Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы



Дата14.10.2019
өлшемі75.14 Kb.
#447193
ОӘҚ

Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы


Каженова А. М.

Шағып топтағы жұмыстарды ұйымдастыру және оның өзінік ерекшеліктері

Оқу-әдістемелік құрал




Өскемен

2019

Оқу-әдістемелік құралда топтық жұмысты ұйымдастыру, шағын топтағы жұмысты орындау үлгілерінің сызбалары, әлеуметтік қарым-қатынасты дамытудың жолдары туралы мәліметтер берілген. Оқу-әдістемелік құралының құрылымы, тақырыптары, ондағы негізгі ой-пікірлер мен кеңестер білім беру ұйымдарының барлық типтерінде қызмет жасайтын педагог мамандарға арналған.



КІРІСПЕ
«Білім игеру процесінің басты тұлғасы – үйренуші» деген ұстаным бүгінгі күнгі «білім» ұғымының жаңа мағынасы мен түсінігі, жаңашыл таным философиясы мен оның түсініктерін ұстанатын біліми жобалар мен технологиялардың басты идеясы. Бүгінгі күнгі экономиканың басты мақсаты адамға, оның біліміне бағытталған. Алайда, бұл жерде мәселе білімнің өзінде емес, оның әрекеттегі өзгеруінде, қолданылуында болып отыр. Сол себепті де қазіргі экономикаға жаңа білімді мамандар қажет. Ал, бұл талап «білім беру» тұрғысынан емес, «білім алу» тұрғысынан ғана орындалуы мүмкін. Осы идея аумағындағы басты тұжырымдамалық ұғымдардың бірі –білім беру процесінің нәтижеге бағытталуы, нәтижені білім беру/алу жүйесінің негізгі қызметіне айналдыру. «Білім алу процесінің нәтижесі дегеніміз сабақ, пән, бағдарлама, оқудың толық курсы аяқталғаннан кейін үйренушінің қандай білім, білік, дағды, машық иемденетіндігі, оның «не» жасай алатындығы, қолынан не келетіндігі»- дейді филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері А. Қ. Әлімов [1]. Аталмыш идеяны басқаша айтар болсақ, оқу мен оқыту – оқушылардың сабақ барысында пікір алмасып, әңгімелесіп, талқылап, бір мәмілеге келіп, ойды ортаға салып, жинақтап, қорытынды шығаратын әлеуметтік, интербелсенді іс-әрекеті. Оқыту осы іс-әрекетті, қарым-қатынасты байланыстырушы болып табылады. Ал, жоғарыда аталып өтілген іс-әрекет түрлері тек қана бірлескен топтық жұмыста іске асары сөзсіз.

Педагогика ғылымы іс-әрекетті адамның қоршаған ортаға белсенді қарым-қатынасының және жеке тұлғаны тәрбиелеудің, жан-жақты дамытудың маңызды формасы ретінде қарастырады. Мақсатты іс-әрекет үрдісінде қажеттіліктер, бейімділіктер, сезімдер мотивтер іске асады және жетіледі, білімді меңгеріп, әлеуметтік тәжірибе игеріледі, жалпы және арнайы қабілеттер пайда болып тереңдейді, ұжымда өмір сүріп жұмыс атқару біліктері қалыптасады, іс-әрекет оқушының жеке тұлғалық қалыптасуына мол ықпалын тигізеді. Топтық жұмыстың тәрбиелік құндылығы оқушылардың жас ерекшеліктері мен мүмкіншіліктеріне сәйкес таңдалған мақсат, мазмұны және ұйымдастырудан көрінеді. Оқушылардың топтық оқу-танымдық жұмыстарын ұйымдастыру мәселесінде іскерлік қарым-қатынас маңызды рөл атқарады. Дұрыс ұйымдастырылған қарым-қатынас топтағы адамгершілік ахуалды қалыптастыруға, оқушының жеке тұлғалық, әлеуметтік рухани құндылық қасиеттерін, ең алдымен, ұжымшылдықты тәрбиелеуге ықпал етеді.

Н.К.Крупская жеке тұлғаны қалыптастырудағы, топтың ынтымақтасып дамуындағы топтық жұмыстың маңыздылығына тоқтала келе «Топтық жұмыстағы дағдылар жалпы ұйымдастырушылық және өзін-өзі ұстай білу дағдыларын тудырады. Топтық өмірді ұйымдастыруда бұлардың үлкен маңызы бар» дегені белгілі.

Оқушылардың мектептегі және мектептен тыс сан алуан әрекеттері топта өтетіні белгілі. Осы жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру олардың сабақ пен сабақтан тыс жұмыстарын жақындастырады, топтық қарым-қатынастың дамуына септігін тигізіп, оқу-тәрбиелік міндеттерді шешуге жұмылдырады.

Топтық жұмыстың құрылымы мына бөліктерден тұрады:


  • жұмыстың мақсаты - не үшін қолданылады, соңғы нәтиже қандай болу керек;

  • жұмыстың мазмұны – негізгі пәндік бағыттары;

  • жұмыстың маңызы – әлеуметтік пайдалы бағыттылығы және мотивтері, жеке тұлғаның және ұжымның дамуындағы маңызы;

  • жұмысты ұйымдастыру – ұйымдастыру формасы, уақытты бөлу, жұмыстың бірізділігі, мерзімін белгілеу;

  • жұмыстың технологиясы – тиімді тәсілдерді таңдау, нақтылы білім, білік, дағдыларды меңгеруге қажетті құралдар;

  • жұмыстың қарқындылығы, көлемі оқушылардың жас ерекшелігі мен педагогикалық міндеттерге сәйкестігі;

  • жұмыстың қарым-қатынастығы – қойылған мақсатқа жетуді қамтамасыз ететін байланыстардың, қатынастардың сипаты;

  • жұмысты бақылау – критерийлерге сипаттама, топтың қалыптасуының нәтижесі, білімнің меңгерілуі.

Топтық жұмыстың тиімділігінің міндетті шарты – оны басқара білу. Басқару үш кезеңнен тұрады: жоспарлау, талқылау (орындалуы), қорытынды (топтық жұмысты бағалау).

Оқушылардың білім алуға деген қызығушылығын оятпас бұрын, әрбір оқушының шығармашылығын дамыту мен өздігінен білім алуға үйрету мүмкін емес. Оқуға деген уәжді қалыптастыру жолдарының ішінде маңыздыларының бірі – оқу-танымдық міндеттерді шешу барысында топтық жұмыс түрлерін ұйымдастыру. Бірігіп еңбек ету және жолдастық өзара көмек жағымды эмоциялық ахуал тудырады, білімге деген құмарлықтың дамуына, таным үрдісінің нәтижелі болуына әсер етеді. Топтық оқу жұмысының кейбір элементтері: жолдасының жауабын толықтырады, әңгіме, пікірталастарда талқылауға қатысады, шешімді топтасып іздейді, жолдастарының шағын топтармен орындаған жұмыстарының қорытындысын бағалайды. Өзара оқыту идеясы ұжымшылдыққа баулиды. Мұнда ұжымның әрбір мүшесі бірін-бірі оқытады. Я.Коменский «Ұлы дидактикасында» Басқаларды оқытатын адам өзінің білімін тереңдетеді, бекітеді деп көрсетеді. Бұл идеяны Н.К.Крупская да қызу қолдап «Балалардың өзін оқытушылыққа тартудың үлкен тәрбиелік маңызы бар... бала өзінің білімін тексеріп, толықтырып отыруға мәжбүр болады, оларда ұстамдылық, шыдамдылық, жолдастарының жетістіктеріне деген қызығушылық тәрбиеленеді» деп жазады.

Шағын топтарда дербес жұмысты ұйымдастыру топтық іс-әрекетке мол мүмкіндік ашады, әрбір оқушы жалпы тапсырманың бір бөлігін орындайды, одан кейін топтың барлық мүшелері жұмыстың нәтижесін тыңдап бағалайды, сынып алдында сөйлеуге ұжымдық есеп даярлайды.

Е.Конникова топтық жұмыс жетістігінің үш негізгі шартын атап көрсетті:

- ол қызықтыратын болуы керек;

- ол балалардың қызығушылығын ескеріп, оған сүйенуі керек;

- әрбір оқушы оның белсенді мүшесі болып өзінің үлесін қосуы керек.

Ал, ғалым И.Первина ұжымның дамуының негізгі төрт көрсеткіштерін белгілейді:



  • ұйымдастырушылық бірлігі;

  • психологиялық бірлік (еріктік, эмоциялық, интеллектуалдық);

  • дайындық бірлігі (топтық жұмыстағы әркімнің тәжірибесі)

  • жұмыстың бағыттылығы.

Ж. Пиаже «Адамның ақылы өзін таниды, яғни психологиялық тілмен айтқанда, басқа заттармен немесе басқа ақылдармен қатынаста болады» деген. Біз бір-бірімізбен қатынасқа түскенде дамимыз, соның нәтижесінде жаңа түсініктер қалыптасады. Ал, қарым-қатынас дегеніміз өзімізді басқаларға (олардың пікіріне, идеяларына, көзқарасына, мінезіне) бейімдеу деген сөз. Шағын топтық, жұптық жұмыстар оқушыларда бірлік, бірегейлік (корпортативтік) сезім қалыптастырып, сол арқылы өздерінің ұжымға тікелей қатынасы бар екеніндігін сезіндіреді. Ал, «бірлесе көтерген жүктің жеңіл» екендігі баршамызға аян.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет