СЕГІЗ ҒАСЫРДАН СОҢ ҚАЙТА ОРАЛҒАН КІТАПХАНА
«Отырар кітапханасы» – дүниеде әйгілі Александрия кітапханасынан кейінгі орынды иеленген деседі. Алайда тарих тегершігі алемдік руханмитта ерекше орын алатын қос кітапхананы да жер бетінен жойып жіберді. Бірақ адамзат баласының осынау ұлы құндылығы кітапханалар араға қанша ғасыр салып қайта оралды.
Александрия кітапханасы 2002 жылы 12 жыл қурылыстан соң пайдалануға берілді. «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы Үкіметтің 2001 жылғы 16 шілдедегі қаулысымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан бой көтерді. «Отырар кітапханасы» кешегі Отырардың жалғасы іспетті.
Бүгінде «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы Астанадағы рухани-мәдени орындардың біріне айналды. Кітапхана оқырмандарға қызмет көрсетіп қана қоймайды, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысады. Кітапханада кітап қоры мол. Қазақ тарихына қатысты шет елден әкелінген сирек кездесетін қолжазбалар осында сақтаулы. Еліміздің көрнекті ғалымдары мен жазушыларының жеке кітапханалары да осы жерден орын алған. Бір сөзбен айтқанда, «Отырар» кітапханасы – Астанадағы көшбасшы кітапханалардың бірі. Осы орайда біз «Отырар кітапханасы» ғылыми орталытының директоры, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбаевты әңгімеге тарттық.
Жеті жылда қазақ тарихына қатысты 26 жинақ пен монография шығардық.
– Кітапхананың негізгі қызметіне тоқталып өтсеңіз?
– «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында 12 оқу залы, 7 абанент бар. Он бес ғылыми қызметкер жұмыс істейді. Оның төртеуі – ғылым докторы, үшеуі – ғылым қандидаты. Қазір кітапханада 1 миллион 470 мың кітап қоры бар. Соның 34 мың – сирек кітаптар мен қолжазбалар. Ғылыми орталықтың жұмысы негізгі үш бағытта қамтиды. Бірінші – ғылыми зерттеу жұмыстары. Бұл ретте ғылыми орталық құрылған жеті жылдың ішінде қазақ тарихына қатысты 26 жинақ пен монография шығардық. Оның ішінде сонау ІХ ғасырдағы көне қолжазбалардан бастап күні кеше ғана арамыздан өткен ғалымдардың мұралары бар. Мысалы, абайтану саласындағы ғұлама ғалым осы саладағы ғылыми еңбектері үшін кезінде ату жазасына кесілген Қайым Мұхамедхановтың тоғыз томдық еңбегінің алты томы жарық көрді. Қалған үш томы алдағы жылда шығып қалар деген ойдамыз. Алла сәтін салса, кезінде Әсет Найманбаевпен айтысқан ақын Кәрібай Таңатарұлының бір томдық жинағы биыл баспадан шығады. Сондай-ақ қырқыншы жылдары Шығыс Түркістан үкіметін құруға атсалысқан, сол үшін 50-жылдары ату жазасына кесілген, қытай мен қазақ тілінің арасындағы байланысты зерттеген Балхаш Бафиннің бір томдық еңбегін жарыққа шығардық.
Екінші бағыт ғылыми-мәдени қызметтер жасау. Бұл бағыттағы ауқымды жұмыс Қ.Сартқожаұлының бастамасымен осы университетте ашылған «Жазу тарихы» оқу-адістемелік мұражайы. Лев Гумилевтің, Әлкей Марғұланның, Кемел Ақышевтің, Тұрсынбек Кәкішевтің, Серік Қирабаевтың, Мұхамеджан Қаратаевтың, Рәбиға Сыздықованың, Оразгүл Нұрмұхаммедованың мұражай-кітапханаларының ашылуы – сол бағыттағы игерілген істердің бір парасы. Біз еліміздің белгілі ғалым, қоғам қайраткерлерінің кітапханасын жию арқылы кітап қорын молайтып қана қоймаймыз, сонымен қатар сол ғалымдардың тәжірибесін, ғылыми мектебін одан әрі жалғастырып, зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Үшіншісі – оқу-ағарту қызметі. Студенттерді оқулықтармен, ғылыми-көпшілік басылымдармен, көркем әдебиеттермен қамтамасыз ету. Осы бағытта біз кейінгі төрт жыл көлемінде 222 миллион теңгеге кітап сатып алдық. Ғылыми орталықтың мақсаты – Еуразия кеңістігіндегі әлемдік өркениет пен ғаламдастыру жүйесіне белсенді араласу; Қазақстан Республикасының саяси тарихы, рухани мәдениетіне, ұлттық даму жолы мен жазба мұраларына, ғылымы мен өнеріне, даму өркениетіне қатысты дүние жүзіндегі барлық көне қолжазбалар мен қолжазба кітаптарды, сирек кітаптар мен басылымдарды, заттай жедігерлерді мемлекеттік рухани қазынаның бас ғимараты ретінде бір орталыққа шоғырлаңдыруды ұйымдастыру. «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының тұжырымдамасы классикалық университет деңгейіндегі отандық кітапхана жүйесін қалыптастыруға негізделмек және қызмет ауқымының міндеттері ғылыми ұйымдастыру, ғылыми зерттеу, ғылыми-мәдени қызмет көрсету, ғылыми білім беру, ғылыми-мәдени ағарту салаларын үйлестіре жүргізуге бағытталмақ.
Алдағы уақытта «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының 7 қабатты жаңа ғимараты салынатын шығар деп отырмыз. Үкімет тарапынан кітапхана құрылысына 5 жарым миллиардқа жуық қаржы бөлінуі тиіс. Ғимарат «Қазақстан» спорт кешені мен біздің жаңа ғимарат арасындағы ашық алаңға садынбақшы.
– Бір сөзіңізде кітапханада 34 мыңға жуық сирек қолжазбалардың бар екенін айттыңыз. Солардың ішінде кімдердің дүниелерін ерекше атауға болады?
– Кітапхана қорында сирек қолжазбалар қоры өте мол. Солардың арасында түпнұсқасы кейінгі ауған соғысында өртеніп кеткен «Латафат-нама» дастанының ұйғыр жазуымен жазылған көшірмесі (қазір түпнұсқа есебінде бағаланады), М.Қашқари қолжазбасының ғылыми көшірмесі (Түркия, Қ.Сартқожаұлы тапсырған), Фарабидің 12 қолжазбасының көшірмесі (Иран, М.Жолдасбеков тапсырған), «Қытайдың шешендік өнері» (Қытай, түпнұсқа, О.Сүлейменов тапсырған), Радловтың «Орхон-Енисей жазуының альбомы» (түпнұсқа, И.Тасмағамбетов тапсырған), В.Томсонның 5 томдығы мен Гейкельдің альбомы (түпнұсқа, Швецияның Мәдениет министрлігі сыйлаған), 1742, 1754, 1888 жылдары Гамбургте, Лондонда шыққан «Каспий өңіріне саяхат» (қартасы бар), «Сақтар», «Кушан», «Тохарстан» (тапсырған А.Төлепбергенов), Левшиннің поляк тілінде жазылған «Қырғыз-қайсақ тарихының» қолжазбасы (А.Сейдімбек) осында. Атақты жазушы ағамыз, марқұм Қалтай Мұхамеджанның кітапханасында орыс патшасы Алексей Михайловичтің (Бірінші Петрдің әкесі) бұзау терісінен қаптатып жасатқан «Евангелие», Ат-Табаридің түрік тіліңдегі еңбегі (орыс тіліне бір-ақ томы аударылған), Моңгол хандары мен Баягдүр ханның тарихы, Қазақстан туралы орыс және шет тілдеріндегі жинақтар, Кауфманның «Түркістан альбомы» (1884), ХІХ-ХХ ғасырдағы араб қарпіндегі қолжазба кітаптары, 1900-1930 жылдар аралығындағы қазақ баспасөзінің тігінділері, «Құран Кәрімнің» 15 тілдегі нұсқасы, тағы басқа кітаптар бар.
Александрия кітапханасы Президенттің тікелей қамқорлығында
– Білуімізше, сіз Мысырдағы атақты Александрия кітапханасын көріп, жұмысымен танысып қайттыңыз. Осы сапардан не түйдіңіз? Бізге керегі бар ма екен?
– Әрине, бұл – дүние жүзіңдегі ең озық, көшбасшы кітапханалардың бірі. Сондықтан мұндай кітапханадан алар өнеге мол. Александрия кітапханасы 2002 жылы 12 жыл жүргізілген құрылыс жұмыстарынан соң пайдалануға берілді. Кітапхана 13 қабаттан тұрады. Онын 4 қабаты жер астында. Ғимарат қабырғаларына 120 елдің жазу үлгісі таңбаланған. Көлемі – 45 мың шаршы метр. Оқу залының ауқымы – 20 мың шаршы метр. Құрылысқа 400 миллионнан астам қаржы жұмсалған. Кітапхана тікелей ЮНЕСКО мен Президенттің қамқорлығында. Оның бас директорының құқы Ресейдегі Эрмитаж директорының құқынан да жоғары, заңмен бекітілген мемлекеттік хатшы мен сыртқы істер министрінің дәрежесіңде, халықаралық экономикалық саммиттерге тұрақты түрде қатысып тұрады екен. Кітапхананың төрағасы – президент Хұсни Мүбарактың өзі. Алқа кеңесінің төрайымы – президенттің жұбайы Сюзанна Мүбарак. Кеңестің құрамына халықаралық қауымдастықта беделі бар, оның пікірімен есептесетін 22 елдің қоғам, ғылым, өнер қайраткерлері мен Нобель сыйлығының лауреаттары мүше. Кітапхананың ішкі-сыртқы саясаты мен қаржы көзін, даму бағытын осы кісілер анықтап, белгілейді. Кітапхана мемлекеттік бюджеттен емес, тек шет елдік демеушілердің қаражатымен қамтамасыз етіледі. Кітапхана құрылымы өте күрделі, қызмет аясы 5 түрлі бағытқа топтастырылған. Бірінші бағыт – жазу тарихы мен көне мұралар мұражайы, екінші бағыт – реставрация және консервациялау орталығы, үшінші бағыт ғылыми-зерттеу орталығы, төртінші бағыт – жаңа технология департаменті, бесінші бағыт – мәдени институттар. Дәл осындай жабдықталған кітапхана әлемде жоқ. Мысал келтірейін. Бізді экранның аддына әкеліп, бір нүктені басып қалды. Көне кітаптың беті ашылды. Сағдидың қолжазба кітабы екен. Әлгі бетті техника кітаптың өзі сияқты парақтап ашып көрсетті. Екіншгі өлең жолдары дауыстап оқылып тұр екен. Үшінші ноқатты басқанда әлгі жолдардың ағылшынша нұсқасы көрініс берді. Төртінші ноқатты түрткенде үлкейткіш әйнек шыға келді. Міне, қандай ғажап. Бізге де осындай үлкен кітапхана керек-ақ.
Ресейде 38 600 бас сүйек бар
-
Сіздің қайсыбір жылдары Кенесарының бас сүйегін іздестіру үшін арнайы топ құрып, Ресей архивтеріне барып қайтқаныңызды білеміз. Осы сапардың нәтижесі қалай болды?
-
Біз Мәскеу мен Ленинград архивтерінде үш айға жуық жұмыс істедік. Алпыс төрт ғылыми мекеменің, архивтердің, көне кітапханалардың қорларымен таныстық. Ресейде бүгінде 38600 бас сүйек сақтаулы. Мен соның 33000-ның төлқұжатын көрдім. Қалған 5600 бас сүйек Ресейдің әскери медицина академиясының, Федералдық кауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің лабораторияларында. Бұған екі елдің мемлекет басшылары мен осы аталған мекемелердің келісімі арқылы қол жеткізуге болады.
Кенесарының бас сүйегі Ресейдің қай қаласыңда жатқаны белгісіз. Бұған үлкен жауапкершілікпен, мемлекеттік құндылық ретінде маңыз беріп, мемлекеттік деңгейде қарау керек. Бұл – ғылыми жұмыс қана емес, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті араласатын шаруа. Маған салса, ештеңеге қарамастан зерттеу жұмысын Омбыдан бастар едім. Өйткені Кенесарының бас сүйегі 1849 жылы Омбы генерал-губернаторы Горчаковқа өткізілді. Сондықтан бас сүйек Омбыда сақталуы мүмкін. Шындығы қайсы, өтірігі қайсы, Ресейдің кейбір ғылыми басылымдары «Кенесарының басы Горчаковтың үйіңде күлсалғыш болып тұр екен» деп жазды. Мен білсем, эрмитаж бен кунсткамерада Кенесарының бас сүйегі жоқ. Өйткені ондағы тіркелген бас сүйектердің барлығының құжаттарының тізімдерін қарап шықтық.
– Жазушысыз, ғалымсыз, жоспарларыңыз көп болар, Алда оқырманға не ұсынасыз?
– Жоспар көп, ой орасан. Қазір Алашорданың 71 қайраткерінің түрмедегі сұрақ-жауаптарының негізінде «Ұраным–Алаш» атты деректі кітап жазып жатырмын. Алла сәтін салса, көп кешікпей оқырман қолына тиіп қалар.
Достарыңызбен бөлісу: |