... Мұның өзі адам баласының саналы тарихына істеген хайуандық, қиянат”, – деп қатты тебіреніп барып, тамамдады...» [4,12]. Әрі қарай Ақжан Машанов осы аталған ғалымдардың ішінен әл-Фараби мирасын іздестіріп, Қазақстанда оның ешқандай еңбегінің жоқ екеніне көз жеткізеді. Кезінде әл-Фарабиді ұстаз тұтқан Әбу Али Ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни сияқты ғалымдардың мұрасы том-том болып шыққан, ал әл-Фарабидікі мүлде жоқ. Неге? Біз шынымен де кембағал болғанымыз ба? – деген сұрақ мазалаған ғалым, ұлы ойшылдың мұрасын іздеп тауып, зерттеуді өзінің ұлт алдындағы азаматтық парызы санайды. Сөйткен зерттеуші ғалым Ұлттық Академияны басқарып тұрған Қ.Сәтпаевқа академия тарапынан көмек керек деп өтініш жазып, қолдау табады. Іздену барысында шолақ белсенді коммунистерден, араб тілін білмеуден және т.б. секілді қиыншылықтаға кездескен Фараби мұрасын зерттеуші А.Машанов сол кездегі Алматыда имам қазы болып жұмыс істейтін, араб тілін жетік білетін, білгір, әрі ақын Садуақас Ғылманұлын кездестіріп әл-Фараби мұраларын аудару жайын келіседі. Мешіт жағалап, молдаларға барып жүр, ескішіл деп айыптаған қаншама «домалақ арыздарға» мойымаған ғалым, ізденуін тоқтатпайды. Сондай-ақ, әл-Фараби кім және кімдікі деген даулы мәселе туындаған кезде де табандылық танытып, ұлы ұстазды қазақтікі қылып шағарады. Зерттеу барысында әл-Фарабиге байланысты көптеген ғылыми еңбектері жарық көреді, әсіресе, оны Абаймен сабақтастықта қарастырған «Әл-Фараби және Абай» атты кітабының маңызы зор деп білеміз. Сонымен қатар, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз жайында араб, орыс, өзбек, түрік, татар, башқұрт және өзге де шетел ғалымдары ғылыми еңбектер жазады. Мәселен, Ибн Хаукал, Ибн Халликан, Ханна әл-Фахури сынды араб ғалымдарының әл-Фараби трактаттары хақында жазған еңбектерінің алар орны ерекше. Түрік ғалымы Ахмад Аташтың «Әл-Фараби еңбектерінің тізімі» (Стамбул, 1950 ж.) атты библиографиясында әл-Фарабидің 160 кітабы атап көрсетілген [4,22]. Бұл кітаптың маңыздылығы сол, онда әл-Фараби еңбектерінің қай елде, қай жерде, қандай түрде, қандай нөмірмен тіркелгені айтылады. Кеңестік дәуір ғалымдары: Е.Э.Бертельс араб әдебиеті тарихын сөз ете отырып, орта ғасырда өмір сүрген арабтың атақты ақындары мен тарихшыларының еңбектерінде әл-Фараби үлкен ақын болған және оның көп өлеңдері бар деген болжамдарын баяндайды [5,113]. С.Н.Григорян мен А.В.Сагадеев әл-Фараби философиясының тарихи қайнарын, оның философиясының маңызы мен мәнін, трактаттарының эстетикалық қырларын саралап, ғұламаның кейбір еңбектерін аударып, ғылыми жұртшылыққа таныстырады. М.Хайруллаевтің «Мировоззрение Фараби» атты монографиясы әл-Фараби философиясы турасында жазылған алғашқы ауқымды зерттеу еңбек деп атап көрсетіледі [6,14]. Қазақ ғалымдарының ішінде алғашқы қазақ фарабитанушысы А.Машановтан басқа әл-Фараби мұраларын жинауға ат салысқан, оның философиялық трактаттарының жауапты редакторы болған Ш.Е.Есенов, кезінде Қазақ КСР Ғылым академиясы жанынан Фарабитану тобын құру жайында бастама көтергендердің бірі Ә.Марғұлан, әл-Фарабидің математикалық, астрономиялық, педогогикалық мұраларын зерттеп, оқырман қауымға таныстыруда көп еңбек сіңірген ғалым А.Көбесов және ұлы ойшылдың мұраларын зерделеу барысында Фараби аттас басқа да ғалымдардың бар екенін және олардың еңбектерін саралай келе «Әл-Фараби эстетикасы» және «Қазақ даласының жұлдыздары» (І тарау) атты Әбу Насырға байланысты көлемді еңбек жазған белгілі арабтанушы-ғалым Ә.Б.Дербісәлі. Сондай-ақ. Ә.Әлімжанов, М.С.Бурабаев, А.Х.Қасымжанов, Н.Келімбетов, М.Мырзахметов және басқа да ғалымдар әл-Фараби мирастарын зерттеуді өз ғылыми жұмыстарына арқау етсе, Қ.Жарықбаев Әл-Фараби еңбектерінің библиографиясын жасады. Қазіргі таңда Фараби мұраларын араб тілінен орыс-қазақ тілдеріне аударуда арабтанушы ғалым К.Х.Тәжікова үлкен жұмыс атқаруда. Оның кейінгі аудармасы әл-Фарабидің филологиялық трактаты «Китаб-уль-Хуруф»(Таңбалар кітабы).
Әл-Фарабидің әдебиеттану саласына қатысты трактаттары жайлы ой өрбітер болсақ, фарабитанушы ғалымдардың зерттеулерін зерделей отырып, оның үлкен әдебиетші, ақын болғандығын бағамдаймыз. Үлкен әдебиетші ғалым Н.Келімбетовтің «Әбу Насыр әл-Фараби әдебиет теориясымен де жан-жақты шұғылданған ғалым. Әдебиет теориясы бойынша бірқатар келелі еңбектер жазғанын ғалым шығармаларының сақталып қалған тізімдерінен білеміз», – деген сөздері ойымызды нақтылай түсері хақ [7,117].
Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған ғалым өзінің негізгі эстетикалық-теориялық ой-пікірлерін: «Риторика», «Поэзия өнерінің каноны туралы трактат», «Поэзия өнері туралы», «Ғылымдарды классификациялау туралы трактат», «Өлең және ұйқас туралы сөз» және т.б. еңбектерінде саралайды. Оның осы айтылған еңбектеріндегі теориялық ойлары мен көркемдік-эстетикалық пікірлері әлі күнге мәні мен маңызын жойған жоқ. Ғылымның айтылған саласын зерттеу барысында өзінен бұрынғы ұлы философтардың сара жолымен жүріп, олардың дәстүрлерін бойына сіңіріп, дамытты. Әдебиетші ғалым Н.Келімбетов «Ежелгі дәуір әдебиеті» атты кітабында әл-Фарабидің «Өлең кітабы» трактатынан мынадай сөздерді келтіреді: «Біз поэзиясымен хабардар болған көптеген халықтарға қарағанда арабтар өз поэзиясында бәйіттің соңғы жағына көбірек мән береді.Сол үшін де араб бәйіттері белгілі бір өлшемдегі шектелген сөздермен толықтырылады, көркемделеді.. Мұндай жағдайда қолданылатын сөз тіркестері ырғақты, белгілі бір бөлшектерге жіктелген болуы керек, тіпті ондағы әрбір ритм, ырғақ, буын, бунақ саны да шектеліп тұруы шарт.
Бәйіттегі сөздерде әңгіме не туралы айтылып жатқан болса, соған ұқсас етіп, бейнелі түрде айтылуы тиіс. Сонымен бірге бәйіттердің бір-біріне үндес болуы да талап етіледі» [7,119]. Ұлы бабамыз бұл еңбегінде поэзия жанрының теориялық мәселелеріне жүйелі ойлар айтқан. Өлең құрылысы мен оның өлшемдері, ұйқас пен ырғақ мәселесі де назардан тыс қалмайды. Өлеңнің әрбір буыны мен бунағы ұйқасы мен өлшемі – бәрі бір-бірімен үйлесім тауып отыруы тиіс. Бұл жағынан келгенде, әл-Фараби бабамыздың поэзиядағы талаптары Абай атамыздың өлең сөзі туралы
Тілге жеңіл жүрекке жылы тиер,
Теп тегіс жұмыр келсін айналасы, –
деп өлең жазам деген ақындарға өлеңнің құрылысын, ұйқасын, өлшемін тыңдаушының жүрегіне жол табатындай етіп жазу керектігін айтқан ойларымен сабақтасып жатқандай.
Ұлы бабамыз «Поэзия өнерінің каноны туралы трактатын» жазу жайында былай дейді: «Осы зерттеу еңбегіміздегі біздің негізгі мақсатымыз хакім Аристотельдің ойларын еске түсіре отырып, оның талдауларын нақтылау болып табылады. Сонымен қатар, данышпанның сөзін түгел қайталамаймыз, әрі қарай оның аяқтай алмағанын аяқтап, жалғастырамыз. Себебі грек ғалымы өзіне дейін поэзия мен софистикаға қатысты ешқандай зерттеулерді кездестірмегенін айтады. Сол себепті де аяқтай алмағанын айтып кетеді» [8,343]. Аристотельдің «Поэтикасы» орта ғасырдағы әдебиет теориясы бойынша негізгі құралдың бірі болса керек. Әл-Фараби бұл тақырыпты әрі қарай жалғастыра отырып, ондағы жалған, мағынасыз сөз саптауларымен тыңдаушыны адасушылыққа душар ететін «софистика» мен оған қарама-қарсы «еліктеушіліктің» ара жігін ажыратады. Үлкен фарабитанушы ғалым А.Көбесов бұл турасында әл-Фарабидің сөзін былай жеткізеді: “Еліктеудің кейбірі жетілген, кейбірі түбегейлі жетілген. Екеуінің ара жігін ажыратып, зерттеу ақындар мен поэзия білімпаздарының міндеті, көптеген тіл мен диалектіде бұл хақында әр түрлі шығармалар жазылды
Бұдан әрі ешкім «софистика» мен «еліктеушілікті» төркіндес санамауы тиіс. Керісінше, олар өзара кейбір қатынаста ерекшеленеді. Ең алдымен олардың мүддесі әр түрлі: софист тыңдаушы санасында болмыстан тыс, оған қайшы келетін қайдағы бір елес туғызады, сондықтан ол бар нәрсе жоқ, жоқ нәрсе бар деп ойлайды. Ал оған қарама-қайшы келетін еліктіруші тыңдаушысына шарапатын тигізеді» [9,102-103].
Әл-Фараби де араб және парсы поэзиясын грек поэзиясынының қалпы бойынша жүйелей отырып, оның: сатиралық өлеңдер, поэтика, мүшайра (состязательные стихи, мұны Н.Келімбетов айтыс деп аударған), комедия, ғазал және т.б. болып бөлінетіндігін айтады. Бұдан әрі ғұлама грек поэзиясының ерекшеліктеріне, топтарына тоқталады. Олардың сипатын былай көрсетеді: трагедия, дифирамбы, комедия, ямб, драма, айнос, диаграмма, сатира, поэма, эпос, риторика, амфигенезис және акустика. Ұлы ойшылдың поэтикадағы жанрлар классификациясына түсінік берген Фараби еңбектерін зертеуші М.С:Бурабаев: «Аристотель «Поэтикасында» мұндай жіктеу кездеспейді. Әл-Фараби бізге дейін жетпеген басқа деректерге сүйенуі мүмкін», – деген жорамал жасайды [8,427].
Әл-Фараби «Поэзия өнерінің каноны туралы трактатында» поэзия жанры туралы өрбіте келіп, осы өнер саласында жүрген ақындар мен олардың дарындылықтарының ара жігін айырады. Яғни, шайырларды табиғи дарынына, арқалылығына, логикалық ойларына, ұйқас пен үйлесімді сақтауына қарап, үш топқа бөледі. «Біріншісі – өлең жазып, оны оқуға қабілетті, табиғи дарыны барлар. Бұлар поэзияның көптеген түрінде көркем бейнелілікке, тамаша ұйқастар мен теңеулер жасауға шебер. Сондай-ақ, олар өлең өнерінің сырымен, сын-сипатымен, теориясымен жақсы таныс болмаса да, алғырлығы мен асқан дарындылығының арқасында жырлары өткір, әрі тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді.
Екінші топтағы ақындар – өлең өнерінің қыр-сыры мен теориясын жетік меңгерген. Әдеби көркемдегіш құралдарды ұтымды қолдана алатындар.
Үшінші топқа алдыңғы екі топқа жататын ақындарға еліктеушілер кіреді. Бұлардың ақындық шеберліктері кемеліне келмегендігі мен өлеңнің қыр-сырын әлі толық меңгермегендігі айтылады».
Ұлы бабамыздың поэзия өнері жайында жазған теориялық ой-пікірлерін сол замандағы мықты ғалымдар жоғары бағалаған және “ақындар падишасы” деп ардақ тұтқан. Бұл турасында көрнекті ғалым А.Көбесов мынадай мәліметтерді келтіреді: «Сайф ад-Даула сарайында өмір сүрген арабтың сері, әрі жауынгер ақыны Әбу Фирас (932-968) Фарабиге мынадай баға береді: «Поэзия – дөңгеленген алтын түйе, оның басы – Әбу Насыр Мұхаммедке, өркеші – Әбу Нуасқа, иығы – Омар ибн Рабияға, кеудесі – Әбу Таммамға тиді, қалғаны – ішек-қарын – оны екеуміз (сарайдың жарамазаншы жыршысы екеуі) бөлісіп отырмыз». Осы келтірілген деректегі аты аталған адамдар өз замандастарынан озып туған, ақындық өнердің майталмандары саналатын араб халқының бірегей тұлғалары. Шығыстың аты шулы марғасақаларының басы болған кемеңгер бабамызды әлемде теңдесі жоқ ғұлама деп санау – аксиома.
Әл-Фараби өзінің трактаттарында әдебиет теориясына, оның ішінде поэтика, риторика мәселелеріне көп көңіл бөліп, оның мәнін, адам парасатын кемеледендіру, жан-жақты білімдарлыққа баулу жолындағы орнын түбегейлі талдап көрсетеді. Ғалым «Ғылымдардың шығуы» (арабшасы Ихсау-л-ғулум) атты трактатының тіл туралы ғылым тарауында да осы тақырыпқа кең тоқталады. Тіл білімі ғылымын саралай отырып, оны жеті бөлікке бөліп, жетінші бөлімін поэтикаға арнайды. Оның өзі іштей үш бөлікке бөлінеді: “біріншісі – өлең өлшемдерінің қолданылуын жай, күрделілігіне қарамастан тізіп шығу. Сондай-ақ, бұл бөлімде өлең шумақтарындағы сөздердің әріптерінің орналасу жүйесі және олардың әрқайсысының өлшемдерінің жасалуы зерделенеді. Бұл өлшемдер арабтарда сабаб және уатад, ал гректерде слог және стопа деген атпен белгілі”. Әрі қарай өлең шумақтары мен бәйттердің өлшемдері зерттеліп, әрбір шумақ қанша сөзден, әрбір сөз қанша буыннан тұратындығы, толық өлшем мен жартылай өлшемнің қайсысының құлаққа жағымды естілетіндігі баяндалады.
Екінші бөлім - әрбір өлшемдегі өлең жолдарының жалғау, жұрнақтарын сөз етеді. Олардың қайсысында бір ғана форма, қандайында бірнеше форма және өлеңнің қайсысы толық өлшемді, қайсысы шектен асқан толымды, қайсысының өлшемі толымсыз – солар егжей-тегжейлі сараланады...
Үшінші бөлімде қай сөзді поэзияда қолдануға болады, прозада пайдалануға болмайды, прозада қолданылатын сөздің поэзияға жарамайтындығы әңгіме арқауы болады» [9,116-117].
Әл-Фарабидің әдебиеттану ғылымын, оның ішінде әдебиет теориясына қатысты еңбектерін зерделей келе, ғұламаның өлеңдегі сөз аяғының бірдей немесе әр түрлі дыбыстарға бітетіндігін, яғни өлең ұйқасы мәселесін, өлең құрылысын кең көлемде зерттегенін пайымдаймыз. Оларды толымды, толымсыз деп бөлгенін, тіпті қай сөзді поэзияда, қай сөзді прозада қолдану керектігін де айтқан. Жалпы әдебиет теориясындағы дыбыс қайталаушылық: аллитерация мен ассонанс жайында толыққанды зерттеу жасағанын, олардың жасалу тәсілдеріне дейін ұлы ғұламаның назарынан тыс қалмағанын байқадық. Сондай-ақ, әл-Фараби шын ақын талантын еркін көсілтіп, құлашын кең сермеу үшін оған лайықты жағдай, ең бастысы еркіндік қажет деген тұжырым жасайды.
Фарабитанушы ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда Әбу Насыр үлкен ақын болған. Мәселен, үлкен әдебиетші-ғалым Н.Келімбетов ол жайында: «Әбу Насыр әл-Фараби – өз дәуірінің көрнекті ақындарының бірі дей отырып, Ибн Аби Усайба, Ибн Халликан секілді араб тарихшыларының жазып қалдырған мәліметтерін басшылыққа алады да солардың жазбаларынан әл-Фарабидің өлеңдерін жолма-жол аударып береді» [7,123]. Белгілі фарабитанушы А.Көбесов мынадай дәйекті келтіреді: “Совет ғалымы Е.Э.Бертельстің парсы-тәжік поэзиясы тарихына арналған еңбегінде, түрік зерттеушілері Ахмет Атеш, Хафиз Данышпан еңбектерінде Фарабидің шайырлығы, әдеби мұрасы туралы көп жаңалықтар келтіреді. Бұлар және басқа оқымыстылар Фарабидің араб, парсы, түрік т.б. тілдерде әр түрлі жанрда жыр жазғандығын растайды, үзінділер келтіреді» [9,106]. Бұл зерттеушілердің қай-қайсысы болсын, 1979 жылы қазақ тілінде тұңғыш рет Аян Нысаналиннің “Трактат және өлеңдер” атты аударма жинағынан әл-Фараби өлеңдерінің мәтінін алады. Олар ұлы ұстаздың өлеңдерін талдай отырып, Фараби өлеңдерінің негізгі тақырыбы – Жаратушы-біріншіден кешу тілей отырып, осынау өмірдің мәні мен мағынасын зерделеу, ғылымға ұмтылуды насихаттау, адамгершілікті уағыздау болды деген ой түйіндейді. Енді бір өлеңінде туған жерден жырақта жүрген бабамыз кіндік қаны тамған жерге деген сағынышын өлең өрнегіне арқау етеді. Оны Аян Нысаналин аударған мына өлең жолдарынан көруге болады:
Қашықтасың туған жер – қалың елім,
Не бір жүйрік болдырып жарау деген,
Шаршадым мен, қанатым талды менің,
Шаңыт жолға сарылып қарауменен.
Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,
Қасіреттің жасына көз жуанар.
О, жаратқан, көп неткен ақымағың,
Құм сықылды тез ысып, тез суынар.
Әл-Фараби поэзияны музыкадан бөлек қарастырмайды, қайта оларды бір-бірімен тығыз байланыста, өзара сабақтастықта болады деген пікір айтады. Музыка саласында әл-Фарабидің ең құнды еңбегі саналатыны «Музыканың үлкен кітабы» атты трактаты. Бұл кітап музыкалық дыбыстың сипаты мен құрылымын, оның поэзиямен байланысын, музыканың эстетикалық, теориялық мәселелеріне арналады. Фарабитанудың негізін қалаушы көрнекті ғалым А.Машанов бұл кітап сол замандағы Халеп қаласының әмірі Сайф ад-Дауланың тапсырмасы бойынша жазылғанын және музыка саласын толық қамтитын бұл еңбек он екі тараудан тұратынын айтады.
Елімізде әл-Фараби мен оның трактаттары жайында сан алуан ғылыми мақалалар, іргелі зерттеулер, монографиялар, көркем шығармалар жазылды. Қазіргі таңда араб тілін меңгерген ғалым ұлы бабамыздың еңбектерін аударып жатыр. Сөзімізді қорытындылай келе, Орта ғасырдағы бабаларымыздың ғылыми-мәдени мұраларын, олардың тарихын зерттеу, игеру ғылым жолындағы әрбір азаматтың борышы болуы тиіс. Сонда ғана қазақ халқының тарихын терең танып біле аламыз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ә.Дербісалиев. Қазақ даласының жұлдыздары, Алматы,
1995.
2. М.Хайруллаев. Эпоха и учение, Ташкент, 1975.
3 М.Бурабаев. Өшпес жұлдыздар. Ұлы ғалымдар өмірінен
(УІІІ-ХІУ ғғ), Алматы, 1989.
4. А.Машанов. Әл-Фараби және Абай, Алматы, 1994.
5. С.Э. Бертельс. Избранные труды, Москва, 1960.
6. Аль-Фараби. Философские трактаты, Алматы, 1972.
7. Н.Келімбетов. Ежелгі дәуір әдебиеті, Алматы 1991.
8. Аль-Фараби. Трактаты о музыке и поэзии, Алматы, 1993.
9. А.Көбесов. Әбу Насыр әл-Фараби, Алматы, 2004.
Достарыңызбен бөлісу: |