ШЫНДАЛИЕВА МЕҢДІГҮЛ БҰРХАНҚЫЗЫ
Астана қаласы. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті журналистика кафедрасының профессоры, ф.ғ.д.
Шежірелік еңбектердегі очерктік белгілер
Қазақ очеркінің тарихи тек-тамыры мен қалыптасу жолдарына ден қойғанда дәстүрлі шежірелік сипаттағы еңбектерді айналып өтуге болмайды. Ал, қазақ топырағында туындаған шежірелік сипаттағы еңбектердің сан ғасырлық тарихы бар. Бұл ретте, Захираддин Бабыр, Дулат Мұхаммед Хайдар, Әбілғазы Баһадүр-хан, Ұлықбек, Жалайыр Қадырғали би, Құрбанғали Халид, Өтеміс қажы, Шәкәрім қажы, Мәшһүр Жүсіп Көпей, Мұхаметжан Тынышбай сияқты тарихшы-қаламгерлердің бәрі де өз еңбектерін шежірелік сипатта жаза отырып, өмір дерегінің нақты болуына бірінші кезекте мән береді. Сондай-ақ бұл еңбектерде тарих жеке тұлғалардың өмірі арқылы зерделеніп отырады. Сөз жоқ, бұл қасиеттер тарихи очерк жанрының негізгі қасиеттері екеніне ден қойдырады.
Ғұлама тарихшы Қадырғали Жалайырдың “Шежірелер жинағы” [1,19 б] ХІІІ-ХVІ ғасырлардағы Қазақстан, Орталық және Орта Азия тарихына қатысты маңызды тарихи дерек көзі екені талассыз. Жалайыр руынан шыққан Қадырғали Қосымұлының бұл шежіресін Шығыстану ғылымының көрнекті өкілі И.Н.Березин “Библиотека восточных историков” деген атпен шығарған жинағының екінші томының бірінші бөлімінде 1854 жылы бастырған. “Жами-ат-тауарих” деген атты И.Березиннің өзі шартты түрде қойған. Ғалымның пікірінше, кітаптың негізгі бөлімі Рашид-ад-Диннің “Жами-ат-тауарих” деп аталатын, парсы тілінде жазылған шежірелік еңбегінің ықшамдалып аударылған түрі делінген.
Қадырғали Қосымұлы – ХVІ ғасырдың екінші жартысы мен ХVІІ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген. Ол - тарихтан белгілі Тәуекел ханның жиені, Қасым қаласының ханы болған Ораз-Мұхамедтің әрі тәрбиешісі, әрі биі.
Автордың бұл тарихи еңбегі сол замандағы ортаазиялық жазба дәстүрде жазылған. Шежіренің басындағы жеті беті автордың өзі және өзінің ханы Ораз-Мұхамед тәуелді болған орыстың сол уақыттағы патшасы Борис Годуновтың әскери күшін және салтанатты байлығын дәріптеуге арналған. Бұл тұста автор баяндау тәсілін пайдалана отырып, бірнеше шағын сюжеттер кірістірген. Шығарманың кітаби тілде жазылғанын және автор очеркке тән көркемдік компоненттерді кеңінен пайдаланғанын байқау қиын емес. Оған дәлел, біріншіден, автор шығармаға өзек етіп, тарихта болған адамдарды алған. Екіншіден, автор өз атынан сөйлеп отырады. Үшіншіден, бұл шежіренің деректемелік маңызы да айтарлықтай деуге болады.
Мағынасы мен құрылымы жағынан алғанда бұл еңбек те өзіне дейінгі еңбектерге ұқсас. “Шежірелер жинағы” үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі - Ресей патшасы Борис Годуновқа арнау. Екінші бөлімі - “Жами-ат-тауарих” атты Рашид-ад-Диннің еңбегіне сүйене отырып жазылған тарих. Үшінші бөлімі түгелдей Шыңғысхан әулеті ұрпақтарының шежіресі болып табылады.
Осы шежірелер жинағының очеркке жақындығын автордың өзі туралы аз да болса мәліметтер беріп кеткен тұсынан байқауға болады. Автор өзінің шыққан тегі, өмірбаяны жөнінде деректер бергенде Шыңғыс хан заманынан бергі ата-баба шежіресін таратады. Қадырғали Тәуекел ханның ордасында жастайынан қызмет істеп келе жатқанын баса айтады.
Қадырғали Жалайырдың шежіре жазудағы басты мақсаты Ораз-Мұхаммедтің өмір тарихын баяндау болған сияқты. Нақты деректерге сүйенсек, Ораз-Мұхаммед - атақты Тәуекел ханның інісі, Ондан сұлтанның баласы. Арғы аталары Өріс (Орыс) хан, Барақ хан, Жәнібек хан, Шығай хандар - Алтын Орда, Ақ Орда және Қазақ хандығындағы беделді тарихи тұлғалар. Қадырғали Жалайыр кітабының басты кейіпкері – автордың замандасы, шәкірті Ораз-Мұхаммед. Демек, шежіре очерктің басты кейіпкері – Ораз-Мұхаммедтің өмір тарихы төңірегінде өрбиді. Ораз-Мұхаммедті Қасым патшалығына хан етіп тағайындап, таққа отырғызғандығы бүге-шүгесіне дейін айтылады.
Б.Годуновқа арналған бөлімнің тілінің түсініктілігі, жатықтығы туралы Ш.Уәлихановтың айтқан пікірі құнды: “Язык Жами-ат-тауарих совершенно джагатайский, очень близкий нынешнему киргиз-кайсацкому, имеет, впрочем, несколько слов и оборотов не совершенно ясных. По своему изложению она (книга) также замечательна. Здесь басен менее, нежели в Абулгази и Шейбани-намэ. Начало, или слово Борису, написано языком очень понятным и довольно витиевато, во всяком случае это замечательный памятник татарской панегирики” [2,158 -159 б].
Шежіренің екінші бөлімі Рашид-ад-Диннің “Жами-ат-тауарих” кітабынан алынған және автор басқа кітаптардан да материалдар алып отырғандығын “бұл туралы кезінде көп жазылған”, “айтылған” деген сөз тіркестерін қосқан тұстардан аңғаруға болады. Автор екінші бөлімде жан-жақты зерттелген материалдар негізіне сүйене отырып, сілтемелер жасайды. Тарихи оқиғаларды баяндап отырған автордың көптеген, әсіресе, иран, түркі тілдеріндегі тарихи материалдарға сүйенгенін байқау қиын емес. Қадырғали Жалайыр Рашид-ад-Диннің еңбегін пайдалана отырып, түркі халықтарының мәдениеті тарихында ерекше орын алатын мұра жазып қалдырған, түркі халықтарының бұрынғы тарихы мен қазақ хандығының ХVІ ғасырдың аяғына дейінгі шежіресін жасаған.
Екінші бөлімде түркі-монғол тайпаларының тарихын қысқа көлемде баяндап, ары қарай Шыңғыс хан аталары мен ұрпақтарын жіктеп шыққан. Үшінші бөлімде қазақ тарихына қатысты тың дерек-мәліметтер көп кездеседі. Осы бөлімде қазақ фольклоры нұсқалары Едіге, Тоқтамыс туралы жазылған халық мұралары кеңінен пайдаланылғаны байқалады. Автор өзі туралы айтқан тұстарында: “Дүниеде көп елдерде болып, көп оқыдым”,-деп жазады. “Жаhан ішінде дүниенің әр бұрышын кездім мен. Көп кітаптар оқып, көпті білдім мен. Әділдік пен ынсаптың хабарын да көрдім мен. Бұндай қымбат сихауат падишах көргенім жоқ. Сенің қайырың таусылмас, қазынаңда малың түгемес. Төрт тарапқа тарқатып берсең де, еш кемімес. Кімде-кім сенің шапағатыңа ұшыраса, өлсе де өкінбес” [1,19 б], - деп жазған. Қадырғали орыс патшасын ерекше мадақтап, өз елінің оған түгелдей тәуелді болып отырғанынан хабардар етеді. Осы орыс патшасын мақтап отырған сөздерінен автордың саяси-әлеуметтік көзқарасын айқын байқауға болады.
Құрбанғали Халидтың “Тауарих хамса” (Бес тарих) кітабы он тараудан тұрады. Ол - араб, парсы, түркі, қытай жазбаларына сүйене отырып, ғылыми тұрғыда түркі халықтарының тарихын жазуды нысана еткен. Әсіресе, қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-санасы, “қазақ” этнонимінің шығуы, қазақ жерінде мекендеген рулардың шығу тарихы жөніндегі деректері құнды деуге болады.
Автордың ескертуіне қарасақ, “Тауарих хамса” еңбегін жазғанда тек естіген, көрген-білгендерін ғана жазып қоймай, әртүрлі ғылыми еңбектерге де сүйеніп, пайдаланғанына көзіміз жетеді. Оның ішінде: Ат-Табари (ІХ ғ.), Жүсіп Баласағұн (ХІ ғ.), Ибн-Халдун (ХІV ғ.), Мирхонд (ХVғ.), Әбілғазы (ХVІІ ғ.), т.б. озық ойлы ғалымдардың еңбектеріне сүйенген. Қ.Халид көп оқып, ізденіп барып, бес тарихты жазып шыққан. “Тауарих-хамса” – өмір шежіресі. Бұл еңбектің құндылығы - ол қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен, этнографиясынан жан-жақты мағлұмат береді. Әсіресе, қазақтың өзімен бірге жасасып келе жатқан ауыз әдебиеті мен мәдениетіне ерекше көңіл бөліп, олардың тәрбиелік, танымдық арналарына тоқталған тұстары да бар. Бұл жерде ескере кететін жайт, Қ.Халидтың бұл еңбегінде очеркке тән қасиеттер мол. Қазақстан мен Орта Азия жерін мекендеген тайпалар мен рулардың көне, бағзы тарихына үңілтетін тұстары тарихи очерктің еншісі деуге болады. Соның ішінде Алтын Орда, Көк Орда, Қараханид, Ақ Орда, Қазақ хандығы, Қоқан хандығы, т.б. елдер тарихы мен жоңғар шапқыншылығына талдау жасалған.
Батыс Қытай, Шығыс Түркістан елінің қалыптасу кезеңі жөніндегі мәліметтер толығымен беріліп, сол қоғамдағы әлеуметтік жағдай жан-жақты қамтылған. “Алты шаhар ахуалы”, “Қашқардағы ақсақалдар билігі” атты бөлімдерді қызықты деректермен түйіндеген. Қашқар шаhарының тарихы, ондағы өмір сүрген билер, патшалар, әкімдер туралы нанымды ойлар баяндалған. 1839 жылы алғашқы Қашқардағы ақсақалдар билігіне қол жеткізген Абдул Ғафур дегеннің сайланғанынан бастап, Шоқан төренің ақсақалдар рұқсатымен қалаға қалай кіргенін тартымды әңгімелейді.
Қ.Халидтың “Тауарих хамса” тарихи еңбегінде қазақ халқының әдет-ғұрпы, діни-нанымдары, салт-санасы туралы нақтылы дерек-мағлұматтар мол. “Қарқара дуаны” деген тарауда “Қарқара” сөзінің шығу тарихына терең бойлай отырып, қазақ келіндері басына киетін сәукеленің бағалы киім екенін, қалыңдыққа келген күйеудің арнайы киім киетінін де бейнелі түрде бедерлейді. “Осынша нәрсені жазудағы мақсатымыз - сол заманның әдет-ғұрыптарымен кейінгі буынды таныстыру, хабардар ету. Олар тұрмақ кешегі болғанның бүгін ұмытылып тұрғанын біз де көріп отырмыз” [3,178 б], - деп автор келешек ұрпақтың бойына жақсы қасиеттер дарыса, өмір көшінің алдыңғы сапында болса деген тілек білдіреді. Құрбанғали Халидтың өткен мен бүгінді салыстырып, өзгерістерді жіті байқауы типтік құбылыстарды іздеп, таба білгендігінің, өз заманының жаршысы болғанының куәсі.
Осы тұста С.Сейітовтің “Очерктің бір ерекшелігі – өмір құбылыстарына дереу араласып, оларды бұрын көруге, бұрын көрсетуге тырысады” [4,78 б] деген тұжырымы осы шежіре-тарихтың жазылу үрдісіне қатысты айтылғандай. “Тауарих хамсада” очеркке тән көптеген көркемдік элементтерді авторлық пайымдау, диалог, ойдан қосу, т.б. тәсілдер арқылы шебер көрсете білген. “Қазақта мәйіт шығару” деген бөлімінде де дүниеден өткен адамға жасалатын жөн-жоралғыларға жан-жақты тоқтай отырып, ас беру, қазақ тайпаларының ең көне тағамы - қымыз туралы, қазақ тіршілігіндегі құдаласу мен қалың малдың өзіндік орындары жайын қызықты баян етеді.
“Тауарих хамсадағы” шежірелік очеркке тән сипаттардың бір дәлелі ретінде жағрапиялық атауларға, жер-су аттарына кеңінен түсінік беріп, таратып жазу әдісін пайдаланғанын айтуға болады. Мысалы, Арқа атауының этимологиясы мен тау, өзен, көл атауларына тоқталғанда, автор өз қорытындыларын тұжырымды әрі нанымды бере білген. “Менің таң-тамаша болатыным, қазақ оқымаған халық деген лақап айтылады. Ал жағрафия, астрономия сияқты арнаулы пәнді оқымай, білуге қиын соғатын жердің белгілерін айырып, соған дәлме-дәл ат қойып сөйлейді” [3,177 б] деп халықтың көрегендігіне оқушының көзін жеткізеді. Қазақ халқының жыл санау, түнде жұлдызға қарап жол табу, ауа райын алдын-ала болжау, қазақтағы сақтық күндерін дәл, қызықты мәліметтер келтіру арқылы көз жеткізген тұстары очерк жанрының деректік, танымдық сипаттарын аңғартады.
Осы бөлімде автордың қажыдан қайтқанда жазған қағидалары да берілген. Бұл жол-сапар очеркіне ұқсас келеді. Бұл тұста “Тауарих хамсаның” авторы өзі басты кейіпкер ретінде көрінген. Ол өз атынан сөйлеп, “мен”, “біз” деп отырады. Құрбанғали Халид көрген-білгендерінің бәрін тізе бермейді. Автор өзі өткен жолда кездескен Варшава, Будапешт, София, Ыстамбул, Бейрут. т.б, қалалардағы халықтың тіршілігін, тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын зерттей келе, типтік фактілерді жинақтап беріп отырған. Мысалы, поляктардың ұстаған діні, табиғаты, түркі жұртшылығына мүлде беймәлім жағдайларды ғана Құрбанғали өзінің шығармасына өзек етеді. “Бейрут сұлу жерден орнап, ірілігі Димшаққа жақын. Таулары мен сарайлары елден бос емес, көбі носоролар мен христиан, тілі араби. Түрлі жеміс ағаштарымен қоса, құрманы осында көрдік. Папурмен жүріп, жолшыбай бірнеше қалашықтар мен қос обаларға тоқтап, Хайфаға бір жарым тәулік аялдадық. Алты сағаттық жол артымызда қалды, тағы алты сағатта Яфаға тоқтадық. Айнала апельсин, лимон, мандарин сияқты жемістер, бүкіл Еуропа мен басқа елдерге апельсин осы жерден жіберіледі екен” [3,213 б] деген сияқты көрген-білгенінен мағлұмат беру, автордың алған әсерін білдіруден тұрады. Алған әсер мен ой-толғамдарын жеткізуде очеркке тән баяндау элементтері кездесіп жатады. Бұл шежіредегі тек тарихи жағдай ғана емес, автордың жүріп-көрген жерлерінің өсімдіктер, хайуанаттар дүниесі жөніндегі ғылыми-зерттеу деректері очерктің сипатын таныта түседі.
Құрбанғали бұл еңбегінде шығыс елдерінің ішінде қазақ халқының тарихын толық қамтып, жан-жақты ғылыми тұжырымдар жасайды. Әсіресе, “Қазақ” атауының шығу төркініне дәйекті түсініктеме берген тұстары қызғылықты. “Қазақ” атауына байланысты халық арасындағы көптеген пікірталастарды ортаға сала отырып, бұрын-соңды жарияланған ғылыми кітаптарға, аңыздарға, қиссаларға сүйеніп, өз пікірін, көзқарасын білдіреді. Автор бұл шежіре тарихын баяндауда очерктің кейбір элементтерін пайдалана отырып, Қазақстан, Орта Азия халықтарының тіршілігін, қалыптасу кезеңдерін, басқа тарихта баяндалған кем-кетіктерді де түзетуге талпынған.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы. – Алматы: Қазақстан. 1997.
2. Валиханов.Ч.Ч. Том 1. – Алматы: Қазақстан. 1961.
3. Құрбанғали Халид. Таурих хамса (Бес тарих) – Алматы: Қазақстан. 1992.
4. Сейітов.С. Қырық жылда. – Алматы: Қазақстан. 1969.
Аннотация
В статье раскрывается история происхождения и развития казахского очерка на материале трудов исследователей о традициях и описаниях родов народа. Раскрываются особенности исторического развития и жизни великих личностей, что стало основой исследования научной статьи об историческом казахском очерке.
In the article the history of an origin and development of the Kazakh sketch on a material of works of researchers about traditions and descriptions of sorts of the people reveals. Features of historical development and life of great persons that became a basis of research of the scientific article about a historical Kazakh sketch reveal.
Достарыңызбен бөлісу: |