Шәйір атындағы шаһардың тойы
Хәкім Абайдың атындағы шаһар өзінің елу жылдық мерейтойын өткерді. Әуелде Шерубайнұра атанған кент 1971 жылы Ұлы ақынымыз Абайдың есімін иеленген. Содан бергі жолы шимайлы шежіре. Аталмыш ауданның көмір бассейні ел экономикасына өзінің сүбелі үлесін қосты. Облысымыздың ауыз толтыра айтып, мадақтап мақтауға тұрарлық іргелі аудандарының біріне айналды. Бұл жетістік жалғыз экономикалық өрлеумен ғана келген жоқ. Мәдениет пен спорт саласындағы алға басушылық аудан атын Алаш жұртына әйгіледі. «Елу жылда ел жаңа» деген бар. Анық ақиқаты осы. Елу жыл бұрын іргесі қаланған кент, бүгін қатты өзгерген. Көшелері абаттандырылып, орталығына субұрқақ қойылған. Субұрқағы бақбақ гүлдеріне ұқсатылып жасалған екен. Өте сәтті композиция. Шаһар төрінде қазақтың ұлы шәйірі Абай тұр. Ақшаңқан үйлері мен мәрмәр сән-салтанатымен бой түзген. Абай әйдік қала. «Мәскеу бірден тұрғызылған жоқ» деген орыс нақылы бар. Абай қаласының да айшықталуына, сән-салтанатының жарасты болып, қала ретінде қалыптасуына аттай елу жыл кетті...
Күн көкжиектен көтеріле абайлықтар қала мерейтойын тойлауды бастап кетті. Қаланың әр жерінде түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылған. Алдымен тұрғындар тарихқа тағзым етіп, Абай Құнанбаев атындағы әдеби-мемориалдық мұражайға жиналды. Мұнда «Абай қаласы – тәуелсіз мемлекеттің бір бөлшегі» деген атпен қала тарихынан мағлұмат беретін жаңа зал ашылды. 50 жылдық мерейтойға арналған залда қаланың Құрметті азаматтары мен өндіріс орындары және әр жылдардағы саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайы туралы тың деректер топтастырылған.
Сағат 11-де мереке көрігі тіптен қызды. Аудандық мәдениет үйі алаңында қылқалам шеберлері мен гүл өсірушілер жәрмеңкесі өткізілді. Демалыс бағында балаларға арналған шоу-бағдарламалар басталды. Мәдениет үйінде «Абай қаласы! Біз даңқты қалада тұрамыз...» атты кітаптың тұсаукесері болды. Сиясы кеппеген жаңа кітапты аудан әкімі Е.Нашаров еңбек ардагерлеріне өзі табыстады. Алғаш қала қабырғасын қалаған құрылысшылар мен сәулетшілер, кеншілерді аудан әкімі құттықтады. «Биылғы жылдың қала тарихындағы орны айрықша. Қазақтың ұлы данышпаны Абай Құнанбаев атымен аталатын қалаға 50 жыл. Жарты ғасыр ішінде қала кішігірім кеншілер кентінен Қарағанды облысының ірі аудан орталықтарының біріне айналды. Оның тарихы – еліміздің тарихының бір бөлшегі. Қаланың алтын мерейтойы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Біз мықты, дамыған мемлекет қабырғасын қалап жатырмыз. Қаламыздың көріктеніп, арайланып алға қадам басқанына баршамыз куәміз. Осы жылы сүйікті қаламызды аббаттандыруға байланысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Сіздер қаланың жетістіктерімен шынайы мақтана аласыздар. Өйткені, сіздер, тұрғындар бүгінгі Абай қаласының кескін-келбетін қалыптастырдыңыздар. Сіздер бұл қаланың басты құндылығы, байлығысыздар. Абай әлі де әдемілене, әрлене түседі. Сіздерді қала мерейтойымен құттықтаймыз! Шаңырақтарыңызға шаттық, ырыс-ынтымақ тілейміз!», – деп Еркебұлан Ертихалұлы ақ тілегін ақтарды. Сонымен қатар, барлық сала бойынша талмай тер төккен еңбек ардагерлері мерейтой медальдарымен марапатталды. «Нұр Отан» партиясының өкілдері ардагерлерге марапат қағаздарын табыстады. Жиын соңы Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншілерінің әсем әніне ұласты.
«Юбилейный» концерттік залында Қарағанды облысы мен Абай ауданының боксшылары 10 салмақ дәрежесі бойынша қолғап түйістірді. Мұнда да ине шаншар жер жоқ. Абайдан талай-талай былғары қолғап шеберлері шыққаны өздеріңізге аян. Соның бірегейі Серік Сәпиев. Ол бүгін жалғыз Абайдың емес, Алаштың айбынды ұлына айналған. Жіпке тізсек мұндай спортшылар жетерлік. Жасөспірімдердің жекпе-жегін көре отырып, бұл жерден әлі талай Серік сынды боксшылардың шығатынына кәміл сендік. Қарағанды мен Абай қаласының боксшыларының командалық сайысында абайлықтардың мерейі үстем болды. Бұл да қала мерейтойына бір әдемі сый.
18 ақшаңқан киіз үй тігіліп, алыстан ат терлетіп келген қонақтар мен қаланың ардақты азаматтарына құрмет көрсетілді. «Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» дейтін қазақпыз ғой, келген қонақтарға қонақасы берілді. Киіз үйлер тігілген жер «Абай» аулы деп аталды. Қазақы ауылды сомдап, әр үйдің алдына алтыбақан қойылыпты. Алтыбақанда қыз жігіттер тербеліп, ән шырқалды.
Екінтіде тойға жиналған жұрт Қарабас кенті мен Абай қаласы аралығында ұйымдастырылған ат жарысқа асықты. Аламан бәйгіге 11 ат қосылған болатын. Күннің қапырық ыстығынан жетінші айналымда тек алты тұлпар ғана қалды. Қалғаны ыстыққа шыдас бермей жарыс жолынан шығып қалған-ды. Ақмола облысының Ерейментау қаласынан Елубай Меруханов әкелген сәйгүлік бірінші болып мәре сызығынан өтіп, DAEWOO автокөлігін жеңіп алды. Екінші болып Астанадан келген Арман Төлеуовтің аты келді. Оған тоңазытқыш бұйырды. Шет ауданынан келген Қайыржан Әшірбектің тұлпары үшінші орынға ие болып, теледидар ұтып алды. Қазанаты күлік келетін қазақтың ат жарыс десе делебесі қозып, қаны қызатыны анық. Көмбе басына жиналған халық аттар ақтық айналымға кеткенде шеңбердің ішіне лап қойған. Бәрі де аламандардың сөре алдындағы қарқынын тамашалауға ынтық. Құс құйрығын тістейтін Ерейментаудың торысының аяқ сілтесінен оның зорығып емес, тың екенін, әлі де зымырай түсуге жарайтынын аңдаған едік. Күннің ыстығына қарамай ынтасы дүлей тұлпарға дүйім жұрт сүйсіне тарастық. Ол шу дегеннен алдыңғы топта отырған. Сол қарқынмен жиырма шақырымды айналып шықты. «Жүйрік болсаң осындай-ақ бол» деп тарқасты жұрт.
Мереке «Жігер» стадионында эстрада жұлдыздарының концертімен жалғасты. Қазақстан өнерінің жарқын жұлдыздары Р.Рымбаева, Н.Абдуллин, «Мюзикола» « Ақнай» топтары мен Беларусь елінің атақты «Верасы» тобы абайлықтарға әннен шашу шашты. 10 минуттық отшашу мерекенің соңғы нүктесін қойды.
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ,
Асылбек ТОЙБЕК.
Абай қаласы.
Орталық Қазақстан.- 2011. - 6 қыркүйек
(№ 146). - 6 б.
Достарыңызбен бөлісу: |