Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті
Ғылыми кітапхана
ҚЫДЫРШАЕВ
АБАТ САТЫБАЙҰЛЫ
Орал, 2013
УДК 016:929
ББК 91.9:63
Қ 97
Қ 97 Қыдыршаев Абат Сатыбайұлы: Биобиблиографиялық көрсеткіш. – / жауапты ред. З.Ж.Мүтиев. - Орал: М.Өтемісов атындағы БҚМУ Редакциялық баспа орталығы, 2013.-78 б.
Ұсынылып отырған биобиблиографиялық көрсеткіш – педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Риторикалық қауымдастығының мүшесі, Қазақстанның Педагогикалық ғылымдар академиясы Президиумы шешімі бойынша Қазақстан ПҒА-сының толық мүшесі (академигі) Абат Сатыбайұлы Қыдыршаевқа арналады.
Биобиблиографияға ғалымның өмірі мен шығармашылық қызметін сипаттайтын мәліметтер, оның еңбектері мен ол туралы жазылған әдебиеттер енгізілді.
Материалдар хронологиялық тәртіппен орналасқан, әр жылдың көлемінде - әліппе ретімен. Бірлесіп жазған авторлардың есім көрсеткіштеріндегі сілтемелер хронологиялық рет санымен берілген.
Көрсеткіш ғалымдарға, ізденушілерге, студенттерге, оқытушыларға, көпшілік оқырман қауымға арналған.
УДК 016:929
ББК 91.9:63
М.Өтемісов атындағы БҚМУ редакциялық баспа орталығы, 2013.
ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР АБАТ САТЫБАЙҰЛЫ ҚЫДЫРШАЕВТЫҢ ҒЫЛЫМИ – ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ ҚЫСҚАША ОЧЕРК
Тілтану, әдістану, ахметтану, шешендіктану, махамбеттану салаларында тер төгіп жүрген белгілі ғалым, әдіскер-педагог, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Сатыбайұлы Қыдыршаевтың есімі еліміздің ғылыми жұртшылығы мен педагогикалық қауымына кеңінен таныс. Ол өзінің ғылыми-әдістемелік еңбектерімен және педагогикалық қызметімен ұлттық ғылым мен білім беру ісіне өзіндік елеулі үлесін қосып келеді.
1963 жылдың 15 қарашасында қазіргі Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Тайланбай ауылында (бұрынғы Гурьев облысының Теңіз ауданындағы Киров селолық кеңесіне қарасты жерде) көп балалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Сатыбай (Сатау) Қыдыршаұлы мал дәрігерлігін кәсіп еткен, құдай берген ұл-қыздарын жастайынан адал еңбекке баулыған ісмер, қолы шебер, арасында домбыраны қолға алып, «әу» деп қоятын үлкен әулеттің басы болса, анасы Зылиха Сәрсенқызы бала тәрбиесімен айналысқан, мектепте тәрбиешілік салада еңбек еткен ел ішінде сыйлы, сөзге келгенде шешен, реті келгенде төгіп-төгіп айтып тастайтын отауызды, намысшыл да қайсар арқалы жан болған. Өзгелер Зылиханың жүйелі сөзді түйдектете төге, ақтара айтқыш мінезінен ығысып жүретін болған.
Қиғаш өзенінің бойында туып өскен ол бала кезінен зеректігімен, еңбек сүйгіштігімен көзге түседі. 1981 жылы өз ауданындағы Котяевка селосындағы Н.К.Крупская атындағы орта мектепті ойдағыдай бітіргеннен кейін, білімге құштар жас жігіт осы жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының (қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті) филология факультетіне қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түседі де, 1985 жылы аталған білім ордасын үздік бітіріп шығады. Институт қабырғасында жігерлі жас елге танымал Сәрсен Ақмурзин, Ғабдырахим Әбуханов, Мәтжан Тілеужанов, Қалимолла Мырзағалиев, Шәндә Жұмағазиева, Меруерт Жолдықайырова, Серікқали Шарабасов сынды ұстаздардан тәлім алады.
1985-1990 ж.ж. Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы К.Маркс атындағы (қазіргі Әбу Сәрсенбаев атындағы) орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасады. 1990 жылы Орал педагогикалық институтына арнайы шақыртумен қызметке ауысып, 1990-1992 ж.ж. қазақ тілі кафедрасының ассистенті, оқытушысы, филология факультеті деканының орынбасары, 1995-1996 ж.ж. «Қазақ тіл білімі» кафедрасының, 1996-1997ж.ж. «Қазақ лингводидактикасы» кафедрасының меңгерушісі, 2002-2004, 2011-2012 ж.ж. филология, қазақ тілі мен әдебиеті, педагогика және психология факультеттерінің деканы, 2006-2009 ж.ж. «Қазақ тілі мен әдебиеті және оқыту теориясы» кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс жасады. 2009-2011 ж.ж. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде еңбек етіп, онда Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры, «Кәсіптік білім», «Қазақ және орыс тілдері» кафедраларының меңгерушісі ретінде жұмыс жасады. Ал 2011 жылдың 11 тамызынан бастап М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті педагогика факультетінің деканы, Халықаралық көптілді білім беруді дамыту орталығының директоры болса, қазір «Махамбет» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының директоры.
1993-1995 ж.ж. қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аспирантурасында оқып, 1995 жылы қажырлы ізденістерінің нәтижесінде көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Нұржамал Оралбаеваның ғылыми жетекшілігімен «Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын мерзімінен бұрын қорғайды. Ал 1998 жылы осы еңбегі «Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы» деген атпен жеке монография болып жарық көреді. Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Н.Оралбаева осы зерттеу еңбектің алғы сөзінде: «Зерттеу авторы Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша ғылыми мұраларын жан-жақты талдап, оның әр қырын ғылыми тұрғыда көрсете білген. Әр ғалым өз кезіндегі ғылыми жаңалықтарды, жетістіктерді толық меңгеру арқылы ғылыми тұрғыда қалыптасады. Осы ретте А.Байтұрсынұлының өз заманының әдістеме ілімін толық меңгеруі оның өз жүйесін жасауына негіз болғанын А.С.Қыдыршаев өте байыпты дәлелдеген. А.Байтұрсынұлы әліппелерінің жалпы сипаттамасы мен әдістемелік негізі кітапта толық талданған. Ал ана тілі бойынша оқулықтарын талдау, сипаттау да ғылыми тұрғыда толыққанды теориялық негізде жазылған. Еңбекте, әсіресе, А.Байтұрсынұлының қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімінің ірге тасын қалаушы ретіндегі қызметі өте тиянақты, теориялық тұрғыда анық дәлелдемелер арқылы ғылыми негізде жазылған. Қазақ халқының ұлы данышпан азаматының мол ғылыми мұрасын халыққа жан-жақты толық таныстыру қазіргі ғалым азаматтардың зор міндеті. Осы міндетті А.С.Қыдыршаев абыроймен өзінің кітабы арқылы толық атқарған деп санаймын»,-деп баға береді.
А.С.Қыдыршаев 1999-2001 ж.ж. аға ғылыми қызметкер лауазымында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде болып, 2001 жылы «Шешендіктануды оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне ие болды. 2000 жылы осы докторлық диссертациясы негізінде жазылған «Шешендіктануды оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» атты монографиясы «Білім» баспасынан жарық көреді.
А.С.Қыдыршаев 2005 – 2007 жылдары аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы филология, педагогика ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.09.04 диссертациялық кеңесінің мүшесі болса, ал 2010 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің жанындағы филология және педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.61.27 диссертациялық кеңесінің мүшесі болды. 2007-2008 ж.ж. ҚР Білім және ғылым министрлігінің ғалым мамандарға арналған ғылыми-зерттеу еңбектерге орай берілетін мемлекеттік стипендия иегері. Сондай-ақ, 2007-2008, 2010 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті жанындағы педагогика және психология мамандығы бойынша эксперттік комиссия мүшесі және ғалым хатшысы болды. Абат Сатыбайұлы Қыдыршаевқа 2008 жылғы 29 ақпандағы Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен педагогика мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілді. Абат Сатыбайұлы 2007, 2012 жылдардағы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының екі мәрте иегері. Ол 2009 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстанның Педагогикалық ғылымдар академиясы Президиумы шешімі бойынша Қазақстан ПҒА-ның академигі болып сайланды. 2009 жылғы қаңтар айынан бері Ресей (Мәскеу) Риторикалық қауымдастығының мүшесі. Ол – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V Құрылтайының делегаты (Көкшетау, 2011 жыл, 21-22 қыркүйек).
А.С.Қыдыршаев ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыты-қазақ тілін және шешендіктануды (риторика) оқытудың теориясы мен практикасы мәселелері. Бүгінгі таңда профессор А.С.Қыдыршаевтың ғылыми жетекшілігімен бір шоғыр шәкірттері мектепке дейінгі тіл ширату мәселесімен, бастауыш, орта, жоғарғы сыныптардағы шешендік өнерді оқыту, жоғары оқу орындарында риториканы оқыту (техникалық жоғары оқу орындарында риториканы, педагогикалық білім ордаларында педагогикалық риториканы оқыту, көшбасшы студенттердің сөйлеу мәдениетін, шешен сөйлеу білік-дағдыларын қалыптастыру) проблемаларымен шұғылданып, кең көлемді ғылыми-зерттеу, эксперименттік жұмыстармен айналысуда. Мәселен, шәкірттері Мұханбетқалиев Әскен Самұратұлы («Қазақ мектебінің ҮІІ сыныбында шешендік өнерді оқыту әдістемесі»), Әжіғалиев Марат Қайыржанұлы («Жоғары оқу орындарында «Педагогикалық шешендіктану» курсын оқытудың әдістемелік жүйесі») - педагогика ғылымдарының кандидаттары. Бүгінгі таңда Ә.С.Мұханбетқалиев Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Қазақ және орыс тілдері» кафедрасының меңгерушісі болса, М.Қ.Әжіғалиев М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Тілдерді меңгертудің практикалық курсы» кафедрасының меңгерушісі. Бұлардан да басқа профессор А.С.Қыдыршаевтың ғылыми жетекшілігімен ғылыми-зерттеу ісімен айналысушы жастардың өзі бір шоғыр. Профессор А.С.Қыдыршаев тілді, шешендіктануды оқытудың теориясы мен әдістемесі мәселелеріне арналған халықаралық, республикалық басылымдарда жарық көрген 300-ден аса ғылыми әдістемелік мақалалар мен 30 (отыз) оқу-әдістемелік көмекші құралының, 7 (жеті) монографияның, 4 (төрт) электронды оқулықтың авторы.
А.С.Қыдыршаевтың қазақ тілін оқыту әдістемесі, тілтану, шешендіктану ғылымдары салаларындағы тың тақырыптарға терең бойлай ғылыми-әдістемелік зерттеулермен айналысуына тікелей ықпал еткен университеттегі аяулы ұстаздары және көрнекті тілші, әдіскер ғалымдар Н.Оралбаева, Ғ.Қалиев, С.Негимов, Б.Шалабаев, Ф.Оразбаева, С.Рахметова, Ә.Ибатов, Б.Әбілқасымов, М.Жүсіпов, Н.Құрманова т.б.
А.С.Қыдыршаевтың «Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы» монографиясы – алғашқы толымды ғылыми еңбегі. Ғылыми қауымның жоғары бағасын алған бұл зерттеуде А.Байтұрсынұлына дейінгі ана тілін оқытуғабайланысты мәселелерге шолу жасалып, А.Байтұрсынұлының әдіскер ғалым ретінде қалыптасуына өз кезеңіндегі әдістеме ілімінің әсері екшеліп, Л.Толстой мен А.Байтұрсынұлы еңбектеріне жасалған салыстырмалы барлау нәтижелері баяндалып, Ахаңның әдіскер ізбасарлары баса көрсетіледі. А.Байтұрсынұлы әліппелерінің жалпы сипаттамасы, «Тіл-құрал» оқулықтары туралы, әдіскер-ғалымның әліппе, оқулықтарының әдістемелік негізі, әдістемелік еңбектерінің жазылу жайы түгелденеді. Нәтижеде А.Байтұрсынұлының қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімінің ірге тасын қалаушы екендігі тұңғыш рет дәлелденіп, ғалымның әдістемелік еңбектерінің бүгінгі оқыту ісімен сабақтастығы айқындалады. Келесі бір іргелі еңбегі «Шешендіктануды оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» аты монографиясында А.С.Қыдыршаев жоғары оқу орындарының гуманитарлық бөлімдері бойынша шешендіктануды оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері анықталды. Еңбекте жеке адамның тілдік қатынас мүмкіндіктерінің даму үрдісінің психологиялық, дидактикалық, филологиялық аспектілері түйінделіп, жоғары оқу орнының гуманитарлық бөлімдерінде шешендіктануды оқыту әдістемесі тұңғыш рет ғылыми негізделіп, алғаш рет аталмыш пәнді оқытудың арнайы қағидаттары мен әдістері және жұмыс түрлері ұсынылған. Сондай-ақ зерттеуде шешендік іс-әрекет заңдарына сәйкесті шешен-лектордың кәсіби қалпының үлгісі (профессиограммасы) жүйеленіп әзірленген. Ал «Педагогикалық практика-мамандыққа баулу сатысы» (2000, 2012 ж.) атты әдістемелік көмекші құралы жоғары оқу орындарының студенттерін педагогикалық сараман кезеңінде кәсіби мамандыққа даярлау мәселесі хақында, педагогикалық практиканың орны мен рөлі, ондағы оқу-тәрбие жұмыстарының жүргізілуі, ұйымдастырылуы турасында таптырмас аса қажетті құралға айналды.
Шешендік сөз – рухани мәдениетті танудың қайнар көзі. Әріптесіміз тарапынан қазіргі студенттер қауымы сөйлеу мәдениетінің төмен деңгейде болуы, шаршы топ алдында сөйлеуде кемшіліктің көптігі, т.б. реттегі проблемалардың шешімін табу мақсатында «Шешендік өнер», «Педагогикалық шешендіктану», «Тілдік қатынас мәдениеті» курсының бағдарламалары әзірленіп ұсынылады. Шынында да, зиялы адамның татымсыз, нашар сөйлегені – сауатсыз адамның оқи, жаза алмауымен бірдей екені айқын. Қазіргі уақыт үздіксіз білім алудың қажеттігін айқындайды. Ал білім берудің, маман мұғалім кадрлардың біліктілігін арттырудың жолдары қайсы? Профессор А.С.Қыдыршаевтың пікірінше, бұл мәселенің шешімін таптырар бір қыры – қазіргі мектеп мұғалімінің педагогикалық шешендіктану ілімінен хабардар болуы. Осы ретте А.С.Қыдыршаев алғашқылардың бірі болып «Педагогикалық шешендіктану» курсының бағдарламасын әзірлеп ұсынады. Ондағы мақсаты студенттерге оқытудың, тәрбиелеудің және оқушыларды дамытудың маңызды амалы ретінде, педагогтің кәсіби іс-әрекетіндегі маңызды құрал ретінде сөйлей білуге көмектесу. Алғы міндеті – студенттерді тілдік қатынас туралы, олардың түрлері, сөйлеу сапалылығы (мәселен, сөз дұрыстығы, тазалығы, дәлдігі, дәлелдігі, байлығы, логикалығы, комуникативтік жағынан сәйкестілігі), қазіргі қазақ әдеби тілінің нормалары туралы білім көздерімен таныстыру; әдеби тілдің нормаларынан орынсыз ауытқуларды (бұл арада әдеби тілдік норманы бұзушылық туралы) тез аңғару дағдыларын қалыптастыру; өзіндік сөйлеген сөзіне талдау жасай білуге үйрету; сөз сөйлеу сәтіндегі кемшіліктерден құтыла білу дағдысын қалыптастыру; болашақ мұғалімдерді педагогикалық қарым-қатынас мейлінше тиімді болу үшін өзіндік дауысқа (дауыс тонына), сөйлеу аппаратына ие болуға үйрету; кәсіби тұрғыда аса мәнді сөз сөйлеу шығармашылығын туындатуға әзірлеу.
Профессор А.С.Қыдыршаевтың түйіндеуінше, сөз сөйлеу құдіретіне ие болу – адамның жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрінен де жоғары сатыда екендігін танытатын, адамды адам етіп тұрған адамзат баласының ұлы қабілеттерінің бірі. Тілсіз, сөзсіз, сөз сөйлеу дағдысынсыз адам өмірін көз алдымызға елестету мүмкін емес, оларсыз адам ғұмыры мағынасыз. Сөз – адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы, ақпарат алмасу тәсілі, өзге адамның санасына және әрбір қадамына, әрекетіне әсер ету құралы. Сөзді орынды қолдана, құбылта білу өте жоғары бағаланады. Бұл сияқты қабілет адамның жалпы мәдениетінің, білімділігінің құрамды бөлігі болып табылады. Сөз қоғам дамуының ағымын аңғартады және ілгергі даму үдерісіне мүмкіндіктер туғызады. Сөз адамдардың санасы мен еркіне бірден-бір әсер ететін, оларға білім беретін, сенімін қалыптастыратын, азаматтарды нақты әрекеттерге жұмылдыратын өте күшті қарудың рөлін атқарады.
Иә, шешендіктанудың алғашқы ғылыми талдамасының авторы ежелгі дәуірдің ұлы ойшылы Аристотель риториканы «әрбір нақты пәнге қатысты сендірудің мүмкін болар амалдарын табу қабілеттілігін туғызар» ілім ретінде анықтайды. Бұл арадағы басты сөйлеу мәселесіндегі орталық назар аударар тұс – оның сендіру құралы екендігі. Барлық кезеңдегі ғалымдар мен шешендерді (бұған біздің кезең де енеді) тап осы мәселе толғандырып келді, әлі де ойландырады. Шешен алға қойған мақсатқа қалай жетуге болады? Аудитория назарын қалай өзіңе аударуға, баурап алуға болады? Қалайша сөйлеу бірден-бір әсерлі болмақ? Шаршы топ алдында ауызша сөйлеудегі сендірудің құпиясы неде? Үздік шешендік сөздің жетістігі немен өлшенеді? Мүмкін болар сендіру амалдарының бірден-бір тиімдісі деп қайсысыларын атауға болады? Бұл сияқты сауалдарға жауап табу, әсіресе, шешендік өнерді жаңадан бастап үйренушіге оңай шаруа емес. Ондай адамға шешендіктанудың тарихы мен теориясын терең оқып-үйренуден, ауызша сөйлеудің атақты шеберлері мен ғалымдарының еңбектерімен танысудан алшақ кетуге, өзімен жүргізілетін салмақты тәжірбиелік жұмыстарға мән бермеуге, сырт қарауға әсте болмайды. А.С.Қыдыршаевтың «Шешендіктану» (2004, 2013 ж.) атты оқу құралы шешендік өнерді жаңадан бастап игерушілерге, жоғары оқу орындарының студенттеріне, жас мамандарға арналған. Оқулық мақсаты – шаршы топ алдында ауызша сөйлеуге баулитын сан тарау әдебиеттердің ішінен белгілі бір дәрежеде өзіндік жол сілтеуші, жүйелі бағыт-бағдар беруші рөлін атқару, шешендіктану ілімінің басты теориялық мәселелері бойынша шәкірт атаулының жинақы да нақты көзқарасын қалыптастыру, сондай-ақ бұл орайдағы мәселелердің машықтық қалтарыстарын көбірек аңғарту, сөйлеуге даярлау барысы мен көпшілік алдында сөз сөйлеуге бағыт-бағдар сілтеу, кеңес беру. Аталмыш оқу құралы 2013 жылы Абай атындағы Қазақ ҰПУ-ының жанындағы «Білім» тобындағы мамандықтар бойынша оқу-әдістемелік секциясы және ҚР БҒМ республикалық оқу-әдістемелік Кеңесінің шешімімен баспаға ұсынылған.
А.С.Қыдыршаевтың «Шешен-лектор профессиограммасы» (2004 ж.) атты зерттеуі жоғары оқу орнының жас лектор мамандарына арналған. Әдістемелік оқу құралында жоғары оқу орны мамандарының педагогикалық іс-әрекет барысында шешендік өнер элементтерін практикалық тұрғыда қолдануы мәселесінің кейбір басты аспектілері қарастырылады. Еңбекте жас маманның кәсіби қалпы, шешен сөйлеуге қатысты тірек сауалдар мен алғы мақсатты жүйелеу, шешен-лектор сөзіндегі негізгі тезистің екшелуі және сөйленер сөз нысанының шектелуі таратылады.
Ал ғалымның «Шешендік тағылымы» (2004ж.) атты әдістемелік көмекші құралының бүгінгі таңда шәкірт атаулыға да, лектор-мамандарға да, жалпы жұртшылыққа да қажеттігі дәлелдеуді керек етпейді. Автордың пікірінше, әрбір лектор-маман үшін тыңдаушы қауымға әсер ете отырып, оларды сендіре білу дағдысының болуы абзал. Осы тұрғылас дағдыларды игеру үшін шешендік өнердің теориясы мен практикасын оқып-үйрену міндетті. Жарқын да ашық, бейнелі де тартымды сөйлеуге үйренуге, өзіндік сөйлеу стилін қалыптастыруға, ішкі табиғи қалып, ерекшелік және икемділіктерді ескере отырып, өзіндік сенімділікті қоюлатуға ұмтылу аса қажет. Белгілі бір ой ұшығын тыңдаушыларға жеткізе отырып, олардың бойында қажетті әсер қалдыру үшін ерік күші, темперамент және тер төге еңбек ету керек-ақ. Тақырыпқа сай лекция оқу шешеннен психологиялық әзірлік пен алдын-ала жаттығуды талап етері даусыз. Егер де лектор-маман сөйлеуге тиісті тақырыбына қатыссыз барлық қам-қарекеттер мен қажетсіз ойлардан арыла білсе, алға қойған мақсатты межеге тез жетері анық. Тек осындай қалыпта ғана ол аудиторияға әсер етіп, көпшілікті өзіндік көзқарасының дұрыстығына иландыра алады. Өкінішке орай, көпшілік жағдайда лекторлар легі не айтарын жақсы біле тұрса да, өз ой-түйіндерін тыңдаушыларына дәл де дөп жеткізе білмейді. Басты себеп – сөйлеушінің әдістемелік жағынан әзірлігінің кемшіндігі, тыңдаушылардың қабылдау ерекшеліктерімен таныс еместігі, аудиториямен қарым-қатынас дағдыларын игермегендігі. «Шешендік тағылымы» еңбегінде келтірілген ой-тұжырымдар тізілген басылымдар көптен жарық көрмегені өз алдына, қазақ тілінде бұл орайлас жинақ жоққа тән, өте сирек. Сондай-ақ, жас лектор-мамандарды атақты шешен, қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың айтқан пікір-түйіндерімен, халық даналығымен таныстыру - өте керекті де зәру іс. Аталмыш әдістемелік құрал да осы мақсатты көздеген. Мәселен, жоғарғы автор пікірін негіздей айтсақ, көпшілік алдында сөйлеу өнерінің теориясы мен тәжірбиесі негіздерін меңгерудегі алғашқы сан тарау жұмыстарының басы сөз сиқыры, тіл құдіреті, сөйлеу мәдениеті, шешендік шиырлары туралы қоғамдық-саяси қайраткерлердің, дүлдүл шешендердің түйін-тұжырымдарымен және осы бағыттағы шығыс, еуропа мақал-мәтелдерімен, ақыл-нақылдарымен танысудан басталуы аса пайдалы. Еңбекте шешендіктанудың ғылым екендігі, шешендік сөздің стилі туралы, сөз тазалығы мен түсініктілігі, сөйленген сөздің тыңдаушы сезіміне әсер етуі, шешендік сөз, сөз сөйлеу құрылымы, сөз мәнерлілігі, сөз жандылығы, сөйлеу орындылығы, дыбыстау заңдылығы, шешен жүзі, дауысы, қимылы сияқты т.б. мәселелер хақында қысқа да нұсқа түрде әдістемелік кеңестер берілген. Еңбекте шешендік өнердің тұңғиығына терең бойлау мақсатында іріктеліп ұсынылған қосымша әдебиеттерге қоса, жүйелі түрде назар аударуға қажетті, әсіресе, белгілі бір арнайы ұғымның мән-ерекшелігімен тереңірек танысу қажеттігі туған жағдайда пайдалануға боларлық сөздік пен анықтағыштардың тізімі қоса енгізілген. Сондай-ақ, еңбек соңында жинақ мәтінінде ой-тұжырымдары келтірілген қоғамдық-саяси қайраткерлердің және дүлдүл шешендердің есім көрсеткіші ұсынылған.
Профессор А.С.Қыдыршаевтың «Іскерлік шешендіктану қағидалары» (2007 ж.) атты оқу құралы бизнесмендерге, кәсіпкерлерге, студенттерге, барлық деңгейдегі басшыларға арналған. Көп жылғы зерттеулердің нәтижесінде ғалым: «Кез келген істің нәтижелі болуы іскер маманның ақылға қонымды аргументтердің баршасын да, әсіресе, өзіндік дауыс сазы секілді ерекше мәнді құралды құбылта қолдана білуіне бірден-бір байланысты», - деген иланымды тұжырымға келеді. Аталмыш еңбек сәтті өрілген экспромт сөз арқылы мейлінше мол мөлшерде олжаға кенелу, телефон арқылы тиімді қарым-қатынас жасау, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара қарым-қатынасты дұрыс құра білу іспеттес іскери шешендіктану қағидаларының сан алуанымен таныстырумен құнды.
Сондай-ақ, ғалымның «Кестелі шешендіктану» (2008 ж.) атты әдістемелік құралы шешендіктану ілімін, тілдік қатынас техникасын меңгеруге ұмтылыс танытушы БҚО педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының тыңдаушыларына, жоғары оқу орнының жас лектор мамандарына, барлық деңгейдегі басшыларға, кәсіпкер бизнесмендерге, студенттерге, шешендік өнерді жаңадан бастап игеруші мамандарға, колледж, гимназия, лицей және орта мектеп оқушыларына арналған. Оқу құралының мақсаты – сөйлеу өнерін жете игеруге талаптанушыларға қазіргі қазақ әдеби тілінің нормаларын меңгеруге, шаршы топ алды ауызша сөйлеу мәдениетін арттыруға, сөз сөйлеудің ресми-іскерлік стиліндегі мейлінше күрделі жағдайларынан құлағдар етуге, қысқасы, қазақ мектептерінде шешендік өнер сабақтарын жүргізе білуге, шешендік өнер қағидаларын меңгеруге көмектесу. Аталмыш еңбекте күнделікті іс-әрекетімізде бірден-бір қажетті ауызша және жазбаша сөйлеу мәдениеті туралы мәліметтер, шешендіктану сабақтарының фрагменттері кесте, анықтама, қысқаша сипаттама, сызба үлгісінде берілген.
Бұл айтылғандарға қоса профессор А.С.Қыдыршаевтың соңғы кезекте «Педагогтің шешендік шеберлігін жетілдіру әдістемесі» (оқу құралы) (2008), «Материалдарды слесарлық өңдеу технологиясы» (оқу құралы) (авторлық бірлестікте) (2011), «Практикалық қазақ тілі курсы бойынша мәтіндер мен тапсырмалар» (оқу құралы) (2011), «Көшбасшы студенттердің сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың әдістемелік жүйесі» (монография) (2013), «Қазақ мектебінің VII сыныбында шешендік өнерді оқыту әдістемесі» (монография) (2013), «Жоғары оқу орындарында «Педагогикалық шешендіктану» курсын оқытудың әдістемелік жүйесі (монография) (2013), «Шешендіктану: теориясы мен практикасы» (оқу құралы) (2012), «Шешендіктану» (оқу құралы) (2013) атты еңбектері баспа бетін көрді. Бұл еңбектер туралы сөз қозғау өз алдына бір төбе мәселе.
Ауқымды да жемісті ғылыми-педагогикалық қызмет атқарумен қатар Абат Сатыбайұлы еліміздің, аймақтың қоғамдық-мәдени өміріне белсене қатысып келеді. Ол республикалық ғылыми - әдістемелік, педагогикалық «Білім технологиялары» («Образовательные технологии») журналының (Алматы) ақылдастар алқасының мүшесі, БҚО бойынша Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бюро мүшесі. Сондай-ақ 1913 жылдан бастап Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының (Алматы қаласы) ғылыми журналы бетінде «Білім беру жүйесіндегі шешендік өнер» айдарын жүргізеді.
Сондай-ақ, профессор А.С.Қыдыршаев бүгінгі таңда республикалық деңгейде «Қазақ шешендіктану ғылымы: теориясы және әдістемесі, зерттелуі (тарихи-педагогикалық аспектіде)», «Кәсіби мамандар мен көшбасшы студент жастардың іскерлік қатынас мәдениетін қалыптастырудың ғылыми-теориялық және практикалық шарттары» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу Жобаларына жетекшілік жасайды.
Көп жылғы жемісті ғылыми-педагогикалық еңбегі үшін ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» (2007), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Еуропалық ғылыми-өндірістік палатасының (Москва қаласы) Еуропалық алтын медалімен және сапа жөніндегі дипломымен (Diplom di Merito) (2012) марапатталған.
Жоғары кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі, принципшілдігі мен адалдығы оны әріптестері мен шәкірттері арасында үлкен құрметке бөледі. Оның есімі біздің еліміздің түкпір-түкпіріндегі әріптестері арасында жақсы таныс. Үлкенге ізет, кішіге ілтипат жасап өскен Абат Сатыбайұлы ғылыми және ұстаздық қызметінде өзіне де, шәкірттеріне де тиянақты талап қоя біледі және де әр уақытта өзінің қарапайым мінезінен еш айныған емес.
Достарыңызбен бөлісу: |