Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен
Отыз жетінші ереже:
«Сәләфтардың жолына қайшы келетін адамдар екі нәрсеге түседі: не шектен шығушылыққа (ғулю), не кемшілік жіберуге (иржа)»
Аллаһ Тағала былай деді:
﴿ قُلْ يَا أَهْلَ الْكِتَابِ لاَ تَغْلُواْ فِي دِينِكُمْ غَيْرَ الْحَقِّ وَلاَ تَتَّبِعُواْ أَهْوَاء قَوْمٍ قَدْ ضَلُّواْ مِن قَبْلُ وَأَضَلُّواْ كَثِيرًا وَضَلُّواْ عَن سَوَاء السَّبِيلِ ﴾
“(Мухаммад,): «Әй, Кітап иелері! Діндеріңде орынсыз шектен шықпаңдар және бұрынғы нақ жолдан адасқан әрі өзгелердің көбін адастырған, сондай-ақ тура жолдан тайған қауымның әуес-қалауларына ілеспеңдер», - де” («әл-Мәида» сүресі, 77-аят).
(Ол) сондай-ақ былай деді:
﴿ فَخَلَفَ مِن بَعْدِهِمْ خَلْفٌ وَرِثُواْ الْكِتَابَ يَأْخُذُونَ عَرَضَ هَذَا الأَدْنَى وَيَقُولُونَ سَيُغْفَرُ لَنَا وَإِن يَأْتِهِمْ عَرَضٌ مِّثْلُهُ يَأْخُذُوهُ أَلَمْ يُؤْخَذْ عَلَيْهِم مِّيثَاقُ الْكِتَابِ أَن لاَّ يَقُولُواْ عَلَى اللَّهِ إِلاَّ الْحَقَّ وَدَرَسُواْ مَا فِيهِ وَالدَّارُ الآخِرَةُ خَيْرٌ لِّلَّذِينَ يَتَّقُونَ أَفَلاَ تَعْقِلُونَ ﴾
“Олардан кейін Кітапқа мұрагер болып, осы сапасыз дүниенің игіліктеріне жармасатын топ келіп: «Жуықта кешірілеміз», - деді. Оларға осындай игіліктер тағы кездессе, олар қайтадан соларға жармасар еді. Олардан Аллаһ туралы тек шындықты ғана айтуларына Кітапта уәде алынбады ма? Олар ондағы (Кітаптағы) нәрселерді оқып-үйренді. Негізінде, Ақырет мекені тақуалар үшін қайырлырақ. Сонда да түсінбейсіңдер ме?” («әл-Әғраф» сүресі, 169-аят).
Шейхул-Ислам ибн Таймийя (Аллаһ оны рахым етсін) былай деді: «Хауариждер, рафидилер, қадарилер, жәхмилер сияқты көптеген бидғаттардың жақтаушылары адасушылық болып табылатын сенімдерге ие. Бірақ бұл адасушылық оларға ақиқат болып көрінеді. Сондықтан да олар осыда өздеріне қайшы келетіндердің барлығын кәпір деп санайды. Осынысымен олар ақиқатқа иман келтірмейтін және адамдарға қысым көрсететін Кітап иелерімен қатты ұқсастық танытады. Осы тәкфиршілердің көбі мәні түсініксіз және дәлелі белгісіз болған нәрселердің негізінде күпірлікте айыптайды. Ал басқа шектен шығушылыққа әһлю-с-Сунна уәл-жәма’аның сенімдерін дұрыс білмейтіндер түсіп кетті: олар кейбір нәрселерді біледі, ал кейбірін білмейді. Ал бір нәрселерді білсе де, оларды жасырып, адамдарға түсіндірмейді. Олар Құран мен Сүннетке қайшы келетін бидғаттар жасауға тыйым салмайды. Олар бидғатшыларды сөкпейді әрі жазаламайды. Олар Құран, Сүннет және ғалымдардың бірауызды келісімі (ижма`) айтатын нәрселер мен бидғаттар мен жікшілдіктің жақтаушылары айтатын нәрселердің арасын ажыратпайды. Бұл жол муржилердің көбісінің, кейбір сопылардың және пәлсапашылардың арасында көбірек (таралған). Ал асығыстықпен күпірлікте айыптауға (яғни тәкфиршілердің жолына) келер болсақ, ол өз әуестіктерінің жетегінде кеткендер мен кәләмнің (пәлсапаның) жақтаушыларында көбірек. Алайда бұл екі жолдың екеуі де (шектен шығушылық пен кемшілік жіберу) Құран мен Сүннеттен ауытқыған болып табылады» (Қз.: «Мәжму‘ әл-Фатауа», 12/467).
Шейхул-Ислам ибн Таймийя (Аллаһ оны рахым етсін) сондай-ақ былай деді: “Сондықтан да сен бұл адамдардың оларға тура жол айқын болған кезде теріс бұрылатынын көресің. Олар өздерінің қарындары мен жыныстық мүшелерін қанағаттандырумен, билік пен мал-мүлікті аңсаумен өздерін әуестіктердің жетегіне салып қояды. Өйткені мұндай адамдарда жүректеріне тыныштық беріп, көкіректерін кең ететін білім мен кәміл сенім жоқ қой. Хадисте: «Ақиқатында, мен сендер үшін қарындарың мен жыныстық мүшелеріңе қатысты бұзық құмарлықтардан, және сондай-ақ жолдан тайдыратын азғырушылықтардан ең көп қорқамын» (Ахмад, 4/91; Ибн Аби ‘Асым «әс-Сунна», 14), - делінген. Пайғамбардың жолынан тайып кеткен бұл адамдарда хадисте атап айтылған екі сипат бар. Олар бұзық құмарлықтарына ілеседі, әрі жолдан тайдыратын азғырушылықтарға салынады. Аллаһ Тағала бізге намазда: «Бізді тура жолға сала көр! Нығметке бөленгендеріңнің жолына! Ашуға ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес!», - деп айтуды бұйырды («әл-Фатиха» сүресі, 6-7 аяттар). Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның: «Яһудилер - ашуға ұшырағандар, ал христиандар - адасқандар», - деп айтқаны сенімді түрде жеткізілген" (Ахмад, 4/378; әт-Тирмизи, 2954; Қз.: «Силсилә әс-Сахиха», 3263).
Сәләфтар: «Бұзық (азғын) білім иесі мен надан құлшылық етушінің азғыруынан сақ бол!», - деп айтатын. Ендеше, бойында адасушылық та, бұзықтық (азғындық) та біріккен адам туралы не айтуға болмақ?!» (Қз.: «Дар әт-Та‘аруд бәйна әл-Ақль уа ән-Нәқл», 1/165-166).
Шейхул-Ислам ибн Таймийя (Аллаһ оны рахым етсін) сондай-ақ былай деді: «Бидғат — бұл Құранға, Сүннетке және сәләфтардың бірауызды пікіріне қайшы келетін нәрсе, мейлі ол сенім, не ғибадат болсын. Мысалы, хауариждердің, рафидилердің, қадарилердің және жәһмилердің идеялары. Немесе, мысал ретінде, мешіттерде Аллаһқа би мен ән арқылы құлшылық жасайтындарды келтіруге болады. Немесе Аллаһқа сақалды қырып тастау және ғашиш (есірткі) қолдану арқылы құлшылық ететіндерді (келтіруге де болады)» (Қз.: «Мәжму‘ әл-Фатауа», 18/346).
Алынған дереккөз: АбдуЛлаһ ибн Салих әл-‘Убайләннің «Сәләфтардың тәрбие мен түзету мәселесіндегі мәнһажының айқын түсіндірмесі» кітабы (шейх Салих ибн Фаузан ибн ’АбдиЛләһ әл-Фаузанның ескертпелерімен), 37-ереже.
Араб тілінен орыс тіліне аударған: Арсен Абу Яхъя.
Қазақ тіліне орыс тілінен аударған: «Абу Ханифа мирасы» сайтының редакциясы.
Достарыңызбен бөлісу: |