Шығыс Қазақстан облысы жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік қызметшілерінің қызмет этикасы қағидалары



Дата14.06.2016
өлшемі68.41 Kb.
#135968
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабының  2-тармағына сәйкес, «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 1 қазандағы № 651 Жарлығының 2-тармағы негізінде Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Шығыс Қазақстан облысы жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік қызметшілерінің қызмет этикасы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілсін.

2. Қалалар және аудандар әкімдері, облыстық басқармалар басшылары осы Қағидалардың орындалуын қамтамасыз етсін.

3. Осы қаулының орындалуын бақылау Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Е. Ж. Жылқыбаевқа жүктелсін.

4. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Облыс әкімі                                Б. Сапарбаев


Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің
2013 жылғы 7 қарашадағы № 295
қаулысымен бекітілген

Шығыс Қазақстан облысы жергілікті атқарушы органдары
мемлекеттік қызметшілерінің қызмет этикасы
қағидалары


      Облыс жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік қызметшілерінің беделі әр-бір қызметшінің біліктілігіне, кәсіби, моральдық-этикалық және басқа да адамгершілік қасиеттеріне тікелей байланысты.

Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңымен, өзге де нормативтік-құқықтық актілермен реттелетін жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатын жергілікті жерлерде жүзеге асыруды білдіретінін түсіне отырып;

      қоғамның жергілікті атқарушы органдарға сенімінің артуын, барлығының заң алдында тең құқықтылығын, азаматтардың сұраныстарын қанағаттандыратын мемлекеттік қызмет сапасын арттыруды назарға ала отырып, өзінің лауазымдық өкілеттіктерін атқарған уақытта қалтқысыз басшылыққа алу үшін осы Шығыс Қазақстан облысы жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік қызметшілерінің қызмет этикасы қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) әзірленді.

  1. Жалпы ережелер


      1. Осы Қағидалар «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 1 қазандағы № 651 Жарлығына сәйкес әзірленді.

2. Осы Қағидалар әкімдер аппараттарының, Шығыс Қазақстан облысының жергілікті бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілеріне қолданылады.

      Мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметке кіргеннен кейін үш күн мерзімде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексімен және осы Қағидалармен жазбаша түрде таныстырылуы тиіс.

      3. Қалалар және аудандар әкімдері, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар басшылары мемлекеттік қызметшілердің Қағидалармен танысуын, Қағидалардың орындалуын, әкімдер аппараттарының, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың ақпараттық тақталарында Қағидалар мәтінін орналастыруды қамтамасыз етеді.


2. Қызметші мінез-құлқының жалпы қағидаттары


     

4. Мемлекеттік қызметші:

      қызметтік міндеттерін Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, мораль мен ардың жалпы қабылданған принциптеріне сәйкес жауапкершілікпен және адал атқаруы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі нормаларын және осы Қағидаларды бұлжытпай сақтауы;

      мемлекеттік билік беделін, азаматтардың мемлекет институттарына сенімін нығайтуға ықпал жасауы, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын сақтауы, мемлекет мүддесін қорғауы;

      өзіне талап қоя білуі, принципшіл, объективті және турашыл болуы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың кез-келген көрінісіне және басқа да құқыққа қарсы іс-қимылдарға төзбеушілік танытуы;

басшылықтың олардың құзіреттілігі шегінде дайындалған бұйрықтары мен тапсырмаларын, жоғары тұрған жергілікті атқарушы органдар мен лауазымды тұлғалардың шешімдері мен нұсқауларын уақытында және сапалы орындауы;


      техникалық қауіпсіздік және еңбекті қорғау нормаларын ескере отырып, өнімді еңбек үшін жұмыс уақытын тиімді қолдануы, жеке басына немесе жұмыстағы әріптестерінің денсаулығына және қауіпсіздігіне қатер төндіретін кез-келген жағдай туралы хабардар етуі;

кәсіпкерлік қызметке араласуға және жеке шаруашылық жүргізуші субъектілердің мүдделерін қолдауға жол бермеуі;

      оның мемлекеттік қызметші ретінде, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың беделін түсіретіндей іс-әрекеттер жасамауы;

      өзінің лауазымдық міндеттерін атқару кезінде киімнің іскерлік қалпын ұстануы;


      жұмыс орнында спорттық, джинсы киімді кимеуі тиіс.

3. Қызмет тұтынушылармен, өтініш иелерімен, келушілермен
өзара қарым-қатынас


      5. Мемлекеттік қызметші:

     Егер қызметші мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысқан жағдайда, мемлекеттік қызмет көрсету туралы заңнамада көзделген тәртіппен қызмет тұтынушыға нақты, уақытында, тиімді қызмет көрсету жөнінде шаралар қабылдауы;

      қызмет тұтынушыларға ұсынылатын мемлекеттік қызметтер сапасын арттыруы;
      қызмет тұтынушыларға, өтініш иелеріне, келушілерге кез-келген жағдайда төзімділік және әдептілік көрсетуі;

      қызмет тұтынушыларға, өтініш иелеріне, келушілерге немқұрайлық, дөрекілік және ұқыпсыздық танытпауы;

      қызмет тұтынушыларды, өтініш иелерін, келушілерді тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты кемсітуге жол бермеуі тиіс.

4. Әріптестерімен өзара қарым-қатынас


      6. Мемлекеттік қызметші:

      әріптестеріне сыпайылық және әдептілік көрсетуі, әріптестерімен жалпы қабылданған сөйлесу үлгілерін қолданып, сыпайы түрде атын, әкесінің атын атап сөйлесуі;

      әріптестері мен басшылардың айтқан сыны мен ескертуін дұрыс және лайықты қабылдауы, сонымен қатар жіберген қателіктерін дер кезінде мойындай алуы;

      тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге қатысына, сеніміне, тұрғылықты жеріне қарамастан әріптестерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуі;

      штаттан тыс жағдайлар туындаған кезде әріптестеріне кеңес беріп немесе заң бұзушылықтарға жол бермеу туралы ескертіп көмектесуі;

      агресивті мінез-құлық, дөрекілік көрсетпеуі, сонымен қатар қызметтес әріптестерімен тілдескенде өрескел лексика қолдануға жол бермеуі;

      басқалардың идеясын және бастамаларын иемденуден бас тартуы;
      басқа қызметшілерге өз функционалдық міндеттерін атқаруға кедергі болатын іс-әрекеттерге жол бермеуі;

      өз әріптестері туралы олардың жеке басының қадір-қасиетін және кәсібилігіне нұқсан келтіретін ақпараттар таратпауы;



      қызметтес әріптестерінен жеке, материалдық қызметтер немесе басқа да сипатты қызметтерді талап етпеуі тиіс.

5. Қарамағында мемлекеттік қызметшілері бар басшының
мінез-құлық қағидаттары

7. Қарамағында мемлекеттік қызметшісі бар басшы:

ұжымда жағымды моральдық-психологиялық атмосфера қалыптастыруға және оны сақтауға ықпал жасауы, қол астындағылардың бойында жоғары моральдық-психологиялық, адамгершілік және кәсіби сапаларды тәрбиелеуі;

қол астындағылардың жеке басының қадір-қасиетін қадірлеуі, олардың өз кәсіби пікірінің бар болу құқықтарына түсінушілікпен қарауы, әсіресе ол пікір оның өз пікірінен ерекше болған жағдайда, қол астындағылармен қарым-қатынаста әділеттілік көрсетуі;

қол астындағылардан белгіленген стандарттар мен регламенттерге сәйкес қызмет алушыларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасын үнемі арттыруды талап етуі;

қол астындағыларға жеке қатынасына қарамастан (жек көру, ұнату) функционалдық міндеттерін атқарғаны және дұрыс атқармағаны үшін бірдей талаптар қоюы;

қол астындағылардың алдына ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді мақсаттар мен міндеттерді дұрыс қоя білуі, қол астындағыларды осы міндеттерді шешуге жұмылдыра білуі;

ұжымдағы еңбек тәртібінің, моральдық-психологиялық климаттың жағдайын жүйелі түрде талдап отыруы;

жоғары тұрған басшыға қол астындағылар жасаған қылмыс, құқық бұзушылықтар және еңбек тәртібін бұзу жағдайлары туралы шұғыл баяндауы;

қол астындағыларға негізсіз талаптар қоймауы немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясынан тыс тапсырмалар бермеуі;

қызметтік міндеттерін дұрыс атқармағаны және ойдағыдай шешім қабылдамағаны үшін өз жауапкершілігін қол астындағыларға жүктемеуі;

қол астындағылардың өзіне айтылған негізді сынын теріс қабылдамауы және оны осы пікірі үшін қудаламауы тиіс.



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет