Аты-жөні: Бекбол Март
Тобы: ҚТӘ- 303
№5 семинар
Тақырыбы: XV-ХVII ғасырлардағы қазақ поэзиясының стильдік- тілдік ерекшеліктері
Біз, бұл тақырыпта XV-ХVII ғ. қазақтың ауызша дамыған әдебиетінің авторлары күмәнсыздарының және дидактикадан өзге сарында жырланғандарының тілдік-стильдік ерекшеліктері бар екенін көрсетеміз. XV-ХVIII ғасырлар – қазақ халқының жері мен елдік тәуелсіздігі үшін сыртқы жаулармен соғыстардың заманы. Бұл дәуірлердегі поэзия иегерлері көбінесе жыраулар болып, ел қорғау, жауға аттану сияқты әскери тақырыптарды жырлағандықтан, осыған қатысты сөздер мен образдар мұнда молынан орын алған.
Бұл кезеңнің бір стильдік ерекшелігі – белгілі бір лексикалық топтардағы сөздердің әрдайым дерлік эпитетпен келетіндігі. Мысалы, оқ сөзі қайың оқ, он екі тұтам оқ, ала білек оқ, күшіген жүнді оқ, шай жібек оқ т.б. болып қолданылады. Жебе де солай, ол көбінесе сұр жебе, қу жебе сияқты тіркестерде келеді. Қылыш сөзі де жалаң тұрмайды, ол алдаспан ауыр қылыш түрінде жырланады.
Арнау-толғаулардың басында одағайлар мен қаратпалардың және солар типтес қайталама сөздердің келуі де – ХV-ХVІІ ғғ. қазақ поэзиясы стиліне тән амал.
Бұл дәуірлердегі қазақ поэзиясының, демек, қазақ әдеби тілінің мына дай стильдік-көркемдік тәсілдерін көрсетуге болады. Бұл кезеңдегі өлең-толғаулардың көпшілігін «шешендік поэзия» деп атауға болады. Қазақ тіліне тән шешендіктің белгілері, сөздің фигуралылығы, яғни поэтикалық әшекей белгілердің (аксессуардың) міндеттілігі мен молдығынан көрінеді. Бұлардың ішінде шешендік- дидактикалық сарындағы толғауларда риторикалық сұраулар, белгілі бір формуламен берілген қаратпалар, ұқсастық жасайтын образдар, параллельдер жиі қолданылады.
Жауап күтілмейтін риториканы жасайтын грамматикалық тәсілдер әр алуан. Мұның ішінде көбінесе сұрау есімдіктері мен сұраулық шылаулар қатысқан сұраулы сөйлемдер жиі ұшырасады. Мысалы: Көлде жүрген қоңыр қаз Көл қадірін не білсін? (Асанқайғы). Қоғалы көлдер, қом сулар Кімдерге қоныс болмаған? (Шалкиіз). Айналайын Ақ Жайық, Ат салмай өтер күн қайда? (Доспамбет).
Қаратпалар адамға да, жансыз заттарға да айтылады. Олар көбінесе эпитеттермен, одағайлармен келеді: «Уай, хан ием, Жүк тиеттің кемеге» (Шалкиіз). «Әй, қыңыр ер, қыңыр ер» (Жиембет).
Бұдан соң шешендік-дидактикалық толғаулар жеке сөздер- дің, тұлғалардың, құрылымдардың қайталап келуі сияқты амалды жиі қолданады, соның нәтижесінде синтаксистікқұрылымдық (композициялық) параллельдер молынан орын алады. Бұл – толғаулардың ең сипатты белгісі. Қайталаулар бір сөздің (көбінесе тармақ соңына шығарылған сөздің) аясында да, тіркес аясында да болады. Мысалы, Асанқайғы «Тақырлауға қонған қаз-тырна» деп басталатын шағын толғауын әрбір екінші тармақ сайын солардың соңында ол сөзін қайталау арқылы құрады:
Тақырлауға қонған қаз-тырна Таң маңында ұшар ол.
Тауық неше шақырса, Таң болжалдан атар ол. Қызыл изен, боз жусан Сарыарқаға бітер ол…
Ал «Заманыңды жамандап» деп басталатын толғауында жамандап деген сөзді және (пәленді) қайдан табарсың, (түгенді) қайдан табарсың деген сұрауды қайталап келтіреді:
Арғымағың жамандап, Тұлпар қайдан табарсың?
Тұйғыныңды жамандап,
Сұңқар қайдан табарсың?
Қайталаулар мен параллельдер – тек дидактикалық толғау-ларда ғана емес, жалпы XV-ХVII ғасырлардағы көркемсөз иелерінің шығармашылығына тән тәсіл.
Қорытындай келетін болсақ, Поэзия- өлең үлгісіндегі әдеби туындылар болып табылады сонымен қатар, поэзия сөздің ырғақтық құрылысына, ұйқасына негізделеді. Поэзия ұғымы өлеңмен жазылған шығармаларды көркем прозадан ажырату үшін қолданылады. Міне, біз жоғарыда бұрынғы зерттеушілер көрсеткен және біз өзі-міз тауып талдаған XV-ХVII ғасырлардағы қазақтың ауызша тараған әдеби тілінің стильдік-тілдік ерекшеліктерін талдадық.
Достарыңызбен бөлісу: |