Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу істерін қараудың сот практикасы туралы



Дата27.02.2016
өлшемі52.5 Kb.
#28310
Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу істерін қараудың сот практикасы туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2013 жылғы 13 желтоқсандағы № 4 нормативтік қаулысы


"Егемен Қазақстан" 18.01.2014 ж. № 11 (28235); "Казахстанская правда" от 18.01.2014 г. № 11 (27632); "Заң газеті" 22.01.2014 ж. № 9 (2403); "Юридическая газета" от 22.01.2014 г. № 9 (2577)


      Сот практикасын қорыту нәтижелері бойынша шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы құқық нормаларын біркелкі түсіндіру және қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

қаулы етті:

      1. Соттар көрсетілген санаттағы істерді қараған кезде шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделгенін және Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі – АІЖК), «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК), «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» 1995 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының, басқа да нормативтік құқықтық актілердің нормаларын қамтитынын ескергені жөн.


      Сонымен қатар соттар Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні (Нью-Йорк, 1966 жылғы 16 желтоқсан), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны (Кишинев, 2008 жылғы 14 қараша), Бір мемлекеттің басқа мемлекеттің аумағында тұрақты тұратын азаматтардың құқықтық мәртебесі туралы шартты (Мәскеу, 1998 жылғы 28 сәуір) және Қазақстан Республикасы ратификациялаған басқа да халықаралық шарттарды басшылыққа алуы қажет.
      2. «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматы емес және өзiнiң басқа мемлекеттiң азаматтығына қатысты екендiгiнiң дәлелi бар адам шетелдік болып танылады. Қазақстан Республикасының азаматы емес және өзiнiң басқа мемлекеттiң азаматтығына қатысты екендiгiнiң дәлелi жоқ адам азаматтығы жоқ адам болып танылады (2-бап).
      3. «Нормативтік құқықтық актілер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 3-тармағы төменгi деңгейдегi нормативтiк құқықтық актiлердiң әрқайсысы жоғары деңгейдегi нормативтiк құқықтық актiлерге қайшы келмеуі тиiс деп анықтайды. Осы Заңның 6-бабының 1-тармағына сәйкес әр түрлі деңгейдегі нормативтік актілердің нормаларында қайшылықтар болған кезде неғұрлым жоғары деңгейдегі актінің нормалары қолданылады.
      Көрсетілген нормалардан туындағандай, ӘҚБтК-іне және АІЖК-інеқайшы келетін «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Заңның 28-бабы тек соттың ғана емес, сондай-ақ бұған уәкiлеттік берiлген мемлекеттiк органдардың шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды шығарып жiберу туралы шешiмдi қабылдайтын бөлігінде қолдануға жатпайды.
      4. Әкімшілік жолмен кетіру және азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шығарып жіберу мазмұны бойынша әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны немесе заңнаманы бұзғаны үшін сот қаулысының (шешімінің) негізінде жүзеге асырылатын, шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен мәжбүрлеп шығарып жіберуді немесе уәкілетті органдардың бақылау жасай отырып, олардың өз бетімен өтіп кетуін білдіреді.
      5. Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды шығарып жіберу туралы істерді қараған кезде ӘҚБтК-нің нормаларын іске асыру тәртібімен қолданылатын әкімшілік жолмен кетірудің және АІЖК-інде көзделген ерекше іс жүргізу тәртібімен жүзеге асырылатын шығарып жіберудің аражігін ажыратуы қажет.
      6. Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен кетіру ӘҚБтК-нің ерекше бөлімінде белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша берілетін негізгі немесе қосымша әкімшілік жазалар ретінде қолданылуы мүмкін.
      Шығарып жіберуді қолдануға:
      шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдiк заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бiр нәтижеге қол жеткiзуге кедергi болатын және (немесе) ықпал ететін қызметтi жүзеге асыруы (102-3-бап);
      қоғамдық бiрлестiктер туралы заңдарды бұзуы (374-бап);
      діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзуы (375-бап);
      жеке басты куәландыратын құжаттарды алған кезде не Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу үшін немесе Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау не Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтіру туралы өтініш берген кезде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына көрiнеу жалған мәлiметтер беруі (380-бап);
      Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңнаманы бұзуы (380-2-бап);
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу бекеттерiнде режимдi бұзуы (391-бап);
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы режимiн бұзуы (391-1-бап);
      шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасында болу қағидаларын бұзуы (394-бап);
      Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын бұзу және шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның еңбек қызметін заңсыз жүзеге асыруы (396-бап) негіз болып табылады.
      7. Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен кетіру туралы іс әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы және істің басқа да материалдарын алған күні қаралады.
      ӘҚБтК-нің 56-бабының 2-бөлігіне сәйкес, егер әкiмшілік iс жүргiзу барысында әкiмшілiк жолмен кетiрілуі мүмкiн адам, өзiне қатысты Қылмыстық кодекске (бұдан әрі – ҚК) сәйкес ауыр немесе аса ауыр қылмыс болып танылатын әрекет жасалғаны туралы хабарласа, онда iстi қарау Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнде белгiленген тәртiппен шешiм қабылданғанға дейiн кейiнге қалдырылады.
      8. Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін шетелдікті не азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен кетіруге әкеп соқтыратын істі қарау кезінде әкімшілік жауапкершілікке тартылатын адам міндетті түрде қатысуы тиіс.
      9. Әкімшілік жолмен кетіру туралы шешімде көрсетілген ақылға қонымды мерзім ішінде аталған адамдар Қазақстан Республикасының аумағынан кетуі тиіс (ӘҚБтК-нің 651-бабының 2-бөлігі).
      Соттар ақылға қонымды мерзім деп шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның өзіне қатысты қабылданған шығарып жіберу туралы шешімді орындамағаны үшін белгіленген әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікті ескере отырып, қаулыны орындау үшін жеткілікті мерзімді түсінуі керек (ӘҚБтК-нің 394-1-бабы, ҚК-нің 330-1-бабы).
      10. ӘҚБтК-нің 56-бабының 1-бөлігі, оның ережелерінің шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен қолданылатын шығарып жіберу жағдайында қолданылмайтынын айқындайды. ӘҚБтК-нің 9-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық және оны жасағаны үшiн қолданылатын әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шаралары тек осы Кодекспен белгiленедi. ӘҚБтК-інде белгiленген негiздер мен тәртiптен басқа жағдайларда, ешкiм де әкiмшiлiк жазаға, әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шараларына немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларына тартылуға тиiс емес.
      Көрсетілген құқықтық нормалардан шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның санкциялар ішінде әкімшілік жолмен кетіру көзделетін әкімшілік құқық бұзушылықты жасаудан көрінетін заңнаманы бұзу адамды азаматтық іс жүргізу тәртібімен шығарып жіберу негіздерінің қатарынан алынып тасталатыны туындайды.
      11. Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы ішкі істер органдарының өтініші бойынша істерді қарау ерекше іс жүргізу тәртібімен жүзеге асырылады (АІЖК-нің 36-4-тарауы).
      12. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы өтінішті ішкі істер органдары шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың болған (нақты болған) және (немесе) тіркелген жеріндегі сотқа береді (АІЖК-нің 317-12-бабы).
      АІЖК-нің 55-бабының 3-бөлігіне сәйкес аталған адамдарды шығарып жіберу туралы өтінішті прокурор да беруі мүмкін.
      13. АІЖК-нің 317-13-бабының талаптарына байланысты шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды шығарып жіберу туралы өтініште Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылғанын куәландыратын мән-жайлар жазылуы тиіс.
      Шығарып жіберу туралы өтінішке аталған адамдардың заңнаманы бұзу фактілерін жасағанын растайтын құжаттар қоса беріледі, оған мемлекеттік органдардың құқықтық актілері, соның ішінде сот шешімдері, қаулылары, үкімдері жатады.
      14. Азаматтық іс жүргізу тәртібімен шығарып жіберу туралы шешім шығару кезінде соттар шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жасаған құқық бұзушылығын ескеруі қажет.
      Соттар ӘҚБтК-нің және ҚК-нің әкімшілік жазаны алып тастау мерзімі, соттылықты жою және алу салдарлары туралы тиісті нормаларды басшылыққа алуы керек. Адам сот қаулысы орындалған сәттен бастап бiр жылдың iшiнде әкiмшiлiк жазаға ұшырады деп есептелмейдi (ӘҚБтК-нің 66-бабы). Соттылықты жою немесе алу соттылыққа байланысты барлық құқықтық зардаптардың күшiн жояды (ҚК-нің 77-бабының 7-бөлігі).
      15. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы өтінішті сот іс қозғалған сәттен бастап он күн ішінде шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның, сондай-ақ прокурордың міндетті түрде қатысуымен қарайды. Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның сот отырысына келмеуі, оған қатысты хабарланғаны жөнінде мәліметтер болмаса, істі қарауды кейінге қалдыру үшін негіз болып табылады (АІЖК-нің 187-бабының 2-бөлігі).
      Осы адамдардың нақты болған жері белгісіз болса және оларды шығарып жіберу туралы өтінішті заңда белгіленген мерзімде қарау мүмкін болмаса, сот іздестіру жариялауға міндетті (АІЖК-нің 135-бабының 2-бөлігі), сондай-ақ іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға құқылы (АІЖК-нің 243-бабының 4) тармақшасы).
      16. Шығарып жіберу үшін соттың белгілейтін мерзімдері ақылға қонымды болуы тиіс.
      Шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының аумағынан кетуі тиіс мерзімді анықтаған кезде шығарып жіберу рәсімдерін қаржыландыру ерекшеліктері ескерілуі қажет.
      АІЖК-нің 317-14-бабының 3-бөлігіне сәйкес сот шығындарын, сондай-ақ шығарып жіберу бойынша шығындарды шығарып жіберілетін шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар не Қазақстан Республикасына оларды шақырған ұйымдар немесе жеке тұлғалар көтереді. Аталған адамдардың шығарып жіберу бойынша шығыстарды өтеуге қаражаты болмаған не жеткіліксіз болған жағдайларда, тиісті іс-шараларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
      17. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы сот шешімі оны қабылдаған күннен бастап заңды күшіне енеді және шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу үшін негіз болып табылады (АІЖК-нің 317-15-бабы).
      18. АІЖК-нің 332-бабының талаптарына сәйкес, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы сот шешімі апелляциялық тәртіппен шағым беруге және наразылық келтіруге жатпайды, бірақ кассациялық және қадағалау тәртібімен қайта қаралуы мүмкін.
      Шағым немесе наразылық шығарып жіберу үшін белгіленген мерзімнен кешіктірілмей түскен жағдайда, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы сот шешімі кассациялық саты шешім қабылдағанға дейін тоқтатыла тұруы тиіс (АІЖК-нің 317-16-бабы). Мұндай жағдайда бөлек сот актісін шығару талап етілмейді.
      Шығарып жіберу туралы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған кезде кассациялық немесе қадағалау сатысының қаулысында шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге тиіс жаңа мерзім көрсетіледі.
      19. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы


      Жоғарғы Сотының Төрағасы                   Қ.Мәми

      Қазақстан Республикасы


      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы                       Д.Нұралин

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет