ӘОЖ 811.512.122`366 Қолжазба құқығында
ШӘРІПЖАНОВА ҒАЛИЯ ҒАБДОЛЛАҚЫЗЫ
Қазақ тілі морфологиясы жөніндегі ілімдердің қалыптасуы мен дамуы
(Ы.Е.Маманов еңбектері негізінде)
10.02.02 – қазақ тілі
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2007
Жұмыс Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының
қазақ тіл білімі кафедрасында орындалды
Ғ
С.Исаев
ылыми жетекшілер: филология ғылымдарының докторы,
профессор
филология ғылымдарының кандидаты,
профессор Н.Уәлиев
Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,
доцент А.Қ.Омарова
филология ғылымдарының кандидаты,
доцент Г.О.Әмірова
Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті
Диссертация 2007 жылы 25 желтоқсанда сағат 16.00-де ҚР БжҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.06-түркі тілдері және 10.02.02-қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53.38.01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).
Диссертациямен ҚР Білім және Ғылым министрлігінің орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28).
Автореферат 2007 жылы «25» қарашада таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, филология
ғылымдарының докторы, профессор Ж.А.Манкеева
К І Р І С П Е
Тіл білімі тарихын зерттеуші ғалымдардың басшылыққа алатын историзм принципі бойынша, әр дәуірде қалыптасқан, өмір сүрген алуан түрлі тілдік мектептер, концепциялар сол өз дәуірі тұрғысынан бағаланып, олардан бұрын не бар еді, бұлар оған не қосты, кейінгілердің өздерінен бұрынғылардан артықшылығы қандай деген тұрғыда қаралуы керек. Қазіргі заман тіл білімі – дамудың биік шыңына көтеріліп келе жатқан кең салалы, көп тармақты ілім. Оның құрамында әртүрлі лингвистикалық бағыттар, мектептер, зерттеудің әртүрлі әдіс-тәсілдері бар. Оның сипатын, бүгінгі күйін басқаларынан бөлініп алынған жеке бір мектеп, я зерттеудің жеке бір әдіс-тәсілі көрсете алмайды, оған өресі жетпейді. Сол бағыттарды, мектептерді, әдіс-тәсілдерді бірлікте алып қараған жағдайда ғана тіл білімінің қазіргі күйін, сипатын толық түсінуге болады.
Осыған орай, жекелеген ғалымдардың мұрасын оқып-үйрену – ғылым үшін, оның болашағы үшін аса маңызды қажеттілік. Лингвистикалық мұраны зерттеу жалпы тіл білімінде, соның бірі түркі тілдерінде, ғылым туралы ғылым ретінде әбден орныққан, қалыптасқан дәстүр болып табылады. Қазақ тіл білімінде бұл мәселе 1970-ші жылдардан басталады. К.Ш.Хұсайынның «Исследование фонетики и лексики казахского языка в трудах В.В.Радлова» (А., 1971) атты кандидаттық диссертациясында қарастырылып, одан кейін жеке ғалымдардың мұралары монографиялық тұрғыда зерттеле бастады. Бұл қатарда К.Ертаев, Ж.Тектіғұлова, Г.Әмірова, А.Иманғазина, О.Жұбаева еңбектерін атауға болады.
Осымен байланысты “қазақ тіл білімінің дамуына Ы.Е.Мамановтың үлесі қандай болды, ұстанған концепциялары қай мектеп өкілдерінің тұжырымдарымен үндес келеді” деген мәселе төңірегінде ізденгенімізде айтулы ғалымның жалпы тіл білімі, қазақ тіл біліміндегі морфология саласы бойынша орнықты пікірлері ғылымның қазіргі кездегі қол жеткен биігінен күні бүгінге дейін маңызын жоймағаны байқалды.
Ғалымның ғылыми танымы қазақ тіл білімінің жекелеген мәселелеріне арналған Р.Сыздықова, С.Исаев, Т.Қордабаев, Ә.Құрышжанов, Н.Уәлиев т.б. ғалымдар еңбектерінде талданды. Ғалымның еңбектерінің мәнділігі, құндылығы туралы Ә.Қайдар, А.Хасенова, Ш.Сарыбаев, С.Омарбеков т.б. ғалымдар мен кейінгі жас ғалымдар А.Омарова, Г.Әмірованың зерттеу еңбектеріндегі пікірлерін атауға болады.
Дегенмен Ы.Маманов еңбектері тіл білімі тұрғысынан жеткілікті түрде зерттеліп, өз бағасын толық алған жоқ. Бұған қатысты ғалым жөнінде білдірілген Қ.Есенов пен М.Томанов, М.Серғалиевтің 1963, 1967 жылдары «Қазақстан мұғалімі» газетіне берген мақалаларындағы жылы лебіздері мен Н.Уәлиұлының «Көрнекті ғалым Ы.Е.Мамановтың ғылыми концепциялары туралы» атты ғылыми мақаласын (А., 2007) айтуға болады.
Доцент Ы.Е.Мамановтың қаламынан туған ірілі-уақты мақалалары, тезистері, көлемді еңбектерінің саны 70-тен асады. Көзі тірісінде жарық көрген еңбектерінен басқа ғалымның ҚР ҒА Тіл білімі институты қызметкерлерінің қолға алуымен 2007 жылы “Ы.Маманов. Қазақ тіл білімінің мәселелері” атты шығармалар жинағы жарық көргенін ерекше атап өткен жөн.
Ы.Е.Маманов – қазақ тіл білімінің әр саласына қалам тартқан ғалым. Қазақ тіл білімінің мәселелеріне байланысты ғылыми еңбектерде, монографияларда, шолу іспетті мақалаларда ғалымның құнды пікірлері ескеріліп, талданды. Соның бір дәлелі ретінде 2002 жылы “Астана” баспасынан жарық көрген “Қазақ грамматикасын” алуға болады. Ғылыми басылымның морфология бөлімінде етістік категориясына байланысты зерттеушінің тұжырымдары, көзқарастары, пікірлері негіз етіп алынғаны көрінеді. Дегенмен оның морфологияға қатысты концепциялары қазіргі ғылыми таным тұрғысынан жан-жақты, жүйелі түрде қарастырылып, арнайы зерттеу объектісі болған емес.
Ы.Е.Мамановтың зерттеушілік жұмысының арқауын ең алдымен қазақ тіліндегі етістік мәселесі, оның категориялық ерекшеліктері, грамматикалық сипатары айқындайды. Осы мақсатқа сәйкес, қазақ тілінің табиғатына, атап айтқанда, қазақ тілінің жалғамалылығына жіті көңіл аудара отырып, салыстырмалы түрде орыс грамматикасымен байланыста қарастырады. Жалпы тіл білімінің жетістіктерін кеңінен пайдаланады. Тіл дамуының ішкі заңдылықтарын, ішкі және сыртқы факторлар мен себептерді анық ашып көрсетеді. Кешенді әдістер арқылы материалдарды жинап, өңдеп, топтап және соның негізінде теориялық қорытындылар жасайды.
Типология тілдік жүйенің әртүрлі деңгейде бірігу белгілерінің белгілі типтері мен типтік құбылыстар дамуын анықтайтыны белгілі. Әртүрлі тілдердегі тілдік белгілердің тоғысуы барлық немесе көптеген тілдерге сәйкес келетін кейбір жалпы заңдылықтардың (құрылымдық белгі, заң, ерекшелік, тенденция) дамуына әкеледі. Бұл заңдылықтарды тіл білімінде тілдік универсалдар деп атау қабылданған. Мысалы, орыс, ұйғыр тілдерінің материалдарына сүйенген ғалым қазақ тілін басқа тілдермен салыстыра, салғастыра қарайды, нәтижесінде қазақ тіл білімінің ғылыми негізін қалауға ат салысады. Сондықтан Ы.Маманов кез келген тілді өзіндік табиғатына сәйкес зерттеу үшін тілдерді салыстыруда, салғастыруда жүйесі бір тілдер мен жүйесі басқа тілдердің материалдарын өзінің ретімен, орынды пайдаланғанды ұсынады: “Жүйесі басқа тілдердің грамматикалық құбылыстарының жүйелі тәртібін, заңдарын басшылыққа алып, сол заңдарды екінші бір тілге күштеп ендіру тіл біліміне үлкен қиянат”, – деп жазады [1].
Зерттеудің өзектілігі. Ы.Е.Маманов жоғары оқу орындарында ұзақ жылдар бойы дәріс берген тілші-ғалым. Бүгінгі таңда ғалымның көзін көрген, дәріс алған шәкірттерінің дені - тіл мамандары, көпшілігі ғылым докторлары. Олар Ы.Мамановты өз мамандығын терең меңгерген білгір ғалым болғандығын үлкен құрметпен еске алып, морфология саласы бойынша ғалымның сол кезде айтатын құнды пікірлері мен ғылыми тұжырымдарының қазіргі тіл білімінің жаңа бағыттарымен, өзекті мәселелерімен сабақтас келетініне ерекше назар аударады. Алайда, қазақ морфологиясы бойынша кейінгі жас зерттеушілер еңбектерінде ғалым еңбектерінің мүлде аталмайтындығын да атап айту керек. Бұл ғалымның зерттеу еңбектерінің жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы ретінде жазылмауынан болса керек. Морфология бойынша жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы А.Ысқақовтың авторлығымен шығып, ол бірнеше рет қайта өңделіп, күні бүгінге дейін осы оқулықпен оқытылуда. Ы.Мамановтың ғылыми зерттеулерін осы сала бойынша арнайы ізденгендер болмаса, көпшілік біле бермейді.
А.Ысқақовтың авторлығымен жарық көрген “Қазіргі қазақ тілі” еңбегінің морфологиялық зерттеулердің көш басында тұратын оқулық екендігінде дау жоқ. Онда сөздің морфологиялық құрылымынан бастап, қосымшалар, олардың жіктелуі, сөз таптары, морфологиялық категориялар т.б. негізгі мәселелердің барлығы қамтылған. Бірақ ғылымның жекелеген мәселелерін зерттеу кезінде бұл оқулықта айтылған тұжырым, қағидалардың қайта қарауды, тереңірек зерттеуді қажет ететін тұстары баршылық екендігін қазіргі қазақ тіл білімінің барысы байқатып отыр.
Ы.Е.Маманов еңбектерінде осы аталған “Қазіргі қазақ тілі” оқулығында айтылған мәселелерге қарама-қайшы келетін немесе одан өзгеше сипаттамалар берілген пікірлер кездеседі. Әсіресе, ғалым шығармашылығының бір ерекшелігі – Ы.Е.Маманов тіл ғылымының қай саласына болмасын, өзіндік ой-пікірімен келіп, ғылымда әбден қалыптасқан, даусыз мәселелерді қайталамай, үнемі мәселе етіп қоятындай тілдік фактілерге ерекше назар аударып отырады. Санамалап айтатын болсақ, қазақ тіліндегі қосымшаларды тілдік материалға сәйкес бөліп қарауы, әлі де әртүрлі пікір қалыптастыруға негіз болып жүрген аффикстерге берген тұжырымды ойлары, етістіктің грамматикалық топтарына байланысты құнды пікірлері қазақ тіл білімінің нәтижелері негізінде жасалатын қазіргі қазақ тілінің функционалды грамматикасын қалыптастыруға қосылатын құнды көзқарас, тұжырымдары деп санаймыз. Міне осы айтылғандар зерттеу нысанына алынып отырған тақырыптың өзектілігін көрсетеді.
Зерттеу нысаны – Ы.Е.Мамановтың қазақ тілі морфологиясының өзекті мәселелеріне қатысты іргелі зерттеулері, пікірлері мен ізденістері.
Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттері. Жұмыстың мақсаты – Ы.Е.Мамановтың ғылыми танымы мен өзіндік көзқарастарын ғалымға дейінгі және қазіргі таңдағы ғылыми ой-пікірлермен салыстыра отырып, түркітану іліміндегі, оның ішіндегі қазақ тіл біліміндегі орнын анықтау, ғылыми мұрасына лайықты бағасын беру. Бұл мақсатқа жету үшін ғалым мұрасындағы төмендегі мәселелердің шешімін бағалау міндеттері қойылды:
- ғалым зерттеулеріндегі етістік тұлғаларының лексика-грамматикалық қызметтеріне сәйкес жіктелуі (негізгі және функциялық етістіктер);
-
қосымшалардың қызметіне орай топтастырылуы;
-
қазақ тіліндегі негізгі және қосымшалы түбір етістіктердің қызметі, функционалдық деңгейде түбір және модификациялы етістіктерге ажыратылуы;
- Ы.Е.Маманов еңбектеріндегі етістіктің грамматикалық сипатына қатысты тұжырымдарының ғылыми-теориялық деңгейін қазіргі тіл білімі тұрғысынан анықтау;
- әдеби тіл мен оның нормалары туралы, қазақ тілінің терминдері жөніндегі пікірлерінің мәнін ашу.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы.
- қазақ морфологиясы жөніндегі ілімдердің Кеңестік кезеңіндегі қалыптасуы мен даму жолдары сараланады;
- Ы.Е.Маманов зерттеулеріндегі концептуалды тұжырымдар өзге де морфолог-зерттеушілердің ой-пікірлерімен салыстырылып, ғалымның ұстанған бағыты, концепциясының ғылыми негіздері ашылып көрсетіледі;
- қазақ тіл білімінде қазақ тілі морфологиясының күрделі проблемаларының зерттелу барысына ғылыми шолу жасалып, Ы.Мамановта ол мәселелердің қандай шешім тапқаны анықталады;
- Ы.Мамановтың қазақ тілі морфологиясын ғылыми пән ретінде дамытудағы қосқан үлесі, жаңалығы, орны, мақсаты анықталып, соның нәтижесінде ғалымның ғылыми лингвистикалық мұраларының құндылығы айқындалады.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы.
Жалпы тіл білімі жекелеген тілдерді зерттеудің негізінде дамиды. Сондықтан жекелеген тіл білімі өкілдерінің зерттеулері ұлттық тіл ғылымының тарихындағы теориялық бағыттар мен мектептердің, оның көрнекті өкілдерінің алатын орны мен рөлін анықтауда ерекше маңызды болып табылады. Қазақ тіл білімінде Ы.Е.Маманов сынды жекелеген ғалымдардың теориялық көзқарастарын, ой-тұжырымдарын, ұстанған бағыттарын арнайы зерттеу сол ғылым саласының қалыптасу, даму тарихын қазіргі тіл білімінің жетістіктері және жаңа салаларымен сабақтастығын теориялық тұрғыдан пайымдауға жол ашады.
Зерттеуде алынған нәтижелер және зерттеу материалдары оқулықтар мен оқу құралдарын жасауда, морфология пәні, функционалды грамматика бойынша лекциялар курсында кеңінен қолданылады. Жұмыстың кейбір деректері ғалымның еңбектері туралы энциклопедияларда, қазақ тілі бойынша анықтағыштарда қолданылады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар.
- көрнекті, айтулы ғалымдардың лингвистикалық мұрасын зерттеу, бағалау, қазіргі тіл білімінің дамуындағы орнын көрсету ғылымның тарихы үшін аса маңызды мәселе болып табылады;
- қазақ тіл білімін дамытуға үлес қосқан айтулы ғалымның ой-пікірін саралап, олардың теориялық негіздерін көрсету тілді зерттеуді жетілдіру үшін аса қажет;
- қандай лингвистикалық мектеппен байланысын, қандай ғылыми-теориялық бағыттарға сүйенгенін, қандай тәсілдер қолданғанын анықтаудың тілдің өзіндік табиғатына байланысты ерекшеліктерін зерттеуде маңызы зор;
- тіл ғылымы жетістіктерін қаншалықты пайдалана алғанын көрсету;
- қандай ғылыми әдістерді қолданғанын, тілдің дамуына әсер ететін ішкі және сыртқы факторлардың өзара байланысын көрсете алғанын саралаудың мәні аса зор. Туыстас тілдердің, жүйесі туыс емес тілдердің деректерін салыстыру арқылы ғалымның қол жеткен нәтижелерін көрсету аса қажет.
Зерттеудің дереккөздері. Жұмысты жазу барысында Ы.Е.Мамановтың морфологияға қатысты жарық көрген монографиясы, оқулықтары, ғылыми мақалалары мен жасаған баяндамалары, лекциялар курсы, зерттеу нысанына қатысты баспа бетін көрген негізгі ғылыми әдебиеттер, А.Байтұрсынов, Қ.Кемеңгерұлы, А.Ысқақов, К.Аханов, А.Қалыбаева, Н.Оралбаева, Ә.Қайдар, Р.Сыздықова т.б. зерттеулері, сондай-ақ ғалымның пікірлеріне талдау жасап, оның теориялық тұжырымдарын дамытқан С.Исаевтың еңбектері жұмысқа теориялық және методологиялық негіз ретінде пайдаланылды.
Зерттеу әдістері. Жұмысты жазу барысында сипаттама, талдау, жүйелеу, жинақтау, тарихи-салыстырмалы, статистикалық, қорыту әдістері қолданылды.
Зерттеу жұмысының тақылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны мен нәтижелері төмендегідей халықаралық және республикалық ғылыми конференцияларда баяндалды:
«Құдайберген Жұбанов және қазақ тіл білімі» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция (Алматы, 1999), «Көлік-коммуникация кешеніндегі техникалық терминдердің қазіргі жағдайы және аударма мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференция (Алматы, 2005), «Современные технологии и практика преподавания языка и литературы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция (Алматы, 2005). ҚР БҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы «Лингвистикалық жұма» ғылыми-әдістемелік семинарында баяндама жасалып, республикалық ғылыми басылымдарда 9 мақала жарық көрді.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспе, екі бөлім, қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Зерттеу жұмысының бірінші тарауы «Ы.Е.Маманов зерттеулерінің грамматикалық негізі» деп алынып, бұған қатысты негізгі мәселелер бес тармақта қарастырылды.
1.1 Сөздің морфологиялық құрылымы. Адам санасында түйінделген ұғымдар сөзбен белгіленгенімен, органикалық бірлікте емес. Сол себептен әр халықтың тілі әр басқа. Әр тіл өзінің ішкі дамуына сәйкес әр алуан өзгеріске түсіп, тілдің грамматикалық құрылысы қалыптасады. Сөз және сөздің грамматикалық құрылымы туралы анықтама беру үшін, басқа тілдерде қолданылатын кейбір грамматикалық терминдерді қолданбас бұрын, тілдік материал негізінде анықтап алу қажет.
Сөздердің грамматикалық құрылымын қарастырмас бұрын, «сөз» дегеніміз не және ол қандай тұлғаларға бөлінеді деген мәселеге тоқталады. Сөзге анықтама берудің әртүрлілігі қай ғалымның қандай тілді зерттеп, қай тұрғыдан айтқан пікіріне байланысты әртүрлі болып келе береді. Сол сияқты түркі тілдерін зерттеуші мамандар тарапынан сөзге берілген анықтамалар ішінде де айырмашылықтар кездесіп отырады. Оған Н.А.Баскаков (1963), Э.В.Севортян (1971) берген анықтамаларды, сондай-ақ белгілі қазақ ғалымы Н.Сауранбаев дәлелдемелерін келтіруге болады. Тілші-ғалым Ы.Мамановтың сөз, морфема туралы пікірі жоғарыда айтылған анықтамалардан басқаша. «Қазіргі қазақ тілі» еңбегі мен «Сөз, морфема, қосымша туралы түсінік» атты мақаласында түбір сөз бен түбір морфеманың өзіндік айырмашылықтарын ғылыми негізде сипаттап көрсетеді [1, 18-20 б.], [2, 6-8 б.].
Белгілі лингвист ғалымдардың «морфема тілде дербес қолданылмайтын, тек сөз құрамында қолданылатын сөз бөлігі» дейтін анықтаманың флективті тілдерге бірдей ортақ қағида екендігіне назар аударады.
Орыс тілі – флектив (жүйелі) тіл, ал қазақ тілі – аглютинативтік (жалғамалы) тіл. Орыс тілінің сөздік құрамына енетін атауыш сөздер лексика-грамматикалық формалар (словоформа), яғни орыс тіліндегі сөздер түбір сөз және сөздің грамматикалық формалары деп екі топқа бөлінбейді. Ы.Е.Мамановтың көрсетуінше, қазақ тіліндегі негізгі түбір сөздерді, орыс тілінің үлгісімен механикалық түрде, морфемаға жатқызу дұрыс емес. Орыс тілінде түбір сөз (корень) дербес сөз емес, ол – «сөз мұқылы» ғана. Орыс тілінде сөз бөлшектеріне бөлінбейтін мужской род формасындағы зат есімдер ғана. Олар грамматикалық формалармен түрленгенде, қазақ тіліндегі түбір сөздер тәрізді өзінің бастапқы қалпын сақтайды. Бірақ бұлар зат есімнің мужской родын білдіретін грамматикалық форма болып саналады. Ал, қазақ тіліндегі түбір сөздер грамматикалық форма емес, олар сөз таптарының форма тудырушы қосымшаларымен түрленгенде ғана грамматикалық формаға енеді [1, 8 б.] .
Грамматикалық құбылыстар жөнінде пікір алалығы түркі тілдерін зерттеушілер арасында жиі кездеседі. Осымен байланысты форма тудырушы қосымшалар мен жалғауларға берілген түсініктемелер әлі де жеткіліксіз бе деген ойға саяды. Сөйтіп, қазақ тіліндегі қосымшаларды тілдік материалға сәйкес, тілдің аглютинативті табиғатына сүйенген ғалым Ы.Е.Маманов сөз тудырушы және форма тудырушы деп екі топқа бөліп қарау арқылы ғана сөздің морфологиялық құрылымын лингвистикалық тұрғыдан дұрыс тануға болады деп есептейді.
1.2 Қос қызметті аффикстер. Қазақ тілі аглютинативті тілдер тобына жатады. Сонымен байланысты сөзжасам және сөзтүрленім қызметін көбінесе қосымшалар атқарады. Қосымша термині алғашқы грамматикаларда «приставка», «послелог», «частица» делініп түрліше аталды. «Қосымша» терминін алғаш қазақ тіліне енгізген белгілі ғалым А.Байтұрсынұлы жалғанған сөзінің тұлғасын ғана өзгертіп, мағынасын өзгертпейтіндерді – жұрнақ деп атаған. Қ.Жұбанов болса, жұрнақ терминінің орнына «үстеу» терминін қолдануды ұсынған.
Ал Ы.Е.Маманов қосымшаларды, ең алдымен, не сөз жасайтын қосымшалар не форма ғана жасайтын қосымшалар деп жіктеу қажет деген концептуалды пікір ұсынады. Кейін Ы.Мамановтың осы концепциясын дамытқан ғалым С.Исаев қосымшаларды осы негізде бөліп көрсеткен. Ғалым еңбегінде қосымшаларды осы үлгіде жіктеуде өзгешелік кездеседі. Ол сөзжасам қосымшаларының бір тармағы етіп – функциялық қосымшалар деген бөлікті қосады. Бұл қосымшалар - -дай, -дей, -ша, -ше, -сыз, -сіз, -ғы, -гі қосымшалары. Ғалым бұл қосымшаларды жаңа сөз де тудырмайтын, форма да тудырмайтын, контексте ғана өмір сүретін сөзжасам қосымшаларының ерекше қолданысы деп атайды [5, 226 б.].
Қазақ тіл білімінде жоғарыда сөз болған қосымшалардың тілдік табиғаты туралы ең алғаш тың пікір айтқан ғалым Ы.Е.Маманов болды. Ғалымның «Лекциялар курсы» қазақ тілі морфологиясының өзекті мәселелеріне, оның ішінде сөзжасам мен формажасамның аражігі мен есім сөз таптарының құрамында қаралып жүрген қосымшалардың сөзжасамдық, формажасамдық қызметтерін анықтауға арналған. Ы.Е.Мамановтың жетекшілігімен шәкірті Қ.Шаяхметов «Екі функциялы аффикстер» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады (1973).
Қазақ тіл білімінде жоғарыда аталған қосымшалар Ә.Болғанбаев, Ә.Төлеуов, Ибатов, Ғ.Қалиев, М.Томанов, А.Ысқақов т.б. ғалымдар еңбектерінде сөзжасамдық қырынан біржақты ғана қарастырылған.
Бұл аффикстердің форма тудыру қызметін ашып айтпағанмен, өзіндік ерекшелігіне баса назар аударған Ғ.Мұсабаев пен Н.Оралбаева болды.
Бұдан кейінгі кезекте әртүрлі пікір қалыптастырып, әр бағытта қарастырылып жүрген аталған қосымшалар туралы айтқан Ы.Е.Мамановтың пікірлеріне жүйелі түрде талдау жасалады. Бұл қосымшалар А.Ә.Жаңабекованың кандидаттық диссертациясында талданып, Ы.Мамановтың тұжырымдарын басшылыққа алады [6] .
1.3 Профессор Ы.Маманов қазақ тіліндегі шырай категориясы туралы. Қазақ тілінде сын есімнің шырай категориясының зерттелуіне біраз ғалымдарымыздың үлес қосқандығы белгілі. Алайда шырайдың грамматикалық топтарына қарай бөлуде бірізділіктің жоқтығы байқалады. Мәселен, кейбір оқулықтарда –қыл, -ғыл, -қылт, -тым, -шыл, -шіл, -ғыш, -гіш жұрнақтары салыстырмалы шырай құрамында беріледі. Яғни шырай түрлерін анықтауда қандай принципке сүйенеміз деген мәселенің басы ашық емес екендігін алғаш байқаған Ы.Маманов шырай мәселесінде екі түрлі жағдайға баса назар аударған. Оның бірі – жоғарыда аталған сынның белгісін білдіретін жұрнақтарды сөзжасам жұрнақтарына жатқызу керек пе, әлде шырай категориясында қарала ма деген сұрақ болса, екіншісі – жай шырайдың шырай парадигмасының құрамына ене ме, яғни шырайдың бір түрі ретінде грамматикалық қатарға (граммема) жата ма деген мәселе.
Қазақ тіл білімінде шырай категориясының грамматикалық сипатына А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, Ғ.Мұсабаев, Ә.Төлеуов, А.Ысқақов, М.Томанов, Ы.Маманов, С.Исаев т.б. ғалымдар арнайы тоқталған.
Ы.Маманов нөлдік форма теориясын сөз ете отырып, жай шырай, негізгі етіс деп аталып жүрген шырай, етіс түрлерінің жоқ екеніндігін, олардың тек түбір сөздермен тұлғалас келетінін дәлелдейді [2, 76-77 б.].
С.Исаев жай шырай мәселесінде Ы.Мамановтың пікірлерін толық қолдаған [5, 140 б.].
...Сонымен, Ы.Маманов шырай категориясына байланысты екі мәселенің басын ашып берді: бірі – шырай категориясындағы жай шырай деп аталатын түрінің шырай формасы бола алмайтындығы, оның басқа шырай формаларына негіз болатын түбір сөз екендігі, екіншісі – ғыш, -шыл, -қай т.б. жұрнақтарының шырай жұрнақтарына жатпайтындығы, оларды грамматикалық абстракция жасамайтындықтан сөзжасам қосымшаларына жатқызу қажеттігі. Ғалымның пікірінше, қандай да бір тілдік құбылыс сол тілдің тілдік заңдылығына бағынуы керек. Олай болса, шырай жұрнақтарын сөзжасам қосымшалары мен форма тудырушы қосымшаларға қойылатын талаптар бойынша саралаған ғалым пікірлерінің құндылығы дау тудырмайды.
1.4 Қазақ тіліндегі көптік форма туралы. Көптік категориясы жайлы тіл білімі жөніндегі оқулықтарда арнайы баяндалады. Түркі тілдерін зерттеген ірі ғалымдарымыз Малов, А.В.Баскаков, А.Н.Кононов, Н.К.Дмитриев еңбектерінде көптік категориясы жайлы пікірлер айтылған. Ал қазақ тілінде бұл мәселеге алғашқылардың бірі болып арнайы тоқталған ғалым – профессор М.Балақаев (1940). Сондай-ақ Н.Оралбаева (1959), А.Д.Данияров (1965), А.Ысқақов (1965) еңбектерінде жалғасын табады. ...С.Исаевтың қазақ тіліндегі көптік жалғаудың негізінен жұрнақтық функциясы жайлы айтқан пікірі шын мәнінде тілдік жүйеге, оның тілдік заңдылықтарына сүйеніліп жасалғандығы анық. Көптік жалғаудың жалғаудың басқа түрлерінен ерекшеленетін осы белгісі – қосымшаларды жіктеу мәселесінде ескерілуі қажет.
Ы.Маманов көптік формаға байланысты мынадай тұжырым жасаған: «Қазақ тілінде грамматикалық көптік форма біреу-ақ. Ол –лар, -лер, -дар, -дер, -тар, -тер қосымшалары арқылы жасалады. Әрбір грамматикалық форманың өзіне тән грамматикалық мағынасы болады. Кейбір грамматикалық форманың өзіне тән грамматикалық мағынасы болады. Кейбір грамматикалық формалардың бірнеше мағыналық қырлары болуы мүмкін» [1, 31-36 б.]... Қазіргі функционалды грамматикада бір ойдың әртүрлі жолдармен берілу тәсілі бар. Яғни, «функция әртүрлі тілдік құралдар арқылы жүзеге асырылуы мүмкін және бір құралдың өзі әртүрлі функция атқара алады» [Тіл білімі сөздігі.А.,1998. 417 б.]. Ы.Е.Маманов көптік ұғымның түрлі берілу жолдарын танып, оларды әр басқа категория деу ағаттық екенін дәлелдейді. Функционалды грамматика тұрғысынан келгенде, ғалымның болжамын біз дұрыс шешім деп қабылдаймыз.
1.5 Ы.Маманов қазақ грамматикасындағы нөлдік форма туралы. Тіл білімінде кейбір грамматикалық формадағы сөздер грамматикалық көрсеткішсіз-ақ нөлдік формада қолданылады. Нөлдік форма термині ғылымда нөлдік жалғау, нөлдік морфема, нөлдік форма, нөлдік қосымша, нөлдік таңба т.б. терминдермен белгілі болды. Нөлдік форма теориясының пайда болуына Фердинанд де Соссюрдің тілдік таңба теориясы негіз болды. Ф.Соссюр грамматикалық мағына білдіруші көрсеткіші жоқ сөз формасы басқа сөз формаларымен салыстыру арқылы, солардан өзгешелігі арқылы танылады дейді.
Нөлдік форма жайлы мәліметтер алғаш Ф.Ф.Фортунатов еңбектерінен басталады. Ол атау септік формасын ең алғаш рет басқа септік формаларымен бірдей грамматикалық мағына бере алатын, көрсеткіші жоқ нөлдік форма деп таныған.
1960 жылдардан бастап нөлдік форма теориясы ғылыми айналымға түсті. Орыс ғалымдары Ю.С.Маслов, П.С.Кузнецов, И.П.Иванова, А.М.Пешковский т.б. ғалымдар нөлдік форма туралы пікірлерін ортаға салып, әртүрлі терминдер ұсынды.
Қазақ тіл білімінде Ш.Х.Сарыбаев, Н.Т.Сауранбаев, Ә.Төлеуов, А.Ысқақов т.б. ғалымдар еңбектерінде септік жалғауларының тасалануы, септік жалғауларының ашық, жасырын қолданылуымен байланысты айтылып келді. Аталған ғалымдардың ой-пікірлері ғылыми мақалаларда, қазақ тілі оқулықтарында жарық көрді. Бұл тілдік құбылысты ғалымдар ертеден-ақ байқаған.
Қазақ тілінде нөлдік форманы Ы.Маманов, С.Исаев, Н.Оралбаева, Ж.Балтабаевалар арнайы зерттеген. Ғалымдар еңбектерінде бұл тілдік құбылыс алдыңғы аталған ғалымдар еңбектеріндегідей септік жалғауларының тасалануы немесе ашық, жасырын қолданылуы тұрғысынан емес, нөлдік морфема терминдерімен аталады.
Ы.Маманов еңбектерінде нөлдік формаға ілік, барыс, табыс септіктерінің жасырын формалары мен бұйрық райдың 2-жақ жекеше түрін жатқызылады. Ал атау септікті бұл қатарда қарамайды. Н.Оралбаева мен С.Исаев еңбектерінде атау септік нөлдік форманың ең бірінші элементі болып табылады. Бұл ғалымдар септіктердің жасырын формаларын, тәуелдік жалғау (біздің ауыл), жіктік жалғаудың үшінші жағын, 2-жақ жекеше, бұйрық рай формасын нөлдік форма деп анықтайды.
Кейінгі ғылыми зерттеулерде нөлдік форма грамматиканың шеңберінен шығып, кең аяда қарастырыла бастады. А.Қ.Омарова «Қазақ тіліндегі нөлдік морфеманың функционалдық және семантикалық аспектісі» атты докторлық диссертациясында бұл ұғымның сөзжасамға да қатысты тілдік құбылыс екенін дәлелдейді. Зерттеуші аталған еңбекте нөлдік морфеманың семантикалық-функционалдылық ерекшеліктерін ашу мақсатында нөлдік морфеманы грамматикалық нөлдік морфема (септік жалғаулары мен т.б. грамматикалық формалар) және сөзжасамдық нөлдік морфема деп саралап алады. Бұл тілдік бірліктер диссертацияда функционалды-семантикалық аспектіден сипатталады [8].
Септік жалғауларының ашық және жасырын келуін (нөлдік форманы) бірнеше жылдар бойы түркі тіл білімін зертеуші ғалымдар белгілілік-белгісіздік категориясымен байланыстырып келді. Олардың бір тобы бұл категорияның түркі тілдерінде бар екендігіне түрлі дәлелдер келтіреді. М.Балақаев «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында (1961) грамматикалық белгілілік не белгісіздікті мағыналық белгілілік я белгісіздікпен бір деп санауға болмайды. Түркі тілдері, оның ішінде қазақ тілі үшін белгілілік-белгісіздіктің грамматикалық тұлғасы мынау дерлік дербес қосымшасы жоқ деген тұжырым жасайды. Алайда ғалым ондай мағыналық айырмашылық қазақ тілінде мүлде жоқ деп айтуға болмайды деген де пікір айтады.
Ы.Е.Маманов қазақ тілінде белгілілік-белгісіздік категориясы бар деп көрсетеді. Олардың арнаулы грамматикалық көрсеткіштерін де анықтайды. Ғалым табыс, ілік септіктерінің ашық, жасырын келу ерекшеліктерін қазақ грамматикасындағы белгілілік-белгісіздік ұғымымен байланысты қарау керек деген концепция ұсынады. Мысалы, ілік және табыс септіктерінің ашық келуі белгілілікті көрсетеді. Осыған байланысты кісі есімін белгілілік деп көрсетеді (Асанның үйі – Асан үйі деп айтылмайды). Ғалымның пайымдауынша, ілік, табыс септіктерінің түсірілмей айтылуы – белгілілік, ал түсіріліп айтылуы – белгісіздік ұғымының көрсеткіші болады. Сондай-ақ, бір, біреу есімдіктері белгісіздік мағынаның көрсеткіші болып табылады деп есептейді.
Белгісіздік мағына, ұғым тіл білімінде әлі де кеңірек зерттеуді қажет етеді. Өйткені белгісіздік ұғымын «бір», «біреу» сияқты екі-үш сөз бен табыс септіктің жасырын түрімен ғана байланыстыру жеткіліксіз. Белгісіздік ұғымының тілдік табиғатын ашу үшін ең алдымен сөздерді мағыналық жағынан, яғни осы белгісіздік ұғымын білдіруі жағынан талдау жасау керек. Белгісіздік мағынаны барлық сөз таптарына қатысты да айқындауға болады деп есептейміз. Мысалы, зат есім болатын ағаш деген сөзде жалпылық, көптік ұғымдармен қатар, белгісіздік ұғым болса, сын есімнің заттанған түрінде ғана белгісіздік ұғым бар (Белсенділер алдыға шықты). Сан есімнің болжалды түрінде (екілер, бестер шамасы) белгісіздік мағына болса, бұл ұғым есімдіктің бірнеше түріне тән.
Сөз таптарының ішінде грамматикалық категорияға бай, күрделісі – етістік екені белгілі. Белгісіздік мағына түбір етістіктерде де кездеседі. Белгісіздік ұғымы етсітіктің шақ формаларында (келер ме екен, барар еді), сыпат категориясында, аналитикалық етістіктерде де кездеседі.
Жалпы алғанда бұл категория туралы мәселе жеке зерттеуді қажет етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |