Тортай мінер ақ боз ат
Шығармаларының шоқтығы биік, шырағы сөнбес қазақ қаламгерлерінің тізімін жасар болсақ, Оралхансыз болмайтынына сенімдімін. Өн бойына дарын мен даралықты сіңірген, көмейі отқа, кеудесі шоққа толы, өмірге екі келмейтін, қайталанбайтын, ұлы қаламгер – Оралхан Бөкей. Өзінің заман досы, замандасы Дулат Исабековтың «Оралхан бір оқылатын жазушы емес. Оралхан қайталап оқуды қажет ететін жазушы, түсінгеніңше оқи беретін күрделі суреткер», – деп баға бергеніне назар салатын болсақ, осынау ойымның дұрыс екендігіне күмән келтірмей, көзімді жеткізе түскендеймін.
Ұлы қаламгердің ұлылығын асқақтата түскен туындыларының бірі ретінде «Тортай мінер ақ боз атты» ойланбай атай аламын. Мыңдаған оқырманның ықыласына бөленген бұл туындыда қамтылған құндылықтар – ешқашан да бағасын жоймайтын асыл қасиеттер мен құнды сырлар. Жетім болса да, желкесі қиылмас, жас Тортайдың бейнесіне қазақ халқының арман-тілектеріндегідей, идеалды қазақ ұлының бар сипатын жинақтап, салып қойғандай. Әкені де, шешені де көрмей, өмірдің ағынымен жүзіп, сынағымен шынығып өскен Тортайдың адамгершілігі мол, қарапайым, еңбекқор, зерек болып ер жетуі көңілге мақтаныш сыйлайды. Тағдырдың талай ызғарын сезсе де, өмірін кітап оқумен байланыстырған Тортай ұлы жазушы болуды армандайды. Қолынан бір елі тастамай, күні-түні кітапқа үңіліп отыратынының да себебі шығармада «Жалғыздығың, жетімдігің – бәрі-бәрі ұмытылып, басқа бір жұмақты өмірге сапар шеккендей боламын» деген өзінің керемет жауабымен түсіндіріледі.
Әңгімеде автордың досының армандаған ақ боз атын өзі мінгендіктен, оның алдында өзін кінәлі сезінуі, өкініші бейнеленеді. Екі жігіттің бозбала кезінен бірге ойнауы, Ораш анасының көзін де, сөзін де ала беріп, Тортайға тамақ тасуы, бір-біріне сырларын, арман-қиялын айтып, бөлісуі – арадағы үлкен достықтың бейнесі болып, ал Ораштың Тортайдың орындалмаған арманына қол жеткізуі – оған қарсы құбылыс ретінде қатар қойылған. Бірақ, мен бұл қарама-қайшылықпен және автордың Орашқа сездірген сезімдерімен келіспеймін. Өйткені, ауыл балаларының барлығы оқуға кетер кезде, мал бағып, қалайын деп отырған Тортайдың досына кітабын сыйлап тұрып, « Мен үшінде оқы , бәлкім мен міне алмаған ақ боз атқа сен мінерсің», – деп қоштасуы Тортайдай ақылды жігіттің кең көңілі мен ақ пейілін, көрегенділігін көрсетеді.
«Тортай мінер ақ боз ат» – оқырман мен кейінгі ұрпаққа берері мол туынды. Кез келген адамның бойында кездесуі керек қасиеттер мен санасында сақтауы қажет ойлары, жүрегінде ұстауға тиісті құндылықтары мен үлгі аларлық іс-әрекеттерге бай, терең психологиялық шығарма. Әңгіменің негізгі идеясына бүгінгі күні жас буын, жас оқырман үшін өзекті саналатын мәселе – білім, ғылым және сауаттылықтың әрбір жанның астына ақ боз ат мінгізе алатындай қасиеті, адамға сән беретін де, жан беретін де, ең қымбат әшекей – қарапайымдылық, жетістікке жетудің ең арзан және алғашқы жолы – армандау екендігі жатады. Қорытындылай келе, еліміздің келешегі әрбір Тортайдың қолында, әрине ақ боз аттың арқасында!
Достарыңызбен бөлісу: |