Күлпәштің ұршығы
Шешемнің замандасы еді. Біздің үйдің қыр жағында тұрады. Ақарлы-шақарлы, бала-шағасы көп адам. Ерінен ерте айрылған. Соғысқа кетіп, содан хабар-ошарсыз жым-жырт жоғалған. Тастай батып, судай сіңіп кеткен. Әйтеуір, ұлдары ересек, үлкені үйленген, одан үш-төрт немересі және бар. Ертеден қара кешке дейін есік көзінде басқышта, тулақтың үстінде ұршық иіріп отыратын Күлпәштің екі көзі біздің үйдің түтінінде.
Табиғатынан қыдырмашы адам болған соң, көрші-қолаң оны жақтыра қоймайтын. Бірақ сумақайлығы, ауыл үйді бір-біріне айдап салар айтақшыл өсек-аяңы жоқ әйел. Тек біреудің үйінде жаңалық болса естімей, алыстан ағайындары келіп жатса, барып есендеспей отыра алмас еді. Жіп иіретін ұршық - Күлпәштің жан жолдасы, түнде басына жастап ұйқтайды екен. Қашан көрсеңіз де, шынтағын шошайтып, созақтата жіп иіріп шаншылып отырғанын көресің.
Дегенмен, түтін шыққан үйді аңдып, ыстық тамағының үстіне дәл түсетін әдеті бары рас. Жұрт Күлпәштің осы мінезінен зәрезап болатын. Бағзы заман емес, қазіргі ағыл-тегіл тоқшылық уақытта, бала-шағаңның ортасында оңашаланып аузына енді ала берген асыңа бір емес, екі емес, ортақ бола берген адамды - атаң болса да жақтырасың ба, тәйірі. Бірақ жұрттың күңкілін, қыржың-тыржың теріс қабағын Күлпәш кәперіне де алмайтын. Салдырлап әңгімесін айтып, алды-артына қарамай асай беретін, тіпті "жесеңдерші" деп, өз асыңды өзіңе тықпалайтын; тіпті өз үйінен кекіре тойып шығып, көршінің шайына зыр жүгіріп кетер еді.
Қыстың алғашкы айының бір күні еді. Таңертең тұрсам, аппақ болып қар жауып қалыпты. Кеше ғана қара қожалақ көрпесін қымтанып, ұзақ ұйқыға кеткендей жым-жырт. Қар бетіне иттің ғана ізі түскен. Күн көтеріле, алғашқы қар қалыңдығына қарамай жылбысқалана еріп, ақ сорпасы шығып бусана бастады. Ағаш күрек алып әрі-бері тазалап көріп едім, жабыса иленіп ырық бермеген соң, тастағанмын. Ағаш-ағаштың бұтағын сындырардай тұтасқан қар ептеп еріп, тамылжи сорғиды. Айналаңа, әсіресе, күн шығар жаққа қарай алмай ұяласың, көз қарығады. Қолтығына қысқан қалайы аяғы - ыдысы бар, екі қолын жеңіне қусырынған Күлпәш үйінен асығыс шығып, бізге қарай қаздаңдай құлдады. Жақындай бере, одан бұрынырақ үйге сып етіп еніп кеттім. Апамдар шай ішіп отыр екен. Іле-шала будақ-будақ бу алып Күлпәш та кірді. Кіре бере "алла, белім" деп, табалдырыққа жалп ете түскені. Әлгінде ғана сайрап, есен-сау шай құйып, самаурынға иелік жасап отырған шешем, ол да сап етіп шекесін ұстап, "алла, басым" деп зарлай жөнелгені. Мен аң-таңмын, екі әйел еселесіп, бірсыпыра ыңқылдады-ай... Күлпәш көзінің астымен ақырын ұрлана шешеме қарайды да, өзінен зор шыққанына шындап көзі жетті білем, жылжып, "аллалай" дастарқанға жақындады.
- Саумысың, Күлия? - деді жарамсақтана. - Ауырып қалғанбысың?
- Ауырмай отыратын күнім бар ма, Күлпәш. Бір үйдегі -бір кісі болған соң, сүйретіліп тұрасың.
- Мен де сол, әйтеуір, өлмеген соң, балаларға бас-көз болып жүрген. Екі күн болды, белден шойрылғалы.
- Үш күннен бері менің де басымның сақинасы ұстап.
- Мен де жетісіп отырғаным жоқ, бәтір. Бес күннен бері екі тізем қақсайды.
- Он күннен бері оң иығым шағатын болып жүр.
- Бір ай болды, екі аяғым кеміріп жатыр-ау, жеп жатыр...
- Былтырдан бері, құданың құдіреті, екі көзім бұлдырлап көрмейтінді шығарды. Өстіп жүріп су қараңғы соқыр болып...
- Қойшы-ей, қайдағыны айтпай, кейде менің де екі құлағым тарс бітіп қалады.
Ендігі сәтте шешем де, Күлпәш та ауруларын ұмытып, құла шайды сораптай ұрттап, ұзақ сонар әңгімеге көшкен. Ал мен аң-таңмын...
- Е-е, замандас-ай, - деп күрсінді Күлпәш. - Шалың бар сен осындайсың. Жиырма жылдан бері жесір біздің не жанымыз шыдап жүр десеңші. Жүрген ғой, әйтеуір, өлейін десе, қол тимей... Е... е...
- Бойында шыбын жаны бар демесең, біздің үйдің иесі ауырады ғой, қатты ауырады. Трудовой өтіп кетсе керек. - Шешем төргі бөлмеде көзілдірігін киіп кітап оқып жатқан әкем жаққа мойнын соза қарап қойды. Содан соң маған: - Есікті жаба салшы, - деді. Әңгімемізді естіп қоя ма деп сезіктенді білем.
- Е, сөйт, балам, төргі бөлменің есігін жаба сал, - деп қайталады Күлпәш. - Жүзі қара-ау, ұлыңа шай құйсаңшы, - деп шешемнің ұмыт қалдырған шаруасын және есіне салды.
- Күзден бері осы жаңғалақтық пайда болды, - деді шешем. - Қазір қойғанымды қазір ұмытамын.
- Мен де ұмытшақпын-ей, - деді Күлпәш. - Әнеугүні Шәкендердікі ет асқан екен, барайын деп тұрып, қара басып ұйқтап қалыппын.
- Кеше соғым сойған күнге дейін тісіміздің суын сорып отырамыз ба деп, қалған қара ешкіні алып соқтық.
- Не дейді!.. Күлпәш қайран қалып таңданды. - Айттым ғой, кейінгі кезде ес-ақылдан айрылып жүрмін деп. Айта салғанды да білмейсің. Тіпті түтіндерің бықсымап еді, сен де қуланып, сараңданып барасың-ау. Ішек-түшек, қарын-сарын алып қалушы едің... дәметіп...
- Алла, басым! - деп, шешем әңгіменің ауанын бұзып жіберді.
- Алла, белім! - деді Күлпәш. - Көп отырып қалдым-ау, сенімен әңгімелесемін деп. Біздің қара сиыр қарасан болды. Арты бітеліп, алты ай болды желіндегелі. Түйе секілді жайқалып жүр албасты, қара суға қамалтпай, бір шайлық сүт бер.
- Біздің қоңыр сиыр ерте суалып барады. Өзі үш емшек, өзің білесің, бір емшегі баяғыда кеткен. Жем-шөбін алдына төгіп отырған біз емес. Бір сағат созғыласаң, жалғыз шайлық сүт әрең шығады. Сенің ұлың қойда ғой, анда-санда біздің үйге де бір қапшық жем әкеп тастамай ма? Міне, сүттің бары осы, - деп, тостағандағы шайға қатып отырған сүтті көрсетіп еді, Күлпәш үңіліп қарады да:
- Е, мынауың көп сүт, - деді шімірікпей.
- Көп сүт болса, аузымнан жырып саған-ақ бердім, -деп, барлығын Күлпәштің ыдысына қотара құйып бере салды. Содан соң өзі үлкен бір мөрттік жасағандай замандасына риза көзбен күлімсірей қарады.
- Рақмет, Күлия! - деді ол қош көңілмен шығып бара жатып. - Ұлыңның қызығын көр, алла белім, аяғымды бастырмайды, сүйретіліп қашан жетер екенмін...
Терезеден тысқа қарап едім, үйіне қарай құстай ұшып, безіп бара жатқан Күлпәшті көрдім.
- Ораш, - деді шешем, - шолаңда бір меске сүт пісіп тұр еді, алып келші.
Мен аң-таңмын.
* * *
Ер жетіп, ауылдан ұзап кеткеніме көп жыл өтті. Анда-санда ғана қатынап тұрамын. Елдің қадір-қасиеті әлі бұзыла қойған жоқ. Әрине, алыстан жолаушы келген соң мал сояды, амандасуға ағайын-туған жиналады. Сондай бірінен соң бірі сабылып жатар ауылдастарымның ортасынан ең әуелі іздейтінім - ұршық иіріп отыратын Күлпәш еді. Шешемнен амандығын алғашқы сұрарым да сол кісі.
- Е, ол қатынды құдай ала ма? Жүр ғой, әйтеуір, жеті күн жерден, жеті күн - елден жеп, - шешемнің бұл сөзі зілсіз, ешбір кек, жаулық тілемей айтарын білемін. Өйткені баяғыда мал сойса, Күлпәштан қулығын асырып ым-жымын көрсетпей қоятын да, егер келмей қалса: "Әлгі қатын қайда жүр, ауырып қалған жоқ па?" - деп, елегізіп іздеп отырар еді. Сыбағасын сақтап, бөлек алып қоятын.
Ауылға оқта-текте бара қалсақ, "туған жердің келбеті-ай, ауасын-ай" деп тамсанып, күні кеше ғана қашқандай болып, екі қолыңды төбеңе қойып безіп кеткен ауылды жаңа көргендей өп-өтірік таңырқап, тамсанып қарайтын жасанды әдетіміз бар ғой. Сондай әрі жалған әрі монтаны мінез маған да жұққанды. Тыртиған трико киіп, қырыққан серке бұттанып, маң-маң баса өзен жаққа беттедім. Бұқтырма барған сайын молайып, екі жағалауын кеміріп, кенересін кеңейтіп келеді екен. Су алатын жарқабақтың жиегінде екі шелекті төңкеріп тастап, ұршық иіріп Күлпәш отыр. Кішкентай немересі құмнан үй жасап ойнап жүр. Мені көріп, орнынан лып етіп тұрып қарсы жүрді.
- Үйбай-ау, Орашжан-ау, қашан келіп қалғансың? Дені-қарның сау ма? Күлия ұлы келіп көзайым болып, той жасап жатыр екен ғой. Жүзіқара әбден қуланып алған, мен тіпті ауыл үй отырып сезбей қалдым.
Бетімнен сүйді.
- Түу, жүдеусің ғой. Ала қағаздың бетін айналдырамын деп азып кетіпсің. Біздің ұл шұжықтай... Иә, оқуыңды қашан бітіресің? Оныншыдан соң оныншы класка мұғалім боп жүргендер көп қой. Бітпейтін неме болса қайтып келсеңші, жаман әкеңді жалғызсыратпай.
- Оқуымды әлдеқашан тауысқанмын, шеше.
- Енді не ғып қайтпайсың?
- Қалада қызмет істеймін.
- Қызметті қайтесің. Жаман әкең отын-шөбін жеткізе алмай, біздің ұлға сан рет келеді. Біздің ұл мықты болып өсті... Трактордың құлағында ойнайды. Ептеп ішіп қоятыны бар, ол ештеңе етпес... Қалада да қарап жүрмейтін шығар.
Мен не айтарымды білмедім. Ауылда қалып не тракторист, не орманшы болмағаныма өзім де сан рет опынған едім... Әкем қартайыңқырап, оның үстіне денсаулығы нашар, шаруасының қиюы қашып жүргені рас-ты. Енді қайтейін, қаладан отын-шөп жіберетін емес...
Бағланның төре табақ етін алдымызға енді ала бергенде, самбырлай сөйлеп Күлпәш кірді.
- Ей, қатын, - деді шешеме айбындап. - Неге қуанбайсың? Жаман жүрегің неге жарылмайды, ойбай? Май ішкен мысықтай, екі көзіңді тарс жұмып жылмиып отырсың ғой. Ұлыңның келгенін неге айтпадың? Ораш сенің ғана ұлың емес, күні кеше мұрнынан сығып алған менің де балам. Балам болмаса - баламның жан жолдасы, күні кеше тай құлындай тебісіп бірге өскен. Жылқының майындай жылбысқаланып, Орашыңның әкелген сәлем-сауқатын жалғыз өзің жамбасыңа басып жатырсың ғой. Қысқы - қызылымыз бен жазғы - ағымызды қылдай қылып бөліп жеуші едік. Баяғыда біреу "Ауыл үй қонсақ қоналық, бірақ аяқ-табақ араластырмайық" деген екен. Отыз жыл отас болған көршінің қақысынан қиын не бар бұл жалғанда. Ұлың қайда? (Мені жаңа көргендей құшақтап, екі бетімнің сау-тамтығын қалдырмай сүйді). Келші, құлыным, мауқымды басып, шөлімді қандырып шөпілдетейін-ай. Реңің жақсы, бұрынғыңай емес, толып, азамат болыпсың. Ай сайын ақша жіберіп, әке-шешеңді асырап жатырсың, естімей, көрмей отырғамыз жоқ. Әлгі біздің жаман ұл май-май болып, темір итаяғының астынан бір шықпайды, жүргенінен тұрғаны көп. Көк тиын әкеліп жатқан ол емес, "апа бересілі болдым" деп, ашқарақ сиырдай мөңіреп тұрғаны. "Аласысы" қашан, ит біле ме. Неге ауыздарыңды аңқайтып қалдыңдар, ет жесеңдерші. Ей, шал, жамбастың етін азайтып маған берші, - деп, салалы саусақтарын табаққа тарбайта салды.
Мен аң-таңмын.
Әкем мырс-мырс күліп, жамбасты етімен ұстата берді. Ал шешем болса бір қызарды, бір сазарды. Содан соң тамағын кенеп сөз бастады. Бейне бір бұрынғының билеріндей...
- Әй, Күлпәш, сен өйтіп бастырмалатпа. "Жуас түйе жүндеуге жақсы" деп. Қара суымнан қалдырып көргенім жоқ, көзіңнен шықсын. Баламның алдында жер-жебір, жекен суыма жетіп, есімді шығарып жібердің ғой. Көшке берген тайыңды ал, бірдемесін өткізіп қойғандай, ер-тоқымыңды бауырыңа алып тулағаның неткенің. Бозталдан шөбімді жеткізіп бер деп он рет барғанда, он күн аяғына бас ұрғанда, төгіп-шашып әрең әкелмеп пе еді ала көз ұлың, онда да ақысын былай алып, шөлмек-шөлмек арағымды ішкен, ол аздай трактормен сүзіп қораның қанатын құлатып кеткен. Бір басында бес ұршық бар, бірін бере көр деп жалындым, бетпақтанып міз бақтың ба?.. Енді келіп, екі иығыңды жұлып жеп, тамағымнан тас өткізіп, отымның басын сабалайсың... Әдірем қал...
- Сенің де сырың белгілі. Шалым бар деп кергисің келіп, кердеңдейсің келіп...
Мен орнымнан тұрып кеттім. Әкем: "Жетті енді, желіге бермеңдер!" - деп, зекіп еді, екеуі... бірдей жым болды.
Сүт пісірім уақыттан кейін, жайдары жарасып, маңдайлары жіпсіп, шай ішіп отырды. Ұзақ бір әңгімеге кеткен. Бір-біріне аса риза көңілмен рақаттана күледі.
- Сен қатын да қайдағыны білесің, - деді Күлпәш құла шайды сораптай түсіп. - Шалыңның қолын қағып көргем жоқ, сен де кеңсің ғой.
- Рас, сенен қызғанып қайтемін. Бір өтірігі жоқ, - деді шешем. Екеуі тағы күлді.
Мен аң-таңмын.
- Осы, Күлия, сен әлгі жоғалған шелегіңді таптың ба? -деді Күлпәш.
- Жоқ, судай сіңіп, тастай батты ғой.
- Құлағыңды бері жақындатшы. - Сыбырлап сөйледі.
-Тірі адамға мен айтты деп аузыңнан шығарып, сездірме. Сенің шелегіңді мен бір үйден көрдім.
- Қойшы әрі, рас па?
- Рас, өтірік айтсам жаным шықсын. Шелегіңнің бүйіріңде кішкене майысқаны бар еді ғой.
- Дәл өзі.
- Ендеше, сол шелек біздің үйде, Мағыштың сеңкесінде керосин құюлы тұр екен, танып алып келдім. Тегінде, осы ауылдың бары мен жоғын менен сұра.
Шешем Күлпәшқа қағазға орап бір асым ет беріп, ол қолтығына қысқан олжасын зыр жүгіріп апарып тастады да, сүйектен жонып істеген ұршығын алып құстай ұшып қайтып келе жатты.
Өте әділ айырбас, екі жақты түсінушілік жағдайда өткен бүгінгі кеңес келесі күні басқаша сипат алған.
Етті асып жеп алған Күлпәш ұршығын сұратып жіберіпті...
Мен аң-таңмын...
Достарыңызбен бөлісу: |