Шежірелі өлкемнің тарландары



Дата10.06.2016
өлшемі66.99 Kb.
#126577
Шежірелі өлкемнің тарландары

Туған жерім – Қобда өзен жағасында,

«Ақырап» деген ауыл сағасында.

Ыстық маған, туған жер, топырағың да,

Самал жел, соққан жапырақ, атырабыңда.

Мен Ақтөбе облысы, Қобда өңірінің киелі топырағынан нәр алып, бойыма қарақыпшақ Қобыланданың қаны дарып, сол жерде дүние есігін аштым. Туған жердің қызықты да, қуанышты да, көңілді кездері өткен Қобда ауданы – маған өте ыстық.Қобда бойы – тұнған шежіре, толған тарих. Бұл жерден от ауызды, орақ тілді шешендер, ақын-жыраулар да шыққан. Бұл жерде қара қылды қақ жарып, не де болса әділеттілікті бетке айтқан билер де, белдескенін бұқтырған балуандар да, алаштан ат оздырған атбегілер де көптеп шыққан. Абат-Байтақ, Сөгәлі, Сүлеке, Дербісалы, Қанатжан, Қазақай сынды әулиелер жатқан жер. Демек, бұл – өнерлі өлке, өнегелі мекен. Олар ұрпақтар көкірегіне, санасына ерлік, елдік, Отаншылдық рухты ұялатады. Жастарға жігер беріп, егеменді еліміздің болашағына деген сенімді бекіте түседі.

Қобда бойы – ел азаттығы, халық теңдігі үшін Исатай батырдың жауларға қарсы шапқан жері, батырдың сүйегі жатқан жері, Совет Одағының батыры Абдолла Жанзақовтың кіндік қаны тамған жері, Қарағанды мен Шолақмола арасындағы алқапта аштан өлген қалың қазақтың сүйегі көмілмей жатқан жері, Мұхиттай жезтаңдай әншінің махаббат жырын төккен жері, сай-саланы паналап, Алексей Скарбов бастаған партизандардың ақтарға қарсы оқ атқан жері, ел іргесі сөгілсе де, заман ағысы өзгерсе де, ата-бабаның қонысын, топырағын қимай, Намазғұл ағайындардың отырықшы болып қалған жері.

Исатай-Махамбет, Сырым көтерілісінде ту ұстаған Телбай, Желбай, Еспенбет, Тілеген секілді ерлері, жиырма жасында Ишан қалада Иман Ишан болған Тоқтамыс секілді әулиесі, тұлпардың қасиеттерін бір құмалағынан айырған Көктаубай, Дауылтай секілді атбегілері, Советтік дәуірде жұлдыздай жарқырап, дүние жүзілік денсаулық сақтау ісіне елеулі үлес қосқан, профессор, полковник Қуаныш Мықыр баласы Әлімбет тайпасының ел есіне айтарлықтай орны бар. Ол Отан алдында атқарған еңбегі Қызыл жұлдыз, Қызыл ту, Еңбек Қызыл ту, бірінші, екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысының ордендерімен, медальдарымен марапаталды. Ол туған елге оралу мақсатымен Алматыға оралды. Бірақ Қуаныш Атыраубай Мықыр баласы 1986 жылы Алматыда қайтыс болды.

Бойына әруақ дарыған тума-таланттардың бірі – Қанатжан әулие. Оны біреулер «сиқыршы», біреулер «бақсы» дейді. Істері екеуіне де лайықты. Терең діни білімі болмаса да, бойына Алла сіңірген асыл қасиетін ел үшін жұмсай білді. Оның алдына барған талай адамдар емі қонып, мүлдем жазылып кететін. Оған деген халықтың алғысы ұшан-теңіз. Өзінің тума-таланты мен кереметтігі арқасында – соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, еш жеріне жау оғы дарымай, аман-сау елге оралған бірегей жан. Ол денсаулығы кеміген жандарды өзі түс көріп, біліп шақыртады екен. Әсіресе, оның алдына есі кетіп, жын пері салқынын салған адамдар жиі баратын. Басқа бақсылардай ол әруақ шақырып, от шашып, домбырамен күй тартып жатпайды, қамшысы да жоқ, оның емі көңілін тапқан адамдарға бір жапырақ ішірткіден түсетін. Қанатжан емші аурудан еш нәрсе дәметпейді, бергенін алатын. Оның емшілікпен қатар сиқыршылығы күшті болатын. «Ерлі-зайыптыны айырып-қосу – бір минуттық шаруа» дейтін. Қатарластары оның алдында әзіл-қалжың айтпайтын. Айтса, кереметтілігін көзбе-көз көрсететін. Оның ағып жатқан суды тоқтатып, жол ашқанын, ескі тулақты билетіп, қонақ күтпеген адамдарды мазақ еткенін көзімен көргендер жыр қылып айтатын. Әттең, орны бөлек, керемет азамат біздің осындай күн сайын ренжісіп, айырылып-қосылып жатқан заманымызда кез болмады. «Орны бос тұрғандай!» деп, еске алатын білетіндер.

Еліміздің, халқымыздың мақтанышы Әлия батыр туған өңірінде, еңбегі батырлықтан еш кем емес, Алла берген дарын иесі, сынықшы – Талма Нұрғожина тұрады. Сырқат ауырса – ауырады, беті бері қараса – қуанады. Ақысыз, пұлсыз науқас үшін күн-түн демей еңбек етеді. Мақсаты – адам денсаулығы. Бүкіл Республика бойынша Талма Нұрғожина қаншама адамдарға көмегін тигізді. Ауданның қай ауылына барсаң да, Талмадан сынық сырқаты ем алған, алғыс ризашылығын білдірген адамдарды кездестіресің. «Хабар» арнасы арқылы оның емшілік қасиетін дәріптеу – соның бір айғағы. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, халық үшін жаралған бұл адамды алақанға салып аялайық, құдіретіне сеніп, әруағына сиынайық...

Бұл жерде – «Қобданың алпыс екі саласы бар, ән салған біздей еркін баласы бар» деп, бала Ораз шыққан жер.

Абдолла Жанзақбаласы 1918 жылы Қосағаш советіне қарасты Шолақмолда деген жерде туған. Бұл Қиыл өзенін қиып өтіп, Шейтсаймен жалғасып жатқан терең, сайлы жыра, бір шеті Қарағанды өзенін жағалай, екінші беткейі Суық бұлаққа қарай жалғасады. Абдолла Жанзақовтың ата-тегі де, нағашы жұрты да осал жандар емес. Әруақты, көзсіз батыр, әділ бабалар рухы Абдоллаға дарыған.

Жеті жұрт қоныс етіп, жеті жұрт көшкенін әңгіме еткенде – бұл жұртта қыпшақтардың да болғандығы белгілі. Бұл он төртінші ғасыр – қара қыпшақ Қобыландының кезеңімен сай келеді. Ұлы Қобда бойында Қобыландының жүрген, соғысқан, сүйегі жатқан, мекен еткендігі – тарихи шындық. Оны ғалымдар зерттеп, дәлелдеп отыр. Ақиқат та, аңыз да осылай дейді. Бұл жөнінде, әсіресе, ел аузына сақталған жыршылар жырында деректер мол. Үлкендер: «батыр бабамыздың басына барып, аят оқытып, бір уыс топырақ салсақ...» деп армандайды екен. Ол Жиренқопада жерленген. Иманғали Тасмағанбетов Қобыландының қабіріне өз қалтасынан қаржы беріп, «елі, халқы батыр бабаны жоқтаусыз, іздеусіз қалдырмас» деп кеткен болатын. «Батырдан шапағат» дегендей, жол жөнделіп, өмірдің күре тамырына қайтадан жан кіре бастады. Батырдың әруағы қайта тірілді.

Жұлдыздай жарқырап, жұдырықтай жүрегі тоқтағанша ата жаумен шайқасуға – Әлия Молдағұлова шықты. Белгілі сенат депутаты Айсәуле Егізекова да – осы жердің түлегі. Мәскеу Нәбиұлы Шүкіранов – Қобданың бетке ұстар жазушысы әрі журналистерінің бірі. Ол «Тарих – тағылым беруімен құнды. Жас кездегі «бәлен болсам, түген болсам» деген арман шексіз қиял болып қала берді. Өткеннің өнегесі – келер күннің басшысы» дейді. Оның бұдан бұрын «Қилы-қилы кезеңдер», «Ұлы Қобда – мекенім» деген кітаптары жарық көрді. Ол Қобда өңірінің құрметті тұлғаларының бірі болып табылады.

Артына ұмытылмас із қалдырған, азаматтың бірі – Ғайнан Құрмашев. Дүниені астан – кестен еткен сұрапыл соғыстың әлегі оның есімін еліне кешіктіріп жеткізді. Ұмыт бола жаздап барып, тұтқындағы патриоттық істері, ерлігі бүкіл әлемге тарады. Ол қол-аяғы маталып, қанаты қайырылып, оқ пен оттың астында жүріп, ақтық демі біткенше зұлым жаумен жағаласып өтті. Көкірегіне мылтық үңгісі тіреліп, мойнына балта жүзі тигенде де жолдастарын сатпай қорғады. Мектептегі шәкірттеріне үйрететін патриоттық тәрбиенің үлгісін өз қанымен өмірге мәңгі жазып кетті.

Өмірдің қилы-қилы кезеңін басынан өткізген, еңбекте шыңдалып, ел басқару, шаруашылық басқаруда мол тәжірибе жинақтаған, елге елеулі, халыққа қалаулы азаматтың бірі – Абылай Болманов болатын. Абылай Болманов осы кеңшарларды басқару кезінде үш мәрте Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендерімен марапатталды. Осының өзі-ақ оның жарқын еңбек жолын көрсетіп тұрғандай.

Еңбек майданында да қобдалықтар қолынан келген барлық жағдайларды пайдаланып, жоқшылық пен аштыққа қарамастан, ел бірлігін сақтап, халықты ортақ жауға еңбекпен күресуге шақыра білді.Оған дәлел, Социалистік Еңбек Ері, өзімнің туған атам, Қобыланды батырдың ұрпағы, қарақыпшақ руынан шыққан Наурызалин Хайролла Мұхаммедалыұлын айта аламын. Ол еңбекқорлығы мен адамгершілігі арқасында ел құрметіне бөленді.

Сырттан келгендердің көбісі адал еңбек етіп, тез-ақ құрметке, атақ-абыройға ие болды. Мехаил Федянин, Рашид Досмұратов, Аркадий Сканадзе, Леонид Алексеев, Виктор Никонов, жергілікті жастар: В.С.Пяташов, Ю. Цимбал, А. Кель, Р. Цвайфель,Сағымбай Нұрмұханбетов, Камель Базаркулов, Нұрыш Ермеков, Шуақ Ыбырайов, Әмір Қоңырбаев, Ораз Үмбетияров ел молшылығын арттыруда үлгілі еңбек етті. Оразалы Әбілдиев, Манша Исаев, Базыл Жолдығұлов, Жәкібай Дүйсенов, Жолдас Тәженов, Дмитрий Статешний, Сарбас Иманиязов секілді ферма, бригада басшылары: Анатолий Мишлок, Ақдәулет Құрманалин, Николай Афанасьевич Солдатенько, Сейсенбі Нұркеев, Альфред Моор, Жүніс Мухамбетов, Ақтан Бикеев, Қияс Қалқашев, Қожақ Нұржанов, Жылқышы Әбдешов секілді мамандарменен бірлесе еңбек етіп, жыл сайын мол табысқа жетіп, қызыл қырманнан алтын дән арылмайтын болды. Олардың көбісі бұл дүниеден өтті. Ұрпақтары білсін аталарының кім болғанын!!!

Өлкемдегі малшы Ізтілеуов - Социалистік Еңбек Ері, малшы Қалыбай Қарағұлов – Ленин, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту, бригадир Александр Егорович Моор – Ленин орденінің иегерлері. Бұл совхозда 30-дан астам адам түрлі дәрежелі орден-медальдармен марапатталды.

Облыстағы жер қатынастары мекемесін басқарып, елдің байлығы – жерді реформалау, оны халық игілігіне, ел мүддесіне тиімді пайдалану жолында барлық күш-жігерін, тәжірибесін, білімін ерінбей, жалықпай жұмсап жүрген азаматтың бірі – Мәлік Наурызғалиұлы Жекеев. Бұл – артық айтылған мақтау сөз емес, іс жүзінде солай. Ол өзінің еліне, ұлтына деген сүйіспеншілігін бәрінен де жоғары ұстайды. Мінезі өте қарапайым, ашық жүзді, кез-келген адаммен тіл табыса білетін Мәлік атамыз - тіл, дін мәселесіне әр кезде оң көзбен қарайды. Үлкендерді үлгі тұту, кейінгі жасқа үйрету – оған тән қасиет. Оны еңбекқорлығы, ұйымдастыру қабілеті мол болғаны үшін, ұстамдылығы мен қарапайымдылығы үшін халық құрметтеп, сыйлайды. Мәлік атамыз ел тәуелсіздігінің он бес жылдығы қарсаңында «Құрмет» орденімен марапатталды.

Ел тұрмысы, халық дәулеті жақсарғанын көрген жоқшылық жылдары - жан-жаққа тарап кеткен ағайындарды елге жинай бастады. Ата қонысына ат басын бұрды.

Сәлем де барсаң елге Досқалғанға,

Ел кетіп, суы кеуіп бос қалғанға.

Жылайды сыртты жүріп қатын-бала,

Сағынып туған жерін еске алғанда.

Сібір жерінде елден жырақта жүрген ағайындар сағынышын әнмен, жырмен білдірген.

Қош аман бол, елдерім,

Қалды байтақ жерлерім.

Ұлы тоғай, қалың ну,

Шалқыған айдын көлдерім.

Ойыл мен Қиыл, Қобда, Елек,

Өсіп, өнген жерлерім.

Қайта айналып көрермін,

Саламат болса демдерім.

Тағдыры болса жазулы,

Көрмегі солай пенденің!

Осындай еліне, жеріне деген жүрегінің лебізін сөзбен өрнектеп жеткізе білген ағайындар болатын.

Әр пендеге беріліп жалған дара,

Түсе алмайды ешкім де арманға ара.

Қайдасың, қазақы қан тектілерім,



Қайдасың, қара шалдан қалған бала?-демекші, мен осындай ірі тұлғалардың ұрпағы болғанымды мақтан етемін. Міне, менің шежірелі өлкемнің тарландары осындай!!!

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет