Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған көмекші құрал
Сәтбаев қаласы – 2010 жыл
Құрастырған: Қорғанбекова К.С
біліктілігі жоғары деңгейдегі
жоғары санатты маман.
Дыбыстар мен әріптер әлемі әдістемелік көмекші құрал.
Бастауыш сынып мұғалімдеріне сауат ашу кезеңінде тіл дыбыстарын үйретуге арналған көмекші құралы ретінде ұсынылып отыр. Бұл – көмекші құралда алфавит ретімен, әр әріпке сай жұмбақтар, жаңылтпаштар, мақалдар жинастырылған. Дыбысты дұрыс дыбыстай білуге, оқушылардың логикалық ойлауын дамыта отырып, тіл ұстартуға негізделген.
Пікір.
Ұсынылып отырған тіл ұстартуға арналған жаттығулар пайдалануға қолайлы, оқушының танымдылық өрісін жетілдіруге баса назар аударады.
Мұнда көрсетілген мәтін нормалары оқушылардың жас ерекшілігі мен мемлекеттік стандарт талабына сай қарастырылған.
Алынған мәтіндер мазмұны оқушының ой- өрісін, зейін қабілетін жетілдіруге негіздерген.
Ендеше бұл құрал оқушылардың дүниетанымын кеңітіп, олардың логикалық ойлау, түйсіну әрекеттерін жетілдіруге, шығармашылық қабілеттерін арттыруға, рухани дүниесін жетілдіруге, ұлтжандылыққа тәрбиелеуге көмегі болар деп сенемін.
Пікір жазған. № 19 орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі:
Шукенова Б.У
Алғы сөз.
Тіл кез келген танымдық іс-әрекеттердің құралы, ойлаудың формасы және оны дамытудың негізі болып табылады.
Бала айналадағы өмір құбылыстарына әуесқой, еліктегіш, тынымсыз зерттеуші. Есейген сайын білсем, көрсем, ұстасам, алсам деген әрекеттерге ұмтылып, қоршаған ортамен, адамдармен, заттармен қарым-қатынасқа түседі. Сол себептен де жас өспірімдерді ақыл-парасатқа, өнегелі істерге, мәдениетке, шешендікке, тапқырлыққа баулитын мақалдардың маңызы зор.
Жұмбақтар құпиясы баланы қызықтырып, әсерлендіре түсіреді, шешімін тауып айтқызу баланың ақыл-есін, дүниетанымын кеңейтіп, ойын ұштап, зейін ықыласын арттырады.
Жаңылтпаштар баланы анық та айқын сөйлеуге, ойлауға, айналасындағы құбылыстармен, өмірмен таныстыруға жәрдем етеді. Жаңылтпаштарды қолданған кезде құрылысы жағынан ықшам, жаттауға жеңіл, ұйқасы күшті, әуенді, сазды және мазмұны күлдіргі болып келуі жас ұрпақты қатты сүйсіндіретіндігі ескерілді.
Қорыта келгенде, тіл ұстарту құралы ұрпақтарға бір жақты білім беріп қана қоймай, мақал-мәтелдер, жұмбақтар мен жаңылтпаштарды үйрете отырып тәрбиелеу арқылы болашақ қоғам иелерін өз ұлтының жанашыры, тілінің қамқоры етіп қалыптастырады.
Аа
Көкпеңбек еді көктемде,
Қызарды күз жеткенде.
(Алма)
Ақ тай ақ па?
Қара тай ақ па?
Ата –баланың қорғаны
Әә
Бұрап қойған сағаттай
Айқайлайды таңатпай
(Әтеш)
Әдепті бала – арлы бала,
Әдепсіз бала – сорлы бала
Әліппенің ар жағы – білім бағы
Бб
Қызықтырып әркімді-ақ,
Суда жүрер жалтылдап.
Қай әріптен басталған,
Сол жәндіктің атын тап.
(Балық)
Бақ лақ
Бақ баптап.
Бірлігі жоқ ел тозады,
Бірлігі күшті ел озады.
Вв
Екі аяқты бір басты
Жүгіреді тым қатты
(велосипед)
«В» - дегенім:
Витамин
Витамин көп жемісте,
Витамин ғой, жеміс же!
Гг
Құлпырса, қадірлейді, аялайды.
Құрыса, сыпырғышқа жарамайды.
(гүл)
Бүлдіргенді, бүлдірген
Күлдіргенді, күлдірген.
Адам тастай берік
Гүлдей нәзік
Ғғ
Бұраса болса құлағын
Уақытты қуады.
(сағат)
Ғалым - менің есімім
Ғалым қойған ата-анам.
Ғылым қусам. несі мін
Ғажап бала атанам.
Малдың тамағына қара,
Малшының табағына қара.
Дд
Таяқ жеген сайын ойнақтаған.
(Доп)
«Д» - дегенім:
Долана
Долана өсер далада.
Жақсыменен дос болғанға шаттан,
Дұшпанменен дос болудан сақтан.
Ее
Аттан биік
Қойдан аласа
(Ертоқым)
Есет атам ет асатар,
Ет асатса, бес асатар.
Егіздетіп төл өседі.
Еңбек етіп, ер өседі.
Ёё
Бақыт тапқан шахтадан,
Шахтёр ағам жақсы адам.
Көмір қазып, кен қазып,
Ұқсап өсем нақ соған.
Күлме досыңа,
Келер басыңа.
Жж
Бойы бір қарыс
Айдары екі қарыс.
(жүгері)
Жарда тұрған нар ма?
Нарда жорға бар ма?
Жақсы дос үшін жан пида.
Зз
Қолы жоқ, көзі жоқ
Сурет салар өзі көп.
(аяз)
Ай-ай, Айдарбай,
Иір мүйіз сиырыңды
Үйіңе айдай бар.
Көп біл, аз сөйле!
Ии
Жүрген сайын жүйіргім,
Қысқартады құйрығын.
(Ине, жіп)
Саусақ бірікпей,
Ине ілікпейді.
Ине көзінен сынады,
Шешен сөзінен сынады.
Йй
Күміс көген шаңыраққа ілінген,
Жарқырайды төбемізден түнімен
(Ай)
«Й» - Дегенім:
Йогурт.
Йогурт – айран, шырын – сүт,
Йогурт іш, шырын жұт.
Ойнап сөйлесең де ойлап сөйле.
Кк
Көк майсадан пүлішті,
Көз жауын ап гүл ұшты.
(Көбелек)
Көкем мен Көпен шөп шапты,
Көпеннен Көкем көп шапты.
Көптің көзі – көреген,
Көптің қолы береген.
Ққ
Қара мұрын, қара табан,
Бұл қандай құс, айтшы балам?
(Қарға)
Қаз-қаз-қаз,
Қаздаң бас.
Бір-екі-үш,
Аздан бас.
Қасқыр да досына қас қылмайды.
Лл
Тастан тасқа секірген,
Қойдан маза кетірген.
(лақ)
Беріп тай, лақты
Алдым тайлақты.
Беріп тайлақты,
Алдым тай-лақты.
Мм
От басында құмған,
Екі көзін жұмған.
(Мысық)
Махамбеттей ерім бар,
Мағжан сүйген елім бар.
Мұқағали жырлаған,
Мақтан етер жерім бар.
Мал мекенін іздейді
Ңң
Қайсы әріп,
Қасарып
Көнбейтін болуға бас әріп?
(Ң)
Атты таң, болма таң
Жолыңнан қалма, тез аттан.
Күлме досыңа,
Келер басыңа.
Оо
Тізіле өскен тісі бар,
Көп істеген ісі бар.
(Орақ)
Отан – оттан да ыстық.
Өө
Туған жердің белбеуі,
Шұбатылып қалыпты.
Керемет –ау кернеуі,
Тасты керіп жарыпты.
(Өзен)
Өрмекшінің өрнегі - өрмек,
Өрмекшінің ермегі - өрнек.
Өзін-өзі билеген ер бақытты,
Өзін-өзі билеген ел бақытты.
Пп
Мұрны насос кран да
Таң қаламын бұл аңға
(Піл)
Айналдым,
Алқам, салқам.
Сынбасын партаң.
Кеңесіп пішкен тон келте болмас.
Рр
Қарда бар.
Мұзда жоқ.
Жарда бар
Құзда жоқ.
(Р)
Арғы арал, бергі арал
Ол аралдарды жайлаған
Мол аралар.
Ерлік пен бірлік егіз.
Сс
Өзі сақ, өзі ұсақ
Шықылықтап тұрмайды.
Өсекшіге ұқсап.
Құйрығы ұзын ала
Бұл қандай құс айтшы бала?
(Сауысқан)
Сыпыра сөктім, сыпыра тіктім
Сыпыра тіктім, сыпыра сөктім.
Сиырды теппейді,
Сүтті төкпейді.
Тт
Ағашта жабысып тұрады,
Тұмсығын аямай ұрады.
(Тоқылдақ)
Торта қойдың орта қойдым.
Орта қойдым, жорта қойдым.
Татулық – табылмас бақыт.
Уу
Ұшында бір тамшы,
Уы бар сұр қамшы.
(Жылан)
Су ішіне өрмек құрдым.
Ала жаздай ермек қылдым.
Ұұ
Тас қуыста жүрегі
Арқалап үйін жүреді.
Құрғақта да, суда да,
Жатсынба өмір сүреді.
(Ұлу)
Ұштап қарындашын қарындасым,
Ұсынды қарындасым қарындашын.
Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла.
Үү
Мысық емес қанатты
Бірақ көзі аумайды.
Іздегенда тамақты
Ол да тышқан аулайды.
(Үкі)
Үміт түбіт түтті,
Түбітті түтіп бітті.
Фф
Шыр-шыр етеді,
Ұстай алсаң,
Сөйлеп кетеді.
(Телефон)
Фойеде ел жиналып
Фестивальды тойлады.
Фатима қыз финалда
Флейтада ойнады.
Ақыл – жас Ұланнан
Жүйрік тай құнаннан.
Хх
Аяғы жоқ жүреді,
Өзі алыстан келеді.
Аузы жоқ сөйлейді,
Таныстан хабар береді.
(хат)
Хатта айтып амандықты,
Хабарлайды жақсылықты.
Халық деген - өзіміз ғой,
Халы жақсы – адам мықты.
Һһ
Айдаһармен алысқан,
Талай-талай қаһарман.
Жеңіспенен табысқан,
Шыққан осы шаһардан.
Кітап құмар Қаһарман
Таппаған соң шаһардан.
Аттай қалып «Қаһарды»
Сұрап алды Гауһардан.
Қаһарлы сөз қамал бұзады.
Цц
Аяғын жерге тірей қалып,
Шеңбер сызыды шыр айналып.
(Циркуль)
Цементке расында
Целофан қап жарамас.
Центнерлеп тасуда
Цистернадай бола алмас.
Чч
Кіруге адам батпайды,
Затыңды аман сақтайды.
(Чемодан)
Шөмеленбеген шөпті,
Мен шөмелемей,
Кім шөмелейді.
Ұқыптының тоны тозбас,
Ұқыпсыздың ісі оңбас.
Шш
Табаны жалпақ боз жорға,
Озамын десең, сал жолға.
(Шаңғы)
Шөп шауып ап жазды күн,
Шөмеле жасап тастадым.
Шанаға қыста тиеп ап,
Шаршағанша тасыдым.
Шындық бар жерде,
Өтірік байқап жүреді.
Щщ
Бала мысық киіміңді тырнайды,
Бірақ ешкім оны ұрмайды.
Таза баламен достасады,
Қожалақпен қоштасады.
(Киім щеткасы)
Ащы көлде жоқ балық,
Тұщы көлде көп балық.
Ал, балалар тұрмайық
Көп балықты аулайық.
ь
Дыбыс емес тек әріп,
Жіңішкертер көршісін.
Бұл қандай әріп?
(ь)
Қыста пальто киемін,
Мұзда коньки тебемін.
Жазда барам лагерьге,
Көп-көп фильм көремін.
Ээ
Өзі күшті, өзі тісті,
Тісімен жерді қопара
Жасайды жаңа өзендер,
Жасайды жаңа жоталар.
(Экскаватор)
«Э» - дегенім:
Эскимо,
Эскимо-тәтті балмұздақ.
Эскимо еріп кетпесін
Эскимоны сәл мұздат.
Барыңды бөліп жеген,
Татулықтың белгісі.
Ыы
Кесе, шыны, пиала...
Оларсыз шай құя ма?
Қасықсыз тамақ жемейміз.
Олардың атын не дейміз?
(Ыдыс)
Ықылық қалды тұтылып,
Қақалдым қатты тұтығып.
Ықылық қалды, тұтылып,
Сытылып шықтым, құтылып.
Ырыс - алды ынтымақ.
ъ
Съезден қайтқан Қайсарды
Бүкіл подъезд қарсы алды.
Іі
Жалғыз ғана иық
Тұрады киім іліп.
(Киім ілгіш)
Үш кіші ішік піштім.
Бес кіші ішік піштім.
Неше кіші ішік піштім?
Іс істеу – қиын,
Сыйлау – оңай.
Юю
Әжемнен қалған өнер.
Ыстық бізге көрінер.
Көгілдір түсті туымның
Жиегіне көрінер.
Юрмалада Юра аға
Юбка тікті Юляға
Өнерлі адам ою ояды.
Яя
Қалқиып ұзын құлағы,
Елеңдеп қорқып тұрады.
(Қоян)
Яша мен Якуда
Ялтаға барды жақында.
Янтарь жайлы сөз етті.
Ялталық бір ақынға.
Қой баласы қоңырым,
Ұя бұзбас момыным.
Пайдаланған әдебиеттер:
-
А.Асқарбаева, Ұ.Ботабаева
әліппе серігі «Мектеп» 1986ж
-
Ән шырқайық құрастырған. Д.Ерғалиева Алматы, 1989ж
-
Балдырған журналдары 1994-2010ж
-
Жыл но екі ай 2003-2004ж
-
Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы «Арман» 2005ж
-
Мақал-мәтелдер «Рауан» 1991ж
8.Әріптер әлемінде «Ана тілі» 1997ж
Достарыңызбен бөлісу: |