№11 семинар
Мектептің отбасымен жүргізетін жұмыстары
Мақсаты: Студенттерге отбасының мектеп өміріндегі ролін түсіндіру
Мектептің отбасымен жүргізетін жұмыстары туралы түсінік.
Мектептің отбасымен жүргізетін жұмыстарының түрлері.
Мектептің ата-аналармен жүргізілетін педагогикалық жұмыстары
ата-ана өз баласы туралы өзін мазалап жүрген сұрақтарға мұғаліммен бірге жауап таба біледі;
ата-ананың мектепке, мұғалімге деген сенімі күшейеді;
Мектеп пен ата-ана ынтымақтастығынан тәрбиелі, білімді, ұлтжанды, жаңа заманға сай тұлға дамып қалыптасады;
Заманымыздың белгілі жаңашыл ұстазы-Ш.Амонашвили «Воспитание детей нужно начинать с воспитания родителей» деген. Ол бұл ойға өзінің ұстаздық қызметінен жинақтау нәтижесінде келгені сөзсіз. Себебі, оның есептеуі бойынша бастауыш сынып оқушысының барлық өмірінің тек 7% ғана мектептегі тәрбие үлесіне келеді екен. Олай болса, тәрбие ісінде ата-ананың алар орны, беделі жоғары болуы керек.
Өйткені, отбасы — бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Сондықтан бала мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі оның алғашқы ұстазы-ата-анасы.
Отбасындағы ата-анаға өздері өмірге әкелген баласы үшін қаншалықты жауапкершілік жүктелетіндігі елімізде заң жүзінде қарастырылған. Қазақстан республикасының 27-бабында «неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында, балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу-ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы» -деп көрсетілген.
Демек, баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. Туындаған тәлім-тәрбиедегі жарасымдылық мектеп пен ата-ана, әлеуметтік орта бірлесіп жұмыс істеген жағдайда ғана үйлесімділік табады. Өйткені, баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы өзін қоршаған ортасына ұстазға, ата-анаға, құрбы-құрдастарына, олардың күнделікті іс-әрекетіне, жүріс-тұрысына, сырт көрінісіне, сөйлеген сөзіне, әдептілік т.б. қасиеттеріне байланысты. Жан-Жак Руссо «Бала туғанда ақ қағаздай болып туады, оның үстіне шимайды қалай салсаң қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі де сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең, ол солай тәрбиеленеді» деген екен. Бұдан шығатын түйін, бала тәрбиесіне ең алдымен оның ата-анасының еңбекқорлығы, ұстамдылығы, ақыл-ойы, сана-сезімі, адамгершілігі әсер етпек.
Ақпарат алмасудың әлемдік ауқымда дамуы, қоғамдық мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілуі, өмір салтының өзгеруі т.б. жеке тұлға тәрбиелеу құрылымына, оның қарым-қатынас сипатына әсерін тигізіп отыратыны белгілі. Қоғамның даму бағытының жаңа сипаты кейбір жетістіктерге алып келгенімен, жеке тұлға тәрбиесінің мәлім тұстарына нұқсан келтіргені де хақ. Мұндай жағдайда ата-ананың педагогикалық сауатын ашу бүгінгі күнгі мектептердің басты проблемаларының бірі екені айқындала түседі.
Қазіргі заман мектебі ата-аналарды да, балаларды да тәрбиелейтін, оларды өз тәрбие ықпалының объектісіне айналдыратын жетекшінің қызметінен бас тартуда. Баланың жеке тұлғасының дара қасиеттерін қалыптастыруда отбасы үлкен мүмкіндіктерге ие. Осы күнделікті отбасылық өмірде, отбасының дәстүрлері мен адамгершілік ұстанымдары, шежіресі мен тарихы, отбасы мүшелерінің ортақ қызығуы және мақсат-мүдделері арқылы іске асады. Бұл мүмкіндіктерді мектептің мүмкіндіктерімен үйлестіру-табысты тәрбиенің тағы бір негізі.
Баланың отбасынан қашықтап, оның ықпалынан сырт қалуының психикасына әсерін Т.В.Лодкина, А.И.Захаров, В.С.Мухина, З.Матейчик, Е.О.Смирновалар атап көрсеткен. А.Н.Леонтьев, С.А.Козлова балаға отбасы жылулығының ықпалын атап өткен. Жақын адамдардың ықпалын баланың алдымен сезініп, түйсінуі және сөз түрінде бейнеленуінің маңызын А.В.Запорожец, А.Д.Кошелева, Е.И.Негневицкая және т.б. белгілеген. Отбасы тәрбиесінің терең эмоциалы сипатын, қаны бір адамдар арасындағы сүйіспеншілік қарым-қатынасын ата-ана мен баланы жақындатудың маңызын- Ю.П.Азарова, И.В.Гребенников, Т.А.Маркова, А.Г.Харчев т.б. белгілеген.
Кеңес дәуірінде педагогикалық пікір қалдырған А.С.Макаренко, Н.К.Крупская, В.А.Сухомлинскийлердің еңбегінде отбасы тәрбиесіне айтарлықтай тер төгіп, еңбек еткені белгілі. Көрнекті педагог Н.К.Крупская ата-аналарға педагогикалық минимум бойынша білім беру қажеттігін қайталап айтқан.
Отбасы тәрбиесіне қатысты тәлім-тәрбиелік идеялар қазақтың халық педагогикасында Қорқыт ата кітабында, Әбу Насыр әл-Фараби еңбектерінде, Жүсіп Баласағұни, Сайф Сарай шығармаларында, хандық дәуірдегі ақын-жыраулар мұраларында, Ы.Алтынсарин еңбектерінде, Абай Құнанбаев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев мұраларынан да елеулі орын алғанымен, әлі толық зерттеле қойған жоқ. Кейінгі кездерде отбасы тәрбиесіне қатысты Х.Арғынбаев, Г.А.Уманов, К.А.Оразбекова, Ж.Қоянбаев, З.Әбілова, С.Ғаббасов, І.Р.Халитова, А.Ш.Икрамова т.б. еңбектері бар.
Мектеп пен отбасында бала тәрбиелеу ешқандай дайындықты керек етпейтін қарапайым әрекет секілді болып көрінеді. Жалпы мектеп жасындағы бала тәрбиесі жан-жақты зерттеліп келгенімен ата-аналарға отбасында бала тәрбиесін ұйымдастыруға даярлау не болмаса педагогика, психология саласынан элементарлы болса да білім беріп, сауатын ашу мәселесі Отанымызда әлі күнге зерттеуге алынбаған .
Бала тәрбиесі мен дамуындағы басты рөл атқарушы әлеуметтік институт отбасы болып табылады. Себебі, бала өмірінің басым бөлігі отбасында өтеді. Ата-аналардың және отбасындағы үлкендердің басшылығымен балалар тұңғыш рет айналасындағы дүниені танып, өмірге және еңбекке дайындалады. Олардың көзқарасы және нанымы, мінез-құлық дағдылары мен әдеттері отбасында қалыптаса бастайды. Сондықтан бала мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі оның алғашқы тәрбиешісі әрі ұстазы ата-аналар болып табылады. Отбасы мектеппен бірлесіп оқу-тәрбие үрдісінің табысты не табыссыз болуын анықтайтын тәрбиелеуші ортаның факторларының маңызды кешенін туғызады.
Мектеп жасындағы балаларды тәрбиелеуде мектеп шешуші роль атқарады. Оның маман тәрбиеші кадрлары бар және ол өзінің жұмысын ең алдыңғы қатарлы педагогикалық теория негізінде жүргізеді. Мемлекет балалар тәрбиелеуде отбасыға мектеп арқылы көмектесіп, отбасылық тәрбиенің мазмұны мен ұйымдастырылуына әсер етіп отырады. Мектеп мемлекеттік мекеме есебінде отбасыны соңынан ертіп, балаларды дұрыс тәрбиелеуге жәрдемдесуге, ата-аналар арасында педагогикалық насихатты белсене жүргізуге міндетті. Отбасы оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруға өз тарапынан мектепке көмектеседі.
Мектеп пен отбасының ынтымақтастығын жүзеге асыруда сынып жетекшісі негізгі рөл атқарады. Сынып жетекшінің жұмысынан отбасы мектептегі оқу-тәрбие үрдісінің мәні мен маңызын, ұстанатын бағыттарын түсінеді әрі оған қатысады. Педагогика практикасында оқушылар ата-аналарымен мектеп пен сынып жетекшісінің жұмысының 5 түрлі қызметі анықталған. Олар:
1-қызметі. Ата-аналарды оқу-тәрбие үрдісінің мазмұны мен әдістемесімен таныстырады. Алғашқы ата-аналар жиналысында сынып жетекшісінің өзі ата-аналармен танысады және оларды өзінің педагогикалық ұстанымдарымен таныстырады, өзінің болашақта жүргізетін жұмыстарының бағдарламасымен, мақсат, міндеттерімен және тәрбие жұмысының жоспарымен таныстырады, өзекті мәселелерді бірігіп талқылайды.
Ата-аналарды оқу-тәрбие үрдісіне төмендегідей әрекеттер арқылы тартады:
Балалар мен олардың ата-аналарының шығармашылық күні;
Ашық сабақтар мен сыныптан тыс іс-шаралар;
Мектеп пен сыныптың материалдық-техникалық базасын күшейту және сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдастыруға көмек көрсету;
Шефтік көмек;
Ата-аналардың мектеп кеңесі жұмысына қатысуы.
2-қызметі. Ата-аналармен педагогикалық-психологиялық ағарту жұмысын ұйымдастыру. Оны келесі әрекеттер арқылы жүзеге асырады:
Тәрбиенің жекелеген мәселелері бойынша ата-аналарға арналған мектептік, сыныптық конференциялар ұйымдастыру;
Ата-аналар университеттері;
Қызығушылықтары негізінде ата-аналар лекторийлері: дарынды балалар, қиын балалар, түрлі үйірмелерге қатысатын балалардың ата-аналары үшін деп бөліп өткізуге болады;
Сыныптық ағарту жұмыстары тәрбие міндеттеріне байланысты, оқушылар мен сынып ұжымын жүйелі зерттеу бойынша; оны түрлі формада мәселелік конференциялар, жеке және топтық кеңестер беру түрінде өткізуге болады.
Психологиялық, педагогикалық, медициналық, заң туралы кеңестер;
Тренингтер;
Ата-аналарға арналған әдебиеттерге шолу көрмесін ұйымдастыру және оқырмандар конференциясын өткізу.
3-қызметі. Ата-аналарды балалармен бірлескен әрекетке тарту. Оның формалары:
Сынып жетекшісі ұйымдастырған сабақтан тыс барлық әрекетке қатысу (жорық, серуен, саяхат, жөндеу жұмыстары, сенбіліктер, турнирлер);
Жалпы мектептік дәстүрлі іс-шараларды ұйымдастыруға ата-аналарды қатыстыру (түлектер кештері, туристердің мектептік слеті, мектеп бітіру кештері, ардагерлермен кездесу және т.б. );
Республика және оның шегінен тыс алыс жорықтарға шығуды немесе дайындалуды ата-аналармен бірге жүргізу;
Оқырмандар конференциясы;
Отбасылық ойын байқаулары;
4-қызметі. Жекелеген оқушылардың отбасындағы тәрбиеге түзету жұмыстарын жүргізу. Алдымен отбасы тәрбиесін жүргізу бойынша психологиялық-педагогикалық кеңестер мен көмектер беру. Көп көңілді отбасындағы жиі кикілжің нәтижесінде психологиялық ахуал және қиын бала өсіп келе жатқан отбасына бөлу керек.
5-қызметі. Ата-аналар белсенділері мен ата-аналардың қоғамдық ұйымдарымен өзара әрекет ету.
Аталған өзара әрекеттің міндеттері:
Ата-аналардың белсенді педагогикалық ұстанымын қалыптастыру;
Ата-аналарды педагогикалық білім, біліктермен қаруландыру;
Бала тәрбиесіне ата-аналарды белсенді қатыстыру;
Отбасы мен мектептің өзара әрекетін ұйымдастыру жолдары:
Отбасының тәрбиелік мүмкіндігі мен күш қуатын айқындау мақсатында зерттеу;
Отбасының адамгершілік бағыттылығына қарай оларды топтастыру;
Олардың бірлескен әрекеттерінің ағымдық және соңғы нәтижелерін талдау.
Яғни, мектеп пен отбасының бірлескен әрекетін тиімді ұйымдастыру педагогикалық зерттеуден басталады екен.
Оқушы отбасын зерттеу педагогқа отбасының тәрбиелік мүмкіндігі мен оның әлеуетінің деңгейін анықтауға, соның негізінде бірлескен әрекеттің оңтайлы әдісін, формасын таңдауға, нәтижесінде тәрбие мәселесін табысты шешуге мол мүмкіндік туғызады. Ол үшін мұғалім дәстүрлі педагогикалық-психологиялық диагностика әдістерінің кешенін пайдаланады. Осыған орай сынып жетекшісі отбасын зерттеуде төмендегідей ережелерді сақтағаны дұрыс:
1. Ата-аналар мен балалар өздерін зерттеу нысанасы ретінде сезінбеуі тиіс;
2. Зерттеу мақсатты бағытталған, жоспарлы және жүйелі болуы қажет;
3. Зерттеу әдістері тәрбие әдістерімен өзара байланысты болуы шарт;
4. Психологиялық-педагогикалық әдістер түрленген болуы және кешенді түрде қолданылуы керек;
Отбасын зерттеуде педагог төмендегі мәліметтерге баса назар аударуы тиіс:
1. Отбасы мүшелері және отбасының әлеуметтік-материалдық, тұрмыстық жағдайлары мен мектеп ісіне қызығушылықтары туралы толық мәлімет.
2. Отбасындағы балалардың тәрбиелік деңгейі.
3. Отбасының тәрбиелік әлеует деңгейі.
Сынып жетекшісінің ата-аналармен жұмысының табысты не табыссыз болуы оның таңдаған ұстанымына, қарым-қатынас стиліне, педагогикалық шеберлігі мен кәсіби құзырлылығына байланысты болатынын ұмытпау керек. Ата-аналармен жұмыста жұмыстың ұжымдық және жекелік формаларын ұштастырып отырған жөн. Ата-аналар жиналыстарында болған түсіндірме жұмыстардың ата-аналармен үйде және мектепте жеке кездескенде жалғастырып отыру керек. Жеке әңгімелер ұжымдық жұмыстың формалары мен мазмұнын айқындауға, ата-аналармен өткізілуге тиісті шараларды белгілеуге көмектеседі. Сынып жетекшісінің ата-аналармен тығыз ынтымақтасуы оқушыларға ұйымдасқан түрде тәрбиелік әсер етудің өрісін әлдеқайда кеңейтіп, оларға тәрбие беру міндеттерін табысты шешуге көмектеседі.
Педагогикалық теория мен практикада ата-аналармен жүргізілетін жұмыстың үш формасы даралық, топтық, бұқаралық –орныққан.
Ата-аналармен жүргізілетін жұмыстың бұқаралық формалары мынандай: педагогикалық дәріс, ғылыми-практикалық конференция, ата-аналар жиналыстары, педагогикалық біліктілік университеттері, педагогикалық талқылау, ашық сабақтар, практикум т.б.
Қорыта келгенде, мектептің ата-аналармен жұмысын ұйымдастыру нысандары әр түрлі болуы мүмкін. Жұмыстың бұл нысандары мен әдістерінің барлығы педагогикалық тұрғыдан негізделгендігі және ынтымақтастық пен өзара іс-әрекеттің біртұтас жүйесінде бірін бірі толықтырып отыруы өте маңызды.
Мектеп пен отбасының ара қатынасы сынып жетекшісі арқылы реттеліп отырады. Бұл мұғалім қызметінің диагностикасы негізінде қойылған міндеттерімен анықталады. Сынып жетекшісі қалыптастырған мақсат пен міндеттер оның оқушылар мен олардың отбасыларымен әрі қарай жұмысының бағыттарын да анықтайды.
Бүгінгі таңда қалыптасқан жаңа жағдайларға байланысты мектептің негізгі мақсаты ата-аналарға бала тәрбиесіне қатысты туындаған қиыншылықтарды жеңуге көмек беру.
Мектеп-қоғамның, отбасының және өзінің өзара тәрбиелік іс-қимылын үйлестіруші қоғамдық институт. Өзара іс-әрекеттің мақсаты мен міндеттерін мектеп жалғыз өзі, тиісті мәселеге тек өзінің ұстанымына сүйенген түрде анықтаса, ал ата-аналар оларды іске асыру сатысында ғана қамтылса, нәтиже төмен болады. Мектеп ата-аналар қауымы үшін әрқашан ашық болып, өзара ынтымақтастық пен серіктестік жүйесін жетілдіруге бағытталып, олардың кез келген бастамасын көтермелеп отыруы қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |