Самбо күресінің ережесі
Самбо күресінің әдіс - айласы жекпе - жекте қарапайым қозғалыстан (ол қозғалыс кеңістік және уақыт арқылы бірімен-бірі байланысты) тұратын тұтас әрекет болып табылады. Яғни әр бір әдіс қол, аяқ, дене арқылы жасалатын қарапайым қозғалыстан тұрады, ол қарапайым қозғалыс деп аталады. Күресте қозғалыстар шартты түрде былайша бөлінеді:
Қолдардың қозғалысы - ұстау, орап ұстау, қысу, итеру, жұлқу, тұю, тарту, тіреу, басу,т.б.
Аяқтардың қозғалысы- қою, аттау, кейін қою, аттап кету, бүгу, жазу, ілу, шалу, қағу, үстіне салу, итеру т.б
Дененің қозғалысы- еңкею, тік көтеру, иілу, бұрылу, қысу, итеру, құлату.т.б.
Палуанның қимылдарының біразы бір мезгілде, біразы бірінен соң бірі орындалады. Барлық әдістерді шартты түрде қарапайым қозғалыс және қозғалу фазасы деп бөлуге болады.
Палуанның негізгі жағдайы және қозғалыстары, олардың биомеханикалық талдауы (тіреу алаңы, жалпы ауырлық орталығы. Күрескен кезде палуандар көбінесе тіреу алаңын көзбен бақылайды.
Мұндай жағдайда тіреу алаңы екі табаны мен табандарының арасындағы кеңістік болып табылады. Жалпы ауырлық орталығына түсетін түзу сызық тіреу алаңының ішіне келсе не одан шығып кетсе тепе -теңдік бұзылады. Сондықтан палуан қимылдаған кезде ауырлық орталығының түзу сызығы алаңның ортасына жақын болуының маңызы зор. Тепе -теңдікті сақтау өнері мынаған саяды:
Тіреу алаңын тез өзгертіп, «қауіпты бағытта» орнықтылық бұрышын арттыратын қимылдар жасау; қарсылас жұмсаған күшін бейтараптау немесе кері серпу үшін тиісті бұлшық етерін қатайту немесе босату. Мұндай қимылдар жасау үшін ең қолайлы жағдайды күресте палуанның тұрысы деп атайды.
Бастапқы қалыпта күресу әдіс-айласы-тұрып күрескенде қолданылатын амалдар.
Ұстасу- қолмен орындалатын әрекет, палуан шабуылдау, қорғану немесе қарсы шабуылдау мақсатында қарсыласының киімінің бір жерінен ұстау.
Бір жақты ұстау- оң қолмен қарсыласының оң қолынан (сол қолмен сол қолынан ) ұстау.
Әр жақты ұстау - оң қолмен қарсыласының сол қолынан (сол қолымен оң қолынан) ұстау.
Шалу-аяқпен жасалатын қимыл, бұл кезде палуан балтырын, жіліншігін қарсыласының тізесінен төмен қойып, сырттан шалады.
Ілу-аяқпен жасалатын қимыл, бұл кезде палуан қарсыласының денесінің қандайда болмасын бір бөлігін ұстап, өзіне немесе бір жағына қарай тартады да, аяқтың басымен не өкшесімен қарсыласының өкшесінен іледі.
Орау- аяқпен жасалатын қимыл. Палуан қарсыласын қимылдатпай ұстап, оны өзіне немесе бір жанына тартып, онымен бір мезгілде жіліншігімен және аяғының басымен аяғынан орайды.
Қағу- аяқ қимылы. Палуан табан жағымен, табанның ішкі ,сыртқы қырларымен қарсыласын аяқтан қағады.
Төрт таған- екі қолмен және аяқпен кілемге (алақан, шынтақ және тіземен) бауырын көтеріп яғни ішін тигізбей тіреп тұру.
Жүде- кілемнің үстінде етбетімен яғни ішімен жатуы.
Соққы- қолмен және аяқпен жасалатын қимыл.
Төте соққы- қолмен тіке жасалатын соққы.
Қапталдан жасалатын соққы- қолмен құлаштап не аяқпен жаннан жасалатын соққы.
Арқаға ұстау- палуандың кілемнің үстінде арқасына (жауырынына) белгілі уақыт ұстау.
Буынын ауырту- қол және аяқтың белгілі бір буынын (иық, шынтақ, тізе, қылта, шат, бел және жуан сіңірді) бүгілуіне қарсы қайырып ауырту.
Қылқындыру – миға баратын қан тамырларының жолын бөгеу (қол сайысқа тән).
Тұншықтыру – тыныс алу жолын бөгеу (қол сайысқа тән).
Көтере итеру- аяқ қимылы. Палуан қарсыласын санымен немесе жіліншігімен өзінің алдынан жоғары көтере итереді.
Еңкею- денені тік тұрған күйінен горизанталь күйге қозғалту.
Тікею- денені горизанталь күйден тік күйге келтіріп қозғау.
Шалқаю- денені артқа қарай шалқайтып доғаша иілу.
Айналу- артқа қарай құлаған кездегі дененің қозғалысы: палуан шалқалап құлап бара жатқанда кеудесімен немесе төрт тағандап түсу үшін айналады.
Жұлқу- палуан қарсыласын қатты тартып қалады.
Итеру- палуан қарсыласын өзінен ары қарай немесе қапталға қарай қатты итереді.
Жығу- түрегеліп тұрған қарсыласты кілемнен көтеріп алмай-ақ кеудесімен немесе арқасы, қырынан түсіруге көмектесетін әдістер.
Әдіс- палуанның толық аяқталған әрекеті, қарсыласынан басым түсу немесе жығу амалы.
Қорғану- қарсыласының шабуылын тойтаруға мүмкіндік беретін әрекеттер.
Қарсы әдіс- қарсыласының әдісіне қарсы қолданылатын әдіс.
Лақтыру- қарсыласын кілемнен көтеріп алып жауырынымен немесе кеудесімен түсіруге көмектесетін әдістер.
Күрес әдіс - айласын анықтау үшін палуандардың барлық негізгі қимылдарын талдаудан өткізу қажет. Мұндай талдауды ең алдымен ол қимылдарды орындауға жұмсалатын механикалық күш тұрғысынан қарау керек. Ең қарапайым қимылды орындағанның өзінде де адам денесінің бір қатар ағзалары өзара қимылға келіп, оны орталық нерв жүйесі реттеп тұратындығы белгілі. Сондықтан күрес әдіс–айласын талдап анықтағанда жеке бұлшық ет қызметі қарастырылмайды. Күресте оның қысу немесе тарту күші, тарту ұзақтығы, шапшаңдығы пайдаланылады. Сонымен палуандар әсер етуші күш мыналар ескеріледі:
-салмақ күші;
-бұлшық еттің тарту күші;
-дененің инертті (қозғалыссыз тұрған кездегі) қарсылығы;
Осы күштер әсер еткенде палуан денесі әртүрлі жағдайға түседі, оның жеке бөліктерін рычаг ретінде қарастыру ынғайлы.
Самбо күресінің айла–тәсілі – дегеніміз жеңіске жетуге бағытталған белгілі бір әрекеттер жүйесі.
Тактикалық даярлық амалдар- палуанның шабуылдау немесе қарсы шабуылдау үшін қолайлы жағдай жасайтын әрекеттер.
Барлау- палуанның қарсыласы жөнінде мәліметтер алуына көмектесетін тактикалық әрекеттер.
Бүркемелеу - палуан қарсыласынан шын ойын жасыру үшін жасайтын тактикалық әрекет.
Қауып төндіру- палуанның қарсыласын қорғанысқа көшуге мәжбүр ететін тактикалық әрекет.
Жалған әрекеттер- арырына дейін жеткізілмеген және қарсыласты тиісті қорғанысқа көшуге мәжбүр ететін амалдар, қарсы амалдар. Ұстау. Жұлқу, итеру және басқа да әрекет.
Алдау - бұл да жалған әрекет.
Шақыру - палуанның қарсыласын белсенді қимылдар жасауға мәжбүр ететін тактикалық әрекет.
Тұқырту-палуан қарсыласын еркін қимылдауына мүмкіндік бермейтін тактикалық әрекет.
Тепе-теңдіктен шығару - палуанның өзінің шабуылға шығуына ыңғайлы, ал қарсыласы тепе -теңдігін сақтай алмай қолайсыз жағдайға түсуге мәжбүр ететін тактикалық әрекеттер.
Шабуыл-тактикалық әрекет оның мақсаты басым түсу немесе жеңіске жету.
Комбинация- белгілі нәтижеге жету үшін орындалатын әрекеттерді тактикалық жағынан ұштастыру немесе әдістерді бірінен соң бірін орындау.
Алдын алу- палуанның қарсыласының шабуылымен бір мезгілде жүргізілетін шабуылдау әрекеттері, барлық палуан қарсыласының алдын алу үшін оны шапшаң орындайды.
Күрес тактикасында аса тиімді әрекетер сараланып шықты. Оларды шабуылдау, қорғану, қарсы шабуылдау әрекеттері деп бөлуге болады. Осылардың ішінде палуанның әдіс-айлалық шеберлігін артыруға ең пайдалысы шабуылдау әрекеттері болып табылады.
Шабуыл тактикасы - күрес күшті қарқынмен басталып. Алдына бәсекелесін таза немесе ұпай санымен ұтуды мақсат етіп қояды. Тактиканың бұл түріне тән қасиеттер: кілемде еркін жүру, өзі жақсы білетін әдістерді бірінен соң бірін қолданып, түйдек–түйдек комбинациялар құру, қарсыласының шабуылына іле – шала қасы жауап әдіс жасау, шегінбеу, тайсақтамау тән. Шабуыл тактикасы палуанның жан – жақты және жақсы психологиялық дайындығын, әдіс - айланың техникалық жағынан шебер орындалуын талап етеді. Міне мұның өзі үдемелі және мезгілдік болып екіге бөлінеді.
Үдемелі шабуыл тактикасы - палуан бар мүмкіндікті өз қолына алып, өзіндік әдістерді қолдана отырып, қарсыласын таза немесе ұпай санымен ұту мақсатын көздейді. Үдемелі шабуыл тактикасын қолдану үшін палуан өте күшті. Шыдамды, айлакер болумен қатар жан – жақты дайындықтан өтуі тиіс. Осындай қасиеттері аз палуандар кейде өте үдемелі шабуыл тактикасының құрбаны болып кетуі де жиы кездеседі. Себебі олардың белдесуді жоғары қарқынды өткізуіне шыдамдылығы жетпейді де, соңында күші жетпей ұтылып қалып жатады. Бұл арада жаттықтырушыға үдемелі шабуыл тактикасының екі палуаннан да көп күш талап ететіндігін ескеру керек.
Мезгілдік шабуыл тактикасы- палуан тек өзіне ыңғайлы деп тапқан кезеңдерде шабуылға шығады. Шабуыл арасындағы әр қимыл арасындағы уақыттар да ол қарсыласының әр қимылын бағып, жалған қимылдар жасап шатастырады. Осылай өзіне қолайлы сәт тудырған кезде қапы қалмай күтпенген жерден үрдіс шабуылға шығады.
Қарсы шабуыл тактикасы- қарсыласының алға ұмтылуын бағып жүріп, өзіне қолайлы сәтте шабуылға шығады.
Қорғаныс тактикасы - көбінесе өзінен күші басым, тәжірибесі мол, дайындығы жақсы палуандармен кездесу кезінде қолданады. Сондықтан қорғанушы жағдайы шабуыл жасаушы палуанның қимылына тікелей байланысты. Қорғаныс тактикасы қарсы әдістерді шебер қолдана білеті палуандар үшін өте пайдалы.
Самбо күресінің тактикасы - деп белдесудің әр сәтіндегі жағдайды, қолданған айла - әдістерді дәл әрі дұрыс бағалап, палуанның жан - жақты дайындығы мен ерік күшін бір бағытқа, жеңіске жете беру үшін пайдалана білуді айтамыз.
Самбо күресінің әдістері
Сарбаз самбо күресінің шебері атануы үшін мінез - құлық, моралдық, жан -жақты дайындықтармен қатар оның әдіс-тәсілдерін жетік білу керек. Самбо күресінің єдістер сан алуан, сондықтан қай халықтың күрестері болса да тай-таласа алады. Қазір олимпиада бағдарламасына еңген күрес түрлері: грек-рим күресі (ертедегі греция мен римнен), еркін күрес (ағылшындардан), жу-до күресі (жапониядан) елдерінен бастау алатынын білеміз. Ал самбо күресінің негізін қалаушы мемлекет ретінде бұрынғы КСРО елін атауға болады.
Әдіс үш бөлімнен тұрады: әдістің негізі, анықтайтын бөлімі және бөлшектері.
Әдістің негізі деп – динамикалық, кинематикалық және ырғақты қозғалыстардың бір – бірінен сәйкес келіп қозғалыс міндеттерін іске асырудағы ерекшеліктерін айтамыз.
Ең алдымен әдістің негізін дұрыс игеріп, оның баршаға бірдей шарттарын бұлжытпай орындау керек. Жаттығуды жақсы игерген кезде жасөспірімнің жеке басының дене бітімінің ерекшелігіне байланысты әдіс негізін өзіне қолайлы өзгеріспен орындауы қателікке жатпайды.
Ал, әдістің іске асыратын негізгі қозғалыс бөлігін әдістің анықтаушы бөлігі дейміз. Әдістің бұл бөлігін орындаған аз уақыт ішінде орасан зор дене күші жұмсалады.
Әдістің бөлшектері дегеніміз – орындалған қозғалыстың екінші қатарлы маңызы бар, орындағанда әдістің негізгі сиқын бұзуға әсер етпейтін қозғалыстар жатады.
Әдісті меңгеру нәтижесінде қимыл ебдейлігі яғни қимыл іскерлігі пайда болады. Жаңадан үйренген әдістері алғашқы орындаудың өзі, орындалатын қозғалыс жөнінде орындаушының аз ғана мөлшерде болса да білімі, қозғалыс тәжірибесі мен жалпы дене дайындығының арқасында әдістің негізін саналы орындауға мүмкіндік туғызады. Әдісті шебер орындау мен саналы басқару арасында байланыс күшейе түседі. Алғашқы да берілген әдіс сананың бақылауы бойынша тұрақсыз тәсілдермен орындалып әдістің негізінен ауытқулар болуы заңды құбылыс. Ал , әдісті жүйелі түрде көптеп қайталай берсе оның құрамына кіретін қозғалыстар бірте– бірте үйреншікті қалыпқа келіп, дененің тепе – теңдік механизмінің қозғалысы біртіндеп автоматты түрге еніп қимыл іскерлігі дағдыға айналады.
Дағды дегеніміз - әдісті көптеп қайталаудың нәтижесінде сананың қатынасуынсыз автоматты түрде басқарылып, әдістің жоғары сапада орындалуы. Іскерліктің дағдылы қозғалысқа айналу кезі, сатылап өту процесін қалыптастыруда ашық көрінеді. Қозғалыс іскерлігі оқыту, үйрету, білім беріп түсіндірудегі бағасы өте зор. Осының арқасында шығармашылық ойлау әдістерді талдап, сұрыптауға мүмкіндік туады.
Дағдының мазмұнын анықтаушы белгілерін атап өтсек:
Әдісті автоматты түрде басқару қозғалыс дағдысын анықтайтын бағалы ерекшелігі. Қимыл іскерлігі автоматтандырылған қимыл – қозғалыс әрекеттерін жасауға көмектесе отырып, әдістің жоғары сапамен, терең ықыласпен орындауға мүмкіншілігін артырып, көптеп қайталау қозғалыс барысында сананың бақылауын керек етпейді. Бұл әдісті орындауда сананың бақылау жұмысы біржола іске аспай қалады деген емес.
Ол алғашқы істің басынан бастағанда жалпы бақылау мен реттеуші жұмыс атқарады. Көп жағдайда дағды іскерлікпен жұптасып қатар қолданылады.
Дағдылы қозғалыста, әдісті тұтас орындағанда оның жеңіл, анықтаушы бөлігі мен бөлшектерінің бір–бірімен тығыз байланыста болып тұрақтылығымен сипатталады.
Сенімділік әдіс–айланы жоғары қарқында орындағанда өзінің тиімділігін сақтайды. Орындау барысында пайда болатын психикалық (қорқу, қобалжу, дене қуатының төмендеуі салдарынан болған шаршау, бейжай болу) төтеп бере алатындай жағдай болады.
Жаттығу барысында дағдылы қозғалыстың бөліктерінің тасымалдануы үлкен орын алады. Әдістерді орындағанда бір қозғалыс дағды екінші бір ұқсас әдістере қолданылуы жиы қайталанады. Оның басты себебі оқыту, үйрету барысында негізгі мақсаттардың бір жасөспірімнің бойында қозғалыстың көптеген орындалу жүйесін қалыптастыру. Ал, үйрену кезінде дағдылы қозғалыстардың бір тобы екінші бір тобына белсенді түрде әсер етеді.
Дағдының осылай бірлесіп тиімді және тиімсіз әсер етуінің түрін қарастырар болсақ:
Әдістердің бөліктерінің дағдылы үйлесімді тасымалдау кезінде машықтанған қозғалыс дағдысы, кейінгі үйренетін дағдының тез қалыптасу процессін жеңілдетеді. Әрбір дағдылы қозғалыс әдістерінің дағдыларына алғашқы тіреу болып, үйренген әдіс тәжірибесін кеңінен қолдануға көмегін тигізеді. Бұл жағдайда бұрынғы қозғалыс дағдыларының құрылым бөліктері кейінгі үйрену дағдысын тез арада меңгеруге негіз болады.
Дағдыны үйлесімсіз тасымалдау дегеніміз – адамның дағдылы қимыл – қозғалысының жаңадан қалыптасатын қимылына сәйкес келмей кедергі келтіретін қозғалысын айтамыз.
Дағдыны үйлесімсіз тасымалдау көп жағдайда дұрыс орындауды талап
ететін, техникасы күрделі әдістерді жасау кезінде пайда болады. Сондықтан дағдылы қозғалыстарды үйретуде, әдістерді топтастырғанда, оқу үйрету процессі жұмысын жоспарлағанда тигізер әсерін алдын – ала еске алу қажет.
Әдістерді дәл кітаптағыдай етіп қолдан деп талап қоюға болмайды. Палуан оны ынғайына қарай дене құрлысна сәйкестеп. Сәл өзгертіп қолдануы мүмкін. Үйіренген әдісті дұрыс қолдана білу үшін адуын күш емес тактика керек. Қарсылас палуанды ниетін сезу, оны әдіске түсетіндей оңтайлы жағдайға алдап келтіре білу де шеберлік. Әдісті шебер меңгеру - деп қарсыласының қарсы әдісіне, шаршағанына қарамай, шабуылынан нәтиже шығарған палуаның шеберлігін айтамыз.
Кілемдегі орын ауыстыру немесе жүру әдіс – айласы қарсыластар қандай бір әдіс- айлалық ұпай алу үшін тепе–теңдікті сақтап дұрыс жүріп орын ауыстырып отыруы шартты.
Қарсыластың шабуылынан қорғану немесе шабуылға шығу үшін өзіне ынғайлы жүрістер немесе орын ауыстыруларды міндетті түрде жасайды.
Самбо күресінде орын ауыстыруды негізгі үш топқа бөледі.
Тек алға, жанынан тіке алға;
Оңға, солға жанына жасалатын қозғалыстар;
Ұлы дене бұрылып жасалатын қозғалыстар (90º-180º-қа бұрылып);
Самбо күресінде арақашықтықты бес топқа бөлуге болады:
Қарсыластар ұстаспай аңдысып тұру.
Қарсыластар ұстасып аралары алыс қашықта жүру.
Қарсыластар ұстасып орта қашықта жүру.
Қарсыластар ұстасып жақын қашықтықта жүру.
Қарсыластар қоян–қолтық ұстасып, өте жақын қашықтықта жүру.
Сондықтан палуандар белдесу кезінде белгілі ұстау айласы және арақашықтықтағы әдіс жасауға жеңіске жетуге мүмкіндік береді.
Құлау әдіс- айласы немесе өзін-өзі қауіпсіздендіру самбо күресінде палуан құлау әдіс - айласын жасап үйренеді. Мұның негізгі мақсаты кез – келген самбошы жаттығу, жарыс уақытында күрес кілемінде әр түрлі жағдайда құлайды және әдісті дұрыс істеп үйрену үшін сан мыңдаған рет жұптасқан палуандар бірі – бірін лақтырып құлатады.
Сол себепті ішкі ағзаларды жарақаттанбау, мертікпей, ми шайқалудан сақтану үшін құлау әдіс - айласын шартты түрде орындайды. Сондықтан дұрыс құлап үйрену абзал. Құлау әдіс-айласын үйретуде жеңілден күрделіге қарай деген қағиданы ұстанған жөн.
Құлау әдіс- айласын негізгі төрт топқа бөледі.
Алға құлау әдісі;
Жанға құлау әдісі;
Артқа құлау әдісі;
Алға бүтін айналып құлау әдісі яғни алға айналып жауырынға құлау.
- Құлау әдіс – айласын жұптасыпта орындауға болады.
- Құлау әдіс –айласы самбошының шыңдалған сайын әр түрлі әдіс - айлалық элементтермен толықтырып күрделендіріп отыру керек.
Тепе – теңдіктен шығару самбошының әдіс жасауға мүмкіндік алу кезеңі, бұл әдіс – айланы шабуылдаушы орындау үшін қарсыласын:
а\ алға;
ә\ артқа;
б\ оң жақ қапталға;
в\ сол жақ қапталға;
г\ оң жақ артқа;
ғ\ сол жақ артқа;
д\ оң жақ алға;
е\ сол жақ алға қозғап тепе – теңдігінен шығару керек. Сондықтан самбошылар бұл әдіс -айланы дұрыс орындап үйренуі шарт.
Бастапқы қалыптан күресу әдіс -айласысы күресте белдесу бастапқы қалып яғни табанда тұрған қалыптан басталады.
Самбо күресінде бастапқы қалыпта күресу әдіс-айласы бірнеше қимыл әрекеттермен ұштастыруға болады.
Самбо күресінде әдістер жасалу ерекеліктеріне қарай екі үлкен топқа бөліп қарастырылады:
Самбо әдістері
Бастапқы қалыпта Төрт тағанда
жасалатын әдістер жасалатын әдістер
қолмен жасалатын әдістер Буындарды ауырту әдістері
аяқпен жасалатын әдістер. Арқаға ұстау әдістері.
денемен жасалатын әдістер.
Қолмен жасалатын әдістер (үйіру, қолмен шалу, қылтадан қолмен іштен және сырттан ілу, өңгеріп тастау, бөктеріп тастау т.б).
Аяқпен жасалатын әдістер: (шалу әдістері, қағу әдістері, ілу, орау, ашалап тастау, шалып жығу және т.б).
Денемен жасалатын әдістер: (арқалап тастау, иықтан асырып тастау, кеудеден асыра лақтыру, жамбастан тастау т.б).
Жоғарыда аталған әдіс-айлалық әдіс элементтерін самбошы оң және сол жаққа жасап үйіренсе бұл палуанның жеңіске жетуіне өз үлесін қосады.
Самбошы дайындау \жаттықтыру\ кезінде әдіске машықтану жүктемесін жас ерекшелігіне, жынысына байланысты жаттықтырушы өзі ғылыми негізде жасау шартты.
- Бастапқы қалыпта күресу әдіс -айласын машықтандырудың өзін үш кезеңге бөліп қарауға болады.
Тартып жақындату немесе тепе – теңдіктен шығару кезеңі;
Әдістің басталу кезеңі;
Аяқтау кезеңі.
Бұл белдесу кезеңдеріндегі тұрып жасалатын әдістің жүдеден күресу кезеңіне \партер\ дейінгі әдіс - айлалық элементтердің топтамасы.
Қолмен жасалатын әдістер
Үйіру әдістері шабуыл жасаушы палуан қарсыласының белдігінен мықтап ұстап, қолдың және белдің күшімен оны кілемнен жоғары көтеріп алып, өзіне тарта үйіріп әкету керек. Жерден көтерілген палуанға жамбастан тастау, аяқтан шалу, иіліп лақтыру, қағу тағы басқа әдістері қолданылады.
Бұл топтағы әдіс- айласында біздің ұлттық күрестегі көп қолданылатын жасбастан тастау, қырқа шалу т.б әдіс элементтері көптеп кездеседі. Содықтан бұл әдіс - айлалары біздің қазақ балаларының физологиясына жақын келеді.
Қорғаныс: қарсыластың екі қолмен бірдей белдіктен ұстауына мүмкіндік бермеу.
Қарсы әдіс: тіреп тұрған аяқты сырттан шалу.
Жіберілетін қателер: палуан белдіктен көтере тартып үйрген кезде денені босатып, салмақты төмен түсірмеу;
Қолмен шалу әдісі: әдісті жасаудың үш түрі беріліп отыр.
Жіберілетін қателер: қолды дұрыс тартпау. Қолмен шалған кезде екінші қолмен қарсыласты дұрыс тартпау т.б.
Қорғану: қолмен аяқтан шалуға мүмкіндік бермей аттап кету.
Шалу әдістері
-
Іштен және сырттан шалу, қырқа шалу
-
Жіберілетін қателер
-
Қорғаныс
Шалу әдістері самбо күресінде тиімді сондықтан жиы қолданылады. Шалу әдістері : Іштен және сырттан шалу, қырқа шалу болып бөлінеді.
Жеңнен және жағадан ұстап аяқтың алдынан шалу- бұл әдісті қарсыласын жақын және орта қашықтықта жүргенде қолданады.
Жіберілетін қателер: Аяқты қапталға қоя білмеу, әдісті қолданғанда аяқпен қолды бірдей жұмылдыра алмау.
Қорғаныс: қарсыласының шалатын аяғынан аяқы асырып жіберу.
Қарсы әдіс: Белден ұсап кеудеден асыра лақтыру, салмақ түсіп тұрған аяқты сырттан шалу.
Жеңнен және иықтан ұстап, аяқты сырттан шалу - бұл әдісі палуандар жарыс кезінде қарсы әдіс ретінде қолданып жүр.
Қорғаныс: қарсыласының шапанының жеңінен ұстап шалуға мүмкіндік бермеу, тез кейін шегініп кете білу.
Қарсы әдіс: жеңнен белдіктен ұстап арқадан тастау.
Іштен шалу - бір қолмен жағадан келесі қолмен шынтақ тұсынан ұстап, палуанды өзіне қарай тартып, қарсылас алға аттаған кезде аяғының ішінен шалу.
Жіберілетін қателер: қол мен аяқ қозғалысын үйлестіре білмеу аяқпен шалған кезде кеуде мен қолмен бірдей итере білмеу.
Қорғаныс: шалу кезінде кейін шегініп кету аяқтан аттап кету.
Қарсы әдіс: єдіс жасаған кезде сырттан шалу.
Қырқа шалу –бір қолмен жағадан келесі қолмен шынтақ тұсынан ұстап қарсыласының алға аттаған кезде екі аяғының алдынан қырқа шалу.
Жіберілетін қателіктер: аяқпен қолдың қозғалысын үйлестіре білмеу.
Қорғану: шалу кезінде аяғынан аттап кету
Қарсы әдіс: сырттан шалу, артқа қайырып жығу.
Аяқтан қағу әдістер
Бұл әдістері қарсыласыңды кілемде сүріндіріп, тепе - теңдік қалпынан шығарып немесе қағып жығу үшін қажет. Белдескен кезде қарсыласыңды тізеден, аяқтың ішінен, сырттынан қағуға болады.
Қағу әдістерін жүзеге асыру үшін қарсылас палуанды оң қолмен жеңнен, сол қолмен жағасынан ұстап (немесе керісінше) өзіне қарай жұлқи тартып, тепе-теңдік қалпынан шығарып аяқтан қағу керек.
Жіберілетін қателер: қарсыласының денесін бұрау мен аяқтан қағу бір сәтте болмауы, қолмен тарта білмеу.
Қорғаныс әдістер: қарсы аяғыңды бүгіп сәл еңкейіп, шабуыл жасаушы палуанның қағуына мүмкіндік бермеу.
Қарсы әдіс: қағу кезінде аяқты көтеріп қалып өзін қарсы қағу.
Іліп тастау әдістері
Бұл әдіс негізінен аяқтан шалу әдістеріне ұқсас. Бірақ әдіс қолданушы палуан қарсыластарының аяқтарын іліп алып, әдіс өз нәтижесін бергенше аяқты ілмектен босатпайды.
Аяқтан іліп тастау. Әдістің мақсаты –қарсылас палуанның алға қарай еңкейген сәті. Оң қолмен білектен, сол қолмен жеңнен ұстап, сәл бүгіліп сол жаққа бұрылып, сол аяқты өзіне жақын ұстай оң аяқпен қарсыласының жіліншікінен іле оны жоғары көтеру арқылы кілемге жығу керек.
Жіберілетін қателер: дененің салмағы түсіп тұрған аяқты іліп алуға мүмкіндік болмауы, дененің салмағы түсіп тұрған аяқты әдіс қолданылатын жаққа бұрмай, шабуыл жасаушы палуан өз денесінің тепе-теңдігін ұстай алмауы.
Қорғаныс- қолмен тіреп әдісті жасауға кедергі келтіру.
Қарсы әдіс- қолмен және белден қапсыра ұстап, сырттан қырқа шалу.
Аяқтың алдынан іліп тастау. Оң қолмен белдікті оң бүйірден немесе сырттан ұстап, ал сол қолмен шынтақтан ұстау керек. Қарсылас палуанды оң жаққа қарай жұлқи- тартып оң аяқы алға жіберіп жоғары көтере екпінмен кілемге құлату.
Жіберілетін қателер: Аяқты ілу қарсыласының тепе-теңдік қалпынан шыққан жағдайда орындалмауы.
Қарсы әдіс. Шегініп кетуі денеден қапсыра ұстап, сырттан шалуы.
№ 7 Тақырып Шалып жығу әдісі
Шалып жығу әдісі күресте аяқпен іштен және сырттан шалып жығу әдістері бар.
Сырттан шалып жығу- Шабуыл жасаушы палуан қарсыласының белін қапсыра ұстап, жоғары көтере өзіне тартады да, сол немесе оң аяғын қарсыласының сыртына шығарып, тізе буыннан сәл төменірек аяғын шала жоғары көтереді. Осы сәтте қарсыласын иығымен не денесінің салмағымен алға қарай қозғау керек. Сонда өз салмағымен қарсыласының салмағы бір аяғына түскен кезде палуан кілемге құлайды.
Жіберілетін қателіктер: шабуыл кезінде төмен отырып қалу, шалынған аяқты жоғары көтере алмау.
Қорғаныс: Шегініп кетіп, аяқты шалуға мүмкіндік бермеу.
Қарсы әдіс. Іштен шалу, шалынған аяқты оңға бұрып әкетіп, арқадан тастау.
а). өзіне қапсыра қысып сырттан шалу.
ә). Өзінен итере сырттан шалу әдісі.
б). Аяқтың сыртынан өкшемен іле сырттан шалу әдісі.
в). Өзіне қыса сырттан шалу әдісі.
Іштен шалып жығу- әдісті қолдану үшін қарсыласыңның еңкейген сәтін дәл пайдалана білу керек. Шабуыл жасаушы қарсыласын арлы - бері жұлқи тартып, жағадан сәл жоғары көтеріп, шалатын аяғын ішке өткізеді де тез еңкейіп әдісті орындайды.
Жіберілетін қателіктер. Қарсыласынан тым қашықтап не жақындап кету, әдіс жасаған кезде аяқтыжоғары көтермеу.
Қорғаныс. Шалатын аяқ жақтағы белдіктен ұстау, тізе арасын қосып шалатын аяқты ішке өткізбеу.
Қарсы әдіс. Сәл төмен отыра қалу, аяқты сыртынан шалу, аяқты сыртынан тіреу.
а). Іштен өкшені сыртқа қарай шалу.
ә). Іштен өкшені ішке қарай(өзіне) шалу.
Денемен жасалатын әдістер
-
Кеудеден асыра лақтыру әдістері
-
Қолтықтан құшақтап жамбас арқылы тастау
-
Арқалап тастау әдісі
-
Диірмен (сүңгіп көтеріп тастау) әдісі
Кеудеден асыра лақтыру әдістері.Бұл әдіс-күрес тарихында өте ертеденден қолданып келе жатқан әдістер тобы. Қазақ даласының батыры, кәсіпқой күрестің үш түрінен әлем чемпионы, күш атасы атанған Қажымұқан Мұңайтпасұлы бұл әдісті көптеген ірі жарыстарда тиімді қолданып мерейлі жеңістерге жетіп отырған.
Белдіктен ұстап, шалқалай иіліп кеудеден асыра лақтыру. Мұнда қарсыластар оң аяқтарын алға жіберіп, біріне –бірі қарсы тұрады. Екеуі де белдіктен мықтап ұстап, осы сәтте шабуыл жасаушы палуан оң аяғын ішке еңгізе алға ұмтылады да, сол аяғын тұсына апарады. Өзі өте тез қимылдап, тізе буынын жазу арқылы қарсыласын кілемнен көтеріп әкетеді де, екпінді бәсеңдетпей, шалқая беріп қарсыласын иіле кеудеден асыра лақтырады.
Жіберілетін қателер. Белдіктен нашар ұстау, жоғары көтергенде қолымен демей білмеуі.
Аяқты іштен іліп, кеудеден асыра шалқайып лақтыру. Шабуыл жасаушы палуан оң қолымен қарсыласының иығынан ұстап, сол қолымен қарсыласының қолтығынан демей өзіне тарта түседі. Оң аяғын қарсыласының ішіне еңгізе қылтадан іледі. Бұдан кейін сол аяғын жарты қадамдай алға қойып, ілген аяғын жоғары көтере шалқалқайып, екпінін бәсеңдетпей оң қапталға қарай бұрылып қарсыласын ала кілемге құлайды.
Қарсы әдіс. Аяқты түзетіп, ілмектен босатып, шабуыл жасаушы палуанды отыра қалып, аударып лақтыруға болады.
Арқалап тастау әдісі
Бұл әдісті самбо күресінде ең бір тиімді, қарсыласыңды қапысыз жеңудің ең қолайлы әдісі деуге болады.
Жағадан және жеңнен ұстап, арқалап тастау. Әдісті жасағанда қарсылас палуаның бір қолмен жағасынан, келесі қолмен жеңнен ұстап, өзіне қарай жұлқи тартып тепе-теңдіктен айырады да, өзіне оңтайлы келген жаққа кілт бұрылып арқалап тастайды. Самбо күресінің ережесі бойынша бұл әдісті табанда жасауға және екі тізеде жасауға болады.
Жіберілетін қателер: Қарсыласын тепе–теңдік қалпынан шығара алмау; қолын жақсылап тарта білмеу; тізе буынын жаза білмеу.
Қорғану: Қарсыласының бұрылуына кедергі жасау. Қарсыласын аяғын алдынан шалып етбетінен құлату.
Қарсы әдіс: Екі аяқтың сыртынан шалу.
Қолтықтан құшақтап жамбас арқылы тастау
Бұл әдісті орындағанда оң немесе сол қолды қолтықтың астынан өткізіп белбеудің тұсынан немесе белдіктен ұстап, келесі қолмен шынтақ тұсынан немесе жағадан ұстап, жамбасты ішке кіргізе айналып тізені сәл бүгіп, аяқтың серпінімен қарсыласты кілемге құлатады.
Жіберілетін қателер: Тепе-теңдіктен шығармау, Жамбасты дұрыс қоя білмеу. Аяқ пен қолдың қозғлысын үйлестіре алмау.
Қорғаныс: Қарсыласыңның ұстасын бұзып, әдіс жасауға мүмкіндік бермеу.
Қарсы әдіс: Қарсыласыңның алдыңа қойған аяғынан аттап, қарсы жамбас жасау.
Жамбастан тастау Бұл әдіс күрестің байырғы әдістерінің бірі. Шабуыл жасаушы палуан қарсыласының жеңіне не білегінен ұсап, екінші қолымен белдіктен немесе арқасынан ұстап өзіне қарай жұлқи тартады да, тепе-теңдіктен айырады. Сөйтіп оңтайлы келген жаққа бірден бұрылып жамбасын ішке кіргізе қарсыласын кілемге құлатады.
Жіберілетін қателер: Қарсыласын тепе-теңдіктен шығара алмауы. Жамбасты ішке сүңгітте енгізе білмеуі. Тізесінің буынын жаза білмеуі.
Қорғану: Қарсыласына бұрылуға мүмкіндік бермеу.
Қарсы әдіс: Белдіктен ұстап кеудеден асыра лақтыру. Аяқты сырттан шалу. Қарсы жамбас әдісін жасау.
Жамбас арқылы бөктеріп тастау Бұл әдіс самбо күресіндегі классикалық әдістің тек көп қолданылатын түрі, сонымен бірге шапшаң дұрыс жасалса таза жеңіс немесе жоғары әдіс - айлалық ұпай алуға болатындықтан самбошылар арасында өте көп қолданылады.
Бұл әдісті жасамас бұрын жасанды қозғалыстарды үйірету шартты. Сол үшін палуанның арқасын, шаттын, қолтығын созу \ иілгіштік\ қасиетін жетілдіріп тепе–теңдігін сақтай білуге үйрету жөн. Шабуылдаушы қарсыластың оң \сол\ қолымен қолтықтан немесе жағадан, арқа тұсынан ұстап, сол \оң\ қолымен білек тұсынан ұстап, оң \сол\ аяғын ішке қадам жасап, жамбаспен кіру арқылы қолдың көмегімен жұлқа тартып, сол \оң\ аяқпен қарсыласты бөктеру керек.
Жіберілетін қателер: Жамбасты дұрыс қоя білмеу, аяқ пен қолдың қозғалысын үйлестіре білмеу.
Қорғаныс: Ұстасты бұзу, әдіс жасауға ынғайлы мүмкіндік бермеу, мықынды алыс қою.
Қарсы әдіс: Белден құшақтап кеудеден асыра лақтыру. Аяқтың өкшесінен қағу т.б. Жалпы қарсы әдіс қолданылуды сол мезеттегі шабуылдаушының жағдайына байланысты мүмкіндікті пайдаланып әдіс жасаған абзал.
а). Жеңнен және жағаның арқа тұсынан алып жамбас арқылы бөктеріп тастау әдісі.
ә). Жеңнен және басын қолтыққа қыса жамбастан
Диірмен (сүңгіп көтеріп тастау) әдісі
Бастапқы қалыптан өзіне ыңғайлы қолмен жағадан ұстап, қарсыласты өзіңе қарай тартып аттауға мәжбүрлеп осы сәтте қолтықтың астына сүңги кіріп, бір қолмен қарсыластың ашасынан ала желкеге көтере кілемге құлату. Бұл әдісті шабуылдаушы палуан өзінің ыңғайына қарай табанда немесе тізеге отыра қалып (екі тізеге бірдей не бір тізеге отырыпта) жасауға болады. Кейде тіпті құлапта жасай береді. Сондықтан бұл әдістің жасалуына қарай табанда, екі тізеден және бір тізеден деп бөліп қарастыруға болады.
Әрі бұл әдісті қарсыластың өз күшін пайдаланып жасаған кезде оның тиімділігі жоғары болады. Яғни қарсыласың өзіңді қуып шабуылдаған кезде қарсы әдіс реттінде жасауға болады.
Жіберілетін қателіктер: қолды дұрыс тартпау, әрі қарсыластың алдына тізерлеп отырған кезде кешігіп қалу сияқты т.б жағдайлар.
Қарсы әдіс: диірмен әдісін жасаған кезде айналып шығып кету. Не қолмен кедергі қою.
Өңгіріп тастау әдісі
Бастапқы қалыптан қарсыластың қолтығының астына сүңги кіріп, бір қолмен жағадан (жеңнен) ұстап келесі қолмен қарсыласың аяғының сырттынан қапсыра ұстап, тізе буының сәл бүге кеудеге (көкірекке) қыса өңгеріп алу. Бұл әдісті палуан сол және оң жақтпенде жасай беруіне өте ыңғайлы. Жіберілетін қателіктер: дер мезетінде қолтықтың асына сүңгіп кіріп үлгермеу.
Аяқтың қозғалысының кешігіп қалуы.
Көтеріп әкетуіне мүмкіндік бермей денені босатып үлгеру
Қорғану: бастапқы қалыпта әдісті жасауға мүмкіндік бермей ұстаған жерден қолды жұлқып ұстаудан босанып кету.
Қарсы әдіс: аяқтан ұстаған бетте сырттан немесе іштен шалып қалу.
Құлап жасалатын әдістер
Құлап жасалатын әдістерді самбошының қимыл бағытына байланысты 2 – топқа бөлуге болады.
- Артқа құлап жасалатын әдістер;
- Жанға құлап жасалатын әдістер.
а\ Аяқпен іштен тіреп бастан асырып лақтыру. Бұл әдісті бастапқы қалыптан немесе екі жағадан ұстап, қарсыластың екі аяғының ортасына жылдам адым жасап, ыңғайлы (оң, сол) аяқпен кіндік тұстан табанмен тіреп ешқандай үзіліссіз аса жылдамдықпен арқаға құлай бастан асырып лақтырады.
Қорғану: Ұстастың бұзу. Шабылдаушы жамбасқа отырғанда жанға айналып шығып кету. Тірейтін аяғынан қорғану.
ә\ Жатып кеудеден асырып лақтыру. Бұл әдісті тез шапшаң қарсыласты тепе – теңдіктен шығару арқылы жамбасқа құлап жасайды.
Жасау элементтері:
а\ Бастапқы тұрыс, бастапқы ұстас.
ә\ Шабылдаушы сәл жанға қадам жасайды. (Сол аяқпен болса оңға, оң аяқпен болса солға)
б\ Қылта тұсынан тірей жамбасқа құлап лақтырады.
в\ Бұл әдістің жалғасы жүдеде күресуде \партерде\ жалғасатындықтан самбошыға өте тиімді.
Қ орғану: Шабылдаушы әдіс жасаған уақытта өте сезімталдықпен ынғайлы аяғын қорғанушы шабылдаушының сыртына қадам жасап, шабылдаушыдан бұрын жүдеде күресуге \партерге\ ауысу тиімді.
Жүдеде күресу (Партер)
Сабақтың мақсаты: Самбо күресінің айырықша ерекшелігі – жүдеде күресу әдісіне түсінік беру.
Қаралатын сұрақтар:
1. Самбо күресінің айырықша ерекшелігі жатып күресу әдіс- айласы мұны үш түрге бөліп қарауға болады.
а). Арқаға ұстау;
б). Буындап ауырту.
Самбо күресі ережесі бойынша қарсыласын кілемде арқасына 20 секут толық бір рет ұстаса рұқсат (төрт ұпай береді де) әрі қарай басқа әдіске көшуіне шамамен бес секут береді. Басқа әдіске яғни буынын ауырту әдісін жасауға мүмкіндігі болмас тоқтатып орындарынан тұрғызып, бастапқы қалыптан күресті жалғастырады. Самбо күресінде жатып күресуде жас самбошыларға арнайы жасайтын жаттығулар беріп арнайы машықтандыру дұрыс.
а) Арқаға ұстау әдіс –айласы
Самбошыдан арнайы ептілік, күш, жылдамдық талап етеді және осы әдіс техникасымен арнайы әдіс - айлалық бағалаулар жоғары төрт ұпай алуға болады. Самбо күресі ережесі бойынша:
20-секунт арқасына ұстаса \ толық\ яғни 4-ұпай.
10-секунт сәл басымдылық \жартылай\ яғни 2-ұпай.
Арқаға ұстау әдістері: шабуыл жасаушы палуанның ұстауына қарай (бас жағынан ұстау, қапталдан, жанынан, кеудесіне мініп ұстау т.б) болып бөлінеді.
1\ Жанынан арқаға ұстау. Бұл әдіс техникасын оңға және сол жаққа жасауға болады. Әдісті жасау техникасына байланысты көп түрге бөлуге болады. Соның ішінен белдесу кезінде жиы қолданылатын түрі мойыннан және қолдан ұстап қайшылап арқаға ұстау әдіс -айласы. Бұл техниканы орындағанда оң \ сол\ қолымен қарсыластың мойынын қыса шынтағын сырттынан кимонаның жеңімен ұстап, аяқты қайшылап екінші қолмен бүйір тұсынан немесе белдігінен мықтап ұстайды.
Қорғаныс: а\. Шабуылдаушыны белінен қос қолдап құшақтап сәл алға итеріп, күшпен келесі жаққа аударып шығуға болады. ә\. Жартылай көпір жасап қаусыра көпір жасап күшпен итеріп аяқтың көмегімен асып түсуге болады
2\ Бас жақтан басып белдіктен ұстап арқаға ұстау. Бұл әдіс әдіс -айласын екіге бөліп қарастыруға болады.
-
Қарсыластың бір қолын қолтыққа қысып, екінші қолды иықтан асырып
-
белдіктен ұстау әдіс - айласы.
Бұл әдіс - айлада біріншісіне ұқсас. Бірінші қарсыластың екі қолын шынтақ тұсынан қолтыққа қысып белдіктен ұстау әдіс - айласы.
Қорғаныс: Шабуылдаушы бос қолымен қарсыласын өзінен жоғары күшпен итеріп барып, аударып шығуға немесе шынтағын тіреп шабуылдаушының арқаға ұстауына мүмкіндік бермеу.
3\ Жаннынан көлденең арқаға ұстау. Жанынан көлденең арқаға ұстау әдіс - айласы өте сенімді және ынғайлы болады.Шабуылдаушы қарсыласының бір қолымен кимоносының жағасынан ұстап екінші қолымен аяқтың арасынан өткізіп белдіктен ұстайды. Аяқты артқа созып немесе тізерлеп отыруға болады.
Қорғаныс: Бұл әдістен қорғанудың бірнеше түрі бар.
-Аяқтың арасы арқылы белдіктен ұстаған қолын екі аяқпен мықтап қысып, бас жағына қарай етбетімен айналуға әрекет жасау керек. Осы сәтте жағадан ұстаған қолының шынтақ буынынан ауырту әдісін қолдануға мүмкіндік болады.
Буынды ауырту әдістері
Буынды ауырту әдістері буындарды ауырту әдістері ішінен үш топқа бөлінеді: (қол буындарын ауырту, аяқ буындарын ауырту, белді ауырту).
Қол буынын ауырту әдістері: (шынтақ, иық буындарын ауырту әдістері).
Аяқ буындарын ауырту әдістері: (тізе, қылта, шат және жуан сіңірді ауырту әдістері).
Белді ауырту – белді қайырып ауырту әдісі.
Буынды ауырту әдістерінің барлығына тән бір ерекшелік буындарды бүгілуіне қарсы қарай тартып ауырту болып табылады. Егер буынға ауырту әдісін шабуылдаушы палуан жасаған кезде қарсыласы бос қолмен немесе аяғымен кілемді не болмаса шабуылдаушыны қағып белгі береді. Содан кейін барып кілемдегі төреші тоқтатуға пәрмен берді. Буынға ауырту әдісін шабуылдаушы жасаған кезде қарсыласы қандай бір дыбыс шығаратын болса бұл ауырту әдісінің нәтижесі болып есептеліп күрес тоқтатылып шабуылдаушыға таза жеңіс беріледі. Буынды ауырту әдісі ережеге сай таза жеңіс болып есептеледі.
Қол буынын ауырту әдіс
а). Шынтақ буынын ауырту әдісін жасау түрлері
Самбо күресін Қазақстан Қарулы күштерінің қатарындағы сарбаздарға жалпы дене дайындығымен қоян-қолтық шайқасқа шығумен кез-келген жекпе-жек түрлерінде қарсыласынан басым түсу үшін әр сарбазға самбо күресінің әдіс-тәсілдерін жеттік меңгерулерін жағдай жасап, шеберліктерін талап ету керек деп санаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |