Жұмыстың деректік базасын құжаттар мен материалдардың бірнеше топтары құрайды. Зерттеліп отырған тақырып бойынша ең бай дереккөз ретінде архив қорларын мойындаған жөн. Бұлардың ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің архиві мен Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің алар орны ерекше.
Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде 70 жыл бойы кеңес қоғамының басшы және жетекші күші рөлін атқарған Коммунистік партия ұйымдары мен мекемелерінің құжаттары сақтаулы. Осы архивтің 708-ші қорында интеллектуалдық әлеуетін, этномәдени өмірін қалыптастырушы алғышарттар мен факторларды – аграрлық экономиканы, ұжымшар-кеңшар өндірісінің материалдық-техникалық базасын, халықтың біліми және мәдени дамуын, демографиялық ахуалды, т.б.с.с. саяси-идеологиялық ұстанымдармен тығыз байланыста әрі динамикада ұғынуға мұрындық болатын қаулы-қарарлар, директивалық тапсырмалар, шешімдер мен есептер молынан жинақталған.
Архив қорындағы партиялық құжаттар ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуетіне шешуші серпін берген мамандар мен оқығандардың іріктелуін, қызметтік өсуін немесе марапатталуын, әлеуметтік-кәсіби шыңдалуын ой елегінен өткізуге септігін тигізгені күмәнсіз.
Дереккөздің келесі бір арнасы – мерзімді баспасөз. Газеттер мен журналдарды кеңестік дәуірдің жылнамасы десек артықтық етпейді. Қай қоғамда болмасын баспасөздің басты міндеті оқырмандардың қоғамдық пікірін оң қалыптастыру екенін дәйектеп жатудың қажеті шамалы. Зерттеліп отырған жылдары ауыл-село мәселесі баспасөз бетінен түскен емес. Бір ғана «Социалистік Қазақстан» (қазір «Егемен Қазақстан») газеті 1982-1985 жылдарда «Озат тәжірибе», «Бригадалық мердігерлік әдіс», «Қызылтулы ұжым», «Бесжылдық мақтанышы» айдарларымен 200-ге жуық мақала жариялап, ауыл-село өмірін тілге тиек етіпті [8]. Ал «Қазақстан ауыл шаруашылығы», «Сельское хозяйство Казахстана» журналдары ұжымшар мен кеңшарлардағы өндірістік және әлеуметтік жауапкершілігі зор ізденістер мен іркілістерді жұртшылық назарына ұсынумен болды. Олардың басы-қасында жүрген мамандар мен қарапайым еңбек адамдарының тағдыры интеллектуалдық әлеует те, этномәдени үрдіс те әлеуметтік субъектілер әрекетімен, саяси-идеологиялық ұстаныммен түзілетініне ой-тамызық берді. Ауыл-село басшылары мен мамандары баспасөз бетіне көбінесе озат тәжірибені насихаттау үшін шығатын. Уақыт өте келе олардың біразы озат шаруашылықтар жайлы жазғандарын кеңейтіп, кітапқа айналдырды. Осы орайда Н.Н.Головацкийдің, Я.Герингтің, Р.Мырзашевтің, Д.Бурбахтың кітаптарындағы деректер зерттеуге арқау болғанын айту парызымыз [9].
Ауыл-село тағдырындағы интеллектуалдық әлеует пен мәдени өмірдің орнын ұғынуға естеліктер көп пайдасын тигізді. Мемуарлық әдебиет тақырыптың эмоциялық-танымдық қырларын айқындай түседі.
Естеліктер басқа дереккөздердің бірде біреуінде кездеспейтін «ұсақ-түйекке» толы. Ал сол «ұсақ-түйектің» тарихи таным үшін шешуші маңызы болатынын интеллектуалдық әлеует пен этномәдени даму тәжірибесі сан рет дәлелдеді.
Зерттеу дереккөздері мен дерегіне жоғары талап қою ауыл-селодағы интеллектуалдық әлеует және этномәдени үрдіс арасындағы байланыстарды, объективті қажеттілік пен сұранысты, олардың жүзеге асу үдерісін кешенді қарастыруға жағдай туғызды.
Зерттеу жұмысының ғылыми және практикалық маңызы Қазақстан Республикасының алдында тұрған асқаралы міндеттермен айқындалып отыр. Әлемдік жаһандану, елімізде орныққан нарықтық қатынастар, демократиялық ұстанымдар, ұлтаралық, конфессиялық үйлесім – бәрі қоғамдық санадан коммунистік атавизмдерді біржолата ығыстыруды талап етеді. Бұл үшін ұлт тарихындағы «ақтаңдақтарды» жоюдың маңызы зор. Тоталитаризмның зорлығы мен әділетсіздігін әшкерелеу, Орталық жүргізген саясаттың мақсаты отарлаумен астасып жатқанын кәсіби біліктілікпен қалың бұқараға жеткізу кешегі әсіре қызыл интернационализмнің орнына қазақстандық патриотизмді әкеледі деп есептейміз.
Отандық тарих ғылымы өткенге материалистік тұрғыдан, яғни қоғамдық меншік, жұмысшы табының жетекші рөлі, партиялық басшылық, адамды адамның қанауы жойылғаны, ұлттардың гүлденуі мен жақындасуы, әрбір мәдениеттегі екі қатпар тәрізді байламдардан қараудан арылғанмен, ұлттық реңкі қанық жаңа методологиялық, теориялық тұғырнамаға толық көшіп болған жоқ. Ал бұл тұғырнаманың өзегін, тарихтың өзегін құрайтын факторларға адам мен оның әрекеті, табиғи-географиялық орта, ұлттың мінезі, менталитеті, құқықтық мемлекеттік билік пен билеуші тәрізді құндылықтар жатқызылуы керек. Ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуеті мен этномәдени тағылымы тап осы құндылықтардың қисындылығын тиянақтауға шылбыр ұстатады. Тарихты жасаушы күш – адам, адамдардың нысаналы – мақсатты әрекеті. Ал адамдардың әрекеті нәтижелі әрі уақыт үдесінен шығып жатуы үшін көп алғышарттар керек. Солардың маңдайалдысы саналы іс-әрекет екені күмәнсіз. Бүгінде адамдардың әлеуметтенуіне (социализация) ықпал ететін тетіктердің қатарында тарихи сана тұрғаны әбден дәлелденген ақиқат. Ақиқат биігінен, үлкен жауапкершілікпен әрі бай деректік негізде жазылған тарихи зерттеу ғана адамдардың санасын түлетіп, өткеннен тағылым алуға, жақсы менен жаманды ажыратуға, ағымдағы және болашақтағы межелерді тануға жетелейді. Мұнсыз ондаған жылдар бойы қоғамдық санаға батпандап кірген социалистік идеядан арыла алмаймыз.
Ауыл-селоның тарихы – қазақ ұлтының тарихы. Кеңес Одағы ыдырағанға дейін қазақтардың басым бөлігі ауыл-селоларда тұрып, аграрлық салада еңбек етті. Қазір де баршылық. Елбасымыз Н.Назарбаевтың 2003-2005 жылдарды ауыл мұқтажын шешуге арнауы тіпті кездейсоқтық емес. Ендеше, ауыл-селодағы интеллектуалдық әлеует пен этномәдени даму тәжірибесін тану - қазақтануға жасалған талпыныс болса керек. Ғасырларға созылған отарлау мен тоталитарлық қыспақтан қазақтанудың мешел қалғанын жоққа шығара алмаймыз. Осы міндетті атқаруға мемлекеттік тәуелсіздік кең мүмкіндік туғызғанда Отандық тарих ғылымы өз үлесін қосқаны абзал.
Диссертациядағы деректер, ойтүйіндер мен тұжырымдар Қазақстан тарихынан жинақтама еңбек жазғанда, жоғары оқу орындарында арнайы курстар оқығанда кәдеге жарайтыны сөзсіз.
Зерттеу жұмысы бойынша қорғауға ұсынылған тұжырымдар:
- Қазақстанның аграрлық тарихы әр қырынан зерттелгенмен интеллектуалдық әлеует пен этномәдени даму тарихнамасында ғылыми-теориялық оң шешімін тапқан мәселелерден гөрі партиялық, идеологиялық өктемдікпен шатастырылған немесе мүлде қарастырылмаған мәселелер көп. Айталық, соғыстан кейінгі жылдардағы ауыл-селоның әлеуметтік инфрақұрылымындағы кереғарлықтар, жұмысшы мен колхозшыға еңбекақы төлеудегі теңсіздіктер, бұлардың интеллектуалдық қарымға зияны кешенді зерделенген емес.
- «Интеллектуалдық әлеует» ұғым-түсінігі ғылыми-техникалық және технологиялық ілгерілеу заманында бәсекеге қабілетті Қазақстанды қалыптастыру үшін қажет басты тетікті меңзейді. Өйткені оның мәнін адам, адамның жасампаз қабілетін ашу міндеті құрап отыр. Кешегі Кеңестік социалистік құрылыс тұсында «бәрі адам үшін, бәрі адам игілігі үшін» деген коммунистік ұран үздіксіз айтылғанмен экономикалық, саяси-идеологиялық детерминизм басымдыққа ие болғанын мойындауымыз керек.
- Кеңестік дәуірде Қазақстан ауыл-селосы тұрғындарының ұлттық құрамы мен рухани өмір салтында орныққан азды-көпті жағымды өзгерістер әралуандыққа жол тартпай, түптеп келгенде бірізділікке (унификация), қасаңдылыққа (стандартизация), этникалық тегінен ажырауға (деэтнизация) өктемдікпен икемделді. Оның түпкі нәтижесі орыстандыруға саятынын жасырудың реті жоқ.
- Соғыстан кейінгі ауыл-селоның құрылымы (экономикалық, әлеуметтік, мәдени, ұлттық, демографиялық, т.б. с.с.) мейлінше күрделі болғанмен олар бір-бірімен ажырағысыз байланыста еді. Мемлекеттік билік басындағы коммунистер осыларды үйлестіре дамытуға уәде бергенмен сөзінде тұра алмады. Жобадан тыс жоспарлау мен орталықтандыру үстемдік құрған елде, адамдардың шығармашылық, еңбек, кәсіби құлшынысы тежелген ортада басқаша болуы мүмкін де емес. Айналып келгенде, бірлік пен қарама қайшылық заңы бұзылғандықтан ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуеті де, этномәдени дамуы да өз мүмкіндігінен көп төмен қалды.
- Тарихты жасаушы халық екені күмәнсіз. Әйткенмен халықтың бойындағы жасампаздықты дұрыс арнаға түсірмесе, дер кезінде қолдау көрсетпесе, сезімталдықпен, сергектікпен, іскерлікпен үстемелеп отырмаса, ол да тоқырау тартады екен. Демек, зертеліп отырған кезеңдегі ауыл-селоның интеллектуалдық қарымын, рухани байлығын арттыруға дем беруші адам факторы болса, ең белсендісі мамандар мен оқығандар екенін жоққа шығара алмаймыз.
- 1946-1991 жылдар арасында Қазақстанның аграрлық экономикасы біршама ілгеріледі, материалдық-техникалық мүмкіншілігі артты. Дегенмен ұжымшарлар мен кеңшарлар өзінің түпкі мақсаты – халықты сапалы да мол азық-түлікпен қамтамасыз етуді жүзеге асыра алмады. Өйткені өндірісті ұйымдастыру мен басқару адамдардың мүдделілігіне сәйкес келмеген еді.
- Тарих өткенді білу үшін ғана жазылмайды. Ол бүгінгі ахуалды дұрыс түсінуге негіз қалайды, ертеңге болжам құруға қызмет етеді. 1946-1991 жылдарғы Қазақстан ауыл-селосының тағдыры мен тәжірибесі тәуелсіз еліміздің интеллектуалдық әлеуеті мен көпұлтты мәдениетіндегі іске қосылмай жатқан ресурстарды дөп басып тануға мүмкіндік береді.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі Зерттеу жұмысының негізгі мәселелері диссертанттың жарияланған ғылыми мақалаларында, Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне арналған Халықаралық, республикалық, облыстық және жоғарғы оқу орындары арасында өткен ғылыми-теориялық және ғылыми-практикалық конференцияларда көпшілік назарына ұсынылды. Диссертация бойынша 30-дан астам еңбек республикалық басылымдарда жарияланды. Зерттеу материалдары Қазақстанның қазіргі заман тарихы пәні бойынша оқылатын лекцияларға, арнаулы курстар мен семинарларға пайдаланылады. Зерттеу жұмысы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан Республикасы тарихы кафедрасының мәжілісінде талқыланды.
Диссертация құрылымы зерттеудің мақсаты мен міндетінен туындайды. Зерттеу жұмысы кіріспеден, 5 бөлімнен, қорытынды және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Жұмыстың негізгі мазмұны
Кіріспеде тақырыптың өзектілігі, қазақстандық тарих ғылымында зерттелу деңгейі, зерттеудің басты мақсаттары мен міндеттері және ғылыми жаңалығы баяндалады. Хронологиялық шеңбері айқындалып, жұмыстың деректік базасы мен ізденушінің ұстанған әдіснамалық ұстанымдары сипатталады. Сондай-ақ зерттеу барысында қол жеткен нәтижелердің теориялық, ғылыми– практикалық маңызы ашылып, олардың сыннан өтуі көрсетіледі.
Бірінші тарау – «Зерттеу жұмысының теориялық–методологиялық негізі, тарихнамасы және дереккөзі» деп аталады.
Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялауы арқасында ұлттық тарих ғылымы методологиялық ұстанымдарды түбегейлі жаңартуға мүмкіндік алды. Пікір алуандығы орныққан қазіргі таңда әр ғалым өз ұстанымын алға тартатыны сөзсіз.
Тарихи зерттеу методологиясы дегеніміз ақиқатқа қол жеткізу үшін қолданылатын ғылыми әдіс-тәсілдердің жиынтығы әрі кәсіптік, әмбебап ұстанымдарды басшылыққа алумен білік және деректі қисынды ұштастыру негізінде өткеннің болмысын, өрбу заңдылығын, тағылымын шынайы да кешенді тану.
Зерттеу жұмысында бірнеше методологиялық ұстаным басшылыққа алынды. Олардың маңдайалдысы – уақыт пен кеңістік аясындағы тарихи үрдіс.
Тарих ғылымы үшін уақыттың атқарар міндеті оқиғаның, құбылыстың қайсы ерте, қайсы кеш болғанын көрсететінінде. Оқиғаның, құбылыстың уақытынан бұрын немесе кеш өтуі қоғамдық қажеттіліктің қаншалықты пісіп – жетілгенін ұғынуға септігін тигізеді, ол мыңдаған, тіпті миллиондаған адамдардың тағдырын шешіп кетуі мүмкін, уақыттың тарихи таным мен практикадағы методологиялық әлеуетін ескермеу зерттеушіні ақиқаттан алыстатады.
Кеңістік философиялық категория саналғанмен тарихи танымның методологиясы қатарына кіруге лайықты ұстаным. Ол оқиғаның, құбылыстың қандай елді мекенде, мемлекетте, қай ұзындық пен ендікте орын алғанын анықтайды. Кеңістіктегі нақтылық арқылы тарихи үрдіске алғышарттарды, себеп пен салдарды ұғынуға жол ашылады. Алып жатқан ауданы үлкен немесе кішілігіне қарамастан кеңістіктің кез келгенінде тарихи мәні зор өзгерістер дүниеге келе береді.
Уақыт пен кеңістікті категория, ұстаным дәрежесінен биіктетіп, зерттеу методологиясы ретінде алға тартқанда бұл екеуінің ауыл–селодағы интеллектуалдық әлеуетті, этномәдени өзгерістерді оң тануға тікелей қатысы бар екені қаперге алынған. Біріншіден, ауыл–селодағы өмір көп жағдайда еңбек үдерісінің маусымдық сипатына бағынышты. Екіншіден, ауыл–селодағы уақыт пен кеңістік қаладағыдай сығымдалмаған, сонысымен адамдарды бір– бірінен алшақтатпайды. Шашыраңқы қоныстану, шағын топтармен еңбек ету, мәдени–рухани сұраныстан ұсыныстың кемшін түсіп жатуы ауыл–село тұрғындарының аралас–құраласқа қажеттілігін арттырады, салт–дәстүрді ұзағырақ сақтауға негіз қалайды. Диссертант ауыл–селолардағы ұлтаралық қатынастардың қанша әділетсіздікке тап болса да теке–тіреске, жанжалға ұласа бермегенін, Қазақстанға депортацияланған жүздеген мың басқа ұлт өкілдерінің өзінің екінші Отанын тапқанын осы негіздерге байланысты деген қорытынды жасайды.
Зерттеу методологиясының келесі бір парасын – саяси-идеологиялық центризм деген ұғым-түсінікпен үкілеуді жөн көрдік. Коммунистер билеген кеңестік жылдарда елдің бар тыныс-тіршілігі идеологияға, нақтырақ келсек маркстік-лениндік ілім қағидатына бағынып, содан туындады. Идеология тіпті экономиканың алдында жүрді. Мемлекеттік меншік монополиясы, ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру, нарықтық қатынастарды бекерлеу – КОКП иделогиясының жүзеге асқан нәтижесі. Өйткені К.Маркстан тартып қоғамдық меншік қана адамды адамның қанауына жол бермейді, ұлт тендігін орнатады, әлеуметтік үйлесім әкеледі деп есептеледі. Ал КСРО-да қоғамның бағыт беруші және ұйымдастырушы күші КОКП екені конституциялық баппен бекемделді.
Зерттеу методологиясының танымдық қарымын арттыруға ғылыми ізденістің объективтілік, тарихилық, жүйелілік, детерминизм, даму, салыстырмалық тәрізді әмбебап ұстанымдар тобы жегілген. Зерттеу нәтижелерінің обьективтілігіне ауыл-селодағы интелектуалдық әлеуетке, этномәдени үдеріске тән болмыс-бітімді, байланыс пен арақатынасты бейнелейтін деректерді, құжаттарды, статистикалық мәліметтерді барынша кең кәдеге жаратумен қол жеткізді. Уақыт пен кеңістіктегі болмыс-бітім, байланыс пен арақатынас үздіксіз өзгерісте болатынын ескерумен жинақталған ақпаратқа сыни тұрғыдан қарау бір сәтке үзілген жоқ. Мұның сыртында кешегі кеңестік тоталитаризм тұсында өтірікті шындай қылып жазу үйреншікті жәйт еді. Өтіріктің үлкені 20 жыл ішінде коммунистік қоғам орнатуға уәде берген КОКП бағдарламасы десек асыра айткандык емес.
Ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуетін, мәдени болмысын жүйелілік принципі тұрғысынан зерттеу таным объектісін материалдық-заттай және әлеуметтік субъект жиынтығы ретінде ой елегінен өткізумен жүзеге асырылды. Интеллектуалдық әлеует, мәдениет қанша күрделі болғанмен оның басты факторы адам, бірінші кезекте ауыл-село мамандары мен оқығандары екенін дәйектеу жүйелілік принципінің карымын ашты.
Тарихилық принципі ауыл-селодағы этномәдени ахуал мен интеллектуалдық әлеуеттің калыптасу жолдарын, кезеңдерін, соңғы екеуінің арасындағы тұтастык пен байланыс табиғатын анықтағанда, сандық өзгерістердің сапалық өзгеріске ұласуын зерделегенде көмекке келді. Ол интеллектуалдық әлеует, мәдениет өсіп-өнген тарихи ортаны, аграрлық экономикамен, рухани өмірмен, этномәдени үдерістермен ықпалдастықты объективті зерттеуге жетеледі.
Тарихилық принципі даму принципімен ажырағысыз байланыста. Даму дегеніміз кешегі тұтас құбылыстың ішкі-сыртқы себептер әсерімен жіктеліп, жаңа мән-мағынаға, жаңа кұрылымға ие, бұрынғымен азды-көпті байланысы бар жаңа кұбылыстың немесе құбылыстардың дүниеге келуі. Даму принципін осы тұрғыдан колдану интеллектуалдық әлеуеттің табиғаты мен бастау көздерін ауыл-село өмірінің әлеуметтік дамуымен, адамдардың әрекетімен байланыстыра қарастыруға шылбыр ұстатып, сүбелі нәтижелер әкелді. Ол интеллектуалдық әлеует аграрлық экономикаға, әлеуметтік-мәдени кеңістікке ғана қатысты емес, диалектикалық сипаттағы кұбылыс екеніне көз жеткізді, интеллектуалдык әлеуетке баяу өсу де, секірмелілік те, икемділік пен қасаңдық да жат емес деген ой түйінге негіз калады. Осынау принцип зерттеу объектісінің қарама-кайшылығы мол орта мен уақытта қалыптасқанына дәйек берді.
Детерминизм принципі интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасу заңдылықтарын, оның материалдық-заттай және әлеуметтік келбетіндегі өзгерістер объективті түрде туындағанын, саяси-идеологиялық фактор ықпалы басым жатқанын ұғынуға шылбыр ұстатты. Ауыл-село мамандары мен оқығандарының, механизаторлары мен малшыларының интеллектуалдық, этномәдени тұрғыдан өсуі коғам сұранысына әркашан сәйкес келе бермегені, әсіресе этномәдени қажеттіліктің өтелуіндегі бұрмалаулар саяси-идеологиялық центризм өктемдігімен орын алғаны детерминизм принципінің қолданылуымен бекемделді.
Салыстыра зерттеу методологиялық принципі ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуетін, этномәдениетін әр қырынан қарастыруға мүмкіндік берді. Бұл жерде номотетикалық бағыт мәселені бай деректік ақпараттарға сүйенумен сипаттап қана қоймай, жалпылама баяндауға жеткізгенін ерекше айтуымыз керек. Номотетика зерттеу объектісін тұтас көруге, оған дарыған жалпы болмыс-бітімді анықтауға, басқаша айтсак, ауыл-селодағы интеллектуалдық әлеуетті, рухани өмірді макротарих дәрежесінде ұғындыруға әкелді.
Салыстыра зерттеудің бір қанаты номотетика болса, екінші қанаты -идиография. Ол интеллектуалдық әлеуеттің жекелеп алған бір ғана учаскесін немесе бөлшегін (мәселен, этномәдени үрдісті немесе кәсіби білімі бар адамдар қауымдастығын) егжей-теғжейлі зерделеумен жүзеге асады. Сондықтан да оны кейде микротарих деп айдарлау кездеседі. Әрине, микротарих нәтижелері ауқымды, жинактама ой-түйіндер, философиялық-теориялық тұжырымдар жасауға мүмкіндік бермейді. Дегенмен, номотетика мен идиографияны ұштастыру ауыл-селодағы интеллектуалдық әлеует пен этномәдени даму тәжірибесін, сабақтарын және қорытындыларын Кеңестер Одағындағы ұлт республикаларымен салыстыруға, ұқсастығы мен ерекшеліктерін ажыратуға қол жеткізді.
Зерттеу тарихнамасының маңызды бағыты тарихшы ғалымдардың еңбектерімен сипатталады. Бұлардың ішінде 1946-1991 жылдар арасындағы кеңшарлар мен ұжымшарлар тарихын, ауыл-село интеллигенциясын, КОКП-нің мәдени және ұлттық саясатын, тың игеру тағылымын, тарихи демография мәселелерін байыппен қарастырған монографиялар бар.
Тоталитарлық тәртіп тұсында басымдыққа ие топты, әрине, тарихи-партиялық зерттеулер құрады. Қазақстанда тарихи-партиялық зерттеулер орталығы ретінде Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне қараған партия тарихы институты танылды. 80-ші жылдар басына дейін, яғни жарты ғасырдан астам уақыт бойы осынау институт партия тарихын ұлықтаған 200-ден астам монография, жинақ, кітап шығарған екен [10, С.53.]. Соғыстан кейінгі кезеңде бұлардың іргелілері С.Бейсембаевтың, Г.Я.Козловтың, М.Қозыбаевтың, Ә.Ахметовтың, П.М.Пахмурныйдың қаламынан туғандар еді. Бүгін қоғамдық санада партия тарихын ғайбаттаған, қандай ғана болмасын оң нәтижелерін бекерлеген пікір үстемдік құрып отыр. Әрине, тарих сахнасынан тайған КОКП-нің артынан топырақ шашу оңайдың оңайы. Дегенмен әркім өз заманының перзенті екенін естен шығармаған жөн. Партия тарихын зерттеді деп Қазақстан ғылымында лайықты орны бар азаматтарды күстаналаудың зияннан басқа пайдасы бола қоймас. Олардың еңбектерінде кеңестік-коммунистік дәуірдің болмыс-бітімін, ішінара ауыл-селодағы интеллектуалдық әлеует пен этномәдени үрдіс табиғатын ұғына түсінуге мүмкіндік беретін фактілер, оқиғалар, мысалдар молынан табылатыны сөзсіз. Айталық, 1972 жылы Алматыдағы партия тарихы институты «Дружбой великой сильны» ұжымдық зерттеуді жариялады. Мұнда Қазақстанның одақтас ұлт республикаларымен, социалистік елдермен байланысын ұйымдастырудағы КОКП-нің, Қазақстан компартиясының басшылық қызметі ұлықталғанмен тарихи тәжірибені ашатын құжаттар, деректер мейлінше мол. Еңбектің тұтас бір тарауы соғыстан кейінгі Қазақстанның экономикалық, мәдени, саяси салалар бойынша одақтас республикалармен, социалистік елдермен байланысын ашуға арналған. Тоқыраудың алғашқы жылдары жазылған зерттеуде әлі де мән-мағынасын жоймаған тұжырымдар баршылық. Мәселен, ұлттардың мәдени ықпалдастығы жайлы айтылған мына тұжырым қашанда әділ екені сөзсіз. «Любая попытка обособления той или иной национальной культуры, - делінген бұл кітапта, - искусственное ограничение научных и других форм духовного общения и контактов грозит прежде всего тому народу, той культуре, которая допускает такое обособление и ограничение. Следовательно, казахская социалистическая нация, ее культура, достигшая высокого уровня, будучи равной среди равных, может нормально развиваться и расти лишь при условии постоянного и все расширяющегося обмена и взаимодействия с культурами других социалистических наций, усваивая все лучшее из современной цивилизации и мировой культуры» [11, С.291.]. Демек, еңбектің саясаттанған, әсіре идеологияланған ой-тұжырымдарын есепке алмасақ, ғылыми танымға берері аз емес.
Немесе 1981 жылы Москвада жарияланған «КПСС и культурное преобразование села» кітабын алайық. Мұнда Қазақстан ауыл-селосының экономикалық, мәдени, саяси тарихынан бұрын беймәлім болып келген деректер бар. Түрген қой кеңшары фермасындағы қызыл отаудың (1949 жыл) фотосуреті берілген. Ұлт мамандарының құрамындағы сандық, сапалық ілгерілеулер тілге тиек етіледі. 1954 жылдың басында, дейді зерттеушілер, Қазақстан ұжымшарларында, МТС-тары мен кеңшарларында жоғары және арнайы орта білімді 9 мыңдай маман жұмыс істесе, 1960 жылы олардың саны 20 мыңнан асып түсті. «Резко увеличилось число специалистов из местного населения. В ходе освоения целины количество зоотехников – казахов возросло более чем в 15 раз, а ветеринарных врачей – почти в 8 раз» [12, С.156.]. Осындай еңбектерді КОКП тарихынан жазылған деп ысыра берсек, ұлт тарихымызды кезінде бүкіл одаққа танытқан шығармаларды объективті бағалай алмағанымыз болып табылады.
Партия тарихын зерттеген ғалымдар ішінде де ақиқатты айтқаны үшін қудаланғандар болғанын қаперден шығармаған жөн. 1973 жылы М. Қозыбаев пен З.А. Голикованың «Золотой фонд партии» атты еңбегі жарық көргені белгілі. Кітапта КОКП-нің Қазақстандағы кадрлық саясаты қарастырылған. Авторлар партиялық өктемдікті ашық сынаған еді. Кадрлардың жоғарыдан төменге келетіні сөз болып, ал төменнен жоғары жаққа өсуі айтылмайтынын айыптады. Басшылардың жиі ауысатыны оларға шығармашылықпен жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді делінді. Іле-шала кітап сынға ұшырап, авторлардың бірі М. Қозыбаев партия тарихы институтындағы жұмысынан қуылды [13, 240 б.].
Зерттеу тақырыбымыздың тарихнамасындағы іргелі топты аграрлық саясат пен теорияны, тарих пен практиканы қарастырған еңбектер құрайды. Бұларда ауыл-селодағы өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың дамуы, ұжымшар-кеңшар өндірісінің динамикасы мен тағдыры, оның мамандармен, механизаторлармен қамтамасыз етілуі, мәдени өмірі мен инфрақұрылымы зерделенген. Ең сүбелілері - Г.Ф.Дахшлейгердің, Х.Мадановтың, Қ.Қаражановтың, К.Нұрпейісовтың, Б.Төлепбаевтың, Ә.Тұрсынбаевтың, Б.Бірімжаровтың, И.Шамшатовтың, т.б. ізденісімен жазылғандары [14]. Осы орайда Қазақстанның аграрлық тарихын қалыптастыруға Одақтық, ең алдымен Москва, Ленинград, Новосибирск ғалымдарының зерттеулері айтарлықтай әсер еткенін мойындауымыз керек. Орталықта жарияланған іргелі зерттеулердің теориялық-методологиялық тұжырымдары, құрылымы қазақстандық ғалымдардың еңбектерінде жергілікті ерекшеліктерді ескерумен қайталанып жататын. Ал Москва, Ленинград, Новосибирск ғалымдары да қазақстандық тарихи тәжірибені ыждаһаттылықпен зерделеуді назардан тыс қалдырмады. Мәселен, москвалық тарихшы В.И. Куликовтың «Исторический опыт освоения целинных земель» атты монографиясы негізінен дерлік Қазақстан мысалында жазылып шыққан. Тың игеру республика ауыл-селосының материалдық базасын, механизаторлармен, мамандармен қамтамасыз етуде ілгерілеуге әкелгенін мол құжат негізінде дәйектейді. Астық өндіруді күрт ұлғайту мал шаруашылығына кері әсер етпегені алға тартылады [15]. Мұнда Қазақстан ғалымдары мен қайраткерлері З.Голикованың, А.Кәкімжановтың, М.Исиналиевтің, М.Г.Моториконың, С.Л.Ковальскийдің шығармаларына сілтемелер молынан берілген.
Соғыстан кейінгі КСРО-ның аграрлық тарихы тереңінен жүйеленген келесі бір зерттеу «История крестьянства СССР» [16]. Ұжымдық авторлар қаламынан 1988 жылы туған бұл еңбекте 1945-1959 жылдардағы Қазақстанның ұжымшарлары өмірінен 71 рет, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда облыстары ұжымшарлары тарихынан 5 рет дерек, мысал, айғақ келтірілген [16, С.395.]. Редколлегия құрамына қазақстандық қос ғалымның – Г.Ф.Дахшлейгер мен Б.Төлепбаевтың енгізілгені республикамыздағы аграрлық тарихты зерттеу табыстарын мойындағандық еді. Өкініштісі кітапта Ресейдегі тәжірибе мен үрдіске басымдық беріліп, ұлт республикаларының аграрлық тарихы үстірт сипатталады. Мәселен, 1945-1950 жылдарғы Украинаның, Белоруссияның, Молдавия мен Балтық бойы республикаларының ауыл шаруашылығы, ұжымдастырылуы арнайы тарауда қарастырылса, Қазақстан туралы мұны айта алмаймыз.
Тұтастай алғанда, соғыстан кейінгі Кеңестік Қазақстанның аграрлық тарихы фактологиялық тұрғыдан тәп-тәуір ашылды. Ендігі міндет анықталған деректерді жаңаларымен толықтыра отырып, саясаттан, идеологиядан ада зерттеу жұмыстарын жалғастыру.
Қоғамның таптық жіктелуі мен тап күресін тарихтың локомотиві ретінде ұлықтаған коммунистік билік тұсында қоғамдық-гуманитарлық ғылым ауыл-селоның әлеуметтік құрылымын зерттеуге айрықша ден қойғаны объективті құбылыс. Бұл бағытта әсіресе философтар іргелі нәтижелерге қол жеткізді. Кеңестік Қазақстанда жұмысшы табының, оның аграрлық тобының, колхозшылардың қалыптасуы, құрамындағы сандық және сапалық өзгерістер заңдылықтары, соғыстан кейінгі кезеңдегі ерекшеліктері М.Аженовтың, У.Алдабергеновтың, В.И.Зориннің, А.Ишмухамедовтың, Н.Капесовтың, С.Н.Соскиннің [17], т.б. монографияларында маркстік-лениндік ілім тұрғысынан зерделенді. Әсіресе білімнің, оқу жүйесінің әлеуметтік құрылымға, рухани әлеуетке әсерін саралауда С.Н.Соскиннің қол жеткізген нәтижелері қомақты еді.
Республикадағы демографиялық ахуал, демографиялық өзгерістердің ауыл-селодағы ерекшелігі мен барысы М.Асылбековтың, Н.В. Алексеенконың, А.Н. Алексеенконың, Ф.Н. Базанованың, Ә. Ғалиевтің, В.В. Козинаның, М. Сдықовтың, М. Тәтімовтың іргелі зерттеулеріне арқау болды [18].
Тұтастай алғанда, тарихи демография жас ғылым саласы. Ол қайта құру жылдары қолға алынып, тәуелсіздік тұсында қалыптасуға бет түзеді. Оны кезінде академик М. Қозыбаев та ерекше атап көрсеткен еді: «В республике не сложилась постоянно действующая система демографической службы. Не развита координация усилий демографов для решения целевых республиканских и межреспубликанских программ. Ни одно высшее учебное заведение республики не готовит специалистов по исторической демографии» [19].
Зерттеу тақырыбымыздың тарихнамалық келесі тобы мәдени құрылыс мәселелеріне қатысты. Бұл орайда жарық көрген зерттеулерді екі топқа жіктеуге болады. Бірі – Қазақстандағы мәдениет құрылысы тарихын тұтастай алып зерттегендер, екіншілері - ауыл-село мәдениетінің тарихына арнайы тоқталғандар. Номотетикалық мазмұнда орындалған еңбектердің көрнектісі Р.Сүлейменовтың, Ә.Қанапиннің, А.Д.Яндаровтың қаламынан туғаны Отан тарихынан белгілі. КОКП өктемдігінің орнына шығармашылық бостандық келген бүгінгі таңда социализм тұсында жарық көрген мәдениеттанулық зерттеулерді сынау оңайдың оңайы. Бірақ бұл білгендіктің, ардың ісі емес. Р.Сүлейменов, Ә.Қанапин, А.Д.Яндаров өз зерттеулерімен Қазақстанда социалистік мәдениетті қалыптастырудың тарихи тәжірибесі мен қорытындыларын кешенді аша алды.
Тәуелсіздік тұсында Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардағы Қазақстан мәдениеті тарихын зерттеуге сүбелі үлес қосқан ғалым А.Капаева болып табылады. Оның 2004 жылы жарық көрген «Культура и политика (Государственная политика в области культуры в Казахстане во второй половине 1940-х-1991 гг.)» монографиясында әдебиет пен өнердегі, ғылым мен саяси цензурадағы табыс пен іркіліс, саяси қуғын-сүргін мен өктемдік ақиқаты боямасыз ашылған. Зерттеуде ұлт тарихын адамиландыруға көп көңіл бөлініпті. Автор ғылыми этиканы ыждахаттылықпен сақтаған. Мәдениет тарихнамасында терең із қалдырған аға буын тарихшылардың аттары мен кітаптарын құрметпен талдауы осының айғағы. Мәселен, бүгінде дүниеден озған Р.Б.Сүлейменовті, Х.Бисеновты, Ә.Қанапинді ауызға алғанда мынадай әділ тұжырымға келіпті. «Надо отметить, что отдельные обобщения и теоретические выводы, сделанные авторами вышеназванных работ, представляет определенный интерес и поныне. Однако, по большей части не по вине исследователей, а по причине существовавших методологических установок и ограничений в социально-гуманитарных науках, особенно в исторической, главный акцент делался на аргументации исторической необходимости коммунистической «культурной революции», обосновании планового характера культуры» [20, С. 33.].
Ал соғыстан кейінгі ауыл-селода мәдени үдерістің қалай өрбігеніне Ә.Құдайбергеновтың, Ж.Бодановтың, О.Керімбековтің, Н.Күзембаевтің, А.А.Рогачевтің, Т.Садықовтың, В.П.Гноевыхтың, А.Икеновтің монографиялары жауап береді. Бай деректік негізде жазылған осынау еңбектерде ауыл-село тұрғындарының біліми және мәдени тұрғыдан кемелденгені, мәдени-ағарту мекемелерінің қызметі, әлеуметтік инфрақұрылым жайы, қаланың мәдени қамқорлығы, білікті мамандардың, механизаторлардың жаңа толқыны өсіп шыққаны баяндалады [21]. Осылардың ішінде Ә.Құдайбергеновтың 1989 жылы жарық көрген «Дәулетке сәулет сай болсын» монографиясына тоқтала кеткеніміз артықтық етпейді. Зерттеуде ең алдымен автордың ауыл-село мәдениеті мәселесіне кешенді келуі көзге түседі.
Тағы бір құптарлық жәйт, монографияда ауыл-селоның мәдениетін көтеруге белсене қайрат қылған көптеген адам аттары аталған, олардың нақты іс-әрекеті суреттелген. Міне, осы жағынан алғанда, кітапта аттары аталған мектеп мұғалімі Б.Кәрімжановтың, зоотехник Л.Арупановтың, инженер В.Павловтың, киномеханик М.Компаниецтің нәтижелі мәдени қызметі аса маңызды [22].
Қазақстанда ұлт мәселесінің кеңестік нұсқада шешілуін, тарихи тағдырларын КОКП идеологиясының шеңберінде зерттегендер А. Ержанов, Н. Киікбаев, Н.Жанділдин десек, қайта құру мен тәуелсіздік жылдарында мәселеге сүбелі үлес қосқандар Р.Әбсаттаров, Ж.Әбділдин, М.Қозыбаев, Ә.Нысанбаев, С.Борбасов А.Айталы, Қ.Марданов, Қ.Көшербаев, Р.Құттыбаева, А.Котов, Ж.Кыдыралина сынды ғалымдар. Бұлар зерттеу тақырыбы тарихнамасының бесінші тобын құрайтын еңбек жазды. Кеңестік жылдарда Қазақстандағы ұлттардың мәдени-рухани өмірі гүлденгенін әрі жақындағанын дәйектеуге зерттеушілердің бой алдырғаны айтпаса да түсінікті. Замана талабы солай еді. Тәуелсіздіктің арқасында ғана ұлт мәселесі, ұлтаралық қатынастар, этномәдени даму ауыр дағдарысқа душар болғанын айтуға мүмкіндік туды. Тарихшылардың ішінде мәселені батыл көтерген М. Қозыбаев еді, 1992 жылы бүкілқазақтық тұңғыш құрылтайда жасаған баяндамасында кеңестік шытырман қайшылықты алға тартып, отаршылдық пен тоталитаризм табиғаты ұлт мәселесіне келгенде бір екенін ашық айта алды. «Сонымен қатар, - деген еді М.Қозыбаев, - оның басына дінінен, тілінен айрылу қатері туды... Өз еліңде қазақ жатақ болып, азшылыққа айналды. Көшпелі өркениет сөгілді, жаңа өркениет арада емес, арманда да емес, елдің еңсесін түсірді, болашағына күмән тудырды. Кеңестік орталық, большевизм жүргізген геноцид-этноцид отаршылықтың шыңы болды» [23, 166 б.].
Мәселенің мейлінше күрделі екенін әлі күнге дейін ұғымдар мен түсініктер мәнін анықтау төңірегінде жүріп жатқан пікірталастардан байқауға болады. Ұлт, ұлттық идея, этнос, халық, диаспора дегеніміз не деген сұрақ бойынша ғалымдар ортақ пікірге келе алмады.
Ауыл-селодағы интеллектуалдық әлеуеттің объектісі де, субъектісі де барша тұрғындар қауымы болғанмен, ең белсенді қозғаушы күші оқығандар мен мамандар екені күмән туғызбаса керек. Соғыстан кейінгі бесжылдықтарда Қазақстанның ауыл-селолық мамандары мен оқығандары екі жолмен өсіп-өңді. Біріншісі – жоғары және арнайы оқу орындарында даярлануы, екіншісі – кәсіби білімі жоқ жұмысшылар мен колхозшыларды өмірлік белсенді позициясын қаперге ала отырып, ой еңбегі саласына ауыстыру.
Жоғары мектеп тарихнамасында Қ.Жаманбаевтың, Қ.Жоламановтың, М.Батырбековтың, Т.Катаевтың, Л.Рүстемовтың, Ә.Сембаевтың, Л.Я.Гуревичтің еңбектері лайықты орны бар дүниелер. Бұларда жоғары және арнайы орта оқу орындарындағы оқу-материалдық база, профессор-оқытушылар құрамы, студент қабылдау мен маман даярлау тәжірибесі, оқу, тәрбие, ғылыми жұмыс нәтижелері, қиыншылықтар мен іркілістер салиқалы талданады.
Қазақстан интеллигенциясының тарихнамасында да пікірталас туғызған мәселелер баршылық. Алғаш бұл тақырыпқа 50-ші жылдары Ш.Тастанов, Ж.Қарағұсов, Х.Ақназаров сынды тарихшылар қалам тартты. 70-ші жылдары Ш.Тастановтың, Ц.Р.Розенбергтің, 80-ші жылдары Х.Әбжановтың, С.Әубәкіровтың монографиялары жарияланды. Ғылыми мақалалар тіптен көп. 1968-1977 жылдарда кеңестер елінің тарихшылары мен философтары интеллигенция тақырыбы бойынша 2000-ға жуық еңбек жазған екен [24].
Әзірге шешімін таппаған мәселе кеңестік Қазақстан интеллигенциясының тарихын дәуірлеу болып отыр. Зерттеуші Қ.Жаманбаевтың пайымдауынша оның бес дәуірі бар: 1) Кеңес өкіметінің алғашқы он жылдығы (1917-1927 жж.); 2) Соғысқа дейінгі үш бесжылдық (1928-1941 жж.); 3) Ұлы Отан соғысы жылдары (1941-1945 жж.); 4) Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру және социализм құрылысын аяқтау кезеңі (1946-1958 жж.); 5) Коммунистік қоғамды орнықтыру кезеңі [25, С. 10.]. Ғалым Р.Сүлейменовтың дәуірлеуі өзгеше. Ол үш кезеңді алға тартты: 1) 1917 жылдың қазанынан 30-шы жылдардың басына дейін; 2) 1933-1958 жылдар; 3) соңғы аяқталу кезеңі 50-ші жылдардың аяғы [26, С. 71-73,281-292,351-356.]. Ш.Тастанов пен М.Аженов те өзіндік дәуірлеуді ұсынды. Олардың пікірінше, Қазақстан интеллигенциясының қалыптасуы 30-шы жылдардың екінші жартысында аяқталған екен де, одан берідегі кезеңде ой еңбегі адамдарының құрамы сандық және сапалық өзгерістерді ғана бастан кешкен [27].
Мәселеге жаңаша қараудың талпынысын соңғы жылдары тарихшы ғалым Х.Әбжанов көрсетуде. Оның пікірінше Қазақстан интеллигенциясы 30-шы жылдардың екінші жартысында да емес, 50-ші жылдардың аяғында да емес, 60-70-ші жылдар межесінде қалыптасты. Мұндай ой-түйінге айғақ, дәлел ретінде Қазақстан жоғары мектебі 60-шы жылдардың екінші жартысынан ғана іріленіп, қазақ мамандарын даярлауды ұлғайтқаны дәйектеледі. Айталық, Ақмола зоотехникалық - малдәрігерлік техникумы 1954-1957 жылдарда 334 маман даярлап шығарса, оның 68-і ғана қазақ баласы екен. Қызылорда гидромелиорация техникумы 1949-1956 жылдар аясында тиісінше 475 және 165 маман беріпті, Семей ауыл шаруашылығын механизациялау техникумы – 433 және 42, бұл аздайын республикадағы барлық техникалық жоғары оқу орындары кеңес үкіметінің алғашқы 40 жылында небары 929 инженер - қазақ даярлай алған көрінеді [28, 173 б]. «...Кеңестік қазақ зиялыларының қалыптасуы 60-жылдардың аяғы мен 70-жылдардың басына дөп келеді, - деп жазады Х.Әбжанов. - Өйткені тап осы тұста ғана қызметкерлер мен мамандардың көпшілігі арнайы білімі бар адамдардан жасақталды. Екіншіден, жұмыс істеп жатқан әрбір төртінші қазақ ой еңбегі саласына шоғырланды» [28, 176 б.].
Қазақстан интеллигенциясының тарихнамасын дәйектеу міндетін талантты ғалым Г.Кәкенова абыроймен шешті. Оның монографиясында ХХ ғасыр бойына ғылыми және шығармашылық зиялы қауым тарихы мен теориясынан жазылған еңбектердің бары мен жоғы маржандай тізілген екен [29].
Ауыл-село интеллигенциясының тарихнамасы біршама қалыптасты. 1988 жылы жарық көрген «Сельская интеллигенция Казахстана в условиях совершенствования социализма» монографиясында зерттеуші Х.Әбжанов 60-70-ші жылдарғы ауыл-село интеллигенциясының өсу жолдарын, әлеуметтік келбетін, кәсіби және қоғамдық-саяси қызметін талдаған. Интеллигенцияның аграрлық тобы әлденеше диссертация мен мақалаларда қарастырылды [30]. Ауылшаруашылық мамандарының соғыстан кейінгі жылдардағы тарихы мен кейбір теориялық-методологиялық мәселелері В.К.Гривеннаяның, К.Төлеубаеваның, М.Илиповтың кандидаттық диссертацияларында, мақалаларында, ауыл-селолық мұғалімдердің қоғамдық-саяси практикасы Ж.Искаков пен М.Арынованың диссертацияларында, ал барша ауыл-село интеллигенциясының қоғамдық және мәдени өмірдегі қызметі Б.Қалқамановтың, Ғ.Тезекбаевтың, В.Д.Шавиннің зерттеулерінде зерделенген.
Ғалымдар ауыл-село интеллигенциясының әлеуметтік мәні мен қалыптасу кезеңдерін анықтауға үлкен мән берді. В.К. Гривенная ауыл шаруашылық интеллигенциясына ұжымшар-кеңшар өндірісінде ой еңбегімен кәсіби айналысатын, сапалы өзгешелігі бар, іштей жіктелген, үнемі даму үстіндегі әлеуметтік топты жатқызды. Бұлар кеңестік дәуірде ғана қалыптаса бастап, қысқа тарихи мерзім ішінде үдеріс аяқталды, дейді зерттеуші [31, С.9-10.]. Ал В.И.Зоринмен бірлесіп жазған мақаласында ауыл шаруашылық интеллигенциясының қалыптасуы Қазақстанда ХХ ғасырдағы 30-шы жылдардың аяғында жүзеге асқанын нақты көрсетті [32].
Ауыл шаруашылығы интеллигенциясының ішкі жіктелісі Н.Капесовтың монографиясында былайша дараланған: 1) ауыл шаруашылық кәсіпорындарының басшылары, бас мамандар, бөлімше меңгерушілері; 2) экономистер, агрономдар, зоотехниктер, мал мамандары, инженерлер. Бұлар бөлімшелерде, цехтарда, фермаларда, басқару аппаратында еңбек етеді. 3) техниктер, бухгалтерлер, яғни атқарушы функцияға жегілгендер [33, С.105.].
Ауыл-село интеллигенциясының мәні мен болмысын В.И.Гноевых басқашалау анықтайды. Оның пайымдауынша, барша интеллигенцияның әлеуметтік тобына жататын ауыл-село интеллигенциясы білікті ой еңбегін атқаратын болғандықтан жоғары және арнайы орта білім иесі болуы керек [34, С.18.]. Философ ғалым С.Н.Соскин ауыл-село интеллигенциясы құрамына дипломды мамандар мен практиктерден басқа маман емес қызметкерлерді қосып, соңғылары төмен білікті ой еңбегімен айналысқандықтан жоғары және арнайы орта білім иелері болуы міндетті емес деген пікірде қалды [35, С.66.].
Сонымен, жинақтап айтар болсақ, ауыл-село интеллигенциясының анықтамасы төңірегінде айтылған ой-пікірлер аз болмағанымен олардың бірде біреуінде интеллектуалдық әлеуетпен байланыстыра ой толғаған тұжырым кездеспейді. Бұған себепкер – кеңес еліндегі экономикалық детерминизмді ұлықтаған саяси-идеологиялық ұстаным. Ерікті адамдардың интеллектуалдық әлеуеті қоғамның барлық саласын алға сүйрейтінін ол жылдары дәйектеу КОКП-ның бағытына қарсы шыққанмен пара-пар іс еді.
Соғыстан кейінгі Қазақстандағы кеңестік модернизациялаудың әлеуметтік-экономикалық және мәдени салдары, КОКП өктемдігінің ұлттық қатынастар саласындағы көріністері шет ел ғалымдарын бей-жай қалдырмады. Тіпті мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-та М.Олкоттың «Қазақтар» атты монографиясы жарияланды. Мақалалар тіптен де көп.
Тоталитарлық тәртіп тұсында Қазақстан тарихы туралы капиталистік елде жарық көрген зерттеу Отандық тарихнамада тек сыналып отырғаны белгілі. Тәуелсіздік тұсында ғана оның ақ-қарасын ажыратып, әділ бағалауға жол ашылды. Бұл орайда мейлінше жемісті еңбек еткен ғалым К.Есмағамбетов екені сөзсіз. Қазақстандық тарих ғылымындағы табыстар мен іркілістер жайлы шет ел авторларының айтқандарында ақиқат бар деп түйіндеген К.Есмағамбетов, М.Олкоттың қазақ зиялылары, ұлт тарихы, тілі, сәулет ескерткіштері төңірегінде айтқан ой-тұжырымдарын өте жоғары бағалайды [36, С.48.].
Қазақстанның өнеркәсіптік-аграрлық дамуы, мәдениеті мен тілінің проблемалары, ұлтаралық қатынастары соғыстан кейінгі жылдардағы неміс тарихнамасында қалай зерттелгенін саралауға павлодарлық ғалым Р.Таштемханова өз монографиясының тұтас бір тарауын арнаған екен. «Освещение экономического развития Казахстана в немецкой историографии 90-х годов, как и в предыдущий период, велось: а) в рамках модели «центр-периферия», предусматривающей антагонистический характер экономических интересов Европейской Росии и национальных республик СССР; б) в русле закономерности роста национального самосознания народов Казахстана и Средней Азии, выступавших против грабежа природных ресурсов в пользу Центра-метрополии», - деген автордың тұжырымына қосылмауға негіз жоқ [37].
Тарихшы ғалым Г.Бырбаеваның 2005 жылы жарық көрген «Центральная Азия и советизм: концептуальный поиск евро-американской историографии» атты көлемді монографиясында одақтас республикалардағы,оның ішінде Қазақстандағы да мемлекеттік құрылыс, дәстүрлі қоғам мен модернизация арақатынасы, ислам тағдыры, орыс мәселесі, халық шаруашылығы кешенінің күнгейі мен көлеңкесі, демографиялық ахуал, ұлттық интеллигенция жайы білімпаздықпен талданған. Еуропа мен америкалық советологтардың 60-90-шы жылдарғы зерттеулерін қорытындылай келіп, Г.Бырбаева елу жылға жетпейтін уақыт аясында Қазақстан мен қазақ халқының этноәлеуметтік және этносаяси құрылымы, қазақ қоғамының тұтастығы қирады деген ойтүйінге қосылады. Агроэкономикалық кеңістіктегі өзгерістер жайлы тұжырымы да шетелдік тарихнамамен үндесіп жатыр. «С точки зрения «иерархического деления наций на степени значимости вдоль социально - экономических измерений (т.е.этнической стратификации), - дейді ол, - аграрные реформы, проведенные в Казахстане в советский период, повлекли за собой не грандиозные успехи в сельскохозяйственном секторе производства, а тектонические подвижки внутри самой нации. Казахи в этом отношении были не только подвергнуты бифуркации, или раздвоению на этнически аульную и маргинально городскую культурную среду, но и приблизились к точке возврата, как говорят авиаторы, когда конверсия к исконным национальным корням после советских экспериментов могла стать уже необратимой» [38, С.270-271.].
Сонымен, Ұлы Отан соғысынан кейінгі Қазақстан ауыл-селосының тарихы мен тағдырына арналған ғылыми еңбектер аз болмағанмен оларда интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасуы мен этномәдени өмірі арнайы қарастырылмаған күйде қалуда. Бұл мәселелер ауыл-селоның шаруашылық, мәдени, әлеуметтік, қоғамдық-саяси тарихынан іргесі ажыратылмаған дәрежеде сақталып отыр. Осының өзі зерттеу тақырыбының өзектілігін және әлі де қайшылықтарға толы екенін көрсетеді.
Бірінші тарауда диссертант сонымен қатар зерттеу жұмысының деректік көздеріне талдау жасаған. Тарихи дерек дегеніміз адамның саналы іс - әрекетінен туындаған заттай немесе жазбаша ескерткіш. Ал олар әлденеше қорларға, кітапханаларға, жеке адамдардың архивіне, тағы басқа мекен– жайларға шашырап орналасқан. Ауыл–селоның интеллектуалдық әлеуеті мен этномәдени өмірінен хабар беретін дереккөздері мейлінше кең. Оған музейлерде тұрған заттай жәдігерлерден бастап күн сайын жарық көріп жатқан газет–журналдарға дейін жатқызуға болады. Өйткені осылардың әрқайсы соғыстан кейінгі жарты ғасырға жуық дәуірде ұжымшар мен кеңшарда, аудан мен жайлаудағы елді мекенде орын алған ілгерілеу мен іркілістен, адамдардың үміті мен күдігінен ақпарат бере алады.
Архив қорларындағы партиялық құжаттарды зерделеу барысында, Қазақстандағы аграрлық және ұлт саясаты Мәскеудің қолында қала бергеніне, Орталықтың өктемдігі әрбір елді мекендегі ұсақ-түйектен тың және тыңайған жерлерді игеруге, аграрлық-өндірістік кешен құруға, азық-түлік бағдарламасын түзуге дейін Кремльде пішіп шешілгеніне нақты деректер ғылыми айналымға түсті.
Қазақстан Республикасы Президентінің архиві ауыл–селодағы интеллектуалдық әлеует пен этномәдени өмірге тән қиыншылықтар мен кереғарлықтарды тереңінен ұғынуға қажет құжаттардан кенде емес. Себебі партиялық басшылық қоғамның барша тыныс–тіршілігін өз қолында ұстап отырғандықтан жергілікті ұйымдарынан қажетті ақпаратты үздіксіз алуды бір сәтке ұмытқан жоқ.
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде түрлі министрліктердің, комитеттердің, ведомостволардың қорлары жүйеленген. Зерттеу объектісіне қатысты ақпараттар легі Қазақ КСР Министрлер кеңесі, ауыл шаруашылығы, мәдениет, оқу, жоғары және арнайы орта білім министрліктері, Қазақ КСР мемлекеттік жоспарлау комитеті, Орталық статистика басқармасы қорларынан табылды.
Қазақ КСР Министрлер кеңесінің 1137-ші қорындағы құжаттарды зерделеумен ауыл-селоның экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуына тікелей ықпал еткен ағымдық, стратегиялық шешімдердің дүниеге келуін, жүзеге асуын, қорытындыларын бағамдауға мүмкіндік туды. Аграрлық өндіріске немесе ауыл-село мәдениеті мен біліміне қатысты үкімет қаулысын даярлау партиялық мақұлдаумен қолға алынғанына көзіміз жетті. Бірлескен партиялық-үкіметтік шешімдер де аз қабылданбаған екен.
Қазақ КСР ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты 1421, 1481 қорлардағы құжаттар ұжымшар мен кеңшарларда қалыптасқан өндірістік ахуал еңбеккерлерге, олардың көңіл-күйіне, табысына, өмір салтына, тұрмысына, мәдени-рухани өміріне әсерін түсінуге жетеледі.
Орталық статистика басқармасының 698-ші қоры ауыл-селодағы интеллектуалдық әлеует пен этномәдени үдерістің әр жылдарғы жай-күйін түсінуге ғана емес, олардың ертеңін болжауға, енді ғана қылтиып көрінген жаңа құбылыстардың болашағы мен тағдырына көз жүгіртуге негіз қалады. Мәселен, кеңестік тарихнамада колхозшылар өмірін мақтап мадақтаумен сипаттау дәстүрі нық орныққан болатын. Орталық статистика басқармасы қорынан сталиндік билік тұсында-ақ адамдардың ұжымшарлардан қаша бастағанын айғақтайтын мәліметтер қолға тиді. Соларға сүйене отырып ауыл-селодағы әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымның шешімін таппаған түйіндері ақиқатына көз жеткізетін мүмкіндік бар.
Оқу және мәдениет министрліктерінің құжаттары жинақталған (ҚР ОМА-нің 1692, 1876 қорлары) қорлардан ауыл селолардағы мектептердің, кітапханалар мен клубтардың, мәдени-спорттық кешендердің жай-күйі, олардың аграрлық экономика мен қарапайым еңбек адамдарына етене кірігуге талпынысы, жұмысындағы қиыншылықтары мен қайшылықтары туралы мол мәлімет алуға болады.
Диссертацияда сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда облыстары мемлекеттік архивтерінен табылған құжаттар мен деректер қолданылды. Олар әр өңірге тән ерекшелікті ашуға септігін тигізді.
Әлеуметтік статистиканың мейлінше шұрайлысы халық санағының қорытындыларында жинақталған. Зерттеудің нәтижелерін дәйектеуге 1939,1959, 1970, 1979, 1989 жылдары өткен халық санақтары мол ақпарат берді.
Ал мерзімдік баспасөз бетінен алынған құжаттарда ұжымшар мен кеңшарлардағы өндірістік және әлеуметтік жауапкершілігі зор ізденістер мен іркілістерді, мамандар мен қарапайым еңбек адамдарының тағдыры, ауыл–село басшылары мен мамандардың озат тәжірибені насихаттауы талданған. Кеңестік мерзімді баспасөз қырағы цензураның бақылауында болғандықтан онда сыни мақалалар, әділ талдаулар басыла бермеді. Ғалымдар М.Қозыбаев пен П. Белан дөп басып айтқандай: « ... они отличаются тематической узорностью, ограничиваются описанием трудовых подвигов, оценивая последних как итог вдохновляющей и организующей работы партийных организаций, особое внимание уделяя внедрению в жизнь все новых и новых начинаний и обращений, оказавшихся надуманными или закамуфлированными под народную инициативу, проявлениями командно – бюрократической системы управления. В основе такого подхода часто лежало сверхпочтительное отношение авторов к решениям партийных и государственных органов на всех уровнях. Упускалось из виду, что и эти документы – порождение определенного времени и конкретного круга людей, в мыслях и делах которых полностью отражались эпоха, система, стиль жизни, устоявшиеся ценности и традиции» [39, С. 36].
Зерттеудің мақсат-міндеттерін жүзеге асыру үшін деректердің сұрыпталуына белгілі бір ұстаныммен қарағанымызды айта кеткен ләзім. Біріншіден, деректер зерттеу обьектісін әр қырынан ашқанын қаладық. Екіншіден, деректердің шығу көздерінің деңгейі алуан-алуан болуына назар аударылды. Айталық, республикалық деңгейдегі, облыстық, аудандық, ауыл-селолық деңгейдегі даярланған құжаттар, ақпараттар, мәліметтер басы біріккенде ғана ақиқаттың беті ашылатыны қаперден шықпады. Үшіншіден, деректердің өзі іштей дәуірленетіні ескерілді. Бұл жерде басты өлшемге кеңес қоғамындағы саяси-идеологиялық ахуал жүрді. Тарқата айтсақ, Сталин билеген тұстағы саяси-идеологиялық ахуалды Хрущевтік «жылымық» жылдарындағы немесе «тоқырау» кезеңіндегі ахуалдан өзгеше емес деуге негіз жоқ. Әр саяси-идеологиялық ахуалға сай құжаттар түзілді. Осы ерекшелікті ескермей тарихи танымның биігіне қол жеткізу мүмкін емес.
Қысқасы, соғыстан кейінгі кезеңдегі ауыл–селоның тарихы мен тағдырын зерттеуге қажетті дерек пен дереккөзге зәрулік жоқ. Диссертанттың пікірінше, ендігі басты міндет сол деректердің айтқаны мен айта алмағанын анықтап, ғылыми танымның тарих ғылымындағы қуатты факторына айналдыруда.
Достарыңызбен бөлісу: |